МЕНІҢ БЕРДІБЕГІМ (эссе)
06.02.2024
2754
0

Еркін

 Менің Бердібегім! Әсілінде, «менікі» деп бір тұлғаны тұтастай меншіктеп алу оңай шаруа болмаса керек. Бірақ сонда да Бердібек – менікі. Зейнолла
Қабдолов «Менің Әуезовім» деп кітап жазды емес пе? Зейнолла ұстазымыздай бола алмаспыз. Сонда да, Бекең жайлы айтар ойымды, Бекеңнің шығармашылығы туралы түйгендерімді бірінші жақтан баяндағым келеді. Өйткені…
Қазір өз басым бір ақиқат­ты анық білемін. «Өлгендер қайтып келмейдідегі» Еркіннің бүгінгі кейпі – мына менмін. Мен дегенім – біз! Біз дегенім – осыны оқып отырған сіз.
Қош! Меніме оралайын.
Бердібек менің көзіме арғымақ болып елестейді, кейде… Тұсаулы арғымақ! Аяғын темір кісен қажаған. Сол кісенді азат ел болғанда да шеше алмай отырған жоқпыз ба?
Әрине, бұл сұрағым сәл күлкілі болар! Күле отырып сол кісенді бірге шешсек.
«Өлгендер қайтып келмейдінің» бас кейіпкерінің аты – Еркін. Неге Беркін емес? Неге Өркен, я Көркем емес? Не көп, кейіпкерге қойылатын ат көп емес пе? Бірақ менің Бердібегім Еркіннің, еркін адамның өмірін сурет­тегісі келді. Бүкіл романның басынан аяғына дейін тоталитарлық жүйемен алысатын шынашақтай кейіпкерге басқа ат мүлдем қонымды болмайтынын жазушы түйсігі анық білген.
Бұл ойымыз дәлелді болу үшін «Менің атым – Қожа» шығармасынан мысал келтірейік. Осы шығарманың желісімен түсірілген фильмде басты кейіпкер болып ойнаған Нұрлан
Сегізбаев бір сұхбатында: «Соқпақбаев «Қожа» деген ат арқылы бұл мемлекет­тің Қожасы осы сотқар бала екенін айт­қысы келді», – деген болатын. Ал ол елдің сұлтаны – Сұлтан образы екені айтпаса да мәлім.
Осы жерде ат пен атауға қатысты өзім білетін бір жайт­ты айтпай кетуге болмас. Бекеңнің Жанар есімді қызы кішкене кезінде шетінеп кеткен. Жазушы сол қызғалдағының атын қазақ әдебиетіне «Менің атым – Қожадағы» Жанар образымен мәңгілікке қашап жазып кет­ті. Яғни бұдан шығарма жазу барысында Бердібек кейіпкерлеріне ат­ты аспаннан алып қоймайтынын аңғарасыз. Яғни әдебиет ғылымын зерт­теп жүрген жас талапқа Бердібек кейіпкерлерінің аты мен затынан-ақ үлкен ғылыми еңбек жазуға болатынын ескерте салу – бізге парыз.
Осылайша, Кеңес дәуірінде «Еркін» деген ныспы һәм еркін кейіпкердің образымен Азат­тық туралы роман жазу Менің Бердібегімнің тәлейіне жазылды.
Бұл – бір…

Тұйық

Еркіннің ауылының аты – Тұйық. Романда Тұйық – Қарасаз ауданына қарасты ауыл болып сурет­теледі. Бұл шығарманың алғашқы нұсқасы алпысыншы жылдардың аяғында жазылғанын ескерсеңіз – ол кез­де Қарасазды ешкім білмейтін. «Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім, Жыр жазсам, оған, жұртым, елеңдестің» дейтін Мұқағалидың өзі мұқым елге таныла қоймаған кез.
Қарасазды аудан орталығы деп сурет­теу неге қажет болды? Ол жағы маған белгісіз. Бәлкім, болашақта бұл ауылдың бүкіл Алаш баласының назарында боларын Тәңір-Ием аңғарт­ты ма екен?! Әйтеуір, қасиет­ті қаламға «Қарасаз» деген сөз ілінді…
Ал, меніңше, Бекеңнің көрші Кеген ауданына қарасты Тұйық ауылының атауын Қарасаздың маңына «көшіріп алуға» себеп жеткілікті секілді.
«Тұйық» деген сөздің өзі түсінген адамға жазушының ішкі әлемінде жат­қан бар сырды суыртпақтап бермей ме?
Тұйыққа тірелген қоғамның барар жері – Тұйықта.
Еркін де әркез сол өз Тұйығына оралып отырады.
Маған сенбесеңіз, Бекеңнің туған жерін картадан көріңіз. Көсіліп жатқан ұлан-ғайыр атырап Нарынқолдың тұсына барып тұйықталады.
Онан ары – жол жоқ!
Бердібектің дәуірінде де бар жол, бар соқпақ шұбатылып барып, бір жерге (тоталитарлық жүйеге) түйісетін де, одан ары барлық жол жабылатын. Осы Тұйықтан шығар соқпақ іздеген жалғыз адам – Еркін! Еркін деген – Бердібек. Көбіміз елеп-ескере бермейтін осы детальдан менің Бердібегімнің әр сөз, әр сөйлеміне шұқшия қарау керектігін аңғардым.
Еркін адамның Тұйықта өмір сүруі мүмкін бе?
Мұны екі деп қойыңыз!

«Халық жауының» баласы

Жазушы романынан жай ғана екі сөздің мағынасын аштық. Кешегі қылышы қанға малынған заманда осылай сөз саптауды бастаған жазушы тағы нені «бүлдірді»?
Осыдан бірер жыл бұрын менің қолыма «Өлгендер қайтып келмейдінің» түпнұсқасы (бірінші дәптер) түсті.
Сол нұсқада әлгі қоғамға басы сыймайтын Еркін кейіпкер – «Халық жауының» баласы болып сурет­теледі.
Кейіннен білесіз, бұл тұс қысқарып, қидалауға түскен.
«Бұл жолы әкем келе қоймады, кешіге берді: енді кеп қалар деп, елеңдеумен біз отырмыз. Кенет есік алдында жатқан қар сықырлады. Е, бәрекелді, әкеміз болар деп едік, ол болмай, басқа біреулер тық-тық еткізіп есікті қақты. Балалық мінезім ұстап:
– Да! – деп, айқайлап жібердім. Сау етіп үш-төрт адам кіріп келді.
Кейбірін танысақ та, кейбірінің түсі басқа, суық. Алдыңғы біреуі сөлбірейтіп шинель киген, портупея асынған, белінде наган. Шешем екеуміздің көздеріміз атыздай болып кет­ті.
– Тінтеміз, – деді шинельді.
«Неге?», «Не үшін?» деп сұрауға бізде шама жоқ. Біреудің үйін тінту, адамын ұстап әкету ол кез­де онша қиын емес.
Тінте бастады. Жүк, төсек-орын, қора-қопсының әптер-тәптерін шығарды. Не іздеп жүргендерін құдайым өзі білсін. Күмістеген ескі ердің кұйысқан, тартпа, өмілдірігімен қоса ескі құранды да әкет­ті.
Соңынан білдік, әлгілер біздің үйге тінту жасап жатқанда, екі милиционер Жабырда жылқыда жүрген жерінен әкемізді қамауға алып, Карасазға айдап әкетіпті.
Ойламаған жерден шаңырағымыз ортамызға түсіп, астан-кестең болдық та қалдық. Шешем зар жылап:
– Жұртым-ау, бұл не сұмдық? Қандай пәле болғанын айтсаңдаршы? – деп, біресе зыр жүгіріп ауыл совет кеңсесіне, біресе колхоз кеңсесіне барады. Бірақ ешкім оған ештеңені түсіндіріп айта коймады.
Ол кез­де Тұйықта колхоз председателі Нұрәлі.
Әкем қамалғанның соңынан: «Мамырбай халық жауы болып ұсталыпты. Қытайдағы бандамен байланысы бар екен!» деген тажалдан суық хабар дүңк ете қалды. Мәссаған, керек болса! Бұл біз үшін күн жарқырап тұрғанда төбемізден шарт етіп жай түскенмен бірдей еді.
Әкеміздің қамалуына байланысты… біз басқа сұмдықтың бәрін күтіп едік. Бірақ дәл осыны күткен жоқ едік. Сауатсыз, қараңғы адам. Осы колхозды колдан тұрғызысқан ку тақыр кедей. Қаршадайынан бастап өмірі байларда жалшылықпен өткен. Қой аузынан шөп алмас момын. Сондай адам кайтып халық жауы болады? Қысы-жазы бел шешуге мұршасы келмей мал соңында жүріп, Қытайдағы бандамен калай байланыс жасайды?
Бұлай деп үн көтеріп, ауыз ашуға әл қайда. Жұрт­тың бәрі көлеңкесінен қорқады.
Сол кеткеннен әкем байғұс зым-зия кете барды. Қарасазға бір түнетіпті де, Жаркент­тің түрмесіне әкетіпті. Соңынан бір-екі айдан соң қайта әкеп, жасырын сот жасапты. Бізді оған қатыстырмақ түгіл жолатқан да жоқ. Шешем байғұс неше күн сыртынан торуылдап жүріп, жолыға да алмай қалды. Тек: «Мамырбайға он жыл беріпті» деген хабарын бір-ақ есіт­тік.
Кұдай-ау, не үшін? Не қылмысы үшін? Кімдер куә болыпты?
Біз жауап таба алмаймыз. Тек ел аузында әралуан пыш-пыш алыпқашты әнгіме бар. «Мамырбайды бандамен байланысы бар деп, қаматушы да, оған негізгі қаралаушы, куә болушы да Нұрәлі екен», – дейді.
Кім біледі, болса – болар дейміз. Бұлай ойлап, сезіктенуге бірсыпыра себеп те бар. Неге екенін мен өз басым анық білмеймін, бірақ әйтеуір әкем Нұрәліні жек көретін. Оның аты естілсе, жиырылып тұратын. Техникумға оқуға кеткенге дейін Сәрсебек ағайым кеңседе Нұрәлінің қарауында есепші болып істеді. Сонда әкемнің бірнеше рет: «Балам, Нұрәлі жаман адам, байқа. Сақ жүр!» деп, айтып отырғанын еститін едім. «Не-сі жаман?» деп, мән беріп сұрап қоймаушы едім.
Және бір себеп: сол әкем ұсталардан үш-төрт ай бұрын, 1937 жылдың күзінде, біздің Тұйықтан Бөкей,
Мәмбет деген адамдар халық жауы болып ұсталды. Бөкей – ұста, ал
Мәмбет еті тірі белсенділеу адам. Әртүрлі қызмет­тер атқарып жүретін. Ел соларды да: «Нұрәлі ұстатыпты. Нұрәлі тыңшы екен» деген сөздер айтып жүрді.
Үшінші себеп: әкеміз қамалған соң Нұрәлі бізге тіпті қырын қарап алды. Халық жауының баласы, халық жауының қатыны деп, төбемізге талай рет камшы ойнатқан кез­дері болды. Міне, осының бәрі тегін бе?
Ал бірақ әкемді қаматып айдатушы дәл осының өзі деп, біз тап басып айта алмаймыз. Оны өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіген жоқпыз. Расында да дәл солай ма? Жоқ, солай емес пе деп, көңілге күдік кіретін кез­деріміз де болады».

* * *

«Әкем қамалғаннан соң бір айдан кейін киім-кешегін арқалап, ағайым сүмірейіп үйге келіп тұр. Сөйтсе, оны халық жауының баласы деп, әрі оқудан, әрі комсомолдан шығарып жіберіпті.

* * *

Ол тіпті өзінің 1917 жылы туғанын да мақтаныш көретін. Жасы он төртке толар-толмастан комсомолға жазылған. Енді, міне, сүтке тиген күшіктей бәрінен аласталып отыр».

* * *

«Бір күні ойнап-күліп Нүсіпбай екеуміз белдеуге таласып жанжалдасып қалдық.
Нүсіпбай:
– Халық жауының баласы, кет! Жолама біздің үйге деп! – мені ұрып, қуып жіберді.
Мен кете бардым. Ұрғаны ештеңе емес, «халық жауының баласы» деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме бір-ақ жет­ті. Төбелесейін десем әлім келмейді.
Үйге келдім де, ет кесетін мүйіз сап қара пышақты алып, Нүсіпбайға қайта бардым. Пышақ ұстаған қолым артымда жасырулы. Нүсіпбай мені көріп:
– Неге келдің? Мен саған бұл араға жолама деп айтпадым ба? – деп, қодиланып, қарсы жүрді.
Мен үндемей жақындап келдім де, пышақпен Нүсіпбайдың бетінен көлденеңдей тартып кеп жібердім. Нүсіпбайым баж етіп, бетін басып, отырды да қалды. Қара қан қолының сыртын жауып кет­ті. Мен жалт беріп, зыта жөнелдім.
Үйге де соқпастан қырқаны асып, басым ауған жаққа тартып отырдым. Сол күні ауылға жолаған жоқпын. Егінжайдағы ескі қырманға түнеп, ертеңінде қараңғы түсе үйге бір-ақ келдім. Мені жазым боп қалды ма деп ойлап, үйдің іші, бүкіл ауыл-аймақ болып іздеп жүр екен…
Нүсіпбайдың беті тыртық боп біт­ті. Менен қалған таңба».
Цензураға кеткен бұл бет­тердің орны қалай толтырылды. Түпнұсқа қаншалықты өзгеріске түскенін бағамдау үшін оны да назарыңызға ұсына кетейін.
«…Алтыншы оқып жүрген кезім. Әкем жуырда қайтыс болған. Қысты күн. Топ бала жар қабақтан сырғанақ теуіп жүрміз.
Нүсіпбай дейтін менен екі-үш класс алда оқитын, сотқарлау жуан білек бір баламен жанжалдасып қалдым. Екеуміз боқтастық. Нүсіпбай:
– Әкеңнің аузын… жетім, – деді.
Жетім деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме жет­ті.
Екеуміз жат­а кеп төбелестік. Нүсіпбай менен әлді, күшім келмейді. Таяқты көбірек жеп қалдым.
Өшім кетіп бара жатыр. Жетім деп қорлағаны тағы бар. Сазарып үйге келдім. Нүсіпбайдан қалай да өш алуым керек. Қалай алам?
Ет кесетін мүйіз сап қара пышағымыз бар. Әлгіні жеңімнің ішіне тығып алдым да, сырғанақтың басына қайта бардым. Үн-түнсіз кеп,
Нүсіпбайдың бетінен пышақпен көлденеңдей тартып жібердім…
Нүсіпбай баж етіп, бетін басып, тұрып қалды. Қара қан қолының сыртын жауып кет­ті».
«Жетім» деген сөз, әрине, кімге болмасын ауыр тиеді. Бірақ менің
Бердібегімнің Еркін кейіпкерін жетім деген сөз жасытпаса керек-ті. Оның жүрегіне тікен болып қадалған – «Халық жауы» деген жәбір.
Өзі Еркін, Тұйықтағы адамның «Халық жауының» баласы болуы оңай ма?
Бұған үш деп айдар тағайық…

Қойдың басы

Менің Бердібегімнің романындағы қай сюжетін, қай деталін алсаңыз да, темір шеңгелді жүйеге деген қарсылық менмұндалап тұратыны қайран қалдырады. Елдің назарына іліге бермейтін мына бір қиыннан қиыстырылған детальге үңіліңізші.
«Рас, магазиндерде, кейде ет болмай қалады. Ет сөресінде құйқасының жарым-жартысы күйіп кеткен, тістері ақсиған кіл қой бастары тұрады. Сүйек мүжи білетін қазаққа бұл да тамақ. Енем әлгідей бастың екі-үшеуін бір-ақ алып келеді. Жақсылап, тазалап жуады. Бабымен былбыратып асады да, қамыр салады. Үй ішімізбен лықа тоюға жарайтын бір табақ ет боп шығады.
Құйқаның сорпасы қандай сіңімді. Қолдан сойған малды еске түсіреді.
Миы не тұрады.
Мен кейде таңырқайтын едім: бастары бар да, денесі жоқ, бұл неғылған қойлар? Тек бастарын кесіп әкеп, сатқаны ма?».
«Өлгендер қайтып келмейді» – ас та төк тамақ туралы жазылған Тынымбай
Нұрмағанбетовтың «Мешкейі» емес. Бірақ жазушы кілт бұрылып, сюжет желісін бұзып, асханасына кіріп кеткені несі? «Мен кейде таңырқайтын едім: бастары бар да, денесі жоқ, бұл неғылған қойлар? Тек бастарын кесіп әкеп, сатқаны ма?» деу арқылы қазақтың бар байлығын Мәскеу тасып жатыр деп емеурін танытып отырған жоқ па? «Сүйек мүжи білетін қазаққа бұл да тамақ» деген сөйлемнің ауыр жүгін осыған дейінгі сыншылар неге айтпады?
Бұл кешегі қоғамды былай қойып, дәл бүгінгі Еркіндердің, Тұйықтағы «халық жауының» балаларының өзі айтуға дәті бармайтын шындық емес пе?.
Мұны төрт деңіз…

Қызыл Армиядан
күшті армия бар

Менің Бердібегім – Қызыл Армиядан күшті армия бар екенін ашық айта алған жазушы. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да мысал келтірейік:
«Соғысты мен мұншалық ұзаққа созылар, халықтың қабырғасына аяздай бататын қиыншылыққа айналар деп еш ойлаған жоқ едім. Жау жеңіліп, біз жеңіп, ура, урамен біте қалар деп ойлағам. Дүниеде бізден күшті ел, Қызыл Армиядан күшті армия жоқ деп білетінмін. Олай болса, жаудың біздің жерімізді басып алып келе жатуы, біздің шегініп келе жатуымыз қалай? Түсіну қиын».
Рас. Дәл уақытында айтылмаған ақиқат­тың құны жоқ. Цензура билеп-төстеп тұрғанда «Дүниеде бізден күшті ел, Қызыл Армиядан күшті армия жоқ деп білетінміннің» астарында Кеңестер Одағынан да күшті елдер бар екенін аңғарту ойы жатқандай көрінеді. Бекеңнің ешбір жинағына енбеген «Ергежейлі еліне саяхат» хикаятында осы сөйлемнің мәні фантастикалық тұрғыда ашыла түседі. Мадақ пен қошеметке малданған жүйені ол былай сурет­тейді:
«– Ергежейлі халқын бақытқа жеткізуші данышпан көсем Жасабол жасасын! – деп, айқай салған ұранмен аяқтадым.
Елдесер менің әр сөзімді Ергежейлі тіліне аударып тұрған. Соңғы сөзімді аудармай бетіме бажырая қарады.
– Мен болдым, аудар, – дедім.
– Біздің президентімізді сіздің жәбірлегіңіз келе ме?
– Қалайша?
– Президент­ті көзіне мақтап қолпаштау, біздің елдің дәстүрінде өте ұят мәселе. Жәбірлеп тілдегенмен бірдей сөкет кылық.
Мен әрі сасып, әрі қысылып қалдым.
– Ойбай, онда аударма! – дедім».
Рас. Кешегі КСРО кезінде көсемді ұлықтау, оған табыну дәстүр болды. Ондай елде Қызыл Армияны өтірік ұлықтап, жер-көке сыйғызбау – заңды құбылыс. Оны бір сөйлеммен-ақ қоясын ақтарып, жалпыға ішек-қарнын ақтарып тастау кімнің қолынан келеді?
Еркіннің, Тұйықтағы, бар байлығына Мәскеу иелік еткен «Халық жауының» баласының ғана…
Бұған бесінші саусағыңызды бүксеңіз болады.

Атом бомбасына қарсылық…

Адамзатқа қауіп төндірген атом бомбасына деген қарсылық Қазақ­станда сексенінші жылдарда ғана басталғандай көрінеді. Кешірім Бозтаев, Олжас Сүлейменовтер бастаған Семей полигонын жабу күрестерінің басында Менің Бердібегімнің тұрғанын ұмытып кете береміз.
1966 жылы «Қазақ­стан пионері» газетінде Бердібек Соқпақбаевтың «Ергежейлі еліне саяхат» шығармасының үзіндісі жарияланды. Артынша, дереу цензураға ұшырап, аталған хикаят жариялылық келген соң, яғни 1990 жылы ғана «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Сосын, атом бомбасына қарсылық көрсеткен Бекеңнің осы шығармасы тағы назардан тыс қалды (2015 жылы аталған хикаят­ты осы жолдардың авторы журнал тігіндісінен тауып, қайта әдеби айналымға енгізді).
Сол шығармада Ергежейлі еліне қарсы патшалықтың «мота» бомбасымен қаруланатыны бар. «Мота» сөзін керісінше оқысаңыз – «атом» деген сөз шығады. Осы бір өте қарапайым сөзжұмбақты шешсеңіз болды, сол тұстағы атом бомбасымен қаруланған КСРО мемлекеті көз алдыңызда көлбеңдеп тұрып алады. Атом бомбасының адамзат баласына қандай апат әкелетінін айпара сынайды. Бұл Кеңестер одағының қылышынан қан тамып тұрған уақыт болатын. Яғни 1966 жыл…
Мұны алты деп қойыңыз!

Соғыс және әйел…

«Өлгендер қайтып келмейді» романының цензураға түскен бет­терін жариялай бастағанымда маған: «Кейбір жайт­тарды бүгіп қалуың керек еді», – деген ағаларым болды. Оларға, бәлки, періште Бердібек керек шығар. Олар онымен қоймай Бердібектің кейіпкерлерінен де кіршіксіз тұлғаның образын жасап алғысы келе ме, қалай?!
Өмір мен көркем шығарманың арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты таразылау үшін әркез шындыққа жүгіну керек. Менің ішкі түйсігім осылай дейді.
Біздің бүгінгі қоғам әлдебір қасаң қағидат­тардың шырмауында қалған.
«Мынаны айтпа, ұят», «Мұнымен оқырманға не тәрбие бергелі отырсың?» деген секілді сансыз ескертуге тойған адам ретінде мынаны айт­қым келеді.
Біздің әдебиет ағартушылық рөлінен азат болар кез баяғыда жеткен. Әдебиет­ті кеңестік кезеңдегідей саяси идеологияның «есегі» етуді қою керек. Әдебиет айдыны – діни идеологтардың дін тарату алаңына айналмағаны ләзім.
Әдебиет­ті – өнер деп бағалайтын күн туса, біз әр қаламгерге әділ бағасын бере алар едік.
Өнердің өзін біржақты саясиландырып жіберуге болмайды.
Меніңше, бір дәуірдің тұтас болмысы мен қоғамның шындығы көрініс тапқан кеңестік жүйе қидалап тастаған «Өлгендер қайтып келмейді» романының да әр қырына індете көз салған дұрыс. Жеке адамдарға ұнамайтын кейбір оқиғаларды жылы жауып қою – ақиқат­тан қашу.
Бердібек Соқпақбаевтың кейіпкер Еркіні романның түпнұсқасында өз жеңгесімен көңіл қосып, жүкті қылып қояды. Кейбір кісілердің ойынша, мен осындай қалтарысы көп жайт­ты қалың оқырманға айтпай бүгіп қалуым керек екен.
Соғыс жылдарындағы аналарымыздың басынан өткен ауыр тағдырды жасырып қалу қаншалықты әділет­ті…
Қиылып кеткен романнан үзінді келтірейік…
«Бұдан нашар кезімде де күніне пойыздан он екі сағат бойына таскөмір түсіруге жараған едім. Оның қасында мынау, тәйірі, жұмыс па? Қаныша жеңгемді аяп, одан гөрі неғұрлым асыра қимылдауға тырысып бағам. Сөйтіп екеуміз жердегі шөпті жарыса алып лақтырғанда, енді маяның үстіндегі Қошқарбай жия алмай қалатын болды:
– Ой, жайлап әперіңдер! Жайлап! Немене, біреу қуып келе ме?
Жердегі шөп әп-сәт­те сап болады. Келесі шөмеле келгенше жеңгем екеуміз біраз демалып қаламыз. Қаныша жеңгемнің оқта-текте ұстап кететұғын бала мінездері бар.
– Ерка, күресесің бе?
– Кел!
Жеңгемнің жұп-жұмыр қыпша белі құшағыма тола кетеді. Қап-қат­ты алмасы кептеліп кеудеме тіреледі. Бірімізге-біріміз беріспей көп алысамыз. Жыққым-ақ кеп жан-тәнімді салсам-дағы жыға алмаймын. Жеңгемнің қимылы менен гөрі ширақ та тегеурінді. Мені сілкиді де аяғымды жерге тигізбей ұршықтай үйіріп әкетеді. Мен де мысық секілдімін, жығылмай дік етіп, аяғыммен түсем.
Жоғарыда маяның үстінен әлдене есіне түскендей болып күнге күйген қара әжімді жүзі жылтырап, күлімсіреп Қошқарбай қарап тұрады. Жұмысқа барған-қайт­қанда міңгесіп атпен жүреміз. Қошқарбайдың сол араға сап қойып бағатын кер биесі бар. Садуақас екеуі соған міңгеседі. Екінші шөмеленің атына Қаныша жеңгем екеуміз міңгесеміз. Жеңгем – ерде. Мен шапан төсеп, артына жайдақ мінем.
Екі шал жұмыс доғарылды болды, асхананы бетке алып тартып жөнеледі. Біз арт­та қалыңқырап қоямыз. Кейде күн аса ыстық кез­дері осы арадан бірталай жердегі Ақсудың өзеніне барып, салқындап шомылып та қайтамыз. Жеңгемнің бала мінездері ат үстінде де ұстап кетеді. Тып-тыныш келе жатады да, бір кез­де оқыстан тебініп қалып, шаба жөнеледі. Мен бейқам отырғандықтан шалқалап жығылып қала жаздаймын да, жеңгемнің белінен құшақтай алам.
– Өзіңді құлатайын ба? – деп жеңгем олай-бұлай бұлқынып әлек салады.
– Құлата алмайсың.
– Құлатам.
Екеуміз ат үстінде шындап алысамыз. Кейде ұмар-жұмар құлап та аламыз. Жуас ат қашпайды. Жеңгем жығылса да, жықса да мәз боп сақ-сақ күледі. Көзінде құтырынған жарқыл бар, мен әлгіден сес­кеніп, байқамауға тырысам.
Ағамнан бір жарым жылдан бері хабар жоқ. Күнәһар көңіліне әртүрлі сұғанақ ой кіреді. Жеңгемді әлі де жақсы көріп, сүйетінім өз алдына, ауызданып, дәндеп алған нәпсі ит те қызыл көрген қырандай кей-кейде ақыл-санамды билеп кете береді. Мен енді күн санап жығыларын білген адамдай аяғым тайғанақтап, ұстамдылығымнан айрылып бара жатқанымды кеш сездім…».

* * *

«Бір күні жұмыс соңында сіркіреп жаңбыр жауып кет­ті. Салынып жатқан маяның іргесін үңгіп, кіріп-кіріп кет­тік. Қаныша жеңгем екеуміз бірге жатырмыз. Мен ірге жақтамын. Жаңбыр жуық арада басылар емес. Көк жүзі тұтас бұлыңғырланып, аяғы ақ жауынға айналып барады. Су шөп кеппейінше, маяға салуға болмайды.
Қошқарбай мен Сәдуақас жаңбырдың басылмасын көрген соң, шапандарын киіп алды да, міңгесіп, орта қазанға қарай тартып отырды.
– Жеңге, кетпейміз бе?
– Су боламыз ғой. Мүмкін, жаңбыр басылып қалар. Жата тұрайық.
Айнала-төңірек тым-тырыс. Тек жауынның шөпке шып-шып тамған сыбысы ғана естіледі. Мына жағымнан жауын тие бастады. «Ары таман жатшы», – деп жеңгем де мені қысып, тақала түсті. Маяның шөбі әлі кең, үңгіп кірсең бойлап кете беретін тәріздісің. Әлгі арада кәдімгідей әдемі үңгір пайда болды. Іші алакөлеңке, әрі құрғақ, жып-жылы. Бұл арадан адамның тіпті шыққысы келмейтіндей. Бірсыпыра жат­тық. Күн кешкіріп барады.
Жеңгем маған тақалып, өн бойымен дір-дір етеді. Тоңып дірілдейтіндей. Бір кез­де ол оқыстан жалт бұрылып, маған қарап жат­ты. Демі ыстық. Басын төсіме басып, құшақтап алды да, оқыстан солқылдап жылай бастады. Мен шошып кет­тім».

* * *

«– Ерка, сен не сезесің? Ештеңе сезбейсің бе?
– Жоқ.
– Бері таман тақалып жатшы… Әне, байқадың ба?
– Бұл не?
– Өзің не деп ойлайсың?
Басым зың ете қалды. Қуаныш пен ұят қабат қысып, не дерімді білмедім.
Бүлк еткен кішкентай қатқыл нәрсе жеңгемнің құрсағында. Батып жоқ болып кетеді де, сәл орын алмастырып, қайтадан білінеді. Тағы да бүлк-бүлк ете қалады.
– Енді білдің бе?
– Білдім…
– Ерка, менің кетуім керек.
– Қайда?
– Өзім де білмеймін. Не де болса, енді мен көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа кетем. Ертең ел бетіне қалай қараймын?
Мені енді қайғы баурады.
– Ендеше, бәріміз бірге кетеміз де.
– Ертең Сәрсебек келсе, онда не болады?
Не болатынын мен қайдан білейін. Үндемеймін.
– Сендер өз күндеріңді өздерің көретін халге жет­тіңдер, – дейді жеңгем.
Мұнысы – менсіз де өлмейсіңдер. Адам болып кетесіңдер дегені.
– Жоқ, сен ешқайда да кетпейсің.
Жеңгем осы ауылға алғаш кеп, бала оқытып жүргенде, мен де оған ынтық болғандардың бірі едім. Соны оған әлі айт­қан жоқпын. Айтсам ба екен?
Жоқ, айтудың қажеті жоқ. Айт­тым не, айтпадым не бәрібір, болар іс болды».

* * *

«Аманшылық болса, енді бір алты-жеті ай өткен соң балам да болады. Өзім біреуге әке болам. Содан кейін еңбек етіп, өмір сүре бергеннен басқа не қызық қалады.
Бір кез­де жартастан құлап өлмекші де болдым-ау. Тфу, неткен ақымақпын. Орысша айтсам, дурак екенмін ғой!».
Соғыс кезіндегі әйелдердің тағдырын таразыға салар біз емеспіз. Бірақ, қазірдің өзінде арамызда сол бір қанды жылдары жолдан табылған сәбилердің қаншама ұрпақтары жүр. Бәрін түстеп танимыз, білеміз, айтпаймыз… Бұл – ұлт­тың ұлы трагедиясы еді. Ол трагедияның тым құрығанда әдебиет­те қашалып қалуына қарсылық танытпау керек.
Менің Бердібегім сол бір дәуірдің бүкіл ащы запыранын осындай бірер жолдармен сыртқа лақ еткізіп төге салды.
Кеше қидаланып кеткенімен, бүгін, міне, жазушы шындығы өз қолымызда тұр.
Тұйықтағы Еркін, бар байлығына Мәскеу иелік еткен «Халық жауының» баласы соғыс кезіндегі әйелдер қауымының жан-күйзелісін шынайы сурет­темеуі әсте мүмкін емес.
Мұны жеті деп қойыңыз.

Түйін

Бердібек Соқпақбаев еркіндей азат елдің кейіпкерін сомдап, «тұйықта» қалған қазақ қоғамын азат­тыққа бастады. Қазақ қаламгерлерінің басы болып, атом бомбасына қарсылық көрсет­ті. Елден бұрын «Халық жаулары» туралы шындықты да алғаш жазып, қазақтың шетке кеткен байлығын жоқтады. Қылышынан қан тамған қызыл дәуірде Қызыл Армияға күмәнмен қарап, сол замандағы әйелдердің қым-қиғаш тағдырын шынайы сурет­теуінің өзі Бердібектің тұлғасын биіктете түсері анық.
Жүз жылдық мерейтой қарсаңындағы Соқпақбаевтың соқпағы туралы әңгімелердің өзегі бұрын көп айтылмаған тың жаңалықтармен түйісіп тұрса деген ниетпен осы мақаланы жаздық…

Қанат Әбілқайыр,
жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағының
Алматы облыстық
филиалының төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір