«ҚОҢЫРДЫҢ» КҮЗІ (Эссе)
09.02.2024
563
0

 Мұхтар Әуезовке Кеңес Одағы сияқты алып мемлекет­тің ең абыройлы марапаты – Лениндік сыйлықты беру туралы жарлық 1959 жылдың 22 сәуірінде жарияланды.
Жазушының алпыс жылдығы 1957 жылы Одақ көлемінде кеңінен аталып өткеннен кейін-ақ өмірде көп қуғын көріп, сталиндік репрессияның құрбаны бола жаздаған, әр шығармасы зор мехнатпен, алабүлік арандатушылар жасаған үлкен саяси кедергілерден күзеліп-түзеліп әупірімдеп жарық көрген, алақабдал күй кеше жүріп төрт кітаптан тұратын алып эпопеяны дүниеге әкелген жазушыны мәртебелі сыйлыққа ұсыну жөніндегі әңгімелер көтеріле бастаған.
Әуезов Мәскеуде бой тасалап жүргенде оның ұзақ жылдарғы тілеуқор іні-досы, ақын Әбділда Тәжібаев 1954 жылдың 23 сәуірінде: «Басының сырты қандай тақыр болса, іші де сондай тақыр Жұмабай кеткелі, ол көтерген маймылдар әлсірей бастағаны біздің аңқауымыз әдеміленіп келеді. Думан тойды ­Пономаренко ала келді. Ғабиден депутат болады дегенде бір тойлап едік, сайланып қайт­қанын тағы қуаныш ет­тік. Пленум өт­ті. Адам сияқты адам шын адамның сөзін айт­ты. Жазушыларға ілтипат, мейірім көрсет­ті. Нұрышев сияқты қоқырсықтар кіруге тесік таппай бұғып отырды. Адырайған, қомпиған, тікеңдеген, әкіреңдеген Шұжықұлының өзін көрсеңіз еді. Майлаған қасықтай жылп-жылп етеді…», – деп жақсы мен жаманды айырмаған делқайыр дәлдүріштердің пәруайсыз тірлігінен әбден зәрезап болған алыстағы жазушының көңілін албайды (Әуезов үйінің қолжазба қоры, 426-п, 5-бет).
Тәжібаев хатында: «Мүмкін бізге жақсылық, жаңалықтарды арқалай келген Пономаренкомен өзіңіз кез­десіп, сөйлескен боларсыз», – деген сөздер де бар. Әбділда ағамыз мұны Әуезовтің Мәскеудегі тірлігінен жақсы таныс болғандықтан жазып отыр. Өйткені Мұхаң 1953 жылдың 21 сәуірінде П.К. Пономаренко КСРО Мәдениет министрі болып тұрғанда оған МГУ-дің профессоры ретінде хат жазып, Кеңес Одағы халықтары әдебиетін оқытуды жетілдірудің жөн-жобасын көрсеткен. Ол кез­де барлық жоғары оқу орындары Мәдениет министрлігінің қарамағында еді.
Пантелеймон Кондратьевич бұған дейін он жыл қатарынан Белоруссия сияқты соғыстан қат­ты зардап шегіп, Мәскеуден көп азар алған одақтас республиканы басқарып, перифериядағы аз ұлт­тар басындағы проблемалы мәселелерді жақсы пайымдайтын парасат­ты басшылар қатарынан еді.
Пономаренко Қазақ­стан басшы­лығына келген соң қуғындағы Әуезовті елге шақырып, ұлт әдебиетінің алыбына сый-құрметін аямай көрсетеді. Екеуінің арасында бір-бірінің қадірін білген қимас достарда болатын сыйластық орнығады. Бұл туралы Д.А. Қонаев ағамыздың «От Сталина до Горбачева» ат­ты мемуарында: «За короткий срок работы с Пономаренко у меня сложились с ним дружеские отношения. Он был человеком твердого характера и очень доступным, простым. Умел располагать к себе собеседника, был очень демократичным.
Вспоминается такой случай. Писатель Ауэзов позвонил мне и пригласил в гости. В конце разговора добавил, что приглашает и Пономаренко. Толь­ко я положил трубку – звонок от
Пономаренко. Он предложил пойти к Ауэзову вместе.
На вечере у Ауэзова, кроме меня и Пономаренко, был Мустафин, тогда председатель Союза писателей республики, Мусрепов и еще два-три человека, но кто именно, я уже позабыл. Обстановка была самая что ни есть доброжелательная, разговор в основном вели Ауэзов и ­Пономаренко. Ауэзов рассказывал ему, как он работал над эпопеей об Абае, с какими трудностями ему приходилось сталкиваться. Разъехались мы поздно ночью, очень довольные прием­ом у Ауэзова», – деп жазады (Кунаев Д. «От Сталина до Горбачева», Алматы, 2022, 92-93-бет­тер).
Дәйексөздің ұзақтау болғаны үшін қадірлі оқырмандарымнан ғафу өтінемін. Қазақ­станды 40 жыл басқарған ел ағасының қазақтың ұлы жазушысы жайлы сиректеу айтылған сөзінің түпнұсқалық мәйегін сақтай отырып, тұтастай келтіруді жөн көрдік.
Дінмұхамед ағамыздың кітабында сабағаткер Пономаренко Әуезовті ғана емес, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафиндерді де сағат­тап қабылдап, асықпай тыңдап, олардың арасын жарастыруға, шығармашылық ортада береке-бірлік орнатуға тырысқан. Өкінішке қарай, әумесер Хрущев оны екі жылға жеткізбей қызметінен алып тынған. Әйтсе де
Пономаренконың егіні өнікті болып, қазақ жазушыларының төбесінен қара бұлт­тай төнген қауіп селдіреп, ғалат сөйлеп, ғайбат айтушылардың қатары азая түсті.
Елу төртінші жылдың қоңыр күзінде, дәлірек айтсақ – 3 қыркүйекте араға ат­тай 15 жыл салып, сол кез­дегі Қазақ­станның ең еңселі ғимараты – Опера және балет театрында республика жазушыларының III съезі өтеді. Төрде П.К.Пономаренкомен қатар, болашақ Кеңес Одағының басшысы, ол кез­де республика партия ұйымының екінші хатшысы Л.И. Брежнев, Жоғарғы Кеңес төрағасы Н.Оңдасынов, Министрлер кеңесі төрағасы Е.Б.Тайбеков сияқты Қазақ­стан басшылығы түгел жайғасқан жиынды Мұқанов та, Мүсірепов те емес, тұңғыш рет маңдайы жарқырап Мұхтар Әуезовтің өзі ашады. Біле білген адамға мұнда көп ишарат бар еді.
Бұл бір айтулы құрылтай болды. Оған Мәскеуден М.Шолохов, Л.Леонов бастаған орыс жазушылары, он бес одақтас республиканың ең айтулы қаламгерлері бастаған құрмет­ті делегациялар, бұған қоса ежелгі түрік жұртымен тамырлас карель-финнен келген қонақтар, тілі бір, тағдыры ортақ қарақалпақ бауырлар да қатысты.
Құрылтайда ұйым есебін төраға Ғ.Мұстафин, М.Әуезов – драматургиядан, С.Мұқанов – поэзиядан, Ғ.Мүсірепов прозадан баяндамалар жасап, арғы-бергі тарихты түгел қозғап, барлық жанрда талант­ты туындылар дүниеге әкелген қазақ әдебиетінің кіммен болса да иық тірестірер, өсіп-өркендеген әдебиет болғандығын Кеңес Одағы классиктерінің алдында келістіре дәлелдейді («Казахстанская правда», 1954 ж., 4 сентябрь).
Жиында сөз алған П.К.Поно­марен­ко: «Социализм остро нуждается в талантах, вы обязаны были искать и поднимать одаренных людей, настраивать на службу советской власти. А вы – то немногое, что имели, обливали грязью, выводили из строя, замахиваясь на них, вы били по будущему народа…», – деп шырқыраған шындықты айтып, қазақ қаламгерлерін береке-бірлікке шақырады.
Жазушылар құрылтайына болашақ бас хатшы Л.И. Брежнев қатысып, қазақ әдебиетінің тарихына, жетістіктеріне және проблемаларына әбден қанығады. Кейін өзі Қазақ­станды басқарғанда ізашарының игі дәстүрін жалғастырып, қаламгерлер қауымына қамқорлығын аямаған екен. Тіпті СОКП бас хатшысы болған жылдарда Қазақ­станның экономикасы ғана емес, мәдениетінің жетістіктерінен хабардар болып, республикамызға шапағатын молынан төгіпті. «Жақсының жақсылығын айт» деген ата дәстүрін ұстанатын елдің перзенті ретінде оның да қазаққа жасаған қайырын ұмытпағанымыз жөн.
Одақ әлдеқашан мойындаған Әуезовтің Қазақ­станды Пономаренко мен Брежнев басқарған жылдарда дәрежесі өсіп, абыройы асты. Дәл осы екпінмен ол алпыс жылдығын да дүркіретіп атап өт­ті. «Абай жолының» төрт кітабы тұтастай жарыққа жетіп, жер-жаһанның төрт бұрышына бірдей шеру тарт­ты.
Егер әдебиетке қойылар классикалық талап тұрғысынан келер болсақ, орыс, кеңес әдебиеті тарихында арыда Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» мен беріде Шолоховтың «Тынық Донынан» кейінгі эпопея деп ауыз толтырып айтуға тұрарлық жойдалы, кесек туынды дәл осы «Абай жолы» еді. Бірақ «соқтықпалы, соқпақты заманда өсіп, мыңмен жалғыз алысқан» кейіпкері сияқты «Абай жолының» да мәртебелі марапатқа жетуі оңай болған жоқ.
Әдет­те, республиканың бір қаламгері сыйлыққа ұсынылғанда өзгелері соны қостап, қошемет­теп, көтермелеуге, жаманын жасырып, жақсылығын асыра көрсетуге ұмтылады. Қазақ­стандағы жағдай мүлде басқаша болды. Замана шындығы түгел ашылып, ақиқат толықтай айтылуы үшін аға буын өкілдерінің өзі ұмыта бастаған, біздің орта біліңкірей бермейтін келеңсіздеу бір жайдың ақиқатын айтуға тура келеді.
Лениндік сыйлық Сталиннің жеке басқа табынушылығын айыптаған партия съезінен кейін 1956 жылы белгіленіп, 1957 жылдан бастап берілді.
Әуезов алпыс жылдығына орай 1957 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапат­талып, оған тағылған сансыз көп саяси айыптар алынып тасталған соң жазушы шығармашылығына республикалық ғана емес, одақтық, дүниежүзілік деңгейде ерекше маңыз беріліп, туындылары әлемнің алуан тілдерінде мол тиражбен басыла бастады. Шындықты айт­қанда, бұл кез­де одақтық республикалар мен социализм лагеріндегі елдер сталиндік кеңестік жүйені мақтап-мадақтауға арналған екіжүзді шығармалардан әбден ығыр болған еді. Сондықтан олар өздері сияқты Ресейдің отарлық қамытын киген қазақ халқының ұлт­тық және рухани езгіге қарсы күресі бейнеленген, Абайдай данышпан тұлғаның монументалды образы сомдалған ғажайып романды зор ықыласпен аударуға кірісіп, мол тиражбен басты.
Заңғар тұлғаның алпыс жылдығы құрметіне орай антұрған жылдары С.Нұрышевтің арандатушы мақаласын жариялайтын Ғылым академиясының баспаханасы 1959 жылы «М.О. Әуезовке. Алпыс жылдығына арналған мақалалар жинағын» басып шығарады. Жазушы бұл кітапты енді ғана студент атанып, қоғалы көлдің құрағындай желкілдеп өскен перзентіне: «Сүйікті ұлым Мұратайға, келешегінен үлкен үміт еткен, қуаныш күткен көңілмен сыйлаймын. Ағаң. 1959 ж. 10 ноябрь», – деген қолтаңбамен сыйлайды.
Сталиндік зұлмат заманда орыстың И.Бунин, В.Набоков, Д.Мережковский сияқты тұлғалары шет жұрт­тарды сағалап, елде қалған Б.Пастернак, М.Булгаков, А.Ахматова, М.Цветаева, О.Мандельштам сияқтылар үздіксіз сүргінге ұшырағанда Кеңес Одағының қолдан жасалған «классиктерінің» туындылары жаңа әдеби ағымдар мен көркемдік тәсілдер қуатымен әлдеқайда ілгерілеп кеткен Батыс әдебиеті өкілдерімен бәсекеге түсуге жарамай қалды. Ал Әуезовтей ақыл-ой алыбының тегеурінді туындысы өзгелерден оқ бойы озық тұрды. Сондықтан Батыс жұртшылығы, әсіресе елуінші жылдары азат­тық алған Үндістан, Африка, араб елдері бастаған жаңа тәуелсіз мемлекет­терде Мұхтар Әуезов есімі зор құрметпен аталып, оның шығармаларын жариялауға ықылас танытушылар қатары арта түсті.
Кеңес Одағы сияқты жер-жаһан­ның жартысын ықпалында ұста­ған үлкен мемлекет­тің әлемнің барлық елдерінде дерлік елшіліктері болды. Ондағылар әрбір жаңа үрдіс пен әдеби-мәдени өмірдегі ахуалға үнемі мониторинг жасап, орталыққа тиісті ақпарат жолдап отырды. Кеңестік идеология тізгінін ұстағандар дипломатиялық каналдар арқылы келген мұндай жаңалықтардан әбден хабардар болды және даңқы құз-қияға қарай өрлеген жазушы шығармаларын көп ұлт­ты кеңес әдебиетінің жетістігі ретінде көрсетіп, өз мақсат­тарына пайдалана түсті.
Мына тағдыр тәлкегіне қараңызшы: «Абай жолын» Лениндік сыйлыққа ресми түрде 1958 жылдың соңында Қазақ­стан Жазушылар Одағы, кезінде академикті «ұлтшылдығы» үшін профессорлық қызметінен кетірген Қазақ мемлекет­тік университеті және республика партия ұйымының қаулысында қат­ты сыналатын Тіл және әдебиет институты ұсынды.
Енді ғана беріле бастаған сыйлыққа жету оңай бола қойған жоқ. Бір қызығы, дәл осы 1958 жылы Әуезовпен қатар сыйлыққа оның ежелгі аудармашысы Леонид Соболевтің «Жасыл сәуле» деген повесі де ұсынылып, мәрелік талқылауға да жетпей, орта жолдан омақаса құлады.
Ұлан бәйгеге түскен үлкен эпопея­ның жолындағы ең кесапат­ты кедергі Мәскеуден емес, бәз-баяғыдай Қазақ­станның өз ішінен шықты. Совет­тік сөздің сардары Сәбит Мұқанов қазақ сахарасын ұлы дүбірге бөлеп, әдебиет аламанына түскен қазанат «Абайға» тепеңдеген жауыр торысы – «Өмір мектебін» қосақтайды.
Сөз жоқ, Сәбит ақсақалды әдебиет тарихынан мүлде сызып тастауға болмайды. Ол да өз дәуірінің шындығын білім-білігінің деңгейінде сурет­теген қаламгер, бірақ таразының бір басында «қалың елі қазақтың» бар мұңы мен жоғын арқалап, «өлмейтұғын соңына сөз қалдырған» данышпан Абай тұрғанда, екінші басына сіңірі шыққан кедей табының өкілі, батрақ жазушының бытпырақ тірлігі бейнелеген, көрсетер үлгісі, берер өнегесі жоқтың қасы саналатын «Өмір мектебін» салудың өзі ақылға сыя ма? Әуезовті қаншама жек көрсең де, ұлт ұстазы – Абайдың балағына жармаспай-ақ қоюға болар еді ғой. Өкінішке қарай, шал болғанша шәргездігін қоймаған Сәбит ақсақал басқаша ойлапты.
Сәбеңнің жымысқы әрекеті мұнымен де шектелмепті. Егер өзі өте алмай қалған жағдайда, әйтеуір, Әуезовті құлату үшін Лениндік сыйлыққа енді ғана ақталған, репрессия құрбаны, пролетар жазушы, революционер ақын Сәкен Сейфуллиннің «Таңдамалы өлеңдері мен поэмаларын» қоса ұсынады. Осындайда кілтін таба білген адамға мұрағат­тың өзі-ақ сөйлеп кететіні бар. Мұқағали ақын айтатын «шаң басқан архивтерде» бәрі сақталыпты.
Лениндік сыйлыққа ұсынуға арналған Қазақ­стан Жазушылар одағы Президиумының отырысы 1958 жылдың 29 қарашасында Ғабит Мүсіреповтің төрағалығымен өтіпті. Әуелі Хамза Есенжанов сөз алып, сыйлыққа Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлкесі» мен Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндерін» ұсыныпты. Іле-шала әдептен озбайтын қалпынан жаңылмайтын Ғабең сөйлеп, «Оянған өлкенің» әлі орыс тілінде жарық көрмегенін және әдеби сыннан өзінің лайықты бағасын алмағанын алға тартып, шығарманы ұсынымнан алып тастайды. Өз тарапынан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінің» бірінші кітабын ұсынады.
Ғабеңнің пікірі табан астында айтылған сөз емес, алдын ала әбден ойластырылған, айтысқа да, тартысқа да қатар түсіп үлгерген қос жазушымен келісілген кесімді сөз екені көрініп-ақ тұр. Бұдан кейін сөз алған Ғали Орманов Жұбан Молдағалиевтің Мұса Жәлелдің өмірінен жазылған «Жыр туралы жыр» поэмасы мен Дихан Әбілевтің ДнепрГЭС-ін салушыларға арналған «От­ты толқындар» дастанын үміткерлер қатарына қосады. Ғали Ормановтан кейін сөйлеген Ә.Тәжібаев Дихан Әбілевтің үш бөліктен тұратын шығармасының соңғы бөлігі орысшаға әлі аударылмағанын тілге тиек етіп, оны ұсынудың әлі ертерек екендігін ескертеді.
Осы тұста әңгімеге Сәбит Мұқанов араласып, Әбділданың сөзін қолдай отырып, күтпеген жерден: «Со своей стороны, я предлагаю рекомендовать на соискание Ленинской премии избранные стихи и поэмы основоположника казахской советской литературы, одного из выдающихся казахских писателей и общественных деятелей Сакена Сейфуллина. Думаю, что это – достойная кандидатура», – деген ұсыныс жасайды (Қазақ­стан Республикасы Орталық мемлекет­тік мұрағаты, 1778-қор, 2-тізбе, 292-іс, 2-бет).
Сәбеңнің бұл кертабан «жүрісінің» де ішкі есебі өте мықты еді. «Өмір мектебі» – әлі аяқталмаған шығарма. Өту-өтпеуі екіталай екенін іші сезеді, бірақ «үмітсіз – шайтан» дегендей, үнемі май асаған ауыздың сүбелі сыйлықтан дәмесі жоқ емес. Мұқановтың аяқастынан осындай әңгімені шығаруы мүмкін екендігін онымен талай шарпысқан Мүсірепов те күні бұрын болжап, созылып бара жатқан талқыға біржолата нүкте қою үшін: «Я поддерживаю предложение т.Муканова насчет Сакена Сейфуллина и рекомендую еще поэму «Кулагер» Ильяса Джансугурова. Это мнение разделяет и М.Ауезов, отсутствующий сегодня на Президиуме», – деп қорытынды пікірін айтады (Сонда, 1778-қор, 2-тізбе, 292-іс, 1-9 бет­тер).
Сәбит ақсақалдың Сәкен туралы «қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы, аса көрнекті жазушы және қоғам қайраткері» деп ерекше екпін түсіріле айтылған сөздері оның ойынша революционер ақынға шаппай бәйге берілуге тиістігін айқын көрсетіп тұрған ұсыныс екендігі өзінен-өзі түсінікті еді.
Ғабит ағамыздың Сәкеннің аты аталғанда қазақ поэзиясында ғажап құбылыс ретінде бағаланған Ілиястай жыр дүлдүлінің есімі қатар жүруі керектігі жөніндегі ұсынысы көкейге әбден қонымды еді. Оның үстіне мұндай пікірді сыйлыққа ұсынылып отырған Мұхтар Әуезовтің өзі де қолдапты. Бұл қазақтың қара қылды қақ жарған данышпан билерінің образын сомдаған Мұхаңдай ұлы суреткердің әдебиет пен ар алдындағы адалдығын тағы бір қырынан аша түссе керек.
Әдебиет жанашырлары бұл ұсыныстардың немен аяқталғанын жақсы білетіндіктен, ары қарай ежіктеуді қажетсіз санадық. Қазақ­стан Жазушылар одағы кімді ұсынса да Лениндік сыйлық беру комиссиясының талаптары осал емес еді. Соның негізінде мәреге Әуезов, Мұқанов және Сейфуллин ғана жетеді.
Сыйлық тағдырына саяси тұрғыдан келер болсақ, шығармашылығы басталған кез­ден-ақ ұлтшылдық қамытын киген Әуезовпен салыстырғанда, бүтін дүние пролетарларының көсемі Ленин атындағы сыйлыққа «қызыл сұңқар» атанған Сәкен Сейфуллин лайық еді. Мұны Сәбең бастаған Әуезовтің қарсыластары жақсы түсінді және олардың ішкі есебі керемет мықты еді.
Бұл кез­де Жазушылар Одағын Ғабит Мүсірепов басқарды. Мұхаң мен Ғабит ағамыздың шарпысқан тұстары болса да, олар ғұмыр бойы бір-біріне үлкен құрметпен қарап өткен. «Абайдың» алғашқы кітабы жарық көргенде-ақ оған зор баға беріп, кейінгі томдарын қолжазбасынан оқып, үнемі жанашырлық ой-пікірлерін білдірген. Мұхаң Ғабеңдей сөз зергерінің ұсыныстарына үнемі құлақ асып, әріптесінің алғаусыз пікірлері негізінде романның кей тұстарын ширатып отырған.
Әрине, әр республикадан бір-ақ адамға, шынтуайт­қа келгенде, бүкіл Орта Азия мен Кавказ жұртынан жалғыз жазушыға, ал он бес одақтас республикадан, ары кеткенде екі-үш қаламгерге ғана берілетін сыйлыққа бір Қазақ­станнан алғашқы талқылауда – алтау, кейін үш бірдей үміткердің ұсынылуы өте ыңғайсыз, қазақ жазушыларының арасындағы берекесіздікті, алауыздықты көрсететін жағдай еді. Әріптестерінің нені көземелдеп тұрғанын іші жақсы сезсе де, Сәбеңнің тақымдап талап етуі бойынша төраға Мүсірепов мұндай келеңсіздікке амалсыздан барған.
Абырой болғанда, комиссия Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына лайықты баға бере отырып, оның сыйлыққа ұсынылған туындылары бұдан 20 жыл бұрын жазылғанын тілге тиек етіп, ал марапат тек жаңа шығармаға ғана берілетінін алға тартып, дауысқа салуға жібермейді. Шындығында, бұл өлілер мен тірілерді жарыстырмауға қолданылған, сыйлыққа ұсынылған барлық авторлар мен қаламгерлер үшін әділет­ті, орынды шешім еді және осы ұстаным кейінгі жылдарда да әрдайым басшылыққа алынды.
Екі қазақ мәреге қатар жетіп, дауысқа қатар түседі. Бабы мен бағы келіскен «Абай жолы» комиссиядағы 35 адамның 34 дауысына ие болып, алақұлымдаған топты арт­та қалдырып, Лениндік сыйлықтың төріне ентікпей жетеді. Жарты әлемді билеген елдің ең абыройлы сыйлығын жарқырата кеудесіне таққан адамға КСРО Мәдениет министрі Н.Михайлов, КСРО Жазушылар Одағының төрағасы К.Федин бастаған Кеңес Одағының ең әйгілі мәдениет пен әдебиет қайраткерлері ыстық лебізді жеделхат­тарын сәуірдің ақ жаңбырындай жаудырды. Бұл қазақ әдебиетінің ғана емес, үнемі тұқыртылып, тұмшаланып келген, тұнығы талай сапырылған түбі бір түркі халықтары руханиятының зор табысы, үлкен абыройы еді.
Әуезов мұражайында сақталған Ғ.Ғұлам бастаған – өзбек, Аалы Тоқомбаев қол қойған – қырғыз, Б.Кербабаев басқарған – түрікмен, Мұстай Кәрім жетелеген – башқұрт, Қазаннан жолданған – татар, Кавказ түркілері атынан Қайсын Құлиевтан келген шынайы тілек, терең тебіреніске толы жеделхат­тардан осыны айқын аңғаруға болады.

Сәруар тартқан сыбағалар

Әуезов және Лениндік сыйлыққа қатысты әңгімені тұйықтау үшін Мұхаңның осы сыйлық жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде атқарған ерлікке бергісіз азамат­тығына да тоқтала кеткен жөн.
Сыйлық ең алғаш берілетін – 1957 жылы татар халқының қайтпас қайсар ақыны Мұса Жәлелдің «Моабит дәптері» талқыға түседі. Алғаш рет берілгелі отырған сыйлыққа ұсынылған шығармалар өте қатаң талаптармен іріктеліп, ақтық сында атақты кеңес жазушысы Леонид Леоновтың «Орыс орманы» мен Мұса Жәлелдің «Моабит дәптері» ғана қалады. 

Мұса Жәлел өте білімдар ақындар қатарынан еді. Шаласауат­ты бәлшебек жазушылармен салыстырғанда Мәскеу мемлекет­тік университетін 1927 жылдың өзінде тәмамдаған, екі тілде бірдей ағып тұрған Мұса өз қатарынан әлдеқайда озық еді. Оның таланты 20-30 жылдары жарқырай көзге түсіп, келісті ой, көркем тілмен кестеленген өлеңдері мен поэмалары оны XX ғасыр басында-ақ айрықша өркен жайған татар әдебиетінің жас классиктері қатарына қосты.

Ер Мұсаның ескерткіші

  

Соғыс басталып, әскер қатарына шақырылған аға политрук М.Жәлел 1942 жылы кескілескен ұрыста ауыр жараланып, жау қолына түседі. Бас көтеруге, өз пікірін ашық айтуға жарайтын барлық генералы мен офицерін репрессияның қанды қасабында қырып салған Сталиннің Қызыл Армиясы соғыстың алғашқы кезеңінде ойсырай жеңіліп, тек 1941 жылдың соңына де­йін 3,8 миллион адам неміс тұтқынына түседі. Вермахт соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес езгісінде болған шығыс халықтары өкілдерінен үш легион жасақтайды.
Орталық Азия мен Қазақ­станнан шыққандардан – «Үлкен Түркістан», азербайжан, армян, грузин және дағыстан халықтарынан – «Таулы Кавказ», татар, башқұрт, чуваштардан «Еділ-Орал» легиондары құрылады. Мұса Жәлел «Еділ-Оралдың» құрамында болды. Егер ол ғайыптан тайып, қан-қасаптан аман қалып, еліне есен-сау оралар болса, оның алдынан сталиндік жаһил жүйенің тозағы мен азабы шығар еді, бірақ Ер Мұсаны ерлік пен қаһармандыққа толы қайсар ғұмыр күтіп тұрды. 
Мұса легиондағы астыртын топ құрамында немістерге қарсы әрекет етеді. Топтың бір бөлігі көтеріліс жасап, кеңес әскерлері құрамына қосылғанда, тағы да қолға түскен Мұсаны немістер Берлиндегі Моабит түрмесіне қамайды. Татар халқының өжет ақыны өзінің қайсар жырларын дәл осы түрмеде жазады. Немістер 1944 жылдың 25 тамызында Мұсаны азаптап өлтіргенде оның ерлік пен өрлікке үндейтін өршіл өлеңдері ақынмен бірге отырған өзге тұтқындар арқылы кейінгілерге аман жетеді. Мұсаға КГБ жендет­тері алғашқыда «сатқын» деп айып тағып, оған 1946 жылы арнайы қылмыстық іс ашады. Бұл іс алты жыл бойы жүргізіліп, тек Сталин өлген соң ғана тоқтатылады. Константин Симонов 1953 жылы «Моабит дәптерінің» бір бөлігін «Литературная газетада» басады.
Сталиндік жүйенің зұлмат-зұлымдығын айыптайтын съезден соң, 1956 жылы Мұса Жәлелге Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, оның жырлары сол жылы Лениндік сыйлыққа ұсынылады.
Талқылау ұзаққа созылады. Сөйлеушілердің бір бөлігі өлеңдердің 1944 жылға дейін жазылғанын көлденеңдетіп, оны дауысқа жібергісі келмейді. Міне, осы кез­де жүректен шыққан сөзді комиссия мүшесі, кемеңгер Мұхтар Әуезов айтады. Оның: «Все строки его стихов написаны кровью сердца. Иногда просто слезы навертываются, когда вы читаете. И этот человек мне представляется с сердцем-факелом, это Данко, который пронес через все ужасы войны свое горящее сердце», – деген сөздерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Мұхаң Мұсаның өлеңдерін түпнұсқадан татар тілінде оқып, оны орысшаға аудару барысында жіберілген қателіктерді де әдебиет академигі ретінде комиссия мүшелеріне жан-жақты талдап берген.
Сыйлықтың тағдыры шешіліп, оған ұсынылған орыстың сол замандағы ең мәшһүр жазушысы саналатын, романының аты-ақ оның великоростық сипатын әйгілеп тұрған Леонид Леоновтың «Орыс орманы» шаппай бәйге алайын деп тұрған сәт­те «Хан Кене» мен «Қарақыпшақ Қобыландының» авторы ақырып, теңдік сұрап: «Если даже достойным премии окажется только одно имя, то это должно быть имя Мусы Джалиля. Это не важно, что он умер, он живой, и как и все другие герои войны, будет жить с нами. Он искренний и пламенный, он все творит на острие меча и правда сквозит во всем, как дымящаяся алая кровь на белом снегу», – деп қиғыр қылыштай орып түсетін өткір пікірін айтады. Қазақ жазушының орыс тілінде экспромтпен айтылған бұл сөзін шешендік өнердің ғажайып үлгісі ретінде бағаламасқа әддің жоқ. Жүректен шығып, жүрекке жететін лебіз ғана осылай болса керек.
Сол заманда өз ішімізде большевиктер мемлекеті – «Кеңес Одағы» деп аталғанмен, батыс жұрты оны бәз-баяғы дәстүрмен «Ресей» дейтін. Сыйлықты осы мемлекет белгілеп, оның мәресіне кеңестік идеологтар «сен тұр, мен атайын» дейтін орыс жазушыларынан әбден іріктеп, тіпті атақ-даңқы дүрілдеп тұрған М.Шолоховтың өзін кейінге қалдырып, Л.Леоновты алға шығарып отыр. Шығармасының аты зор, саяси салмағы да зілдей ауыр, «Орыс орманы» деп аталады. Ендеше, жер-жаһанға әмір жүргізуді көксеген озбыр елдің «тірілерден де тірі» көсемі Ленин атындағы сыйлықты мемлекет құрушы ұлт­тың өкілі алмағанда кім алуға тиіс?! Әуезов қызыл идеологтар әріден ойластырған осы жоспарды тас-талқан етіп, оған неміс тұтқынында болған, ата-бабалары орысты 300 жыл табанында ұстаған Алтын Ордадан қалған асыл тұяқ – Мұса Жәлелді ұсынады. Ұсынып қана қоймай: «Сыйлық жалғыз болса, оны татар ақыны алу керек», – деп тепсінеді. Бұл азамат­тық қана емес, нағыз ерлік еді.
Әуезов күндердің күнінде даңқы өрлеп келе жатқан «Абай жолының» да осы сыйлыққа ұсынылатынын іші сезеді. Ол заманда ылғи өзгере бермейтін, негізінен, орыс ұлтынан тұратын, комиссияның дәл осы мүшелері сыйлық тағдырын шешетінін де жақсы ұғынады. Соның бәрін біле тұра, болашақта талқыға түсер өз шығармасының тағдырын құрбандыққа шалып, ер Мұсаны төрге оздырады. Сәбит сияқтылар жауыр атының жағдайын ойлап жүргенде түбі бір түркінің жоғын жоқтаған Мұхаңның бұл әрекетін – адамгершіліктің ең абзал көрінісі деп бағалаған жөн. 
Авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатов Лениндік сыйлықты Әуезов қайтыс болған соң, 1963 жылы алғаны белгілі. Бірақ оның шығармасы алғаш рет Лениндік сыйлық беру жөніндегі комиссияның әдебиет секциясына 1960 жылдың 13 ақпанында түсіпті. Бұл жолы тілі сөзден сүрінбеген Мұхаңдай ағдарғыл шешен өзіне тән терең білімдарлықпен Ғамзатов шығармашылығын кеңінен қамтып, ағыла сөйлеген екен. Ол: «Я считаю, что из всех поэтов советского Востока Расул Гамзатов наиболее одаренный, имеет мысли, образное мышление. Это тот художник, который имеет, что сказать, и располагает достаточно богатыми средствами, чтобы воплотить то, что хочет сказать. У него горячее, искреннее чувство. Он оригинален. У этого поэта большая спаянность с народом, который имел печальную историческую судьбу в недавнем прошлом. Расул Гамзатов достоин того, чтобы его отметить», – деп ақын туралы ақындық жүрекпен тебірене толғайды. Ғамзатов жайлы сөздің соңында Дағыстан халқының қайғылы тарихына қатысты ишарат­та Мұхаң Кавказ халықтары ұлт-азат­тық көтерілісінің қаһарманы Шәмілді меңзеп тұр. 

«Айтып-айтпай не керек? Құсалықпен өт­ті ғой», – деп ер Махамбет жырлағандай, Мұхтар Әуезовтің де көп күні құсалықпен өт­ті. Іште қанша айтылмаған сыр, тереңде қаншама тұндырылған ой кет­ті. Егер сол ойға ерік берілгенде Мұхаң сол отырыста Абайдың ақын ұлы Ақылбайдың Расулдан бұрын жырлаған «Дағыстан» поэмасы туралы төгілдіре сөйлеп: «Қазақтың «қап» дегені: Кавказ серек. Тәңірім, сұлу биік еткен ерек. Дағыстан – Кавказдағы Кәрі Жүсіп, Қисса ғып айт­қым келді көңілім түсіп», – деп Ақылбайдың серек те ерек жырларын тау теңселтер екпінмен толғар еді-ау.

Кавказдың ұлы жыршысы Расул Ғамзатов

Асылдың сынығы, әулиелер сарқыты Мұхаңдай данышпан Лениндік сыйлық беру комиссия мүшелерінің әрқайсысының жүрегіне нұр құйғандай етіп айт­қан бұл сабағат сөздері жерде қалмай, арада екі жыл өткенде Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатовқа Лениндік сыйлық берілді. 
Мұхаң күллі әлемнің мейір-шапағатын жинаған дархан жүректі кең құшағына Расулды да алған. Дағыстанның ұлы жыршысын Алматыға алдырып, оған авар тілінде өлеңдерін оқытқан. Ақынның асқақ жырларын әр шыңы көне тарих жайлы күңгірлеп сыр шертетін Қап тауының жақпар тастарына ұқсатқан. Табан астында тауып айтылған тамаша теңеуге теректей толқыған ақын қазақ кемеңгеріне жүрек төрінен шыққан жыр арнайды: «Түсіндің жанын жырымның, Қарадың үнсіз асқарға. «Ұқсайды, – дедің, –тілің бір, Күңгірлеп жатқан тастарға». Қараймын көкшіл далаға, Толқимын, іштей ойланам: Ұлы ғой Кавказ, жан аға, Өзіңе жету қайда оған…», – деп тебіренген ақын қамқор ұстазын тау жұртының ең қасиет­ті киесі – қарт Кавказдың өзінен де биік қояды. Сеңгір тауларда өсіп, зеңгір көкке қол созған, заңғарлармен таласа жыр жазып, биіктікті асқарлармен өлшейтін тау ұлы ғана жазса керек мұндай арнау жырды. 
Лениндік сыйлық алғанына арада небәрі 6-7 жыл өткенде Расул ағамыз «Менің Дағыстаным» ат­ты ғажайып шығармасын дүниеге әкеліп, кейін оны қазақтың арқалы ақыны Ғафу 
Қайырбеков келістіре қазақшаға аударды. «Ақынға ақын адал болсын әмәнда» деген Мұқағалидың сөзі осындайдан туса керек. 
Мұқағалидай айбынды ақынның осы өлеңінің келесі жолы: «Ақынға ақын арам болса жаман-ды…» – деп келетіні бар. Расулға да, поэзияға да, ақындық өнерге де арам болғандар аз емес. Сексеннің төріне шығып, Расул дүние салғанда таралымы зор, оқырманы мол «Огонек» журналында Дмитрий Быков деген жазарманның оқыған адамның аза бойын қаза қылатын: «Культ республиканских самодеятельных авторов начался в тридцатые, поэты дружно кинулись в переводы. Переводы сделались каторгой, проклятием и хлебом целого поколения непубликуемых или полупризнанных авторов. …И Расул Гамзатов обрел славу не в последнюю очередь благодаря Якову Козловскому или Юлии Нейман», – деген арамза мақаласы жарияланды («Огонек», 2003 жыл, №41-46 бб.).
Кезінде «Прежде кумекай, потом кукарекай» деген сияқты атының өзі кілауыз автордың кім екенін әшкерелеп тұрған «өлеңдер жинағын» шығарған Яков Абрамович Козловскийдің есімін бүгінде Ресейдің өзі әлдеқашан ұмытқан. Ал Расулдың ғажайып жырлары әлі күнге дейін Кавказ серектің ұшар биігінде тұр. 
Әуезовтің кейінгі елу томдығында жазушының Лениндік сыйлық беру жөніндегі комиссияның 1961 жылғы 6 сәуірдегі отырысында сөйлеген тағы бір сөзінің қысқартылған нұсқасы берілген. Мәтіннің «ықшамдалғаны» соншалық, онда Әуезовтің қай автордың қандай шығармасы туралы сөз қозғап отырғанын білу мүмкін емес. 
Әуелі Мұхаңның не дегеніне құлақ түріп көрелік. Ол: «Мы ответственно заявляем, что требования у нас одинаковые: только за хорошие произведения, только за равноценные с лучшими произведениями русской литературы нужно давать Ленинскую премию. Тут существует один деликатный момент: это отношение братских литератур. По-моему, братство (я думаю, что товарищи узбеки поймут меня правильно) требует, прежде всего, искренности и правдивости в наших взаимоотношениях друг с другом», – депті.
Жинақты құрастырушылар Әуе­зовтің сөзін квест сияқты жұмбақтап жіберген. Әуелі байқайтынымыз, әңгіме туысқан халықтар туралы. Өзбек аға­йын­дарға қаратылған тұспалға қарап, сөз осы әдебиет­тің өкілі туралы екенін аңғару қиын емес, бірақ автордың есімі мүлде аталмайды.
Бұдан әрі созбалақтамай, жұмбақтың шешуін өзіміз-ақ айтайық. Әңгіме анау-мынау емес, сол кез­де Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, тасы өрге домалап келе жатқан қайраткер-жазушы Шараф Рашидов пен оның сол жылы Лениндік сыйлыққа ұсынылған «Сильнее бури» (қазақшаға «Дауылдан да күшті» деп аударылған) романы туралы болған. Әдебиетке ардың ісі деп қараған Әуезов социалистік реализм әдісімен, коммунизм орнатушылар туралы жазылған шалажансар шығарманы өзбек ағайындар қаншама қолқаласа да қолдаудан бас тартқан. Сөзінің соңында: «Мы в своих литературных взаимоотношениях, как и вообще в людских взаимоотношениях, должны говорить, как брат брату, всю правду», – деп текеметін тіліп тұрып, тек шырқыраған шындықты айт­қан.

Қайткен күнде сыйлықты алуға ұмтылған Шараф ака дәурені жүріп тұрған күнінде дегеніне жетіп тыныпты. Бірақ әдеби шығармасы үшін емес, әйгілі авиаконструктор А.Туполев, КСРО Азамат­тық авиация министрі Б.Бугаев және КСРО Орта машина жасау министрі Е.Славский, т.б. 12 ноянмен бірге 1980 жылы жабық қау­лымен иемденіпті. Не үшін екенін көзіқарақты оқырман өзі-ақ түсінген болар…

Өзбекстанның жазушы басшысы Шараф Рашидов

Лениндік сыйлық жөніндегі әңгімені мәресіне жеткізу үшін Әуезовті өзгеше бір қырынан көрсететін мына оқшаулау оқиғаны келтіре кетсек те артық бола қоймас. 
Мұхаң қырғыз халқының теңдессіз эпосы «Манас» туралы зерт­теулерін Ленинград университетінде оқып жүргенде бастаған. Кейін тақырып аясын кеңейтіп, көлемді монографияға айналдырды. Соғыстан кейінгі кез­де Ресей империясы кезінде от қарудың күшімен өзі қырып-жойып жаулаған түркі халықтарының патриот­тық сана-сезімі өрлеп, олар ертеде өткен ерлері мен даңқты батырлары туралы эпостық туындыларын жаппай жариялауға кіріскенде кеңестік сұрқия саясат езілген халықтардың ұлт­тық санасын оятып, отаншылдық өрлеу туғызған сол эпостық жырларға қарсы соғыс ашады. Нысанаға «Ер Едіге», «Манас» және қазақтың батырлар жырлары ілігеді. Осы кез­де қырғыз халқы қилы тағдырының символындай болған «Манастың» болашағы да қыл үстінде тұрды. Осындай жадағай пікір белең алған заманда, 1952 жылы маусымда Бішкекте өткен конференцияда қазақ кемеңгері көсіле сөйлеп, «Манасты» «халыққа жат шығарма» деп барынша қаралауға тырысқан мәскеулік профессор А.К.Боровковтың сөдегей сөзін тас-талқан етіп, қырғыз халқының қаһармандық эпосын арамзалардан арашалап алады. 
Мұхаң қырғыз кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі, халық жазушысы, академик Түгелбай Сыдықбековпен ұзақ жылдар достық, бауырмалдық қарым-қатынаста болды. Қос құлыны Мұрат пен Ернарды ертіп үйінде сан мәрте қонақта болып, дастарханынан талай дәм татқан. Екі жазушының бір-біріне жазысқан хат­тарынан алғаусыз көңілі әрдайым айқын аңғарылып тұрады. 
Сол Түгелбай бауырының «Тау арасында» романы 1961 жылы Лениндік сыйлыққа ұсынылады. Әрине, Түгелбай байкеміз ұзақ жылдардан бергі ежет­тес досы Мұхаңнан қолдау күтеді.
Сыйлық комиссиясының 1961 жылғы 6 сәуірде өткен отырысында 
Әуезов қырғыз әдебиетінің классигі, сол кез­де КСРО Мемлекет­тік сыйлығының иегері болып үлгерген ежелгі досы Түгелбайды емес, әдебиет әлеміне енді ғана имене есік ашып келген Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» демейді. Өкінішке қарай, Әуезовтің бұл сөзі де 50 томдыққа енбеген.
Бұл туралы Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шахановтың «Жомарт шуақты жұлдыздар немесе бір уыс топырақ» ат­ты сұхбатында өрнектеліпті. Онда: «Осындай азамат­тық сынға түскен сәт­те Мұхаңның қара қылды қақ жарған әділдігін Түгелбай Сыдықбеков былайша әңгімелейді: Комитет­тің кезекті мәжілісінде жасырын дауысқа түсетін шығармалар іріктелді. «Тау арасында» дауысқа салынарда мен ереже бойынша сыртқа шығып кет­тім. Есік сәл-пәл жабылмай ашық қалған екен. Іштен: «Көп тармақты социалды роман», – деген Николай Семенович Тихоновтың (ол комиссия төрағасы – М.Қ-М.) дауысы естілді. Демек, менің шығармамды қолдағаны. Артынша Сергей Сергеевич Смирнов: 
– Мұхтар Омарханович, сіз бұл романды түпнұсқадан оқыдыңыз! Сіздің сөзіңіз ең шешуші дауысқа ие болады, – деді, тамағын қырнап. Мұхаң осы кез­де: «Я предпочитаю Жамилю…», – деп қойды» делінген («Жас Алаш», 1995, 14 желтоқсан). Иә, Мұхаң әділдік пен азамат­тық сынға түскенде ешқашан тура жолдан таймаған, ақиқат пен арды бәрінен биік қойған.

Осы тұста тағы бір қызғылықты әңгіменің шетін шығаруға тура келіп тұр.

Ұстаз бен шәкірт: Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов

Бүгінгі заманның айтматовтанушылары «Жәмила» 1959 жылы Луи Арагон алғысөз жазып, француз тілінде басылғаннан кейін қырғыз жазушысының есімі әлемдік әдеби ортаға кеңінен танымал болғанын жарыса жазады. Ақиқатына келер болсақ, Арагон-Айтматов тандемі Әуезов шапағатының арқасында қалыптасқан.
Арагон – коммунистік көзқарасы үшін Кеңес Одағында көп мақталған қаламгер. Француз сюрреализмінің атасы саналатын Луи – талғамы да, талабы да биік француз әдеби қауымдастығында мойындалған суреткер. Оның кеңес жазушыларымен достығы саяси көзқарасы тұрғысынан ғана емес, әйелі мәскеулік еврей отбасынан шыққан Эльза Триоленің (толық аты-жөні Элла Юрьевна Каган) ықпалы арқасында орнығыпты.
Эльза – орыс поэзиясының классигі Маяковскийдің музасы болып, Марк Шагал мен Пабло Пикассодан бастап, Борис Пастернак және Андрей Вознесенскийлерді таңғалдырып, есінен айырған белгілі бекбике Лиля Бриктің туған сіңлісі. Арагонды Эльзамен таныстырған Маяковский. Кейін Эльза Маяковский, Шкловский, Хлебниковтен бастап, Цветаева, Ахмадулиналарға дейін француз тіліне мөлдірете аударады.
Луи Арагон 1955 жылы «Кеңес әдебиеті» ат­ты зерт­теу еңбегін жариялап, онда М.Әуезовтің «Абай жолына» өте жоғары баға береді. Кейін эпопея француз тіліне аударылғанда оған келістіре алғысөз жазып: «Мен оның (Мұхтар Әуезовтің) шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен бақыт санаймын. Эпикалық роман «Абай» – менің ойымша, XX ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі», – деп өте жоғары баға береді («Біздің Мұхтар», А., 1976, 123-бет).
Мұхтар Әуезов Л.Арагонға екі хат жазған. Алғашқысын 1958 жылдың 29 сәуірінде жолдаған. Бұдан кейін 1958 жылдың маусымында Әуезов, Луи, Эльза – үшеуі Мәскеуде кең отырып сұхбат­тасуға мүмкіндік алады. Осы кез­десуден кейін Мұхаң Арагонға екінші хатын жолдап: «Видеть, послушать Вас, поговорить на минуты с Вами было давним моим, огромнейшим желанием, а сейчас истинно рад, что это осуществи­лось», – деп тебіреніске толы көңіл кү­йін аңғартып, соңында: «Прошу передать мой сердечно дружеский привет Эльзе Юрьевне», – деп аяқтайды.
Әуезов пен Арагон кез­дескенде «Жәмила» әлі орысшаға аударылмаған, бірақ кемеңгер оның қырғыз тіліндегі түпнұсқасымен танысып үлгерген. Осыдан екі ай өткенде Әдебиет институтын енді ғана тәмамдаған Ш.Айтматовтың повесі А.Дмитриеваның аудармасымен «Новый мир» журналының 1958 жылғы тамыздағы нөмірінде жарияланады. 
Әуезов «Жәмила» жарияланбай тұрып, қырғыз әдебиетіне талант­ты жас жазушы келгенін Арагонға тамсана жеткізеді, ал шығарма жарияға жетісімен, сол 1958 жылы беделді басылым «Литературная газетада» повесті көтермелей бағалап, ағалық алқау сөзін білдіреді. Әрине, кеңес әдебиеті жаңалықтарын қалт жібермей бақылап отырған Эльза мен Арагон «XX ғасырдың ең үздік шығармасы» авторының келісті бағасын оқып, «Жәмиланы» аударуға ден қояды. Бұл да – бүгінгінің көзіқарақты оқырмандары біліп жүруге тиісті жағдаят­тардың бірі. 
Лениндік сыйлық туралы әңгімеге қайта оралар болсақ, 1961 жылы қырғыздың екі жазушысы да марапатқа жете алмады. Бірақ әлем әдебиетінің білгірі, академик Мұхтар Әуезовтің сөзі жерде қалған жоқ. Арада екі жыл өткенде ішінде сол баяғы «Жәмиласы» бар Шыңғыс Айтматовтың «Тау мен дала повестері» мәртебелі сыйлыққа ие болып, шоң қырғыздардың есімі жердің жүзін шарлап кет­ті.
Орайы келгенде айта кетейік: Жәмила есімді кейіпкерді Шыңғыс Айтматов тумай тұрып дүниеге әкелген Мұхтар Әуезов еді. Ол «Кім кінәлі» ат­ты классикалық әңгімесін 1923 жылы «Жамиля» деген атпен өзі орыс тіліне аударып, түпнұсқадағы бас кейіпкер Ғазизаның есімін Жәмилаға өзгертеді. Әңгіме кейін Әуезовтің 50 томдығында жарияланды. Бұл француз Луи Арагон «әлемдегі ең әдемі махаббат тарихы» деп бағалаған Ш.Айтматовтың «Жәмиласына» еш көлеңке түсірмесе керек. 

Мұхтар Әуезов қос қанаты Мұрат және Ернармен бірге

 Дана қазақтың қамқорлығын Айтматов ұмытқан жоқ. Араға жылдар салып, жазушы бұл туралы: «Мұхтар Әуезов мен үшін алыстан мұнартқан әлдебір академиялық тұлға десем, әрине, ағат айт­қаным: өзім көріп, өзім білгендер ішіндегі ең ұлы суреткер десем, мұным да – жалпылама сөз. Мұхтар Әуезов – маған әкедей қамқор болған кісі», – деп ұстазын ерекше ілтипатпен еске алып, қазақ кемеңгерінің өзіне ғана емес, бүтін қырғыз халқына жасаған қамқорлығы туралы: «Мұхтар Әуезовті қырғыздар аса зор құрметпен өзіміздің туған перзентіміз деп таниды. Біз Әуезовтің көзі тірісінде солай дейтін­біз, қазір де солай дейміз», – деп ұлы жазушының екі халыққа бірдей шуағын төккен айрықша құбылыс екеніне назар аударады. Айтматов «Абай жолы» туралы ойын: «Өз халқына тән парасат­, ғұрып пен рухтың кескін-кейпі ретінде Абай – сөз жоқ, дүниежүзілік дәрежедегі ұлт­тық жетістік!» – деген көтеріңкі лепеспен түйіндейді («Біздің Мұхтар». А., 1976, 71-74 бет­тер).
Жылжып жылдар өткенде түркі халқының тағы бір өкілі, бауырлас башқұрт әдебиетінің классигі Мұстай Кәрім де Лениндік сыйлыққа жет­ті. Кейбіреулер «мұның Мұхтар Әуезовке қандай қатысы бар» деп ойлауы әбден мүмкін. Дала данышпанының нұры «жанам» деген жүректердің бәріне от берген. Енді Мұстай Кәрімнің өзін тыңдап көрейік. Ол: «Судьба подарила мне десяток лет хотя не постоянного, но близкого общения с Мухтаром Омархановичем. Его благосклонное отношение к моей работе в литературе меня немало ободрило. Меня неизменно восхищает высота видения мира Мухтаром Ауэзовым, его вещее внушение, что за безбрежным морем есть еще безбрежный океан. Только поняв это, можно воспевать речку, что протекает возле твоего аула», – деп жазады (М.Ауэзов в воспоминаниях современников», А, 1997, с. 22-23). Иә, башқұрт суреткері айт­қандай, буырқанған бұлақтар мен тулаған теңіздерден кейін айдыны кең алып мұхит басталады. Оның аты – Мұхтар Әуезов.
Мұхтар Әуезов Кеңес Одағындағы туысқан халықтар әдебиеті өкілдерін ғана емес, Азия және Африка, Үндістан мен Таяу Шығыс, түркі-мұсылман дүниесінің айтулы қаламгерлері еңбектерін қалт жібермей қадағалап отырған. Жазушы өзінің 1955 жылы Үндістанға барған сапарында азат­тық үшін күресуші Азия халықтары жазушыларының ынтымағы мәселесін көтереді. Азия және Африка елдері жазушыларының 1958 жылы қазан айында Ташкент­те өткен конференциясында Орталық Азия және Қазақ­стан жазушылары атынан тебірене сөз сөйлеп, түбі бір туысқан халықтар әдебиетінің келелі мәселелерін қозғайды. Оның бұл сөзі қос континент қаламгерлеріне қат­ты әсер еткен. Шығармаларын француз тілінде жазған белгілі Камерун жазушысы Бенжамен Матип: «Мұхтар Әуезовтің тамаша кітабын ағылшын тілінде оқып шықтым. Қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы керемет «Абай» романында қалай тамаша сурет­телген! Сіздің бақыт­ты халыққа мен шынайы көңіліммен қызығамын, ал сіздің өзіңізді өлмес туындыңызбен құт­тықтаймын!» – деп жазады.
Кезінде «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясын баспаға дайындау барысында ұлы жазушыға Лениндік сыйлықты тапсыру сәтін бейнелейтін фотосурет­ті іздегеніміз бар. Әдет­те, мұндай сыйлықты мемлекет басшысы тапсыратыны белгілі. Таппадық. Оның себебін осы эссеге қатысты материалдар жинау барысында қазақтың талғампаз қаламгері Тәкен Әлімқұлов ағамыздың сыйлық берілген соң «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Достар лебізі» мақаласынан ұшырат­тық.
Тәкен ағамыз: «Жақында Москвада Мұхтар Әуезовке Лениндік сыйлық тапсырылды. Әдет­те үлкен сыйлықтар кеңзалда, көптің алдында табыс етіледі. Бұл жолы ол дәстүр сақталған жоқ», – деп жазады. Себебі Мұхаң сыйлық берілер сәт­те сырқат­танып, ауруханаға түскен. Сауығып шыққанда Лениндік сыйлық беру жөніндегі комитет төрағасы Николай Тихонов бастаған Кеңес Одағының әйгілі мәдениет және әдебиет қайраткерлері Мұхаң жатқан «Москва» қонақүйінің 659-бөлмесіне келіп, мәртебелі марапат­ты өз қолымен кемеңгердің кең кеудесіне жарқырата тағып: «Мұхтар Әуезовтің жиырма жылға созылған сабырлы, тындырымды, қажырлы еңбегі жемісті аяқталды. «Абай жолы» роман-эпопеясы бүкіл совет әдебиетінде үлкен де тың оқиға болып отыр. Шығарманың дүниежүзіне жедел тарап кетуі де тегін емес», – деп замана шындығына сай әділ бағасын берген екен («Қазақ әдебиеті», 1959 жыл, 19 маусым).
Т.Әлімқұловтың бұл мақаласы да Әуезов туралы ешбір жинаққа енбепті. Білмекке құмарлар үшін арнайы келтірдік.

Ұлылыққа тағзым

Ой үстіндегі оқымысты

Мұхаң қолданған оннан астам бүркеншік есімнің өзіне ерекше ұнайтыны Қоңыр болғанға ұқсайды. Бұл – оның сәби күнінде-ақ құлағына майдай жаққан сөз. Содан болар, Абайға қарата айтылған «қоңыр қозымды» Мұхаң Зере әженің аузына салады. Зер сала оқыған жанға «Абай жолында» «қоңыр жел», «қоңыр кеш», «қоңыр күй», тіпті «қоңыр төбел атқа» дейін бар.
«Коңыр» – Мұрат Әуезге де ерекше ұнайтын ұғым. Ол әкесі туралы «Воп­лотивший степь в бессмертное слово» ат­ты мақаласында: «Қоңыр – из числа сокровенных слов казахского языка. Слова, ведомые қоңыр, называют идеаль­ные для взора, слуха, плоти, души и разума человека», – деп жазады («Литературная газета Казахстана», 2007, №12).
Орайы келгенде айта кетейік, Мұхаң Абай Құнанбаевтың айтпаған, айтса да бізге жетпеген асыл ойларын кейіпкер Абайдың аузына салады. Бұл туралы ол Тәкен мен Зейін інісіне жазған хатында: «…Мына кітапта ойшыл болған Абайлардың аузында Абай өзі айтпаған, бірақ айтуға мүмкін нелер шебер, терең философиялық афоризм толғаулар бар», – деп өзі ашып көрсетеді.
Алпыс жылдығын әлем жұртшылығы алдында маңдайын жарқыратып өткізген Қоңырдың өмірі ендігі жерде тірліктің қоңыр күзіне қарай аяқ басты. Өзіне тиісті сыбағасынан сан мәрте қағылып, түндігі теріс айналған кесапат заманда қазақ деген қара орман жұрт­тың ішінен суырыла шығып, жарты әлемге билік жүргізген Кеңес Одағындай алып империяның ең мәртебелі марапатына ие болғаннан кейін Әуезов байсал тауып, сараман жолға түседі. «Болдым-толдым» демей, егей тірлігін ешкімге міндет етпестен ежелгі дағдысымен қалам мен кітапқа деген қызметін адалынан жалғастырады.
Сыйлықты тапсырушылар мен «құт­ты болсын» айта келген қошеметшіл қауымның соңы саябыр тартқан соң, Мұхаң Қырғыз Алатауының салқын сабат жайлауында орналасқан Шолпан Атадағы саяжайына оралады.
Ұзақ жылғы талас-тартысқа толы тірліктен соң, бұл нағыз дем де, ем де алатын кез еді, бірақ жазушы қаламға қызмет етуін бір сәтке де тоқтатпайды. Бұл туралы суреткер өмірінің кейінгі жылдарында машинистка қызметін атқарған Ғазиза Бисенова апамыз да естелік қалдырған екен. Көз жіберіп көрелік:
«Мұнда да Мұхаң жұмыс тәртібін қат­ты ұстады. Ертеңгі сағат алтыда тұрып, екі сағат бо­йы көл жағасында сейілдейді. Дачадан ұзап, өзі оңашаланып, бірнеше шақырым жүріп қайтады. Сағат сегізде қайтып оралып жуынады, қырынады. Осыдан кейін бүкіл үй-іші болып сағат тоғыздың кезінде шайға отырады. Онға кетер-кетпесте жазушы диктовкаға кірісіп кетеді. Бағана көл басында серуендеген кез­де жазушы басына ұялаған ой телегесі тасқан судай ағыла жөнеледі», – деп жазады Ғазиза апамыз.
Бұл дәйекті екі түрлі себеппен келтірдік. Біріншісі – қаламгердің жазу машығын білсін дегендіктен. Екіншісі – естелікте айтылатын «диктовка» жайы­нан хабардар ету үшін.
Әуезов шығармашылығына мін тағушылардың үлкен бір тобы оның ұзақ жылдар бо­йы ұстанған дәл осы дағдысын сынға алады. Әрине, мұндай әңгіменің шет-жағасын Әуезов жақсы білген және ол туралы ресми сұхбат­тарында болмаса да достарына жазған хат­тарында оның себеп-сырын өзі ажыратып берген. Мұхаң «Абай жолының» орысшаға аударылуы хақында 1956 жылы 7 тамызда іні-достары Т.Әлімқұловқа, З.Шашкинге жазған хатында: «Бұл іске Фаизова біраз қырсық жасап жүр деп естимін. Оны қазақ тілінің қасиетін білмейтін себепті мен браковать еткен соң, әсіресе шаптығатын көрінеді. Мені «диктовать» етіп жазады, асығыс стенограмманы ұсынады, тілі нашарлап кеткен, «исписаться еткен» деп те орыс адамдарына, редакцияларға сөйлейтін көрінеді», – деп жазады.
Жазушының елу томдығында жарияланған бұл хат­тың түсініктемесінде Фаизованың кім екені көрсетілмеген. Ол туралы «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясында да дерек жоқ. Енді осы жайға аз-кем анықтама беріп өтейік.
Әуезовтің хатында Фаизованың есімі Разия екені, оның татар ұлтынан шыққаны көрсетілген.
Татар ағайындар – өз тарихына өте ұқыпты халық. Фаизованы біз ұмытсақ та, олар ұмытпай жержүзіндегі татар тарихына азды-көпті үлес қосқандарын түгел қамтыған ұлт­тық энциклопедиясында: «Фаизова Разия Зиятдиновна (1916-82), переводчица. Перевела на рус. яз. произв. Г.Ибрагимова, Г.Баширова, А.Расиха», – деген тілдей мақала берген (Татарский энциклопедический словарь, Казань, 1999, 606-бет).
Татар халқына, әсіресе олардың қыз-келіншектеріне жақын жүретін Әуезов басына пәле болып жабысқан Разияны кезінде өзі таңдаған екен. Ол хатының басқы жағында: «Осының аудармасын В.В.Смирнова ауырып қалып, қат­ты созып кет­ті. Кейін соған көмек етсін деп Фаизова Разияны біз атап едік. Артынан ол араласпасын деп өзім қайтып алдым, себебі ол қазақшаны түсінбейді, танымайды екен», – деп жазады.
Мұхаң Р.Фаизовамен Қазақ­станда танысқан сияқты. Разия бір кез­дері азербайжан әдебиетінің классигі Мамед Кязим Алекпероглы Алекперлиге күйеу­ге шыққан. Алекпероглы 1937 жылдың репрессиясында «халық жауы» ретінде ұсталып, 1938 жылы атылып кеткен соң Разия Мәскеуге оралып, Әдебиет институтындағы оқуын жалғастырып, қолынан келгенше әдеби аударма жасап, нәпақа тауыпты. Соғыс басталған 1941 жылы Қазақ­станға эвакуацияланып, 1944 жылы Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық газетінде жауапты хатшы, редактор қызметін атқарыпты. Кейін Мәскеуге қайтып, өзін татар, азербайжан және қазақ әдебиетінің білгірі ретінде жариялап, аударма, рецензент­ жұмыстармен айналысқан көрінеді.
Татар әйелдері қаншыл болады.
Разияның бұл «қасиетін» Әуезов те байқап: «Өзінің ертеден кешке дейін мақтайтыны татар әдебиеті, татар жазушылары болатын да, менің өзгелерден басқарақ абырой-жәйімді қызғанатын кеселі де бар-ды», – деп Разия ханымды «жақынырақ» танитынынан хабар береді.
Разия ханымның әсіретатаршылдығының да мәні түсінікті. Шындығын айт­қанда, Иван Грозный қанға бөктіріп Қазанды алғаннан кейін-ақ Ресей ықпалына ертерек түскен татарлар оқу-білім жағына келгенде XX ғасырдың басына дейін қазақтардан озық тұрды.
Алаш қайраткерлерінің азат­тық рухымен қуат­танған қазақ қоғамы тез оянып, аз ғана уақыт ішінде әдебиет пен мәдениет жетістіктері жөнінен озық елдердің қатарына қосылды. Мағжан Жұмабаев өзінің ғажайып жырларымен орыс поэзиясының таңдаулы өкілдерімен иық тірестіргенде, Мұхтар Әуезов жиырмасыншы жылдардағы әңгімелерімен еуропалық әдебиет биігіне көтерілді. Бұл кез­де татар әдебиетінің ең көрнекті өкілдері сол баяғы ағартушылық сарынның төңірегін шиырлап жүрген. Фаизова болса, ертеректе қалыптасқан осы астамшыл пікірдің көлеңкесінде қалып қойған.
Разиядай кінәмшіл аудармашының кілтиме пікірі Әуезовтей алыпқа көп кіпарат әкелмесе де, әжептәуір әбігерге салыпты. Мұны да кейінгілер білсін деп жаздық.
Әуезов хатына қайта оралып, әлі күнге дейін жазушының соңынан қалмай келе жатқан «диктовка» жайына ойысар болсақ, оның да орнықты жа­уабын Мұхаңның өзі беріпті: «Менің диктовать еткенімді айтса, мен анау «Абай» романының қақ жарымын – жұрт сүйсініп жүрген қақ жарымын да солай жазғам. Мен диктовать еткелі 14 жыл болды. Заманында Марк Твен, Лопе де Вега, талай жазушы тәжірибе ала келе жазған-ды. Қазір Симонов та солай жазады. Вообще, бұл – не былшыл, не сандырақ!… Жай бір кез­дегі біздегі ит қызғаныштан шашыраған танту-қаңқу сөз болса, ол – кімге дәлел, неге дәрі?!» – деп жер қозғалса оңайлықпен қозғала қоймайтын Әуезов ашулана, ашына жазады.
Таңғажайып бұл хат­та Әуезовтің шығармашылық лабораториясынан хабар беретін біраз мағлұмат бар. Жазушы диктовкамен 14 жыл бо­йы айналысып келе жатқанынан хабар береді. Егер хат­тың 1956 жылы жазылғанын ескерсек, ол мұндай машыққа 1942 жылдан бері көше бастаған.
Әуезов жазып отырған Марк Твенді кеңес балаларының бәрі дерлік Том Сойер мен Гекльберри Финнің кіндік әкесі ретінде өте жақсы біледі. М.Твен балалар жазушысы ғана емес, үлкен ойшыл, философ қаламгер еді. Әлем әдебиетінің қос алыбы Фолкнер мен Хемингуэй Марк Твенді американ әдебиетінің атасы санаған.
Марк ақсақал көп туындыларын Мұхаң сияқты диктовкамен жазыпты. Оның өсиеті бо­йынша қайтыс болғаннан кейін 100 жыл өткенде, тек 2010 жылы ғана толық нұсқасымен жарық көрген «Ғұмырбаянының» алғысөзін жазған Гаррит Элинор Смит оның ең алғаш диктовканы 1873 жылдан бастап, 1885 жылдан тұрақты түрде әдеби дағдысына айналдырғанын атап өтеді (Твен М., Автобиография. М., 2010, 17-бет). Егер М.Твеннің 1910 жылы қайтыс болғанын ескерсек, оның шығармашылық өмірінің едәуір бөлігінде диктовканы пайдаланғанын аңғарамыз.
Сэмюэл Клеменс (Марк Твеннің шынайы аты-жөні) 1902 жылы 16 қаңтарда Хоуэллсқа жазған хатында: «Вы никогда не узнаете, сколько удоволь­ствия потеряли, пока не приступите к диктовке своей автобиографии: тогда Вы с болью осознаете, что могли заниматься этим всю жизнь, если бы только Вам посчастливилась об этом подумать. И вы будете изумлены (и очарованы), увидев насколько это непохоже на беседу и насколько правдиво это звучит», – деп диктовка жасаудан қаншалықты ләззат алатынын қуанышпен хабарлайды (Сонда, 21-бет).
Мұхаң М.Твеннің өзіне ұқсас осы бір қасиетін жақсы білген. Қолына жағып, көкейіне қонған соң өмірінің соңғы кезеңінде берік ұстанған. Әуелі жазар мәтінді оңашада ойланып, жадына жазып, кейін асықпай мәшіңкеге диктовка жасаған. Одан шыққан мәтінмен қосымша жұмыс істеп, өз қолымен түзетулер енгізген. Кейбір жарамсыздау деп тапқан тұстарын мүлде қайтадан жазып шыққан кез­дері де болған. Мұның бәрі жазушы мұражайында толықтай сақталған.
Осыған қарап, «Мұхаңның 1942 жылдан бергі шығармалары түгелдей диктовкамен жазылған екен» деген пікір туындамаса керек. Ол диктовканы өзі жазатын шығармаларын ұзақ жылдар бо­йы ойланып-толғанып, әбден жетілген кезінде ғана пайдаланған.
Жазушы өмірбаянының мына бір ерекшелігіне айрықша назар аударған жөн. Ол – Мұхаңның ағыны қат­ты дариядай ағып тұрған шешендігі. Мұны Әуезовтің алдын көрген, дәрісін тыңдаған академик Зейнолла Қабдолов бастаған шәкірт­тері төгілдіре жазады. Кезінде Әуезов лекцияларынан жасаған конспектісін жазушы Сәкен Жүнісов жеке кітапша етіп те шығарды.
Мұндай сөйлеуі мен жазуы бірдей ділмәр адамға диктовка жасау өте қолайлы. Оның үстіне әңгіме өзі алты жасынан бастап, санасына әбден сіңірген Абай туралы болса. Сөздің ығыты келгенде айта кетейік: жазушының шығармашылық ерекшеліктері туралы қалам тартқан әуезовтанушылардың жас буыны қаламгердің осы бір айрықша машығы туралы тереңдете текстологиялық зерт­теулер жасаса, сауабы мол іс орнынан қозғалар еді. Ақпарат­тық технологиялық заманда бұл аса қиын шаруа емес.

«Жас тұлпардың»
кіндік әкесі

Мәскеулік жас денди Мұрат Әуезов

Алатаудың төрінде, Ыстықкөлдің жағасында жан жадыратар жақсы демалыстан соң Америкаға баратын сапарға тиісті құжат­тарын рәсімдеу үшін Мәскеуге оралған Мұхаң 1959 жылы қарашаның 14 жұлдызында Фатимаға кезекті хатын жолдайды. Әрине, олар бұдан кейін де хабар-ошар алысып тұрған, бірақ бұл – мұрағат­та тіркелген соңғы хат.
Хат­та Кеңес Одағының тізгінүзді жастарымен білім бәйгесіне түскен ұлы Мұрат­тың жағдайына тоқталады. Мұхаң: «Оның дені сау, менімен жиі көрісіп, келіп тұрады. Бір күн өзім машинамен тұратын жері Черемушкийге апарып салып, үйлеріне де кірдім. Төрт студент бір бөлмеде, бөлме үлкен, жап-жайлы, таза», – деп алыстағы ұлына алаң болған Фатиманың көңілін сабасына түсіреді.
Ана атаулының алаңдайтыны баланың үстіндегі киімі, ішер тамағы, денінің саулығы екенін жақсы білетін жазушы бұл жайлы да мол мағлұмат­тар беріп:
«Мұрат­тың үстіне бірнеше жақсы киім әпердім. 2500-ге пальто алды. Әрі күздік, әрі қыстық. Астарымен қаракөл жағасы бар. Керегінде ала бөлек алынатын боп тігілген. Күзде жаға салатындай ұсақталы астарын қабат­тамай киеді. Күн суық болса соларын қосып киеді», – деп баласын Мәскеудің қысына қапысыз дайындағанын жеткізеді.
Өзі Мәскеу мен Ленинград театрларының әрбір премьерасын бос жібермейтін драматург-жазушы мұны да назардан тыс қалдырмай: «Екінші жақсы көк костюм әпердім. Кешкі уақыт­тарда жиынға, театрға барса, кешкілік киім болсын дедік. Ақ көйлектері, галстук те бар. Әдемі қара бантик те алдық. Енді соларын түгел кигенде көркем, сыпайы, өнерлі жігіт болып шыға келеді», – деп соғыстан кейін қоңторғай тіршілік кешкен мәскеулік жастармен салыстырғанда ұлының ең жас дендилер қатарына қосылғанын мақтанышпен хабарлайды.
Жас күнінде ат жалында өсіп, кейін Семейдегі тұңғыш футбол командасы «Ярыштың» құрамында ойнаған Мұхаң спорт­тан да құралақан болмаған. Әуезов бұл жағын ұмытпай: «Саушылығыңды көп ойла, бір жағынан, демалыс, таза ауа, тәуір тамақ, спорт сияқтылардан қол үзбе дедік. Соңғысы, әсіресе Мәскеу ауасында аса қажет», – деп буыны бекіп, бо­йы ұзарып, азамат қатарына қосылған ұлының құлағына спортпен айналысу керегін де құя түседі.
Шындығында, Әуезовтей мейірбан әкенің дәл осындай қапысыз қамқорлығы, ақыл-кеңесі, жылы киім, тәуір тамақтануға жасаған жағдайы болмаса, нараулау туған Мұрат­тың Мәскеудің қытымыр ауа-райын бірден көтеріп кетуі де қиындау болар еді. Мұхаң ұлының тұрмыс-тіршілігін ғана емес, оқуының жай-күйінен де молырақ хабар беріп: «Сабағы жақсы басталған тәрізді. Маған қытай иероглифтерін жазып та көрсетеді, сөйлеп, айтып… Жақсы меңгеріп келе жатқан беті», – деп баласының үлкен ықыласпен қытай тілін меңгеруге кіріскенін риза-хош көңілмен баяндайды.
Ары қарай Мұрат­тың болашағы туралы зор жоспарлары барын аңғартып: «Аман болса екі жыл осында төселіп алған соң, қалған үш жылын Пекинге жіберіп заграницада оқытсақ деген ойым бар. Сонда бұл ғылым саласына мейлінше жетігіп шығады», – деп жазады.
Мұхаң ұлының келешегін ғылымнан көргісі келетіні осы хат­тың соңғы сөйлемінен айқын аңғарылып тұр. Алысты болжайтын жазушы мұны қалай жүзеге асыруға болатынын да алдын ала жоспарлап қойған. Ол: «Студент­терді жыл сайын Мәскеу – Пекин арасында айырбастап алу дәстүрі бар. Сол рет­те баратын болар. Институт­та көп оқушы емес, онысы жақсы. Әр профессор әр жеке студентке жақыннан көмек-жәрдем беруге оңай болады», – деп Мұрат­тың Мәскеу университетіне түскен жылынан бастап, бітіргенге дейінгі барлық атқаратын шаруасының алгоритмін айқындап береді.
Келесі жылы Мұрат университет­тің бірінші курсын үздіктер қатарында тәмамдағанда Мұхаң ұлын жанына алып, бір жағынан – әке, екінші жағынан, МГУ-дің профессоры, ұстаз ретінде ақыл қосып, ой салып, болашағына бағыт-бағдар сілтеген. Арада тағы бір жыл өтіп, бір кез­дегі алтын балақай Мұрат балаңқы кезеңді артқа тастап, ғылым мен білімнің тәжірибесін молырақ жинауға ұмтылған бадалыққа қарай ұмтыла түсті.
Мұхаң Мәскеу ауруханасына жатқанда ерте есейген Мұрат университет­тің екінші курсын тәмамдап, әжептәуір тәжірибе жинақтап, өмірлік ұстанымын қалыптастырып, алдағы бағыт-бағдарын айқындап қалған азамат­тар қатарына қосылды. Мұрат әкесімен өзінің ғылым-білім жолындағы мақсат-мұрат­тарымен қатар, қоғамдық-саяси істерге де белсене араласа бастағаны туралы ой-пікір бөліскен.

Ерлі-зайыпты Әуезовтер

 Ұлы жазушы бұл кез­де алпысыншы жылдардың басында Мәскеудің шығармашылық ортасында орныға бастаған «жылымық» («от­тепель») ат­ты жағымды үрдістен жақсы хабардар болды. Егер бұл үрдіс алдағы жылдарда жалғасын табар болса, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, әсіресе жан алысып, жан беріскен сансыз көп күрестер мен шайқастардан тұратын ұлт тарихын түгендеуге септігін тигізіп, туған халқының талай мәрте қуғын мен қудалауға түскен қаһармандық эпостарының түгелдей қайтып оралатынын, репрессияның құрбаны болса да араға жылдар салып оқырмандарымен қайта қауышқан Сәкен, Ілияс, Бейімбет­термен қатар Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбектердің де ақталатын күні жақындай бастағанын сезді. Мұндай іске Мұрат сияқты уызынан жарыған, бауырынан жараған білімді, қуат­ты жастардың керек екенін жақсы түсінді. Сол үшін ұлының кейін «Жас тұлпардың» алтын қазығы болған қоғамдық қызмет­теріне дем беріп, қолдау көрсет­ті.
Осы тұста әуезовтанушылардың назарынан тыс қалып келе жатқан жазушы қаламынан шыққан ең соңғы хат­тардың біріне, баяғы Кәмен ағаға арналған 25 маусымдағы хатпен бір күнде қағазға түскен мына бір жазбаға үңіліп көрейік. Осы хат­тың үнемі назардан тыс қала беруінің сыры – ол жазушының көптомдығына енбегені. Ол Мұрат­тың жеке мұрағатында сақталып, кейін «Атамұра» баспасынан жарық көрген Фатима апамыздың кітабында басылған.
Хат Фарида есімді әйелге арналған. Сыңайына қарағанда сол кез­дегі Семей облыстық партия комитеті мен облаткомдағы басшылық қызмет­те болған адам. Жазушы елге бара жатқан ұлының бастамаларына көмек көрсетуді сұрап: «Он студент МГУ, едет по заданию своего вузовского комсомольского комитета читать лекции на научно-популярные темы. Я адресую его к Вам, помня нашу хорошую, добрую дружбу с Вами», – деп жазады.
Мұхаң ұлының «ғылыми-танымдық тақырыптарға» лекция оқуын ұйымдастыру туралы жартылай жұмбақтап жазған өтінішінен Семей жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастарына Кеңес Одағына еркіндік ала келген жылымықтың жай-күйінен хабар беріп, олардың мұндай мүмкіншіліктен шет қалмай, саяси күрестерде шыңдала беруін қалағанын аңғару қиын емес. Хат­тың орта тұсында лекция мәселесіне тағы да айрықша екпін түсіріп: «Помогите, пожалуйста, чтобы ему дали почитать его положенные лекции», – деп тағы да қиыла өтініш жасайды. Мұхаң ұлына Семей қаласымен ғана шектеліп қалмай, Абай ауданына баруды тапсырған. Мұны хат­тағы: «Кроме того, он хочет поехать на родину своего отца в Абаевский район», – деген сөздерден аңғаруға болады.
Әрине, Мәскеу университетінің қытайтану бөлімінде оқитын Мұрат­тың сол кез­де кетеуі кете бастаған кеңес-қытай тақырыбына лекция оқуы мүмкін емес, бұл дәрістердің мәні, Шәкәрім ақсақал айт­қандай, «бұрынғылардан өзгерек» еді. Сондықтан оған жастардың өз тілінде сөйлейтін Мұрат сияқты жас азамат керек екенін, «артық алу, не кем салу, қапы қалу жарамас» екенін жақсы білді. Сол себепті «қымбат­ты Фаридаға» ұлының лекцияларын ұйымдастыруға қолғабыс жасауды қайта-қайта тапсырады.
Мұрат ағамыз бізбен болған сұхбат­тарында «Жас тұлпардың» жай-күйі, бағыт-бағдары жайлы әкесіне бірнеше рет баяндағанын, ал күрескер Әуезов баласының оқу-біліммен шектелмей, қоғамдық істерге де бел шеше араласуын қолдайтынын ашық түрде жеткізген және оны Мәскеу жастарының үрдісінде, әуелі партия, кеңес қоғамы мүмкіндік беріп отырған ой бостандығы, шығармашылық еркіндік туралы әңгімелерден бастау керегін ұсынған. Сондықтан «Жас тұлпардың» кіндік әкесі де, қос алақанын толтырып бата берген данагөй қариясы да кемеңгер Мұхтар Әуезовтің өзі екенін ұмытпау керек.
Егер ұлы суреткер алдағы отадан аман қалғанда қазақ әдебиеті мен рухания­тының беталыс-бағыты мүлде басқаша болуы бек мүмкін еді.
Әрине, Әуезов бар ғұмырын сарп еткен «Абай жолындай» тағы бір ғажайыпты дүниеге әкеле алмас еді, бірақ қазақ әдебиетінің өзінен кейінгі тегеу­рінді толқынын қанатының астына алып, олардың әлем әдебиетінің биік белестерін бағындыруына ақыл-кеңес қосып, бағыт-бағдар сілтейтін ақылман аға, ақжарылқап ұстаз болатыны айдан анық еді.
Орыс ағайындардың: «История не любит сослагательного наклонения», – деп айтатындай тарихтың тегершігін кері айналдыру мүмкін емес. Дегенмен әлем мойындаған Әуезов тағы бір он жылға аман қалғанда, жылымықтан басталған дүрмекпен Мағжан бастаған Алаш арыстары халқымен ертерек табысуы да мүмкін еді. Алпысыншы жылдар соңында мұндай ұмтылыстар болды да, бірақ ақырып теңдік сұрайтын Әуезовтей арыстандар болмады.

Мұхаң Абай елінде, 1957 жыл

Егер қазақ қоғамы Алаш арыстары шығармаларымен алпысыншы жылдары танысуға мүмкіндік алғанда ұлт­тық ой-сананың 70-80 жылдардағы даму деңгейі мүлде басқаша биікте болып, ғылым-білім, руханият сахнасына Алаш мұрасымен ауызданған қуаты мол, әлеуеті күшті жаңа буын өкілдерін шығарар еді.
Мұхтар Әуезов Кәмен мен Фаридаға арналған хат­тарды жазған соң араға бір күн салып бақилық сапарға ат­танды.
Оның жұмбақ өлімі жайлы түрлі конспирологиялық тұжырымдар әлі күнге дейін желдей еседі. Жазушыны Мәскеуге ат­танар алдында, Кунцеводағы ауруханада жатқанда көргендердің барлығы дерлік оның көңіл күйі жақсы екені, жанын қинайтындай сырқатының білінбейтіні, тіпті алдыңғы бірнеше жылға еркін жететін шығармашылық жоспар құрғандығы туралы жазады. Тіпті ең соңғы екі хат­та да пессимизмнің ұшқыны мүлде сезілмейді. Ендеше, қазақ қоғамын зар еңіреткен ауыр қаза неден болды? Ол үшін тағы да жазушының көп ешкімге аша бермейтін жан сыры жасырылған отбасылық хат­тарға үңілуге тура келеді.
Ол Кунцеводағы ауруханаға түскен соң зайыбы Валентина Николаевнаға жай-күйі, денсаулығы жайлы молынан хабар беретін толығырақ хат жазған.
Мұхаң өзінің жатқан жері жайлы жан-жақты мағлұмат келтіріп: «Эта больница необыкновенно хороша, роскошна и удобна во всех отношениях. Пожалуй, правда, что такой больницы нет нигде за границей», – деп жазады. Жайлылық тұрғысынан алғанда жазушының аурухана туралы бұл пікірімен келісуге болады, ал медициналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек тұрғысынан алғанда кеңестік медициналық жүйе Батыстан көп кейін қалып қойған еді.
Жазушының палатасында тағы бір адам болған. Әуезов оны өте мәдениет­ті, сыпайы, мамандығы заңгер деп сипат­тайды және жалғыз-жарым жатуды жазушының өзі де қаламаған сияқты.
Хат­та ауруханаға түскеннен кейінгі тапсырған анализдерінің нәтижесі туралы да деректер бар. Ол: «Сегодня с утра пошли у меня анализы. Давление 120-70 – говорят, юношеское. Сейчас осмотрели два врача! Одна – лечащая, другая – завотделением. Состояние мое находят хорошим», – деп жазады.
Байқайсыз ба, қан қысымы, өзі айт­қандай, жас азаматқа тән, жай-күйі өте жақсы. Төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Ары қарай: «Говорят, что консультация будет самая квалифицированная. Сказали, что могут пригласить кого угодно…», – деп өзіне Кеңес Одағы бо­йынша ең жоғары медициналық көмек көрсетіліп жатқанынан хабар береді.
Ота жасалуын күткен жазушы өзінің денсаулығынан гөрі КазГУ-ге оқуға түсуге дайындалып жатқан ұлы Ернардың жағдайына көбірек алаңдап: «Пожалуйста, зорче, строже проследи за подготовкой Эрнара», – деп жазады әйеліне.
Сырқатының жеңіл-желпілеу ғана нәрсе екенін қайтыс боларынан 9 күн бұрын ғана Е.Ысмайыловқа жазған хатында: «Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да, операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса, кейінге несіне қалдырам?» – деп көрсетеді.
Шындығында, Әуезовтің сырқаты асқазандағы бір сылып алып тастаудан қалмайтын «полип» деген болмашы ғана өскін екен. Жазушының қазасынан кейін толтырылған «Өлімі туралы куәлікте» дәрігер өздеріне тағылуы мүмкін айып­ты жеңілдету үшін оның диагнозын «рак желудка» деп қоюлата көрсеткен. Асқазан рагына ұшыраған адам азып, арықтап кетеді. Оны біз осы ауру тым асқындап кеткен бүгінгі заманда көріп те жүрміз. Әуезов үнемі өзінің күйлі қалпын сақтаған. Ол бұл туралы Есмағамбетке жазған хатында: «Түбі бір операциясыз болмайтын болса, осындай семіз күйлі кезімде жасатқаным жөн бе деп тұрмын», – деп мұны қолмен қойғандай анық көрсетеді.
Мұхаңмен іштесе сырласып, ет-жақын араласқан Есмағамбет Ысма­йылов «Биіктей бергің келеді» ат­ты естелігінде жазушымен Мәскеуге ота жасауға жүрер алдында: «Ұлтабарда бір нәрсе бар екен, айтуларына қарағанда өзі сүйел сияқты, соны Кремль ауруханасында емделіп жазу керек немесе операция жасап алдыртып тастау қажет көрінеді», – деп сырқаты жайлы нақтырақ мағлұмат береді.
Әуезов бастапқыда сырқатынан, реті келсе, дәрі-дәрмек пен ем-дом арқылы айығуды қалаған. Болмаса, операция жасатуға да іштей тас-түйін дайын еді. Мұхаңның сөзінен осындай екіұдай хәлді аңғарып «операциясыз емделуге болмас па екен» деген Есмағамбет­тің сұрағына: «Полиптің арты жаман ауруға, дерт­ті ісікке соқтыру қаупі және бар. Мен оны да сезем, асқындырып алғанша, тәуекел қылып, несіне болсын шыдап баққан мақұл», – деп жауап қатыпты.
Бұдан шығар қорытынды: науқастың сырқаты – «сүйел сияқты бір нәрсе», яғни полип. Оның «арты жаман ауруға», яғни ракқа айналуы мүмкін. Тіпті дерт меңдеп, рактың алғашқы кезеңіне ұласқан күннің өзінде ол заманда да, бүгінгі күндерде де асқазанның қатерлі ісікке ұшыраған үштен бірін, кейде тіпті тең жарымын «асқазан резекциясы» деген отамен кез келген кәсіби хирург сылып тастайды. Мұндай отадан соң науқас дертінен құлан-таза айығып шығатын болған. Олардың талайын өз көзімізбен көрдік.
Мұқаңның дерті тым қиын болмаған. Жазушымен сол жылдарда жиі араласып, сырқатына байланысты түрлі ақыл-кеңестер берген академик Сайым Балмұхановтың айтуынша, егер Әуезовке операция Қазақ­станда жасалса, оның сәт­ті аяқталып, жазушының аман қалу мүмкіндігі өте жоғары болған. Ендеше, бар қазақтың қабырғасын қайыстырған өлім неден болды

Ұлылықпен қоштасу

Мен дәрігер емеспін. Жазушының сырқатына, көңіл күйіне, операцияға дайындық барысына қатысты материалдарды мұқият салыстырып, байқағаным: қателік ота жасаушылардан емес, нау­қасты операцияға дайындаған анестезиолог­тардан, яғни наркоз берушілерден кеткен сияқты.
Қиянатшыл дүниеден қырық жамау болған ұлы суреткердің жүдеу тартқан жүрегі дозасы тым артық берілген наркозды көтере алмаған.
Жазушының Есмағамбет Ысма­йыловқа жазған хатындағы: «Өмірді таза мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгіштігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыт­тана сүюім, шексіз қызығып сүюім анық мол», – деген өмірге ғашық жанның тұмадай тұнық сырларын тебіренбей оқу мүмкін емес. Жазушы алдағы отадан ешбір қауіп-қатер күтпейді. Ол өмір туралы толғаныстарын шабыт­тана толғап: «Бұның бәрі, былайша айт­қанда, өмірден «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса, «берімі де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек», – деп жазады. «Берімі сарқылмаған» жазушының алдында талай-талай тамаша жоспарлары болған. Оны операция алдындағы соңғы апта ішінде Т.Ахтанов, Е.Лизунова, З.Шашкин, М.Базарбаевқа жазған хат­тарынан анық аңғаруға болады.
Ұлы жазушының орны толмас ауыр қазасына байланысты «мүмкін қастандық болған шығар» дейтін күдікті ойлардың да әлі күнге дейін қылаң беретіні бар. Меніңше, дәл сол жылдарда Әуезовтей аз ұлт өкілінен шыққан, партияда жоқ, атақ-даңқы жердің жүзін шарлап кеткен жазушы Кеңес Одағы мен оның саяси жүйесіне аса қажет еді.
Кеңес жазушылары ішінен әлем тілдеріне молынан аударылған Әуезов көп ұлт­ты КСРО әдебиетінің ең танымал өкілі ретінде елуінші жылдардың ортасынан бастап жаһандық шараларға да жиі қатыса бастаған. Егер оның зор беделінен секем алғанда алыпты Лениндік сыйлықтан-ақ құлатуға болар еді, «шетелде қалып қоюы мүмкін-ау» деп күдіктенсе АҚШ, Жапония, Үндістанға да жібермес еді. Операциядан кейін Ағылшын кеңесінің директоры Пол Синкердің шақыруымен өзі талай аударған Шекспирдің Отаны да қазақтың ұлы драматург-жазушысын күтіп тұрған болатын.
Әуезовтей алыптың қазасы бүкіл қазақ қоғамын есеңгіретіп кет­ті. Кемеңгерді соңғы сапарға шығарып салып, жер құшағына беру рәсімінде оның ұзақ жылдар бо­йы сырлас досы болған Ғабит Мүсіреповтің: «Біз бүгін ауыр қайғының үстіндеміз. Ардақты ұлынан, асқар белінен айырылған қазақ халқы үшін бүгін – қаралы күн, азалы күн! Бүгін қазақ әдебиеті көлденең бір жұтқа ұрынғандай. Басқа мадақтарын қоспай-ақ, Мұхтар Әуезов дегенде ғана аузымыз толмаушы ма еді? Ойымыз да лық толатын. Бетке ұстасақ, панаң қандай еді! Оны ешкім ұмыта алмас», – деп бүкіл қазақ қоғамы атынан егіле, төгіле толғанады.
Мүсіреповтей сөз зергерінің қимас досын қайтпас сапарға ат­тандырып тұрып айт­қан жоқтау сөзінде «осы заманның ең бір сұм дерті – рак ортамыздан жұлып әкет­ті» деген жарым сөйлем мінсіз мәтінмен мүлде қабыспай тұр.
Ғабеңдей әр сөзіне ерекше мән берген шебердің ұлт­тың ұлы перзентімен қош­тасып тұрып, оның дертінің диагнозын дәл осылай төбеден түскендей етіп қойып қалуын ақылға сыйдыру қиын. Қазақ қаза атаулының себебін былай қойып, өзін де алыстан орағытып, тұспалдап жеткізген. Біздіңше, мұны түрлі қаңқу сөздерді болдырмау үшін Ғабеңдей дуа­лының аузына сұм заманның сұрқай билігі салған.
Ұлы жазушының соңғы демі тоқтағаннан бері ол туралы жазылған сансыз көп еңбектің өзінен жеке кітапхана жасауға болар дейміз. Оны талдау – әдебиет­шілердің үлесінде.

Темірге алтын қарытсаң, жайнап шығады

Әуезов шығармашылығына баға берілгенде біздің әдебиет­танушылар жазушымен ұзақ жылдар бо­йы сырлас, әріптес болған, «Мылтықты адамның» авторы, Лениндік сыйлықты Мұхаңмен бір жылда алған Николай Погодиннің: «Для Казахстана Ауэзов – второй Абай, для нас – восточный Шолохов», – деген сөздерін жиі мысалға алады.
Достық рәуіште айтылған орыс драматургі пікірінің алғашқы бөлігімен келісуге болады, ал қосанжарлаған қосалқысымен біз ғана емес, Мұхаңның өзі де келісе қоймас… Сөз жоқ, Михаил Шолохов – кеңестік дәуірдегі орыс әдебиетінің алыбы, Нобель сыйлығының лауреаты. «Тынық Дон» да – қабырғалы, кесек туынды.
Бірақ кеңес заманы әдебиетшілерінің қазақ кемеңгерін «Шығыстың Шолоховы» деуі оны көтермелеу емес, керісінше, қадіріне жете алмау сияқты көрінеді. Әуелі асыл тек, бекзат болмысты бүкіл профессурасы сақталған императорлық Санкт-Петербург университетінің Шығыстану факультетін, кейін түбі бір түркі зиялылары түгел бас қосқан Орталық Азия университетінің аспирантурасын тәмамдап, елуінші жылдары Кеңестер Одағының бас жоғары оқу орны – Мәскеу мемлекет­тік университетінің профессоры болған, академик Әуезовті небәрі орталау ғана білімі бар Шолоховпен салыстыруды олқысыну демей не дерсің.
Жалпы, үлкен қаламгерлер шығармаларын салыстырудың бос әурешілік екенін көне грек комедиографы Аристофан біздің дәуірімізге дейін-ақ күлкіге айналдырған. Әуезовті Шолоховпен немесе Шолоховты Әуезовпен салыстырудың еш қажеті жоқ. Бұл – берекесіз тірлік.
Михаил Шолоховтың ең әйдік шығармасының «әт­тең, шіркін, сөз таныр кісі болса, кемшілігі әр жерден көрініп тұрғанын» Мұхаң көзі тірісінде-ақ байқапты, бірақ көп ешкімге тіс жара қоймаған. Тек әйелі Валентина Николаевнаға жазған хатында ғана әңгіменің шет-жағасын шығарыпты. Отбасылық хат болған соң, бұл да зерт­теушілердің назарынан тыс қалып келеді.
Мұхаң 1960 жылдың 15 ақпанында Валентина Николаевнаға Мәскеуден жазған хатында: «Здесь я прочел Шолохова, это было моим полезным для себя трудом. Книга не понравилась: так много Щукаря в ней, что я ее назвал «Щукариа­дой», – деп жазады.
Қазақ кемеңгерінің пікірінен мысқыл мен кекесін есіп тұр. Шындығында Щукарь қарияның жылтыңдап, ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі жоқ. Мұны байқап қалған Әуезов оны Пушкиннің пародиялық поэмасы «Гавриилиадаға» ұқсатып, «Щукариада» деп әжуалап өтеді.
Әуезов Шолоховтың сөз өрнегін бағалай білген, бірақ шығарманың арқауы бос болғандықтан, жазушының еңбегі еш, тұзы сор болғанын білдіріп: «Что польза от того, что словесные узоры хороши. Узоры золотые оправданы, если они наложены на металл, а если наложены на рогожу? Досадный большой крен в воздушную яму, просчет большого художника прямо обиден. Но поучать боль­ше его все равно некому», – деп әсіре мақталып келген жазушыға ендігі жерде ақыл айтатын да ешкім қалмағанына қынжылыс білдіреді.
Әуезовтің теңеуі қандай керемет! Темірге алтын қарытсаң жарқырап, жайнап шығады, ал шөп-шаламға түсірсең саудырап түседі. Сондықтан сөз зергерлері өрнекті қайда түсіруді Шолоховтан емес, Әуезовтен үйренуі керек.
Осыған қарап, Мұхаң «Шолохов шығармашылығын мүлде қабылдамаған» деген пікір туындамаса керек. 1961 жылы орыс тілінде жазылған ең соңғы «Современный роман и его герой» ат­ты мақаласында: «Я не собираюсь отрицать, что и на очень малом можно раскрыть очень много. Пример тому – рассказ М.Шолохова «Судьба человека». Путь Андрея Соколова выбирает в себя путь целого народа», – деп жазады (Ауэзов М., Собрание сочинений, М., 1975, т. 5, с. 537).
Мұхтар Әуезов қазақ деген халықты күллі әлемге таныту үшін ел бағына туған қайталанбас талант иесі еді. Кезінде неміс жазушысы Альфред Курелла: «Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлде ештеңе оқымағаныңыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет! Қандай тұнық поэзия! Проза формасымен басылған осынау қалың-қалың екі томның өн бо­йында бір жол қара сөз болсашы», – деп шебердің қаламынан туған ғажайып эпопеяға өзге жұрт оқырмандары атынан тамаша баға береді («Біздің Мұхтар», А., 125,197-бет).
Әуезов – алып мұхит. Оның өмірі де, шығармашылығы да, адами келбеті де әлі толық зерт­телді деуге болмайды. Оның түрлі жиын, талқылау, мәжілістер мен отырыста сөйлеген сөздері, кітаптарға, КСРО халықтары әдебиеті мен тарих пәнінен қорғалған кандидат­тық, докторлық диссертацияларға жазған рецензиялары, тіпті шәкірт­терінің дипломдық жұмыстарына берген пікірлерінің өзі бірнеше томға еркін жетеді. Әр сөзі алтын суреткердің әлі күнге дейін түрлі мұрағат­тарда өз зерт­теушісін күтіп жатқан сол асыл қазынаны білімді, ізденгіш, қуат­ты жас буын өкілдері бүгінгі қазақ рухания­тының қажетіне жаратады деп сенемін.

ТҰЛПАРДАН ТУҒАН ТОБЫШАҚ

Асқар таудай әкесінің қазасынан ке­йін Мұрат еңсесін езген зілдей ауыр қайғыдан есеңгіреп қалды. Аза тұтумен өткен екі айдай уақыт ішінде ажары солып, қамырықты күй кешті. Әкесі барда жал-құйрығын жел тарап, бауырынан жараған күліктей жайнақтап тұратын жас азамат әбден жадау тарт­ты. Кеудесінде шыбын жаны бар дегені болмаса, сүлдесі құрып, инеліктей ілмиіп кет­ті. Ұйқыдан да қалып, түні бойы дөңбекшіп, ала сәуле тұрғаннан оянып кететінді шығарды. Бойынан әл кетіп, құмжілікке айналғаны соншалық, сүзек ұрғандай сүлдесі ғана қалып, тізесі дірілдеп орнынан әзер тұратын абдырауық күй кешті.
Көңіл айтушылардың қатары сиреген кез­де өзін алты жасынан бастап құшағына алған Алматыдан тезірек кетуге асықты. Мұрат қыркүйектің соңын ала Мәскеуге жеткеннен ке­йін де бір ай бойы жатақханада, университет аудиториясында, тіпті кітапханада ұшырасқан жандардың кез­дескен жерден көңіл айтып, мүсіркеуі онсыз да қаңырсыған көңілін одан әрі құлазыта түсті.
Осындай сұрқай күндердің бірінде шабаданын ақтарып, азалы көңілді алдарқату үшін ескі жазбаларын парақтады. Әкесімен Алматыда, Ыстықкөлдің жағасында, Мәскеудегі қонақ үйде болған сансыз көп сырласуларда қолы – қаламнан, тілі – сөзден, тізесі жау­дан сүрінбеген ақылман әкесінің әрбір сөзін қалт жібермей қойын дәптеріне түртіп алатын. Кемеңгер де ұлының бұл дағдысына риза көңілмен көзінің қиығын тастап қойып, қазақтың арғы-бергі тарихынан әңгіме тиегін ағыта жөнелетін. Абайға – ұстаз, «Абай жолына» кейіпкер болған Дулат ақынды ерекше жақсы көруші еді.
Мұрат өз жазбасындағы Дулат ақынның: «Есін жиып алған соң, Бозбала үйде жатпады. Тобышақ ат­ты баптады, Болат сүңгі саптады», – деген жолдарға көзі түсті. Дулат атасы бұл сөзді дәл өзіне қаратып айт­қандай денесі дір ете түсіп, лезде бойын жинап ала қойды.
Алатаудың етегіндегі өзіне бар мейі­рін төккен әкемен өткізген мақпал кештерді еске түсірді. Иә, дәл сол күні әкесінен «тобышақ» деген сөздің мағынасын сұраған. Ұзақ жыл ұстаздық еткен әке баласының айт­қан сөзді зе­йінмен тыңдап, зерделі сұрақтар қойғанын ұнататын. Сол жолы өзіне тән қоңыр дауысымен: «Пәлі, сенің мұндай сөздің мағынасын білуге құмарлығың мені ерекше қуантып отыр. Абайдың өзіне ұстаз болған Дулат қазақтың қара тілінен май ағызған ақын ғой. Бұл – атаңның «Атақоныс Арқадан» деген ұзақ толғауынан алынған жырдың бір үзігі ғана. Ке­йін уақыты келгенде түгелдей оқып аларсың. Ал тобышақтың мағынасы былай: қазақтың «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген мәтелін білесің ғой. Жүздеген ат­тың ішінен суырылып шыққан сәйгүлікті «жүйрік» десе, мың саңлақты артқа тастайтын арғымақты «тұлпар» деп дәріптеген. Ал алыс жол, ұлан сапарға шыдас берер тұлпардан туған қазанат­ты «тобышақ» деген қазақ атаң. Мұны білуге ұмтылысың маған ұнап тұр», – деп ұлының сұрағына ерекше риза көңілмен жауап берген.
Өрекпіген көңілін басып, тағы не жазылып еді деп ала қағазға үңіліп еді, көзі «Ер Еспембет» дастанындағы келесі жолдарға түсті: «Өңімде емес, түсімде, Көрсеткені Құдайдың. Сөз сөйлер деп тілеуші ем, Шаршы топта, алдында, Ығай менен сығайдың! Шепті бұзар деуші едім. Жаудың туын құлатып, Сұлу сүйер деуші едім. Елден таңдап ұнатып. Тұлпар мінер деуші едім. Тұйғын құстай алыстан, Тоят тілер деуші едім».
Мұрат жанын жегідей жеген күмірек күйді серпіп тастап, алыстан тоят тілеп, дүр сілкінген тастүлектей екі жағына шамырқана көз тастап, орнынан атып тұрды. Өң мен түстің арасындағыдай хәл кешіп тұрғанда, аузынан «аян ғой бұл» деген сөздердің қалай шығып кеткенін өзі де аңғармай қалды.
Апырм-ау, мынау аян ғана емес, өсиет екен ғой. Тереңнен толғап сөз сөйлеп, алысты болжап әрекет жасайтын әкесі мұны тегін жаздырмаған екен. Алмас қылыш болмаса да болат қаламын берік ұстап, қамал бұзар ой толғайтын, университет­тегі ығай мен сығайлар алдында қанатын қомдаған тұйғын құстай сөз қозғайтын кез келген екен ғой.
Бала күнінен әкесі санасына сіңірген Дулат­тың дауыл жырлары оның жүдеген ойына қанат бітіріп, әп-сәт­те түлетіп жіберді. Ол ескі түгін көк түбітпен ауыстырып, керме иығын серпіп тастап, күн нұрына малындыра жазылған құлаш қанат­тарын қылыш тұмсығымен тарап, сынған, тозған қауырсындарын бір-бірлеп жұлып, қаншегір көздермен жан-жағына от тастап, құз-қияда өзін-өзі түлетіп отырған бес жасар тастүлектей сезінді.
Әкесі дүние салғаннан ке­йінгі жай-күйі туралы Мұрат: «Әуелгіде күні кеше ғана мені бар ықыласымен құшағына алып, маңдайымнан сүйетін мейірбан жанның дүниеден өткеніне сенер-сенбесімді білмей әрі-сәрі күйде жүрдім. Алматыда өткен қаралы жиыннан ке­йін «осыншама адамның қабырғасын қайыстырып кеткен абзал жанның аманатын қалай ақтасам болады» деген ой маза бермей қойды. Әкемнің дүниеден өтер алдындағы айт­қандарын саралап көрсем: менің келешегімнен үміт күтіп қана қоймай, үлкен сенім де жүктеген екен. Тіпті оның маған сыйлаған кітаптарында осы «үміт» пен «сенім» деген сөздер үнемі қатарласып жүреді. Соны өтеу үшін мен тас-тү­йін болып жиналып, бар күш-жігерімді оқу-білімге жұмсай бастадым», – дейді Мұрат аға өткен күнді еске алғанда. Ол ендігі жерде бар ынта-ықыласын енді ғана игере бастаған шетсіз-шексіз шығыстану ғылымына салады.
Ілкіде бір ескертіп өткеніміздей, бір кез­дері бүкіл Кеңес Одағы бойынша араб, парсы, түрік тілдері бойынша мамандар даярлайтын әйгілі Шығыстану институты 1954 жылы Мәскеу мемлекет­тік университеті қарамағына беріліп, соның негізінде 1956 жылы 24 маусымда Шығыс тілдері институты құрылды.
Университет­тегі шығыстану факультетінің міндетін атқарған бұл институт түлектерінің дипломында «М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекет­тік университетін (Шығыс тілдер институтын) бітірген» деген атау қосақтап көрсетілетін. Мұрат университет­тің қытай тілі мамандығы бойынша оқуға түсті дегені болмаса, бұл факультет­тің оқу бағдарламасы өте күрделі әрі әлдеқайда ауқымды еді.
Қытай тілі – мың қатпарлы қытай тарихымен бірге жасасып келе жатқан әлемдегі ең көне тілдердің бірі. Онымен бір мезгілде дүниеге келген ежелгі шумер, аккад, хет­т тілдері мүлде келмеске кетіп, бүгінде бұл тілдердің табиғатын танудың өзі үлкен пікірталас тудырады. Адамзатқа алғаш әліпби сыйлаған финикий, арамей тілдері де әлдеқашан қолданыстан шығып, мүлде басқаша мағына мен атауға ие болды. Көне тілдер ішінде жалғастығын үзбей келе жатқан қытай тілі болғанымен оның өзі де тарих толқынында сан мәрте трансформацияланып, сан түрленуден өт­ті. Сол себепті қытай тілі мамандарын даярлайтын әлемнің барлық университетінде «путунхуа» деп аталатын осы заманғы қытай тілін оқытпас бұрын батыс және орыс ғылымында «вэньянь» деп аталатын ескі қытай тілін игеру үрдісі орныққан. Университет­тің шығыс тілдері институтында «негізгі шығыс тілі» ретінде – қытай тілі, ал «қосымша шығыс тілі» ретінде «вэньянь» оқытылды.
Оқырманға көне қытай тілі – «вэньянь» туралы аз-кем мағлұмат беріп өтейік. Қытайдың өзінде ежелгі қытай тілін «пиньинь» деп атайды. Еуропалықтар мұны өз ыңғайына қарай «вэньянь» деп алғандықтан батыстың лингвистика ғылымында осындай атау орныққан, бірақ ке­йінгі жылдарда қытай тілі беделінің арта түсуімен «вэньянь» атауын қытайлық үрдістегі «пиньинь» термині ығыстырып шығара бастады.
Классикалық «вэньянь» Қытай тарихшыларының пайымдауынша билікке таласқан патшалықтар дәуірінде, шамамен біздің дәуірімізге де­йінгі V ғасырдан бастап, яғни біздің Алтын адам өмір сүрген заманда ресми қытай тілі мен иероглифтер жүйесі ретінде қалыптасып, қалың қытайдың басын қосқан император Шихуанди тұсында ортақ тіл ретінде біржолата орнығады.
V-IX ғасырларда империяның солтүстік-батысында дүниеге келіп, аз ғана уақыт­та сол замандағы аса қуат­ты, қаһарлы мемлекетке айналған Түрік қағанаты тұсында Қытай көп шап­қыншылыққа ұшырайды. Мәмілеге шебер, тілі майда қытайлар сансыз көп қақтығысты бейбіт жолмен шешуге ұмтылып, мұның соңы император тарапынан жасалған көз алдайтын тарту-таралғылар жасау және қыз беріскен құдандалықпен аяқталып отырған. Мұндай алыс-берістің негізінде сірескен қытай тіліне мәдениеті мүлде бөлек жауынгер түріктерден жаңа ұғым мен тілдік нормалар да ауысқан.
Мұндай мәдениет­тер алмасуына де­йін «вэньяньда» бір ұғым, бір ғана иероглифпен таңбаланса, ендігі жерде қытай тіліндегі сөз жасау конструкциясы үлкен өзгеріске ұшырайды. Онда түркі тілдеріне тән ортақ заңдылық – аглютинативті принцип, яғни жалғанбалы жолмен сөз тудыру дәстүрі орнығады. Ендігі жерде екі ұғымнан тұратын күрделі сөз бұрынғыдай бір иероглифпен емес, екеумен беріліп, қытай тілінің грамматикасы түркілердің ықпалымен жаңаша сипат алады. Вэньяньнің осылай түрленген нұсқасын қытай тілтанушылары «тайхуа» деп атады.
Шыңғыс хан заманынан ке­йін Қытай билігіне данагөй Құбылай хан бастаған императорлар әулеті келіп, олар әлем тарихына «Юань империясы» деген атаумен енген жаңа патшалықты құрады. Біздің «Юань империясы» деп жүрген Құбылай хан құрған мемлекет­тің мөрдегі ресми атауында түркі-монғол сөзі менмұндалап тұр. Онда: «Их Юань улус», яғни «Ұлы Юань ұлысы», – деп тайға таңба басқандай анық жазылған.
Ұлы реформатор Құбылай хан жаңа астана Ханбалықтың іргетасын да өз қолымен қалайды. Бүгінгі әлем картасында «Бейжің» немесе «Пекин» деп аталатын Қытай астанасының әуелгі атауы түркіше «Хан­балық» болған.
Құбылай тұсында қытай тілі үлкен реформаға ұшырап, оған түрік, моңғол тілінен енген сөздер, әсіресе ресми титулатура, әскери терминология, көшпелі мәдениетке қатысты жаңа терминдер молынан енгізілді. Сөз тудырудың калька тәсілімен жасалған олардың бірсыпырасы бастапқыда өзінің түркі-моңғолдық ерекшелігін сақтап қалғанымен, біртіндеп сингармонизм заңдылығына сәйкес қытайлық сипат алып кет­ті.
Мұны дәлелдеу үшін әсірепатрио­тизмге салынбай-ақ, әйгілі синолог ғалымдар әлдеқашан мойындаған қытай тіліндегі жыл атауларындағы «айдаһарды» білдіретін uluw атауы түркідегі ұлу сөзінен, үлкен деген мағынадағы tay сөзі түркі тіліндегі «тайдан» (тай+қазан), wang – түркідегі «ау» сөзінен, wen – яғни таңба сөзі «ен» (ен салу), ал қытайдың дыбысты білдіретін «yin» сөзі – «үннен», «belge» – диплом, ат­тестат атауы көне түркінің «білгесінен» алынғанын айтсақ, жеткілікті болар дейміз. Ал қытай тілінде моңғолдан ауысқан сөздер бұдан әлденеше есе көп.
Кемеңгер әке қытай тарихынан өз ұлтының жоғын іздеп, барын түгендеу үшін дайындаған, бала күнінен білмекке құштар болып өскен Мұрат үшін
вэнь­янь сүйікті пәндерінің біріне айналды. Бұл туралы Мұрат өзінің 2013 жылы берген сұхбатында: «Оқуға түскеннен ке­йін әкем «қытайдың тілінде қазақтың тарихына байланысты көптеген дерек бар, оны үңіліп, зерделеу керек, – деді. Қараңызшы, қытайдың тілін біл десе де, әкем қазақты ойла деп санама құйып тұр», – деп атап көрсетеді (Әуез М., «Ділім», А., 2017, 50-бет).
Қытайдың 1920 жылға де­йінгі бар ескі тарихы, жылнамалары, философиясы, әдебиеті түгелдей көне қытай тілінде жасалды. Тілді тереңірек меңгеру үшін Мұрат жатақханада қытайлық студент Лю Чжиминмен бір бөлмеде тұрады.
Мұрат­тың дипломында негізгі шығыс тілі деген пәннің тұсында «қытай тілі» деп көрсетілген. Бұл ғылыми әдебиет­те – «путунхуа», ал Батыс әдебиетінде «мандарин тілі» деп аталатын қазіргі Қытайдың ресми тілі.
Бір ғажабы, қытай тілін реформалау да Құбылай хан билеген Юань империясы тұсында жүзеге асты. Ол қытай тілдер тобының солтүстік диалектілері негізінде «путунхуаны» қалыптастыра бастады. Егер ескі қытай тілі – вэньянь, негізінен, бір түбірлі сөздерден тұрса, путунхуада екі және одан да көп морфемадан тұратын сөздер басым болады. Бұлар қазіргі қытай тілінде өздерімен ұзақ жылдар көрші болып, алыс-беріс жасаған түркі, моңғолмен қатар, корей, жапон, вьетнам, үнді тілдер тобынан, тіпті еуропалық тілдер арқылы еніп, қытай тілінің үндестік заңына сәйкес түрленіп, лексикалық қордан берік орын алған неологизмдер еді.
Путунхуаның толық стандарты XX ғасырда жасалды. Ол қытай қоғамы реформаторларының ықпалымен 1920 жылдан бастап белсенді түрде тілдік қолданысқа енгізіліп, 1949 жылы ҚХР құрылғанда мемлекет­тің рес­ми тілі құқығына ие болды. Әйтсе де, Қытайдың XX ғасырға де­йінгі тарихы түгелдей ескі тілде жасалғандықтан ғылыми әдебиет­те вэньяньды қолдану үрдісі әлі күнге де­йін толастаған жоқ.
Мұрат университет­те қытайдың ескі және жаңа тілдерін қатар оқығандықтан қытай тіліндегі осы заманғы ауқымды ақпаратпен қатар ортағасырлық қытай қолжазбаларын еш қиналыссыз оқып, қытайтану ғылымының айдынында емін-еркін жүзді. Мұны қытайлық әріптестері үлкен білімдарлықтың белгісі ретінде айрықша бағалады.
Университет­тегі Мұрат­ты ерекше қызықтырған пәндердің бірі – Қытай тарихы болды. Қатпарлы қабат­тары мол аспанасты елінің тарихы тіл сияқты екі бөлікпен шектелмей төрт бірдей пәнге: ежелгі, ортағасырлық, жаңа және осы заманғы қытай тарихына жіктеліп оқылды.
Тарих пәнінен өткен лекцияларда Мұрат Қытай тарихының тасасынан үнемі өз халқының тауариғын іздеп отырушы еді. «Ежелгі қытай тарихы» пәнін оқу барысында сақтар мен үйсіндердің ертедегі қытай патшалықтарымен қарым-қатынасы, олардың арасындағы сауда-экономикалық, мәдени байланыстар, әскери қақтығыстар мен бітімдесу тарихы жайлы мол мағлұмат­тарға кезікті және олардың бәрі талапты жасты үнемі Ленин кітапханасына жетелеп, өз бетінше ізденуге жол ашты.
«Ортағасырлық қытай тарихын» игеру барысында Түрік қағанаты, қарлұқтар, оғыздар, қимақтардың қытай мемлекетімен қатынастары, Дешті Қыпшақ дәуірлеген тұстағы ұлы «Жібек жолы» бойында дамыған сауда-сат­тық, қала құрылысы мен архитектураның өркендеуі, қолөнер мен қолданбалы мәдениет­тердің дамуы мен өзара алмасуы ерекше қызықтырды. Жаңа Қытай тарихы пәнін өткенде Ресей отарлығының күшеюімен әлсірей бастаған Қазақ хандығын тығырықтан шығару үшін Абылай хан бастаған қазақ хандары мен сұлтандарының Цинь империясымен алуан сипат­тағы дипломатиялық байланыстары үнемі алдынан шығып отырды.
Қазіргі Қытай тарихы пәнін де қазақтардың қатысуынсыз көзге елестетудің өзі өте қиын еді. Бұл кезеңдегі Шығыс Түркістан, яғни Шыңжаңның Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында тұратын қазақтардың «Үш аймақ төңкерісі» ат­ты ұлт-азат­тық күресіне қатысты сол кез­де қалың көпшілік қауымға белгісіз деректерді алғаш рет университет профессорлары аузынан естіді. Ол кез­де МГУ-дің қытай бөлімінде оқитын студент­теріне университет пен Ленин кітапханасындағы қытай тіліндегі баспасөз бен ғылыми-саяси әдебиет­терді оқуға берілетін арнайы рұқсат болатын. Осыны пайдаланған Мұрат кітапханадан шықпай, шекараның арғы бетінде тұратын қандастарының өміріне қатысты мол мағлұмат­тарға кезікті және оны Мәскеуде оқитын қазақ студент­теріне жеткізіп отырды.
Студент Мұрат Әуезовтің университет профессорларынан төрт пәннен тұратын Қытай тарихын игеруден алған терең білімі оның ке­йінгі жылдары қазақ-қытайдың ежелгі байланыстары, Шығыс Түркістан қазақтарының арғы-бергі тарихы мен азат­тық күресіне қатысты еңбектері мен мақалаларында кәдеге жарап, қазақ оқырмандарының ортақ игілігіне айналды.
Университет­те оқытылған Қытай географиясы, Қытай этнографиясы, Қытай археологиясы, Қытай әдебиеті сияқты пәндердің барлығынан ежелгі сақ-үйсін, ортағасырлық түрік-қыпшақ, берідегі Қазақ хандығы дәуірлеріне қатысты деректер үнемі қылаң беріп отыратын. Мұндай пәндер бойынша өтілетін дәрістер алдында кітапханаға барып, қосымша әдебиетпен «қаруланып» келетін Мұрат профессорларға үнемі түркі-қазақ тарихына қатысты қосымша сұрақтар қойып, мазасын ала беретін. Оның сұрақтарына табан астында жауап бере алмай қиналатын ұстаздарының: «Студент Әуезов, сіз қазақтану емес, қытайтану мамандығы бойынша білім алатыныңызды ұмытпаңыз», – деп талай мәрте ескерту жасайтынын ке­йін жымиып еске алатын.
Мектепте әуелгіде неміс тілін оқып, әжептәуір шыңдалып қалған Мұрат университет­те міндет­ті түрде оқытылатын Батыс тілі ретінде ағылшын тілін таңдаған. Бұның да ке­йін, әсіресе дипломатиялық қызмет­те рахатын молынан көрді.
Ол кез­де шетел тілін тереңдетіп оқытатын кез келген кеңес университетінде әлдеқандай заман бола қалған жағдайда сақадай сай тұру үшін азамат­тық мамандыққа қосымша әскери пән де оқытылатын. Мұрат­тың тұстастары да бұл үрдістен тыс қалмай, соғыс бола қалғанда қытай тілінен аударма жасайтын әскери аудармашы әрі жергілікті халық арасында үгіт-насихат жүргізетін әскери насихатшы мамандығын қоса алып шықты.
Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 1965 жылы Мәскеу мемлекет­тік университетінде шығыс тілдері мен әдебиеті мамандығы бойынша «шығыстанушы-филолог, референт» квалификациясын алып, кемеңгер әкенің сараман жолына түсті.

 

 

Мұхтар Құл-Мұхаммед,
Ұлт­тық Ғылым академиясының
академигі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір