ҚОС ОБЛЫСТЫҢ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ
Қызылорда мен Шымкент қалаларының қаламгерлері өзара жүздесу өткізді.
Шымкент қаласынан арнайы сапарлап шыққан бір топ ақын- жазушыларды жергілікті қаламгерлер Қызылорда қаласындағы Әбілда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының алдында салтанатты түрде қарсы алды.

Қонақтар әуелі кітапхана жұмысымен танысты. Оқу залдарын, қор сақтау бөлімін көріп, басқа да бөлмелерімен танысты. Мұнан соң көрермендер залында «Кітап және қаламгер» атты кездесу кеші өтті. Оны Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы Қаршыға Есімсейітова ашып, жүргізіп отырды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Сапар Көзейбаев қонақтарға ақжолтай сапар тілеп, жаңа бастамамен құттықтап, облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттарын табыс етті.
Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Момбек Әбдіәкімұлы қонақжайлық
пейіл танытып отырған қызылордалықтарға алғыс айтып, шымкенттік қаламгерлерді таныстырды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаттары Захардин Қыстаубаев пен Сабырбек Олжабай бағалы бастаманың баянды болуын тілей келіп, өз шығармаларымен таныстырды. Шымкенттік қаламгерлер Есенкүл Көшербаева, Бақтыкүл Ауданова, Эльмира Сәрсенбайқызы, Арайлым Саттарова, Ермек Бәкиев облыстық кітапханаға кітаптарын сыйлады.
Кездесу барысында қызылордалық қаламгерлер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері Сайлаубай Жұбатырұлы, Қатира Жәленова, тағы басқалар шығармашылық байланысты дамыта түсу жолындағы ойларын ортаға салды.
Түс қайта шымкенттіктер Қызылорда қаласының көрікті жерлері мен тарихи орындарын аралады. Шығармашылық үйінде, өлкетану музейінде, театрда болып, айрықша әсерге бөленді.
С.ДӘНІҚҰЛҰЛЫ