Серікқали БАЙМЕНШЕ. АЛАШТАН АДАМ АЙНЫМАС
30.06.2026
28
0

Бүгінгі білікті ғалым, беделді басшы, қанат­ты қаламгер, жалынды жайсаң азамат жайында сөз қозғағанда, алдымен Алаш мұратын алға алып шыққан айнымас адалдығы еске түседі. Оның осынау ұлы тарихи идеяны белгілі бір тар кезеңдегі ұлт арыстарының саяси, қоғамдық, әлеумет­тік ерлігінен гөрі жалпы, ұлт­тық мұрат-мақсатпен, қазақтың арман-аңсарымен байланыстыра білген ізденістері өзіндік даралығымен ерекше.

Сабақты сөздің сәті, әрине, өмірдің шалқар тұсындағы белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы жайында болмақ. Оның өмірбаяны көпке мәлім. Жоғары оқу орнын бітірген соң М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болып еңбек жолын бастады. Бұдан кейінгі ғылыми-педагогикалық қызметі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетімен байланысты болды. Осы оқу орнында қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, Гуманитарлық институт­тың директоры, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, университет проректоры қызметін абыроймен атқарды. 2022 жылдан бері «Қазақ газет­тері» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігінің бас директоры болып істеп келеді.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлт­тық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлының атақ-дәрежесі де, шүкір, ешбір кем түспейді. Президент стипендиясының, Қазақстан Журналистер одағының, Сұлтанбек Қожанұлы атындағы сыйлығының, «Дарын» мемлекет­тік сыйлығының иегері болды. «Құрмет», «Парасат», ІІ және III дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапат­талды. Көрші елдің құрметіне сай Шыңғыс Айтматов атындағы академияның академигі атанды. Бұдан басқа, тәуелсіз Қазақстан тұрмысында ол қатысатын, ол мүше саналатын ірілі-ұсақты комиссиялар саны тіпті де аз емес.
Ел көзінде жүрген Дихан ініміздің осындай қызмет сатысымен қандай биікке көтерілсе де, ешқашан өзгермейтін жағымды жаратылысы, бірқалыпты мінезі, қатарын қадірлейтін, үлкен-кішіге үйірімді ізет көрсете білетін көшелі кісілігі бүгін біздің қаламның ұшын да өзіне қарай тартып отыр.
Әдебиетші қаламгер Дихан Қамзабекұлының есімін алғаш танытқан, көпке жайған Смағұл Сәдуақасұлы жайындағы зерт­теулері еді. Кешегі кеңестік заманда алаштың Смағұлдай асылы хақында ұлағат­ты әңгіме айтылмады, тарихи жарияланымдарда оның есімі көбіне біржақты, ұлтшылдық сипат­та аталып жүрді.
Смағұл Сәдуақасовтың қазағымен қайта табысуы мемлекет­тік тәуелсіздігімізбен тығыз байланысты десек те, зерт­теуші Дихан Қамзабекұлының түбегейлі ізденістері арқылы жаңа ғылымның негізі қаланғанын ұрпақ ұмытпауға тиіс. Смағұлтану ғылымының тізгіні бірінші кезекте Дихан Қамзабекұлына тиесілі. Ол қалыптастырған жаңа бағытқа сай әртүрлі ғылым саласындағы зерт­теушілер Смағұл тұлғасына осыдан кейін сан қырынан келе бастады.
Сөйтіп, қазақ арманда кеткен Смағұл деген ұлымен табысты, Дихан оны осылай таныт­ты. Таныт­ты дегенді тиянақтай түсетін себебіміз, жұртшылық жүрегінде қалған қаһарман Смағұлдың есімі мен ғұмыры ел тарихын көркейтіп келгенін бірнеше ұрпақтың білмей өскендігінде. Смағұлдың жақсы атын естігенімен, ол өмірін қиған абзал істің мән-маңызына бойлай бермейтін бауырларымыз баршылық екеніне.
Демек, жасап болмай, жас кеткен, жай отындай жарқ ете қалған Смағұлдың адал аты мен еңбегін оның осы уақытқа дейін жарық көрмеген, жабулы жатқан өз туындылары арқылы зерделеу­дің жөнін тапқан Дихан болды. Оның басшылығымен, тікелей араласуымен Смағұл шығармалары қайта жариялана бастады, еңбектері жинақталып, жеке кітап болып жарыққа шықты. Шығармашылық әлеуеті ғана емес, тұтастай ел санасында сақталған қайраткерлік келбеті де көріне түсті. Бұл Смағұлдай асылдың да, Дихандай жас ұлдың да азамат­тық айдынды тұлғасын бар болмысымен ашқан алға басушылық еді.
Смағұл Сәдуақасұлы шығармаларының ол құрастырған академиялық 3 томдығы бүгінде тұлғатанудағы беделді басылым ретінде белгілі. Зерделі зерт­теу­шінің дәйекті еңбегі арқасында Алаш баласы асылзада ұлының ардақты қолтаңбасымен енді айырылмастай, мәңгілік қауышты.
Бірақ Смағұл Сәдуақасұлының сөзі еліне жетсе де, «өзі» әлі жетпеген еді. Оның сүйегінің күлі 1933 жылдан бері Мәскеудің бірнеше ғасырлық тарихы бар «Дон» қабірстанының азалы қабырғасында мәрмар құтыда тұрған. Қазақтың біртуары Смағұлдың рухы жетпіс сегіз жыл бойы қабірстанның шөлмек қабырғасынан «шыға алмай» шыр айналып жат­ты…
Осы сүйек күлін Қазақстанға әкелу сапары жайындағы бір сұхбатының сәтінде Дихан ініміз «С.Байменше бастаған Елшілік қызметкерлері қол ұшын берді. Құдайдың құдіреті, осы Серікқали мырза Смағұл тұңғыш кітабын шығарған Бейімбет­тің білікті зерт­теушісі-тін» деп атап өткен еді. Бұл рет­те Смағұлдай арыстың аяулы рухын (сүйегінің күлін) туған жерге жеткізу ісінің бір бүйірінде жүру дипломат­тық-журналистік өмірдің бұйыртқан бақыты еді десек, жарасымды болатын шығар.
2011 жылғы қаңтар айының орта шенінде сол кезде Еуразия ұлт­тық университетінің проректоры болып істейтін Дихан Қамзабекұлы, Смағұлдың аталас ағайыны Қапар Айтуғанов, «Жарқын» шаруа қожалығының басшысы кәсіпкер Ғимадедин Ожаров және «Егемен Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі Жақсыбай Самрат осы сауапты сапармен Мәскеуге келді (кейін елдің бас газетінде Жақсыбайдың «Алаш ардақтысының рухы елге оралды» деген жақсы мақаласы жарияланды).
Сапар жайын баяндаған газет тілшісі әуежайда біздің қарсы алғанымызды, ертесіне жәми мешіт­тегі қазақ қауымдастығының имам-хатибы Марат хазірет Аршабаев пен Мәскеудің бір топ қазағын ертіп «Дон» қабірстанына сапар шеккенімізді жазып өтеді.
Содан бері он бес жыл өтсе де, журналист Жақсыбай жазған сол сурет әлі көз алдымызда:
«…Бәріміз шіркеудің ішіне ендік. Ол біршама кең екен, есіктің тура қарсысындағы төрде крематорийдің пеші болыпты. Осы жерге бұрын да келген Дихан Қамзабекұлы оған дейін темір рельстердің болғанын еске алды. Бірақ қазір ондай жоқ, пештің орнына образдар қойылып, ол жер шіркеудің төріне айналған.
Сол жақ бүйірінен шыққан бөлмеге ендік. Бұл дуалы ұзын, сопақтау бөлме екен. Барлық қабырғаларына адамдардың күлдері құтылармен қойылып, бергі беті шынымен жабылып, бітеліп тасталған. Күлдің кімдердікі екені құтыларда көрсетіліп тұр… Смағұл ағамыздікі де мәрмәр тастан қашалып, оюлап жасалған дүние екен. Соған қарағанда, қайын атасы жасатса керек.
Марат хазірет марқұмның рух шәрифіне бағыштап Құран оқыды және Алладан мәйіт­тің күлін алу ниетімізді қолдауын сұрап, бата қылды. Осыдан кейін ғана шіркеу қызметкері арнаулы аспаптармен беткі шыныны қопарды. Мәрмәр құты зілдей екен, Дихан мен Серікқали оны еппен жерге зорға түсірді. Орнына әдейі сол үшін Қазақстаннан жасатып әкелінген тақта-белгі қойылды…».
Міне, мәрмәр құты… қабірстанның қабырғасын жарып шыққысы келіп, сексен жылдай серпіп кернеген, көзге көрінбейтін рух… «Бұл жерде 1933–2011 жылдары Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси репрессия құрбаны Смағұл Сәдуақасұлы сүйегінің күлі тұрды. Астана қаласына жерленді» деп қазақша-орысша жазылған тақтайшаны құтының орнына қойып жатырмыз. Мәрмәр құты қашып кетпесін дегендей, Дихан екеуміздің қолымыз қайта-қайта оның құлағына бара береді…
Мәрмар құтының құлағы демекші… Академик жазушы Сәбит Мұқановтың жары Мәриям Мұқанованың естелігінде Смағұл Сәдуақасовтың арбаға салынған мәйітінің соңында қайын атасы Әлихан Бөкейханов пен жары Елизавета Сәдуақасованың келе жатқаны, Сәбит­тің олардың жанына барып көңіл айтқаны туралы айтылатын еді.
Тағдыр-ай, десеңізші! Арада үш-төрт жыл өтер… Отыз жетінің ойраны келер… Қуғын-сүргін басталар… Сол кезде Әлихан Бөкейхан ұсталып, тергеуге түсіп, «халық жауы» ретінде қайғылы қазаға ұшырар-ды. Оның асыл сүйегі де нақ осы крематорийде өртелер-ді. Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейхан алтын сүйегінің бір уыс күлі мыңдаған мәйітпен араласып, қуғын-сүргін құрбандары көмілген «Дон»-дағы ортақ қабірде жатыр, бүгінде…
Қайран Әлекең күйеубаласы Смағұлды соңғы сапарға шығарып бара жатқанда, бірер жылдан соң соқа басына да сойқан түсерін сезді ме екен?! Күндердің күнінде өз сүйегінің күлі де тура осы топырақтың астында жататынын болжай алды деймісіз… Алайда жазмыштың жазуымен, төрт жыл өткен соң қайын атасы мен күйеубаласының рухы аталмыш зират­та тоғысты және жетпіс жылдан астам уақыт бойы бұларға кеңестік кеңістіктегі туған халқы бір қайырылмай қойды-ау…
Сол бір қасірет­ті жылы Смағұлдың күлі салынған құтыны бір құлағынан ұстап, қабірстанның қуысына Әлихан Бөкейханның өзі көтеріп орнат­ты ма екен? Әбден мүмкін… Марқұмның қабіріне топырақ салған сияқты, бәлкім, мәрмар шыныны сипап ет­ті ме салалы саусақтарымен?! Демек, құтының құлағында ұлы адамның қолының таңбасы, ізі қалуы мүмкін ғой… 1933 жылы шыны қақпақпен шындап шегеленген қуыстағы мәрмар құтыға бұдан кейін ешкімнің қолы тиген емес. Олай болса, Дихан екеуміз көтеріп түсірген құтының қай құлағында Әлиханның қолының ізі қалды екен, қайсымызға тап келді екен?..
Бізге салса, Алаш идеясын асқақтатып, алаш арыстарын ардақтап, алаш мұрасын алға шығарып жүрген Дихан Қамзабекұлына Әлихан Бөкейхан қолының таңбасы қалған құтының құлағы тап келсін деп тілер едік. Солай болуы керек. Өйткені дәл Дихандай Алашқа берілген, айнымастан алашты ардақтап келе жатқан, алашты айдай әлемге танытқан тұмса зерт­теушілер көп болмаса керек.
Әлі есте, Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің күлін Қазақстанға әкелу үшін Астанадан Мәскеуге келе жатқан сауапты сапар мүшелерін қарсы алу ниетімен Шереметьево әуежайына ертерек ат­тандық. Өйткені Мәскеудің жол жағдайы белгілі, ертерек шықпасаң, көшедегі кептеліс машинаның адымын аштырмайды, көп уақыт көлік жүрісіне кетеді.
«Шереметьево» әуежайына дейін әншейінде сағат­тап жүруге тура келуші еді. Бір қызығы, сол түні бірде-бір кептеліске тап болмай, ешбір кідіріссіз қырық бес минут­тың ішінде жетіп алдық! Бұған жүргізушіміздің өзі таңғалды. «Әдет­те осы уақыт­та Ленинград даңғылының бойы машинаға толып тұрушы еді» дейді ол. «Әуежайға тым ерте жет­тік пе?» дегенше болған жоқ, біз күтіп тұрған ұшақтың қонып жатқанын хабарлады. Сол түні Астанадан келе жатқан ұшақ Мәскеуге белгіленген уақытынан жарты сағат бұрын келіп қонды!
Бүгінде біреу сенеді, біреу сенбейді, бірақ өз басымыздан өткен соң өтірік айта алмаймыз. Бұл бір түсініксіз жұмбақ сияқты еді. Кездейсоқтық деп те ұғынылуы әбден мүмкін. Алайда әуежайға ешбір кідіріссіз ерте жетіп алуымыз, Астаналық ұшақтың уақытынан бұрын келіп қонуы тіпті де тегін емес сияқты… Смағұлдың атамекен-еліне, алыстағы алашына асыққан асыл рухының осыншама жылдан кейін қазағымен қайта табысуын Жаратқанның өзі жылдамдатып, сәтін түсіріп, жолын аша түскені ме екен?!
Кедендік және басқа тексерістің бәрінен қазақстандық дипломат­тардың көмегімен ойдағыдай өткен мәрмар құты Мәскеу-Астана ұшағының салонына жетіп, сауапты сапар мүшелері орындарына жайғасып, ұшуға дайындалып жатқан кезде кенет салон іші тексерілетін болып жолаушылардың бәрі сыртқа шығарылды. Мәрмар құты да «орнынан тұрды». Кейін осыны естігенде тіршілігі күреспен өткен Смағұлдың сүйегінің күлінің де атамекеніне жеткенше белгісіз бір қарсылыққа қарсы тұруына тура келген екен-ау деген ой келді. Асыл сүйектің күлі Астанаға әкелінген соң да жер қойнына жете алмай біраз тұрып қалғанын қоссаңыз, бұған сенуге болады…
Смағұлдан басталатын үлкен де күрделі жол Диханды төрт әріптен тұратын құдірет­ті бір сөздің – Алаштың асыл мұрасын зерт­теуді түбегейлі тереңдете түсуге алып келді. Ол өзі жазғандай, «алаш құбылыстарын ағартушылық жолындағы ұлт­тық қозғалыс аясында көрді», «әдеби-рухани күш пен саяси қайраткерліктің біртұтастығынан» байқады.
Осының бәрі «Смағұл Сәдуақасұлы» деп аталатын ғұмырнамалық деректі хикаятында, «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Пайым», «Алаштың рухани тұғыры» «Түркістан алқасы», «Жәдитшілдік және Алаш: түсіндірме сөздік», «Алаш – темірқазық», «Жұрт», «Ой алаңы», «Алаш арқауы», «Түркі алқасы» секілді кітаптарында, «Ағартушылық және әдебиет» оқу құралында жинақталды, бүгінде жұртшылыққа жақсы белгілі.
Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Хайредден Болғанбай, Сәдуақас Ғылмани шығармаларының заманауи танымын тұрақтандырған ізденісті істері бір бөлек бағыт.
Жүсіпбек Аймауытовтың 5 томдығын, Қошке Кемеңгерұлының 3 томдығын жарыққа шығарып, алаш әдебиетінің айнымас дүниелерімен байытқаны да бағаланатын жетістік.
Бас тақырыбы «Алаш» деп басталатын он сан мақалалары Алаш арыстары, Алаш қайраткерлері, Алаш мұраты, Алаш рухы, Алаш кезеңі, «Алашорда» атауы… деп тұтас бір энциклопедиялық білім береді. Бұлардың бәрін таразылауға дәл қазір мүмкіндік жоқ, алайда білмекке құмар жастың, ел тарихына бейтарап қарамайтын жанның, ғылыми ізденіс жолындағы алаш ұланының керегіне жарайтын кемел туындылар деп алдын ала айтуға болады.
Дихан Қамзабекұлын Алаш мұрасы, алаш идеясы ғылымның шыңына алып шықты. Ол көрінер-көрінбес ізбін-ізімен жалықпай жүріп өтіп, жоқты тауып, барды байытып, мұрат­ты істі туа біт­ті мұраға айналдырып, алаштанушылардың тұтас бір құрамын қалыптастырып, әлі де жетекшілік, зерт­теушілік еңбегін жалғастырып келеді. Алаштан айныған емес. Шәкірт­теріне көп жыл үйреткен ұстаздық өнегесінің өн бойында осынау қос буынды, төрт әріпті текті сөз тұрады.
2009 жылы Омбыда «Ресей қазақтары: тарих және қазіргі заман» деген халықаралық ғылыми-конференция өт­ті. Бұған екі елдің ғалымдары, зерт­теушілер, дипломат­тар қатысып, Ресейдегі қазақ тарихына қатысты сан алуан мәселе ортаға түскен берекелі басқосу болды. Біз сол жолы қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» пен ұлт­тық «Қазақ» газетінің бүгінгі Ресей аумағында жарық көргенін айтып, осы басылымдарға Орынборда және Троицкіде ескерткіш белгі қою жа­йын алғаш рет көтерген едік (кейін біздің қатысуымызбен екі қалада да ескерткіш тақта орнатылды).
Бұған назар аударылып отырған себебі, аяулы «Айқапқа», қадірлі «Қазаққа» қатысты ойымыздың тиянағын Дихан Қамзабекұлының «Алаш кезеңі: серпілу негіздері» деген осы конференциядағы маңызды баяндама-мақаласынан тап­қанымыз еді. Зерт­теуші «ХХ ғасыр басындағы әдеби-эстетикалық концепцияларда, көзқарастарда саяси сипат­тың айқын көрінуі «олар таза әдебиет­тен жырақ» деп қорытынды жасатпауға тиіс» деп тұжырымдай келіп, ғасыр басындағы жәдитшіл-жаңашылдықтың «Айқап» журналының дүниеге келуімен және оның «Қазақ» сынды әлеует­ті газет­тің жарыққа шығуын тездетуімен байланысты екенін білдіреді. Оның «бұл кезеңде жәдитшілдік қазақ өмірінде сапалық деңгейге көтеріліп, Алаш қозғалысына ұласты» деген тұжырымы бөтен жерде ізі қалған жалғыз журнал мен жалқы газет­ті сол елдің мінбесінде тұрып іздеуіміздің орынды екенін көрсет­ті, ал қос басылымға белгі қою туралы ұсыныс алаш ұранды аға ұрпаққа тағзым, ұлт тарихын қастерлеу деп дәйектеп бергендей болды.
Айтпақшы, жоғарыда бізге қатысты сілтемемен сөйлетілген «білікті зерт­теушісі» деген сөздерден бұл жазбада сыпайылықпен сырт беруге болар еді. Бірақ өзіміз «бейімбет­танудың бастауында тұрады, бейімбет­тану ғылымының негізін қалады» деп санайтын Смағұл Сәдуақасұлының зерделі зерт­теушісі Дихан Қамзабекұлының да жазушы мұрасына қайырылып, «Бейімбет тағылымы» деген маңызды мақала жазғанын айтпай өте алмаймыз.
Бұл – бір жазушы туралы қос ғасыр тоғысында естілген екі кезең ұрпағының үні. Қара сөздің хас шеберінің сөз мұрасын талдауы жағынан Смағұл мен Диханның ой-пікірі ұштасып, таным терезесі теңесіп тұрғанын, «бүгінгі күнсіз ертең жоқ» деген Смағұл сөзінің шындығын сезбеу мүмкін емес.
Смағұл: «Бейімбет­ті толық білу үшін, ақындығын толық сипат­тау үшін оның өлеңін түгел оқып шығу керек» десе, Дихан «Көбіміз Б.Майлинді жазушы, ақын, драматург ретінде жалаң ғана біліп, ұлт­ты тәуелсіздікке бастаған алаш арыстарымен пікірлес азамат, қаламның күшімен, жазушылық қабілетімен елді ағартқан қайраткер есебінде тани алмай жүрміз» дейді;
Смағұл: «бізде шын жұмыскер өмірін жазған ақын әлі шыққан жоқ. Ондай ақынның аяғы аспаннан салбырап түспейді. Ондай ақын Қазақстанның туып келе жатқан кәсіп шаруасымен бірге туады. Бейімбет сықылдылар сол болашақтың ұйытқысы» десе, Дихан: «Күрделі кезеңде тура жол табу қашан да қиын. Сол себепті Бейімбет өзінің жан жүйесінде жүріп жатқан құбылыстарды айналасындағы қарапайым өз секілді жандардың басындағы халмен астастырып шынайы сурет­теді» дейді.
Бір Бейімбет­ті екеуі екі заманда тұрса да, дәл таныпты. Смағұл көргендігімен, Дихан білгендігімен жазып отыр. 1918 жылы «Алашордаға» деп шабыт­танып өлең жазып, «Қазақ» газетінде жариялаған Бейімбет қайдан тапшыл бола қалсын?! Оны тапқа теліп, кейінгіге солай келтіріп, келістіріп жазып беріп жүрген кеңесография ғой. «Талай жан тап жолында болды құрбан» деген Мағжанның мұңы да сол.
Зерт­теуші осыны нақ таныды. Бұдан былайғы зерт­теулердің болмысында ұлт мүддесіне сай өзгерістер болатынын сез­ді. Диханның зерт­теулеріндегі зеректік осындай жалпықазақтық мұрат­ты алға шығаруымен биік тұр. Ол Алаш мұрасын ғылыми зерделеудің біртұтастығын орнықтырды, ғылыми танымның деңгейін өсірді.
Жалпықазақтық ортақ мұрат сонау Смағұл тектес заңғарлардан басталатын, қазақтың бойында бар, оның қаз тұрып жатқан кеңестік жаңа қоғамында да орнығуға тиісті өзгешелік еді. Кезінде соның бәрін ХХ ғасырдың аласапыраны бұзды. Ал зерт­теуші Дихан арыстардың асыл сөзін алға салып, алаштың мақсат-тілегін ғылыми тұжырымдау арқылы осы халықтық өзгеше қасиет­ті жұртына қайтарып берді.
Бүгінгі руханият – Диханның өз әлемі. Орыстың «духовность» сөзіне мағынасы сай келетін «руханият» Дихан тауып, әдеби-ғылыми айналымға қосқан сөз. Сөздің сүйкімін сөйтіп Диханнан естігенбіз. «Руханият» – байырғы әдеби тілімізде (шағатай тілінде) қолданылған, бүгінгі әдеби тілімізге 90-жылдардың басында Алаш зиялыларының «ақталып», ресми тарихымызға қайта оралу кезеңімен тұспа-тұс енген сөз» дейді ол.
Дихан «руханият­ты» Алаш зиялыларының әмбебап еңбегінің баламасы болуға жарайтын тәрізді дегенмен, «руханият» деген жаңа сөз күллі рухани дүниені бейнелейтін баламаға айналып кет­ті. Мұны отызға тарта мазмұнды мақаланың басын біріктірген «Руханият» кітабымен түпкілікті тиянақтады.
Ғалым Диханның сөз майданындағы көсем қолтаңбасы «Қазақ газет­тері» серіктестігіне басшы болып келген соң, «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жаңа қырынан көрінді. Әлемдік баспасөздің жедел үн қосу, бейтарап қалмау секілді әдемі дәстүрі бүгінгі ұлт­тық журналистиканың да есігін қаққалы қашан! Қазіргі шапқан ат­тай шапшаң заманда «Егемен Қазақстан» осыны тез игеріп, көкейкесті тақырыпты оқырман назарына дереу үсыну жеделдігін көрсет­ті.
Бас директор газетшілер командасы­ның әрі тізгін ұстаған тәлімгері, әрі «садақ» ұстаған жауынгері болып, басқа да әріптестерімен бірге қаламын қат­ты тартып, талғаулы тақырыптарды тереңдете бастады. Биылдың өзінде ғана жедел шыққан «Мемлекетшіл тетік», «Маңызды мүдделестік», «Жауапты ғұрып», «Ақылға бірлік», «Елдік тұжырымдама», «Құрылтай қуаты», «Жаңару жолы», «Мемлекетшілдік арқауы» секілді тоқталып оқыған толғам-тұжырымдарында кәнігі көсемсөзші мемлекет пен халық өміріндегі маңызды мәселелердің мазмұнын талдайды, түсіндіре баяндайды, көздеулі мақсат­ты білдіреді, көсем сөйлеп түйіндей отырады. Бұл тұста да алдымыздан Алаш зиялылары шығады, солардың өнегесі жаңғырады. Алаш арыстарына деген шексіз адалдық, сөзсіз берілгендік көсемсөз көшінің де көркін келтіріп тұрғанын сеземіз.
Әңгіме қызметке, Отан қорғау мәселесіне тірелгенде, көсемсөзші «Отан қорғау» ұғымымыз, «Егемен еліміз бен байтақ жерімізге көзіміздің қарашығындай сақ болайық!» деген ұранымыз қаншалықты қадірленіп, жүзеге асып жатыр?» деп толғана келе, «Алаш зиялылары «тілегі бір» деп бағалаған әскер – ер-азамат­ты жан-жақты жетілдіруге қауқарлы мемлекетшіл тетік екені айдан анық», – деп түйіндейді.
«Ұлт зиялылары «ата ғұрып» ұғымына елді сапаландыратын, ар-ұятын сақтайтын, тәжірибесін арт­тыратын, береке-бірлікті нығайтатын, сенім мен тәуекелді қолдайтын құндылықтарды сыйдырды… Жалаң айқай, жалған үгіт, жадағай пәтуа, жетесіз жарнама ешқашан ата ғұрып та, жөн де бола алмайды», – дейді бір кез.
«Біз ұлт зиялылар пайымын еске түсіргенде, баршаға ұстаз Абайдың даналығын айналып өте алмаймыз. Ұлы ақын: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» дейді. «Ақылға бірліктің» астарында – адамшылыққа, елдікке, парасатқа ден қою мен ұйысу тұр. Ойшыл лексиконындағы «малға бірлік» – құлқын мен пайдакүнемдік мүддесі. Әділет­ті Қазақстан жаңа Ата заң жобасы кіріспесінде «мемлекет­тілікті нығайту», «Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтау», «келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілік» міндетін айқындағанда, ақылға бірлікті басшылыққа алғаны ақиқат», – дейді көсем сөйлеген қаламы.
Қазақ сөзінің құрамында «Диқан дарысын» деген тілек бар. «Ақылға диқан» деп қазақ бұл сөздің мән-маңызын одан әрі тереңдете түседі. Емле жағынан келсек, жалғыз әріп айырмашылығы болмаса, «дихан» мен «диқан» – бір сөз. Осы тілекшіл тіркестің түп мағынасы молшылыққа, игілікке, жақсылыққа тіреледі. Оның «Ісіңе береке берсін» деген мазмұны маңдай терін моншақтатып ел игілігіне қызмет етіп жүрген жанның еңсесін көтеретін жақсы тілек. «Қызыр дарысын», «қыдыр дарысын» деп қатарлас айтылатын тілектестікпен тамырлас жатқан қазақы сөз. Мұның ар жағында Ахмет Байтұрсынұлы айтатын «Адамдық диқаншысы» тұрса, тіпті те жаңсақ демеңіз.
Қалың жұртқа «Диқан дарысын» деп тілек айтсақ, әрине, көз алдымызға тіршіліктің тінін жалғаған, өмірдің дәнін аялаған ең бейбіт, ең қымбат адам келеді. Өйткені адам есімінің естілуі мен естілігі де оның болашағының ізашары. Мәселен, қазақтағы сан мыңдаған Бауыржан есімді азамат­тың осалы бар ма, осы күні? Бәрі де өз саласында ер Бауыржан бабалары секілді белгілі бір биікте жүр.
Сол сияқты Дихан деген есімінің өзі оның маңдайына егіншідей ерінбей еңбек етуді жазып қойған тәрізді. Бұған біздің Диханның ізеуірт­теп ізденіп, талмай та­у­ып, жалықпай жариялаған туындылары куә; сыпталып шыққан сан сырлы сүбелі шығармалары, жүрісті жүйрік қаламы, айдынды ақпарат­тық майданда маңдай түзеген мемлекетшіл тұлғасы айғақ.
Сондықтан ғылымда өз мектебін қалыптастырған академик Дихан Қамзабекұлы секілді ізденімпаз, танымпаз, үнпаз бол, абзал үлгіні бойыңа сіңір деген үмітпен, жас ізденушіге «диқан дарысын» деп тілек айтсақ, несі айып?! Бұл тілек тәуелсіздіктің табалдырығында тұрған елең-алаң тұста, әлі ешкім айбынды алаштың өзінің де, сөзінің де жүзін көре алмай жатқан кезде, білек сыбанып шығып, ескі мезгілдің есігін ашып, қазақтың өз байлығын өзіне қайтаруға алаңсыз қызмет еткен Дихан Қамзабекұлы сынды сол кездегі жап-жас ізденуші ғалымдардың бәріне, бүгінгі мүйізі қарағайдай замандас оқымысты ілім-білім иелеріне де тиесілі болса керек.
Білімі мен білігі, тұлғасы мен танымы, сөзі мен ісі, адамгершілігі мен азамат­тығы, ұлтының ұлағат­ты мақсатына арналған адал қызметі ар жағындағы ата-ананың үлкен тәрбиесін, туабіт­ті тектіліктің ізін сездіріп тұратын, бүгінде беделді басшылықтың баспалдағында берік тұрып, ақпарат айдынында да шын диқандығын танытып жүрген Дихан есімді ардақты інім, «талтүстегі» тұлғаңа елшіл, мемлекетшіл мақсат-мұратың дем беріп, халқыңның бойына айбынды алаштың адал рухын дарыта бер!

Маусым, 2026 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір