Ақын Айыртау ауданының Құрметті азаматы атанды
21.08.2024
173
0

Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау аудандық мәслихатының шешімімен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Есенгелді Сүйіновке «Айыртау ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Айыртау ауданының әкімі Ерболат Мұратұлы ақынның мойнына көгілдір лентаны тағып, омырауына медаль қадап, куәлік пен алқызыл гүл шоғын тапсырды. Салтанатты рәсімге аудан әкімдігінің қызметкерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты. 
– Есенгелді Сүйінов елімізге айтулы ақын, жазушы, қаламы жүйрік журналист, қоғам қайраткері ретінде белгілі. Сыршыл өлеңдері адам жанын толғандырып,  ізгілікке, жарқын болашаққа жетелейді. «Көк бие­нің көз жасы» әңгімесі – шебер тілмен жазылған туынды. Сондағы оқиға оқырмандарды туған жерді аялап, сүюге тәрбиелейді. Есенгелді ағамыз осы Айыртау ауданының тумасы ретінде туған жерін үнемі өз шығармашылығына арқау етіп, жырлап келеді. Біз халқымызға танымал жазушыны мақтан етіп, құрметтейміз, – деді аудан әкімі Ерболат Мұратұлы құттықтау сөзінде. Ақын Есенгелді Сүйіновтің өзі:
– Айыртау ауданы – Ақан сері, Үкілі Ыбырай бастаған сал-серілер дүниеге келген, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов өскен киелі мекен. Бұдан басқа да атақты, даңқты адамдар осы жерден шыққан. Мен осындай аруақ қонып, нар шөккен өңірде туғаныма, ата-бабаларымыздың игі істерін жалғастырып, солардың жұрнағы болып жүргеніме шүкіршілік деймін. Халқымызға қызмет етіп, елдің сенімінен шығу – мен үшін абырой.  Мені сыйлап, қадірлеп, осы құрметті атақты берген жерлестеріме. аудандық мәслихат депутаттарына, Айыртау ауданының әкімі Ерболат Бекшеновке алғыс айтамын, – дей келе, жиын соңында «Айыртау» атты жаңа өлеңін оқып берді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір