Жазушылар Президент Жолдауына үн қосты
10.09.2024
337
0

4 қыркүйекте Қазақстан Жазушылар одағында Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының кеңейтілген мәжілісі өтті. Алқалы жиында бас қосқан қаламгерлер ҚР Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын талдап, өз үндерін қосты.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы кіріспе сөзімен ашып, жүргізіп отырды. «Қадірлі ағайын! Әріптестер! Осыдан екі күн бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деген тақырыпта үлкен Жолдау жолдады. Тақырып өте күрделі және ел Президенті Қазақстанға, соның ішінде, қазақ халқына өте керекті нәрселерді тоғыз бөлімге бөліп айтты, – деген Мереке Құлкенов Жолдаудың тоғыз тарауына жеке-жеке тоқталып, әр тұжырымның маңыздылығын айшықтап берді. – Ең бастысы, соңғы түйінде қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігі баса қозғалды. Заң мен тәртіп бүкіл қазаққа ортақ болуы қажет қой, шынында, бірақ көп адам заңға немкетті қарайды. Олигарх, алпауыт дегендердің заңның не екенімен шаруасы жоқ. Өз заңдары өздерінде. Заң тек қарапайым халыққа ғана керек сияқты болып кетеді кейде. Осы мәселенің бәрі жан-жақты тарқатылып, жақсы айтылды. Өздеріңіз де тыңдадыңыздар, оқыдыңыздар.
Енді біздің, қазақ жазушыларының, Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің міндеті – мемлекеттің игі шараларына қашан да қолдау көрсетіп отыру. Қоғамдағы кез келген ахуалға сергектік таныту. Сондықтан сіздердің бүгін келіп, айтулы шараға атсалысып отырғандарыңызға көп-көп рақмет! Хатшыларымыз, кеңес мүшелері, басшылар, сонымен бірге ең белсенді жазушыларымыз келіп отыр. Әңгімені ары қарай жалғастырайық, – деп ойын сабақтаған Одақ төрағасы жазушыларға сөз тізгінін кезекпен ұсынды.
Мәжіліс отырысына төраға орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибек, Бейбіт Сарыбай және өзге де белгілі ақын-жазушылар Ұлықпан Сыдықов, Сұлтанәлі Балғабаев, Әлия Бөпежанова, Қуандық Түменбай, Қансейіт Әбдезұлы, Бигелді Ғабдуллин, Нұрдәулет Ақыш, Қазыхан Әше, Жанар Әбдешова, Әділғазы Қайырбеков, Алмас Ахметбек, Әрмиябек Сағындықұлы, Дүйсен Мағлұмов, Патигүл Мақсатова, Авут Масимов, Фархат Тамендаров, Бақытбек Бәміш, Ерлан Жүніс, Ораз Қауғабай, Тұрсынбек Токин, Шаяхмет Алжанбай, Майра Сүлейменова, қатысып, Жолдау хақындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Келісетін тұстарын нығарлап, Президент көтерген өзекті проблемалардың шешілетініне сенім білдірді. Халықтың әлеуметтік жағдайы, банк жүйелерінің дұрыс жұмыс істеуі, салық саясаты, әскердегі әлімжеттік, АЭС-тің халықтық референдумға салынатыны, тағы басқа Мемлекет басшысы назар аударған басты түйткілдерге, алда іске асатын оңтайлы бастамаларға көзқарасын білдірген қаламгерлер ауыл шаруашылығын дамыту, шаруаларға қолдау көрсету, мал ұрлығына тоқтау болар тетіктер жайында да келелі кеңес құрды.
Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының кеңейтілген мәжілісіндегі қаламгерлер пікірін газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір