АҚЫНДАР «ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ» АТАНДЫ

Маңғыстаулық бір топ ақын, атап айтқанда, Сабыр Адай, Оңайгүл Тұржанова, Светқали Нұржановтар «Маңғыстау облысының құрметті азаматы» атағын иеленіп, оқырман қауымның көзайымына айналды.
–Марапат иелерінің әрқайсысы өңірге, елге танымал тұлғалар. Тіпті есімі шет елдерге белгілі жерлестеріміз де бар. Сондықтан барлығы құрметке лайық деп санаймыз.
Бұл азаматтардың барлығы өңіріміздің өркендеуіне, дамуына елеулі үлес қосқан, еселі еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілген алдыңғы буын өкілдері. Бұл кісілердің өмір жолы, еткен еңбегі кейінгі буын үшін үлгі-өнеге болып қалатынына кәміл сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы.
Шынында да Сабыр Адай – барша қазақтың құрметіне бөленген ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Оңайгүл Тұржанова – Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Телерадио және PR» кафедрасының доценті. Оның поэзиясының тереңдігі мен тылсымдылығын адамзаттың абызы Әбіш Кекілбайдың өзі тілге тиек еткен.
Ал белгілі ақын, «Отан» орденінің иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржанов алты Алашқа танымал тұлға.
Ақтау қаласының ең көркем де, көрікті салтанат сарайында түбектің төл перзенттері төрге шығып, ақынын әкімі ұлықтаған шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Сағындық Рзахметов,
Маңғыстау облысы