БАНК ҚҰШАҒЫНДА (Эссе)
28.11.2023
313
0

Бір шалады.
Екі шалады.
Қозғалмайсың. Таныс емес. Безілдеп барып тоқтайды. Қауіп жоқ. Тоқтағаны абырой болды.
Іле-шала қайта шырылдайды. Үстел үстінде шабақ балық құсап маза таппай, секіріп аунап кеткен соң, көтересің.
– Сіз қарызыңызды өтеген жоқсыз.
– Білемін, – дейсің.
– Қашан өтейсіз?
– Білмеймін, – дейсің.
– Бүгін… – деп келе жатқанда, кенет телефонды өшіре саласың. О бастан кез келген банк келісім-шартында конфликт жатыр. Шешілмейтін. Не оңай шешілмейтін.
Негізінде.
Оны бәрі жақсы түсінеді, бірақ ақша көзге түскенде, ұмытады. Әр несиенің алу себебі бір, бірақ салдары басқа-басқа.
Несие алушылардың қашанда қарызды қалай жабатыны туралы нақты шешімі болмайды. Бір пәле қылып жабамыз деп ойлайды.
Жоспар жоқ, ниет бар. Қаржы әрі-беріден соң, көп ұзамай ортайып қалады. Қаржы ортайғанда, салатын сала іздейді. Мысалы, құм-топырақ таситын ауыр жүк машинасын елде жол салу бағдарламасы бар. Отырып есептейді. Шопырға, жанар-жағар майға. Бірақ машина бұзылса, оған ақша қарастырылмаған. Ол бір аптадан соң сынып қалады да, үш апта тұрады. Есеп бұзылады.
Енді не қалды? Мал шаруашылығы. Көшеді. Қаланы тастап, ауылға келеді. Бір табын сиыр, жиырма бас қой, сосын екі-үш бие байлайды. Мал басы көбеймей, шаруашылығында береке жоқ екені екі қазақтың біріне аян. Өздері де біледі. Баққан мал жегеннен аспайды. Жейді.
Енді қарыз басталады. Қазақша. Бір несиені жабуға екінші несие алады. Бір айда үш-төрт банктен үш-төрт несие алып шығады.
Несиеден несие немесе несиеге несие – тұйық жол. Әдетте құн өсуші еді. Сонда баға көтеріледі. Құнда еңбек жатыр. Еңбектің құндағы көлемі кейде бағадан жоғары, кейде төмен. Оны рынок біледі. Ұсыныс пен сұраныс арақатынасынан құн мен баға арақатынасы қалыптасады. Кезінде оны Маркс жазған. Атақты «Капиталында». Бұрын «Саяси экономия» деген сабақ жүретін жоғарғы оқу орындарында. Қазір өзгерді артық өндіріс пен дағдарыстан, салдары – жұмыссыздықтан қорыққан капиталистік қоғамдар бұл проблемаларды шешті.
Енді қауіп, тіпті қауіптер алдында тұрған тәуекел қоғамдар пайда бола бастады. Қауіпсіздік бірінші орынға шықты. Әлеуметтік мұраттарға қол созған мемлекеттер ақылды экономиканы ойлап тапты.
Тек біздің бизнес-жоспарларымыз аса қарапайым. Трактордан басталады, сосын, малға көшеді, аяғы қарыздан қарыз.
Өрені, ақылды, екеуінің өзегін құрайтын білімді қажет ететін жобалар бар ма екен.
Біздің жақта бизнесті бизнесі жоқтар үйретеді. Тауып алған бір мотивациясы бар – жұртты жинап, ақша табу.
Неге біздің жағдайда құн өспейді, көбеймейді, себебі – жаңа құн жасалмайды, құнды арттыратын еңбек жасалмайды, бағаны көтеретін жаңалықтар жасалмайды. Мысалы, iPhone-дардың кейінгі үлгілері өзінің дүниеге келуімен бағасын көтереді.
Банктердің несиешілдер несиені қалай игеретінінде жұмысы жоқ. Конфликт қайда жатыр? Несиенің өсімі төрт-бес пайыздан асқан соң, ешқандай бизнес-жоба ешқандай мұратына жете алмайды. Жетсе де, сирек.
Бальзактың Марио Пьюзо эпиграф ретінде қолданған сөзін жаңалап айтсақ: кез келген кедейшіліктің артында бір есепсіздік немесе адасушылық жатыр…
Банктер жақсы көріп, құшақтаған сайын тұншығамыз. 

Дүние бізді жалғыздықтан құтқармайды 

Бақыт өзгереді. Жоқшылық, жетіспеу­шілік орнына тоқшылық, молшылық, ырыс келеді. Кеше армандаған, бүгін аңсаған мұрат бейнесі қарауытып алыстан көріне бастайды, сұлбасынан жаңа заманды, қызық-дәуренді аңғарамыз. Көз жазбай танимыз. Ел қуанышты. Бағы ашылды, маңдайы жарылды. Қол босады, қор жиналды. Енді, сауық-сайран құрамыз, ұйытқы жұрт ұйқы көрмей, дәурен кешті. Бірақ шексіз той бола ма, соңы бар, ауыртпашылығы көп, мойынға салмағы түсті, белсенді топ белгілі, шаршады, қажыды, тіпті тамаша да жалықтырады. Жұмыс таусылған, ден сау, көңіл тыныш, демалып шықты, енді панорама ашылады: өмірдің таза өзі көрінеді.
Іш пысады. Бәрі орнында, әр үйде – баршылық. Көңіл алаңсыз өмір сүре алмайды екен. Мәселе іздейді. Бір ермек табады. Сондықтан, бай әулет тоқ елдерде қайырымдылықпен айналысады. Көңіл жайландыратын жұбаныштың бірі, бірегейі де.
Уақыт өтпейді. Жоқшылықта тапшы еді. Бір нүктеден бір нүктеге асыққан сағат тілі уақыт емес, салыстырмалы шарт, шын уақыт кеңістікте жатыр. Бірге туды, қатар өледі, бірақ бөлек жүрген кезі жоқ.
Ермектің күші ішпысқандықты еңсере алмайды, себебі, ермек – жеке тұлғалық, тұрмыстық әрекет, ішпысу – метафизикалық күй. Бізді жалғыз жаратқан. Басымызды қосатын ұқсастықтар бар, алайда бөліп-жаратын айырмашылықтар да көп.
Біз ішпысқандыққа қарсы жалғыз күресеміз. Сондықтан тірлігіміз баянсыз, көңілімізде қаяу, көргеніміз – бейнет, бейнет, бейнет.
Өмірдің өзі қайғы-қасірет жағдайын­да тұр, қазақ оны «дүниенің басы сайран, түбі ойран» дейді.
Ойрандалғанға дейін ой жетеу, ақыл алтау. Абай. Сонда, дүниенің бір кемдігі ғана емес, бір артықшылығы да бар екен. Құса – артық, уайым – артық, мехнат – артық. Кемдігі – құса жоқта құштарлық жоқ, уайым жоқта сүю бақыты жоқ, мехнатсыз ар бола ма, ұят бар ма, тіпті кісіліктің өзі көрген азаптың нәтижесі. Вена үшінші мектебін қалыптастырған, концлагердің тамұқтарынан өткен, ұлы ойшыл Виктор Франкл: азап адамды өзгертпесе, мағынасы жоқ, мәнсіз нәрсе.
Дүниенің әр тасы есепте, әр қадамы көз алдымызда, күй-жағдайы анық. Сол себепті, ішпысқандыққа Құдай жеткізбесін: мұсылмандық шарты, Алла алдындағы есеп, кісілік парыздары – бізді метафизикалық дағдарыстардан құтқаратын қаракеттер.
Жанталасамыз да жатамыз. Қозғалыс – әлемнің тірегі, оның қайнары – күш. Бір сөзінде Вернар Гейзенберг: «Первый глоток из кубка естествознания порож­дает атеизм, но на дне сосуда нас ожидает Бог» деген екен.
Ал Макс Планк Нобелдік сөзінде Гейзенберг ойын қуаттай түседі: «Все во Вселенной создается и существует благодаря силе. Мы должны предполагать, что за этой силой стоит сознательный разум, который является матрицей всякой материи».
Сондықтан дүниеге қызығудың қажеті жоқ, дүние бізді жалғыздықтан құтқармайды, құтқаратын – Құдай. 

Жедел қоғам асығып қайда бармақ?..

Бұрын ғылым панасыз еді, қазір алып кәсіпорынға айналды. Өндіріс пен ізденіс арасы тақай түсті, кеше көздеген мұрат рыноктарға асыққан тауар еді, енді саясатқа араласа бастады, озық елдер, озбыр мемлекеттер IT-technology үлгілерін саяси құралға, ықпалдылық тетіктеріне айналдырып, әлемді өзіне қаратты.
Ғылыми-техникалық табыстар, әдетте сынақтан, тәжірибеден өткен, қызметін тағы бір мәрте тездеткен технологиялар бейнесінде көрінді.
Тегінде, ғылым жылдамдықты нысана тұтты, тұрмысқа бағынды, жедел көліктер жылдан-жылға желаяқ болды, желаяқтығы да пайдаға жарады, өткендегі ұялы телефонға қарағанда, биылғы нұсқа уақыттан ұтты. Қызмет сапасы өзгермесе де, қызмет көрсету жылдамдығы артты. Артылған уақыт үшін ақы төлейсің.
Техника адамның дәл өзі тәрізді: дәуір озған сайын бостандығы күшейді, еркіндігі көбейді, жалпы адамзат тарихы дербестігін жариялағанда, тәуелсіздігін берік орнатты, шеру тартып, бүгіннің шекарасына жетті.
Біртіндеп бұғауды үзіп, бір-бірлеп босау – тарихтың ашылып келе жатқан құпиясы, шешіле бастаған жұмбағы.
Әрине, ғылым тұрмыс жайлылығын (комфорт) арттыра түседі, түрлі епті ойлап табады, мәселені тез шешеді. Тез шешім тез жүзеге асады, тездеген нәрсе үсті-үстіне тездей бермек, тез – санаға сыймайтын, ақылға қонбайтын қимыл, неге тездетеміз, белгісіз, қанағат жоқ, тез жүрген нәрсе жүзін, кейпін, бейнесін жоғалтады. Тез ұшқан да сол.
Көз алдымыздан ағып өткеннің бәрі тегіс бұлдыр, бедерінде бұтақ жоқ, кедір-бұдыры қырналған, қатты жылдамдықтан қадау-қадау қарағай, топ-топ қайың арасы тұтасып, орман болады.
Ширақ, қунақ, шалт қимыл бізді қайда бастап бара жатыр, шаруаны тез бітіріп тастап не істейміз, сөйлестік делік, ой таластырдық, сөз жарастырдық, сосын… бос уақыт пайда болады, екі қолға не ермек, тездік, лезделік нығмет пе, бейнет пе, қоғамдық қозағлыс жеделденді. Желөкпе емес, желаяқ. Жылдам тілдесеміз, тез шешім шығарамыз, шұғыл орындаймыз. Артылған уақытты қалай жинаймыз, уақытқа еңбек сіңірсек, сол еңбек құн, құндылық болады. Ол еңбектің рынок қалыптастырған бағасы бар, еңбек – кез келген нәрсенің құнын сақтап қала алатын маңыздылық. Қаншалықты маңызды ол еңбектің көлеміне, уақыттың мөлшеріне байланысты. Маркстің айтқаны. Бірақ Фердинанд де Соссюр мен Пирс Маркстің теориясынан туындайтын ой-тұжырымға орайластыра, сүйене отырып, бүкіл еңбекті бағалай алатын, айырбастай алатын еңбек (ақша) түрі философиясынан өз гипотезасын жасайды. Ол – белгі.
Белгі – басқа туралы ақпар-мәлімет таратып тұратын таңба.
Жедел қоғамда іс-әрекет ұшқыр. Жедел жәрдем түсінікті. Бірақ жедел қоғам асығып қайда бармақ, не қайыр таппақ?
Қайыр емес, төніп келе жатқан қасіреттей. Жылдам, тез жай сөйлестірмейді, қаракеттің өзіне қиялдан қанат байлап, ойшылдықтың шыңына самғап, жылдам ұшып шыққысы келеді, жоқ, әдетте биік тауларға асықпай көтеріледі, әңгіме-дүкен құрып, бір-біріне ілесіп, ақырын аяңдап жүреді, асыққандар тез шаршап қалады, жарықтан жүйрік тек қана кванттар шығар, шапшаң бөлшектерде мақсат жоқ, әлде мақсаттарын көзіміз шалғанда, жай отындай жарқ етіп, көрінбей, бізге жеткізбей кетеді.

 

Дидар
АМАНТАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір