Сатириктер бас қосты
27.02.2024
845
0

21 қаңтар күні Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасында көптен күткен Сатира кеңесінің жиыны өтті. Саусақпен санарлықтай сатириктер біраздан бері балапан – басымен, тұрымтай тұсымен болып, әркім өзінің қоңыр тіршілігін кешіп жатқан. Сүйікті жанрын тастамай, азды-көпті оқырманын күлдіруден шаршамай, қаламын қолдан тастамай жүрген сықақшыларымыз Сатира кеңесінің жұмысы жандана бастағанын естіп, кәдімгідей мәз болысып қалды.
Сатирада қордаланған мәселе көп. Сатира кеңесінің төрағасы Ермахан Шайхы күн тәртібіне солардың ең өзекті дегендерін тізіп шықты. Жиынға қатысушылардың көмегімен кеңес мүшелерін қайта сайлап алған соң, сатираға қатысты мәселелер айтылды. Солардың ең маңыздысы – Қазақ сатирасының антологиясын қайта басып шығару. Бұған дейін 2011 жылы сықақшы Қазыхан Әшенің құрастыруымен жинақ шыққан болатын. 2023 жылы семейлік Аймұханбет Бейсембековтің жинақтауымен тағы бір антологияның алғашқы томы оқырманға жол тарт­ты. Алдағы уақытта тағы екі томы шықпақ. Бірақ сатириктердің бірін де қалдырмай, бәрінің басын құрайтын толыққанды жинаққа әлі қол жеткізе алмай келе жатқанымыз рас. Жиналыста осы мәселе бүге-шігесіне дейін талқыланды. Айтыс-тартыс та болды.
Жиналысқа қатысқан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып өз төрелігін айтып, әдеби процесті бақылап отыру барысында Қазақ сатирасының антологиясы Қазақстан Жазушылар одағының атынан шығуға тиіс екенін ескертіп өтті.
Сатира кеңесінің төрағасы Ермахан Шайхының пікірінше, антологияға нағыз сатира деп мойындалған, халық сүйсініп оқитын шығармалар енуі керек. Бұл ретте сатириктің Жазушылар одағы мүшелігіне өткен-өтпегені маңызды емес. Ал сатириктер Еркін Жаппас пен Қазыхан Әше бұл пікірге қарсы. Бұл кісілердің айтуынша, мүшелікке өтпеген сықақшы нағыз сықақшы емес. Не керек, тартыс біразға созылып, қатысушылар «тасада қалып, таныла алмай жүрген сықақшыны халық білуі керек, халыққа нағыз сатира жетуге тиіс» деген тоқтамға келді.
Сатира жанрында жазатындар қатары тым сирек. Олардың біразы өңірлерде тұрады. Сондай шетте тып-тыныш қана «өз күнін өзі көріп» жүрген жазушыларымыздың еңбегін ескеретін уақыт келді. Олардың кітаптарын мемлекеттік тапсырыспен шығару, ынталандыру, халыққа танымал болғандарын Жазушылар одағының мүшелігіне өткізу мәселесі, сатира кеңесінің жұмысын жақсарту мәселелері де жан-жақты сөз болды.
Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып соңғы жылдары Сатира кеңесі жұмысының баяулап қалғанын, бас қосу жиындары азайып кеткенін тілге тиек ете отырып: «Кеңестің жұмысын жандандыру керек, тек қана мақтаумен шектелмей, сыни пікірлер де айтылуға тиіс. Басқарма қолынан келгенше көмектеседі», — деп, қолдауға дайын екенін білдірді.
Жиында күн тәртібіндегі мәселелер рет-ретімен көтерілді.
Сатира кеңесінің төрағасы, орынбасары мен хатшысы, кеңес мүшелері қайта нақтыланды. Кеңес төрағасы Ермахан Шайхы төраға міндетін ары қарай да жалғастыра беретін болып, мүшелер тарапынан бір ауыздан келісілді.
Жазушылар одағының мүшелігіне әлі қабылданбаған сықақшылар Сатира кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен іріктелетін болды.
Жиналыстан соң Қазақстанның басқа аймақтарында тұратын бірнеше сықақшымен сөйлесіп, олардан осы мәселелер төңірегінде бір-екі ауыз пікірін сұрадық.
– Сатириктерге қолдау, насихат жетіспейді, – дейді ақтөбелік сатирик
Нұрлыбек Жұбатхан.
— Мен — жазушы-сатирикпін. Кітаптарымызды шығару үшін үнемі демеуші іздеп, қиналып жүргеніміз – шындық. Демеушімен шыққан соң кітаптың таралымы жарытымсыз, ары кетсе, 1000 данамен шығады. Ол бір ауданның халқына да жетпейді. Кітап дұрыс таралмаған соң айтқан сынымыз да ешкімге жетпей жатады. Сондықтан өзімізді «сатирикпін» деп айтуға да ұяламыз. Мен жазғанымды өзімнің «Екі езу» театрында ойнатып, өзімді насихаттаймын. Ал басқа сықақшыларға қиын. Сықақшылар әр өңірде баршылық. Бірақ бір-бірімізді танымаймыз. Кезінде Көпен Әмірбек те – өзі театр ашып, өңірлерге шығып, «Көпен келе жатыр» деп өзін-өзі жарнамалап, өзін-өзі сүйреген кісі. Сондықтан Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан сықақшы-жазушыларға қолдау керек-ақ.
Оңтүстіктен сықақшы Мұхтар Шерім:
– Елімізде ақындар мүшәйрасы сияқты сатирик ақындардың да сатира мүшәйрасын республика көлемінде өткізуге әбден болар еді. Сосын мемлекеттік тапсырысқа іліккен сатириктердің кітабы туралы естімеппін. Демеуші іздеп, сандалып жүргендер — сатириктер. Жақында «Ұрының қатыны» атты сатиралық роман жазып бітірдім. Енді осы кітабымды қалай шығарсам екен деген уайымда жүрмін. Қазақстан Жазушылар одағы, Сатира кеңесі үздік деп танылған сатиралық шығармалардың мемлекеттік тапсырыспен жарық көруіне мұрындық болса екен деген өтінішім бар. Тағы бір мәселе – облыс, қалаларда тұратын сатириктердің әдеби кештері Алматы мен Астанада ұйымдастырылса. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенттерімен кездесу, Алматының кітапханаларында кітаптың таныстырылымдары өткізіліп тұрса, біз үшін сол керемет қолдау болар еді. Сатириктер бір өңірдің ғана сатириктері емес қой. Ал Алматы сатириктері өңірлерде кездесулер өткізсе. Оған біз шапқылап барып, қуаныштарына ортақтасып жатсақ, оның несі айып? Сатириктердің мерейтойларын өткізуге Қазақстан Жазушылар одағы, Сатира кеңесі өзек болуы керек, — деп ойын жеткізді.
Сықақшыларымыздың пікірі осылай.
Алдағы уақытта Сатира кеңесінің жиынына тікелей эфир арқылы өңірдегі сықақшылардың бәрін қатыстырып, үлкен жиналыс өткізу жоспарланып отыр. Алыс демей, онлайн қоян-қолтық араласып, бар-жоғымызды түгендеп отырсақ, соның өзі сықақшыларымызға үлкен демеу болары сөзсіз.

Үміт Зұлхарова,
сатирик

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір