ӘКЕ (эссе)
23.03.2025
397
2

 Қазіргі кез­де әлеумет­тік желілерден әркімнің әке-шешесі туралы жазған жазбалары мен естеліктерін әрәдік көзім шалып қалады. Былайғы жұртқа олардың әкесі туралы білу керек пе, жоқ па, оны білмеймін?! Кейбіреулер – көзі тірі, ал енді біреулер өмірден өткен ата-анасын, олардың жақсы қасиет­терін, кісілік келбет­терін тізбелеп, мақтан тұтып жатады.
Ке­йінгі кез­де «осы балаларым мен немерелерім мен туралы не айтар екен?» деп ойлана бастадым. Қандай әке, қандай атамын?..
Міне, алпыстан асқан жасымда, өзім әке, ата болған шағымда, жарық дүниенің есігін ашуыма тікелей себепші болған ардақты жан – әкем жайлы өзім не айта аламын?!
Азамат атанып, адам болып қалыптасуыма, өмірден ерте кеткен жан-әкемнің қаншалықты ықпалы болды? Осы сыралғы оймен өткен күндерді көңіл көзіммен қайы­ра бір шолып шығуға ниет­тендім… кейбірі анық, кейбіреуі көмескілене бастаған балалық шақ көріністері елес бере бастады…
Әкеме қарағанда сауат­тымын, мектеп бітірдім, екі жоғары білімім бар, ел аралап, жер көрдім деп жүрсем… Құдай-ау, сөйтсем, осы күнге де­йін, сол ғұмыр бойы малдың соңынан ұзамаған әкемнің айт­қанымен өмір сүріп келе жатыр екенмін ғой! «Ешкімнің ала жібін ат­тама», «ұят болады», «обал болады» деген сөзі әлі құлағымда жаңғырып тұр… Әкемнің: «Балам, ешкімнен қорықпа, адам адамнан артық емес», «екі аяғы, екі қолы бар, адамның жасағанын сен де жасай аласың», «ешқашан еңсеңді түсірме, кеудеңді тік ұстап, басыңды көтеріп жүр», «аяғының басына қарап жүретін адамнан жақсылық күтпе» деген сөздері бала күнімнен өмірлік ұстанымыма айналып кеткенін өзім де байқамаппын-ау!
Әкемнің маған ренжіген кез­дері әлі күнге де­йін көз алдымнан кетпейді. Бір нәрсені бүлдіріп алсам, не дұрыс істей алмасам, өңмеңімнен өтердей от­ты көзімен жасқап: «Әй, балам-ай!» деп қат­ты кейіп, басын шайқаушы еді. Әкемнің осынау бір ауыз сөзі ерекше әсер ететін. Әрине, басқа да сөздер айтылған болар, бірақ осы «Әй-балам-айын» естігенде, жасаған қателігіме қат­ты өкінетінмін. Енді қайтіп әкемді ренжітпеуге өзіме-өзім сөз беретінмін. Бірақ қайда?.. Баламыз ғой!..
Отбасымыздың қамқоры, қорғаны, панасы болған асқар таудай әкемізден аяқ астынан айырылып қаламыз деп кім ойлаған?! Амал нешік, Алланың ісі! Жазмыш! Тағдыр!
Бір әке, бір шешеден – он бірміз. Бес ұл, алты қыз. Шешеміз, марқұм, он бес құрсақ көтеріпті. Солардың жер басып тірі жүргендері – осылар. Мен ұлдың үшіншісі, бесінші баламын. Алдымда екі ағам, екі әпкем бар.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы дүрбелең, қайғы-қасірет біздің әулет­ті де айналып өткен жоқ. Отызыншы жылдары Сәбет­тен қашып Қытайға өткен. Алпыс екінші жылы күзде шекара аз уақытқа ашыла қалғанда әкем бала-шағасын алып, Қытайдан түнделетіп бері қашып өткен. Қайтсек ұрпақты аман алып қаламыз деген жанталас қой. Бейнелеп айт­қанда, көрмегендері жоқ. Мен ол кез­де емшектегі бала екенмін. Әжемнің айтуынша, «шөп шауып» жатқанда дүниеге келіппін. Ал куәлігімде «25 қараша» деп тұр.
Туған жерге келісімен әке-шешем мал бақты. Мектеп жасындағы, менен үлкендерге бас-көз болып әжем ауылдағы үйде қалған. Әкем малдың жайын өте жақсы білетін. Мысалы, біздің әулет­тен жүйрік жылқы арылмапты. Ес білгеннен білетінім, бір құла биеміз бар еді. Одан туған құлындар шетінен жүйрік, жорға болатын. Тай, құнан кезінен үйретіп алатынбыз.
Төртінші сыныпты бітірген жылы алғаш үйреткен асауым осы құла биенің құла тайы еді. Бұл, әкенің баласын сынаған бір сәті екен. Сол кез есімнен кетпестей жадымда жат­талып қалды.
Негізі, әкем қайтыс болғанша мамыр айының 5-6-нан ке­йін мектептегі сабақтарымды оқыған емеспін. Өйткені көктеуде отырған малдағы үйге, әкеме көмектесуім керек. Жайлауға көшпей тұрып ауылдағы үйге, ошаққа, тандырға отын дайындаймыз. Қи ойып, кептіреміз. Содан ке­йін есек арбаға тиеп ауылдағы үйге тасимыз. Бұның бәрі айтуға ғана оңай, әйтпесе, күннің ыстығында діңкелеп-ақ қаласың.
…Төртінші сыныпты бітірген жылым, тура осындай көктеуде отырған мезгіл еді. Әкем бір күні өзіміздің бес-алты жылқыны ашық қораның бір бұрышына иірді де, қолындағы дайындап алған шалманы құла тайдың мойнына салып кеп жіберді. Жылқыларды иіруге көмектесіп жанында тұрғанмын. Мойнына түскен бұғалықтан құтылғысы келіп біраз бұлқынған құла тай көзі шадырайып, танауы делдиіп, ырсылдаған күйі бір орнында тұрып қалды. Әкем тақымындағы арқанды бірте-бірте тартып келіп құла тайдың құлағына жармасты. Маған:
– Жүгенді әкел! – деді. Жүгіріп барып қораға кіре берісте ілулі тұрған жүгенді алып келдім.
– Кигіз жүгенді! – деді әмірлі дауыспен. Әкеме бір, ырсылдап тұрған тайға бір қарап тұрып қалдым. «Неғып тұрсың, кигіз жүгенді» деген қатқыл үн тағы шықты. Есімді жиып, жүгенді ыңғайлай ұстап құла тайға жақындадым. Обалы не керек, құла тай жүгенді кигізіп болғанша тып-тыныш тұрды. Құлын кезінде желіге байланған ғой. Ауыздығын салдым да тізгінді әкеме ұстата беріп едім, ол сабырлы қалыппен:
– Өзің ұста, қазір мініп үйретесің! – дегені. Сенер-сенбесімді білмей:
– Ерт­темейміз бе? – деп едім:
– Өзі бір уыс тайға қайдағы ер, қорқып тұрсаң, қысылмай айт, – деді. Әкемнің сөзі бойдағы намыс отын жалындатып жіберді.
– Қорықпаймын, мінемін! – дедім қасқайып. Содан не болса, сол болсын деп, құла тайдың жалынан ұстап, жайдақтай қарғып міндім. Әкем тақымындағы арқанды босатып жібере салды. Құдай оңдағанда, босаған кез­де бір мөңкігені болмаса, құла тай бұлтақтап жүрді де кет­ті. Ары-бері қолымдағы қамшымен қақпақылдап, бір сағат­тай жүрген соң қайтып келдім.
Өмірімдегі алғашқы асауды осылай үйретіп едім. Қазір ойлап қарасам, «әке – балаға сыншы» демекші, әкем мені асаудан жығылып қалады-ау деп ойламады дейсіз бе, қайтер екен деп сынағаны екен ғой. Мен әкемнің сынынан өткен сияқтымын. Содан ке­йін әкем дүниеден өткенше талай асау үйрет­тім ғой. Иә, әкем 46-ақ жасында, кенет­тен дүниеден өт­ті…
Негізі, малшылар отбасындағы жыл бойғы жақсылық-қуаныштарын жайлауға келгенде атап өтіп жатады. Сол себепті де үш ай жайлаудағы жазда үлкенді-кішілі той-томалақ көп баратын. Көкпар тартылады, бәйге шабады, палуан күрестіреді. Не керек, әйтеуір, жыл бойғы бейнет­тен қолдары босамайтын малшылар жайлауда арқаларын кеңге салып, малды балаларына қаратып, бір жасап қалады. Бұндай тойлардан әкем де қалмайды. Әсіресе көкпар, бәйге болатын болса, құла атына күмістелген жүген, құйысқан, өмілдірік тағып, қызықтың ортасында жүретін. Маған да жақсы ат мінгізіп, жанына ертіп алатын.
Мен 7-сыныпты бітірген 1976 жылы жазда, Асы жайлауында, жылда жайлайтын жұртымыз Көкбұлақ деп аталатын сайдың аңғарында отырған кезіміз еді. Тамыз айының 10-ы, немесе 11-і шығар. Әкем атын ерт­теп, тойға барғанда киетін «бір киерін» киіп тойға кет­ті. Неге екенін білмеймін, осы жолы мені ертпеді. Түнде үрген ит­тердің дауысынан әкемнің келгенін біліп жат­тым. Өйткені осылай кештеу келгенде әкемнің «Балам, ат­ты суыта салшы» дейтін үйреншікті сөзін күтіп жататынмын. Бұл жолы әкем үйге кірген бойда үн-түнсіз төсегіне қисая кет­ті. Түнде бір-екі рет сыртқа шығып келді. Әжем алаң көңілмен: «Қасжан, не болды?» – деп сұрап қойды. Әкемнің: «Басым ауырыңқырап тұр», – дегенін анық естіп жат­тым.
Таң да арайлап ат­ты. Бәріміз тұрып, күнделікті тірлігімізге кірісіп кет­тік. Малдағы үйде балалардың үлкені менмін. Әкем орнынан тұрмады. Әжем киіз үйдің бір бұрышына қалыңдатып көрпе салып қойды, соған ауысып жат­ты. Әкемнің бұлай жатуын алғаш көруім. Әжем де: «Қасымжан, бір уақ басыңды көтеріп, далаға шығып сергісеңші», – деп қояды ара-арасында. Әкемде үн жоқ. Көзін де ашпайды. Үйдегі кішкентайлар (кенже ініміз Әріпжанның төрт­тен асқан кезі, ал кенже қарындасым Жанат біржарым жаста ғана болатын) үстіне шығып әдет­терінше ойнамақ болып еді, үн қатпады.
Шіркін-ай, сол кез­де неге басын көтермейді, неге сөйлемейді, неге көзін ашпайды деп бір сәт ойласам ғой! Сәл ересек болғанымда бәрі басқаша болар ма еді, кім білсін?! Дегенмен Алланың жазуы ғой!
Қазір ойлап қарасам, әкем мені бойына сенімділік қалыптастырып өссін деді ме, әлде өзіне бұйырмаған әкелік мейірімді балаларым сезінсін деді ме екен, әйтеуір, ешқашан бетімнен қаққан емес. Он жасымнан мылтық атып, аңға шығып үйрендім. Алғашқы қоян атқаным да есімнен кетпейді. Малдағы үйде
16 калибр бір ауыз мылтық бар-тын. «Аға, атып көре­йінші, атып көре­йінші», – деп ызыңдай берем. Байқағаным, әкем негізі мылтық атқаныма үзілді-кесілді қарсы емес сияқты. Үміт оты жылт ет­ті. Енді қалайда бір қоян атып әкеліп, әкемнің көзін жеткізуім керек. Содан әкемнің мылтықты алмай кететін кезін күтіп жүрдім.
Бір күні тұра салып қарасам, мылтық орнында ілулі тұр. Содан өмірімдегі ең алғашқы аңшылығымды бүгіннен бастаймын деп шештім. Ол үшін, ең алдымен, үйдегі жұмыстың бәрін тындырып кету керек. Тағы бір ойым, Талғат бауырымды бірдеңе қылып үйде қалдырып кету. Ол өзі көлеңкем сияқты, қайда барсам да қыр соңымнан қалмайды. Үйге кірсем, ілесе кіреді. Далаға шықсам, еріп шығады. Қал десем, қалмайды. Сайға жүгіріп түсіп, қарағайлардың арасына көрінбей кетсем, жер тепкілеп жылайды. Содан бір кез­де шешем ұрса бастады. «Не өзіңмен бірге алып кет, не ешқайда барма!» – деді қатқыл үнмен. Амал жоқ, ертіп кетуге тура келді және одан алшақтай алмаймын. Кішкене ұзап кетсем, қорқып жылайды. Айта кету керек, Талғат – өте әсершіл, жүрегі жұмсақ бала. Қараңғылық түскеннен ке­йін далаға жалғыз шықпайды. Тіпті жатқанда жамылатын көрпені ешқашан басына бүркенбейді. Өйткені көрпенің асты қараңғы ғой, қорқады. Сонымен қандай жағдайда, кіммен аңшылыққа бара жатқанымды елестете беріңіздер. Амал жоқ, қолына нан кесетін үлкен қара пышақты ұстатып, менен қалып қалмайтынына көзі жетсін деп беліне арқан байлап, бір ұшын өзім ұстап алдым. Аршалардың арасындағы алаңқайларда отырған қоянды алыстан көзім шалып, жайлап жақындаймын. Талғат қоянды көре сала шыңғырып жібереді. Бірнеше қояннан осылай айырылып қалдық. Қойшы, әйтеуір, ит әуремен жүріп бір қоян атып алдым-ау! Талғат екеуміздің қуа­нышымызда шек жоқ. Шешем көріп, мені жер-көкке сиғызбай мақтап жүр. Қоянды бақанға іліп қойып, әкемнің келуін асыға күтіп жүрміз. Негізгі «бағалаушы» сол ғой. Кешке әкемнің қарасы көрінгеннен қоянды ала салып қарсы жүгірдік. Әкем ат­тың үстінде, біз жаяу, біресе оң жағына, біресе сол жағына шығып қоян атып алған «ерлігімізді» айтып келе жатырмыз. Әкем үйге де­йін үндемей келді де, ат­тан түсіп жатып:
– Саған атқызып жүрген неғылған ес жоқ қоян. Мүмкін, өзі өліп қалған шығар? – деп үйге кіріп кет­ті.
Талғат екеуміздің жынымыз келіп, ызадан жарылып кете жаздадық. Үйге артынан ере кіріп, қандай қиындықпен атқанымызды тәпіштеп түсіндіре алмай қиналдық. Шешем де бізге жаны ашып: «Әй, жарайды десеңші енді, не болды сонша», – деп жатыр. Сонда ғана әкем: «Жарайсың, балам. Бірақ мылтық ойыншық емес, біреу-міреу көріп қалса бәле болады, байқау керек», – деп көңілімізді орнына түсірді.
…Шіркін, бала үшін әкеден артық, одан айбынды кім бар дейсіз?! Сол адамнан мақтау есту дүниедегі ең үлкен марапат қой! Қанат­танып аспанға ұшып кете жаздайсың, ондай кез­де әке-шешең үшін тау қопарып тастауға да дайын тұрасың. Ал енді сондай асыл жанның көз алдыңда мәңгілікке ат­танғанын елестетіп көріңізші!
…Сонымен, 1976 жылғы 11-інші тамыз… Кешке қарай әкем орнынан тұрып, сыртқа шықты. Бәріміз қуанып қалдық. Бірақ бір кез­де киіз үйдің жанында тұрып, алысқа көз тастап әлдекімдердің атын айтып, өз-өзімен сөйлеп кет­ті. Бір сәт үйдің айналасындағы зат­тарды жинастыра бастады. Сөйлеп жүр. Бір-екі рет жанына барып: «Аға, не болды, кіммен сөйлесіп жүрсіз?» – деп сұрағанымда, біз танымайтын, өмірі естіп көрмеген біреулердің атын атады. Олармен кәдімгідей көріп тұрғандай сөйлесіп кетеді. Біз қорқа бастадық. Біресе қалпына түсіп, малдың жайын сұрап қояды.
…Қазір ойлаймын, кім біледі, сол кез­де көзіне ата-бабаларының аруағы көрінді ме екен?! Отыз жеті жасында Іленің суына ағып кетіп, сол күйі сүйегі табылмаған әкесі Ұзақтың аруағы шақырды ма?! Әлде көзіне әскерге кетіп, хабар-ошарсыз кеткен туған ағасы Нәсіпжанның рухы көрінді ме, кім білсін?!
Сонымен, не керек, көршіміз Әли аға, әкемнің інісі Дәулет аға, әжем үшеуі молданы алдырып, дем салу керек деп ұйғарды. Дәулет аға молданы алып келді. Бір семіз қойды сойдық. Молда әкемді жанына отырғызып қойып дұғалар оқып, дем салды. Су ішкізді. Ет піскен соң қайта-қайта сорпа ішкізді. Бір таңғалғаным, сонда әкем сорпаның ыстығын сезбей ішіп отырды. Әкемде өзгеріс байқалған жоқ. Молда: «Енді терлеу керек, үстіне қалыңдап жауып терлетіңдер», – деді де кетіп қалды.
Әй, надандық-ай, қан қысымы көтеріліп сандырақтап отырғанын сол кез­де білсек қой! Пештің түбіне жатқызып, үстіне тұлыпты жауып, пешке отынды аямай салып, терлетуге тырыстық. Әкем шыдамай үстіндегі тұлыпты ысырып тастаса, қайта-қайта қымтап жауып қоямыз. Тіпті судіргі ұстап бір қолы дірілдей бастағанда тапжылтпай басып отырдық қой. Тіпті болмаған соң көрші Әли аға атын ерт­теп мінді де, орталықтағы ауруханаға шапты. Бұл түн жарымы болған кез. Таң қылаң бере жедел жәрдем машинасымен дәрігер келді. Сөйтсек, бұл дәрігер Алматыдан практикант­тарды алып келген екен. Үйге кіре салып жағдайды түсінді де, айғайлап ұрсып пешті далаға шығарт­ты, түңлікті аштырды, есікті айқара аштырып тастады. Тұлыптарды да, көрпелерді де былай алдырып тастады. Әкеме укол салып еді, ол тынышталып сұлық жатып қалды. Аздан соң жедел жәрдем машинасымен орталықтағы медпунктке алып кет­ті.
Біз соңынан атпен бардық. Әкемді сол медпункттың бір бөлімесіне жатқызыпты. Сұлық жатыр, көзін де ашпайды, үн жоқ. Не тамақ ішпейді. Жайлауға анда-санда келіп жүретін АН-2 деген самолетпен Алматыға алып кететін болыпты. Мен күнде келіп, әкемнің жанында ұзақ отырып қайтам. Бір жетідей жат­ты.
Бір күні жанында отырғанымда басын маған қарай бұрды да, көзін ашты. Мен қуанып, қолынан ұстадым. Ол қолымды сипалады да, саусақтарымды қысқандай болды. Бір нәрсе айт­қысы келгендей үздіге қарады. Мен: «Аға, не айтасыз?» – деп жүзіне телмірдім. Еріндері сәл жыбырлағандай болды. Құлағымды тостым. Бірақ ештеңе айта алмады. Саусақтарымды тағы бір-екі рет қысты да, көзін жұмды. Қимылсыз қалды. Арман-ай! Бір ауыз сөзіне зар қылып кет­ті…
Қазір ойлаймын… сол кез­де бір сәтке есі кірді ме екен… Артында қалып бара жатқан 11 баланы, аурушаң әйелін, 25 жасында үш баласымен жесір қалып, бір ұл, бір қызынан тірідей айырылып, енді міне, көз алдындағы сүйеніші – жалғыз ұлын жоғалтып, аңырап қалайын деп отырған әжемді ойлап, мұңға бат­ты ма екен?! Бізді бір Құдайға аманат­тап тапсырды ма екен?!. Мына, жанында отырған мені: «Құлыным-ай, ертең сенің тағдырың қалай болар екен?» – деп уайым­дады ма екен… кім білсін?! Әйтеуір, бір ауыз тілге келмей қайта көзін жұмған еді… Міне, бұл әкемді соңғы рет көруім болды. Бір кез­де самолет те келді. Әкемді зембілмен алып шығып, самолетке алып кірді. Әкемнің інісі Көшкінбай аға бірге кет­ті. Түзу жермен біраз жүріп барып көкке көтерілген самолет әкемізбен бірге, жазылып кетсе екен деген үкілі үмітімізді де алып ұшып, көкжиекке сіңіп бара жат­ты.
Ертесінде совхоздың жүк таситын қара машинасы келіп, бәрімізді апыл-ғұпыл мінгізіп, ауылға ала жөнелді. Киіз үйдің есігін жауып қана үлгердік. Машинаның соңынан біраз жерге де­йін жүгіріп келген көк төбет итіміз Саққұлақ, бір шоқының басында шоқиып қалып қойды.
Ауылға келсек, біздің үйдің алды қарақұрым халық екен, бойым мұздап қоя берді. Әжемді бас сала құшақтап еңіреген адамдар. Бізді де құшақтарына басып, бетімізден сүйіп, басымыздан сипап жатыр.
Сонымен не керек, біз үшін асқар таудай болған әкемізді қара жердің қойнына тапсырып, 11 бала жылап-сықтап, алды 24-те, кенжеміз 1,5 жаста, жетпістен асқан әжеміз, ауруханадан шығып келген ауру шешемізбен улап-шулап қала бердік. Ес білгеннен әкемнің жанында, ат үстінде өскен маған аспан айналып жерге түскендей, әкесіз өмірдің ендігі түк мән-мағынасы қалмағандай күй кештім. «Қасымжан қайтыс болғанда көшеге халық сыймай кет­ті. Қазаға келгендердің машиналары орталық көшеге де­йін жет­ті ғой» деп ел әлі күнге де­йін еске алып жатады. Қазір ойласам, әкем айналасына өте сыйлы жан болған екен!
Бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір жазда Талғат інім екеуміз үйге есек арбамен шөп әкеле жатқанбыз. Әкеміздің өмірден озғанына бір жыл болған. Өзім шабуға ерініп, сол жолы кеш бата кеңшардың дайын шөбінен бастым да, үстіне азын-аулақ шөпті өзім шауып салып алдым. Өзімше із жасырған түрім. Шөп артқан арбамен аяңдап ауылға жете бере артымыздан айғайлаған дауыс естілді. Қарасам, қаталдығымен аты шыққан Оспан деген ұйғыр қарауыл. Атпен шауып келді. Тақымында мылтық, қолында дырау қамшы. Келе салып айғайға басты, «совхоздың шөбін ұрлауға кім хұқ берді?» деп бастап, «штраф салдырам, қаматып қоям, есегіңді арбасымен конфискация жасаймын» деп қорқыт­ты. «Арбаны артқа бұр», – деді. Не дерімді білмей, үнсіз арбаны артқа бұрмақшы болып жатқанымда, «Кімнің баласысың?» – деді. «Қасымжанның», – дедім. Әлгі кісінің бірден үні жұмсарып, түрі жылып сала берді. «Жарайды, бар бер. Әкең жақсы адам еді!» – деп атының басын шұғыл бұрып, жөней берді. «Жақсы әкенің атағы балаға қырық жыл азық» деген осы шығар?! Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды. Әкем «Ешкімнің ала жібін ат­тама» деуші еді-ау!
Әкемді жер қойнына тапсырғаннан ке­йін, қыркүйектің басында жайлауға қайта бардым. Сонда қалған үйді көшіріп әкелу үшін әрі Әли ағаға жайлаудан жылқы айдап түсуге көмектесуім керек. Төбесі ашық ГАЗ-53 көлігінің үстінде жайлауға кетіп барам. Әкеммен бірге талай жүрген жерлерді көріп, оның асыл бейнесі көз алдыма көлбең қағып, айт­қан сөздері, іс-әрекеті есіме түсіп, көңілім құлазып-ақ қалды. Осылай Көкбұлаққа да жет­тік. Көліктен қарғып түсіп, дорбамды иығыма салып өрге қарай аяңдадым. Алға басқан аяғым кері кетіп, жүрісім өнер емес. Асыққанда қайда барам? Кім күтіп тұр? Басымды көтере үй жаққа қарадым. Біздің үйдің қарсы алдындағы төбеден төмен қарай бір нәрсе домалап келе жатқандай болды. Алғашында тас екен деп қалдым. Сөйтсем, арсалаңдап келе жатқан біздің Саққұлақ екен. Келген бойда мойныма асыла кет­ті. Кәдімгі адам сияқты алдыңғы екі аяғын иығыма қойып, тұмсығын кеудеме төсей қыңсылағанын-ай! Дорбамды жерге тастай салып, құшақтай алдым. Көзімнен ыстық жас парлап, өкіріп жылағаным-ай! Біріміз – бала, біріміз – ит, құшақтасып біраз жыладық. Ит­тер жыламайды ғой дейтін шығарсыздар, бірақ Саққұлақтың қыңсылағаны кейбір адамдардың жылағанынан артық әсер ет­ті. Мен өмірімдегі ең қымбат жан болған әкемді жоқтадым. Саққұлақ көзін тырнап ашқан күшік кезінен бауыр басқан иесін жоқтады. «Ит­ті иесімен» деген сөз осындайдан қалған шығар?!
Ішімде жатқан өксік сыртқа шығып, өз-өзіме келдім. Саққұлақтың аяғын иығымнан алып, жерге түсірдім. Ол енді аяғыма оралып жүргізсеші. Қыңсылап қайта-қайта көзіме қарайды. «Неге мені тастап кет­тіңдер?» «Қайда болдыңдар?» «Ием қайда?» дейтін сияқты. Ол жалтақтап сұраулы көзімен қараған сайын кемсеңдеп қоя беремін. Аяғыма оралады, қыңсылайды. Мені жұбатқаны ма екен?! Үйдің жанындағы күнде су алып жүретін бұлақтан су ішіп, беті-қолымды жуып, өксігімді басып, отауымызға жақындадым. Көрші Әли аға, әйелі, балаларымен есіктерінің алдында мені күтіп тұр екен. Мені құшақтап, жұбату сөздерін айтып, үйіне кіргізді. Көздерінде жас. Сөйтсем, ит те болса, Саққұлақтың мені қалай қарсы алғанын көріп көңілдері бұзылған ғой!
Бұлардың көңілдері бұзылатындай болыпты. Біз кеткен күннен бастап, Саққұлақ күндіз төбеге шығып, жолға қарап шоқиып отыратын әдет шығарыпты. Түнде ғана есіктің алдына келіп жататын көрінеді. Таң ата қайтадан жотаға тартады. Осылай 15–16 күн! Не тамақ ішкенін көрмедік, тіпті қолдан ас-су берсек те қарамай қойды дейді. Содан Әли аға бір күні «Болат қоян атып беруші еді ғой» деп қоян атып әкеліп беріпті. Оны да жемепті. Аштан өліп қалса, обал әрі ұят болар деп қорықтық дейді. Он бес күн не ішіп, не жегенін білмеген. Осыны айтып бәріміз көздің жасын тағы бір сығып алдық. Естігенде жүрегім елжіреп кет­ті. Апыл-ғұпыл шай іштім де өзіміздің үйге келдім. Есік сол жіппен байлап кеткен күйінше жабық тұр. Үйдің айналасында күнделікті қолданатын зат­тар, кішкентайлардың ат қылып ойнайтын ағаштары шашылып жатыр. Асығыс ат­тандық қой! Есіктің жібін шешіп үйге кірдім. Ортадағы жер үстел жиналмаған күйі қалған екен. Әкемнің үйде, малға киетін киімдері керегенің басында ілулі тұр. Қыстыға жылап жібердім. Киімдердің бәрін жинап, құшағыма қыса жерге жантайдым. Еңкілдеп жылап жатырмын. Бір кез­де тықырлаған дыбыс шыққандай болған соң жалт қарасам, есік жақта Саққұлақ жатыр екен. Өмірі есіктен сығаламайтын текті ит, табалдырықтың бер жағында, алдыңғы екі аяғына басын төсей жайланып жатыр. Екі көзі менде. Жұбатуы ма екен, қыңсылап құйрығын бұлғаңдатып қояды.
…Бір кез­де Әли аға үйге жотаның ар жағында тұратын әкемнің замандас құрдастарының бірі, тірі кезінде әзіл-қалжыңдары жарасқан қойшы ағаны ертіп кірді. Көңіл білдіруге келсе керек. Басымды көтердім. Мені құшақтап, басымнан сипап, жұбату сөзін айтып азырақ отырды да, екеуі шығып кет­ті. Аздан соң Әли ағаның үйі жағынан өзара қауқылдасқан дауыстары естіліп жат­ты. Жандарына тағы біреу қосылған сияқты. Бір кез­де бір-бірімен қалжыңдасып қажасты ма, әйтеуір, қарқылдаған күлкілері де қат­тырақ шыға бастады. Жанымызда әкесінен айырылып, еңіреп жатқан бала бар, бұнымыз ыңғайсыз болар демеді…
Сөйтсем, ренжитін жөнім жоқ екен, әркімнің басына түскен қайғы-қасірет өзіне ғана ауыр, өз жанына ғана салмақ салады екен ғой. Шынында да, қалған жұрт көңіл білдіріп, басу айт­қаннан басқа не істейді?! Өлгенді тірілте алмайды, орнына әке де бола алмайды. Әркімнің өз тіршілігі бар. Өмір деген – осы!
Өзім ес білгеннен бері көңілімде қалыптасқан әке бейнесін, одан қалай айырылып қалғанымды осылай қағазға түсірдім. Әңгіменің басында айт­қанымдай, менің әкемнің тағдырын басқалар білуге керек пе, жоқ па, оны білмедім. Әркімнің әкесі өзіне қымбат қой. Әлгі бір әнде айтылғандай, «Менің әкем, менің әкем – ең жақсы адам…»
Біз сізді ешқашан ұмытпаймыз, мәңгілік жадымыздасыз, әкешім! Кейде рухыңызбен осылай сырласамыз, сыр ашамыз!
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, жаныңыз жәннат­та болсын!
Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын!

 

Болат ҰЗАҚОВ
режиссер, актер, драматург,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 24.03.2025 | 16:20

Тіл саясаты комитетіндегі Ербол Тілешов деген жәдігөйді білмейтін жан жоқ шығар. Дәл осы Ербол Тілешов әкесі анасымен ажырасып, басқа әйелге үйленіп кеткенде, оны соңынан іздеп барыпты. Әкесі «Кет» десе де кетпей, өгей шешенің қолында тұрыпты. Өгей шешеге жағынуға, оның көңілінен шығуға тырысып бағыпты. Сөйтіп, оның жағымпаздыққа бойы сіңуі бала кезінен басталыпты.

Қонақ 27.03.2025 | 15:59

Кет десе де ол өз әкесі. Кет десе де кетпепті. Өгей шешенің аты өгей шеше ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір