Он үш қыздың хикаясы (романнан үзінді)
17.02.2025
538
0

Сәуір айының бастапқы күндерінде тиіп-қашып сіркіреген жаңбыр заузадағы он күн құралайда да, ақбөкен текесінің үш күн қатарынан бұт жуарында да тамбады. Тіпті көк жүзіне бұлт айналмай, аңызақ өз күшіне мінді. Ыстық жел бетке соғып, жаңа-жаңа бой көтере бастаған қоңырбас пен еркек шөптің еңсесін түсіріп, сарғайтып тастауға әрекет ет­ті. Ал көкжиекке қып-қызыл боп еңкейген күн көзі тездетіп, аңызақтан бой жасырғысы келіп еді, бірақ уақытпен санас­қан кейіп танытып, кідіріс жасады.
Сәлден ке­йін аңызақ жел тына қалып, ыссы ауа бірден бой көтерді.
–Апырай, мына ыстықтың түні де күндізгідей болайын деп тұр-ау, сірә, – деді төрт қанат­ты қоңырқай киіз үйдің сыртында күйбеңдеп жүрген мосқалдау әйел. – Баяғыда Башек аға­й осындай тым-тырыс ыстық ауада олай-былай адымдай жүріп, кенет дауысын тарғылдандырып: – Желдірет, желдірет, жалаңашты қалтырат, жарғақтыны жалтырат, тоңдыр, тоңдыр», – деуші еді, жарықтық! Ол да озды фәни дүниеден… Енді мұндай сөзді айтып, езу тартқызатын да адам жоқ.
– Әке, – деді киіз үйден бой көрсеткен сұңғақ бойлы, аққұба өңді қыз. – Мамам сиыр қысыр қалды, – деп қайта-қайта әңгімеге қосарлады ғой. Мұның түбі шынайы шындық болса, айналдырған үш үйде де шайға сүт жоқ болатын түрі бар сияқты. Биенің сүті екібастан, – дей бергенде, мамасының:
– Жалғыз сиырды жетектеп жүріп бұқа іздеудің орнына, әкең аудан орталығына барып, бір жеті өнбейтін шаруамен жүріп алды, қайта келгенде жарықтықтың күйі басылып қалыпты. Ал енді шайға сүт сұрап, кімге қол жаямыз. Сатып алған көк сүт­тен, Құдайдың өзі кешірсін, қара шайым он есе артық, – дегені сөзді бөлді.
– Әй, бәйбіше, ақырзаманды тудырмашы, бір жөні болар. – Ұзын бойлы, ақсары кісі орташа екпінмен осы бір ауыз сөзді айт­ты да қара жерге малдас құрып отыра кет­ті. Сосын, тек отырмай жанында тұрған қызына жалт қарап:
– Қарағым, түптің түбінде осы арада жалғыз үй қалармыз-ау! Өрнектің баласы ауданға жұмысқа тұрыпты. Сірә, күзге салым әке-шешесін көшіріп алатын сыңайлы. Ал Қояндының кіші қызы апта сайын келіп, кемпір-шалға тыным бермей, «Көшесіңдер, көшіріп әкетемін. Әдірам қалған бұл жерде неғып отырсыңдар, естерің дұрыс па, өздеріңнің?» – деп, қоқан-лоқы жасайтын көрінеді. Оны маған Секер айт­ты. Сонда осыдан ширек ғасырдай бұрынғы қырық бес-елу шақты үйден сопиып үшеуміз, әй, Алла, сақтай гөр, қой, бір жөні болар, «Жақсы сөз-жарым ырыс» деген, – деп, шымыр денесін жинақтаған ол орнынан шапшаң көтерілді.

* * *

Шығыс бет­тен екі салт ат­ты суыт жүріп келіп, киіз үйден жиырма-отыз қадамдай жердегі керме ағашқа астындағы ат­тарының тұмсықтарын тірей, қалт тұра-тұра қалысты да, екеуі бір мезет­те ер үстінен ырғып түсіп, жерге табандарын тигізер-тигізбестен:
– Ал сәлем бердік-ау! Біз келіп қалдық, – деді қосарлана дауыстай сөйлеп.
– Биғайша, қайдасың? Еп-едәуір жаңалығымыз бар, әндетіп айтуға келмегенмен, сыбырлап айтуға күші жетеді.
– Апырай, ә, қасқыр соқпағанмен, қанжығаларың ептеп қанданған-ау, шамасы.
– Дәл айт­тың, Асан Сәт­тіғұл баласының:
…Айдай аппақ сұлуым, тауып айт­тың,
Күйіне домбыраның салып айт­тың.
Іліп кетер сұңқардай сөзің тура,–
Қайрағандай қынжалды жанып айт­тың.
Ах-ау, сұлу болсаң, сендей бол…
– Жарайды, жарар енді, жүріңдер, анамыздың шайына, – деп, Биғайша екі құрбысын қолтықтай ке­йін шегінді. Осы кез­де:
– Оу, қыздарым, сау-сәлеметсіңдер ме? – деген үй иесінің үні ашық та жарқын шықты.
– Мәссаған, әкейге сәлем бермей,
даурығыңқырап кетіппіз ғой, жүдә, – дегенді екі қыз тағы да қосарлана айтып, тізелерін бүгіп, ишарат білдірді де, ошақ қасы, отбасында жүрген мосқалдау әйелге қарай асыға қадам басты…
Шай үстінде қызу әңгімеге кезек тимей, сөз қысқа-қысқа сұрақ-жауап түрінде ғана өрби бастап еді, Күнсұлу апай күйеуіне қарап күлімсіреді де:
– Манадан бері маған ескертсең қайтеді, есіме жаңа түсті, мына екі қызым жылқышы Құдайбергеннің қыздары екен ғой. Өй, айналайындар, әке-шешелерің аман ба, әй, Күләйім бәйге атына мінетін сен емеспісің? Баяғы шопандар тойындағы ат жарыста әкең баптаған құлақасқа алдына қара салмай озып келіп еді-ау! Ой, заман-ай, десейші, сен сонда небәрі он бір, әлде он екі жастағы бүлдіршін едің! Жұрт таңғалып дүрлігіп кеткені есімде. Ал мына отырған Сыпайы ғой, екеуіңнің араларың бір жарым жастың о жақ, бұ жағы шығар! Совет тараған соң бөлініп-бөлініп кет­тік қой, кейде сол күндерді сағынамын. Өсила екеуіңнен ке­йін құрсақ көтермей, бойдақ қатын атанды емес пе! Сөзімді көңілдеріңе алмаңдар, екеуміз түйдей құрдаспыз. Бір-бірімізбен қалжыңдаса береміз, – деп күрсіне сөйледі.
– Мамам сіздерді жиі-жиі еске алып отырады. Кейде: «Ой, шіркін, қымыз деп Өсиланың ашытқан қымызын айтсаңшы, тура зәмзәм суындай дегеннен гөрі бал қосқан өзгеше бір сусын деймін бе, әйтеуір, үш-төрт жұтқаныңда тер бұрқ ете түседі-ау» деп тамсанып-тамсанып қояды,– деп Биғайша тосыннан сөзге қосылды.
– Апай, қазір әке-шешем қымыздан айранға көшті ғой. Әкем ат­тан құлап, оң аяғын зақымдап алып, онысы асқынып кетіп, көп бейнет шекті. Құдайға шүкір, қазір жаман емес. Совет тарағанда екі үйірдей жылқымыз бар еді, қазір содан оншақты саяқ қалды. Үркер шоқысының бауырындағы ауылдан жалғыз үй қалдық. Жиырмашақты үйдің бәрі жан-жаққа көшіп кет­ті, әйтеуір жау келгендей шошынды. Содан қызық емес, шыжық болды. Сыпайы үйде, мен аудан орталығында едік, ептеп-септеп, мысықтабандап дегендей ғой, баяғы. Сыпайыға да жұмыстың реті көріне бастап еді, тосыннан… Күләйім неге екені белгісіз, кілт тоқтады.
– А, не жұмыс, қарағым, екеуіңдікі бір мамандық емес пе еді, әлгі аты-жөні не еді, е-е, есепшот екен ғой, – деп иегін көтеріп күлімсіреді. – Таза, жақсы, «Еңбек етсең-емерсің» деген. Біздің ұлды айтамын, анда барды мұрынын шүйіріп, мында барды мұрынын шүйіріп. Бір жерге қонақтай алмады ғой. Ақыры Қызылорданың кәріс қызын қолтығына қысты да, алыс жаққа жөнеп берді. Бір ауыз тиянақты сөз айта алмай жер шұқып әкесі қалды. «Жет­ті, туған жерден артық ұжымақ жоқ, ешқайда бармайсың, зәнталақ» деп айта алмады. Мені қойшы, мен анамын, тудым, бақтым, қақтым…
– Жарар, жарар, оқыды, тоқыды, енді соны пайдаға асыруы керек қой, – деп күңкілдеді үй иесі ақшыл жүзін бәйбішесіне қарай аз-кем бұрып.
– Корейстан дей ме, барған жері, әйтеуір, шулаған кәрістердің ортасына мықтап тұрып енген сияқты, қарық болса?!
– Жоқ, апай, екеуі үшеу болып қайта кет­ті, біз шығарып салдық! Телімханның шешесі баласына нашар сөздер айтып, ең соңында «Енді қараңды көрсетпе, қаңғыбас ит, сен итсің, тойған жерінде жүретін, ер болсаң, туған жеріңде жүріп, адами келбетіңді көрсетер едің» деп, онымен қоймай: «Сені бекер туған екенмін», – деді де, баласының бетіне мұздай судан шашып жіберіп еді, Телімхан күліп:
– Мама, мамандығыма сай қызмет тауып берсең, қалайын! Бес жыл босқа оқыдым ба, ол білімнің қызығын көрмеген соң. Әкем молодец, түсініп тұр, ал сіз мені үйкүшік қылғыңыз келеді. Ақшаны үйіп тауып сіздерге жіберемін ғой. Сол қаражатқа келін түсіріп, той жасайсыз, – деп арқасынан сипап еді, мамасы: «Бұт, шірік, сен қатын алғанша, мен ана дүниеге ат­танып кетермін, – деп көзін жаспен шылады. Біз аузын буған өгіздей қысылып-қымтырылып не дерімізді білмедік. – Осы әңгімені бекер қозғадым-ау, дегендей, оң алақанымен ернін басып, тамағын кенеді де, жанарын төмен түсіріп, шай-табағына қол созды.
Сары самаурын әй жоқ, шай жоқ, өзінен-өзі ыңылдай жөнелді. Шоқаяқтағы шоқта аппақ аққұманның қақпағы селкілдеп, шүмегінен бу бұрқырады. Дастарқан үстін бір сәтке үнсіздік жайлады да:
–Бәйбіше, бәріміздің шыны-аяқтарымызды қайта жазып бір құй, сақылдап тұрған самовардан, – деп үй иесі Сақтап­берген екі тізесін қозғап-қозғап қойды. Сосын, іле-шала:
– Жаңағы бір мезет­те Күләйім қызым айт­қан Асан Сәт­тіғұл баласының осыдан көп жылдар бұрын толғаған бір толғауы бар еді. Суырып салма, Құдай салмасын, ағыл-тегіл дариядай әрі әнші, әрі жыршы, әрі ақын отырған жері айт пен той еді ғой марқұмның! Тым ерте кет­ті. Айтайын дегенім, соның қолма-қол шығарған бір-екі шумағы:
… Ей, бәйбіше, көтер кәне, еңсеңді,
Самаурының теңселді.
Дастарқан мәзір қозғалып,
Тіл қатқанын көрсең-ді.
Шоқаяқтағы аққұман,
Әндет­ті ғой шат­тық ән.
Түндігі үйдің желпінді,
дегендей, «бұлтқа соқтығам».
Қаймақ қатқан қою шай,
Қымбат-ау, қазір тоқтыдан… –
деп біраз жерге сілтейді. Осы шумақтарды тегіннен-тегін еске түсіріп отырғаным жоқ. Шайыңды баяғыша құйсайшы, шынашағыңды шошайтып, – деп маңдайын сипап қойды.
– Апырай, отағасы-ай, баяғыша болғанда қай кез, сен он бес жылдай қой фермасын басқарғанда, аққұман шоқтан, самаурын от­тан түспеуші еді, ол уақытқа да шыдас бергенмін. Енді сен алпыс бес, мен алпыс жасқа маңдай тірегенде күлді-көмеш болғаным, бірінші Алладан, екінші он тоғыз жасымда қосылған күйеуімнен ұят болар, сілкіне­йін, аққұмандағы шайды жаңартайын, сары самаурыныммен сырласайын! Құдайға шүкір, бала-келін алыста болғанымен қызым қолымда, сөйтіп, өзіңді де, мына екі қызымды да таңдай қақтырып таңғалдырайын,– деп сылқ-сылқ күлді…

* * *

Содан жаңарып, жасарған дастарқан мәзірі мен түр-түсі өзгеріңкіреп қайта құйыл­ған шайдан әбден тоят­танған үш қыз төрт қанат киіз үйден терлеп-тепшіп шығып, бар болғаны жүз қадамдай жердегі қыстауға кіріп, жайғаса бере шашын тарамдаған Сыпайы ашаң жүзін құбылта:
–Айтсын-айтпасын апайдың шайы бар ғой, шай емес бал! Өзім мұндай шайды ес білгелі бірінші рет ішіп тұрмын. Шын айтамын, солай ғой, Күләйім! Сен де менен қалыспай ішкеніңді байқап отырдым. Сосын, ала қағазға оранған домалақ кәмпит­тің ащысын-ай, ауыз қуырады. Биғайша, айтшы, апай сол кәмпит­ті қайдан алды екен, а?
–Иә, иә, – деп қостады тізесін жаюлы көрпеге енді-енді тигізген Күләйім.– Менің естігенім, бұл дефицит кәмпит­тің біреуін тіліңнің астына бассаң, әрі қарныңды аштырмайды, әрі тісті тазалап сақтайтын көрінеді, – дегенді бастапқы екі сөзіне баяндауыш ет­ті.
– Қыздар, негізі шаруамызға көшейік. Айтпақшы, сенің ынтық боп қалған тәт­тінің қалай, қайдан келгенінен мүлде-мүлде хабарым жоқ солай, Сыпайым! – деп Биғайша арқасын ескі диванға тіреді.
Бөлме ішінде бір сәтке шыбын түгілі масаның ызыңы білінетін тыныштық орнады. Ашық терезенің әйнегі күңгірт тартқандай болды. Сірә, көк жүзіне бұлт айналса керек. Арс-арс еткен көрші итінің ызалы дыбысының арты ұзаққа созылмады. Кенет шелек сылдырлады, оған қосыла іле-шала :
«Тәйт, қарасан келгір, еп-ерте жетіп келгені несі? Желіні сыздап бара жатқандай. Былтыр да қысыр, биыл да қысыр. Әлгіге айтпасам, ауданға көшсек, біреуі жарайды, екі бойдақ сиырды не істейміз, жоғалып кетсе кім іздейді бұларды. Біреуін, тіпті екеуінде сатып жібер, ақша болсын! Ауылда отырып, жайымыз мынау, тіпті жұрт­тан ұят, енді. Ауданға барып, мал ұстап, қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ бола қоймаспыз. Әйтеуір «Басы аманның малы түгел» дегенге ден қоймасақ. Ие, қайран ауыл, көзден бұлбұл ұшты ғой» деген сөздер ашық терезеден анық естілді. Көрші апай Айғанымның дауысы екенін Биғайша жазбай таныды да, сәл-пәл езу тартып, қабағын керді. «Осы сөздерді ол кімге айтып тұр екен» деп таңдай қағып, бір-біріне иек қағып, бас шайқаған ешкім болмады. Тіпті Сыпайы ұшып тұрып, ашық тұрған терезенің бір жақтауын сырт еткізіп жауып қойды.
– Иә, қыздармен хабарласып мән-жайды түсіндірдің бе, «әлде ауданға көшейік, бұл не отырыс, бас жоқ, көз жоқ, жұрт сияқты өмір сүрейік» деп аға мен апайды үгіт­тедің бе, ә, сұлуым, – деп Биғайша Күләйімге қарап езу тарт­ты.
Күләйім бірден жауап берудің орнына «әй, қатырасың-ау» деп сықылықтай күлді кеп, күлкісі жұмсақ, әдемі, жанды жадыратып, бойды балқытатын, әрі мархабат­ты, әрі қымбат, әрі тұнық күлкі. Омар Хаямның:
Ей, сұлуым!
Күлкің сенің, ай нұрындай аймалап,
Жүрегімді тербет­ті.
Күлкің сенің, аспан көктен сорғалап,
Жан жүйемді селдет­ті.
Ей, сұлуым, күле берші, күле берші,
тоқтамай,
Күле берсең, нең кет­ті…
Осы өлең шумағына Күләйімнің күлкісі дәл келетін сияқты ма, қалай! Әйтеуір, күлкі шуағына қыздырынған екі қыз, маржандай тістерін болар-болмас көрсетіп, қып-қызыл ернін сәл-пәл ашық күйінде қалдырып, қос жанарын қарсыдағы қызға қадапты.
– Оу, – деді Биғайша, – мына күлкің бос белбеулеу бозбаланың есін аударып, дуалап тастайды ғой, мұны қайдан үйреніп жүрсің, а? Ой, шайтан-ай, тіпті қыз басыммен мен елтіп қалдым, нанасың ба осыған…
– Бұрын мұндай күлкісі жоқ сияқты еді, осы жақын арада пайда болды, қасында жүрген өзім де түсіне алмай аң-таңмын, –деді Сыпайы ақырын ғана сөйлеп.
– Мен еркін, Тәуелсіз, алып ел жаңа Қазақ­станның қызымын ғой, сондықтан жүріс-тұрысым да, еткен еңбегім де, тіпті күлген күлкім де тәуелсіз болуы шарт, тырқылдаған ескі күлкімен сахна төрінен көріне алмаймыз, солай, қос сұлуым, – деген Күләйім кірпігін жоғары-төмен қимылдатып, мойылдай қара көзін ойнақшытып, кеудесіндегі қос анарын дірілдетіп жіберді де, тамсанып-тамсанып қойды.
Бөлме ішінде пайда болған иіссудың ба, әлде иісмайдың ба, әйтеуір, танауды қытықтайтын жағымды иіс ауамен араласып, тұншығып тұрған ескілеу ауаны серпілтіп, сезімдендіріп жібергендей болды да, үш бикеш бір-бірін жаңа ғана көргендей, аңтарыла қарасты. Сәлден ке­йін сөзді тағы да Биғайша бастады:
– Күлдік, көңілімізді көтердік, бәрі дұрыс. Енді қолға аламыз, өзің айт­қандай, еркіндікті пайдаланып жаңа тұрпат­та бірдеме істейміз деп құлшынып едік, әзірге үшеуміз, айтшы, Күлекем, осынымыздан бірдеңе шыға ма, әлде бос сөз бе, а?
– Аудан орталығындағы құрбылардан төртеуі белсеніп шығуға әзір. Олар: Таңсұлу,Мақпал, Инеш, Қайша, төртеуінің мамандығы төрт түрлі, бірақ… – Күләйім кідірістеп, күмілжігендей сыңай білдірді.
– Не, бірақ еңсеңді көтеріңкіреп сөйлесейші, – деді Биғайша үнін шығарыңқырап.
– Салмақ жоқ, тек өздері дәнекерсіз сөз. Екеуі жұмыссыз, екеуінікі мардымсыз жалақы.
– Мамандықтары: Мақпал медсестра ғой, ана үшеуін білмеймін.
– Таңсұлу – есепші, Инеш компьютердің маманы, Қайша – құрылысшы, оның ішінде, сылақшы, ал менің жақын құрбым Төлтай – жүргізуші. Машина, трактор, комбайн – оған бәрібір бесаспап, тап сондай оның құрбысы бар, есімі – Сарғыш. Ол біздің өтінішімізге құлақ аса ма, аспай ма, білмеймін. Өзім Төлтайды көндіремін, оған сене бер. Қайрат­ты өжет қыз, жағаласа кетсе, шамалы, әлжуаздау еркек-шораны алып ұрып, астына салады.
– Ал енді қаражат мәселесіне ойысып көрейік, – деп күлімсіреді Биғайша.
– Иә, иә, мүмкіндігіміз шектеулі ғой,–деп тіл қат­ты Сыпайы тісінің арасынан үнін үзіп-үзіп сөйлеп.
– Әкемнің алпыс гектар жері, бір қысыр сиыры, тіркемесімен бір тракторы, ескілеу комбайны бар, баяғы бөлісте бөлініп, жекелендіріп алған. – Биғайша алдындағы қағазға шұқшиды.
– Әкей мұның бәрін бізге бере ме, берсе едәуір көтеріліп қалар едік, – бұл Сыпайы­ның естілер-естілмес етіп жүрексіне айт­қан сөзі, осы сөзден ке­йін белі бүкшиіп, көзі жасаурап кеткендей әсерде болды.
Үнсіздік көпке созылмады. Күләйім басындағы жібек орамалын бүрістіре жұлып алып, бет-алдын сүрт­ті. Сосын, қалың шашын қопырата қос бұрымын жаурынына серпіп тастап, сұлу жүзін өзіне деңгейлес отырған Биғайшаға сәл-пәл бұрды да:
– Түртіп ал, әкем: «Он екі қысырақты сойсаң да, сатсаң да мейілің, бұл – бір. Екіншіден, қозысымен қоса есептегенде, отызшақты мәліш қойды түгелдей ал, сен екеуіңнен аяғанымды ит жесін, аздаған теңге бар, отын-суға, ішіп-жеуге әзірге жарайды. Бірақ осы орыннан мен де, шешең де қозғалмайды, оған әуре болмаңдар», – деді.
– Мәссаған, безгелдек, сен мұны маған айт­қан жоқсың ғой, ой, әкетайым жарады. Түсіндіріп, миына құйғансың ғой, апырай, мынау оңай олжа болды-ау, негізі әкем өзінің айт­қанынан басқаға илікпейтін қыңыр адам сияқты еді, сөйтсем, дариядай ақылды екен ғой, әй, бәрекелді! – деп Сыпайы екі алақанын қайта-қайта шапалақтады.
– Ой, әкеміз жарады, түйсігі жүдә биік, сауат­ты кісі ғой, алдын да, артын да есептеп, түйіндеп тастағаны білініп те, көрініп те тұр. Сен бүгін өте-мөте бізді байытып, ісімізді оңға бұрдың, сұлу бикеш, – деп Биғайша Күләйімді құшақтай алды.
– Ей, төрайым, менің тағы да жаңалығым бар, сені қуантатын, – деді Күләйім құшағын жазып.
– Бәсе, бәсе, ал айтсаңшы, енді, – деп Биғайша құрбысына үңіле қарады.
– Айтсам былай, әлгі ауданның шылқыған байы бар ғой, Шанақбайды айтамын. Сол семіз бұжыр бет­тің қарсы алдына жүгініп отырдым да, бәрін баяндап солай да, солай, ағатай жәрдемдесіңіз, сізге мал, маған ақша керек, – деп алақанын сипап, жаурынынан қақтым ғой.
– Қанша малың бар? – деді қырылдақ дауысын әзер-әзер шығарып.
– Он екі қысырақ, мұның екеуі айғыр, қалғаны құнажын мен байтал, отыз қозылы қой, үш қошқар, дегенімше, ол:
– Жылқының әрқайсысы үш жүз мыңнан, қозылы қойың сексен мыңнан әрбіреуі сонда қанша болады демесі бар ма?
– Тұлабойым дір ете түсті де, онша ойланбастан:
– Жылқы – үш миллион алты жүз мың, қой – екі миллион бес жүз алпыс мың, – деп тақ еткіздім.
– Қазір көмекшіме айтамын, счетыңа аударады, малыңды менің жұмысшыларым келесі сенбіде барып, санап алып, айдап кетеді, – деген соң, тездетіп счетымды жазып бердім де:
– Ой, ағатайым, ой, асылым, ой, бекзатым,– деп былшыраған семіз әрі табақтай бетінен қадалып тұрып, екі рет сүйдім де, сыртқа атып шықтым.
– Телефон нөміріңді қалдырсайшы, – деп қырылдаған соң, қайта кіріп, жеке нөмірімді жазып бердім. Бетін тосып еді, тағы да сүйдім, алдыңғы сүйгенде
қуаныштан байқамаппын, жалпақ беті тұзды екен, сыртқа атып шығып, түкіріп тастадым да, аузымды салқын сумен екі қайтара шайдым.
– Тфу, Күләйім, саған не болды, өзіңді сірестіріңкіреп ұстамай, ойбай-ай! – деп Сыпайы шалқалай күлді кеп, қисайып күлді кеп. Оған Биғайша қосылды да қолын сілтеп:
– Ой, күнім, оңай жерден сонша ма ақша шыға ма, дұрыс, дұрыс, – деуі мұң екен, Күләйім:
– Қыздар, қызықты қараңдар, үйге кіріп тісімді пастамен жуып, «Әй, Алла, кешіре гөр» деп Жаратушы Иемнен кешірім сұрап, сықырлаған ескі диванды солқылдата отыра беріп ем, қалтамдағы телефонсымақ кісінеп қоя берді. Суырып алып, «Алло» десем, «Мен ғой, Шанақбаймын, ақша түсті ме?» – деп гүжілдейді. Мен сасып қалып:
– Ағасы, ағасы, қазір қарайын, қазір қарайын, – деп құрақ ұштым. Ол:
– Түсті, – деді ғой, көмекшім. Сөйт, қара. Сосын, аға демей-ақ, Шәке, Шанақбай дей берсейші! Мені әлдеқандай қылмай, тағы айтарым, кешкі тағамды бір жерден бірге ішейік, әңгіме-дүкен құрып, – деп қарап тұр. Құдай аузыма салды ма, білмеймін, мен жалма-жан:
– Аға, кешірерсіз, Шәке, мен ауылға бір тығыз шаруамен кетіп бара жатырмын, сосын, сосын, ішерміз ол шайды, – дедім де телефонды айырып жібердім, ал керек болса. Содан есепшотымды қарасам, өз көзіме, өзім сенбедім. Алты миллион бір жүз алпыс мың теңге «мен келдім» деп ыржиып тұр. Бұрын-соңды мұндай ақшаны көрмеген мен байғұс көз алдым қарауытып, басым айналып, құлағым шуылдап кеткенін қайтерсің!
– Бәрі дұрыс-ау, бірақ ол қорсылдақ, айтпақшы, тұзды бет, саған телефондайды да тұрады ғой, мазаңды алып. Нөміріңді ауыстырып жібермесең, а! Қайдағы пәлеге қайдан жолықтың, – деп Сыпайы
күйіп-пісті.
– Қорықпа, Күләйім ертең-бүрсігүнмен діңкелетеді ол сабазды, то есть былжыр, әрі тұзды, әрі жалпақ бет­ті. Құдай бізге көмектесті. Жолымыз оңғарылып, мақсатымыз айқындалар, әйтпесе ол әзір ақшаға мал таба алмай жүр дейсің бе? Мінәура айтатын еді ғой, «Сараңның сараңы, кессе қан шықпайды, нағыз кесепат. Балаларбақшасына аз-кем ақшаны қарызға сұрай барғанымда, маған бажырая қарап: «Қарызды үкімет­тен сұра, не мен ақша жасап жатырмын ба, көк тиын да бере алмаймын», – деп табақтай беті сұрлана қалды, есігін тарс жауып шығып кет­тім», – деп. Біле-білсең, Күләйім сұлу асқан ерлік жасады. Қазір жұрт­та ақша жоқ, базарда мал өтпейді. Күнделікті шай-суына тиын-тебені жоқтар алақан жаюға әзір. Ал біз аяқ астынан миллиондаған ақшаны қалтаға басып отырмыз. Бұл – біз үшін бақ пен бақыт, – деген Биғайша Күләйімді құшақтап екі бетінен кезек сүйді де:
… Шіркін, ақша, жолда жатса,
Бұрмас па едім, мойынымды.
Жүгіріп барып, уыстап алып,
Толтырмас па едім, қойынымды, –
деп әндеткен көрінеді ақын Қасым Аманжолов, ал керек болса. Жүріңдер, жақсылап шай ішіп алып, сосын, «анау былай, мынау осылай, мынаны былай істейік, ананы анда, мынаны мында», – деп құлағымызды шулатайық, әйтпесе уақыт бізден озып барады.
Үш қыз көз ілеспес шапшаңдықпен бір мезет­те орындарынан тік тұрды.

* * *

Күн көзі көкжиектен енді-енді қылтиғанда Сақтапберген қызыл сиырды жетектеп Нұра бойына жаяу тарт­ты. «Бар болғаны он шақырымдай қашықтық екі аяғыма күш түсіре қоймас» деп ойлады. Жігіт шағында қырық-елу шақырымға жаяулата беретін еді. Үйден таң біліне шығып кіші бесінде межелі жеріне жетіп-ақ баратын. Шаруасын шаруалап, таң ата қайта оралатын. Қыстың күні еді. Тәуекел деп жолға түсті. Арқасында оны-мұнысы, бір пұт­тай салмақ жиырма жасқа салмақ па, тәйірі! Қопада шағын базар бар, содан көздеген затын сатып алмақ, қаптағыны базардың сөресіне жайып, алушыға ұсынбақ. Жарты жолдан өте бергенде, борасын басталды. Көктен жапалақтап қар жауып, оған қоса, қат­ты жел жердегі қарды қуалай айдап, әйтеуір, күнгей жақта, көлеңке жақта көрінбейтін алай-дүлей басталды да кет­ті. Басында қоян бөрік, үстінде күрте мен күртеше шалбар, аяғында керзі етік, айқай желді елең қылар емес, адымдай түсті. Бір жақсысы, ысқырған жел тура жаурынынан. Ыңырсып, Қуан баласы Жақыптың «Құралайын» ептеп сыздыртқысы немесе дауысын онша шығармай толғағысы келеді. Негізі, ән сазы айқай үнді сүйеді, көмеймен ыңылдауға немесе тербете толғауға үйлесіңкіремейді. Дегенмен байқап көруге ұмтылды:
… Ей, Құралай!
Жүгірдім, өкпемді алып, бір өзіңе,
Қанықпын, бала кез­ден мінезіңе.
Ақ бетің жарқыраған ай секілді,
Сөз айтар тәуекел деп кім өзіңе!
Ай, Құралай!
Күн көзіндей қарағым,
Күйіп-жанып барамын, –
дей бергенде, алдынан жанұшыра айқайлаған әйелдің ащы дауысы естілді. Бұл бар пәрменімен жүгірді. Қолында үшіне біз қадаған жуандау таяқ. Шамасы, жүз қадамдай жүгірген болуы керек. Қарайғанға ентіге басып жетіп келсе, түйе шананы үш қасқыр айнала қоршап, шырқ айналдырып тұр. Неге екені белгісіз, түйе алдыңғы екі аяғын сілтелеп пысқырынады. Бірақ тапырақтап шананы сүйрей жөнелмейді. Бұл айқайды басып, таяғын олай да бұлай да сілтеп, бөрілермен айқасқа кірісіп кет­ті. Қасқыр – үшеу, бұл – жалғыз. Сәл үзілісті пайдаланып, түйені шөгергісі келіп, ұмтылып еді, жануардың артқы сол аяғы шананың ашамайына кіріп кетіп, суыра алмай кідірістегені содан екен. Сірә, көкжалы-ау, ірірек біреуі оқшаулана беріп, бұған атыла бергенде, бұл таяқтағы бізді туралап еді, хайуан тайқып шыға берді. Таяқтағы біз жанды жеріне тиген болуы керек.
– Аға­й, аға­й, – деген дауысқа жалт қараса, тұлыпқа оранған әйел бұған төрт бұтақты айырды ұсынып тұр. Бұл ала сала бөрілердің ортасына кіріп, айқасты қайта бастады. Өзіне бір тосын күш, қайрат-жігер пайда болғандай күйге енді. Айқай боран күшейе түсті. Тайыншадай көкжал аяғын сылтып басқан секілді, алғашқы қаһарынан басылып, сәл-пәл ке­йіндеу шегінді. Қалған екеуі басшысынан белгі күтетін сияқты, соған қарағыштайды. Бір сүт пісірім уақыт­тан ке­йін үшеуі топтасып, шоңқиып-шоңқиып отырды. Бірақ жүздерінде өшпенділік пен ызғар бары анық. Мүмкін, тұтқиылдан тағы бір шабуылға әзірленуді ойластырып, іштей мақұлдасты ма, кім білсін! Ке­йінірек шегінбеуіне қарағанда, дәл солай шығар. Көкжал ауырсынған аяғын жалады. Сосын, тістерін сақылдатып, аузын ашып-жапты да, екі аршындай ілгеріледі. «Қарыны шұрқыраса, қасқырдан ес кетеді, аржағы белгілі, көзіне қан толып, қанды айқасқа өзін-өзі еріксіз итермелейді. Я өлім, я өмір, екеуінің бірі. Ең болмаса, жемтігінің қоңынан бір жұлып, қылқ еткізіп жұтады» дейтін Омар ақсақал бір әңгімесінде.
Ақсақалдың айт­қаны тұп-тура келді. Көкжал көз ілеспес шапшаңдықпен атылып, тертедегі түйенің үстіне бір-ақ ырғып, ауызды алдыңғы өркешке салды дерсің! Атан бақырып алдыңғы екі тізесін амалсыз бүкті. Сол мезет­те қалған екеуі атанның арт жағынан жабысып, таудай түйені құлатпақ ниет­те болды. Ышқына бақырған атанның денесі үстелге қарай ауып бара жат­ты.
Сақтапберген әуелі қас-қағымдай абдырап қалды да, тез есін жиып, түйенің үстіндегі көкжалға айырды бар пәрменмен кеуде тұсынан шаншып еді, айыры бар болғыр сәл ауытқып екі топшысының үстін жалап өт­ті. Әуелі осы екі аяқтының жанын шырқыратпасам болмас дегендей, қасекең өркешті қоя салып, тура жиырма жасар қылшылдаған жігітпен жекпе-жекке шықты. Қолынан айыры түсіп кеткен Сақтапбергеннің есіне беліндегі қынжалы түскендей болды. Бірақ екі қолы да бос емес, ауызын арандай ашқан көкжалдың тамағында. Бұл өзінен екі қарыстай қашықтықта сақылдаған тістер мен салақтаған тілді көрді. Тіпті қып-қызыл боп үңірейген көме­йінде жанары шалып өт­ті.
Иә, ауызын арандай ашқан ажал мұның беті мен тамағына жақындап, екі қарын талдыра бастағандай. Өзін біртоға қарулымын деп санайтын жігіт­тің бұл несі, сонда алқымынан қос қолдап қысып тұрған қарсыласы бұдан басым болғаны ма?! Көз алды тұманданып, екі қолдың екі қары, алқымдағы он саусағы әлсіздік таныта бастағандай бола бергенде, ащы дауыспен қоса арланның кеудесіне төрт бұтақты айыр кірш ете қадалды да, құлап бара жатқан көкжалмен бірге бұл да құлап бара жат­ты. Денесі дүр сілкініп жеңіл тарт­ты. Тез есін жинап, қос жанарын бақырайта ашса, бөрінің бас жағында жалаңбас қыз ба, келіншек пе тұр. Ал айыр қасқырдың тура қолтығының астынан шаншылыпты. Бұл жанарын айналдырып қарап еді, түйе төрт аяғын басып тұрған секілді. «Апырай, мұнысы несі» деген ой жалма-жан басына келді де:
– Қарындаспысың, қайдан келдің, екі қасқыр қайда? – деп міңгірлеп еді.
– Мен шанада болдым ғой, әуелі жаман қорықтым, жан тәт­ті ғой, сосын, өзіме-өзім келіп, сізге көмекке ұмтылдым! Қайтем енді, көкжал сізді еңсеріп бара жатқасын, зәрем ұшты. Екі қасқыр неге екенін қайдам, түйені құлата алмай, біреуіне ме, әлде екеуіне де ме, түйенің арты аяғы тиіп кет­ті. Өйткені түйе артқы аяғын ашамайдан шығарып алыпты, пәле екен.
– Өй, қарағым-ай! – деген бұл сылқ етіп қар үстіне отыра қалды да:
…Алтынның жатқан жерін жылан білер,
Тайталасты жердегі қыран көрер.
Дүние-ай, жаман, жақсы айқасқанда,
Көктегі қыран көрсе, бұған не дер, –
деп ішінен ыңырсыды да, жалғастырмай кілт тоқтады.
Сол қыз үйдегі бәйбішесі Күнсұлу екенін екеуінен басқа ешкім білмейді. Сан жылдар өт­ті, сондағы кез­дейсоқтық құпия күйінде сақталып қалды.

 

 

Марат МӘЖИТОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір