КЕНЕПКЕ ТҮСКЕН ШЫНДЫҚ ПЕН ШЫНАЙЫЛЫҚ
06.07.2024
176
0

  Бұл фәниден өткеніне жарты ғасырдан асса да Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығына қызығушылық толастаған емес. ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп, әкеден ерте жас қалған бала анасы мен өгей әкенің қолында ержетіп, тұрмыс-тіршіліктің ауыртпалығының ащы дәмін жастайынан татқан еді. Бәлкім құдайдың берген ерекше сыйы болар, бойындағы суретшілік дарыны оның қолына түскен зат­тан әртүрлі әдемі бейнелер жасауға итермелей бастайды. Баланың назары баққан малында емес, ойы мен қиялындағы бейнелерді жасауға бөлінгенде қойына қасқыр шауып, отарды ойрандап кеткен соң мал иесі байдан оңбай таяқ жейді… Өгей әке Мәсімнен де қат­ты ауыр сөздер естуі өмірінің алғашқы ащы сабақтарының бірі болды. Көгала қойдай етіп сабаған байдың қатыгездігі, қасқыр тамақтап кеткен төрт қойды қолындағы азын-аулақ малынан бес қой етіп төлеп, «мал ашуы – жан ашуына» айналған өгей әкенің ауыр сөздері бала Әбілханды бәрібір жасыта алған жоқ. Өйткені көрген қаншама қиыншылықтарына төзіп, кеудесінде маздап жанған сурет пен мүсінге деген құштарлығы алдағы уақыт­та өзінің ойлағандай арманына жететініне кәміл сенді ме, кім білсін?..


ХХ ғасыр қазақ халқының басына небір нәубет­терді ала келді. Әбілхан Қастеев те осы зауалдардың зардаптарын аз тартқан жоқ. 1928 жылы қазақ жеріне басшы болып келген Голощекиннің жасаған «Кіші Қазан» науқаны қазақтың ауқат­тыларына жүргізген жаппай тәркілеу (конфискация) саясатының соңы 1931-1933 жылдарғы ашаршылыққа әкеліп соқты. Малынан айырылған қазақ халқы қынадай қырылып, босып кет­ті… Осындай ауыр нәубет­тің алдында Әбілханды Халық ағарту комиссариаты 1929 жылы Алматыға алдырып, жер ауып келген суретші Н.Г.Хлудовтың студиясынан бейнелеу өнерінің әліп-биін тануына мүмкіндік жасайды. Кеңес үкіметінің негізгі мақсаты қаналған қара халыққа қамқор болғандығы Әбілхан секілді кедей таптан шыққан талантқа оң әсерін тигізді. 1934 жылы Алматыда халық талант­тарының тұңғыш слетінде өнердің барлық түрінен байқау өткен-ді. Сол байқауда бейнелеу өнері бойынша Абайдың «Жаз» ат­ты өлеңіне және Ленин бейнесін сомдаған сурет­терімен 1-орынға ие болады. Осы слет­тен ке­йін оны Мәскеуге оқуға жібереді. Онда арнайы оқуға түсе алмаса да екі жыл бойы сурет салудың қыр-сырын біліп, музей-галереялардағы ұлы шеберлердің туындыларымен танысады. Келгеннен ке­йін ол қазақ бейнелеу өнеріндегі өз қолтаңбасын қалыптастыруға құлшына кіріскені белгілі.
Ұлы суретшінің тар жол тайғақ кешумен басталған өмір жолынан үлкен өнер жолына түсуінің сыры неде десек, өмірдің боямасыз ащы-тұщысын татқан Әбілхан аға шығармашылығында тек қана шындықты бейнелеуге, ақиқат­ты айтуға, әділет­ті көзқарасты ұстануға бекінгендігін байқаймыз. 1930 жылдары өзінің, қарындасының, С.Құсықбаевтың портрет­терін салғанда олардың портрет­тік ұқсастығына қол жеткізіп қана қоймай, тұрмыстық әл-ауқатын, өмірге деген көзқарастарын, киім үлгілеріндегі өзгешелікті аса дәлдікпен бейнелеуі құнды жәдігерлер ретінде қалып отыр. 1929 жылдары киіз үй ішін сурет­теудегі этнографиялық көріністерді аса зергерлікпен салып шығуы – баға жетпес ұлт­тық дүниелер. 1970-ші жылдарға де­й­ін киіз үй тігу үзілмей келсе де ке­йінгі жылдарда қолөнер шеберлері дамытып, музей экспонат­тарына айналдырған көшпенділер мәдениетінің үлгілерін көрген Әбілхан ағаның бәлкім бұл көшпенді халықтың қайталанбас төл өнерін болашақ ұрпақ үшін ең болмағанда қағаз, кенеп бетінде сақталып қалуын ойлағаны байқалады. Әбілхан аға академиялық білім алмаса да, дала данышпандығын бойына сіңіріп өскен тума талант екенін өз еңбектерімен дәлелдеп кет­ті.
Абайды, Шоқанды, Жамбылды, Сүйінбайды, Ғайниді, т.б. тарихи тұлғалардың портрет­тік бейнелерін жасағанда кейіпкерлерінің өзіндік ерекшеліктерін айқындап, мінез-құлықтары мен қимыл-қозғалыстарына мән беріп, терең үңілгендігін көреміз. Оларға арнаған полотноларында табиғатпен байланысын тұтас бір туындыға айналдыру шеберлігі өз алдына, көздеріндегі ой, мұң, қайғы немесе қуанышты дәл беру шеберлігі көрерменін мойындатып келеді. Ал Ана бейнесінде тағдырдың тауқыметін жеңген, болашақтан зор үміт күткен анасының ер адамға тән батылдығы мен өрлігін байқаймыз. Әбілхандай ұлын бар қиыншылықтан шамасы келгенше қанатымен қорғап, тістілер мен тырнақтылардан арашалаған, өнер жолына түсуіне тілекші болған анасының асқақ та аяулы бейнесі кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық.
1936 жылғы Қазақ АССР-і мәдениет пен өнер өкілдерінің Мәскеуде өткен тұңғыш онкүндігінде қандай керемет табысқа жеткендігі белгілі. Мәскеу жұртшылығы опера-балет, драма театрларының, ақын-жазушылардың ғажап туындыларымен танысып, Сталиннен бастап мойындап, үздік өнерпаздарды өкімет­тің ең жоғары наградаларымен марапат­таған еді. Сол айтулы топтың алдыңғы қатарында ұлы жырау Жамбыл, ақын-қайраткер Сәкен Сейфуллин, ғажап әнші Күләш Байсейітова және т.б. әдебиет пен өнер өкілдері жарқырай көрінген. Міне осындай үкімет пен халықтың зор құрметіне бөленген Ж.Жабаевтың ала көлеңкелеу киіз үйдің ішінде домбырасын қолға алып, толғаныста отырған бейнесін «Халық ақыны Жамбылдың портреті» деген туындысынан көреміз. Социализмнің алғашқы табыстарын көтеріңкі пафоста жырлауды Жәкеңнің: «Демегенді дегізген, жемегенді жегізген…», – деп өзі айтқандай, өтеуіне ордендерді өңіріне қадап, тоқсаннан асқанда атын әспет­теп, тіпті Әулие-ата қаласына (қазіргі Тараз) Жамбыл есімін бергізіп, аспанға көтерген Жәкең бұл портрет­те мұңайған, торыққан, көңілсіз бір терең ойға кеткенін аңғару қиын емес. Бәлкім осындай күйін өз көзімен көрген Әбілхан аға сол жағдайда отырғанын айнытпай бейнелеген болар. Киіз үй іші аса жарық болмаса да ақынның астына төселген алаша кілем, ту сыртындағы сандық, бүктеле жиналған көрпелер, жастықтар мұқият жазылған. Ақынның басындағы құндыз бөркі, үстіндегі шапаны аса бір ыждаhат­тылықпен бейнеленсе, әппақ сақал-мұрт­ты қоңыр өңінен ішкі толғанысын сыртқа шығаруға дайындығын байқатады. Ескі досы домбырасын кеудесіне қыса ұстап сол қолы пернелерді басса, оң қолы домбыра ішектерін қағуға соңғы әзірлік пен аялдап қалғандай. Ақынның көңілі алабұртып, түюлі қабақтары мен мұңлы көздері әлдебір ойдың ұшығына жете алмай, айналасында болып жатқан дүниелерге әлі де анық бағасын бере алмай отырғандай… Неге? Бұл сұраққа картина – портрет­тің жазылған уақытына қарасақ бәлкім жауап тапқандай боламыз. 1937 жыл. Қазақтың қаймағын, оқыған зиялылары мен іс басында жүрген қайраткерлерді, кезінде Алаш партиясында болып, ке­йіннен «халыққа қызмет етпекке» (Ахмет Байтұрсынұлы) Кеңес үкіметіне мойын ұсынған көзі ашық, көкірегі ояу қазақтарға, тіпті сонау 20-жылдардан бастап большевиктер қатарында болған Сәкен, Тұрар, Сұлтанбек, Нәзір, Ораз секілді қайраткерлерді ұстай бастаған жыл еді… Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың бастарына үйірілген қара бұлт­ты сезген қарт Жамбылда қандай көңіл-күй болсын… Қалай болғанда да портрет жасаудың алғашқы қадамдарынан-ақ Әбілхан аға сұңғылалық танытып, кейіпкерінің ішкі дүниесіне үңіле білгендігімен ерекшеленеді.


Өмірдің ауыртпашылығын көріп өскен Әбілхан аға арманындай болған суретшілік кәсіпті меңгерген соң оны суреткерлік дәрежеге көтере отырып, өз алдына мақсат қойғанға ұқсайды. Ол мақсаты – тек қана шындықты бейнелеу­ге, көзі жеткен шындыққа адалдықпен, әділдікпен баға беріп соны барынша шынайылықпен көрсетуге ұмтылу. Әбілхан Қастеевтің бүкіл шығармашылығына зерделей үңілсек суретші өмір бойы үйрену мен шеберлігін ұштап, биіктерді бағындырып отырған екен. Суретшінің ең үздік туындылары өмірінің соңғы 10-15 жылдарында жазылыпты. Бәрін тізіп айтпасақ та 1960 жылдардағы акварельдік жұмыстарындағы тау, жайлау, егістік, көктемде гүлдеген алма ағаштары, т.б. осыған дәлел. Ал майлы бояумен бейнеленген «Амангелді» топтамасын аяқтаған композициялық картиналары мен «Медеу», «Талас аңғары», Қапшағайдың бірнеше панорамалық көріністерінен жасы 70-ті алқымдап қалса да керемет шеберлік пен шынайылықты, өнеріне деген сүйіспеншілікке толы адалдықты көреміз. 1950 жылдары Мәскеу, Ленинградтан жоғары оқу орындарын бітіріп келген жастар мен соғыс жылдары Алматыны паналаған білімді суретшілердің кейде көзіне, кейде сыртынан сөз еткен сындарына қарсы келіп, дау айтып, жаға жыртыспаған. Ол өзінің өмірінің соңына де­йін асқан шеберлікпен жазылған еңбектерімен жауап беріп кеткен екен. Әбілхан аға осылай ұлылықтың үлгісін көрсете білді. Абайша айтқанда «ақырын жүріп анық басып», «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген ақын философиясының бағытын өмір бойы ұстанғандай. 1934 жылы суретшілік жолының ашылуына себі тиген Абайдың «Жаз» деген өлеңіне салған суретінен бастап ақын мұрасына шын жүрегімен құлай сеніп, адал шәкірті болды.
Әбілхан ағаның құрдасы, қадірлі досы, КСРО Халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі, Мемлекет­тік сыйлықтың лау­реаты, пейзаж жанрының асқан шебері Орал Таңсықбаевтың ерекше ықыласы бекерден болмаса керек. Орыс, Еуропа бейнелеу өнерінің шыңына шығып, заманының ең үздік суретшілерімен иық теңестірген Орал ағаның Әбілхан досына деген сыйластығы оның шығармашылық мүмкіндігіне деген өзгеше құрметінде жатса керек. Ұзақ жылдар өзбек елінің Суретшілер одағын басқарып, Кеңес Одағының аса көрнекті суретшілерімен байланыста болған Орал досы Әбілхан ағаның өзіндік қолтаңбасына, өнердегі бет-бағдарына сүйіспеншілікпен қарап отырған секілді. Содан да олардың адами, шығармашылықтағы достығы өмірлерінің соңына де­йін жалғасқан еді.
Абай философиясынан, Абай өнегесінен нәр алған Әбілхан аға бейнелеу өнерінде қазақи көзқараспен әлем суретшілері мен көрермендер назарын өзіне аударды. «Қазақстанды тану үшін бүкіл республиканы аралап шығу шарт емес. Ол үшін Әбілхан Қастеев туындыларымен танысып, зерделей үңіл­сеңіз жеткілікті…», – деп америкалық атақ­ты суретші Рокуэлл Кент бекерге ағынан жарылмаса керек. Біз бүгінде Әбілхан атаның туындыларын әлі де зерт­теп, оның қыр-сырына қаныға түсуге тиіспіз. Әбілхан ­
Қастеевтің туындылары бізді туған халқымыздан ажырамауымызды, оның байлығы мен сұлулығын көре біліп, ел мен жерімізге деген сүйіспеншілік сезімімізді жетілдіре беруіміз қажет екенін түсінеміз. Сол үшін де оның туған елі мен жеріне деген махаббатына, ұлы өнеріне бас иеміз!
Әбілхан Қастеев өзінен ке­йінгі суретшілер қауымына үлгі алатын өзіндік мектебін қалдырып кет­ті.

Еркін НҰРАЗХАН,
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекет­тік
өнер музейі Ә. Қастеев
мұрасын зерт­теу секторының жетекшісі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір