Маңғыстауда түркі әлемінің жас қаламгерлері бас қосты
15.07.2025
771
6

 «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында түркі жас қаламгерлерінің халықаралық фестивалі өт­ті.

Жиынды Ақтау қаласының әкімдігі, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырды. 
Фестивальдің басты мақсаты — түркітілдес мемлекет­тердің жас әдебиет өкілдері арасында шығармашылық байланысты нығайту, қазіргі заманғы әдебиет­тегі жаңа есімдерді таныту, жас қаламгерлердің көркемдік ойлау көкжиегін кеңейтіп, олардың туындыларын халықаралық кеңістікке шығару. Фестиваль қонақтары әуелі «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жазушының рухына тәжім ет­ті. Одан соң Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, өлке тарихына қатысты жәдігерлермен танысты. 
Шара Қ.Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханада өткен әдеби форуммен жалғасты. Жиын тізгінін Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов ұстады. 
– Фестивальдің басты мақсаты – түркі жас қаламгерлерінің шығармашылық ынтымақтастығын дамыту және ортақ рухани құндылықтарды насихат­тау. Сондай-ақ «Проза», «Поэзия», «Драма» жанрлары бойынша өткізілген байқауға аталған елдерден 59 талапкер өтінім беріп, қазылар алқасы олардың арасынан 12 жүйрікті анықтады. Фестиваль аясындағы шығармашылық байқау жабық түрде өткізілді. Байқау қорытындысына өздеріңіз куә боласыздар, – деді Мереке Құлкенов.
Форумды Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов құт­тықтау сөзімен ашты. Бұдан кейін баяндамаларға кезек беріліп, ақын, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан «Көркем әдебиет және түркі әлемі», ақын Шерхан Талап «Түркі елдері әдебиетінің байланысын нығайту және жастар әдебиетін қолдау», жазушы Ырысбек Дәбей «Қазіргі түркі әдебиетіндегі аударма мәселелері», ақын Асылан Қуанышұлы «Заманауи түркі халықтары поэзиясы және Цзян Жуңның «Бөрі Тотемі» кітабы», ақын, Yessenov University аға оқытушысы Бақтыбай Жайлау «Әбіш Кекілбайұлының түркі дүниесіне қызметі» тақырыбында сөз қозғады. 
«Бұл жиын күнара көрсе де, ертесіне бірін-бірі сағынып бастайтын бауырлардың қауышуымен де қымбат. Тұран бірлестігі, түркі әлемінің тұтастығы деген мәселе маған қайта ұмтылыс болып көрінеді. Әлемді байланыстырып тұратын Құдайдың нұрынан бөлінген рух деген алтын жіп бар. Сол жіпті үзіп алмай жалғап тұрған – әдебиет, оның ішінде адамзатқа құндылықтар сыйлаған түркі әдебиеті. Түркістандағы көк күмбездің астында мәңгі тірі жатқан Әзірет Сұлтаннан басталатын сопылық поэзияның өзі адамзат рухын қанша биікке көтергенін көзі ашық кез келген адам біледі. Соның ізі қазақ әдебиетінде, Орталық Азия әдебиетінде үзіліп қалып еді, қайтадан қазір сол тінге жалғана бастадық. Раиса Қадір қарындасым басқаратын баспадан (Steppe&World баспасы) шыққан Элиф Шапақтың шығармалары сол алтын жіптің жалғасындай болып көрінеді. Бұл мұра қазақ әдебиетіне табысталып жатқан сияқты», – дейді ақын Светқали Нұржан. 
Фестиваль аясында әдебиетшілер байқауы ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Түрікменстан мемлекет­терінен 20–40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысуға мүмкіндік алды. «Проза», «Поэзия», «Драма» жанрлары бойынша өткізілген байқауға аталған елдерден 59 талапкер өтінім беріп, қазылар алқасы олардың арасынан 12 жүйрікті анықтады. 


Қазылар құрамында жазушы, драматург, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, жазушы, республикалық «Простор» журналы проза бөлімінің меңгерушісі Татьяна Баканова, ақын, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан, ақын, аудармашы, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер болды. 
Фестиваль аясында үш номинация бойынша үздіктер анықталды:

Поэзия:
• Шерхан Талап (Астана) – I орын
• Мирас Асан (Астана) – II орын
• Олжас Қасым (Абай облысы) – III орын
• Дүйсенәлі Әлімақын (Астана) – арнайы диплом

Проза:
• Нұрбек Нұржанұлы (Меркі) – I орын
• Қанат Алтынбеков (Алматы) – II орын
• Жавлон Жовлиев (Өзбекстан) – III орын
• Ғалымнұр Кәдірбай (Астана) – арнайы диплом

Драматургия:
• Мұрат Қолқанат (Алматы) – I орын
• Есентүгіл Асылзат (Астана) – II орын
• Шавкат Дўстмуҳаммад (Өзбекстан) – III орын
• Довлетмурат Караев (Түрікменстан) – арнайы диплом

Форум соңында фестиваль жүлдегерлері марапат­талып, оларға ұйымдастырушылар атынан алғыс хат­тар, дипломдар мен қаржылай сыйақы табысталды.
Сондай-ақ фестивальге ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының бас үйлестірушісі Мұрат Кахраман (Түркия), ТҮРКСОЙ Бас хатшысының көмекшісі Сабырбек Бөрүбаев (Қырғызстан), ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі Әлия Дәулетбаева, ақын, жазушы, «Steppe&World publishing» баспасының бас редакторы Ырысбек Дәбей, ақын, мемлекет­тік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин, ақын, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері Ербол Алшынбай, ақын, «Steppe&World publishing» баспасының редакторы Асылан Қуанышұлы қатысты.
Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері мұндай фестиваль өңірде алғаш рет өткізілгенін айт­ты. «Ақтау – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында мәдени шараларды өткізу жалғасатынын жеткізді.

ПІКІРЛЕР6
Аноним 15.07.2025 | 23:51

Дәм болсын! Жыл басынан басталған Кітап шығару ісі, жаңа әдебиеттер шығару, әдеби байқаулар өтізу тәртібі бәрі аяқсыз, бақылаудан тыс қалды. Министрша өзі уәде еткен нәрселерден қашып жүр. Руханият саласына түбегейлі өзгерістер, реформалар керек Мұндай уақытша шаралармен алысқа ұзай алмасымыз анық

Аноним 17.07.2025 | 14:36

Әлемжеліден дауыс беретін кезде «Кітап іріктеу-2025 т» алап тастаған ба, осының өзі көзбояушылық болмасын

Аноним 18.07.2025 | 19:27

Жазушылар одағының жаңа «Еңбек адамы-2025 әдеби байқауының ережесі неге ашық жарияланбай жатыр Түсініксіз Айтады да бір жеріне тығып қояды

Аноним 19.07.2025 | 04:46

Оқыдым. Маған ұнамады. Қаламақы төленбейді дегені дұрыс емес. Тіпті әділетсіздік деуге болады. Жазушылардың мүддесін қорғайды деп жүргенде мұнысы несі! сонда өз кітабымның қаламақысын өзіме «жүлде,сыйлық» етіп сыйлай ма. Ал демеушілердің жүлдеге бөлген қаражаты қайда кетеді, қалтаға баса ма, түсінбейсің.

Аноним 19.07.2025 | 07:44

Несіне қиналасыз. Бұлардың жұмысшы туралы түсінігі жоққа жақын. Жоғарғы білімді инженерді жер қазып, көше сыпырып жүрген жұмысшыға теңеген соң не сорым.

Аноним 21.07.2025 | 23:41

жемел жемелович

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір