Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ. ШЫРҒАЛАҢНАН ШЫҚҚАН ШЫНДЫҚ
30.06.2026
53
0

Осы күнгі шығармалар, әсіресе орта жастан асқан авторлардың көркем туындылары, қайткен күнде де кешегі кеңестік кезеңдегі оқиғаларды өзек етіп алатыны байқалады. Оны түсінуге де болады. Қай қаламгер де жанына жақын, бүге-шігесін анық білетін тақырыпқа қалам тартады. Рас, реалистік суреттерден аулақ туындылар да кездесетіні бар. Мысалы, автор өзі білетін үлкенді-кішілі тарихи деректерді сөйлетуі мүмкін. Бұл басқа әңгіменің еншісі және ондай баяндаулар сирек кездесетінін ескеру керек.

Бір замандарда (айталық, 70-80 жылдарда) қазақ әдебиетіндегі кейіпкерлер сипаты жөнінде дау-дамайлар болды. Соның ішінде қазақ жазушыларының неліктен қазіргі заманғы кейіпкерлерді тым солғын көрсететіні сынға алынып жатты, яғни қалам иелері көз алдындағы шопандар мен малшыларды, тракторшылар мен комбайншыларды тілге тиек еткенімен, мысалы, болашақтың қозғаушы күші – инженерлердің өмірін жеткілікті баяндай алмайды екен.
Енді арада бірқыдыру жылдар өткен соң сол әңгімелердің шоғын қайта үрлесек, мұның кәдімгідей салмақты себебі бар екен. Қазақстанда қойдың санын 50 миллионға жеткізуді, Ресейдің Мәскеу, Ленинград секілді ірі қалаларын етпен қамтамасыз етуді, Отан қоймасына миллиард пұт астық өткізуді басты талап деп түсінген ірі шенеуніктерімізге зоотехниктер мен агрономдар, кеңшарлардың техникасына бас-көз болатын инженерлер керек болғанымен, республикамыздың басты қалаларындағы озық кәсіпорындарға қажетті инженерлер онша қажет болмағанға ұқсайды. Оның бір себебі, мұндай қанатын кеңге жайған кәсіпорындарды басқаратындар ылғи дерлік «аға ұлт» өкілдері болып келді. Қазақтан шыққан білікті мамандардың өсуіне қай жерде де кедергі көп еді. Бір жігіттер Өзбекстанда ірі кәсіпорынға лайықты қазақ маманды бас инженерлік қызметке тағайындау үшін әлгіден төлқұжатына ұлтын өзбек деп жазғызу керегі жөнінде құпия талап қойылатынын айтқаны бар-ды. Кім айтса да, осы сөздің жаны бар. Ал біздің республикамызда ондай кәсіпорынға директор түгілі, одан кейінгі сатыларға да қазақ мамандарын жолатпау үрдіске айналып кеткелі қашан. Сылтау даяр – «қолынан келмейді». Қолдан жасалған сол «қолынан келмейдінің» кесірінен қаншама инженеріміз өзінің іскерлігін көрсете алмады. Мұндай мысалдарды осы Ақтөбенің кәсіпорындары арқылы да көптеп келтіруге болады. Жалпы, бұл мәселенің қыр-сырын жеткілікті баяндау үшін бұрынғы инженерлердің әңгімесін тыңдау керек. Бәлкім, қолына қалам ұстатып соларға жазғызу керек. Сол инженерлердің бірі – жазушы Тынымбай Төлепбайұлы.
Алдын ала айта кеткен жөн, Тынымбай ағамыз әдебиет көшіне асықпай қосылды. Өз қатарластары жеке жинақтарын шығарып жатқан кезде бұл ағамыз қағазға көңілдегі ойларын байып­пен, байсалды қалыппен асықпай түсіріп жат­ты. Сондықтан «Ымырт» деп аталатын алғашқы әңгімесі сол кезде оқырманға жыл сайын ұсынылатын «Арман қанатында» атты топтама жинақта 1978 жылы ғана жарық көрді. Бұл кезде болашақ жазушының жасы 38-де еді. Солай болатын да реті бар. Іштей проза жазуға аңсары ауғанымен де, ертелі-кеш жазу үстеліне шұқшиып отыруға мүмкіндігі бола бермеді. Оның басты себебі мамандығына байланысты еді. Бұл былай… Ақтөбе облысының шалғайындағы Жарқамыс ауылында орта мектепті бітірген соң Жамбыл технологиялық институтына оқуға түсіп, инженер-технолог мамандығын алып шыққан ол Ақтөбе, Жамбыл, Шымкент облыстарында астық өндіру саласында қызмет етті. 1980 жылы зейнетке шыққанға дейін Ақтөбе ауыл шаруашылығы машина жасау зауытында инженер болды. Ал инженерлік пен жазушылықты қатар алып жүру қиын болмағы түсінікті.
Рас, жазушылар арасында техникалық мамандықтарда білім алғанмен, әдебиетке ертерек бет бұрып кеткендер баршылық. Айталық, Мәскеу болат және қорытпалар институтын 1965 жылы бітірген Софы Сматаев екі-үш жылдан соң журналға қызметке тұрып кетті. Ал Қазақ кен-металлургия институтын бітірген Медеу Сәрсекеев әуелгіде цемент зауытында мастер, диспетчер, өнертапқыштар бюросының бастығы болғанмен, көп ұзамай газет тілшісі қызметіне ауысты. Қазақ политехникалық институының тау-кен факультетін бітірген Иранбек Оразбаев (Иран-
Ғайып) та өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жарытпады. Бірден әдебиетке араласып, кейін, 2002 жылы «Қорқыттың көрі» жыр кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Осы институтты машина жасау мамандығы бойынша тамамдаған Қасымхан Бегманов та екі жылда біраз қызмет атқарып (Шымкент қаласындағы троллейбус паркінде мастер, эксплуатация бөлімінің бастығы, техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер), кейін біржола әдебиетке тұрақтады. Ал Қазақ мемлекеттік университетінің геология факультетін бітірген Олжас Сүлейменовтің жолы қай жаққа бұрылғаны қазір барша жұртқа мәлім.
Тынымбай Төлепбайұлы әуелде таңдаған мамандығын тастап кете алмады. Бәлкім, дипломының рақатын көруді ойлады, бәлкім, жаңа жолға түсуден жасқанды. Бірақ қалай болғанда да, бұл жағынан ұтылған жоқ. Өйткені жас кезінде адам эмоцияға бейімделгіш келеді де, сабырлы дүние жазудан гөрі сезімнің жетегіне көбірек ілесіп кетеді. Жас көңіл асығыстыққа ұрынуы да мүмкін. Содан да шығар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті жазушысы, Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Тынымбай Төлепбайұлының алғашқы романы – «Шырғалаң» бірден әдебиетшілер назарына ілікті. Жыл сайын өткізілетін Әдеби жыл қорытындысында бұл роман мақталды да. «Тынымбай Төлепбайұлының «Шырғалаң» атты романы кеңестік замандағы өнеркәсіп орындарында жұмыс істеп жүрген техникалық қызметкерлердің ұжымдық өмірі жайында әңгімелейді екен. Егер кеңес дәуірінде жарық көрсе, бұл шығарма өндірістік романның үлгісі ретінде ауызға ілігіп, тіпті қаны жерге тамбай кетуі де мүмкін еді. Өйткені осы фонның аясында сөз болатын жағдайлар – өндірістегі кадрлык қиындықтар, өндірістік қарым-қатынастар, жеке адамның ұжым алдындағы жауапкершілігі, еңбек орнындағы интернационалистік қағидаттар сияқты кеңес өкіметі кезеңінде өзекті болып саналған мәселелер.
Кеңес дәуірінің келбетіне көз жүгіртікісі келген оқырман бұл туындыдан сол кездегі өмір шындығына біршама қаныға алары анық. Жоғарыда айтылғандардан басқа кеңестік идеология жылы жауып қоюға тырысатын ұрлық-қарлық, ішімдік ішу, соның салдарынан орын алып жататын түрлі аморальдық жағдайлар романдағы талай эпизодтардың жүгі», – деді баяндамашы, көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрдәулет Ақыш («Ауыр жанрдың ахуалы», «Қазақ әдебие­ті» газеті, 03.06.2016.).
Бұл роман неге мақталды? Мұны ұғыну үшін тағы да шегініс жасауға тура келеді. Бұл ретте белгілі жазушы, сонау 70-80 жылдары қазақтың ұлттық жұмысшы табы мен инженер кадрлары жөнінде «Бөгет», «Егес», «Қорған» атты кең тынысты, күрделі оқиғалы романдар жазған Ахат Жақсыбаевтың әріптес інісі Тұрсын Жұртбаевпен әңгімесіндегі мына тұсқа тоқтала кетсек болады. Онда Ахаң: «…1957 жылы Алматыдағы Тау-кен институтын бітірген бір топ қазақ жігіті Екібастұзға келіп жұмыс істей бастады. Бұл жас мамандар өздерін осындағы өмір жолында сынағылары келді ме, жоқ әлде жаңадан ашылған кен орнына қызықты ма, әйтеуір бәрінің де бойында аталған өндіріс алаңына деген керемет бір құлшыныс болды. Құрдас, қатарлас, замандас бұлар сайдың тасындай іріктелген керемет қабілет иелері еді. Бәрі де орысша-қазақшаға бірдей, жанып тұрған от-тын. Ойлары – Екібастұзды көтеру. Арман-мақсаттары – сөз етіліп отырған жаңа кен орнына қандастарымызды көптеп тартып, өңірді өркендету. Осыны алдына міндет етіп қойған олар уақытпен санаспай еңбек етті. Карьер, шахта, разрездерде күні-түні бел шешпей, асқан төзімділік үлгісін көрсетті.
Осылайша, бұл азаматтар мұнда бір жыл… бес жыл… он жыл жүрді. Бірақ жандарын аямай қанша жұмыс істеп, қанша іскерлік көрсеткенімен, қызмет барысында жоғарыламай-ақ қойды. Әрі кеткенде смена жетекшісі, учаске бригадирі, разрез бастығының орын­басары… Осылайша, көзге көрінбейтін белгісіз бір күш біз сөз етіп отырған жандардың тауын шағып, үнсіз тежеп ұстады да отырды. Өкініштісі, Екібастұзға бұлардан кейін келген басқа қазақ инженерлері де осы лектің күйін кешті. Бұлар да алдыңғы толқын секілді өр мінезді, намысқой жандар еді. Уақыт өте келе жоғарыдағыдай әділетсіздікке шыдамаған олар басшылық қызмет үшін айтысып та, тартысып та көрді. Бірақ қалыптасқан құрсауды бұзу қиын екен. Болмады».
Дәл осыған ұқсас жағдайлар «Шырғалаң» романының бас кейіпкері Жасжанның да басынан өтеді. Былай қарағанда, бұл жаңалық та емес еді, сол кездегі әбден қалыптасқан дәстүр болатын. Не көнесің, не әділетсіз басшылармен араздасып, «отырсаң – опақ, тұрсаң – сопақ» боласың. Тіпті қанша жерден адал болсаң да, айтқан сөзің қаншалықты дәлелді болса да, қолдау таппайсың. Ал қолдауға тиістілер не әлгі басшылардың жақтастары болып шығады, не оларға (дұрысын айтқанда, оны қолдаушы мықталарға) тісі батпайтын әлдекімдер болып келеді.
Мысалы, қарамағындағы маманның (Жасжан Есеновтің) үстінен қисынсыз арыз айтып келген зауыт директоры бұл романда да еш сөгіс естімейді. Жағдайды бірден пайымдаған аупартком хатшысы: «Жә, бұдан әрі сөйлеудің қажеті жоқ секілді… Отырыңыз! Ал сізге де, Андрей Васильевич, енді сұрақ тудырудың еш жөні жоқ. Жас жігіттің сөзінен бәрі түсінікті. Қағаз жазып аупарткомға жүгіргеннен гөрі, қарамағыңыздағы адамдардың жұмысына көп көңіл бөлу керек. Сөз осы», – деп даудың аяғын өршітпей, басып тастайды.
Былай қарасаңыз, аупартком хатшысы көңіл көншітетін көшелі сөз айтып отырған секілді. Бірақ бұл сөздің астарында мәселені әрі қарай қазбалауға ықылассыз дәрменсіздік жатыр. Ол кезде ірі зауыттардың негізгі билігі Мәскеуде болатын. Кадр таңдауға да сол жақтың батасы керек еді. Сол себепті аупартком хатшысы өзі шеше алмайтын дауға кірісіп, уақытын ысырап етіп, жүйкесін де бекер тоздырғысы келмейтін. Міне, осындай жаппай селқостық айналып келгенде территориясы ұлан-ғайыр алып мемлекетті кейін «тоқырау» деп аталған тар кезеңге ұрындырды. Зауыт қана емес, тұтас республикалар көзбояушылыққа көшті. Ақыры не болғаны оқырманға әбден мәлім.
«Шырғалаң» романы бір жағынан соншама бай елдің неліктен соншама кедей болатынының бастапқы себептерін ашып беруімен де құнды. Жазушы Н.Ақышев Жыл қорытындысында жасаған жоғарыдағы баяндамасында айтқандай, «егер кеңес дәуірінде жарық көрсе, бұл шығарма өндірістік романның үлгісі ретінде ауызға ілігіп, тіпті қаны жерге тамбай кетуі де мүмкін еді». Дегенмен, ақиқатын айтсақ, бұл роман дәл осы күйінде кеңес дәуірінде жарық көруі мүмкін де емес еді. Біріншіден, одақтық министрліктер түгілі, баспа басшыларының өздері де зауыт директоры Андрей Васильевич Шубинді талатып қоя алмас еді. Екіншіден, тіпті шара қолданылып, Шубин орнынан тайдырылған күнде де, оның орнына екінші Шубин келетіні даусыз болатын. Үшіншіден, ол кезде өндіріс тақырыбына қалам түрткендерге мұндай даулы штрихтарды жазу үшін көзсіз батырлық керек еді. Сол себепті де қаламдастарымыз жазғанын жариялата алмай әуре-сарсаңға түспес үшін мұндай тақырыптардан қашып жүретін.
Мына романда, әрине, кейін күллі кәсіпорынға оңалмас зардабын тигізген талай кемшіліктер тізбеленеді. Тізбелеп шығуға әу баста автор мүдделі болмауы да мүмкін. Бірақ әрқилы сәттердегі оқиғаларды баян еткен кезде әлгі олқылықтар, шынын айтқанда, көзбе-көз жасалған қиянаттар, өзінен-өзі ілгерілеп шыға келеді. Мысалы, ол кезде ірі комбинаттардағы жұмысшылардың көзге көрсетпей ұрлық-қарлық
жасауы, жоғары жақты ырза ету үшін өтірік ақпарлар жасақталуы, соның кесірінен қатардағы адамдардың өз міндеттеріне салғырт қарауы секілді зиянды әрекеттердің тұрақты орын алуы ешкімге де жаңалық емес-тін. Ал маңызды тұтқаны тізгіндеп отырған кейбіреулердің, басқаны былай қойғанда, директордың өзімен ым-жымы бір болуы адал еңбек етіп жүргендердің жүйке талшығын қырнай кететіні де рас еді. Міне, осындай жайттар қызметтік мансабын енді бастаған жас Жасжанның ішін қыз-қыз қайнатып кететін және бұл бірді-екілі рет жасалған абайсыз әрекеттер емес, нешеме жылдар бойы қайталанып келе жатқан сүйексіңді әдет еді.
Өмірдегі сияқты көркем шығармада да осындай келеңсіздіктерге әйтеуір бір уақытта бір тыйым салынуы керек еді. Әрине, бірден емес. Әрине, көпшіліктің толық қолдауымен емес. Бірден болмайтыны, жаман әдеттен үлкендерді ғана емес, баланың өзін жирендіру үшін көп күш керек. Ал көпшіліктің қолдауы – депутат атану үшін дауыс жинаудан да қиын іс. Өйткені мына тұста көпшілігіңіз – комбинаттан қапшық-қапшық ұнды ұрлап сатып, тиесілі жалақысына қосымша қаржы құйып жүргендер. Немесе комбинаттағы техниканың өзіне жетпей жатқан қосалқы бөлшектерді көзді ала бере қойнына тығып әкетіп, пайда көзіне айналдырғандар. Ал үйдегі, жоғары оқу орнындағы тәрбие басқаша еді – «ешкімнің ала жібін аттама, ешкімге қиянат жасама, ешкімнің әділетсіздігіне төзбе». Бұл ақыл, расы керек, әу баста баланың миына бірден кіргенмен, ке­йін, ол ересек тұлғаға айналған кезде, күн көзінде жатып қалып әріптері өшіп кеткен парақтай керексіз дүниеге айнала бастайды, ал нағыз үлкендер өміріне бейімделе бастаған студент жас маманға айналған соң, өзінен бірер көйлекті ерте тоздырған айналасындағылардың іс-әрекетін амалсыз қайталайды. Екінің бірі қитұрқы өмір сынына төтеп бере алмайды. Төтеп беруге бет бұрған аз ғана азаматтың бірі осы Жасжан Есенов еді…
Бұл мақаламызда романның сюжетін толық баяндап шығуды мақсат тұтпадық. Бірақ зауыт директорының жазықсыз жас маманды сүріндірмек, тіпті қажет десеңіз, күллі жұмысшылар алдында беделден жұрдай етпек болған арамза пиғылынан ештеңе шықпағанын атап өту парызымыз. Ақыры пәленбай жыл ірі кәсіпорынды ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап келген Андрей Васильевичтің аяғы көктен келеді. Алайда бұл Жасжанның істеген ісі емес, Шубиннің өз ашкөздігі үшін істеген арамза қылығының әшкереленуі еді.
Осымен роман авторының басты мақсаты орындалды. Біздіңше, мақсат комбинаттың кері кеткен жұмысы қайтіп түзелгенін баяндау емес немесе қарапайым жұмысшылар еңбегін еш етіп келген кедергілердің жойылатынына деген сенімді бекіту де емес, жас маманның алдына қойған жаңа белестерге таза жолмен жетуге деген ұмтылысына жол ашылуы еді. Әуелден белгілі жайт, ірі істер қай уақытта да қарапайым істен басталады. Мына романда қадамын сол ұсақ шаруадан бастаған Жасжан Есенов алғашқы және негізгі жеңісіне жетіп отырса, бұл қадамды жазушы көпке үлгі ретінде ұсынуды жөн көрсе, бұған дейін кездесіп келген кедергілер мен кесапаттардың тамыры кейін біржола үзілетініне сенім орнайды, яғни жазушы бір адамның бастан кешкен қызметтік оқиғалары арқылы тұтас кәсіпорынды қамтитын көнбіс тіршіліктің бойына жаңаша қан жүгіртіп, жаңа биіктерге қалай жетуге болатынын сөзбен де, ишарамен де анық көрсетеді. Романның басты жетістігі де осы. Жалпының ортасындағы жеке адамның рөлі романда осылайша жақсы айшықталады. Техникалық процестер бір мезет адамгершілік ахуалға жол береді.
Осы адамгершілік ахуал мәселесі Тынымбай Төлепбайұлының бұдан басқа екі романына да тән. Жалпы, аз сөйлеп, көп ойланатын жазушы қай шығармасында да адам мінезінің сан қатпарлы астарын барынша ашып көрсетіп, өзекті тақырыпты ескірмейтін мәнмен өрнектейді, әр кейіпкерінің жан дүниесіндегі алуан сезімді шебер көрсете біледі.
Жазушының өзіне ғана тән стилі бар екені, сөз саптауындағы ерекшелік, яғни қарапайым (қарабайыр емес) сөйлемдер тізбегі оқырманды өзіне тарта түседі. Бұл ретте «Кішкентай бригадир» атты хикаяттың орны бөлек. Соғыстың соңғы жылдарындағы оқиғаларды бейнелейтін бұл хикаят сол кезеңнің қиыншылықтарын өз басынан өткерген жасөспірімнің әңгімесі арқылы баяндалады. Қарап отырсаңыз, хикаятта қиялдан қосылған ештеңе жоқ, барлық іс-әрекеттер нанымды баяндалады әрі сол бір ауыр жылдардағы балалардың еңбегі шынайы суреттеледі. Өзенге алаңсыз шомылып, ыстық құмға дене қыздырып, арасында жұмыртқа ұрлау сияқты ұсақ-түйек тәртіпсіздіктерге де баратын балалардың бұл қызығы соғыс басталысымен шорт тыйылады. Барша бала шөп шабу, егін жинау сияқты науқандық жұмыстарға тартылады. Қазір, әрине, қызғанбайсың, дегенмен оқушылардың қол еңбегінен мүлде алыстап, әрқилы жағымсыз әрекеттерге баруы осының салдары ғой деп ойлайсың. Бір жағынан, балалық шағы қызықты ойынмен емес, таңнан кешке дейін шөп шабатын өгіздің, дән бастыратын аттың құлағында отыратын, басқа да ұсақ-түйек шаруалардан қолы босамайтын балаларды аяп отырасың. Осы хикаятты оқыған жасөспірімдердің санасына ел мүддесі үшін еңбек ету дейтін қасиетті ұғымның бірте-бірте сіңісті болатынына сенгің келеді. Не дегенде де, көркем шығарманың бір міндеті тәрбие құралы болу екенін мойындайсың. Өкініштісі, қазір баяғы кеңшарлардың талан-таражға түсіп таратылып кетуі, соның кесірінен шаруашылықтарда бала атқаратын жұмыстардың қалмауы. Тіпті бертінде, жаз кездерінде әр аймақтарда оқушылар бригадалары құрылып, олардың, мысалы, көкөніс өсіру, жинау сияқты науқандарға атсалысуы газеттерде жиі насихатталып жататын. Ал қазір ата-аналар бұл міндетті өз мойындарына алып, оқушыларды жаз бойы еркін сайрандатқаннан басқа ештеңе бітірмейтін секілді. Заманның үрдісі осылай шығар, дегенмен үш ай каникул бойы шөп басын сындырмау кейінгі жас ұрпақты шыңдап шығарына сенімді де емеспіз. Осы күнгі жасөспірімдердің «Кішкентай бригадир» тәрізді хикаяттарды оқуы керегінің себебі де сол.
Жазушының Астанадағы «Фолиант» баспасынан 2021 жылы жарық көрген «Ұлы сезім» романы мәңгілік тақырып – махаббатқа арналған. Ал махаббат дегеніңіз ақылдан гөрі сезімге көбірек жүгінетіні белгілі және бұл қарым-қатынас жас талғамайды. Кез келген уақытта лап ете түседі, сөнбей қоюы да мүмкін. Зейнеткер Нұрлан мен гүл сатушы Гүлжанның арасындағы сүйіс­пеншілік кездейсоқ басталады. Жалпы өмірдегі әр жаңа қадамның себепшісі осы кездейсоқтық қой. Дегенмен мына кездейсоқтықтың орны бөлек еді. Романның екіұдай ойға қалдыратын сюжетінің бастауы ғана емес, өрбу кезеңі де оқырманды әлдебір сыршылдықпен, ешқандай есепке құрылмаған кіршіксіз аралас-құраластықпен, тебіреністі сәттермен баурап отырады. Еркектің де, әйелдің де тән құмарлығына бой алдырмаған, шынайы махаббатын ғана әспеттеген адал ниеттері оқырманға өзгеше ой салады. Әдетте сезімнен гөрі ақылды алдыңғы орынға қойып жатамыз ғой. Ал мына романда тізгін сезімге тиеді және бұлай суреттеу автордың әуелгі нысанасына дөп үйлесе кетеді. Романның басқалай емес, «Ұлы сезім» аталуының мәнісі де осы болу керек. Расында да, сүйіспеншіліктен асқан қандай ұлы сезім болуы мүмкін.
Жалпы, жазушы кітаптарының атауын заманға үйлестіріп қоятыны анық аңғарылады. «Ғасыр үні» романы бізді тағы да өткен күндер естелігіне жетелейді. Коммунистік идеология­ның ұранымен қуаттанып, сол коммунистік қоғамда өмір сүрген адамдардың тағдыр-талайы туралы жазылған бұл көлемді шығарма жетпісінші-сексенінші жылдардағы кезеңді қамтиды. Көз алдыңызға ірі шаһарлардан шалғай жатқан ауылдар келе қалады. Сол заманның айнымас белгісіне айналған суреттер – шаруасы шатқаяқтаған шаруашылықтар мен ондағы адамдардың көнбіс тірлігі, қол жетпес мақсаттар мен қол жеткізбейтін жоспарларға алданып жүргендердің күнделікті тұрмысы оқырманды бағы да, бары да жаппай дәрменсіздікке байланған сол кезеңдерге еріксіз жетелейді. Кейіпкерлердің арасынан өзіңізді немесе өз ауылдасыңызды танып отыруыңыз да ғажап емес бұл романды оқығанда.
Ал жазушының «Өмір сыры», «Қанағат» жинақтарындағы әңгімелердің әрқайсысы – бөлек-бөлек сөз етуге ла­йық дүниелер. Бұған қоса ағамыздың «Шырғалаң» романы «Зов антигероя» деген атпен орыс тіліне аударылып, көп таралыммен жарық көргенін, ағылшын тіліне аударылғанын айтсақ, сөзіміз қордалана түсер еді. Сонымен қатар әріптестеріміз, әсіресе қазіргі жас қаламгерлеріміз биыл 85 жасқа толып отырған Тынымбай Төлепбайұлының азаматтық, адами болмысынан, қажымас шығармашылық қуатынан, ерекшеленіп көзге түсуге құмартпайтын адамгершілік келбетінен үлгі ала жүрсе, ұтылмайтынын еске сала кеткеніміз дұрыс сияқты. Жақсы жазушының мерейтойы тұсында айтар тілегіміз осы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір