АҚЫН «ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОР» АТАНДЫ
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Ләйлідей ыстықсың, Мәжнүндей құмартсам…» атты поэзиялық кеш өтті. Жастар арасында поэзияны насихаттау, махаббат тақырыбындағы әдеби мұраларды дәріптеу, студенттердің шығармашылық қабілетін шыңдау және көркемсөз өнеріне қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған
шараға арнайы қонақ ретінде ақын, ғалым, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маржан Ершу қатысты. Жиында ақынның шығармашылығы кеңінен таныстырылып, махаббат тақырыбындағы жырлары оқылды. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, Маржан Аманқосқызының сөзіне жазылған «Жапырақ жүрек» әнін Мәдениет саласының үздігі Венера Машкалиева орындады. Әдеби-сазды кеш барысында ақын Маржан Ершуге университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Сондай-ақ Атырау Жастар театры әртістерінің қатысуымен «Без қыз туралы хикая» қойылымы сахналанды. Көрерменге ұсынылған қойылым махаббаттың мәні мен адам өміріндегі орнын көркем түрде жеткізді.
Студенттер де өз шығармаларын оқып, поэзияға деген қызығушылықтарын көрсетті.
Кеш соңында ақынмен сұхбат ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан поэзия және шығармашылық тақырыпта сұрақтар қойылды. Маржан Ершудің сөзіне жазылған Атырау қаласының гимні «Атырау – Арман» әні шырқалып, жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі.
Милена КЕМАЛОВА