Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ. СОҚТА ЗАМАН (Повестен үзінді)
02.06.2026
36
0

«Жұт жеті ағайынды» деген рас сөз. Елді аяусыз ашаршылық құтқармас, арандай екі жылдың ішінде елді қырып бара жатқаны аздай, жазы – қуаң, қысы – аязды еді. Жаз айларында құтырынған құйынын ілестіріп, бет күйдірер ыстық желі соғатын. Ал қысы өші қалғандай тіршілік атаулыны бүрістірген ақ түтек боранды болған еді.
Серкебай да ел аман, жұрт тынышта өткен екі жыл бұрын көктем шыға ұсақ бала-шағасы барын, жайлау, қыстау деп көшіп-қонуға жағдайларының келе бермейтінін колхоз төрағасы Ешболатқа арнайы барып, арызданып қой бағудан құтылған. Егіншіліктің сушылығынан, пішен шабудың орақшылығынан жалыққан, қол еңбегін қолайсыздау көретіндер малшылықты қолай көретін. Төраға қой бағуға кім барғысы келетінін білгенде тілекшілер тым көп болған екен. Сөйтіп, Серкебай қойдан босап, егін суратын сушы болып, орталыққа қоныс аударады. Айтары не, бір жыл егінші болып, бұл шаруаны да ойдағыдай меңгеріп, «жақсы егінші» атала бергендегі екінші жаз қиындау соққан. Көп малды байлар тәргіге ұшырап, орташалар азды-көпті малдарын ортақ мойынсерікке өткізген. Серкебайдың бала-шағасына ағарғанын азық қып отырған жалғыз сиыры мен төрт-бес ұсағы ортаққа өтіп кеткен. Осы бір уақытты тосып тұрғандай екінші жазда мысықтабандап, аштық та кіре бастаған. Астықтан қор жинамаған, көкөніс дегенмен айналысып көрмеген, қаладағы ағайынның картоп деген дүние­ні азық қып жеп отырғанын көргендер «Апыр-ай, қаладағылардың жемейтіндері жоқ екен», тіпті балық дегенді аулайтындардың бар екенін естігенде: «Бұл жұрт судың құрты балық дейтін пәлені де жейтін көрінеді. Сірә, заманақыр болатын шығар» деп анау тоқшылық заманда кергитін ауыл адамдары сол картоп дегенді қайдан тауып, «судың құртын» қалай аулайтындарын білмей тұйыққа тірелген. Шынында да мысықтабандап кірген ашаршылық екінші жазда-ақ біліне бастаған. Аптап ыстықтан арпа-бидай да жылдағыдай жайқалмай, дәндері еркін толыспай, мандытып өспей қалған. Аз да болса астығы орылып болысымен қаптарға салып, аудан орталығындағы астық қабылдау пунктіне апарып өткізетін. Астық тиеген екі-үш өгіз арбаны кей-кейде бірер милиционер басқарып, ауылдың екі-үш азаматы күзетпен жеткізеді. Ашыға бастаған ауылдың бала-шағаларына арық жағасы сияқты егістіктің шет-шетінде орақ тимей қалған арпа-бидайдың масағын да тергізбей, шолақ белсенділер жиып-теріп, үкіметтің тойым­сыз кең өңешіне апарып құя беретін. «Тырнадан басшы қойсаң, төбеңнен қиқу кетпейді» деген заманның өзі болған еді. Колхоздың сан-салалы жұмыстарына жегілген кісілердің өзіне өлместің күніндей ғып қана екі-үш кесе бидай беріп, алдандырған болады. Балалы-шағалы деген отбасылары алдымен ісіп-кеуіп, ашаршылық дертіне ұшырай бастады. Қара шайға сеуіп қана қорек етпек болған бірнеше түйір бидай асқазанды қайдан, қалай алдандыра алсын? Аз ғана азығын жұмыстан қалмау үшін өзі жесе, балалары аш қалады, балаларына берсе, өзі аш қалады. Ашығып жұмыстан қалса, тиесілі екі-үш кесе арпа-бидайынан да қағылады. Сүмесін ішіп, жан бағамыз деген бірер мөңірегені мен бес-алты маңыраған меншік малды да «ортақтан бағылады» деп, мойынсерік сыпырып алды. Қара шаруа: «Зомбылықпен көркейсең, қарғыспен күйрерсің» деп, Жаратқаннан есені қайтаруды ғана тілейді. Ақ, адал малдарынан айырылып қалу қаупін сезген қайсыбіреу бірлі-жарым тайынша-торпақтарын, қой-ешкілерін сойып алғандар белсенділердің, әр ауылда бірден-екіден пайда болған «тайный» деп аталатын үкімет тыңшыларының қаһарына ұшырап, «итжеккенге» айдалғандары да болды.
Елге елеусіз кірген ашаршылық санаулы ғана түтіні бар Жарсу ауылының шетіндегі шағын қорымға күн сайын дерлік үлкен-кіші қабір топырақтары томпая бастады. Жұртшылық жаз шыға тау сарымсағын, жуаны теріп, қайың сауып, өлместің қамын жасап, ілдалдап күн көрсе, күз суығы түсе қоректік ештеңе таба алмай қиналған. Жұрттың біразы тамақ іздеп, ел кезіп кеткен. Өздері қиналып отырған аш-арықтар кімге көмектесе алғандай.


Отбасын, бала-шағасын асырайды деген әр үйдің ер азаматтары жоқ азықты жонып таба алар ма? Қай-қайсысы болсын, ортақтың өнімсіз, болымсыз жұмы­сына екі-үш кесе арпа-бидай үшін жегіліп кетті.
Бәтилә ұл мен қызын бір-бір қасық қуырылған бидайға кішкене кәстрөліне бір уыс арпаға су құйып қайнатып, балаларына «көже» деп берген. Өзі де аштықтан қанша қиналса да, ендігі қалған көзінің ағы мен қарасындай қыз бен ұлы үшін ажал атты зұлматтың жағасына жармасып шыдап-ақ келеді. Бір отбасының ұлы қорғаны, жебеушісі болады дейтін отағасы Серкебайдың да не бар екені, не жоқ екені белгісіз болып кеткеніне ғасырға бергісіз үш-төрт айдың жүзі болыпты.
Оны қайтыс болып кеткен бір қойшының орнына қыс ызғары түсе бастағанда-ақ ала жөнелген. Айта­тындары, иесіз, иен қалған ортақтың бір отар қо­йын қойшы тауып, соған тапсырғанша баға тұруы керек екен. Әзірге малды Зейнеп деген жесір әйел баласымен бағып отыр. Малшы табылған соң, бұл үйіне қайтады, ал малшы табылмаса отбасын қыстауға көшіріп береді. Қалиәкім есімді ферма меңгерушісімін деген қоңқақ мұрын, арық қара уәдесін үйіп-төгіп, отағасын ала жөнеліп еді. Содан бері меңгерушінің де қарасы батып, Серкебайы да жер түбіне кеткендей ұшты-күйлі жоғалды. Амалы таусылған соң колхоз төрағасы Ешболаттың кеңсесіне екі-үш дүркін барды. Азық сұрап кеңсе жағалағандар да баршылық екен. Төраға барған сайын алақанын жайып: «Маған неғыл дейсің? Тілдерін көлденең тістеп тұрған сиырларға соноу Ертістен шөп тасып жүрген айналдырған екі өгіз шананың бірін саған берсем, қоғамның малы не болады? Шыда, айналайын. Бір қайыры болар», – деп шығарып салатын.
Балалардың әкесі сөйтіп амалсыздан бір отар қойдың соңынан орталықтан шалғайдағы қыстауда қалды. «Бала-шағамның қасында болып, не көрсем де солармен бірге болайын» деу қайда?! «Бұйрық қатты, жан тәтті», бұйрықтан бас тартсаң күні кешегі бір сайдың суын ішіп, бір жердің топырағын басып жүрген ағайыннан шыққан белсенділер өзі жақсы атануы жолында сені «контра» деп көрсетіп жіберуі әбден мүмкін еді. Содан да жаратылысынан момын отағасы бәрін де бір Алланың пәрменіне тапсырып, жіпсіз байланып, жүре беріпті.
Сол жылдың қарашасынан бастап, қыс қаһарына мінген. Заманың бір қысса, табиғатың екінші жағынан қыспағына алған. «Пендем, бұл сынағыма шыдағандарың қалып, шыдамағандарыңды мәңгілік мекендеріңе оралтармын» дегендей мейірімді Жаратушының өзі де пенделерінен теріс айналғандай.
Ана шіркін перзенттерінің тіршілігі үшін өз жанын құрбан етуге бар ғой. Бұл сұмдықты көріп, төзімін тоздырғанша, өле қалғысы-ақ келеді. Азапты тіршілікті кешкенше ол әлдеқайда оңай шешім болар еді. Бірақ қалған бір ұл мен бір қыздың өмірлері үшін бұлардан сырт айналғысы келген жарық дүние – сұм жалғанның жалына жабысып, айрылғың келмейді-ақ.
Бір күні төркінінен ала келген қара шабаданды ашып отырып, ұзатыларда анасы сыйлаған алтын сақина, білезікке көзі түсті. Екеуі де асыл тастармен безендіріліпті. Көздің жауын алатын бұл бұйымдарды сән түзеп, бір күн тақпағаны есіне түсті. Ілгері басқан аяғын кері тартар кер заманға тап келген қызығы аз, қиындығы мен қайғы-қасіреті басым, өтті-кетті жастық шағына, әлде сол кер заманның өзіне өкпе артқандай, күрсініп қойып, анасының ескерткіштерінің бірін білегіне, бірін саусағына кигізіп біраз отырды. «Сорлы шеше бұл заттарды көзімдей көріп, тағып жүрсін» деп сыйлады-ау. «Осынау жылтырақ қу дүниелердің мынау тар заманда құны қалып па еді? Бабалары «Арпа-бидай – ас екен, алтын-күміс – тас екен» деп қалай тауып айтқан! Бұл бұйымдардың орнында қос уыс дән болар ма еді…» деген ойдың келуі мұң екен, отырған орнынан атып тұрған. Өз ойы бойына тың қуат құйғандай болды.
– Қызым, – деді төрт жастан асып, ес жинап қалған Мәликеге, – анау бауырыңды жылатпай, жылы оранып отырыңдар. Мен талғажау болар бірдеңе іздеп келейін. Бәлкім, бүгін келе алмай қалсам, қорықпаңдар, жарай ма?!
– Жарайды, – деді әбден жүдеп, қара торы өңі қуқыл тартқан Мәлике. Әлі құрып, аштықтан қозғалуға да шамасы жоқ жас қыз тағдырына мойынсұнғандай үнсіз қалып, көзін жұмды.
Бар үміті орамалға түйіп, қойнына тығып алған сақина мен білезікте. «Ертіс жағалаған жұрт балық аулап, күн көреді екен. Олар қысы-жазы ашығу дегенді білмей өмір сүреді екен» деген сөз есіне түскен бетте, қос құлынына аз да болса талғажау болар азықтың табыларына сенімі қанат болып, ұшыра жөнелердей.
Бәтилә анасы тарту еткен байлықтарын қол орамалға түйіп, оны бір құлаштан ұзындау матаға орап, көйлегінің ішінен тас қып байлап алды. Жұрттың алды аштан өліп жатса да, алтын сияқты алдамшы жылтыраққа көз құрты түсер жандардан сақтанған түрі. «А, Құдайым, жолымды оңғара көр. Әзірге аман қалған қос құлынымның жандары үшін қолыма азық болар бірдеңе іліктіре көр. Бүкіл әлемнің әміршісі, сенен ғана жәрдем тілеймін. Өзімді алсаң да, қос құлыныма өмір сыйлай гөр, Раббым» деп жолға шығып бара жатып, тағы сыйынды. Күні ертең Серкебайының жаны ұяда болса, бір келер-ау. Келгенде, «Арғынбай мен Қажыгелдім қайда?» десе не демекпін?» деп ойлаған. Ол екі бірдей тетелес туған ұлдарынан айырылғаны өзінің емес, уақыттың, замана зұлматының кінәсі екенін қалай айтар…
Бас-аяғына жаяу кісі ентікпей жететін шағын ғана Жарсу ауылының біраз үйінен өлік шыға берген соң, олардың бетін жасыратын көрді қазып, жерлейтін екі-үш кісіні басқа жұмыстан босатып, арнайы бөлген екен. Жалғыз өгіз жегілген шанаға қос бірдей ұлын, екеуі мұны да қинамай, өздері де қиналмай екі-үш тәулік үнсіз жатып, бір-ақ күнде қол ұстасып бейішке аттанған. Бәтилә қабіршілерге ілесіп барып, қос перзентінің моласына топырақты көз жасымен араластырып салған соң, тағдырына егескендей, бұдан былай көзіне жас алмауға бекінген…
Әбден ашыққаннан әлсіреп қалған қызы «бар-барма» деген сөзді айтуға да шамасы келмей, басын изеп қана «өзіңіз біліңіз» дегеннің ишарасын жасады. Ал ұл болса, осынау қу дүниеден баз кешкендей ұйқылы-ояу күйде анасының бетіне қараған. Кішкене қазанға аз ғана су құйып, бір уыс шикі бидайды ерте тұрып, қайнатып қойған. Бөртіп піскен «бидай көже» деуге келмейтін ашыққан адамға ас болар сұйық қайнатпаны екеуіне ішкізіп еді, іштеріне ел қонғандай сезінген соң, көрпелеріне оранып, ұйықтап кетті. Жарты кесеге жетер-жетпес өз үлесін ішкен соң, шолақ тонын киіп, қалың түбіт шәлісін оранған. Балалары суыққа тоңып қалмасын деп, пешке қараған, шеңгелді ертелетіп жағып қойғаны көңіліне медеу. «Сендерді қинай бермейінші» дегендей аспан шайдай ашылып, аудан орталығы, қаланың желкесіндегі тоқал жоталардың төбесінен алау атып, Күн де шығып келеді екен. «Жаратқан ием, қос құлы­нымның өмірі үшін сапарымды оңғара көр» деп ол жолға шықты.
Ол заманда ауылды жерде машина, трактор атау­лының өзі түгілі, исі де жоқ. Сондықтан олар таптап тастайтын тақтақ жол деген болмайды. Кей-кейде өзен жақтағы шабындықтарға жинап қоятын маялардан шөп таситын өгіз шаналардың ізі жатса, соған да тәубе дейсің. Калинин атындағы колхоз болып құрылғанына үш-төрт жылға таяу уақыт өтсе де, шаруалары шатқаяқтап, ілгері баса алмай жүрген шаруашылықтың орталығы Кеңөткел ауылы да тым-тырыс, тіпті әншейінде «қайдан жүрген жансың?» дегендей абалап, алдыңды кес-кестейтін ауыл иттері де қырылып қалғандай тым-тырыс. Бейсауат жүрген адамдар да көрінбейді.
Аш өзекке талғажау болар ештеңе бере алмайтын адамдардың: «Қайдан келесің?», «Қайда барасың?» дей­тін бос әңгімемен айналдыратындарын білгендіктен, ешкімнің жолықпағанына да қуанғаны рас. Ауылдың сыртына тақай бергенде қос өгіз жегілген шанамен біреу соңынан келе жатыр екен. Тосқауылдап тұр еді, шана үстіндегі кісі мұны таныса керек, жерге түсіп, оған жақындай берді. Атын атап, жанына келгенде заманның былайша бүлінбей тұрған кезінде екеуі бір Тарбағатай жақтың, ол аз болса бұрымбет дейтін бір тайпаның тумалары болса да, етжақын болып, араласып кетпегенмен, аман-сәлемдері түзу, Бәтиләнің отағасынан шамалы ғана жасы кіші Мұқатай дейтін кісі еді.
– Айналайын, жеңгей-ай, жаяу-жалпы қайда бара жатырсың? Сені де ел кездірген мына қу заман-ай! – деді ол Секеңе деген құрметін білдіру үшін Бәтиләні «апай» демей, осылай атайтын әдетімен.
– Иә, Мұқажан, ағаңды колхозың біраз бұрын қыстау­ға қой бағуға тауға жіберген. Ол жазғанның өлі-тірісінен хабар жоқ. Шиеттей балаларға талғажау болар балық бола ма деп, өзен жағалағандарға бара жатыр­мын, – деп еді, ол Ертіске таяу Жайдақтың жазығындағы маядан шөп алуға бара жатқанын айтып, шанаға отырғызып алды. Қыстың қарға адым қысқа күні батпай тұрып, діттеген жеріне жетіп алу үшін күртік-күртік қардан мандытып жүре алмай, екі ауылдың арасындағы қозыкөш жолдың өзі оны шаршатып тастапты. Қос өгіздің аяңы мандымсыз болғанмен, әйтеуір ілгері жылжып келе жатты. Шаршағаны ма, әлде түнімен алыс жолдың азабын ойлап, шала ұйқы болғаннан ба, кір­піктері айқасып, маужырай бастады.
– Жеңгей, – дейді Мұқатай. – Ертістен бүгін қайтамын деп әуре болма. Иен далада түнге қалсаң, ит-құс бар дегендей…
– Екі бірдей балам аш жатыр ғой…
– Өзің «жаман айтпай жақсы жоқ», оқыс жағдайға ұшырасаң, екі балаңды мына сұм заманда кім құтқарар дейсің?! «Мына заман қай заман – соқта заман! Еңіретпей еліңді, тоқта заман!» деп әкей марқұм бір көне әуенді айтып, сұңқылдап отырушы еді. Нағыз «соқта заман» енді келгендей. Бұл сұмдықты Алладан көреміз бе, адамнан көреміз бе? Аңдап болар емес… Біздің де жағдай белгілі ғой. Жолға деп алып шыққан мынау қос уыс арпаны саған берейін. Шаршасам да, әлсіресем де елге жеткізер көлігім бар ғой, – деп шүберекке түйіп, қойнына тығып алған жол азығын ұсынды. Қиын кезең, қасіретті уақытта, адам мен адам бір-біріне қарайласып, жақсылық жасағанды қойып, қолыңдағыны тартып әкетердей кісілердің бір-бірін қас­қырша талап жатқан уақытта жай ғана көз көрген Мұқатайдың ерлікке бергісіз мына әрекетінен кейін ол жылап жіберген.
– Айналайын, бауырым-ау, өзіңнің аз нәпақаңды қалай алармын? Пейі­ліңнен айналдым, аз ғана қорегіңді ала алмаймын, – деді Бәтилә. Не керек, ұзақ тәжікелесіп, қуырған арпаны екеуі тең бөліп алды. Асқазаны түскір қаншалықты «әкел-әкел» деп тіленгенімен, «Жалғыз дән көз көрім жерге жеткізеді» деуші еді әкеміз деп, ол арпаның үш-төрт түйірін ұзақ талмады. «Қайтадан үйге аман-сау жеткендей болсам, екеуіне…» деген ой миына әбден орнығып алды. Жарсудың Бықай дейтін сөзге ұста, білімді, оған қайнаға болып келетін бір ағаның: «Адамның ақыл-ойын, ерік-жігерін басқарып, билейтін үш мүшесі болады. Оларды адамның үш миы десе болар. Олар: бастағы ми, іштегі асқазан, кеудедегі жүрек. Ең қызығы қатты қиналса, асқазан миды да, жүректі де бағындыра алады» деген сөзі есіне түскен. Алайда қос перзенті үшін миы мен жүрегі әзірге асқазанынан жеңілген жоқ.
Мұқатай Жайдаққа жеткен соң оның Ертістен бүгін қайтуды ойлауының қажетсіздігін қайта-қайта ескертті.
– Сені қорқыту үшін айтып тұрғаным жоқ. Түнде жолға шықпауың үшін айтамын. Осы маңда адасып кеткен бір әйелді қасқырлардың жеп кеткенін өзің де естіген боларсың, – деді.
Ол екі өгізін шу-шулеп, жол шетінде тұрған маяға қарай бұрды. Біраз жолды шанаға мініп еңсерген соң, жап-жақсы тыңайып қалыпты. Оның үстіне талмаған бес-алты түйір арпа, әлде Мұқатайдың жанашырлық лебізі қанаттандырды ма, бірде ши-шеңгелдің, бірде қалың қамыстың ортасын қақ жарып өтетін сүрлеу жолға түсіп, аяғын жебей басып келеді.
Бір кезде Ертіс өзенінің жағасына біткен қалың тоғайға тақай берген кезде жолдың шетінде жатқан адамды көріп, жанына жақындаған. Жолдан шаршаған біреу дем алып жатқан болар деп ойлаған. Басына жастаған қаптың аузынан қызыл батсайы матамен тысталған көрпенің шеті көрінеді.
Бәтилә оның жанына жақындай берді де, ашық қалған көзін көріп, селк ете қалды.
– Оу, кімсің, бұл жерде неғып жатырсың? – деп дауыстағанда, жатқан кісіден тіршілік белгісі білінбеді. Ол шегініп, жолын жалғастырды да, «Сен де балаларың үшін қорек іздеп келген сорлы болармысың?» деп ойлады. Бірақ соңғы кездері өлімді жиі көрген соң ба, көп тебірене қоймаған. Тек «Осындай өліміңнен сақта, Жаратқан! Иманды бол, жарықтық!» деп бетін сыйпады. «Шіркін-ай, ит-құсқа жем қылмай, жер қойнына тапсыратын бір мұсылман баласы болар ма екен?» Ол өз ойынан өзі шошып кеткен, «егер осы әйел сияқты өзі де…» деген ой кимелегенде, әйтеуір өлімнің хақ боларын мойындағанмен, өзінің де ит-құсқа жем болуы мүмкін екенінен қорықққан жоқ, ұл-қызы соңғы қамқоршысынан айырылса, қиналып өлетіндерін ойлап зәресі ұшқан.
Бір әйел бес-алты жасар баласымен бір жаққа кетіп бара жатқанда қарды бұрқыратып, бір топ қасқырдың келе жатқанын көріп, баласын ағаштың бұтағына мінгізіп, өзі қасқырларға жем болыпты дейтін де сұмдық әңгімені естіген. Ұрпағы үшін ана шіркін қандай ерлік болса да барады ғой. Баласының есінен адасса да, тірі қалғанын естіген. Бірақ одан арғы тағдырынан хабары жоқ.
Түс ауа өзен жағалаған бірді-екілі үйлердің шеті де көрінген. «А, Құдай, қос перзентім үшін жолымды оңғара көр» деп шеткі тұрған жертөле сияқты жатағандау үйдің есігін ашты. Қос көзді шағын терезе жер табанынан екі-үш қарыс жоғарырақтан сығалайды. Өте денелі адамның сияр-сыймасы екіталай, кішкентай ағаш есік те тым аласа. Есік пен терезе ғана емес, тым тәпелтек үйдің қабырғаларының дені қазылған жерден көтеріліпті.
Үйдің іші ыстықтан қайнап тұр екен. Өзен бойының қалың тоғайы осы маңның тұрғындарын отыннан тарықтырмайтыны көрініп тұр еді.
– Сәлеметсіздер ме? – деуге ғана шамасы әрең келіп, босағаға сұлап түсті. Талықсып бара жатып, тілі бір-ақ сөзді айтуға әрең келді – Су!
Бірақ төрде отырған ер адам мен шай құйып отырған әйел және төрт-бес жас шамасындағы қыз баланың отырғандарын көрген.
– Құдай-ай, қаңғырған қайыршылардың қайсысын тойындырамыз? Жаңа саған есікті іліп қой демеп пе едім! – Бұл келіншектің жанын жаралап, жүрегіне оқ болып қадалған «қайыршы» деген сөзді айтқан екі беті шұғынықтай қып-қызыл әйелдің сөзі еді.
– Болды-ей, қатын! «Басына түспей баспақшы болмайдының» сөзін айтпай отыр. Қызым, ана кісіге су ішкізіп, есін жиғызшы. Алыстан келе жатса керек. Бұл төрде отырған ер кісінің сөзі еді.
Кішкентай қыз әкелген бір тостақ суды ішкен соң, бұлыңғыр тартқан айнала айқындала бастаған кезде өңменіне оқтай қадалған жалғыз сөзден ақталайын деді ме, «Құрбым, мен қайыршы емеспін. Анамнан қалған мына заттарды балыққа айырбастайын деп едім» деп, қойнындағы алтын бұйымды орауымен жерге тастай берді. Әйел орнынан ұшып тұрып, орауды шешкен кезде, екі көзі жайнап кетті. Білезікті тістеп көріп: «Шын алтын сияқты» деген әлі үн-түнсіз отырған күйеуіне қарап. «Жаман алғанына, жақсы бергеніне қуанады» деген сөзді ол растады.
– Үзіліп кетпей тұрғанда, анау балық сорпасын жылытсаңшы, алтындарын сонан соң көрерсің, – деген күйеуінің сөзінен кейін, әйел орнынан ширақ көтеріліп, алтындарды бейтаныс жолаушы қайтадан алып қоятындай қойнына тыға салған.
Жалғыз бөлмелі жер үйдің кіреберіс дәлізіне шыққан әйел күйелеш-күйелеш кішкентай қазаншаны көтеріп келген. Оты сөнгенмен, қоламтасы қызарып жатқан пештің ішіне ыдысты сүңгітіп жіберіп еді, аш адам үшін дүниедегі ең тәтті ас болып сезінген балық сорпасының иісі танауын жарардай. Әбден болдырып, оның үстіне аштық әлін тауысса да, кей-кейде ми мен жүрекке бағына бермейтін асқазан дабыл қағып, кең ауыз пешке көз тіктірген.
– Байғұс-ай, әбден жұбыңа жетіпсің ғой. Етін әдейі езіп пісірген балық сорпасынан алдымен жарты кесе ғана іш. Көбірек ішем деп аш өзегіңе түсіп кетпесін, – деді үй иесі. Айтып айтпай, жарты кесе сорпаны ішкен соң, басы айналып, көзі қарауытты. Жаңа ғана «қаңғырған қайыршылар» деп дөңайбат көрсеткен әйел басына тон жастады. Бастың ауырып, көздің қарауытқаны аз болғандай, жүрегі айный бастаған. Аздап лоқсып барып, айнуы басылған соң, асқазаны «тағы әкелші» дегендей тілене бастады. Осыны сезгендей тағы жарты кесе сорпа ішкізген. Жаңағыдай емес, ес жинап, қалпына келгендей. Үй иесі де сонау Жарсудан қос перзенті үшін жанұшыра жеткен бұл сапарының сырын естісе де, таңданған жоқ. Тек аяқ жетер жерден шұбырған жұрттың өзен жағалағанмен, аулаушылар көбейген соң балығы да азайып, өздері де шықпа жаным, шықпалап әрең күнелтіп отырған жұртқа маза бермей тұрғанын айтқан.
– Замандас, балаларың үшін жанұшырып жүргеніңді біліп отырмын. Осы үйде бір-екі шортан бар еді, түске таяу Зайсаннан келген бір міскінге беріп қойып едім. Бүгін осында жатып дем ал. Алтындарың үшін емес, перзенттерің үшін қазір барып, мұз ойып, өзенге ауды да, қармақты да салып көрейін. Олжам сіздікі болсын, – деп отағасы орнынан тұрған.
– Ағатай, – деген Бәтилә үй иесінің өзімен шамалас екенін білсе де, оның жақсылық жасауды парызы санағандай іс-әрекетін сезген соң, кішірейе сөйлеуді жөн санаған. – Сізге айтсам ба, айтпасам ба деп ойланып қалып едім…
– Айта беріңіз. Барымды аямаймын дедім ғой. Балаларыңның тірі қалуына септігім тисе…
– Жоқ, ағасы. Айтайын дегенім… Өзен жағасына біткен қалың ағашқа жете бере жол шетінде бір әйелдің мәйі­ті жатыр екен. Көтерген қабының ішінде батсайы тысты көрпенің шеті көрініп жатыр. Сорлы ол да балыққа айырбастамақ болып келе жатса керек… Байғұстың көзін қарға-сауысқан шоқиды-ау деп уайымдағаным ғой, – деген ол отағасына қарап.
– Әй, қу заман-ай, адамдардың қадір-қасиетін осынша құнсыздандыратын бұл Құдайға неден жазып едік? – деген ол қорасынан қайла мен күректі әкеле жатып. Бірақ өлікті жерлеу­ге баратынын айтқан жоқ.
«Балаларына бүгін қалайда қайтуым керек» деген ойынан еріксіз бас тартуына тура келді. «Сырғам мен білезігімді өзіме бер. Балығы бар басқа үй тауып алайын» деуге ұяты жібермеді. Әбден жұбына жетіп келгенінде өздері қорек қып отырған аз тағамдарын өзіне бергізген және дәл қазір ол үшін балық аулауға шыққалы отырған отағасының пейілін тәрк етіп, кете алмады.
Ақшам жамырап, өзенді жағалай біткен қалың тал-терек қарауытып, қараңғылықпен астасып кеткен сәтте отағасы да оралған.
– Замандас, тілегің оң екен. Мінеки, ауға да ірілі-ұсақты екі-үш балық, қармағымды да үлкен бір шортан қапты, – деп балық тасығаннан сірі болған қарала қаптағы қазынаны жерге төккен. – Сөзім – сөз. Бүгінгі олжам – сенің ризығың, кішілеу шортан мен бірер табан балықпен өзіңді ертеңгілік сорпалап, аттандыра­йық. Ал әлгі жол үстінде келе жатып жан тапсырған әйелдің жүзін жасырдым. Сауабы тиер, – деді ол. – Сол байғұсты ойлап, менің де түнімен мазам кетіп еді, әйтеуір, мәйіті қарға-сауысқаннан аман екен.
– Ой, рақмет сізге. Ол міскін қайта тірілгендей қуанып қалдым ғой, – Бәтилә ризалығын жасырмаған.
– Көтеріп алған көрпесін қайттің? – Бұл осы үйдегі әйелдің сөзі еді. «Алла-ай, адамдар ақ сүйек болып өліп жатқанда мынау неткен тасжүрек жан еді» деп ойлаған Бәтилә. Үй иесі әйеліне алакөзімен ата қарап, бір-ақ ауыз сөз айтты:
– «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы». Батсайы көрпе марқұмның кебіні болды. Оған тіршіліктен бұйырғаны сол ғана екен.
Тіршілік қаншалықты қыспағына алса да, адамдардың кісілік қасиетінен айы­рылмағанын ойлап, көңілін алай-дүлей сезім баурады. Сол кезде қос бірдей алтын бұйымға өзінің ие болғанына қуанғаны жүзінен байқалып тұрған келіншек тағы да әйелдік мінез көрсетіп қалған:
– Отағасы, бір-екі балықты алып қалайық та. Ертең күніміз… – дей бергенде отағасы ала көзімен ата қарап еді, әйел жым болды. Сонда да қиналып тұрған жанның қисынын тауып, тағы бір пайда тауып қалайын десе керек.
– Құрбым, түбіт шәлің әдемі екен, – деп жіберді, өзін зорлағандай езу тартып.
– Маған қос құлынымның амандығы үшін дүние – боқ. Саған сыйладым шәлімді. Тек үйіме жеткенше басымды орайтын бірдеңе берсең болды, – деп еді әйел қуанып кетіп, басындағы әбден ескірген қалың шәлісін шешіп берді. Алайда күйеуі едірейе қарағанымен, оған ештеңе демеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір