Түбі бір түркілер бас қосты
26.04.2024
387
0

Апта басында Алматы қаласында Қазақстандағы Саха (Якутия) республикасының күндері аясында Якутия халықтарының музыкасы, фольклоры, әдебиеті мен өнерін таныстыратын бірқатар мәдени іс-шаралар өткізілген еді.

Солардың қатарында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында  «Якут-Қазақ әдеби байланысын нығайту» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел отырысы болып өтті.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы Саха елінен келген қонақтарды басқосуға жиналған зиялы қауым өкілдеріне таныстырып, Астанада бастау алып, Алматыда жалғасын тапқан мәдениет күндерінің мәні мен мағынасына тоқталып өтті.
– Былтыр Астанаға Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаев келіп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескені белгілі. Осы кездесу барысында қазақ-якут мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту жөнінде шешімдер қабылданған болатын. Осы уағдаластық аясында, міне, Астана мен Алматыда Якутия күндері өтіп жатыр, – деді өз сөзінде Нұржан Қуантайұлы.
2022 жылы саха поэзиясының антологиясы қазақша жарық көрді. Якутия халық жазушысы Николай Лугиновтың «Шыңғыс ханның әмірі» тарихи романы 2022 жылы Астанада қазақ тілінде шықты. Соңғы жылдары қазақ ақындары Ұлықбек Есдәулет, Саят Қамшыгер, Алмат Исаділ якут ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударып, екі ел арасындағы байланысты нығайта түсуде.
Алқалы жиында Саха (Якут) Республикасы басшысының орынбасары Анатолий Семенов, Мәдениет министрі Афанасий Ноев, Якутия жазушылар одағының төрағасы Гаврил Андросов пен оның орынбасары, Якутияның Халық ақыны Наталья Харлампьева, Халық жазушысы Николай Лугинов, ақын Зинаида Архипова, прозашы әрі аудармашы Данийл Макеевтер сөз алып, екі ел арасындағы туыстық түбір мен мәдени-әдеби байланыстар жайлы, қаламгерлер арасындағы ежелгі достық хақында, ақын-жазушылардың шығармаларын екі тілге аудару, оларды насихаттау турасында өз ойларын ортаға салды.
Жиынның аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Якутия Жазушылар Одағының арасында бірлесіп жұмыс істеу туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бұл маңызды құжатқа Қазақстан жағынан одақ төрағасының орынбасары Нұржан Қуантайұлы қатысса, қонақтар тарапынан Якутия Жазушылар одағының төрағасы Гаврил Андросов қол қойды.
Сол сияқты, жиын барысында якут жазушыларының қазақтың ақын әрі әнші қызы, саха халқының үлкен досы Тұрсынай Оразбаева жайлы естеліктері топтастырылған «Незабывенная Турсунай» кітабының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің саха тіліне аударылған «Таас Балбаал Ырыата» өлеңдер жинағының, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқардың «Саха-Якутия. Ақ қар мен көк мұздар еліне саяхат» шығармасының, Якутияның Халық ақыны Наталья Харлампьеваның қазақ тіліне аударылған «Саханың сандал садағы» және жазушы Сәуле Досжанның саха тіліне аударылған «Ауылдан шыққан миллионер» романдарының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Қуат ҚАЙРАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір