Столыпиннің көңі мен Светқалидың Шұбарайғыры – шындық
24.04.2024
149
1

«Қазақ әдебійетінде» «Тарихты бұрма­лап, жұртты адас­тырмайық…» атты Светқали Нұржан ақын бастаған бір топ адам қол қойған мақала жарық көрген түні түсіме Оспанхан ағам кіріпті. Мен Жазыушылар одағынан шығып келе жатқам, ол кіріп келе жатыр екен.
– Сенің Сегіз сері жайындағы жауап мақалаң неге бес ай бойы жарыйаланбағанын білесің бе? – деді әдетінше жымыйа арқамнан қағып.
– Жоқ.
– Ақтаудан, Астанадан, Алматыдан бас қосқандар бірігіп оқып, бірлесіп жауап жазыу үшін, осыннан оларға орын тауып бергенше соншама уақыт өтті. Біз Үмбетбай, Көпен үшеуміз саған көмекке келейін деп ек, бізге бас қосатын орын табылмады.
– Осаға, қалжыңыңызды қойыңызшы! – дедім іренжіңкіреп.
– Інім-оу, мені жынды қылмай сақтап қалған осы қалжың емес пе? Олар жаза берсін, сен күле бер!
Шынында, күліп жібердім.
– Е, міне, – деді Осағам тағы арқамнан қағып – Сен қазақтың «Ұра берсең, құдай да өледі» деген мәтелін білесің бе?
– Ійә, – дедім жақтырмай аузы-басымды қыйсалаңдатып.
– Құдайдың көп аты бар, бір аты – Ақыйқат, йағный шындық. Ұра берсең, жаза берсең, жаланы жаба берсең, Ақыйқат та өледі деген сөз.
– Сонда не істеуім керек?
– Мойындай сал!
– Нені?
– Тарыйхты бұрмалап отырғаныңды.
Қолымды бір сілкіп кете беріп едім, Осағам қолымнан шап берді.
– Оқы мынаны! – деді қайдан шығара қойғанын білмеймін, бір бет қағазды көз алдыма тосып. Өзі аударған болыу керек. «Орыстың қоғам қайраткері П.А. Столыпин: «Ұлттық сана-сезімі жоқ халық – басқа халықты өсіп-өндіретін көң», – деп жазылыпты қағазда. Түсініңкіремей, Осағамның бетіне ожырайа қарадым. Ол да маған ожырайа зірк ете қалды.
– Мен Столыпиннің айтқанын бұрмалап отырған жоқпын. Ол мұны айтқалы бәлен ғасыр өтті. Сендер оның айтқанын әлі ұқпай келесіңдер. Ұлттық сана-сезімі жоқ халықта ешқашан ортақ мүде, ортақ тірлік, ортақ бірлік, тағы-тағы ортақ ештеңелер болмайды. Көң біріксе, қый болады; қазақ біріксе, мый болады, мый бар жерде бәрі болады, ең бастысы – ұлттық мемлекет болады, ал сендерге мемлекеттің не керегі бар? Оның бар-жоғынан сендерге қандай пайда бар? – дегені.
– Ойбай-ау! – дей бергенімше, Осағам тағы зірк ете қалды.
– Саған, айтшы, қазақтың мемлекеттілігі керек пе?
– Әрійне, керек.
– Ендеше, айтысты тоқтат! Сендердің айтыстарыңнан тек елдің іргесі ыдырайды: Ақтау ары қарайды, Астана аспанға қарайды, Алматы Қытайға қарайды. Еліңнің бірлігін шын ойласаң, сен солардың айтқанына көне сал! Менің есімде, мен ол кезде әлі тірімін. «Өзендер өрнектеген өлке» атты кітәп жазғаның үшін, «Хандар мен бійлерді, Алашордашыларды жазды», – деп фәкт жабылып сені төрт жыл қызметтен құуған, енді міне Светқалилар жабылып әкт жасап отыр. Ол кезде де Фәкт жеңген, қәзір де әкт жеңеді. Өйткені олардың сенгендері де, сүйенері де мықты. Ал біз – мен, Үмбетбай, Көпен – өліп қалдық, саған қол ұшын бере алмаймыз», – деді.
Амалым жоқ, содан кейін Светқалидың айыптауларын мойындай бастадым.
Мені ме, маған қосып Биғожинді ме, әйтеуір, әлдекімдерді «рушыл топ» депті. Бірақ ол мен үшін үлкен жаңалық емес. Светқалидай атақты ақын емес, Халық жазыушысының өзі мені: «Өз ұрыуын сұмдық жақсы көретін, өзге ұрыуды сұмдық жек көретін» деп әлдеқашан жарыйалап жіберген. Әйткенмен Светқалидың айтып отырғаны – тарыйхый шындық.
ХІІ – ғасырдың соңына таман жалайыр Жамұқаға қарсы керей ханы Тұғырыл мен Жалайыр емес Шыңғыс хан екеуі Баркөрнеу мен Керейсайдан шыққанда, Кійтіңнің желкесіндегі Қарасайда ашамайға мініп отырған Қазақ деген бала – менің бабам. Ұрыуы – керей, керейдің ішінде Ашамайлы, оның ішінде Көшебе сол ашамайға мінген бала. Оны, Осағам айтпақшы, әкт жасап отырғандардың қалай біліп қойғанын түсіне алмадым. Сондықтан мойындадым. Мұны бір деңіз.
Ал енді: «Мәшһүр Жүсіптің аузына айтпаған сөзін салыпты», – дегені де дәлел-ақ. Әйгілі Троцкійдің «Сталинская школа фальсификации» деген әйгілі кітәбін оқығандар біледі, мұндай бетің-жүзің демей, астамшылықпен жала жабыуға «Ұлы Сталиннің» де ұйаты бармаған. Бірақ мен өз айыбымды мойындауым керек.
Дәл қәзір анық есімде жоқ, жаңылмасам, 1931 – жылдың жүзі болыу керек, Байанауылға барсам, Мәшекең төсек тартып жатыр екен. О кісінің осы жылы өлетінін біліп, 2013 – жылы Павлодардан жарық көретін 20 томдығының 16, 17,18 – томдарында жарық көрген біраз пікірді аузына салғаным ырас еді. Жердің түбі Жәркенттен іздеп келгеніме ырыйза болған Мәшекең оларды сөзге келмей жазып алған-ды.
18 – томына енген сөздің бірі мынау: «Сегіз серінің «Туған жер» өлеңі. «Күлтөбе Маманайым – туған жерім» деп басталады (153 – бет). Ұзақ өлең. Патша шенеуніктерінің құудалауынан қашып жүргенде тұуған жерін сағынып жүргенде жазған.
Содан кейін Сегіз серінің «Не пайда» атты термесі берілген (155 – бет).
Мәшекең жарықтық аузына салған сөзіңді айнытпай жазып алатын адам екен. 159 – бетте «Ғайный сұлуға шығарған» өлеңі тағы тұр.
Ғажап қой?! Светқали Сегіз сері өмірде болмаған адам, оның өлеңдерін шығарып жүрген Қаратай Биғожин дейді, ал Мәшекең Биғожинді білмесе де, Сегіз серіні біледі. Тарыйхты ақыры бұрмалаған соң, осылай бұрмалау керек қой.
Өзі өмірде болмаған Сегіз сері өзі өмірде болмаған қызға: «Ғайный қыз, ғашық болдым жамалыңа», – деп өзеурейді (160 – бет).
Соноу Еділдің Тептер деген жерінде өмір сүріп жатқан Қалдыбай батырдың Ғайныйдай батыр қызына Сегіз сері қалайша жолығып жүр десеңші? Мәшекең де қызық кісі болса керек, Қаратай Биғожиннен ақыл сұрамай, менің «аузына салған» сөздерімді жаза бергені несі?
«1836 – жылы қой жылы жазда шығарған өлеңі. Құуғынға ұшырап жүргенде», – депті тағы да (162 – бет). «Аспанда еш жұлдыз жоқ күннен жарық», – деп басталады да, ортасында: «Түнде жарық жұлдыз жоқ айдан жарық», – деп түрлентеді.
Өзі жоқ, бірақ өлеңдері бар адам тек қазақ тарыйхында кездесетінін көп ел білмейді-ау, әттең!
Мәшекең де қызық, осы да жетеді демей, 163 – бетте «Мақпал сұлуыға» деп Сегіз серінің өлеңін тағы беріпті. Онысы аз болғандай, «Ат қайда Бозшұбардай шаппай желген? Мақпалдай сұлыу қайда қадыр білген? Бойынан Ақбұлақтың келген шақта, Шақыртпай еш пендеге өзі келген», – депті. Мұны да азсынған болыу керек, «Сегіз серінің Мақпал қызды алмақ боп, Ақбұлақ өзені бойы­нан аттанып, жолда кетіп бара жатып шығарған «Қалқаш» әні. 1838 – жыл», – деп тағы жазыпты.
– Мақпал-ау, сен қалайсың мен дегенде?
Құрыйды ынтызарым сен дегенде!
Аршын төс, аққұу мойын, беу, Гауһартас,
Балшекер сілекейің шөлдегенде», – депті.
Сонда қалай, өзі өмірде болмаған Сегіз сері өзі өмірде болған Ақан серіден Мақпалды тартып алған ба? Сегіз серіні білгенде, Мәшекең Ақан серіні білмеген бе? «Гауһартас, сізден басқа сүйерім жоқ», – дегізіпті Сегіз серіге (18 – том, 164 – бет).
Осының бәрін қайталап оқыдым да, Светқалидың маған таққан айыбын табан астында мойындадым. Мойындамағанда, қайда барам, Осағам айтпақшы, «Сенгеніңнен сүйенгенің мықты болсын!» деген ғой қазақ, кімге сүйенем?
Мұны екі деңіз.
Жақында теледыйдардан «Бірегей» көрілімін қарап отырып, Сегіз серіге тағы тап болдым. Ермек Серкебаевтың атасы 1951 – жылы «Ұшқын» атты мақала жазып, 1932 – жылдары жас күнінде «Ермекке әжесі үн қосып, алғаш үйреткен әндері «Екі жійрен», Сегіз серінің, Ыйманжүсіптің әндері болғанын айтыпты. Өзі өмірде болмаған, Қ.Биғожин ойдан шығарған адамның әнін Ермектің әжесі сонда қайдан, кімнен үйреніп жүр?
Мұны үш деңіз.
1937 – жылы маршал Тухачевскийдің астыртын төңкеріс жасамақ әрекеті әшкереленгеннен кейінгі «халық жауларын» жазалау кең өріс алмағанда, Ерекең Сегіз серінің әндерін есейген соң да, сөз жоқ, айтып жүрер еді-ау, әттең! «Жыйырма орысты жайратып кетті», «Ғайныйды өлтірген орыс әпійсерін Сегіз сері найзаға шаншып өлтірді» деген деректер Сегіз серіні жау етіп көрсетпегенде, кім деп көрсете қойды дейсің?
Абақ Керейде Шұбарайғыр Қожаберген атты батыр болғаны – шындық. Шежіреде солай. «Аристов айтып отырған Қожаберген – сол» – дейді Светқалилар. Болған батырды «болмаған» деуге біздің ауыз бармайды. Алайда Шұбарайғыр сол болса, Аристов оны Шұбарайғыр деп неге жазбай, «Старшина баклы – гирейского рода» дегенін қалай ұғамыз? Абақ Керейде ондай ұрыу жоқ қой.
Қазақта «Елім-ай!» деген ән, «Елім-ай!» атты дастан бар. Бұл – анық. Ал оларды жоқ қылғанда, мен не ұтам, Светқалилар не ұтады? «Жаманның барынан да жоғы жақсы» деген, одан да халқымыздың жақсысын жоқ қылғанша, Светқали екеуміз жоқ болайық та.
Осағаң айтпақшы, қаншама фәкт пен әкт жазылса да, Толыбай сыншының ұлы Қожабергеннің ұрпағы Сегіз сері екенін Светқали жоққа шығарғанмен, мен жоққа шығара алмаймын. Онда қазақтың тарыйхы тарыйх емес, мазақ болады. Онда қазақтың бүкіл марғасқалары Наушабаев, Жайау Мұса, Мәшһүр Жүсіп, Марғұлан, Ғабит, Сәбит, Шерныйаз жырау, тағы-тағылар – бәрі өтірікші болып шығады. Мұны төрт деңіз.
Тарыйх негізінен өлілерді зерттейді, өйткені өткеннің бәрі – тарыйх. Сондықтан тірілер өлілер үшін де жауапты. Ол борышты адал атқарыу – ардың ісі.
– Әй, бала! – деді Осағаң ойау тұрғанымда түсіме кіріп. – Қашан ұстап алғанын білмеймін, қолымды қысып алыпты.
– Сексеннен асқан ініңізді «бала» дегеніңіз қалай, Осаға?
– Бізге тірілердің бәрі – бала мен шала. Үнемі оларға бірдеме жетпей, өзді-өзі жанжалдасады да жүреді. Қазақтың көң болмағаны бізге де – мына өлілерге де – керек, – деді өз кеудесін ұрғылап. – Мына қылығымен қазақ, әрійне, мен айтқан ңөң бола алмайды, бірақ дөң болыуға жарасақ та жаман болмас еді, – деді күрсініп. Мен де күрсіндім. Кенет Осағаң күліп жіберді. Мен аң-таң боп бетіне қарадым. – «Адам қорқса, күледі; ійт қорқса, үреді», – деді Осағаң менің үрейленгенімді бетімнен байқап. – Сендердің мына сұмдық қылықтарыңнан қорқам. Сендер Қожабергенге, Сегіз серіге ор қазып жатқан жоқсыңдар, халыққа көр қазып жатырсыңдар! – деді де, жоқ болып кетті.
Күліп жылайтын кісі еді ғой жарықтық! Бұл жолы жылап күлді. Мұны «бес» деңіз, бұл айтқандарым бұрмалау болса, онда тілімді кес деңіз!

Мақалада автордың стильдік емлесі сақталды

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері

ПІКІРЛЕР1
Аноним 24.04.2024 | 10:52

Қаратай Биғожиннің баласы неге үндемейді?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір