Айгүл ҮСЕН: ӘЛЕММЕН ҮНДЕС ӘДЕБИЕТ
09.10.2023
439
0

Қазақ әдебиетінде адамзаттық өреден табылатын кейіпкерлер аз емес. Сол образдарды өмірге алып келген, сөз өнері арқылы дүниежүзілік мәселені көтерген қаламгерлердің бірқатары жайлы филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Айгүл Үсен жан-жақты сөз қозғайды. Әлем ойшылдарының ізгілік, дін, тағдыр, адам хақындағы ойлары қандай? Оны сұхбат барысынан оқып, біле аласыз.

Компаративизмге бала кезден әуес болдым

– Айгүл ханым, қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетін сабақтастыра қарап, қазақ қаламгерлерінің әлемдік әдебиеттегі орнын айқындау бағытында зерттеу жүргізіп келе жатқаныңызды білеміз. Біздің газеттің бетінде де осы тақырыпта мақалаларыңыз жарияланып тұрады. Салыстырмалы әдебиет, яғни компаративизмге қалай келдіңіз?

– Қазақ және шетел әдебиеті бала кезден құмарлығыма айналды. Әкем бесікте жатқанда-ақ Абай өлеңдерімен жұбататын, ал анамның маған алғашқы сыйлығы Ганс Христиан Андерсеннің ертегілері болды. Кітап оқысам, оның әсерінен шыға алмай, қиялданып кететін қасиетім бар. Сондықтан оқыған әрбір шығарма жай кітап емес, ой-қиялыма қанат бітіруші, зерттеудің бір материа­лы болып шығады. Шығармаларды оқып отырғанда сабақтас идеялар, қолданылған көркемдегіш құралдар, қозғайтын тақырыптардың ұқсастығы мен сабақтастығы қайран қалдырады. Мысалы, Абай мен Шекспир шығармаларындағы тақырып пен идея, сөз қолданыстарының жақындығы – бұл алыптардың шығармашылық принципі мен ойлау жүйесінің масштабының деңгейлестігінің куәсі. Екеуінің арасында үш ғасыр, ұқсамайтын өмір салты мен дүниетаным жатса да, шығармашылық психология мен принциптер олардың шығармашылығын бір арнада тоғыстырады. Сондықтан әлемнің озық үлгілерін оқу барысында қазақ қаламгерлерінің де адамзаттық проблемаларға үн қосып, өз ойы мен көзқарастарын білдірудегі белсенділігін, шеберлігін көрдім. Шығармашылық байланыс тікелей де, тікелей емес те болады. Бізде көбіне, хаттар мен әдеби аудармалар арқылы көрінетін тікелей қарым-қатынасты зерттеу жақсы жолға қойылғанымен, сабақтастық пен ықпалдастыққа негізделген тікелей емес байланыстардың зерттелуі әлі кемшін түсіп тұр.

– Әлем әдебетін оқыту мәселесі жиі көтеріліп келеді. Президент те бұл мәселе туралы айтып өткен. Әдебиеттердің өзара әрекеттесуі ұлт әдебиеттерін байытып, халықтарды рухани жақындастыратыны белгілі. Ал жеке қаламгерлердің шығармашылығынан бастап тұтас ағымдар мен әдебиеттерді өзара салыстыра зерттеу біздің әдебиетке не береді?
– Ұлы Абай Батыс, Шығыс әдебиетін зерделей отырып, бізде жазба әдебиетін қалыптастырды. Поэзияны тақырып, идея, көркемдік келісім мен құрылымдық жүйе тұрғысынан байытып, жаңа деңгейге көтерді. ХХ ғасырдың басында қаламгерлер әлем әдебиетіне жаппай ден қойып, аударып, еліктеп, сабақтасу арқылы әдебиетіміздің деңгейін әлемдік деңгейге жеткізді. Сондықтан әлем әдебиетін білу, оқу, ең біріншіден, өзімізге пайдалы. Өзге ұлттың болмысын, дүниетанымын білу, олармен рухани байланыс орнату сауда-саттық жасағаннан гөрі әлдеқайда жақындастырады. Өзара рухани байланысқа, шығармашылық диалогқа түскен ұлттар бір-бірін байы­та, дүниетанымын кеңейтіп, әлемдік мәселелерді көтеруде, шешуде күшейе түседі. Гете мәдениеттегі еуроцентристік көзқарасты қолдамағандықтан «әрбір ұлттың әдебиеті адамзат руханиятының игілігі болуға тиіс» деген көзқараста болып, өзі Шығыс шайырларына ерекше құрмет білдірген. Қазақ елінің жер көлемі үлкен, байлығы көп, тарихы терең дегенмен, оның мінезі мен болмысын, ұлттық дүниетанымы мен көзқарасын, нақты айтқанда оның рухын паш ететін руханиятын тани алмады десем, артық айтқандық болады. Әдеби шығармаларды қазір қыруар қаржы бөліп, шет тілдерге аударып жатқанмен, оның игі­лігі көрініп тұрған жоқ. Оны бізге шет тілдерге өзіміз аударып беруден гөрі қызығушылық тудырған дұрыс, біздің міндетіміз – әдебиетімізді дұрыс насихаттай білу. Конференция, форумдар ұйымдастырғанда шетелдік ғалымдар мен ұйымдастырушыларды көбірек тарту керек. Компаративизм бағытында белсенді жұмыс жүргізілуі қажет. Орыс әдебиетінде бұл бағытта зерттеулер қай кезеңде болмасын өте белсенді, тоқтамай жүрді. Қазақ әдебиетінде ХХ ғасыр басында белсенді жүргізілген әдеби байланыс жүйесі кеңестік қапасқа түскен соң даму деңгейі төмен түсіп кетті. Өз шекарамыздан шыға алмай қалдық, кеңес идеологиясы шығармады деп ойлаймын. Әлемдік деңгейдегі классиктермен сабақтастық, ықпалдастық, диалог арнасында тоғысып қана өзгені танып, өзімізді танытамыз.

Дін қорқынышқа емес, сенім мен мейірімге сүйенеді

– Биыл қазақ классикалық әдебие­тінің қайталанбас тұлғалары Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, О.Бөкейдің мерейтойы аталып өтіп жатыр. Осы көркемсөз шеберлерінің әлемдік әдебиетте орны қандай?
– Адамзаттың барлығы эволюцияны бірдей өткереді, тек уақыт пен кеңістік, тарихи оқиғалар, соған байланысты есімдер әртүрлі болады. Биылғы мерейлі тұлғалар – ұлт әдебиетінің көрнекті өкілдері ғана емес, әлеммен үндескен қаламгерлер.
Шәкәрімнің әлеммен үндесуі оның дін мен сенім, ғылым мен білім, гуманистік идеяларынан көрінеді. Дін мен сенім мәселесі адамзат үшін ең басты өмірлік негіз болып қала беретінін жүздеген ғасыр өтсе де өзектілігін жоймаған, дауы басылмаған, басы ашылмаған мәселелер осы күні де толастамай тұрғаны дәлелдеп отыр. Осындай қоғам мен әлеумет тарапынан туындаған сұрақтардың шешімін іздеп, салмақты байлам қажет болғанда ойға оралары – данышпан Шәкәрімнің терең де ойлы өлеңдері, философиялық еңбектері, Л.Толстойдың ойлы трактаттары мен үнді елінің біртуар ұлы Тагордың жауһар жырлары. Адамзаттың рухани биігінен, ақыл-ойдың тереңінен табылған бұл үш тұлғаны не байланыстырады? Толстой, Шәкәрім, Тагор – үшеуі де ХІХ ғасырда өмір сүрген. Адамзат баласының даму эволюциясын безбендегенде бұл үш тұлғаның өмір сүру кеңістігі мен уақыты ғана емес, рухани-мәдени, саяси-тарихи, қоғамдық-әлеуметтік ортасы да – біртұтас. Жалпы адамзат жеткен биіктен қарап, оның эволюциялық даму деңгейін танытатын осы үш алыптың ой-ақылы, идеясы мен көзқарасы, дүниетанымы, шығармашылық психологиясы, көркем ойлау жүйесі мен сана-сезімі ортақ даму құндылықтардың көрсеткіші екендігі даусыз. Үш ойшыл да дін мен сенім тақырыбына қырықтан соң, шығармашылық сапасының толыққан кезінде саналы түрде келді.
ХІХ ғасырдың философиясы мен дүниетанымы, ойлау жүйесі адамзат өркениетінде үлкен бетбұрыс жасады. Адамзаттың эволюциялық дамуын капиталистік формация, өндіріс-ақша-тауар қатынасына негізделген прагматистік ойлау жүйесі, ғылым мен техниканың дамуы, қоғамдық-әлеуметтік, басқару жүйесіндегі ерекшеліктер айқындады. Қоғамдық қатынастар күрделеніп, өмірдің барлық саласында заң, ереже, талап пен тәртіп қоғамның әрбір мүшесінің дүниетанымын, өмірлік құндылығы мен тұрмыс қалпын өзгертті. Әсіресе діни сенім мәселесі алға шықты, оған сыни көзқарас күшейіп, ондағы догмаларды терістеп, жоққа шығарушылар көбейді. Сонымен қатар дін атын жамылып, қасиет­ті кітаптарды оқымай-ақ нәзік ұғымды өзінің немесе белгілі бір топтың мүддесіне, саяси мақсатқа пайдаланатын зұлым діншілдер көбейді. Дін тазасын айыру проблемасы күшейді. Осындай күрделі кезеңде сан алуан сұрақтар мен проб­лемалардың шешімін тауып, қоғамды дұрыс бағыттау осы үш алыптың философиялық шығармаларының өзегі болды десек, артық айтқандық емес. Әлемдегі, орыс қоғамындағы дін мен сенім мәселесін шығармашылық өзегі еткен ойшыл, философ Толстойдың діни көзқарастары сол кезеңдегі шіркеудің, діни көсемдердің ұстанымына қайшы болып, оны орыс шіркеуі діннен аластатуға дейін барғандығы белгілі. «Толстойшылдық» деп аталатын діни-этикалық ілім пайда болып, оның қағидалары әлемнің кей елдерінде кең жайылды. Ойшылдың діни көзқарастары оның «Мінәжат»» және «Менің сенімім неде?» атты көлемді еңбектерінде көрініс тапқан. Толстой тек христиан діні ғана емес, әлемдегі барлық діндердің концептуалдық негізін терең зерделей отырып, қоғамдағы дін мен сенімнің қайшылығын көрсеткен. Діннің шын мәнінде адам сенімін қолдаушы, оның моральдық-этикалық болмысын, рухани-интеллектуалдық әлеуетін ашушы, құқы мен бостандығын сақтаушы болуын қолдаған. Христиан сенімінің түпкі қағидаттарын түсіндіре отырып, оның шіркеу ережелері мен заң нормаларына қайшылығын көрсете отырып, «мемлекет заңын сақтау керек пе, әлде жаратушының жолын ұстану керек пе?» деген сұрақтарды ашық қоя­ды. Қандай бір дін болмасын, адамды, сенушілерді қорқынышта ұстап, өмір сүрудің бар саласын қиындата түскенін «Менің сенімім неде?» атты философиялық трактатында сынға алды.
Шәкәрімнің дін мен сенім тақыры­бын­дағы өлеңдерінде барлық діндерді біртұтас жүйе ретінде қарап, оны адам­ның бойындағы ізгі қасиеттер мен ақыл-ой қабілетінің мүмкіндігін ашу­шы ретінде сипаттайды. Білімсіз молдалар айтқандай, білім мен ғылым және шынайы дін қарама-қайшы емес, бірлікте. Сондықтан Жаратушының құдіретін, әлемнің даму заңдылығын, олардың өзара әрекеттесуін, оның салдарын, қозғалыс жүйесін тек білім мен ғылым арқылы, нұрлы ақылмен ғана тануға болатынын жеткізді. «Бүкіл ғаламдық қозғалыстың өзегі – әрбір жеке адамның ары» дей отырып, адамзатқа ар ілімін ұсынды. «Үш анық» атты философиялық трактатында: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол – осы мұсылман жолы сияқты», – деп мұсылман дінінің негізінде жатқан концепцияның ізгілігін нақты көрсетеді. Әлемдегі рухани көшбасшы тұлғалардың барлығының ойының тоғысқан тұсы – Адам мынау шексіз ғаламда жай ғана тозаң ғана емес, ол оның негізі, тіні, кірпіші. Оның ары, намысы, көзқарасы әлемдік жүйенің болмысын айқындайды. Осыны әрбір адам ұғып, әсіредіншілдер мен пәншілдердің соңында адаспай, шынайы ізгіліктің жолына түсуге шақырды. Толстой мен Шәкәрімнің ілімдерінің негізінде шынайы мұсылмандық, шынайы христиандық жатыр.
Дін тазалығы – үш алыптың діни, сенім тақырыбындағы шығармаларының лейтмотиві. Шәкәрім: «Қиянатың бар болса, иманың жоқ, Маған десе, мың жылдай қыл ғибадат!» деп қатал шешім айтады. «Әрбір діннің негізінде ізгілік, қиянатқа қарсылық жатуға тиіс. Кімге табынып, қай дінді ұстансаң да жақсылыққа құштарлық болмаса бәрі бекер» деп қорытындылайды. Адам мен Жаратушы арасындағы қатынас, абсолютті күштің құдіретін сезіну, оған ессіз табынудан емес, шын сүюдің ләззаты мен кереметінен сезілетіндігін бұлақтай мөлдіреп, еркін төгілген сөз маржандарымен жеткізеді. Тагор Жаратушыны оның жаратқан әрбір дүниесінен таниды. Мінсіз Жаратушының махаббаты бар әлемге, тіршілік иесіне теңдей бөлініп, бәрі шуаққа бөленген, нұрға тұнған. Шәкәрім-Толстой-Тагор дін мен сенім негізінде қиянатсыз ізгілік болу керек, дін қорқынышқа емес, сенім мен мейірімге сүйенеді, Жаратушы адамнан бөлек емес, оның ар-намысында, жүрегі мен санасында, Жаратушының заңдылықтарын адамзат тек білім мен ғылым арқылы ғана таниды. Мемлекет заңдарының негізінде гуманизм, ізгілік болуға тиіс.

– С.Торайғыров шығармашылығы тақырып пен идея тұрғысынан алуан түрлі. «Алаш маршын» жазған біртуар ақынның әлем әдебиетіне қосқан үні қандай деп ойлайсыз? Сол дәуірдегі мәселелердің жаңғырығы ақын шығармаларында қалай көрініс тапты?
– С.Торайғыров – өте аз жасағаны­мен, мол мұра қалдырған аса еңбекқор, талантты қаламгер. Оның шығармашылығы – бір-бірін қайталамайтын, тақырыптық-идеялық бағыты алуан түрлі өте құнарлы құрылым. Ақынның бес көлемді шығармасы бір-біріне ұқсамайды, «Қамар сұлу» романына әйел теңсіздігі, «Кедей» поэмасына кедейдің ауыр тағдыры, «Адасқан өмір» поэмасына өмірден мән табу мәселесі, өзін-өзі іздеу мотиві, ал «Кім жазықты?» романына әкелер мен балалар мәселесі, тәрбие мен өнеге негізі арқау болған. Бұл проблемалардың қайсысы болса да, әлемде кең тараған желі. Америка және Еуропа, орыс әдебиетінде бір отбасының бірнеше ұрпағының өмірі мен проблемаларын бейнелеу арқылы қоғамның мәселесін табу, көрсету – аса кең жайылған үрдіс.
С.Торайғыровтың «Кім жазықты?» романы автордың шығармашылығының биік белесі, себебі ақын Тасболат – Әжібай – Қабыш сияқты үш ұрпақ өкілі арқылы қоғамның өзгерісін, даму ерекшелігін бейнелейді. Олардың өзара ықпалдастығы, қайшылығы дәуірдің саяси-әлеуметтік мәселелерін айқын көрсету арқылы кеңістік пен уақыт шындығын шынайы жеткізген. Әлем әдебиетінде әкелер мен балалар деген атпен белгілі ұрпақтар айырмашылығы, қайшылығы мен қақтығысы туралы И.Тургеневтің «Әкелер мен балалар», Э.Золяның «Ругон Маккарлар», Ф.Достоевскийдің «Қорланғандар мен зарланғандар», Т.Драйзердің «Тірек» атты романдары бар. Қай шығарма да қоғамдық-әлеуметтік өмірдің жеке отбасындағы көріністерін, саяси-әлеуметтік өзгерістердің жеке отбасы мүшелерінің тағдырындағы көрінісін суреттеген. Он бес жыл болыс болған Тасболат болыстыққа таласып, малын шығындап, пара беріп, мансап үшін алысып жүргенде бала тәрбиесімен айналысуға мүмкіндігі болмай, жалғыз ұлы Әжібайдың ерке, шолжаң, өзімшіл, қызыққыш, тезайнығыш, тұрақсыз, шыдамсыз болып өсуіне әкелді. «Мінез – адамның тағдыры» десек, әкесінен гөрі романда көбірек қамтылған Әжібай өмірі жас адамның қоршаған ортасы, алған тәрбие­сінің оның мақсаты мен арманын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтінін көрсеткендей. Әке тағдырын қайталағысы келмейтін кейіпкер қанша ұмтылса да өзге жолға түсе алмай, әке соқпағынан шыға алмай қалады. Әжібайдың ұлы да әкелер сүрлеуіне түседі. И.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романында жас Базаров пен қартайған Кирсановтың образдары арқылы да жаңа және ескі ұрпақ арасындағы көзқарастар, дүниетаным қайшылығы терең психологиялық негізде суреттеледі. ХІХ ғасырда капиталистік құрылым мен ғылым, өндірістің дамуы адамның мінез-құлқына, көзқарасына, тұрмыс қалпына зор өзгеріс әкелді. Сондықтан ескі және жаңа ұрпақ арасындағы қайшылық та терең болды. Тасболат ескі феодалдық құрылымның өкілі болса, Әжібай – қазақ даласына келіп жатқан үлкен өзгеріс кезеңіндегі трагедиялық образ, ал Қабыш – жаңа кезеңде өз орнын іздеген ұрпақ өкілі. Үшеуінің трагедиясы қазақ қоғамын қаптаған ескі көзқарастар, тұрмыс қалпы, надандық пен ескішілдік шекарасын бұзып шыға алмаған дүниетаным шеңберін дәл кейіптеген.

Шолпан, Анна, Эмма образдары – әлі күнге дейін талас тудырып келе жатқан күрделі бейнелер

– Сіз қозғап отырған әр қаламгер, олардың дәуір шындығын ашқан туындылары ауқымды зерттеудің арқауы боларлық дүние екендігі дау­сыз. Қазақ қаламгерлерінің әлемдік даму үдерісіне қатысты өз көзқарастарын, тұжырымын ұлттық мәселе шеңберінде білдіріп отырғаны оның өз міндетіне адал екендігін көрсетеді. М.Әуезов ерекше сүйсінген М.Жұмабаевтың «еуропашылдығы» ұлттық әдебиетті қалай байытты?
– М.Жұмабаевтың көркем әдебиетке қойған талабы «Табалдырық» атты еңбегінде айтылды. Ақын: «Көркем шығарма сол кезде қолдан жасалған саяси «ойындардан» биік болып, адамзаттың шынайы эстетикалық қажетін қанағат­тандыру керек» деген байламын айтты. Ақын өз шығармашылық жолында әдебиетке тек эстетика мен сұлулық дарытып, тереңдік пен шынайылық сипатынан айнымады. Мағжанның еуропашылдығы шығармаларындағы көзқарастар мен көркемдік жүйесінен, көркемдік әдістерінен көрінеді. Ақынның жаңашылдығы – Еуропа жазушыларымен бой теңестірген шеберліктің шыңы. ХІХ ғасырда Еуропадағы тарихи-саяси, қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер көркем санаға да бетбұрыстар әкелді. Оның алғышарттары мен себеп-салдары Ницше, Шопенгауэрдің философиялық еңбектерінде көрініс тапты. Жаңа уақыт пен кеңістіктің шындығын жеткізу үшін әдебиетте жаңа ағымдар мен әдістер пайда болды. Оның бірегейі – психологизм еді. М.Жұмабаев өзінің шығармашылық биігі болып танылатын «Батыр Баян» поэмасы мен «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесін психологизм үрдісімен жазып, қоғамдық мәселелерді кейіпкерлер тағдырында тереңнен қозғайды. Поэмасында Батыр Баянның батырлығы мен пенделігі тайталасқа түсіп, оның інісі Ноянды өлтірудегі әрекетінің себебін ел түсінбей, тек батырдың өзінің жүрек түбінде кеткен ақиқаты оның трагедиясын айқындайды. Сол сияқты «Шолпанның күнәсі» әңгімесіндегі Шолпанның да күнәсінің шешілмей, өзімен бірге кетуі – кейіпкердің трагедиясы. Екі кейіпкерге тән осы бір жұмбақтық, жабықтық – адамдарды бір-бірінен, қоғамнан, өз жолы мен мақсатынан адастырушы. Баян да, Шолпан да терең психологиялық образдар болғанымен, Баянның әрекеті – аффект нәтижесі, ал Шолпандікі саналы болғанмен, әрекетінің шешімі өзінің ерік-жігеріне бағынбады. Психологизм сыртқы проблемаларды адамның ішкі сезім-түйсігінен, мінез-құлқынан іздеуге бағыттайды. Екі кейіпкердің де трагедиясы – олардың ішкі әлемінде. Сондықтан адам, Мағжанша айтқанда, «Шешуі жоқ жұмбақ. Оның шешуі –жалғыз өлім».
Біртуар қаламгер Мағжан Жұмабаев шығармаларын әлемдік асыл сөздің ғажап үлгілерімен сабақтастыра-салғастыра қарастыру ақын творчествосын әлемдік кеңістікте тану үшін, оның көтерген мәселелерін, соны қырларын айқындау үшін және шығармашылық тұлғасын әлемдік деңгей тұрғысынан бағалау үшін маңызды. Бұл шығармада таңғаларлығы – жиырмасыншы ғасыр әдебиетінің негізгі үрдісі психологизмнің ғажап шеберлікпен, озық дәстүрмен көрінуі. Еуропа жазушылары қоғамдық, әдеби дамудың ғасырлары мен формаларын меңгеру нәтижесінде қол жеткізсе, ақын әдебиетте проза жанрының жаңа қалыптасудың алғашқы кезеңінде игерді. Шығарма әйел тақырыбын ұлттық таным мен болмыс тұрғысынан сипаттай отырып, әлемдік асыл сөздің зергерлері О.Бальзак, Г.Флобер, П.Толстойдан гөрі тереңге тартады.
Шолпанның жұмбақ жаны – әлемдік әдебиетте әйел бейнесінің ең озық үлгілері Г.Боваридің «Бовари ханым» романындағы Эмма мен Л.Толстойдың «Анна Каренина» романындағы Аннаның бейнесімен қатар тұрған бірегей, жарқын образ. Әлем әдебиетіндегі әйелдің осы үш бейнесі үш ұлттық әдебиеттің озық образдары ғана емес, олар – адамзаттық деңгейге көтерілген кейіпкерлер. Олардың тағдыры әлемдегі әйелдердің проблемасын қоғамдық-әлеуметтік, психологиялық-гендерлік контексте аша білді. Әйелдердің отбасы мен қоғамдағы проблемаларын адамзаттық деңгейге шығарды. Шолпан, Анна, Эмма бейнесі әлі күнге дейін талас тудырып келе жатқан күрделі бейнелер қатарында. Олардың табиғи, шынайы болмысын жақтаушылар қанша көп болса, қаралау­шылар да жетерлік. Олардың әлсіздігі мен күші, тазалығы мен қателігі, шынайылығы мен шарасыздығы қатар көрінетін шебер жасалған, сенімді сомдалған бейнелері қарама-қайшылығымен, күрделілігімен ерекше.

– О.Бөкей – модернистік әдебиет­тің көрнекті өкілі. Бұл ағым өкілдерінің шығармашылығында аңыз, миф, әпсаналардың орны ерекше. Модернист жазушылардың шығармаларындағы мифтің қызметі туралы не айтасыз?
– Адамзат дамудың биік деңгейіне ұмтылған сайын, алға аттаған қадамдарын санаған сайын рухани кеңістігінде артқа, яғни түпсанаға қайта оралу – ХХ ғасыр көркемөнеріне тән үрдіс. Оның себебі – ежелгі бастауларда адамзат­тың өзіндік болмысы, өзіндік жады, тіпті коды сақталған. Уақыт озуымен, түрлі қоғамдық-өндірістік қатынастар мен ғылыми-техникалық үдерістердің жетіле түсуі адам баласын осы болмысынан, жады мен кодынан, тіпті өзінен алыстатып, ол жеке басының ғана емес, бүкіл әлемдік дағдарысқа, рухани, экологиялық, эстетикалық, этикалық дағдарысқа ұшыратуын өнер иелері, қаламгерлер түйсініп, түсініп, оны адамзатқа ескерту ниетінен туындап отыр. Көркемөнерде жетпісінші жылдары көркемдік әдістің жаңа түрі ретінде енген мифтік жүйе әдеби шығармадағы негізгі ойды беруші, идеясын ашудың кілті болды.
О.Бөкей шығармаларының лейтмотиві – әлем мен адам тазалығының біртұтастығы. Адамзат тазалығы – әлемнің тазалығының кепілі, оның адалдығы, табиғат пен өзінің ар-намысына адалдығы. Жазушының «Бура», «Ардақ», «Кербұғы» әңгімелері мен «Айғай», «Өліара» повестерінде ұлт тамырының жоғалуы, оның рухани құлдырауы, табиғат пен адам арасындағы байланыстың үзілуі, өзіндік табиғи болмысынан алыстап бара жатқан ұрпақ мәселесі көтеріледі. Көп шығармаларында аңыздық-әпсаналық, қиял-ғажайып және шынайы болмысты астастыра, араластыра отырып, әлемнің адам мен табиғаттың біртұтастығын көрсетеді. Адам-қоғам-табиғат бірлікте алынып, олардың өзара байланысының, бір-біріне ықпал ету деңгейінің бірлігі мен эволюциялық даму заңдылығының біртұтас жүйе құратындығын дәлелдейді.
Он бесінші ғасырдағы Асан Қайғы туралы мифтің өзегінде де мінсіз мекен, биік идеал, ізгі мұрат жатқан жоқ па? Оралхан Кербұғысының тілегі Асанның, әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұнның армандаған қоғамы емес пе? Еркіндік, әділдік, ізгілік пен мейірім емес пе бүкіл тіршіліктің негізі… Оралханның шығармалары осы аңыздардың заңды жалғасы іспетті. Тек оларда мифтік бастаулар жаңа заманауи сипатқа бейім­деліп, шығарманың идеялық негізі ретінде қызмет атқарады. Сондықтан шығарма құрылымы аңыздардың негізгі идеялық мазмұнын сақтай отырып, жаңа шығарманың ерекшелігіне сай өзгеріске түседі. Аңызды пайдаланудағы автордың негізгі критерийі көркем туындының идеялық қазығы ретінде ала отырып, шығарманың композициялық, сюжеттік желісіне бейімдеп жаңаша құру, ескі мифке жаңа түрмен мазмұн беру жазушының соңғы шығармасының бірі «Атау кере» романына да тән.
Шығармашылығында аңыздық желіні белсенді пайдаланушы әлемдік биіктегі жазушылар Дж.Джойс, Г.Маркес, Ш.Айт­матов, О.Бөкей шығармалары ХХ ғасыр адамының шетсіз-шексіз жалғыздық әлемін терең сезіндіреді, өз тұңғиығына батқан жалғыз адамдардың күресі көрінеді. Мұндай көңіл күй көбінесе үлкен тарихи оқиғалардың, төңкерістер мен диктатураның, қоғамдық-саяси серпілістер мен өндірістік қатынастардан туындайды. Аталған авторлардың өмір сүрген кезеңдері адамзат, мемлекет, ұлт тағдырындағы шешуші сәттермен тұспа-тұс келіп отырады. Джойс Дублин қаласы арқылы, Маркес Макондо қаласы арқылы, Ш.Айтматов қазақ даласы арқылы, О.Бөкей Алтай таулары арқылы дербес белгілі бір ұлт тағдырында біртұтас адамзат тағдырын бейнелейді.
Қазақ әдебиеті – әлемдік әдебиеттің құрамдас бөлігі. Оны әлемге таныту – ұлттың рухын таныту. Ендігі ұрпақ қазіргі кезеңдегі мол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, рухани байлығымызды таныту бағытында жұмыс жүргізуі керек. Осы сұхбатты жүргізіліп жатқанда да, әр өңірде аталған алыптардың мерейтойы өтті. Сол тойларға бөлінген қаржыны тамашаға, ән-күй, дастарханға емес, олардың шығармаларын насихаттауға, деректі, көркем дүниелер түсіруге жұмсалғаны пайдалы болар еді.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан –
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір