Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «АҚБҰЛАҚТЫҢ» АРНАСЫ
Радионың дәурені жүріп тұрған кез. Шамамен 60-жылдардың екінші жартысынан былайғы уақыт. Ауылдарға теледидар жете қоймаған. Әсіресе шалғайдағы фермалар мыңғыртып мал өсіріп, пұттап астық өндіріп жатса да, кейінгі заман мәдениетінің дәмін толық татып үлгермеген шақ.

Ол кездегі ауыл тұрғындарының ақпарат алатын жалғыз көзі осы радио еді. Ол кезде де ақпаратқа зор мән берілетін. Дегенмен сол радионың басында отырғандар жұртты құр сөзбен мезі қылмас үшін болуы керек, ұзақты күн сарнап тұратын әлгі заржақты әрқилы бағдарламалармен әшекейлейтін. Мысалы, «Ұшқын» программасы, негізінен, жастар аудиториясына арналғанмен, әр жағы үлкендер де, бер жағы мектептің жоғары сыныбында оқитын шәкірттер де, «көзіңнен бір ұшқын ұшты ма білмедім» деген әннің әуенімен басталатын осы программаны қалт жібермеуге тырысатын.
Радио бір мезет сөзді доғарып, тек Роза, Бибігүл, Ермек, бертін келе Нұрғали шырқайтын әндерді беретін. Қазір көпшілік толықтай (кейде жартылай) жатқа білетін әндер әуелеп кететін. Сондай әндердің қатарындағы, мысалы, «Жайлаукөл кештері», «Маралдым», «Саржайлау» тәрізді әндерге көпшіліктің ықыласы ерекше құлап түсетін. Музыкасына сөзі сай бұл туындылар лезде жаттала қалатын. Ауыл тойларында жастар осы әндерді біріге шырқап отыратын. Көңілдерді мынау неткен ғажап ауыл-ей деген ойлар түрткілейтін.
Осы әндердің қатарында «Ақбұлақ» әні де болушы еді. Ол кезде, расын айтсақ, Ақбұлақтың қай топырақты тесіп шығып жатқанын білмейтінбіз. Әйтеуір, ән керемет, орындаушылары да құлағыңның құрышын қандырады. Ара-арасында әнді автордың өзі орындайтынын да байқап қаламыз.
Сөйтсек, әннің авторы Бәкір Тәжібаев Ақтөбе облысындағы Байғанин ауданының Ақбұлақ ауылында дүниеге келген екен. Әлбетте жас авторлар алғашқы балауса шығармасын арнайтын объектінің бірі туған жер ғой. Бірақ жас қалам кіндік қаның тамған жеріңнің барша сипатын жеткізе алмауы да бек мүмкін. Тек өсе келе, әсіресе туған жердің қадірін шын ұғынған шақта шынайы туынды дүниеге келмек. «Ақбұлақ» осындай шынайы дүние еді. Республикалық радиодан Болат Сыбанов пен Қапаш Құлышева домбырамен орындаған осы ән Бәкірдің композиторлық қабілетін анық танытып еді. Сондай-ақ бұл әнді Мақпал Жүнісова өзіндік мәнерімен асқақтата айтса, эстрада жанрында Нұрболат Абдуллин мүлде басқа қырынан танытты. Ал Гүлмарс Аманбаева «Достық сазы» фольклорлық ансамблімен әннің ұлттық нақышын бұзбай шырқады. «Мен қазақпын» мега жобасының жүлдегері Динара Шынарбаеваның репертуарынан ойып орын алған әндердің бірі − осы «Ақбұлақ». Ал сол «Ақбұлақ» қандай мекен еді? Оны Бәкір ақын «Мен туған жер» деп аталатын өлеңінде талдап айтып береді:
«Бір жағында болатын,
Ақ селеулі қыры бар.
Бір жағында болатын,
Сары алтындай құмы бар.
Ағашында жиде өскен,
Ақ шаңқандай жары бар.
Ши түбінде жуа өскен,
Ақ тоғайы тағы бар.
Шағылынан миуа өскен
Ақ қояны қашатын.
Аршынынан асырмай
Құмай тазы басатын.
Бөкенбайдың сайында
Ақ бұлақтың бойында,
Дүниеге келіппін.
Қызық дәурен көріппін,
Той-думаны қызғанда,
Жүйрік мініп желіктім.
Бір құдірет аямай
Ән мен күйді серік қып
Жүрегіме беріпті!»
Осы өлеңді тұтасымен жарияланған сайтқа Рахымжан Ізбасар деген автор былай деп жазыпты: «Бәкір ақынның туған жері – Ақбұлағы, талай қой бағып, қой кезек өткізген жер еді… Шіркін, осы өлеңі бәрін еске салып отыр. Күннің ыстығында ауылдан қой жайып шығып, сары алтындай құмын кешіп өтіп, жидек талын көлеңкелейтін едік, ши түбінен жуа теріп, бұлағынан шөл қандыратынбыз, ақ жарына атымызды да жаздық-ау, қоян қашса итімізді де айтақтайтынбыз. Шіркін, бәрін осы өлеңге сыйғызыпты ау…» Авторға бұдан артық бағалаудың қажеті бар ма?
Осы арада шегелей айта кеткен жөн. Бәкірдің ортасында «Ақбұлақ» та бар, көптеген әндері ұлан-ғайыр қазақ даласын былай қойғанда, қазақтар өмір сүретін сонау Қытай, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан, Иран елдеріне де тарап кетіп еді.
Тағы да осы жерде мынаны да ескере кеткен жөн. Біз әңгіме етіп отырған кезеңде Нұрғиса Тілендиевтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің әндері сахнадан түспейтін. Ауыл клубтарындағы өнерпаздар концерттерінде Нұрғисаның «Құстар қайтып барады», Шәмшінің «Ақ бантик», Әсеттің «Шақырады көктем» тәрізді әндері міндетті түрде шырқалатын. Ал мұндай әні әлемге тараған композиторлармен қатар жүріп ән жазуға екінің бірінің жүрегі дауаламаса керек. Ал Бәкірдің жүрегі дауалады және өзінің қателеспегенін ұқты. Репертуарларға «Ақбұлақпен» қатар «Гүлсің-ау», «Аппағым», «Жүрегім дүрсіл қағады-ау» әндері де берік енді.
Қазір радионың да, телевизияның да талғамы түсініксіз болып кеткені белгілі. Ол кезде, біздің білуімізше, эфирге шығаратын дүниелерді музыка мамандарынан құралатын әлдебір беделді комиссия сараптайтын сияқты еді, осы күні мұндай билік қандай да бір хабарды жүргізетіндердің қолына беріліп қойғанға ұқсайды. Эфирде тыңдайын десең құлақ кесетін, сол себепті ешкім тыңдағысы келмейтін әндердің қаптап кеткені сондықтан болуы керек. Бірақ Бәкірдің әндері мұндай дертке шалдыға қойған жоқ.
Екіншіден, ақын ағамыз өзі де музыканың жетістігі мен кемшілігін жақсы білгендіктен әнге арналған мәтіндерді келістіріп жаза қоятын. Қағазға әлеміш бояусыз түсірілетін, халықтың жүрегіне қонақтай қалатын мұндай мәтіндердің музыкасы да жан тербететін. Музыкасын Ескендір Хасанғалиев жазған «Алматының алмасы», «Жанарым», «Әдемі-ау», «Елігім-еркем», «Сағындым сені», «Бозторғайым», «Ақ құсым» осындай дүниелер еді.
Ал «Студенттердің қоштасу әні» ше?! «Білім ап саяңда, Өткіздік сан жылды. Өткіздік сан жылды, Қызықтап ән-жырды» деп басталатын бұл ән қазірге дейін студенттердің серігі болып келе жатыр.
Ал «Қарындасым − қарлығашым» әні туған ағалардың қимас қарындасына арналған жүрекжарды лебізі болып қалды.
Көрнекті эссеист, журналист Мақсат Тәж-Мұрат «Құрманай» деп аталған эссесінде («Біздің елдің ұлтаны мен сұлтаны» кітабында, 2024 ж.) былай деп жазғаны бар-ды: «…Сол сапарда (1971 жылды айтады) Ескендір ағамыздың өте сырлы, нәзік «Сағындым сені» деген жаңа ән шығарғанын білдік, − деп жазады Досым мен Ұлықпан еске алу мақаласында. − Бірақ әлі ешкім орындамапты. Эфирге шықпаған, жұртқа таралмаған. Автордың өзі де басқа бір әншіге орындатуға қимайтын сияқты, өзіне тым ыстық көрінетіні байқалады. Құрманай бұл әнмен таныса салысымен-ақ өте ұнатты, қатты ден қойды, жарты күнге жетпей-ақ игеріп алып, бәріміздің алдымызда жан-тәнімен беріліп тұрып орындап бергендегі біздің жағдайымызды көрсеңіз! Ерекше күйге бөленген Есекең аса ризашылықпен Құрманайдың маңдайынан сүйді…»
Бәкірдің ән мәтіндері көңілден кетпейтін жастық дәуреннің тамырды бүлкілдететін осындай ыстық ықыласқа толы лебізі болумен бірге, кей әндерде ел-жұрт мекен етіп отырған атамекеннің де айдынды келбеті анық айшықталады. «Күн дидарлы Қазақстан» (Жанарыма нұр сыйлаған, Жүрегіме жыр сыйлаған, Құшағыма гүл сыйлаған, Алтын бесік − туған жерім) мен «Халқым туралы ән» ((Көлдері айдынды, Таулары айбынды, Кеудесі гүл жайнаған кең даланың, Ай, Күннен сәуле құшқан, Аққумен әнін қосқан, Елімнің бір еркесі мен боламын) немесе «Ауылым-әнім» (Қайда жүрсем туған жерім, Сен есімен шығармысың. Жастық дәурен құрған жерім, Көз алдымда тұрармысың) осындай дүниелер.
Дегенмен Бәкір әндерінің төресі, қалай дегенде де, «Әлия» секілді. Әуенге жазылған қазақ сөзінің әлемді шарлауының алғашқы баспалдағы осы ән еді ғой. Алғаш рет Роза Рымбаеваның орындауында бұл ән Сопотта (Болгария) өткен халықаралық «Алтын орфей» конкурсында бас жүлдеге ие болды.
Жалпы Бәкір ағамыздың қанша әнге қолы тигенін тап басып айту қиын. Әртүрлі деректерде әрқалай айтылады. Мысалы, бір деректе «жүз елуден астам ән шығарды және әнге лайықтап өлең жазды» делінсе, басқа бір материалда бұл цифр 200-ге ұлғайтылады. Бірақ қалай дегенде де, аз емес екені көрініп тұр. Оның үстіне Бәкір 1974 жылдан бастап шығармашылық жұмыста болған ғой, яғни жасы елуге жетер-жетпесте кеңселерде күні бойы қағаз кеміріп отыратын кәсіппен қоштасып, еркін жүрген.
Осы жерде ақын, драматург, сазгер, әнші Бәкір Тәжібаевтың өмірінен қысқаша анықтама ұсына кеткен жөн секілді. Ол 1941 жылдан бастап Ақтөбе облысындағы Темір педагогикалық училищесінде оқып, кезінде Жұрын (қазіргі Мұғалжар) аудандық газетінде жауапты хатшы, аудандық комсомол комитетінде қызмет істеген. 1947 жылы ол кезде кез келген тәуір қызметке баспалдақ болуға тиіс сатыға аяқ басып, КОКП мүшелігіне өтіп алады. 21 жастағы бозбаланы Кеңес Одағы коммунистік партиясының қатарына қабылдау кәдімгідей сенім еді. Ал 1950 жылы Алматының театр-сурет училищесі жанындағы киноактерлік бөлімді бітіргеннен кейін, ақын бірсыпыра жыл Жамбыл, Шымкент облыстық театрларында актерлікпен шұғылданған. Қозы Көрпештің, Шоқан Уәлихановтың рольдерін сомдаған кезі осы еді.1958 жылдан Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, кейін Алматы облыстық халық творчествосы үйінде, одан соң Қазақ КСР театр қоғамында жұмыс жасайды. Осыдан соң біржола творчестволық жұмысқа ауысады.
Кейбір естеліктерде Бәкірдің Алматыға баруына Тахауи Ахтанов себепші болғаны айтылады. Мүмкін. Ол кез офицер Тахаңның әскерден босап оралған кезі, әдеби ортаға енді араласа бастаған тұсы. Қалай болғанда да, Тахаң талабының биті бар жас жігітке сол әдеби орта игі ықпалын тигізетінін болжаған шығар. Расымен де солай болды.
Актерлік білім алған Бәкірді Мәдениет министрлігі іле-шала Жамбыл облысына жіберді, одан кейінгі жол Шымкент облыстық театрында жалғасты. Осында жүргенде бұрын да халық әндерін домбырамен айтып жүретін ақынның жаңа бір қыры ашылды. Нығымет Баймұхамбетовпен бірігіп Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсының либреттосын жазды. Одан соң таза драматургиялық дүниелер жазуға кірісті. Ұлы Отан соғысына арналған «Қаракөз қарындасым» және «Ана жүрегі» пьесаларын қағазға түсірді. ХІХ ғасырда өмір кешкен, патша жендеттерінің қолынан қаза болған ақын, әнші, композитор жөнінде әуелі «Батақтың Сарысы» деген композиция, соның ізімен «Түрмеден қашқан» деп аталатын музыкалық драманы дүниеге әкелді. Бұл шығармалар кезінде көптеген театрлардың репертуарында жүрді. Семей, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда театрлары, Алматыдағы мемлекеттік жасөспірімдер театры сахналарға шығарды. Осылайша, ақын қазақ драматургтерінің қатарына қосылды.
Дегенмен Бәкір өлеңді тастап кеткен жоқ. Әуелде Тахауи Ахтановтың көзіне түсуі осы өлеңдердің арқасы еді ғой. Жылдан жылға жалғастыра поэзиялық жинақтарын ұсынып жүрді: «Балбұлақ» (1969), «Ән-дәурен» (1973), «Жүріп келем» (1976), «Дала жолдары» (1980), «Жыр-жолаушы» (1982). Бұл тізімге Ақтөбе қаласында 2011 жылы шыққан 50 томдық «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен ұсынылған Бәкір Тәжібаевтың 288 беттік бір томдық жыр кітабын қосуымыз керек. Бұған қоса республикалық баспалардан әр жылдары ақынның «Қараторғай» новеллалар жинағы, әйгілі әнші Р.Бағланова туралы «Біздің Роза» атты көлемді очеркі мен «Сахна жұлдыздары» портреттер жинағы жарық көргенін де еске сала өткен жөн.
Қазақ елін, сонымен қатар көрші мемлекеттерді емін-еркін шарлаған ақын кең-байтақ даламыздың өзі көрген суреттерін мүмкіндігінше көзден қағыс қалдырмауға тырысты. Оның куәсі − «Қаратау», «Сауран», «Солтүстік суреттері, «Есіл», «Арал», «Жаңақорған», «Маңғыстау», «Ақ Жайықпен тілдесу», «Жезқазған жұлдыздары», «Тоқырауын», «Қызыларай», «Қармақшы», «Қазалы», «Атырау», «Нарынқол құшағында», «Ертіс», «Қызылорда», «Иіркөл», «Каспиймен кездесу», «Ордада туған ойлар», «Оралым» тәрізді өлеңдер және ақынның өзі жүріп өткен жерлерді бір емес, бірнеше рет басқаны да көрініп тұрады. Мысалы, бір өлеңінде «Жазира жағасына Иіркөлдің, Еркелеп былтыр келдім, биыл келдім» десе, тағы бір туындысында «Саған келдім, Ақ Жайық, жазда, қыста, Сенен алар алуан сыр, аз ба нұсқа» деп өткен күн мен кейінгі кезді қатар еске салады. Бұлай жазуының бір себебі, ақын бірден аласұрмай, көңіліне ұнаған жердің қадірі мен қасиетін бірнеше рет көрген соң барып безбендей жырлайды екен. Айналып келгенде осының барлығы да Қазақстанның біртұтас жерінің бір-бір бөлшегі ғой. Сондықтан да ақын «Туған елім» деп аталатын дүниесінде осы өлеңдердегі ойларын жинақтай ұсынады:
Менде сөйлер сөз болса −
Өзің берген сөзің ғой!
Менде көрер көз болса −
Өзің берген көзің ғой!
Шаттық құшқан шеруде,
Күйді өтерген өзің ғой!
Қиындықты жеңуге
Үйреткен де өзің ғой!
Толқығанда сезім-ой,
Аппақ арым, тілегім.
Туған елім өзің ғой −
Арқа сүйер тірегім!
Туған елім, өзіңнің,
Жазираңды кездірдің.
Жайма-шуақ кезімнің,
Рахатын сездірдің!
Туған елім − гүл елім,
Қасиетіңді білемін.
Өзіңе деп жүремін
Лүпілдеген жүрегім!
Әсіресе соңғы тармақтың шын ниеттен шыққанына күдік келтіру қиын. «Өзіңе деп жүремін, Лүпілдеген жүрегім» деген жолдарды оқығанда, көз алдыңа жүрегін қолына ұстап, беруге ұмсынып, туған елінің алдында тұрған бейне елестеп кететін сияқты. Бұны бір десек, екіншіден, бұнда жөнсіз өрекпу де, асыл сөз іздеп әуре болудың да нышаны жоқ. Өлең ақынның тебіренісін, толғанысын, осы шаққа дейінгі өмірден түйгендерінің шешімі ретіндегі салқынқанды ықыласын бейнелейді. Бұл ретте өлең салқынқанды емес, өрттей қызулы болуы керек деген біржақты тұжырыммен келісе алмайтынымыз бар. Жалпы алғанда, өлеңнің барлығы бірдей лапылдап тұруы міндет те емес қой.
Әу баста музыкаға мәтін жазып дағдыланған соң ба екен, Бәкірдің өлеңдері, негізінен, нақтылыққа бейім тұрады. Себебі ән сөзі белгілі бір
объектіні нысанаға алады да басы артық сөздерді көп жолата бермейді. Әсіресе ақын ән сөзі жаттап алуға ыңғайлы болғанын қалайтын секілді. Бұл көп ретте өзін-өзі ақтайды да. Ақынның «Қыс көрінісі» деп аталатын өлеңін оқығанда осы пікірге келдік:
Күлімдеген күміс күн −
Көк әлемнің шақпағы.
Үлпілдеген ақша қар −
Туған жердің аппағы.
Мүлгіп тұрған жас талдар,
Қандай нұрдан жаралды-ай!
Мүйізіне мақтаны
Іліп алған маралдай.
Бұны жер-дүниені ақ қар басқан кезеңнің бір этюді десек, ақынның көктемге арналған дүниесі де қыздың жиған жүгіндей тып-тиянақты болып шыққан.
Ақтеңбіл жердің үстінде,
Ақпейіл бүгін дүние.
Тербелген күйге түстім де,
Толқыдым бір сәт сүйіне.
Көктемнің көркін береді,
Көктеген жаңа балауса.
Көңілімді менің бөледі
Сол балғын жасыл жалауша.
Тірліктен алып сыбаға,
Көтерді ол көктің күмбезін.
Үлбіреп шыққан шығар-ау
Көргісі келіп күн көзін.
Жабыссам өмір жалына,
Менің де көп қой қалауым.
Балауса гүлдің жанына
Қондырдым жырдың жалауын.
Расында да көктем – жер беті балқып тұратын бір ерекше – шақ. Ол – жастық, ол – нәзіктік, ол − жаңа өмір нышаны, ол – тазалық. Ақынның жырдың жалауын балауса гүлдің жанына қадауы – жүрек қалауының рақат сезімге бөленген сәтінің көкейде тұра беретін бір қимас көрінісі. Осы тебіреністі ақын бітіп болмайтын, оқырманды жалықтырып жіберетін ұзын-сонар жырға айналдырмай, біріне-бірі жымдасып тұрған төрт шумақпен келісті етіп әспеттеген.
Қай кәсіпке бой ұрса да, өзін бірқалыпты ұстаған Бәкір өлеңдерінде де сол биязы қалпынан аумауға тырысады және мұны ол күнделікті өмірде ғана емес, поэзияда да негізгі бағыт ретінде ұстанды. Мына өлеңді оқып көрелік:
Жасаған жоқпын батырлық,
Көрінген жоқпын керім боп.
Әйгілеу үшін атымды
Айтысқа түскен жерім жоқ.
Туған ел, сенің қашан да
Сақтадым асыл салтыңды.
Өзеуреп сөйлер қасаңға
Өзгерткен жоқпын қалпымды,
Мардамсып бекер, босқа мен
Мадаққа тәнті болмадым.
Бәсеке үшін басқамен
Мінбедім сұлу «Волганы»,
Туған ел, сенің сәніңді
Саялап жүрсем болғаны.
Маған деп айтқан әнімді
Аялап жүрсең болғаны.
Әнім бар жерде мен де бар,
Мен жоқпын әннен жаңылсам.
Ән − менің ауам дем алар,
Ән − менің дауам ауырсам.
Бәкірдің әнін аялап жүрген туған жұрты оның есіміне лайықты құрмет те көрсетіп келеді. Ақынның туған жері − Ақбұлақтың басында ескерткіш белгі ашылып, Бәкір Тәжібаевтың бір шумақ өлеңі жазылған монумент орнатылды. Осы «Ақбұлақ» әнінің арқасында Бәкір ағамыздың туған жері Ақтөбе облысында ғана емес, күллі Қазақстанға танымал қасиетті орынға айналды. Ақынның әндеріне арналған «Ән мен жырдың Ақбұлағы» атты республикалық ән фестивалі өтті. Биылғы жылдың наурыз айында, Ұлыстың Ұлы күні Өскемен қаласының орталық алаңында «Ақбұлақ» әні бес мың адамның домбырамен бір мезетте орындалуымен Гиннестің рекордтар кітабына еніп, әлемге танылды. Болашақта Ақтөбе қаласында ақынның ескерткішін ашу да қолға алынып жатыр. Ақынның есімі тарихи тұлғалардың тізіміне енгізілді.
Қай автордың да басына осындай бақ қона бергей!