Дала ұлы ма, әлде адам ұлы ма?

Әңгімені оқушы үшін тосындау – өзге бір тұстан бастайын. Америка материгінде Бразилия деген ел бар. Сол елдің солтүстік батысында жан-жағы таулармен қоршалған, өзендері алапат екпінмен жұлқынып ағатын, табиғаты көрген адамның есін шығарардай көркем Сертана атты дала бар. Ол далада өсетін бұқа, жылқыларының мінезі де асау-лығымен, тағылығымен ерекшеленетін көрінеді. Ал адамдары жауласса, жауын жеңбей тынбайтын, ерегескенін өлтірмей тынбайтын түстері де, істері де жұмбақ жандар өмір сүрген. Бірақ достыққа адалдығы, уәдеге беріктігі де ерекше екен. Осы мінездеріне қарап, оларды мейірімсіз болған деу де орайсыз секілді. Тіпті өңшең батыр тұлғалы, мінезді сол жандар тілге де шешен болған сияқты. Шешендіктерін де, батырлықтарын да дәлелдейтіндей олардан мынадай сөз қалған: «Біздің Сертана жайлы естісе, Құдайдың өзі де қызығар, бәлкім, Сертананы келіп көргісі келуі де… Егер сондай шешімге келіп жатса, Құдай болса да қапы қалмайтындай болып қаруланып келсін!» деген екен. Өрттен де, өлімнен де сескенбейтін рухы құдіретті жандар ғана осылай айта алар деп ойлайсың.
Бұл әңгімені мен неге айтып отырмын. Тіпті осы мәліметтің Абайға, әдебиетке, Абай өскен Шыңғыстау даласына қандай қатысы бар деп те ойлауыңыз мүмкін… сабыр етіңіз.
Сол Бразилия елі соңғы жиырмасыншы ғасырда әлем әдебиетіне үш бірдей алып тұлғаны сыйлады. Олар Гимаренс Роза, Жоржи Амаду және Габриел Маркестер еді. Үшеуі де әлем оқырмандарына көптен танымал. Танымал деп отырған сөзіміз де жеткіліксіздеу болар. Олардың жазғандарын оқырман қауымы іздеп жүріп оқыйтын көркем прозаның нағыз қас шеберлері! Сол аңыз даланың тауларын аралап, асау ағысты өзендерін кешіп, қойнау, шалғындарды шарлап Құдайдың өзіне айбат көрсете сөйлеген ертегілердегідей айбатты, сұсты жандармен араласып өскен әлгі жандардың мінезін өзгеге дөрекі, өздеріне жарасымды істерін суреттеу арқылы Гимаренс Роза өзінің әңгіме, повестерінде оқырманын да тамсандырып, таңдандырғандай етіп жазған. Шығармаларында ерекше кейіпкерлер жасау шеберлігімен Гимаренс Роза Бразилия әдебиетіне, шын мәнінде, соны ағыс әкеле алған. Мұндай қолтаңба, әрине, Гимаренс Розадан кейін әдебиет есігін ашқан Жоржи Амаду мен Габриел Маркестерге әсер етпеді деп айта алмаймыз. Олардың да туындылары әлем таныған біз әңгіме еткен Сертана даласын мекендеген адамдар жайлы екен. 1958 жылы Бразилияда жарық көрген Жоржи Амадудың «Габрила, корица и гвоздика» атты романында, Сертана даласында өсіп кейіннен қалаға келіп өмір кешкен Габрила атты әйелдің тағдыры, ерекше мінезі мен болмысы жайлы баяндалады. Шығарма сол жылғы Бразилия еліндегі әдебиет саласы бойынша берілетін бес бірдей сыйлығын иемденген. Бұл дүниежүзі әдебиетінің тарихында болмаған оқиға. Ал 1961 жылы «Габрила, корица и гвоздика» романы Советтер Одағындағы ең беделді әдеби сыйлық – Лениндік сыйлықпен таңдаулы шетел әдебиеті номинациясы бойынша марапатталған.

Жазылуына Сертана даласының ежелгі аңыз-ертегілері негіз болған Габриел Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» атты романы 1968 жылы Нобель сыйлығын алды. Роман әлем әдебиетіндегі тың жаңалық ретінде бағаланды және солай насихатталды да. Нобель сыйлығына ұсынылған бойда алған тұңғыш туынды да осы «Жүз жылдық жалғыздық» романы болар, сірә. Сертана деп аталатын даланың табиғаты мен сол жерді мекендеген адамдардың болмысын, мінездерін дәріптеп жазған қаламгерлердің де ерекше жетістіктерге жетуін неге тәптіштегенімнің себебін енді айтайын.
Өзіміздің қазақ жерінің шығысындағы Шыңғыстау атты тау мен даласының сол Сертанадан несі кем? Шыңғыстау өңірінің табиғатын, халқының тіршілігін, өзара тартыс-таласын қатыгездігі мен мейірімін де, салт-дәстүрін де кейінгі ұрпаққа жеткізуде біздің Абайымыз бен Мұхтарымыз атқарған еңбектер жоғарыда аттары аталған Бразилия қаламгерлерінің ісінен төмен деп айта аламыз ба?
Ерге ер ұқсайды, жерге жер ұқсайды деп айтудың да орайы бар секілді. Қай елдің жазушы, ақындарының өмірлік тақырыбы, айтатын әні де, жазатын жыры да өзінің өскен ортасы, туған даласы болмағы заңдылық.
Абай мен Мұхтардың бірінің ісін екіншісі жалғастырғандай болып осы мекенде дүниеге келуі де, өсіп, өмір сүруі де Шыңғыстау даласының бағын жандырып, мәртебесін асыруға арналғандай.
Қазақтың тағы бір ұлы перзенті Қаныш Сәтбаевтың «Мұхтар Абайды танытты, ал Абай Мұхтарды танытты» деп айтқан сөзі де ұлылардың өз ара табысып байланысуын әдебиеттегі ғана емес, ұлттық мақсаттағы бақытымыз деп түсінуге де болар. Бразилияның Сертанасы мен Қазақ жерінің Шыңғыстау даласын салыстыра мақтап, олардың даңқын асқақтатқан қаламгерлер туралы айтқанда, табиғат пен адам арасында, адам болғанда өнер адамдарының арасында бір сыйқырлы жұмбақ та бар секілді. Дала ұлы ма, адам ұлы ма? Әрине, екеуін бірінен-бірін бөліп қарауға болмайды. Адамсыз дала болмайды. Даласыз адам да болмақ емес. Адамды ұлы етіп отырған дала болса, даланы ұлы етіп отырған адам ғой. Осы тұстағы тағы бір ой, ұлы даланы суреттеген, дәріптеген қаламгер ұлы болып кете ме, әлде қаламгерлер суреттеп дәріптегендіктен дала ұлы болып кете ме деген… Бұл да бір сыры терең құпия дерсің. Бір ғажабы, Сертана даласындағы халықтың тіршілігі мен мінез-құлқы күллі Бразилия халқының болмысының эталонына айналса, Абай мен Мұхтар Әуезов суреттеген, жырлаған Шыңғыстау халқының болмысы, салт-дәстүрі, мінезінің, қазақ халқының мінез болмысы эталоны болып жалпақ дүниеге танылуында. Бұл талантты қаламгерлердің жеңісі, әдебиеттің құдіреті!
Халықтың салт-дәстүрі дегеннен шығады. «Абай жолын» аудару кезінде, романның авторы Мұхтар Әуезов пен аудармашы, жазушы Леонид Соболевтің арасында романдағы Бөжей асының суреттелуіне байланысты мынадай бір әңгіме болған екен.
– Мұхтар Омарханович, сіздің суреттеуіңіз бойынша, Бөжей асында кеше ғана бір-бірімен жауласқан, кәдімгідей өзара қақтығыстарға барған екі елдің жігіттері бірігіп, асқа келген меймандарға ас-ауқат салынған табақтарды атпен тасып жүр. Араларында бұрын-соңды ештеңе болмағандай. Сіздің халықта дәстүр осылай ма, әлде халқыңыздың беделін көтеру үшін суреткерлікпен барған әрекетіңіз бе? – дейді Леонид Соболев. Сонда Мұхтар Әуезов тұрып:
– Леонид Сергеевич, халқымыздың осы бір ерекше дәстүрін суреттеген тұсты оқырманды толық сендіретіндей етіп бере алдым ба, жоқ па деп те ойланып тұрмын. Бірақ біздің халықта атам заманнан бері өлім үстінде арадағы реніш, өкпе атаулы түгел кешілуге тиіс осындай салт бары рас, – дейді. Леонид Соболев Мұхтар Әуезовтің жүзіне таңданыспен қарап тұрып:
– Мұхтар Омарханович, онда сіздің халыққа демократияның қажеті қанша? – деген екен.
Расында, осындай салтымыздың болғанына орыс ұлтының өкілі Леонид Соболев түгілі, Құдайдың өзіне «Сертананы келіп көргісі келсе, келсін бірақ қаруланып келсін» деп сәлем айтатын Сертана даласының бағзы замандағы білектері білеудей батырлары да айран-асыр қалары күмәнсіз секілді.
Болып жатқан той Ұлы Абайдыкі болса да менің оқырмандарға Ұлы Мұхтарды да қатар атап отырғаным, оқушыға түсінікті болар деп ойлаймын.
Ұлы Абайдың аты аталған жерде Ұлы Мұхтардың, ал Ұлы Мұхтардың аты аталған жерде Ұлы Абайдың аты аталмай қалуы мүмкін еместей болып көрінгенінен еді.
Тынымбай НҰРМАҒАНБЕТОВ