ШЕҢБЕРДЕН ШЫҚҚАН ШАЙЫР
14.03.2025
140
0

Ақын Төрегелді Тұяқбайдың өлең өрісіндегі жаңа іздерімен жол жүргендегі сыралғы сөз

Ұмытпасам, бұдан аттай елу жыл бұрын, сол кездегі арманшыл жас ақын Төрегелді бір өлеңінде: «Мен қашанғы шыр айналам қарғыс атқыр шеңберді» депті деген сөз сонау Маңғыстауда жатқан маған қанатын қаққан хатпен жетіп еді. Ойланып қалдым, сосын, өзім түлегі болған ҚазМУ-дің филология факультетінің бізден кейінгі толқыны Төрегелдіні алғаш рет көргенім есіме түсті.

Ұяң, желді даланың желкеніндей қағылез, мектепті жаңа бітірген кез­дегі тәртіпті оқушының шырайлы жүзінде әлі де жаңылыспай сақталған бұл балаң жігіттің қазақ өлеңінің ұлы көшінің қатарына келуіне әлі талай уақыт жатыр еді. Бірақ осынау қасиетті қағбамыздай көретін ҚазМУ-дің ақын болам дегенге ат беретін, жанам деген жүрекке от беретін қуаты талай жас талантты ұшырып жататын. Ұзамай ол да қанатын қақты және де білімге бас қойды, ғылымға дес қойды.
Өзіміз сияқты сөз саптап, өзіміз сияқты арманшыл болып, алғашқы өлеңдеріміздің кейіпкерлерін осы оқу ордасынан көріп, қалам ұштаған жұқалтаң Төрегелді өлең ауылына ат ізін салған кезден-ақ ұшқыр тақырыптарға ұрын келді, керуенге ілескен тең құрбыларынан бұрын келді. Өлеңге келудің өрісті жолын тапқан ақынға оқырман назары бірден түседі. Өйткені ол сол оқырманның жан дүниесіндегі жақсы пернені тауып басады. Өлең самалы көңілінің кекілін тарайды.
Әдебиеттің теориясы мен тарихын ерінбей ежіктеген жас ақын қазақы қара өлеңнің қонысына атан шөгеріп, қомына қосықтарын байлады. «Барлық ақын – баласы бір ананың» дегендей, біз көз көрген інінің, төркіндес таланттың жаңа жолындағы қадамына тілектес болдық. Оның өлеңдеріндегі ұлттық рең, халықтық саз, әсіресе ауылдан шыққан азаматтың бауырмал байқампаздығы мен имани байыптылығына назар аудардық. Тіршіліктің түйінін тарқатуға ұмтылған ниетін аңдадық.
Ақын Төрегелді Тұяқбайдың поэтикасы туралы сөз айтудың реті бұған дейін, ол жаңа жолға түспес бұрын келе қойған жоқ еді. Өзі де мемлекеттік қызметтің майданында көп жүргендіктен, біз де осы шепті ұзақ шиырлағандықтан көптеп көрініп, ептеп елге жетудің мүмкіндігін аз көрдік. Бірақ Жаратқан ақын қылып жаратқасын, жүрегін тербеген, көңілін кернеген сәттердің бәрін жыр жолына түсіріп, көңіл дәптеріне қаттай бергеніне күмән жоқ.
Ақын өлеңдеріндегі ой мен образдар, тақырып таңдаудағы табиғи ізденістер, поэзиялық принциптер мен азаматтық ұстаным, ой мен үміттің бірлігін іздеушілік ақындық қолтаңбасының тұрақтана, тұтастана қалыптасуына негіз жасады. Әуелден теориялық дайындығы мығым машық өлең тудыруда оны көп қинамағанын өлеңдерінен көріп жүрдім. Өлең жазудың азабы мен ғажабын ол бір ақындай көрді.
Қасым ақын: «Мен өлеңді жазуды білемін, ал оның теориясы мен мазмұнын сыншылар талдасын» деген көзқарас ұстанған. Біздің бақытымыз, біз Мұқағалиды, Қадырды, Жұмекенді, Сағиды, Тұманбайды, Сабырханды, Бекенді, Фаризаны, Өтежанды, Шәмілді, Меңдекешті, Дүйсенбекті, Кеңшілік пен Жұматайды көрдік, таныс-біліс болдық. Одан үлкендер: Әбу мен Әбділданы, Хамит пен Мұзафарды, Сырбай мен Жұбанды, Қуандық пен Қанипаны, Тоқаш пен Ғафуды тірідей көріп, талантына қол соқтық. Бұлар қазақ поэзия мектебінің ұстаздары еді. Біздің ортақ ұстаздарымыз. Осыларды көрген Төрегелдінің ақын болмауға амалы қалмады. Бәріміз де мэтрлерге еліктедік. Үйрендік, үлгі тұттық.
Бұл орайда Төрегелдінің ұлы ұстазы Абай болды десек, одан басқа да қайнарлардың бар екенін айту парыз. Ол – неміс тілін жақсы білетін ақын. Алман елінде алты ай болып, немістің мәттақам тәртібін толық бойына сіңірмесе де, Гетенің өлеңдерін қазақшаға аударуда адамзатқа ортақ тіл – өлең тілін өзінше безбендегені рас. Абай мен Гетенің өзара жақындығы мен алыстығын салғастырып, өнерге деген екі алыптың азаматтық жауапкершілігін жете түсініп, Шығысқа қарап шырай танытқан Гетенің табиғат пен адам арасындағы рухани-философиялық ой ағыстарын барынша түсінуге тырысқан сәтін сәтті сапар деп бағалаймыз. Сондықтан оның неміс тілінен аударған өлеңдерін қазақы ұғыммен қабылдаймыз. Ол классикалық поэзияның қайнарына үңілді.
Осылайша, қалыптасқан қағидалы мектептен өткен Төрегелді кейінгі жылдары көп ойланыпты. Жаңа ғасырдың жарқын лебі ме, мыңжылдықтың мәртебесі ме, өзі айтқандай шеңберден шығудың бұлқынысы ма, бұдан жиырма жыл бұрын бір жаңа ізге, жаңа бұрылысқа түсті де кетті. Әуелде мен оның топтама өлеңдерін көріп, мұны сөздің биі деп қабылдадым. Кәдімгі сахнадағы би деп қабылдадым. Өйткені онда ұлттық билеріміздің тактылары мен ырғақтары бар еді. Сондықтан мен ақынның бұл жаңа бұрылысын «СӨЗДІҢ БИІ» деп қабылдадым.
Сәл уақыт өткен соң тағы да ойлана келе, бұл масатты шешендік сөз, яғни «БИ СӨЗІ» деп қабылдадым. Не де болса Төрегелдінің бұл тосын бұрылысы қызық әрі қиын тәсіл. «Әлі келген алып та жығады, шалып та жығады» дегендей, ақындық қуаты бойында тұрған соң ол қазақтың сымдай сызылған, талдай таранған сөзін төңкере тербетіп, санадағы сөзін сіңірте түседі. Өлеңнің бұл түрін қай тәсілге жатқызамыз деп ойланғанда мен мұны кейде уақыт тақтасына бәдізделген бәйіт пе деп те қаламын. Өзінің бір кітабын «Ойтұмар» деп атауы осы ойымның ұйқысын аша түседі. Өзі поэтикалық тетралогия деп айдар таққан, бірақ төрт кітапты бір дәннің қауызына – бір кітапқа сыйғызған бұл қадам өзін-өзі ақтап тұр деген ойдамын.
Өзіне де айттым, оның масаттарын оқи отырып, бұл әдеби тәсілді Құрманғазының «Терісқақпай» деген күйі­мен салыстырамын. Күйдің пернелік түзілімі, үш қайырмалы, бір сағалы ырғақтық шеруі осы өлеңге де мәтін ретінде келеді. Ұлы ақын Жұмекеннің ерекше «Күй кітабын» оқысаңыз, оның өлеңдері – Құрманғазының күйлеріне жазылған мәтін, таңғажайып текст. Осы кітабын сыншылар солақай оймен сойқан етіп сынағанда Жұмекен ағамыз: «Ойбай-ай», – деп төбесіндегі бір уыс шашын жұлып алыпты. Біз Төрегелдінің бұл масаттарын сынамаймыз, қайта қазақ сөз өнерінде жаңа бір әдеби тәсіл дүниеге келіп, кіндігі кесіліп, соның шілдеханасында отырмыз деп ойлаймыз.
Бұл шағын сөзімде оның масаттарын масаттана отырып мадақтау үшін тетелес телағыс шумақтармен теңселген, ұзын саны 2002 сөз биінен көптеген мысал келтірсем, бәріміз де осы жерде «билеп» кетуіміз мүмкін. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» деген тәмсілге жүгініп, жинақтағы 82-сөзбиін орталарыңызға салып көрейін:
Хақты күнде,
Үйреніп басынуды,
Әлдеқайда адамдар асығулы.
Қап түбінде кездіктей қалып қойған,
Тап бүгінде
Шындығың жасырулы.

Жасырулы,
Шындығың тап бүгінде,
Қалып қойған кездіктей қап түбінде.
Асығулы адамдар әлдеқайда,
Басынуды үйреніп Хақты күнде.
Рас-ау, бұл күнде бәрі асығулы, жайбарақат пенде жоқ. Осы жерде отырғандар да мазмұнды сәтте отырса да іштей асығулы. Қайда асығамыз, неге асығамыз? Бұл сұраққа ешкім де нақты жауап бере алмайды. Шығармашылық кезеңінің жаңа жолына түсіп, ұлттың сөзін билетіп отырған Төрегелді де асығып отыр. Ол қаламынан төгілген 2002 сөзбиінің 2003-сін жазу үшін асығып отыр. «Асығып тез аттандық, қуантуға ел-жұртты» деп Сәкен сұңқар жазғандай, Төрегелді де жаңа сөзбиімен өз оқырмандарын қуантуға үнемі асығады.
Әлемдік аяқ доп додасында Бразилия құрамасы төртінші рет чемпион болғанда алтын кубокты төбесіне көтеріп, құшырлана сүйген Эдсон Арантес де Насименто – кәдімгі Пеле: «Бразилия бесінші рет чемпион болғанда, осы кубокты тағы да сүюге Құдай жар болсын» деп еді. Пеле сол арманына жетті. Төрегелді де төрттомдық масатын жазып тастап, бесінші томын жазуға асығып отыр. Оған да сол күнге жетуіне Алла жар болсын!
Қазақтың санасын танымды сөздің, тағдырлы ойлардың СӨЗІ билесін.

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір