Маралтай
28.04.2024
165
0

Оның өз дәуіріндегі теңдесі жоқ ақын екені, тіпті сол табиғатпен жаратылғаны жердегі пендеңді білмедім, көкте Тәңірге аян. Десек те, өлеңнің жалына жармасқан жөнекейдің бәрі бірдей өзі өмір сүріп отырған қоғамда тұғырын бекітіп, жүгі ауыр ақындық өнердің жауапкершілігін жете сезініп, қайраткерлік болмыс қалыптастыра ала ма? Мұны бағамдау үшін мен өмірдің ащы-тұщы дәмін қатар татқан досы, ақын Бауыржан Бабажанұлының сиясы кеппеген «Уай, Маралтай, аруағы асқан ұл, / Мен келдім деп жарияға жар салып, / Алматыда жырдан гауһар шашқан ұл. / «Құл емен» – деп, – босағада отырар, / Бірден төрге ұмтылып, / Алшаң-алшаң басқан ұл», – деп басталатын елу бесінші рет таралғы тартып, үзеңгіге салмақ салғалы тұрған Маралтайдың бұла болмысын ашуға ұмтылған ғажап өлеңінің өзегіне өрілген жайттар мен осыдан он екі жыл бұрын жазылған «Кентавр» атты мақаласындағы уақиғаларды ойша беттестіріп көрдім.

Әрине, уақыт төрешінің билігі шексіз, дәл қазір мұның бәрі «бәлду-бәлду бәрі өтірік» болып, өткен шаққа айналып үлгерген. Бүгінде өзіндік ұстаным, таным, бағдар тұғыры бекіп, қоғамдағы келбеті қалыптаса бастаған ақынның досы әлгі мақалада осыдан отыз үш жыл бұрын, Алматыда, қазіргі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында сахнаға домбыра өңгеріп шығып, бір қайырымнан кейін қарсыласына қолын бір сілтеп,  орнынан тұрып жүре берген «Жамбылдан келген айтыскер, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет факультетінің студенті» тағдырының тарғыл жолын тарата тармақтайды. Бір күн бұрын тәп-тәуір айтысқан қасқаға қатысты Баукеңнің қасында отырған бейтаныс біреудің айтқаны: «Қап, кеше «аттың басын» біраз жіберіп еді, бас жазып үлгермеген ғой…». Бұған не дерің бар, шамасы әлгі екеуі түнімен сылқитып, «ақаңа» қамшы басқан болып тұр ғой.
Әрине, әуелі еріксіз езу тартасың. Содан соң «айтыскер Маралтай» үшін қиналасың. Иә, мұны елестетудің өзі қиын. Сол кезде кәлласын қандай ойдың үңгіп жүргенін қайдан білейін? «Сірә, басын дұрыстап алса керек, айтыс аяқталып, қорытындыны жариялар сәттегі үзілісте Маралтай өз бетімен сахнаға шығып, өлең оқып тұрды», – дейді Баукең тағы да, болмысы бөлек «жынды» досы жайында. Сана түкпірінде сан жылдар бойы жасалып, пісіп, жетіліп, бір сәтте құйылып түскен «Маралтай» деген өлеңіндегі: «Ауызыңнан шыққан сөзің мүлт кетпей, / Мен, мен деген, мен деген, / Көзі жерді көрмеген, / Талайлардың көкірегін басқан ұл!» деген ескі формулды жымын білдірмей жаңамен жымдастырған жыр жолдары жосылып, досының бейнесін іңірде көшкен шайтанмен қоса бел асырып, дәрежесін эпикалық-мифтік пафоспен өсіріп, ол жайында бұған дейін жазылған жырларды белінен бір басып, жапырып өткендей әсерде қалдырады. Сөйтіп, «…қазақы өлеңдегі «өтірік ызылудың» салтын бұзған» (Мейірхан Ақдәулетұлы) мінезді Маралтайдың ғұмыры көз алдында өркештенген көш сияқты, тасты көскен алтын тұяғы самсаған жұлдыздарға қарай, соңына із тастап аққан қанатты күліктерге ілесіп, шұбырып бара жатқандай көрінеді.
Біз жалпы, ақындық тағдыр жайында көп айтамыз. Оның шиырларын індеткенді теріс көрмейміз. «Ақын болу үшін тағдыр болу керек!» – деп есептегіміз келеді. Сонда қалай, ақынға міндетті түрде талайсыз тәлкекті бастан кешу керек болғаны ма? Әлде бұл пенделік бұлақ бастаулардағы Абыл мен Қабылға тән, қайта құбылып құйындата беретін түсініксіздеу бірдеңе ме? Жақсы, олай болса, міне, әлгі айта беретін, бірақ былайғы жұрт өз басына келгенде «Құдай сақтасын!» – деп шошитын, өзгедегіге тамсанып, қызыға қарайтын «тәлкек тағдырды» басынан кешірген бір адамның өмір жолын барша қаны сорғалаған шындығымен суреттеп берген мына мақаланы иненің ұшында жүргендей, ара-арасында еріксіз езу тартпай, бей-жай оқу мүмкін емес. Содан соң, жұмыла жұрттың көз алдынан бір сәтте ғайып болған боздақ Ботпанов қанша жерден «ерунда!» дегенмен, 1993 жылы оқудан үшінші рет шығарылып, Алматыға біржола табан тіреп, КазГУ-дың бесінші жатақханасын жайлаған Жарас пен Әмірхандарға ат басын тіреп келген, «өлеңі сұмдық өскен, соны ырғақ тапқан… иегі айыр біткен, қасқыр бет, дудар шашты, бұзық сарының» «Құдай – көкте! Мен – жердемін, жердегі, / Қаламымда тағдырымның кермегі. / Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп, / Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі…» – деп өлең оқып тұрған сәтін көресің.
Мейлі, кім не десе де, кезінде оны ешкім оңайлықпен мойындағысы келген жоқ. Бірақ ол өзін мойындатты. Әлі сол қайсар болмыспен келеді. Таланттың тарғыл жолы осылай болатынға ұқсайды. Одан кейінгі жайт жалпақ жұртқа белгілі: «Достың бәрі сирей-сирей жолыңда, / Өз үйім деп қонып жүрдің қорымға. / Аруақтарға мұң шақтың, / Сөзім шығын етпеймін деп тобырға». Әсіресе «полигамды» құсойнақ тарихын «мәжбүрлікке» балайтын досының өзі ағынан ақтарылып, ұрқын асқан саясаткерлікпен сақтап, төрт қазанның несібесін бір жерге жиып отырғанын біреу айтып, талқылай бастаса көзі төбесіне шығып шатынап, өзіне айтқызсаң «Мың бір түннің» уақиғасына айналдырып жіберетінін Баукең жақсы біледі. Әлгі мақалада мұның да жайы біраз жерге дейін сөз болады. Алай­да «жүрегінің түбіне терең бойлаған» ол көңілі нені қаласа, соны жазды. «Анау қалай қарар екен, мынаған ұнамай қалмас па екен?» деген ой бұл шіркінде болған емес…» дегені – көзіміз көріп жүрген ақиқат. Ол шынымен де ешқандай «позаға» тұрып көр­ген емес, ойына келгенін қымтырылмай айтатыны рас, сөйтіп көркемдікті өзі сүр­ген өмірдің өзегінен ойып алды да қой­ды.
Баукеңнің «Құдайдан жасырмағанды Күлпарадан жасырмаған», бірде ­­«…жаялықтай аузымен Баянның бетін көме салған», ақыры бір сәтте бәрінен тыйылып, жіптіктей болып жолға түсіп, «Бауке, баяғы күндердің бодауына татыса…», – деп ағынан ақтарылып тілек жазатын, «Үш жүзге аты мәлім Маралтайдың», жартылай адам, жартылай жылқы бейнесіндегі Кентавр болмыспен бірігіп кеткен «Маралтайға қарап та оны тұтастай адам деп қабылдау қиын… жырларында кіндігіңді бағзы замандағы бабалар рухымен жалғайтын құдірет бар», – дей тұрып, өлеңге келуін суреттейтін: «Бір сәулеге көктен жерге шашылған, / Өлең сүйреп келіп еді шашыңнан», – дейтін сәті ғажап. Ақыры, «Көшкен шайтан секілденген іңірде, / Күндер кетті, енді артынан жүгірме… / Сондай-сондай сор кештім деп кеудеммен, / Сендер шерді көрмеңдер деп мен көрген», / Ұл-қызыңа айтып көрші. / Бірақ та, әй, сендіре алмайсың-ау бірін де… / Солай-солай, досым-ай, / Дәурен көшті осылай. / Бәлду-бәлду, бәрі өтірік бүгінде…», – деуі өлең емес, оның өмірінің боямасыз кейпі дегеніміз дұрыс шығар. Әрине, көзге елестету былай тұрсын, тыңдаудың өзі үрей шақыратын «ертегінің» осылай күрмелгеніне жалпақ жұрт қуанған. Өйтетіні Маралтай кейін ересен істерге бой ұрды. Сөйтіп, Мұқағали қаламдастарына қаратып айтқан: «Халықты ұмытпаңдар, халықсыз күндерің қараң!» – деген сөзді басшылыққа алды.
Алдымен, бедірейген «Бетпақты» кесіп өтіп, Арқада қалған Қосағалы бабасының жатқан жерін тауып, Көкжонның белінде жатқан Қыбыр әжесінің басына белгі қойып, жұрағатын біріктірді. Шу, Талас өңірінің көне күйлерін сақтап қалған дәулескер Мәдіні ғылыми айналымға қосты. Марқұм Әмірхан досына ескерткіш жасатып, енді қоятын жерін іздеп шырылдап жүр. «Сарысу саңлақтары» деген мемориалдық кешен салдыртып жатыр. Қызылорда облысының әкіміне кіріп, жарымжан Нұрмұмахаммедке пәтер алып беруі де – ерлік. Ал «Табанымды топырағыңа күйдіріп» деп жырлаған кіндік кескен жері – Игілікке көзінің тірісінде тамыр жайып, бақ отырғызғаны… ол енді – бөлек әңгіме. Мұндағы әр түп ағаш қазақтан шыққан белгілі тұлғалар есімімен аталғанымен, бәрінің тамырын бойлап оның жүрек лүпілі жүрері анық. «Бағың» жайқалсын, енді саған өлім жоқ, өмір – мәңгі жасыл. Рас, біздің қоғам мұндай сөздерді көзі жұмылғасын айтуға машықтанған. Біз сол дағдыны бұздық. Өйткені жан иесіне сезім атаулыны мың сан бейнеге бөлеп, құбылтып бере алатын құдірет жайындағы сөзді көп кешіктірмеген жөн.

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы

Уай, Маралтай, аруағы асқан ұл,
Мен келдім деп жарияға жар салып,
Алматыда жырдан гауһар шашқан ұл.
Құл емен деп босағада отырар
Бірден төрге ұмтылып,
Алшаң-алшаң басқан ұл.
Ауызыңнан шыққан сөзің мүлт кетпей,
Мен, мен деген, мен деген,
Көзі жерді көрмеген
Талайлардың көкірегін басқан ұл!

Ә дегеннен аңыз еріп соңыңа,
Қарамадың оңың менен солыңа.
Батпаймын деп дүниенің боғына,
Ақ жаныңды ала қаштың, алайда
Түстің барып әзәзілдің торына.
Тай күнінде тұлпар шыққан, тектім-ай,
Айналуға сәл қалдың-ау бір сәтте
Дүниенің қорына…

Тылсым әлем сыр ашты…
Тәуекел деп ұрдың сосын құлашты.
Ту сыртыңнан сумаңдады тіл ащы:
«Жынды», – деді біреулер,
«Алқаш», – деді біреулер.
«Қаңғыбас», – деп мөрледі,
Түсіп қалса қақпанға
Шайнап тастап аяғын
Қаңғып өлер көкжалменен тең деді.
…Соның бәрі – рас-ты.
Достың бәрі сирей-сирей жолыңда,
Өз үйім деп қонып жүрдің қорымға.
Аруақтарға мұң шақтың,
Сөзім шығын етпеймін деп тобырға.
Тірілерден, Маралтай,
Жалғыз Өлең қалып еді-ау жаныңда.

Бір сәулеге көктен жерге шашылған,
Өлең сүйреп келіп еді шашыңнан.
Сол сәулеге жармасып ап өрмелеп,
(Ер Төстіктей шыққан жердің бетіне)
Шыға келдің мүлде жаңа ғасырдан.
Бағың бар-ды, өйткені
Шалқұйрық-Жыр кетпеген-ді қасыңнан.

Көшкен шайтан секілденген іңірде
Күндер кетті. Енді артынан жүгірме…
«Сондай-сондай сор кештім деп
кеудеммен,
Сендер шерді көрмеңдер деп мен көрген»
Ұл-қызыңа айтып көрші.
Бірақ та,
әй, сендіре алмайсың-ау бірін де…
Солай-солай, досым-ай,
Дәурен көшті осылай.
Бәлду-бәлду, бәрі өтірік бүгінде…

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір