БҰЛ АДАМ ӨЗ АЖАЛЫНАН ӨЛДІ
15.07.2025
437
1

Американдық жазушы, журналист, 1954 жылғы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері Эрнест Хемингуэй жайлы бұл мақала алғаш рет 1961 жылы көпке белгісіз әрі қазір шығуын тоқтатқан мексикалық журналда басылған, дегенмен осы мақаланың авторы, колумбиялық жазушы Габриель Гарсиа Маркестің көптомдық шығармалар жинақтарының ешбірінде де жарық көрмеген. Тарихи мақала қазақ баспасөзінде тұңғыш рет жарияланып отыр.

Осы жолы, шамасы, рас секілді: Эрнест Хемингуэй өмірден өт­ті. Бұл хабар қиыр шет­те бір-бірінен тым қашық жатқан, әлемнің түкпір-түкпіріндегі оның даяшыларын да, автокөлікпен тұмса табиғатқа саяхат­таушылардың жолсеріктері мен бұқамен сайысқа түсушілердің көмекшілерін де, автокөлік жүргізушілерін де, сәт­тілік көз қырын салуды ұмытқан бірнеше боксшыны және зейнетке шыққан бірді-екілі қанішерді де қобалжыт­ты.
Сол уақыт­та Айдахо штатындағы Кэтчум қалашығы үшін сыпайы бір тұрғынның өлімі бар-жоғы қатардағы қарапайым қайғылы оқиға болды. Ажал құшқан тән ақтық сапарға ат­тану үшін алты күн жат­ты. Ондағысы – марқұмды әскери құрметпен тиісінше бағалау үшін емес, бұл уақыт­та Африкада арыстан аулап жүрген әлдекімді күткендіктен еді. Марқұмның өлігі мұзға айналған леопардтың жанындағы қарлы шыңның басында қалған жоқ әрі құзғындардың олжасына да айналмады. Марқұм, керісінше, достары айнала қоршаған қауіпсіз америкалық қорымда тыныш демалатын болады. Бұл жағдайлар бізді Хемингуэйдің осы жолы үшінші талпынысында расымен де дүниеден өткеніне сенуімізге мәжбүрлейді.
Бес жыл бұрын ұшағы Африкада апатқа ұшырағанда оның өлімінің ақиқат болуы әсте мүмкін емес еді. Құтқарушылар оны көңілді әрі шала мас күйінде топ-тобымен пілдер серуендейтін джунгли алаңынан тапқан. Хемингуэйдің өзі сомдаған шығармашылық әлемінде кейіпкерлер жеңістің дәмін алып, жан азабын шеккенде ғана өлімге лайық еді. Сондықтан да ол өмірге емес, кинодағы көрініске көбірек ұқсайтын мұндай жеңіл өлімді мойындамады, оны жатсынды.
Ал енді 62 жасқа толған жазушыны, өткен көктемде екі мәрте аурухана төсегінде қарт­тыққа тән ауру-сырқау­ымен алысқан жазушыны өз бөлмесінен басы жолбарыс аулауға арнайылап алған винтовкасының оғымен мылжаланған күйінде тапты. Өз-өзіне қол салды деген болжамды растайтын бір техникалық дәлел бар: қаруды шебер меңгерген оның жағдайында мұның оқыс оқиға болуы мүмкін емес еді. Мұндай тұжырымға қарсы бір-ақ уәж бар, бірақ ол әдеби негізге сүйенеді: Хемингуэй — өз өмірін қию үшін емес, өмірмен арпалысу үшін жаратылған жандардың бірі болатын. Оның романдары мен әңгімелерінде өз-өзіне қол жұмсау — әрдайым қорқақтықтың белгісі, ал кейіпкерлері — кемінде жүректілігімен және рухани да, тән жағынан да қуат­тылығымен ерекшеленетін қаһарман жандар. Қалай болмасын, Хемингуэйдің өлімінің жұмбағы соншалықты айрықша да емес, өйткені бұл жолы бәрі тәртіп бойынша болды: өзінің қатардағы қарапайым кейіпкері секілді болып жазушы дүниеден өт­ті және, ең алдымен, өз кейіпкерлері үшін дүниеден өт­ті. Бұл күндері боксшылардың шын күйзелісі мен әдебиет сыншыларының абыржуы арасында қарама-қайшылық сезілді. Ендігі алдымыздан шығатын ең басты сұрақ: Хемингуэй қандай деңгейдегі ұлы жазушы болды, өзіне қисынсыз әрі адам өмірінде мүлде мағынаға ие болуға тұрмайтын ұсақ-түйек деп қараған мадақ пен табысқа қай өлшемде еңбек сіңірді?
Анығында, Хемингуэй бәрінен бұрын тек адам табиғатынан ғана емес, адамның жеке-дара тәртібі тұрғысынан да қанағатсыз зерт­теуші еді. Оның қаһарман кейіпкерлері әлемнің кез келген нүктесінде, кез келген оқиғалар мен қоғамдық баспалдақтың кез келген сатысында, қайда аянбай күресу керек болса – сол жерде, тіпті де өмір сүру үшін емес, тек жеңіп шығу үшін кенет­тен пайда болып отырды. Осыдан кейінгі жеңіс адамды толықтай физикалық қажуға ұшырататын, ал сол жеңістің өзі терең рухани күмән тудыратын.
Алайда Хемингуэй әлемінде жеңіс ең күштіге емес, ақылдыға – өмірлік машықтан сүзгіленген ақылға тиесілі болды. Бұл жағынан ол – идеалист. Оның сан сапат шығармаларында дөкір күштің білім күшінен басым түсуі сирек. Кішкентай, бірақ ақылдырақ балық үлкен балықты жеп тынуы мүмкін. Оның аңшысы арыстанды карабинмен қаруланғанынан жеңбеді, керісінше, өз кәсібінің құпия тұстарын ықпыл-жықпылына дейін білгенімен жеңді. Дегенмен, бір рет арыстан да өзінің жұмбағын жақсы білді. Автордың барлық кемшілігі мен артықшылығын құдды өзінің бойына сіңіріп алғандай көрінетін «Шал мен теңіз» повесіндегі жалғыз әрі қалжыраған, дүлей тағдыр қыр соңына түскен балықшы алып балықпен күресі үстінде басымырақ түсіп, әлемдегі ең үлкен балықты ақылы арқылы жеңіп шығады.
Хемингуэй тіпті үлкен жазушы болмаса да, оның өз кәсібінің жасырын жатқан құпияларын, көмулі жатқан қозғаушы күштерін басқару қабілетімен небір алыптардан басым түсетінін әлі-ақ уақыт көрсетеді. Бірде ол қайсыбір сұхбатында өзінің шығармашылығын сегізден бір бөлігі ғана көзге көрініп тұрған, қалған бөлігі су астынан жатқан, сондықтан да оған ешкім ешқашан ештеңе істей алмайтын су бетіндегі алып мұзтаумен, яки айсбергпен салыстыра отырып, өз орнын өзі нақ айқындағаны бар.
Хемингуэй шығармашылығының мәңгілік құндылығы — оның астарында жатқан терең даналықта. Сол көрінбейтін даналық оның бүкіл шығармашылығын су бетінде ұстап тұр. Ал бұл туындылардың құрылымы анық, айқын, кейде тіпті драмалық шекке жететіндей үнемділігімен ерекшеленеді.
Хемингуэй бар-жоғы өз көзімен көргенін, өзінің жаны ауырып, өзі ләззат­танғанды немесе өзі сене алғанды ғана жазды. Оның бүкіл ғұмыры — тынымсыз, тәуекелге толы шеберлік сабағы іспет­ті өт­ті. Ал ол өз шығармашылығына соншалық адал еді, тіпті кейіпкерінің ең қарапайым қимылын дәл беру үшін сан мәрте өмірін қауіпке тіккен болатын.
Осы тұрғыдан алғанда, Хемингуэй өзіне қалағаннан артық та емес, кем де емес — әр сәтін толыққанды өмір сүрген адам болды. Белгілі бір мағынада оның тағдыры — өз кейіпкерлерінің тағдыры секілді болды: бұл да олар секілді Жердің кез келген нүктесінде бір сәт­тік өмір сүрсе де, оларды сүйгендердің адалдығы арқылы мәңгілікке жалғасып кет­ті.
Шамасы, дәл осы сөз – Хемингуэйдің ұлылығының анықтамасындай. Оның үстіне, бұл соңы емес, оның әлем әдебиетіндегі ғұмырының бар-жоғы басы екенін көрсетеді. Ол — болашаққа «Адам деген – осы» деп, ұялмай, мақтанышпен көрсете алатын нағыз үлгілі бейне, шынайы әрі адал еңбек адамы, бәлкім, әлемдік атақтың небір шыңдарынан да биік мәртебеге лайықты жан.

Габриель Гарсиа МАРКЕС
Мехико, 1961
Орыс тілінен аударған
Еділбек ДҮЙСЕН

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.07.2025 | 23:54

бұл кісі шынымен өз ажалынан өлді ме екен… оның көзқарасы мен дүниетанымы капиталистік қоғамға жақпағанын білетін едік

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір