Мұхтар ШЕРІМ. АҚЫЛДЫ АҚЫМАҚТАР (Сатиралық фантастикалық романнан үзінді)
Пролог
Біздің елде бәрі ақылды, бәрі білгіш қой. Министрлерге жалт қарасаң – шетінен кандидат, бұрылып қарасаң – депутаттар доктор, қисайып қарасаң – кішігірім бастықтардың өзі профессордан кем түспейді, аһ! Бірақ қызық қой, сол таудай ақыл халыққа жете бергенде кәдімгі өзендей ақпайды, жол-жөнекей құмға сіңген судай кеуіп кетеді, оһ! Сөйте тұра, олар галстугін түзеп қойып:
– Менің интеллектім жоғары деңгейде! – деп іштей ісініп, маңғазданып отырады, аһ! Біздің шенеуніктердің логикасы бөлек қой. Олар үшін «жүз теңгең болғанша, жүз пайызын өзіңе аударатын танысың болсын» деген мақал бірінші орында, оһ!
Бұл кітапта ақылды ойлар кездесуі мүмкін. Олар алдын ала ескертусіз «лап» етіп пайда болып, кейіпкерлердің өзіне де, оқырманға да байқаусызда әсер етуі ықтимал, аһ! Сол себепті, бойыңыздан ойлану белгілері байқалса, кітапты дереу жауып, терең дем алу, жүрек тұсын уқалау, бір стақан салқын айран ішіп, екі жұмыртқа қуырып жеу, тіпті болмаса, бал жалап тынышталу ұсынылады, оһ! Денсаулық керек қой!
Автор мұндағы оқиғалардың шындыққа шамадан тыс ұқсап кеткеніне мүлде жауап бермейді. Өйткені кейіпкерлер ойдан шығарылған, оһ! Ал ақымақтар өкінішке қарай, тірі, ет пен сүйектен жаралған, тіпті сізбен бірге көрші кабинетте отырған болуы мүмкін, аһ! Олар жай ақымақ емес қой. Олар – өз ақымақтығын «мемлекеттік стандарт» деп санайтын, әр қателігін «ұлттық бағдарға» айналдыра алатын ең қауіпті топ. Бұл романда «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» деген жоқ. Керісінше, бір рет кесіп тастап, артынан жеті ай бойы неге кесілгенін түсіндіру үшін жеті жүз жиналыс жасалады, аһ!
– «Білмеген у ішеді» дей ме? Аһ, қателесесіз! Бізде білгендер уды сертификатпен, тендер арқылы таратады ғой.
Бұл жерде ақыл жастан емес, лауазымнан ізделеді, оһ! Тіл тас жармайды, тіл «бомба» жарып, бюджеттің түбін теседі. Олар әр шешімін «даналық», әр сәтсіздігін «реформа» деп атап, халықтың басын айналдырып жүре береді, аһ!
Ары қарай не болады екен? Мәселе осы жайларда ғана деймісіз? Жоқ! Мәселе, біздің сол ақылдылар мен ақымақтарды әлі күнге дейін ажырата алмай, бәріне «аһ! Оһ!» деп таңдай қағып жүргенімізде… Аһ!

ЖАРЫҚ ДҮНИЕДЕ НЕГЕ КЕЗДЕСПЕДІК?
Төрт күн болды Дарын аппақ кебінге оранып, көр ішінде жатқалы. Жата-жата іші пысты. «Мүмкін, ұйықтап жатқан шығармын? Әлде несие өтемей, банктің қарғысы тиген бе? Жоқ, өмірімде несие алмаған едім ғой» деп ойлады ол. Сосын:
– Иә, өлік те зерігеді екен ғой, – деп қойды. Оң жағына, сосын сол жағына көз тастады, тірі пенде жоқ. Қара қоңыз да жорғаламайды, тіпті қыбырлаған құрт та «қонаққа» келмейді. «Е, онда расымен өлген болдым ғой, – деді күбірлеп, – бірақ… өзім өлдім бе, әлде біреу өлтірді ме?» Кенет әлдебір дауыс естілді. «Мәссаған, мына бейіт базар секілді ғой!» – деп құлағын тікті. Дауыстары анық естілді:
– Құйшы, тағы бір рюмка, министр мырза!
– Тозаққа дейін ішіп қалайық, жігіттер!
– Е, мейлі, ертең бәрібір күйеміз ғой!
Дарын елең ете қалды. «Қабірдің ар жағында… банкет пе?» деп ойлады. Сосын состиып тұра бермей, қабырғаны қақыратып қаза бастады. Қолымен қаза берді, қаза берді, кенет қабір қабырғасы опырылып кетіп, арғы бетке тоңқалаң аса құлап түскені. Сол сәтте арғы жағынан ду-ду күлкі мен дабыра естілді. Топырақтан домалап түскенде, көз алдындағы көріністен тілі байланып қалды: айналасы жарқырап тұрған казино секілді бөлме. Түрлі шенділер мен атақты адамдар кебінге оранып алып, жер асты казиносында виски ішіп отыр! Бірі – министр, бірі – депутат, бірі – бұрынғы әкім, бәрі былғары креслода, үстелде фишкалар мен алтын карталар.
– О-о-о, су жаңа мәйіт келді ғой! – деді бірі рюмкасын көтеріп, – Қош келдің, бауыр мәйіт!
– Атың кім? – деді екіншісі.
– Дарын, – деді ол абдырап.
– Е, дұрыс өмір сүрген осы шығар, – деді үшіншісі сығырайып, – ал біз қазынадан жей бердік, жей бердік… енді, міне, жалаңаш отырмыз.
– Бізге жеткен хабарға қарағанда, – деді төртіншісі сыбырлап, – қазір жұмақ пен тозаққа бөлу басталыпты. Дайынсың ба сынаққа?
– Қандай сынақ? – деді Дарын сасқалақтап.
– Мүнкәр мен Нәңкір тест орталығын ашыпты. Әр дұрыс жауапқа – бір балл. Елу алсаң – жұмақ. Қырықтан төмен – тозақ!
– Өмірдің соңғы мәзірін ішіп отырмыз! – деді месқарын біреу жыламсырап.
– Жайша өлдің бе? – деп сұрады қутыңдағаны құлағын қасып қойып.
– Атып кетті.
– Кел, виски ішесің бе?
– Жоқ, рақмет.
– Менің атым – Ахмет. Дүниені сапырдым, қарсы келгендерді қатырдым, момындарға ақырдым. Өлмейтіндей өмір сүрдім, бірақ бір күні жүрегім тоқтап қалыпты. Екі күннен кейін білдім ғой жүрегімнің тоқтағанын. «Халқым, халқым!» деп жүре бергенмін ғой.
– Сені не үшін атты? – деп сұрады тағы бір шенеунік.
– Билікке жақпадым.
– Ақымақсың. Біз сияқты биліктің алдында «Қамажайға» билеп жүре беруің керек еді. Е, мейлі, пешенеңе солай жазылған ғой. Біз ғой, қартайып өлдік…
Сол сәтте нұрдан жаралған періштелер – уахи жеткізуші Жәбірейіл мен жан алушы Әзірейіл ұшып кірді.
– Дарын, құжаттарыңды көрсет! – деді Әзірейіл.
– Қандай құжат? Өлгенде де ала келу керек пе еді?
– Иә, – деді Жәбірейіл, – «Жан иесі» деген мөрі бар болуы тиіс. Тірі күніңде «О дүниеге тіркеу орталығына» бардың ба?
– Жо-о-оқ… – деп басын шайқады Дарын.
– Е, қазақтың классикалық қателігі ғой, – деп күрсінді Жәбірейіл, – «өлген соң көрерміз» деп, тірі кезінде ештеңе істемейді…
Осылайша, оны қақпаға алып келді. Бірінші қақпа жұмақ қақпасы еді. Кезек көп. Әркім өз айыбын мойындамай, жанындағыны кінәлап тұр. Дарынның көргені мынау: біреу өкініп жылап отыр, Жаратқан иемнен кешірім сұрап отыр. Махамбетше сарнады:
– Мен, мен, мен едім,
Жарық дүниеде жүргенде…
Галстук таққан ер едім,
Қыздарға қырғи болғанмын,
Шыны керек сері едім…
Тағы бірі еңіреп отыр:
– Анауды да жылаттым, мынауды да жылаттым, анауды да құлаттым, мынауды да сұлаттым!
Бір жезөкше қыз Дарынның жанына келіп:
– Ағай, танысайық? – деп сұрады.
– Жоқ, менің басым бос емес, жарық дүниеде әйелім қалды.
– Ой, ағай деймін, кім біліп жатыр? Сіз мені «сүйектер» кафесіне шақырыңызшы.
– Ары кетіңіз.
Мәссаған! Жүндібаев жүр! Баяғы атынан ат үркетін шенеунік Жүндібаев! Ол келді де, Дарынның маңдайына саусағымен шертіп жіберіп:
– О-о, Дарын інім! Өлуіңмен! – деді.
– Қалайсыз, аға…
– Мені жұмаққа жібереді-ау. Ал, ақылды ақымақтар тозаққа кетеді! Ха-ха-ха-ха! Әлі «свежисің» ғой. Скелетке айналмапсың, – деді Жүндібаев. Құдайым-ау, мұнда өлген адамдардың қарасы көп екен. Бәрі сынақ қақпасынан өтуге кезекке тұр. Дарын кімдерді көрмеді десеңізші! 2040-жылдары «аха-хау!» дегені алғыс, «қықа-хау!» дегені қарғыс болып жүрген шенеуніктерді көрді. Өлэкс сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бастығы (өлген экс – бастық сөзінің қысқарған түрі) Қалтай Өлмесұлы жүзім жеп отыр… Бұл жолы да қақалып, екінші мәрте өліп қалмаса жарар еді… Жанында ауыл шаруашылығы министрлігіндегі балық қылтанағына қақалып, осы жаққа жүріп кеткен Қарабек Ниетбаев. Қуырылған балықты өте жақсы көр еді. Бақилық болар кезінде балық ала келген екен, құйрығын сорып отыр. Тағы бір шенеунік Мәзбай Сазарғанұлының көңіл күйі жоқ. Креслода емес, аяғын жерде созып жіберіп отыр. Оның тізесіне басын қойып, орынбасары Қисықбай Қисайғанұлы жатыр. Бұлар қашан бақилық болған? Шамасы, халық қарғысы жібермеген болуы керек. Бұқабай да осында екен. Ол Қарабекке жақындап:
– Мен жақында жол апатынан өліп қалдым. Қыршын кеттім ғой, – деді қолтырауын фермасын ашқысы келіп жүргенде қайтыс болып кеткен Бұқабай. Бір кезде одан Мүнкәр мен Нәкір сұрақ-жауап ала бастады.
– Атың кім?
– Бұқабай Боранбайұлы.
– Жақсылық істедің бе?
– Инстаграмға «өлдім, енді лайк басыңдар» деп селфи салдым.
– Дұрыс жауап емес, – еді Мүнкәр.
– Ойбай, енді қыл көпірден өте алмаймыз! – деді Бұқабай шенеуніктерге қарап.
– Қыл көпір енді цифрлық болды, – деді Мәзбай, – QR кодты сканерлеп өтесің.
– Мені телефонсыз көмген ғой… – деп еңіреп жылады Бұқабай.
– Жасаған жақсылықтарыңды айта бер, – деп сұрады Нәкір.
Бұқабай жауап бере алмады. «Дайындалып келіңіз!» – деді Мүнкәр. Кенет ол «өлгендерді қабылдау пункті бар екен» деген хабарды естіп, ӨҚП-ге келді. ӨҚП – өлгендерді қабылдау пункті. Бұл жолы Америкалық және Ұлыбританиялық миллиардерлер жеткізіліпті. Арасында шошайып бір ғана қазақ жүр…