САХНА СӘНІ – ШЫНДЫҚ
Биылғы сәуір айының 15-і мен 19-ының аралығында Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының гастролі өтті.
Театр бес спектакль әкеліпті: гастрольдік сапар драматург Асылбек Ықсанның режиссер Елік Нұрсұлтан сахнаға шығарған «Қасым хан» пьесасымен ашылды. Қасым ханның замандасы, әйгілі тарихшы Мырза Хайдар Дулати жазып қалдырғандай, Қазақ хандығының айбынын асырып, бір мезгілде 300 мың әскер шығара алатындай қуатқа ие болған ұлы бабамыздың келбеті жан-жақты сомдалған спектакль көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көрші хандықтардың бәрі сәл ғана әлсіреп кеткен шағыңды аңдып, мүлт бассаң талап жеуге дайын тұрған сол бір қиын-қыстау кездерде жанын шүберекке түйіп, сәт сайын өліммен бетпе-бет келе жүріп ел болашағын, ұлт мүддесін, келер ұрпақтың қамын бір мезет есінен шығармай, іргелі де ұлағатты істерді жүзеге асырған, шын мәніндегі, халық көсемінің тұлғасын жарқырата көрсетіп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге үлес қосқан, қазақ өнеріне олжа салған кесек қойылым.
Бір кезде бүкіл қазақ жастары басына жастанып жүріп оқыған Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романының режиссер Гүлназ Қамысбаева жасаған сахналық нұсқасы да жас ұрпақ өкілдерінің көзайымына айналып, көңілінен шықты. Меңтай мен Ерболдың нәзік сезімге құрылған мөп-мөлдір, саф таза махаббаты, бір-біріне деген риясыз көңілі мен аппақ пейілі сахна тіліне сәтті көшірілген. Ұлттық мінезімізге тән қасиеттер – жігіттің нәзік жыныс өкіліне аялай да қамқорлықпен қарауы, қазақ қызының ибалылығы мен әдептілігі бұл күндері Батыс мәдениетінің ықпалына бой алдырып, ата-баба жолынан адасып бара жатқан жастарымызға игі әсерін тигізері сөзсіз. Спектакль көрермен көңіліне жылы сезім ұялатып, шуағын шашқан қойылым болды.
Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» пьесасы да сәтті сахналанған. Режиссер Мұқанғали Томановтың біршама ізденгені байқалады. «Кемелденген социализм» тұсында «Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы» деген жалған ұранмен миымыз қалай уланғанын ұмытқан жоқпыз, кей кездері соның салқыны әлі де жүректі қарып өтеді. Қандай «лаборатория» ол? Мыңдаған жылдар бойы қойын құрттап, айранын ұрттап жайына жатқан халқымыз мекендеп келген киелі даламыз кенеттен жүз бірдеңе ұлт өкілдерінің «екінші отаны» болып шыға келгені қалай? Кім шақырды оларды? Шақырмаса, неге келді?
Өз еркімен келмепті олар. Көнгендерін вагонға малша тиеп, көнбегендерін атып тастап, жол бойы ас-су берместен аман қалсаң, жаның олжа деп зорлықпен әкеліпті мұнда. Бір емес, бірнеше халықты. Бәрі дерлік – мұсылмандар. Көбі – түркі халықтары. Солардың бірі – месхет түріктері. Сүйген жары Акбарды қызыл жендеттер көз алдында атып өлтірген Ясмин сұлу қорқыныш пен құсадан жынданып кете жаздайды. НКВД қанішерлері өлді деп жолшыбай лақтырып кеткен Ясмин құрсағындағы сәбиін ойлады ма, бәлкім, ол анасын ойлаған шығар, әйтеуір, тірі болып шығады. Теміржол бойындағы ауылда тұратын ана мен бала жазықсыз айдалып бара жатқан бейбақтардың пойыздан лақтырылған заттарын жинап жүріп кірпігі қимылдап жатқан Ясминді тауып алады, үйлеріне алып келеді. Әйел аман қалады, айы-күні жеткенде босанып, өмірге ұл әкеледі. Біртіндеп сол үйдің бір адамы болып кетеді. Кейін тауып алған анасы қайтыс болып, енді өзі екі баланың анасы болып шығады. Екі ұл есейіп, ержетеді. Бірі – жауапты қызметте, екіншісі – шетелде жұмыс істеп жатыр. Қартайған аналарын Түркияға, бір кездегі Отанына апармақ болады, бірақ ол бас тартады.
– Менің Отаным – осы! – дейді ол, – өлсем, сүйегімді анамның қасына
қойыңдар.
Іс жүзінде өліп-тірілген әйелдің бұл сөзі риясыз айтылғанына шәк келтіре алмайсыз. Бейтаныс қазақ әйелін анам деп танып, қазақ даласын Отаным деп тұрған Ясминге осы сөзді айтқызған қандай күш? Өз Отанына барудан неге бас тартты ол? Себеп біреу Ясмин бұл жерден өз анасынан артық ана тапты, өз Отанынан да ыстық Отан тапты. Міне, сізге халқымыздың кімді де болса құшағына сыйғызар көл-көсір кеңдігі мен ұшан-теңіз пейілінің нәтижесі! Ешкімді жатсынбадық біз, сол оқиғадан отыз жылдай уақыт бұрын майданның қара жұмысына жігіт бермейміз деп көтеріліске шыққанда патша әскері бір қырып, азамат соғысы кезінде ақтың әскері де, қызылдың әскері де аяуды білмеген («ақтар келді, атыма мінді, ағарғанымды төкті; қызылдар келді, қызыма мінді, қызыл қанымды төкті» деген шарасыздыққа толы сөз сол кезде айтылған), жиырма бірінші жылы аштықпен қырып, 28 – 29-жылдарда кәмпескелеп, 32 – 33-те аштықпен екінші рет қырып, 37-жылы хат танитын, бас көтерер ер-азаматты түгел сыпырып әкетіп, атқанын атып, соттағанын соттап, тұтас халықтың тағдырын ту-талақай қылған жендеттер қаншама табанға салып таптадық десе де қайран халқымыз ананың сүтімен бойына тарап, сүйегіне сіңген асыл қасиеттерінен арыла қоймапты. Өзі қан жұтып отырса да өзгелердің қайғысын бөлісіп, қасіретін бірге көтеріпті.
Пьеса авторы Мәлік Отарбаевтан бұл тақырыпты қалай таңдағанын сұрағанбыз.
– Мен Жамбыл облысында туып-өскенмін, – деді ол, – біздің жақта Месхет түріктері көп болатын, бала кезімізде бірге ойнадық, мектепте бірге оқыдық, біртіндеп тілдерін үйреніп алдым, әдет-ғұрыптарына қанықтым. Халықтар достығы дегеннің не екенін бала кезімнен-ақ көзіммен көріп, көңіліме тоқи бердім. Есейе келе кеңестік қуғын-сүргіннің тарихымен танысып, тұтас халықтардың тағдыры осыншама ауыр болғанына күйзелдім, өзі тарығып отырса да елінен қуылып келген бейбақтарды құшақ жая қарсы алып, бауырына басқан халқымыздың кеңпейілдігіне, адамгершілігіне тәнті болдым. Кейін өзім де Түркияға барып жұмыс істедім, бірер жыл сол жақта тұрдым. Бір халықтың екінші халыққа көзқарасы, ықыласы, қиналғанда қол ұшын беріп, қысылғанда демеп жіберуге дайын тұратын пейіліне онда да куә болдым. Осының бәрі толғандырмай қоймайды екен. Біртіндеп жазуға отырдым. Бұл туынды осылай өмірге келді.
Гастрольдің төртінші күні талантты ақын Әлия Дәулетбаеваның қаламынан шыққан «Толқындар жағада өледі» деп аталатын спектакль көрермен назарына ұсынылды.
Авторлар да ешкімді кінәламайды, ешкімді жазғырмайды. Олар бұл күндері күллі адамзат қауымы тап болып отырған проблемаларды, адамдардың өмірге тым жеңіл қарауының салдарын ғана көрсетеді. Көзі барлар көрсін, басы барлар ойлансын, жүрегі барлар сезінсін!.. Көр, адам баласы! Ойлан, сезін! Адамсың ғой сен, ересексің, үлкен адамсың, балалардың ата-анасының бірісің…
Сахнадағы экранда әлемдік саясатқа бағыт беріп отырған тұлғалардың бейнесі көрсетілген толып жатқан теледидар жыпылдап тұр, бәрі жапырлап сөйлеп жатыр, ешкім ешкімді тыңдамайды, тыңдағысы да келмейді.
Ал жоғарыда, бәрінің үстінен қарап әлемнің тұтқасын ұстаған билеушілер отыр. Олар да бірін-бірі тыңдамайды, естімейді. Балалар жүгіріп соларға келеді, олар ешкімді көрмейді, естімейді, естігісі де келмейді.
Қазіргі әлемнің сиқы – осы. Суреткердің қолынан бұдан басқа не келеді, олар тек проблеманы көре алады, соны өзгелерге көрсете алады, бірақ сол келеңсіздіктердің шешімі олардың қолында емес. Сонда кімнің қолында? Кім білген… Бәлкім, сіздің қолыңызда шығар. Қазір болмаса да ертең, күндердің бір күні әлемнің тізгінін сіз ұстарсыз…
Бізге ең ұнағаны осы қойылым. Пьесаның авторы да, қоюшы-режиссері Жанат Телтаев та, сахна дизайнері Бақытгүл Әділғалиева да, графикалық дизайнер Элдар Нұрланұлы да көп ізденіп, көп еңбектеніпті. Нақты өмірде болған оқиғаның бір сәттік қана суретін бейнежазбадан теңіздің жағасында жатқан, үздік-создық жеткен толқынның сілемі тербеткен жас сәбидің өлі денесін көргендегі әсерден туған ғажайып туынды! Пьеса осылай жазылса керек, спектакль осылай қойылса керек, сахналық көріністер осылай безендірілсе керек! Өте сәтті шыққан, нағыз заманауи қойылым. Тақырыбы да, жазылуы да, қойылуы да бүгінгі, бәлкім, ертеңгі талаптардың үдесінен шыға білген сахналық шығарма. Заманауи техника мен компьютерлік графиканың мүмкіндіктері біліктілікпен қолданылған, өнердің көріністік түрлерінің гибриді дерлік соны дүние. Бірақ астын сызып көрсетемін, бұл – гибрид емес! Тап-таза сахналық қойылым, соңғы технологиялық жетістіктер бұл жерде қосалқы қызмет атқарып тұр. Олар негізгі ойды тереңдете түсіп, мейлінше аша түсуге қызмет ететін, сөйтіп, көрерменнің шығарманы түсінуін оңайлата түсетін көмекші құралдар ғана. Біздің пайымдауымызша, өз ойымызша, дүниежүзілік театр байқауларына, өнер бәйгелеріне еш күмәнсіз қосуға лайықты шынайы да жауһар туынды! Үш баланың рөліндегі актерлер де тамаша ойнайды. Әсіресе Айшаның рөліндегі Шәкизада Күзембайдың ойынына сүйсінесің, бірер сәттен кейін-ақ сахнада ересек актриса емес, Мұқағалиша айтқанда, «бұл өмірден хабарсыз жаңа туған» жас сәбидің өзі жүгіріп жүргендей әсерде боласың.
Арда ақын, арқалы әнші, сыршыл сазгер марқұм Табылды Досымовтың тұлғасына арнап жазылған «Қыр баласы» деп аталатын спектакль гастрольдің соңғы нүктесін қойды. Авторы – жас драматург Әлішер Рахат. Өз басым Табылды марқұммен жақсы таныс болғанмын, ол менен алты жас кіші, жас айырмашылығымызға байланысты жақын дос болып кетпесек те Алматыда бірге жүрдік, әндерінде айтылатын талай-талай думандарда бірге болдық. Турасын айтайын, осы гастрольдік қойылымдардың арасындағы ең сәтсіз шыққаны осы спектакль. Әсіресе оның алғашқы жартысы, студенттік шақ пен ауылға кеткен кезін қамтитын бөлігінің жасандылығы көзге ұрып тұр. Өйткені автордың концепциясы дұрыс емес. «Көш жүре түзеледі», жас авторға табыс тілеп, келесі шығармалары сәтті болсын деп тілек білдіреміз.
Табылды – ең алдымен, ақын. Сосын композитор. Ең соңынан бард. Белгілі бір тұлға туралы жазғанда әуелі оның кім екенін көрсету керек қой. Мұнда оның басты қырлары көрсетілмеген. Ашылмаған емес, көрсетілмеген, ондай әрекет жасалмаған да сияқты. Ең болмаса, бір өлеңінің, бір әнінің тарихы, қалай туғаны, оқырман мен тыңдарманға әсері туралы ештеңе айтылмайды. Авторға іздену керек еді. Бірге оқыған жігіттердің атын атап шығумен ол туралы шындық ашыла қалмайды. Тағы бір ескерту – Табылдының әніндегі «Тұманбайлар кетер ме еді жыр жазбай» деген жол дұрыс емес, ол «Талай ақын кетер еді жыр жазбай» болатын. Адамның атын атау бұл жерде оны қорлағанмен бірдей. Табылды өресі биік адам еді, ондай озбырлыққа бармайды ол.
Пьесаның екінші бөлігіндегі актер Мырзабек Мақұлов ойнаған тұсы шындыққа азды-көпті сәйкес деуге болады. Мұнда Табылдының күрескерлігі, адымын аштырмай аяқтан шалумен болған «қамқоршыларына» қасқая қарсы тұрып, олардың атағы мен мансабынан да, байлығы мен билігінен де тайсалмағаны біршама шынайы көрсетілген. Мырзабектің ойынына көңіліміз толды.
Тағы бір сәтті шыққан образ – Табылдының арманы, ішкі келбеті, шынайы «мені». Тек оған түгелдей ақ кигізген дұрыс болар ма еді…
Осы кемшіліктеріне қарамастан, спектакль аншлагпен өтті. Мұның басты себебі Табылдының тұлғасына деген құрмет, көрерменнің арманда кеткен ақынды шын көңілімен аңсауы, өзін көре алмаған жастарымыздың ең болмаса, сахналық бейнесімен жүздесейік деген ықыласы болса керек.
Театрдың басшылары мен қосшыларына, шығармашылық және техникалық қызметкерлеріне түгел ризашылық білдіріп, алғыс айтамыз. Ұжымның жұмысы жолға қойылғаны, көрерменнің сұранысы қандай екенін аңдауға тырысатыны байқалып тұр, сонымен қатар жаңашылдыққа ұмтылатынына қуандық. Театрдың директоры Сағынтай Көпжасаровқа, көркемдік жетекшісі Темірбек Мұқтаровқа, бас режиссері Жанат Телтаевқа, актерлік құрамға шығармашылық табыс тілей отырып, алдағы уақытта да сәтті қойылымдар күтетінімізді айтпақпыз.
Гастроль аяқталды, театр труппасы көрші облысқа аттанып кетті. Алматы көрермені Атырау өнерпаздарының ойынына риза болып, сәт сапар тілеп қала берді. Біздің де тілегіміз сол: сапарларың сәтті болып, жортқанда жолдарың болсын, жолдастарың Қызыр болсын, Махамбет
театрының ұжымы! Үздік қойылымдарыңмен, ізгі өнерлеріңмен жалпы жұртшылықты, көрермен көпшілікті қуанта беріңдер!
Нұрлан ҚАМИ,
жазушы