Алаштан альфа ұрпаққа дейін

Биыл қазақтың біртуар азаматы, ағартушылық, демократтық бағыттағы саясатты ұстанған алаш зиялысы, талантты қаламгер, қоғам қайраткері, тарихи тұлға Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл. Айтулы датаға орай ОКЖ қарасты №20 кітапхана және СДБАММИК, «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалымен бірлесіп «Алаштан альфа ұрпаққа дейін» атты әдеби-танымдық кеш өткізді. Іс-шараға ұлттық кино өнеріне «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ!» сынды тарихи-көркем туындыларымен тың леп әкелген режиссер және киносценарист Мұрат Есжан мен продюсер Айсәуле Әбілда қатысты. «Оян, қазақ!» деп халқына үн қатқан, алаш мұратын сөзбен де, іспен де қорғаған, ұлт тағдырына адал қызмет еткен, сындарлы сәттерде сыр бермей, тағдыр шешті кезеңдерде тұғырында тік тұрған тұлғаны тануға арналған кеш әлбетте ақынның жырымен ашылды. Келесіде сөз алған қонақтар ақынның өмір жолы арқылы тұлғалық болмысына шолу жасап, шығармашылығынан үзінділер келтіріп, оның рухани мұрасын еске ала отырып жастарға мейлінше жақындата баяндады.
– Телехикаяның өзекті болуы — халықтың Алаш қайраткерлері туралы, олардың жасаған қызметтерін, өмірін білуге құштарлығынан деп ойлаймын. Фильмнің негізгі дереккөзі — қызы Гүлнар жазып қалдырған естеліктері. Сценарий ұтымды, шынайы шығуы үшін 30 еңбектің деректері пайдаланылды, 15 ғалыммен кездесу ұйымдастырылды, — деген Мұрат Есжан жастарға идея мен ұлт туралы да пікірін білдірді. — Патша заманындағы әйгілі цензор Смирновтың өзі «Міржақыптың «Оян, қазағы» жастарды білім-ғылымға, қазақ оқығандарын бірлікке үндейді», деп баға берген. Біз де сол идеядан алыс кетпей, ұлттың интеллектуалдық, рухани, кәсіби оянуын мұрат тұттық. «Оян» — ең әуелі ішкі қуатымызды, сыртқы сапамызды арттыруға арналған ұран. Оны әлдекімдердің арандатушылыққа бұрмалап әкетуіне жол бермеуіміз керек, — деп жастарды Міржақып жазбаларын оқуға шақырды. Жалпы осы кино түсіру идеясы қалай келгенін, жобаның қалай басталғанына да тоқталды. Продюсер Айсәуле Әбілда кино түсірудегі қиындықтарға тоқталды.

– Міржақып атамыз әмбебап тұлға. Бір қарасаң, мақала жазып жатады, бір қарасаң, атқа қонып, әскер жинауға кетеді, енді бір қарасаң, бастамашыл топ құрып, аштық құрбандарына көмек қолын созуға аттанады. Сериалда Міржақыптың «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуын, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметін, абақтыдағы жылдарын және Ғайнижамалмен махаббат хикаясын көрсеттік. Тек тарихпен шектелмей, ұлттық рух пен қазіргі заманның көркем тоғысын көрсетуді мақсат еттік. Еңбектерін саралап отырсаңыз, бір емес, бірнеше жерде «халықты босқа қырып аламыз» деген қорқынышын көресіз. Өмірлерін сарп етіп, халықты ағарту жолында жасаған қаншама еңбегі қалды! Олар сол кезде дана шешім қабылдады деп ойлаймын. Көзді жұмып, оққа қарсы жүру батырлық емес. Шын батырлық – ақылмен, айламен, келісіммен жүретін нәрсе, — деп жастарға жігер бере сөйледі.
Кеште модератор болған «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалы директоры Меруерт Мәулетқызы бірлестіктің алаш арыстарының еңбектерін қайта басып шығарғаны, соның ішінде «Оян, қазақ!» кітабының ел санасын оятудағы рөл жайлы мазмұнды ақпарат айтты. СДБАММИК оқу ісі жөніндегі орынбасары Куляш Исмаилова тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Далелқызы, ОКЖ қарасты №20 кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы ойларын білдіріп, қонақтарға алғыстарын айтты. Сұрақ қойып, пікір айтқан жастар ашық көзқарастарын білдіріп, алдағы жоспарларын да сұрады.
«Адамдық» деп аталатын ең асыл қасиетті алаш идеясы мен еңбегі арқылы ұрпағының өнбойына дарытуды мақсат еткен кездесу кеші өзіңді тану, табу арқылы өзекке оралудың маңыздылығын айшықтап берді.
М.Маулина,
журналист