Кедейден шыққан Келімбет
24.11.2023
402
0

Осы тақырып­пен сонау 60-жылдары Шерхан Мұртаза өзі басқаратын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде ақын Келімбет Серғазиев жайлы көлемді мақала жариялапты. Біз де сол тақырыпты жөн көрдік.

Келімбет 1943 ж. Айтыста халық ақындарының ортасында. Бірінші қатарда (солдан оңға қарай) үшінші болып отырған – Келімбет Серғазиев

Бұл кісі – Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Абай ауылында өмір сүріп, республика көлемінде аты шыққан атақты ақын. Көптеген дастандарды таңды таңға ұрып айтатын. «Көроғлы», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз жібек», «Теке батыр», «Жәңгір хан», өзі шығарған «Ақсәуле» дастандарын жұрт сүйсіне тындайтын. Республикалық ақындар айтысына жиі шақырылатын. Заманында
Жамбыл, Кенендермен кез­десіп, олармен дастархандас болып, жиі араласқан. Жамбыл 1936 жылы Мәскеуден орден алып келгеннен соң, Оңтүстікке барған сапарында Келімбет ақын жолбасшы болған. 1943 жылы «Халық ақыны» атағы беріліп, Қазақ­стан жазушылар одағына қабылданған. Қазақтың біртуар ұлдарының бірі Жұмабек Тәшенов елуінші жылдары Шымкентке облыстың атқару комитетінің орынбасары болып қызметі «өсіп» келгені белгілі. Жұрт арызбен облыстың бастығына бармай, тілектерін айтпақ болып, Ташенов кабинетінің алдына көп жиналатынын өз көзімізбен көрдік. Ол кісі облыстың халық депутат­тарының сессиясын, басқа да маңызды жиналыстарды осы осы Келімбек ақынға аштыратын.
Ақын мені (Шымкент пединститутында оқып жүрген кезімде) Ташеновтің қызметкерлері арқылы шақыртып алатын. Ол кісі менің әкемнің жақын ағасы болатын. Үйіне барғанымда әскерге кеткен баласы Сауытбек пен менің әкем Ешенқұлға арнаған өлеңдерін айтып беретін. Өлеңнің аяғы екеуінің елге аман-есен оралуына Алладан тілек тілеумен аяқталатын.
Сондағы менің «қызметім» – оның шағын жеті тілді гармонын көтеріп жүру. Өзі етжеңді кісі болғандықтан, гармонын көтеріп жүру қиын болатын. Қашан институт­ты бітіргенше осылай ақын атама қызмет ет­тім. 1960 жылы үйленгенімде де ағам Кәдір Қасымбеков екеуі құда түсуге құдаларына өзі бастап келді. Ақындығымен қоса қарақұрт, жылан шаққандарды 2-3 сағат ішінде ісіктерін тез қайтаратын ерекше қасиеті де бар-тұғын. Өзімді де 1957 жылы Келесте мақта теруде жүргенімде (студент­терді ол жылдары жап­пай мақта теруге жіберетін) қарақұрт шағып, жедел жәрдеммен ауылға Көкбұлақтағы үйге әкеліп, ақын атамды шақыртып, ол кісі дұғаларын оқып, бір күннің ішінде қатарға қосқаны әлі есімде. Міне, осы ақын атам 60-шы жылдары Бауыржан Момышұлын қонаққа шақырып, батыр ағамыз ол кісінің жырларын тыңдап, қат­ты риза боп ат­танған екен. Ендігі сөз кезегі бауыржантанушы жазушы Мамытбек Қалдыбайда. Мамытбектің Баукеңмен сұхбатын қаз-қалпында оқып көріңіз.
– Келімбет ақынды көрген бе едің?
– Жоқ. Сырт­тай естуім бар.
– Ол кісі келбет­ті келген, кең кеуделі, кең иықты, сөзге шебер, әзілге ұста, ел шежіресін көп білетін, ойшыл кісі еді. 1963 жылы ауылыма қыдырып барғанымда жұбайым Кәмеш екеуімізді қонақ ет­ті.
– Бауыржан, айыпқа бұйырма. Үйіме ауыл атқамінерлерінен ешкімді шақырмадым. Өзіңмен оңаша сырласайын дедім, – деді төрін ұсынып. Бір-екі кесе қымыз ішіп, шөл басқан соң, мені ауласына ертіп шығып, жас жігіт­тің жанында төрт аяғы буулы жатқан кепе қозыға бата сұрады. Мен бата бердім.
Ақын кісі ғой. «Сөз өзінен өзі тумайды. Оған ықылас керек. Шабытым келмей сөйлемеймін. Қағазға жазып алып сөйлегенге мүлде қарсымын. Біреулер зуылдатып оқығанда не түсінгенімді білмей қалам, ой-өрісім тарылып кетеді, дегені нағыз шығармашылық адамы екеніне көзімді жеткізді. Менің:
– Қандай адам өзін-өзі тәрбиелей алады? – деген сұрағыма:
– Ерік-жігері күшті адамдар ғана өзін-өзі тәрбиелейді. Ол үшін алдына қойған мақсатына жетуде қандай кедергілер кезедсетінін күні бұрын болжап, оны жеңу әдіс-тәсілін білуі, өз бойындағы жаман қасиет­тен арылу жолында аянбай күресу керек. Адам сонда ғана өзіне дем береді, өзін жігерліндіреді. Өзін тәрбиелеу деген – осы, Бауыржан? – деді қарт тұлпарым сүрінбей.
– Дұрыс айт­тыңыз. Енді бәзбіреулердің өзін-өзі кіналап, мінеп, айыптауына қалай қарайсыз?
– Адам күнделікті ісіне, ойлаған ойына риза болмай ашулы, ызалы түрде өзін-өзі мінейді, тіпті ұрсып, сөгеді. Бұл оның ой-санасын сілкіп, шаңнан тазартатын, сөйтіп, дамудың жолына бастайтын күш-қуат.
Келімбет ақын екеуіміз кешке бесіннен түн жарымына дейін ауыз жап­пай әңгімелестік. Сөз арасында:
– Үйіңіздің бастырмасына қарлығаш ұя салыпты ғой, – деп едім:
– Қарлығаш – айналайын, сүйкімді, киелі құс. Күзде жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде бастырмамдағы ұясына қайтып келеді. Басқа жаққа бармайды. Киелі дейтінім содан. Қай құс қарлығашқа ұқсап адамды жатырқамай, үйімізге ұя салады? Өзі таза, сондай сұлу, сүйкімді, мейірімді. Ешкімге жамандығы жоқ. Ешкімге жамандық жасамаған тіршілік иесін жұрт­тың бәрі құрмет­тейді емес пе? Өз басым қарлығашты жақсы көрем, күзде ұшып кетіп, қайтып оралғанша сағынып, жолын тосып жүрем.
Ұядағы сары үрпек балапандарының ауыздарын ашып, жем тілеген, әсіресе олардың қанат­танып, ұядан ұшқан сәтін көргенде есім шыға қуанам. Күзде жылы жаққа кеткенде қимай, мұңаям.
Бұл сөздерінен оның ізгі жан екенін аңғарып, сөйлете түскім келіп, тағы сұрақтар қойдым. Менің ойымды сезген сұңғыла ақын:
– Қырғыз ағайындар: «Аула сыртын таспен қоршама, доспен қорша» десе, өзбек ағайындар «Ақылы көпті дау алмайды, досы көпті жау алмайды» дейді екен. Бауыржан, мен сені сөйлетем бе десем, сен мені сөйлет­тің. Қандай шеберсің? – деп сыпайы түрде мені сөзбен іліп кет­ті.
– Жәке, атам қазақ «Бұлақты болса, көл семіреді, ынтымақты болса, ел семіреді» деген ғой. Мен алыста жүріп, ауыл тынысынан бейхабармын. Сізді тыңдауға құштарланғаным содан. Мұныма ғафу өтінем.
– Бауыржан, ғафу өтінбей-ақ қой. Құрмет­ті мейманымсың. «Болмас елдің баласы, бірін-бірі табалар, болар елдің баласы бірін-бірі ағалар» деген, – деп тартынбай, ауыл өмірінен де ұзақ сыр шерт­ті.
Ара-арасында: «Өткен-кеткенді еске алсам, босқа өмір сүрмегеніме қуанып, шүкір етем. Қара жұмысты да, ақ жұмысты да істедім», –дегені де мені ойлант­ты.
– Сіз ақын кісісіз ғой. Абайдың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» дегеніне қалай қарайсыз?
– Дұрыс айтылған өсиет сөз. Неге десеңіз, кейбіреудің беті сұлу,көкірегі арам. Көркіне алданып, жан дүниесінде не барын білмейсіз. Бет әлбеті онша көрікті болмағанмен, жан дүниесі сұлу адамдар бар. Оны сөзі, ісі арқылы ғана ажыратуға болады. Абай соны меңзеген.
– Кенесары ханның қырғыздармен соғысын қалай бағалайсыз?
– Кенесары қырғыздардан көмек сұрап, ортақ жауымызға бірлесіп соққы берейік деді. Қырғыздың манаптары оның ойын құптамады.
Қазақтың жауы көп болған. Одан Бауыржан, өзіңнің хабарың мол. Қоқан бегінің інісі қазақ жігітінің қызын тартып алғанда 14 жасар Жанқожа: «Сен не қарап отырсың? Сенің інің опасыздық жасап, біреудің сүйген қызын тартып алды», – деп айбалтамен Қоқан бегінің басын шауып тастайды. Өлген бектің нөкерлері Жанқожаның әкесіне: «Балаңды байлап, бізге алып келесің!» – деп әмір етеді.
Жұрт жазалау алаңына жиналады. Қоқан ханы:
– Бала өлтірілмесін. Мен кешірдім. Себебі, барлық кінә менен. Бұдан былай бектер тарапынан мұндай бейбастық болмасын, – дей келіп, Жанқожаның әкесіне:
– Мына балаңнан үлкен батыр шығады, – депті. Айт­қаны келді.
Жанқожа ұлт-азат­тық көтерілісін басқарды. Оны өзің жақсы білесің.
Келімбет ақынның бұдан өзге де шерткен алуан сыры көп. Есімде қалғаны осылар. Келекең дастарханына бата сұрады. Қолымды жайып:
– Жақсылығың
жоқ-жұтаңға қарассын,
Дауласқандар
бейбіт жолмен тарассын.
Өсіп-өнген,әулетіңе бұл батам,
Тозбайтұғын киім болып жарассын, –
Әумин деп бетімді сипадым.
…Келімбет ақынмен екінші рет екі жастың үйлену тойында кез­дестім. Сондағы бір айт­қанын қағазға жазып алған едім. Келесі келгеніңде тауып қоям, – деді Баукең.
Араға үш күн салып барғанымда:
– Әнеукүнгі уәдемді ұмытқам жоқ, мә, – деп Баукең айтқан қағазды маған берді. Онда мына сөздер жазылыпты.
«Қазақтан көкпарға құмар емес адамды табу қиын. Оны қарт­тар мен бала-шағаға дейін тамашалайды. Көкпардың қиын жері – ауыл-ауылға бөлініп, майдандасуы.
Осындай бір тайталаста Сиқым мен Жаныстың жігіт­тері екі жақ болып шатақтасып, бір-біріне қамшы сілтеседі. Ара түскендердің ажыратқанына көнбей, сабасқан жігіт­тер аулаққа барып тағы сабасып, бас жарылып,көз шығып, іс насырға шабады. Ұрыс-керіс ұшығып, «пәлен күні Ақсудың жағасында кез­десіп, соғысатын болады. Лаж жоқ, Қасымбек датқа сиқым қолын, Досалы би жаныс қолын басқаратын халге жетеді. Жүздеген жиылған қолды, сойыл, таяқты көріп, ашу-ызадан қанша қандары қарайса да, ұстаса кетуге бір жағы туыс-ағайын екендерін ойлап, екінші жағынан қантөгіске жүректері дауаламаған жігіт­тер Ақсудың екі бетінде бөгеліп қалады.
Мұны естіген ара ағайын Сіргелінің жақсыларының өтінуімен қос атпен ақын Мәделі қожа жетіп үлгереді. Қасымбек датқа мен Досалы биді алдына шақырып, ат үстінде отырып, мына өлеңді айт­қан екен.
– Қасымбек, Досалы едің төс елінде,
Жылқы мал тебіспейді өсерінде.
Артынды шабыстырып не күн туды,
Қартайып дүниеден көшерінде.

Сен шоқ ең, мен жалын боп лаулағанда,
Қалып ем, қай жауыңнан жауланғанда.
Артыңды шабыс пенен тартыс қылма,
Басыңа кәрілік кеп аунағанда.

Қасымбек, Досалы едің елге жаққан,
Естерің бар еді ғой нұрлан атқан.
Төбелессең, Дулат­тың баласы өлер,
Қожа өлер деймісің Сырда жатқан.

Ақсуда жасақ жиып тұрысқаның,
Жауыңды қашан бірге қуыспадым?
Атыссаң Сиқым-Жаныс баласы өлер,
Жөн болар бір-біріңмен ұғысқаның,–
дегенде, жасы кіші Досалы би атынан қарғып түсіп: «Ағатай, ағажан, кешір?!», – деп Қасымбек датқаға қарай құшағын жайып, тұра жүгіреді. Мұны көрген Қасымбек датқа да атынан қарғып түсіп, Досалы биге қарай ол да құшағын жайып жүгіріпті. Екеуінің жылап құшақтасқанын көрген екі жақтың жігіт­тері сойыл, таяқтарын лақтырып тастап, бір-бірімен құшақтасып жарасып, арты ұлан-асыр тойға айналып, ол аздай бір-бірін үйлеріне дастарханға шақырып, бас мүжіп, жілік ұстап, бір-бірінің иығына шапан жауып, бауырласқан екен».
Келімбет ақын түрлі басқосуларда жастарға осыны жиі айтып, ынтымақты болыңдар, ілтифат­ты болыңдар сөздің құдіретін осыдан-ақ байқаған шығарсыңдар, – дейді екен.

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір