Айгүл КЕМЕЛБАЕВА. МАРАЛТАЙ-НАМЕ (Эссе)
04.08.2026
23
0

                                                                                                                                                                    Шамшырақ
Жүзжылдықтар тоғысар жолайрыққа тап келген біздің буынға өте қиын тиді. Үлкен қалада үйі жоқтың күйі болмайды. Құдай берген дарынмен әдеби ортаға жарып кіруге құштар ниет кедейшілік қамытқа тұтылып, жас жүректер әбден шайлықты.
«Ұшады көгала үйрек көлге қарсы,
Ұясы жануардың желге қарсы», – деп бейнеленгендей, мұны кейіптеуді халық әнінен алайын. Руханият күнкөріске байланса, өлместің күнін кешкен өліарада буын алмасу процесінде тұрмыс ауыртпалығы албастыдай басқан күрделі һәм солқылдақ кезеңнің сардары ол. Маралтайдың жел өтінде қалған қайран жастығын өлтірмей ұстап қалған тылсым дарын қуаты деп білемін. Жас таланттар қос қанатын нарық желі қайырғанда жаралы құстай жер бауырлап кетпеуі тұтас ұлттық кодқа тиесілі құдірет екеніне имандай сенемін.
1983 жылы күзде 18 жасымда республикалық жабық конкурста бағым жанған соң, кейіннен талай кедергі-қиянатқа ұшырағаным басқаға болмаса да өзіме аян. Үлкен кеңістікке тік шыққаным – әдебиетте ауа райын жасап отыруға әсіре икем бірқатар адамдарға ұнаған жоқ. Олар мұны кешірмеді, сүріндіріп, шығармашылық жолдан ығыстырып, мүлде болғызбай, лапылдап жандыртпай, өшіріп жіберуге тырысты. Бірақ ұядан лақтырып тастайтын шіріген жұмыртқа біз емес едік. Маралтай – қазақ көркем сөзінің сарқылмас қуатын көрсеткен дарын иесі. Оны сақтап қалған – Құдайдың жазмышы. Ақын «Қаңғыбас -1; -2; -3» деп үш өлеңмен берген бейдауа кеп неліктен біраз жылдарға созылды? Неліктен оның түбі қайыр болды? «Әдебиет» порталынан сауалнама жүргізген Олжас Сәндібекке жауабымды (09.02.2026) келтіре кетейін, негізгі түйін сонда:
«XX ғасырдың екінші жартысына тиесілі классикалық қазақ поэзиясының нүктесін қойған біздің Маралтай болатын. Менің сөзім емес, телефон арқылы осы ойын жеткізген Ақұштап апайдың оң пікірі ғой, реті келгенде неге айтпасқа. Маралтай өтпелі, өліара кезең қыспағында қалған тап біздің буынның шамшырағы болып шықты. Оның көркем әдебиет адыра қалғандай дүдәмал күй кешкен онжылдықтарда сағы сынып кетпей, тау қыраны сияқты түлеп ұшқаны мен үшін метафора, символ, үлкен кеңістікке өту, оптимистік трансформация, рухани мәртебе болатын. Мұның астарында шын дарынға Құдайдың қарасуынан бір бөлек жанкештілік, буын алмасуда рухани сабақтастық жатыр. Маралтайдан соң жаңа ғасыр әдебиеті басталады».
Маралтайды бөле-жара бағалайтынымды ашық айтайын. 2000 жылы «Дарын» сыйлығын қатар алдық. Екеуміздің де риясыз бауырластықпен әдеби ортаға еш кедергісіз жарып шыққанымыз болар. Әдебиетті меншіктеп алғысы келген бірен-саран жандар әуелде нағыз потенциалды сездіріп қоятын творчестволық энергиядан шошынып үдірейе қараса, ұлтын сүйетін жомарт талант иелері ұрпақ сабақтасуы тиіс деп шын сүйсінді.


«Ақ батпырауық» атты жыр жинағына мол алғысөз жазған Ерлан Жүніс аласұрған ақын жанын тұңғиығынан танып, әдеби зерттеудің классикалық үлгісін танытты. Әдебиет туралы әдебиет, кәсіби зерделеу аса құнарлы. Жинақтағы «Үн» атты өлеңде Лермонтов («Ангел») лебі сезілер, «Мен» аталған өлеңде Абай пір еске түссе, «Шерменде» атты өлеңде сопылық Шәкәрім сарын бар. Талант тақыр жерден шықпайды, өзіне дейінгілер анық әсер етеді. Жетімсіреген кейінгі буынға шын қамқор болған текті ақын Нұрлан Оразалин жазғандай, Маралтай алдында өткен ағаларын еске салғанымен, жазуы ешкімге ұқсамайды. Өз қатарластары постмодерн деп шығандап кеткісі келсе, Маралтай жады берік, ұлттық тамырын солдырған емес, суретші көзбен көреді: «Қошқар мүйіз атып тұрды сырмақтан» («Экспромт»). «Астаң-кестең араласқан реңдер / Тағдырымдай өзімнің/…Мың бояудың, миллион түсті реңнің / Құпиясы зердемде» («Палитра») – оның суретшілік қолтаңбасы. «Ұлтымнан үзген жоқпын ұғымымды» («Ұғым»). Маргиналдық оған жат. «Өлмейді шын өнерді сүйген адам, / Өлмейді елі үшін күйген адам!» («Қорқыт»).
Ақын Гамлет монологын жыр етті. Бұл нені білдіреді? Маралтай таза қазақы болмыстың иесі бола тұра, Еуразия әлемін тең қабылдайды. Не Шығыс емес, не Батыс емес, аралық географияға тән сана дүниені біртұтас орайды, асқан зерделілікті ұштайды. «Айырық» атты өлеңде Тютчев, Фет, Абай сияқты ұлы ақындар табиғат тылсымын пір тұтып жазған жырлардай философиялық тұңғиық тіршіліктің бізге жұмбақ, бірақ шынайы вибрация-толқыны бар. Антикалық бояу, табиғатты антропологиялық сипатта көре білу – суреткерлік. Абсурд өлең емес, жаралыс-қозғалыстың ырғақпен жүрісіне мән бере елтіп қалу.
Александр Блок «Незнакомка» атты алапат өлеңін теріс жолға түскен әйел бейнесіне арнады. Ежелден адамзат қоғамы жезөкшені азғын деп жарияласа да тән саудасын теріс көрмес екіжүзділігінен танбайды. Маралтайдың «Жезөкшесі» – Блоктың аласапыран жан дауысына үндес шыншыл жыр. Неше мәрте оқысаң да жалықтырмайтыны неліктен? Екеуінде айна-қатесіз дәуір суреті анық суреттелген, күйзеліс-күйіктен есеңгіреп, есі кіресілі-шығасылы мас күйде шалық шалып, сөйте тұра сұлулыққа өлердей асық, жан жұбанышын бір мезеттік жұмбақ әйелден іздеген қос ақынның автопортреті бар. Екі өлең арасы – 100 жыл. Ақын жүрек өзгермейді. Адасқақ, қорғансыз әйел затына асқан мейірім, тебіреніс, оны өзіне тең көру, жанашырлық әр шумақта тұнып тұр. Христиан діні жербетілік күллі зауалға айыпты деп қара таңба басқан, ортағасырлық инквизиция соты 30 000-ын отқа жаққан, Вальпургия түні жәдігөйлер жын ойнаққа батады деп қарғыс айтқан әйел затын елжірей сүйіп, ардақтау сезімі лүпілдейді. Кездейсоқ жолыққан қас арулар, көркем әйелдер кейпіне елтіп, шындық өмір мен арман ұштасқан асқақ мезетті шын ақындар ешқашан мүләйім әулиесіп жұрттан жасырмайды.

                                                                                                                                      Ерке
«Кентавр». Маралтай магиялық өлең жазғанда Пегас шабыт Иппокренаға ала қашып, жырдың иррациональды-энергетикалық алапат қуат-күшін түйсініп үлгермеуі әбден мүмкін. Қуғыннан қаша жөнелген барон Мюнхаузен атымен батпаққа қылкеңірдекке дейін батып кеткенде өзін шашынан сүйреп, астындағы атын қоса аман шығарғаны сияқты ол өзін-өзі азып-тозып жоғалу аранынан алып шыға білді. Басын тасқа да, тауға да соғып, ауыр арпалыстан өткен соң күш-жігері алдамай, жарыққа алып шықты. Жамандықтан арылу ақын рухын асқақтатып, ақ дидарын ашып жіберді. Бұл өлең дуа, программа, жазмыш кілті болып дарыған. Ақын космогониялық мифте Күн шығуын сұлу бейнелеп, таң атқан сайын туа беретін алтын құйрықты құлындай дүр сілкінді. Маралтай құрсау­ды бұзып-жарып шықты, кедергілер, ішімдік-жыннан құлантаза айықты, кеселден арылды. Онсыз да арқасы бар ақынға алапат жал бітті. Мистикалық ғажайып мезет расында біздің буынға ортақ күй болып шыққаны үшін Маралтайды жақсы көремін.
Кеудесі – адам, денесі – жылқы кентавр азаттық сүюден жаралды. Несіпбек Дәутайұлы «Айғыркісі» атты әңгіме жазды. Кентавр нышан 2022 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әдебиеттен жеті жанр бойынша өткізген байқауда «Айбоз» сыйлығына (5 000 000 теңге) айқара жол ашты. Ұлттық әдебиетсіз мемлекет мықты болмайтыны әлбетте белгілі.
Маралтай туралы сүйініштен кім не демеді. Кілең еркелету! Маралтай десе, қазақта қанда бар бауырмалдық қасиет кернейді. Есенбай Дүйсенбаев Маралтайға «Сарысу жақта – Тама, / Бәріне ортақ бала!» деп эпиграмма жазған. Бауыржан Бабажанұлы: «Үш жүзге аты мәлім Маралтай» десе, өтірік пе?! Қалихан Ысқақ оны – Бұғытай, Темірхан Медетбек – Маралтайжан деп атады, Исраил Сапарбай жас ақынды құрмет тұтып, сандалып ішіп жүргеніне жаны ашып, шерленіп арнау-толғау жазғанда, айға ұлыған бөрідей реквием болып шықса да бәрібір батасын беріп жазды. Иран-Ғайып ағасы: «Маралбай»; Әуезхан Қодар: «Маралтай – мықты ақын, өзі айтуынша, «жынды» ақын» («Мен өлгенде мұңайма сен, мұңайма, / Жынды ақын ұнай қоймас Құдайға»); Ғалым Жайлыбай: «Маң мінез Маралтай»; Серік Томанов: «Маралтайым, Абай салған сарайға Маралтайым бағбан болды; Маралтай інім»; Шәкизада Әбдікәрімұлы: «Маралтай інім»; Бауыржан Жақып: «Маралтай бауырым», «Уай, Маралтай, Асқар Алтай, Өр Алтай»; Ғалым Қалибек: «Тентек ақын» деп даңқын асырды. Ұлықбек Есдәулет: «Енгізіңдер санатқа / Ең ұлы ақын – жас ақын!» – деп жаһанға жар салды. Есенғали Раушанов алғашқы кітабын шығарып беріп, алғысөзін үкілеп Мейірхан Ақдәулет жазды. Ақындар алғаусыз сүйіншілеп жатқаны түпсанада қазақ өлеңі өлмейді деген түйсіктен туса керек. XIX ғасырда Кәрі Еуропада мифті өлтіріп, соның кесірінен Ницше: «Құдай өлді» деп ботадай боздағанда (Маралтай: «Теңізде жоғалған маржандай»), өлең жарықтық тастанды бала тәрізді өкси бастаған. Күләш Ахметова «Ұлды болдым!» деп сүйінші сұраған Маралтайға: «Не берсем екен, көкем-ау, / Көрген түсімді бермесем?..» – деп жыр жазған. Көне тәмсілде аян түс басқа қонған бақтан нышан береді. Сөз магиясына мұнан кейін қалай сенбессің! Құт-береке Маралтайға «Кентавр» болып қонды. Күләш ақын: «Маралға да ұқсайсың, жылқыға да!» – деп текке жазбапты. Кентавр – автопортрет болса, онда Маралтайдың азан шақырып қойған есімі де, болмыс-бітім, рух бейнесі де бар екен-ау! Інілік ізетпен Қалқаман Сарин: «Азабын ақындықтың тартқан жанға, / Ажалың асықпасын ей, Жасаған!» – деп қазақы бата беріпті. Абай мен Мұхаң, қос алыптың туысы ол, демек, батасы қате болмайды. Ақберен Елгезек: «Маралтай ағам» дейді, бәрі шетінен меншіктейді. Оған ат қойған ақын аға-іні аз болмағасын «Ат қою» атты өлең жазылды. «Тай-Марал дейтін еді Есен* ағам, / Ай-Марал дейді мені Тыныш* көкем, / Хай-Марал дейді бүгін Свет* ағам» (* Есенғали, Тыныштықбек, Светқали). Дидар Амантай досы жазғандай: «Маралтай жоқта өлеңі, өлеңі жоқта өзі жүретін». Мұның бәрі жағынған жалаң сөздер емес, оның дара ақындығын шынымен мойындаудан туды. Өзінің кім екенін Маралтай, әрине, білді. «Ойларымды жинай алмай шашылған, / Мен Уақыттың өтіп барам қасынан» («Автопортрет»)… Уақыттан озу – кесек жақұттай көркем ой. Маралтайға жалаң нарцистік жат, өзіне, абыз-даралығына мығым сенім, творчестволық потенциалына дән ризашылық. Маралтай өзін «Қара өлеңнің жалаңаяқ патшасы» десе, лашықтан сирағы көрініп жатсын, мейлі, даналығымен есімі нұрлы Жиренше шешен, дәруіш Хожа Хафиз тұлғасы жарқ ете қалар. «Алыс та емес өлілерден арамыз», – деп жырлаған «Шеру» атты өлеңнен көргенімдей, ақын жаны ұлылар шоғырында жүреді. «Көз алдыма бәрі айқын көрінер, / Ұмытылар тірі жүрген өлілер» («Рауан»). Надан, топас, былық қоғамды Гоголь өлі деп күйзеле жазды.
Ол Көроғлы, Қорқыт архетип образдарды қастерлеп, көне түркіден жеткен қобызды көп жырға қосты. Ақынның елсүйгіш жүрекпен елжіреп, асып-тасып кетер жырлары баршылық. Ол мейірімді мансұқтауға жаны қас. «Лаубай көпірі» атты өлең соған айғақ. «Алас» атты өлеңде ақын жанын асханадағы құстарға жем берме деген жазу ашындырады. Құдаймен тілдесуді, сырласуды жиі айтады. Құстан байғыз бейнесі көбірек. «Балаларым» атты өлеңде оның әкелік мейірімі, «Әйел­дер» атты өлеңде: «Мен оларды сүйіппін ғой барлығын, / Анам сүті секілденген пәктікпен» – ер-азаматтық кескінінде жалғандық жоқ. «Барлығынан мейірімімді аямай, / Хәл кештім ғой бой жасаған кісідей» («Ізгілік»), – дейді тағы бірде.
Маралтайда бейпіл сөз жоқ. Жігіттік желік, серілік сәттерді кейіптеуде, «Әдептен озбайын» деп махаббатты жырлаған Абайша бейнелі ишара арқылы әдептен аспайды («Алма», «Жауқазын», «Ару», «Алматы», «Көңіл» атты өлеңдері).
«Жербетілік соғыс деген түк емес, / Ақындардың бақталасы қасында» («Алматы»)… Бұл – сырт көзге аса біліне бермейтін, тіршілікте ғана емес, өлгеннен соң да тынбайтын қан майдан. Бізді сөзбен сүмірейте беретіндер табылады, қазіргі жаңа терминде бұны хейтер дейді. Олар шын асылды құнсыздандыру үшін жанын салады. Баяғыда сүйегі қурап қалған аруақ абыз Абайды сөйткен соң не айтайын. Абай «Қара сөздер-Ғақлиясын» негізі исі қазақтың өзіне ғана арнаған болатын. Ол сыртқа шығып кеткен соң қазіргілер сан-саққа жүгіртіп, Абайға жала жабумен әлек. Негізі сондай әшкере өсиетті, өз қандасын жылатып айтуды ірі халықтардың таңдаулы ұлдары әр заманда жазған. Маралтай Ерлан Жүніске арнап: «Екеуміздің бір емес пе қосымыз / Жер бетіне қайдан келдік осы біз» («Қонақ») дейтіні содан. Ерлан Жүніс: «Маралтай жаза алмай қалды» деген жазаға парапар сөзден кейін де жанартаудай қайта ояну – мүлде жаңа мазмұндағы кітабын ұсыну сизифтік азап – сизифтік бақыт» депті. Бақталас күйініш азабынан арыла алмайтындар хас дарын атаулыға жаны қастанып, қалам қуаты тоқырауын күтіп әлек болады. Күншілдік дерт дәрменсіз, қораштықтан туады.

                                                                                                                                                                   Автопортрет
«Не тұрғанын білмей мүлде алдымда, / Тас-түнекте талай жалғыз қалдым да.
/ Алматының көшелері тар болып, / Теңселгенмін сыймай бульвар, даңғылға.
/ Быт-шыт болған жастығыма қарамай, / Таудай көңіл, жүрегіммен даладай.
/ Оңашада жас қыдыртып жанардан, / Қазағымды сүйдім жетім баладай..!». («Қаңғыбас-3»). Өз бейнесі нақты, көлгірсуді білмейтін ақын жұрттың алабөтен күбір-сыбырын қайтсін. Лирикалық кейіпкер, ол өзі ғой, дүниеге шерлене әрі мейірлене қараудан жазбайды. «Менің көрген күнімді итке берсе болады,
/ Итақайы иіскеген итаяғы толады!
/ Ертегідей едім мен, Едігедей болдым ғой, / Ермен сынды ер едім, бетегедей болдым ғой!..» («Қарт сәби»). «Құр арман мен бос сағымды малданып, /Масханада жас ғұмырым қалды анық. /…Сол бір бала-періштені аяймын. / Ғұмыр кешкен өз-өзіне алданып!» («Масхана»).
Ақын феноменін Жанарбек Әшімжан: «Маралтайдың мақамымен айтылған замана зары! Жеке басындағы тағдырды ұлттық мұраттарға ұштастыра отырып жырлады», – деп жазғаны сондықтан. Маралтай шындық өмір үзігін боямасыз беруден қорықпайды. «Әлі ұқпаймын, түсінбеймін анығын, / Бір аппақ құс менен қалмай ұшады. / Мен шарапты өмір ғой деп таныдым, / Шарап мені ақын қылды құсалы. / Жатқанымда мәңгүрт құсап мәңгіріп, / Жан анам да бірге азап шекті ме?! Мола түнеп, диуана боп қаңғырып / Түн қойнында қалған кезде тепкіде»(«Алғашқы дебют»). Дарындылар ішінен тынып, меңіреу қоғамға қор болған бейдауа күйін құрбан санап, күйзеліске бой алдырып қоятын мезеттер болуы заңды. Жоқтау сарын алқымнан буса, ақын өстіп аңырайды. Жастық шақта жоқшылық көрген соң, бәлкім, Маралтайды ажал, өлім, о дүние туралы ой көп меңдейді. Діни сарындағы өлеңдерде әнтек аңқаулық бар, жас баланың саф таза арманындай, экстазға толы, гностикалық күдік пен күпір жоқ. «Есейсем де ес білмеген баламын» («Сарын»).
Өркениеттік егіз дүниетаным
Маралтай антика-язычество қаһармандарын космогониялық тұспал ретінде өткеннен іздеуі мифтің шынайы қуатын сезінуден туған. Өйткені жеңімпаздар өз қалауынша көсіле жаза беретін жалған тарихтан гөрі мифология және ауызша жеткен асыл фольклор-аңыздарда шындық көбірек екенін ақын жүрек сезінбей қалмайды. Маралтай жүрегі шымырлап кететін асқақ образдарға жиі баруы заңды. Қызық болғанда, ресми өктем діндер түбірімен жойып жіберіп, жын-пері, теріс, қара танымдар деп жариялаған көне аңыз-мифтермен қатар оның жазуында әбден орныққан діни сарындар қатарласа өріп жүре береді. Өйткені адамзат руханиятында бір-біріне кереғар түрде берілген сенім-наным, діни көзқарастар әуелде бір тамырдан өсіп шығып, сансыз түрленген. Ол ақын пайғамбар, ақын әулие деген танымнан әсте жаңылмайды. «Түскендей маған да бір ақырғы аят» («Соңғы хабар»)… Маралтайдың жұрт айта беретін үйреншікті ұғымдарды өзгеше көруінде мін жоқ. Самарқау, бейқам, үстірт көру емес, жүрегі қанжылап, аңдап қалу. Ерлан Жүніс: «Ажалдың да ажалы бар» дегені Сартрға сөзсіз ұнайтын сөз» деп жазды. Әдебиеттің арғы-бергісі бар, біздер үшін өлі ақын-жазушылар жоқ, классиктер тірі. Сол таңдаулы лекке қосылу біз үшін аңсар емес пе! Шын сөз қонғандарды айтамын.
Маралтай: «Ай сияқты тұрам көкте көнермей, / Қаймықпаймын о дүние сотынан. / Саз балшықтан жан іздеген шебердей, / Мағынаны қолдан жасап отырам» десе, көне дүние мүсіншісі Пигмалионға айналып кеткені. Бұл оның антикалық болмысы. Ол мұсылмандық қағидаларды жиі жырласа да «Өмір мәнін таба алмадым тамұқтан» дейді. Буддизмнен басқа үш әлемдік түбірі авраамдық діндер әсіре фанатизм Ібіліс пен тозақ туралы жиі-жиі еске сала беруден танбайды.
«Жантәсілім», Маралтай бүлікші атансын мейлі, құдайшылдықтан бір айнымайды, Хақ Тағалаға сенім, тепкі көргенге ұқсамайтын ақсүйек бекзат­тық айқын. «Келе жатып ойымнан шошынамын, / Ақын әулие десе, шын, қосыламын!» («Лабиринт»). «Жырым барда мен қалайша өлемін, / Маған ұқсап тұрған жоқ па өлеңім?! Сырын ұққан он сегіз мың ғаламның / Жүрегімді қалай, қайтіп көмемін!? / …Арманым жоқ, өкпем де жоқ, расы, Бұ дүние мен о дүниеге былай да..!» («Жоқшы»). Үміт пен күдік итжығыс келуі – адамзаттың қалыбы. Гораций салған көне сүрлеу шын дарындардың жұбанышына айналған. Асыл сөз өлмейтін құдіретке тағзым. «Сені ғана, сені ғана көрмедім, / Сені көрер көзді неге бермедің?!» («Имитация»). Құдай көрінбейді, ол неліктен көрінбесін ежелгі гректер Гелиос туралы аңызда тұспалмен айтып берген. Маралтайда жаратылыс, тылсым, өмір-өлім, тағы басқа абстракт ұғымдар мол. Маралтайдың танымы догмалық-ортодоксал діндерден жұққан сарын емес, мифтік таным, ал мифтік танымын жоғалтпаған адамдар – таза, жаны елжірей білетіндер.
«Жүрегімді құмырадай төңкерген» («Шие») сүю қасиеті сұлулыққа ізеттің бір сәулесі екенін аңдап қалады. «Сұлулықсыз жетер ме ем бүгінге есен. / …Сұлулығы болмаса Жаратқанның / Өмірге де келмес ем, өмір десең…» («Сұлу»). Шығармашылық қасиет, оның Темірқазығы эстеттік, Көркемдікке іңкәрлік! «Раушан гүлдің жұпары – жалғандағы ғажабым, / Ұмыт қылар әп сәтте екі дүние азабын!» («Үрнама»).
Көркемдік иесі дегдар Құдай екені дау­сыз, Жаратушысыз өмір тұл. Маралтайдың «Жан мен тәннен табыла ма мағына / Жүректегі жауһарсыз» («Негіз») дейтіні сондықтан. Ол – құйыннан да көркемдік көре білетін сұңғыла, өйткені ол – табиғи ырғақ. Құдай тағаланың суреткерлігіне ынтызарлық: «Құдай шашқан меруерттей ғарышқа, / Сан мың жұлдыз жымыңдайды алыста» («Жауырын»).
Маралтайда «Дүниеден безушілік менде жоқ» («Тәуба»). Лирикалық кейіпкерге жүрек, қанат, діни лексика, космогония, символдық ұғымдар, бейнелеу өнері, готикалық элементтер шеруі өзтаным үшін керек. Қорқытша ажалдан сескенген кейіпкер «Қара таңбалы хат алдым» десе, теңіз қарақшысы пираттар дәстүрі еске түседі. Маралтай мұндайда еуропалық романтизм мен исламдық эсхатологияны шебер ойнатқан жонглер сияқты. Ажал шіркіннің тазалық символын, құдая құдіретін ақын біледі: «Несі қызық өлмесең?!!» – дейтіні содан. Жер-Ананы көрде құрттар тазалай береді.
«Бар мен жоқ», Құдай туралы ойларда күдік-сенім, сауал-жауап – диалог жиі өрбиді. Ақын Құдай жоқ демейді, жүрек нұрланып, сайтанға тізгін бермейді. Жас ұлғая Маралтай құдірет тылсымға, құдайшылдыққа тіпті тереңдей береді. Онсыз ақындық дарын нәр тамбаған шөл тәрізді кеуіп, семіп қалар еді, көктен сол вибрация, сол толқын, сол ырғақ тербетіп, үзбей беріліп тұрмаса. «Қарсы аламын Хаққа ұқсас әдібі, / Өз ішімнен шыққан әзіз Мәдіні» («Мәді»). Діни дәстүрдегі жырлар көбеюі бұрынғы арсың-гүрсің тентектік толғанысқа ауысқаны. «Өшпесін жүрегінен үміт мейлі, / Ешкімді Алла қайта тірілтпейді!..» («Әзәзіл») десе мейлі, «Жаңылғам жоқ жаралғалы тобадан». («Сапар»). Шәркез ойлар жат. Ол көр, мола, өлім мен өмірдің тоғысуы, аруақтар туралы жиі ойлайды. Ақын жалғыздығын, бейнет-күйігін, жылап жүрген құсасын, өлілер мекені қорымда қонған қара түндерін марқұм анасына деген перзенттік сағыныш ешқашан ұмыттырмайды. Марқұм анасына, әке-аға, бауырға сағыныштан егілсе де («Бақсы»), Әмірхан Балқыбек досына «түсіме енбе, мені ертпе» десе («Беймезгіл қонақ»), жарық сәуле, өмірден қашпайды. Балалықтан қол үзгісі жоқ: «Бал күніме алып барар бір сәтке, / Егделіктің есебінен жалықсам» («Сырлас»).

                                                                                                                                                          Мистика
«Үшінші әлем» жын-шалық туралы жыр: «Біздің өмір кіл аңыздан құралған, / Қақамандай түнде сүрең салатын.
/ Әбжыландай мың оралып, бұралған / Жын-перілер билеп қарсы алатын. /…Сейіледі қашан, нәлет, тұман бұл,
/ Іңірдегі елес көшкен кезі ме?.. / Қара түнде аппақ бу боп буалдыр, / Өзім қарап тұрам кейде өзіме. / Өңім де емес, түсім де емес… илана, / Бастан кешкен, өзім көрген ертегі. / Түсіндіре алмай елге қиналам, / Тек маған тән, мен ауырған дерт емі…» Бұл – жұрт ойлағандай сандырақ, лақпажындылық емес, қиял-ғажайыпқа елту. «Болмысымда, дидарымда, көзімде… / Тіке қарап біреу отыр өзіме» («Альбом»). Ақынның жалғыздығы сол қанат біткеннен беріде. Сананың қос жарылуы шын өнер үшін алғышартпен тең. Ой құйындай ұйытқуы қай қиырға шарлатпас. Кейде Маралтай реалист, иллюзияны місе тұтпай қалатындай көрінеді: «Шал үндемей жеп қойыпты балықты, / Керең болған қандай қиын, қауіпті!.. / Алтын балық арман, рас, кімге де, / Алтын балық ұстап алсаң, үндеме…» Меніңше сарказм, қиялилықты таза жынды деп түсінетін томырық танымды мазақтау болар. Қиял құдірет болмаса, адамзат әлі тас ғасыр үңгірде хайуанша оттап жүрер еді. Оның шалығы сондай биік, құбылғыш жан әлемін риясыз қабылдау.
«Бұл жерге өзім келгем, өзім келгем, / Қарықты көңілім мен көзім неден. / Түбіміз жын-перімен бір екенін,
/ Тірінің бәрі бірдей сезінбеген!..
/…Елінен адамзаттың үрмет делік,
/Келгем жоқ әлдеқандай дүрмекке еріп. / Кетті ғой жақын тұтып жын мен пері, / Арнайы келгенімді құрмет көріп!
/ Барлығы орнынан көтеріле, / Боз тұлпар жетелетті жетегіме. / Төбемде айнала ұшты алты қаздай, / Келіп тұр, келіп тұр деп мекеніңе! / Бұл жерге өзім келгем, өзім келгем, / Көргім кеп көне жұртты көзімменен. / …Ол елді бізден бұрын көргендер көп, / Оларға қалай айтам келмеңдер деп..!» («Дегерез»). (Дегерез* — жазушы Тәкен Әлімқұловтың шығармасындағы қазіргі Жамбыл облысы Сарысу ауданында орналасқан жер атауы. Жазушы Дегерезді жын-перінің мекені ретінде суреттейді).
Бұл өлеңге романтиктер және сюрреализм өкілдері құлап түсер еді! Жас бала жөргегін етке сатқандай, готикалық жанр көсемдері (Анна Радклиф, Вальтер Скотт, Метью Грегори Льюс, Гофман, Метьюрин, Мэри Шелли, Эдгар По, Гоголь, Бодлер, Амборз Бирс, Стокер, Стивенсон, Майринк, Кафка, Лавкрафт, Булгаков, Кортасар, Михаэль Энде, Умберто Эко…) көзі жанып кетер еді. «Қорғасындай құжылдайды өзегім, / Тағдыр деген осы болса, төземін./ Терезеден үңілулі жанарын / Қарамай-ақ жон арқаммен сеземін» («Егіз елес»). Ол тылсым дүние мистика мезеттерді теріске шығармайды. «Абстракция» сюрреализм, Овидийден қалған мұра. «Қаптаған қара қарғалар менің қолдарым екен!.. / Мынау – Мен екенмін!!!» («Қайыршы»). Мифтік образдарды мұнафиқтер жатсынады. Сайтани таңба санайды. «Әр адамның өз шайтаны өзінде, / Өз ішінде — көзі, мүмкін, сөзінде…» («Іңір»). «Үстінде лыпасы жоқ іліп алар, / Бұл не зат, не нәрсенің сыры болар? / Күлкісі құлағымда, сықылықтап / Мен тұрдым өз атымды ұмытып қап…» («Пері»).
«Күлкі деген ғажап қой, мен күлкіден именбен, / Күлкі болу масқара шын күлкіні сүйгенмен. / Күлсем – күлем жарылып маржан төгіп жүректен, / Мен Құдайдың күлкісін періштеден үйренгем! /Мен Құдайдың күлкісін Күннен көрем, гүлден де, / Шат боламын шадыман күлкі жауып бір демде./
Қорқам кейде мен қатты алам ба деп тауысып / О дүниенің күлкісін бұ дүниеде жүргенде…» («Күлкі»).
Умберто Эко «Райхангүлдің есімі» атты культтық романда адамзатты құдай атын жамылып күлкіден айыру барып тұрған рухани адасу екенін жазды. Маралтайда қара түнек, зар атымен жоқ. Ел мен жерге сүйіспеншілік – оның поэзиясының сәулесі. Биыл бақ сынап Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатқан Маралтай Райымбекұлы Ыбыраевты елдік мәртебеге бек лайық қас дарын деп биік бағалаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір