АЛАШ ТӘЛІМІН айнымас серт­тей ұстанған ұлы тұлға
17.04.2024
97
0

Ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 125 жыл

Тәлім мен таным қайнары

Семейдің Мұғалімдер семинариясы оның өмірге деген көзқарасын күрт өзгерт­ті. Бұл жерде Алаш арыстарының ұлы идеясы көтеріліп, ұлтқа қызмет ету қағидасы қарқын ала бастаған кезең еді. Осы семинарияда оқып жатқан Жүсіпбек те, Қаныш та, Мұхтар мен Әлкей де Алаш танымын бойына сіңіріп, Алаш рухымен сусындаған еді. Сөз жоқ сол кез­дегі білімге құштар әрбір қазақ бозбаласы «Қазақ» газетімен қанат­танып, Алаш идеясымен қаруланды. Бұл рух алапат рух еді. Алаш ұстанған мақсат ұлы мақсат еді. Алаш жолы ұлт­ты оятатын жарқын жол еді. Қаныш та басқа қазақ жастары сияқты Алашты пір тұт­ты. Соларға ілесіп, солардан үйренсе қателеспейтінін білді. Себебі, Алаш тәлім мен танымның мөлдір қайнары еді. «Қазақ» газеті қазақтың әдеби тілі қандай болу керек, оқығандар қалай сөйлеп, қалай жазу керек екенін тайға таңба басқандай айқындап берді. Тілі шұбар, бұралып, бұрмаланған әр жақты «Дала уәлаяты» және «Түркістан уәлаятымен» салыстырғанда «Қазақ» газетінің тілі дала қазағына етене жақын тіл болды. Өйткені ол қыр қазағының өз тілі еді. Ер Едігені 1928-жылы кітап етіп шығарған Қаныш оның тілінің қойыртпақ, татар шатыс тіл екенін біліп, тазалап, өңдеп, қазақтың өз тілімен Мәскеуден шығарды. Осындай тәлім мен танымның қайнарынан нәр алған тұлға ұлылыққа бет бұрып, ұлы мұрат ұстанды. Алаштан алған тәлім айнымас серт болды. Сол серт жолында рух семсерін өмірінің соңына де­йін ұстап кет­ті, аянбай сілтеп кет­ті.
«Біз астанамыз – Алматыны қазақтандырмай, қазақтың үні шықпайды. Үніміз шықпағаннан ке­йін теңдік пен тәуелсіздікті қалай талап етпекпіз? Ол үшін аз да болса қаладағы техникалық оқу орындарындағы қазақ жастарын көбейте беруіміз керек. Мына Пединститут, Мединститут, Зоовет пен ауыл шаруа­шылығын бітірген жастар жолдамамен ауылға кетіп қалып жатыр. Инженер мамандарды қаладағы зауыт, фабрика, басқа да өндіріс орындарына алып қалуға болады. Бұл сөздерді протоколға кіргізіп керегі жоқ. Осында отырған әрбірің ұлт мәдениетіне, ұлт­тың болашақта дамып, өркендеуіне жанашырлықпен қарасаңыздар бітпейтін шаруа жоқ».
Өзінің сенімді шәкірт­тері мен әріптестері алдында айтқан Қаныш Сәтбаевтың осы сөзі қылышынан қан тамған кеңестік жүйе кезінде ұлт­тық идеологияны батыл көтеріп, қазақ интелигенциясын қай жерге шоғырландыру керегін, қалай ұлт ретінде жойылып кетпей аман қалып, өркениетке қарай қадам басуға болатынын меңзеп тұрған жоқ па? Сонау Қарсақбайдағы зауыт­та директор боп қызмет істеп жүрген Өмірхан Байқоңыровты Қазақ Кен-металлургия институтына директор етіп тағайындатып, енді жалтақтамай техникалық жоғары оқу орнында жиырма пайыздан аспай жатқан қазақ жастарының санын арт­тыруға күш салу керегіне батыл түрде нұсқау береді. Өзі баптап, баулып шығарған шәкірт­теріне, яғни өзі баулыған ұлт кадрларына жолдама беріп, қалтасына артық ақша салады. Барған жерінде қыдырып, көңіл көтеріп, сауық салу үшін емес, білімі терең, оқуға құштар жас өркендерді әкелу үшін. Енді сол алыстан кеп оқып жатқан студент­тердің жағдайы қиындап, стипендия ала алмай қалғандарына: «Оқуыңды тастама, академиялық демалыс алма», – деп өз қалтасынан ақша төлеп, жарылқап жатқанын қайтерсің. Осы науқан кезінде тек технарлар ғана емес, гуманитарлық мамандықты бітіріп жатқан көптеген жасты Алматыға аспирантураға алып қалып, біразын Мәскеу не басқа қалалардың аспирантураларына жіберіп, артынан қадағалап отырған да өзі болды. Қаладағы қазақ студент­терінің саны елу пайызға жақындады. Ұлт­тың жас кадрлары Алматыдан баспана алып, қаладағы қазақ саны аз да болса көбейе бастады.
Бұл – елуінші жылдардың басындағы Сталиндік екінші репрессияның қуғынынан аман қалған Сәтбаевтың әрекеті.
Бұл әңгіме, осындай патриот­тық рух протоколға жазылмаса да Орталық комитетке жет­ті. Одан Мәскеу хабардар болды. Ө.Байқоңыровтың мәселесі пленумда екі рет қаралып, партиялық сөгіс алды. Ақжан Машаниге үш әріптің мекемесіне барып, түсінік жазуына тура келді. Ебіней Бүкетов Алматыдан аластатылды. Шафиқ Шоқыұлына қатаң ескерту жасалды. Ең соңынан Шахмардан Есенов Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылған еді. Басқа да Сәтбаев өзі таңдап, өзі көтерген азамат­тарға таяқтың ұшы тиіп жат­ты. Ал басты соққы, жүктің ең ауыры Қаныш Сәтбаевтың басына төнді. Ұлы тұлға тағдырдың ауыр сынымен тағы да бетпе-бет келді. Қаныштай тұлға әлдеқашан-ақ өз ұлтының болашағы мен теңдігі жолында басын бәйгеге тігіп қойған. Жасып, жалтақтаудың орнына жігерленіп, буырқана түсті.

Жезқазған – Сәтбаевтың төлтумасы

Қазақ билігі қызғаныштан іші күйіп, тас атып бақса, Мәскеуде отырған үлкен ғалымдар мен биліктегі санасы терең басшылар Қаныш Сәтбаевқа араша түсіп бақты. Неге түспесін, геологиядағы ұлы жаңалықтарымен әлемді таңғалдырған Сәтбаев қой. Оның адамдық болмысы мен энциклопедиялық білімінің тереңдігіне көздері жетіп мойындаса. Мұраты асқақ, ұлтына адал перзент қана осындай жетістікке жете алар еді. Ол қандай жетістіктер дейсіз ғой.
Қазақ қоғамында ғана емес, әлем ғылымы алдында Қ.Сәтбаевтың басты еңбегі – геология. Геологияны жеке институт етіп ашып, оны арнайы ғылым ретінде зерт­теп, дамыту, оң нәтижесін ел игілігіне айналдыру жоспарына қаймықпай ерге тән ерік-жігермен кіріскен ұлы тұлға өз дегеніне жет­ті. Ол Кеңес ғылымын ғана емес, қазақ ғылымының кемел келешегін әлем алдында паш еткен болатын. М.Әуезовтің тілімен айтқанда зор ғалым, зор геологтың геологияда ашқан тың жаңалықтары, жер асты байлығын зерт­теудегі өзіне тән нәтижелі әдіс-тәсілі, қазба-байлықтарды танып білу мен текке бөлудегі көрегендігі, аз уақыт ішінде шикізат­ты асыл өнімге айналдыра алатын қарқынды қимылы мен ұйымдастырушылық қасиеті заманында әлем ғалымдарына таңдай қақтырғаны даусыз. Бұл сөзімізге дәлел, ел жоқ, су жоқ шөл даладан жезі жарқыраған Жезқазғанды тұрғызып, «бұл жерде түк те қалған жоқ, кезінде ағылшындар тасып кет­ті», – деп қарсы шыққан геология академиктері мен профессорларының алдына мыңдаған тонна мыс кенін жайып салып, ауыздарын ашқызды. Бірі: «Сәтбаев мүмкін еместен мүмкінді туғызды», – деді. Қалғаны бастарын ие тұрып, осыны мойындады. Осылай Сәтбаевтың төлтумасына айналған Жезқазған индустриялы алып қалаға айналды.
Бүгінгі таңда біз Сәтбаевтың арқасында салынған ондаған өндірісті қаланы жаңылмай тұрып, атап бере аламыз. Ұлы ғалым ашқан кен орындарының пайдаға аспай жарамсыз болып қалғаны, қор тапшылығы немесе ел эканомикасын шығынға батырғаны жоқ екен. Бұл кісі жерден көтеріп алған бір тас құт дарыған кен орнына, сол кен орны үлкен қалаға айналып, ел пайдасына миллион емес миллиардтаған пайда түсіріп жат­ты. Замандастарының, оның ішінде геологияда жүрген әріптестерінің айтуы бойынша Қанағаң қазба-байлық тапқан жерге қанша адам күші, қандай техника қажет, ол қанша уақыт алады, қанша ақша шығарады және қаншама пайда әкелетінін алдын-ала есептеп, жоспарлап алады екен. Іс біткен кез­де бәрі осы жоспарға сай болып, атқарылған іспен нәтиже бір-бірінен алшақ кетпейді екен. Осыған қарап, біз Қаныш Сәтбаев тұңғыш геолог қана емес, тұңғыш менеджер деп те батыл айта аламыз.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, марганец мәселесі көтерілген тұста басқа геологтар марганецтің иісі де шықпайды деген Жезді өңірінен марганецтің мол қорын отыз тоғыз күнде тауып, сол отыз тоғызыншы күні марганец өңдейтін зауыт­ты да біт­ті деп Мәскеуге мәлімдеме жасаған дара дарын иесі екінші рет ғылыми ортаны қайран қалдырып, бас идірді. Марганецтің басты қасиеті болатпен қосып балқытқанда оқ тесіп өтпейтін, жарыла қоймайтын брон пайда болады. Осы жерде ғұламаның тағы да менеджерлік қабілеті айқын көрініп тұр. Аталарымыздың қандай қарқынмен, қаншалықты күш-жігермен еңбектенгенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Қараңғы шахтада малшының таяғы мен шыбыртқысын қайла мен балғаға айырбастаған жұмысшы қазақтың жасаған рекорды алдында жасанды Стахановтың өзі жіп есе алмай қалады. Сол сойқан соғыста бүкіл Кеңес Одағының әрбір он оғының тоғызы Қазақстаннан барса, әр он танктың жетеуі Қазақстаннан барса, бронды техника мен қорғанғыш сауыт­тар мен дулығалар түгел біздің елімізден жеткізілсе, оның артында Қ.Сәтбаев бастаған Қазақстан геологтары тұрған еді.
Қазақстанның жеке Ұлт­тық Ғылым Академиясын ашу идеясын көтеруі, оны іске асырып, ұлт мәдениетін бұрын-соңды шықпаған биікке шығаруы ұлы тұлғаның тағы бір қырын айқындап тұр. Осы жерде жоғары білімдісі аз, ғылыми атағы жоқтың қасында тұрған аз ұлт­тың ғылымын аз уақыт­та өркениет­ті елдермен теңестірем деген батыл да тәуекелшіл мінез қайсарлықтың айғағы емес пе? Әрине қазақтың Қанышы еліне сенді, ел болашағы бола алатын өршіл жастарға сенді. Өзін о бастан қолдап, әрбір ісіне қамқоршы болып, демеп отырған ұлтжанды Үкімет басшысы Нұртас Оңдасыновқа арқа сүйеді. Қазақстан Үкіметі академия үшін қажет­ті қаржыны да, құрылысқа керек материалды да аяған жоқ. Сырт­тан шақырылған ғалым-кадрлердің де жағдайы қажетінше қарастырылды. Сол ғалымдарға жас қазақтарды шәкірт ретінде бекітіп берді. Небәрі төрт-бес жылда ұлт кадрлары қанағат­танарлық деңгейге жет­ті. Елдің ғылымы өркендеді.

Қаныш-аңыз

Өзінің гологиядағы барлау, іздеу жұмыстарына туған халқының табиғат танымын да қару еткен ұлы тұлға жастар алдында сөйлеген сөзінде: «Табиғат­тың ұлы кітабынан үйреніңіздер. Ол анық, тегіс жазылған кітап емес, оның бұлыңғыр бет­тері, өшіп қалған жерлері, қиқы-жиқы түсініксіз тұстары болады. Оны анықтау үшін бойыңда бар білім мен тәжірибеңді сарқа пайдалан», – дейді. Жер бетінің алуан өсімдігі де, әр түсті топырағы да, жер қыртысының түзілу формасы да, тіпті жер-су атауларының өзі Қанышқа бұл жерде осындай кен көзі бар деп меңзеп тұрғанын байқаймыз. Бірде түрлі қараған мен тобылғы, селеудің арасына қайта-қайта еңкейіп, болжам жасап жүрген Қаныштан жолбасшы боп жүрген ақсақал: «Қанышжан, не іздеп жүрсің?» – деп сұраса Қаныш қалжыңдап: «Осы маңайда жиі көрініп тұратын қызыл түлкім бар еді, соңғы уақыт­та көрінбей кет­ті», – дейді. Көп ұзамай ел ішінде: «Ойбай, Қаныштың киелі қызыл түлкісі бар екен, сол түлкі қай жерге барып бауырын төсесе, сол жерден мол қазба байлық шығады екен», – деген аңыз тарап кетеді.
Әйтсе де біз Қ.Сәтбаевты тек геология тұрғысынан қарап, баға берсек қателесеміз. Қ.Сәтбаев – әдебиет­танушы, өнертанушы, тарихшы-археолог, математик, физик, металлург, химик. Айта берсек, барлық ғылым саласында ғалымның қолтаңбасы, атқарған ісі тайға таңба басқандай айқындалып шыға келеді. Домбыра, гитара, мандолин, скрипкада шебер ойнаған қоңыр дауысты әнші А.Затаевичке қазақтың 25 әнін өзі орындап жаздырған. Ән болғанда да анау-мынау әнші батылы барып орындай бермейтін кең тынысты туындылар – Алтыбасар, Бүркітбай, Ырғақты, Гауһар тас, Хорлан, Жаяу Мұсаның әндері, тағы басқа әндер. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов өз естелігінде Қанағаңның керемет бишілігін де тілге тиек етеді. Затаевич те, Ерзакович те оның тынысы кең әншілік шеберлігін жоғары бағалайды. Ал ән атасы Әміре: «Қаныш ғалым болмай, әнші болғанда қазаққа танымал әсем де қоңыр дауысты зор әнші боп шығар еді», – деген.
Мұраты асқақ, дара туған данышпанның мұрасы да өзі тереңнен қазып, асылын тапқан байлықтай тым тереңде жатыр. Ол – сан салалы ғылым жолындағы жарқын жаңалықтар мен табанды зерт­теулер, өнер мен әдебиет­тегі рухани биіктік, мәнді де мағыналы мақалалар мен парасат­ты баяндамалар. Қазақ даласының о шеті мен бұ шетіне геологиялық сапармен жүріп өткен табысты да тасқынды жолдар. Өзі Алаштың тәлім-тәрбиесімен қанат­танып, шәкірт­терін де сол үлгімен қанат­тандырған зор үлгі мен өнеге. Өзінің де, шәкірт­терінің де әрбір бастамасы мен ерен еңбектерінің ел экономикасына, руханиятына әкелген қыруар табыс пен ұлт­тық таным. Бүгінде Қ.Сәтбаевтың өз еңбектері мен ол туралы жазылған естелік, эсселер он томнан асып тұр. Бұлар жиналып, зерт­теліп, басылып шыққаны ғана. Көп сериялы фильмнің өзі осындай ұлы мұраның ширегін ғана жеткізе алар еді. Ал осындай ұлы тұлға туралы фильм, сериал түсіруге парасатымыздың жетпей жатқаны қандай өкінішті…
P.S. Кеңес кезіндегі барлық жоғары атақ пен сыйлықтарды алған ғұлама ғалымға сол кезеңдегі қазақ билігінің ұлтшыл деп жазған арызы кедергі болып, Мәскеу өзі ұсынып тұрған Социалистік Еңбек Ері деген атақты бергізбей қойған. Бірақ одан біртуар тұлғаның бағасы кеміп қалған жоқ. Қайта асқақтап ғарышқа көтерілді. Ғарышта Сәтбаев планетасы тұр. Шарықтап, шыңға шықты. Жоңғар Алатауының биік мұздығы Сәтбаев атымен аталады. Қазақстандағы ең көп ескерткіш пен көше, мектеп атауы Сәтбаевқа тән. Жыл өткен сайын рухы шарықтап, елі ұлықтап жатыр. Қаныш бейнесі қазақпен бірге жасай беретін мәңгілік тұлғалардың қатарында тұрары анық. Өйткені, Қаныш – қазақтың асыл азаматы…

Аспандияр ӘДЕНҰЛЫ,
Сәтбаевтанушы-ғалым,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір