БЕЙБАРЫС (Тарихи дастаннан үзінді)
02.04.2026
50
0

 

Құлдықтан билікке

«Барамын кіріп тойымсыз үлкен аранға,
Шапағат әйлап, бойыма қуат бер Алла!»
Ертесі бәрін қосақтап айдап әкелді,
Әскери мектеп – тілдегі шағын аралға.

***
Надандық өшті санада жатқан масылдай,
Сегіз жыл өтті арада сегіз ғасырдай.
Бостандық алды жеті жүз қыпшақ оғланы,
Мектепті тауысып,
Талданып таудың тасындай.

Сегіз жыл өтті жауыздық
билеп жер-көкті,
Бостандық пенен еркіндік елді шөлдетті.
Сегіз жыл бойы тозақтың күйіп отында,
Бейбарыс нағыз толағай болып ержетті.

Өткізіп бастан ғаламат ыстық, суықты,
Обырдай бейне өнерге әбден құнықты.
Бәрін де көрді қорлық пен зорлық дегеннің,
Қортылған сүңгі құрыштай болып шынықты.

Әліптен бастап бетіне шығып сорпаның,
Үлгісі болды әскери лагер ортаның.
Теңсіздік көрсе, аямай кесіп түсетін,
Қылап боп шықты жүзіндей өткір балтаның.

Құлаққа құйып қоғамның алуан аңысын,
Құрғады қылау түсірмей ұждан-намысын.
Естіген жанды еріксіз баурап алатын,
Күркіреп күндей шығатын асқақ дауысы.

Бұрмайтын бетін орынсыз ұрыс-жаңжалға,
Жанымен қарсы өтірік, өсек, жалғанға.
Арнады шүлен мейірі менен пейілін,
Ауру-сырқау, жоқ-жітік,
кемтар жандарға.

Қумады арзан баянсыз атақ-даңқты,
Бойдағы барлық жылуын көпке дарытты.
Төбелдей топты сотанақ содыр жандардың,
Шелдерін сылып, көкесін көзге танытты.

Егілді талай мұңлықтың нала-зарымен,
Тағдырлас болды еңбеккер жанның бәрімен.
Туа да біткен мінезі еді өлердей,
Өш болды арам пайдакөс ұры-қарымен.

Болмады үйір опасыз, суайт жалтаңға,
Көрнеуде адам, көместе жады сайтанға.
Бүркіттей бүріп тастаған талай жайы бар,
Рақым етпей бойкүйез ынжық жалқауға.

Жан салмай сірә, алдында қара жұмыста,
Атойшы болды жаттығу машық-«ұрыста».
Адал мен харам арасын қиып түсетін,
Ұқсады алмас, ақ семсер айдай қылышқа.

Бұқпады қорқып, сынақтың ауыр тезінен,
«Айқасты» дөкей командирлердің өзімен.
Батпайтын суға, күймейтін отқа перідей,
Айлалы болды өтетін жүзік көзінен.

Казарма іші жыландай еді ордалы,
Уытын жайып арбады, талай қорлады.
Бәрін де жеңіп, азуын айға білеген,
Жүрегі түкті жігіттің болды арланы.

Түсініп терең күрделі өмір айнасын,
Санасы түлеп, оқудың көрді пайдасын.
Қыпшақша ойлап, қыпшақша сөйлеп, игерді,
Айтылған сөзбен «соғыстың» алпыс айласын.

Пәлсәпә, саз бен есепке ерек құлшынды,
Әр елдің салт пен дәстүрін терең түсінді.
Жан салып оқып жағырапия ғылымын,
Меңгерді толық «қарита» деген тылсымды.
Кітаптар жиып бұрыннан қалған көлемді,
Сімірді судай шежіре-тарих дегенді.
Зерделеп-зерттеп саясат, заңы-законын,
Таныды терең тағдыры бөлек көп елді.

Қаймықты «жауы» қатулы қабақ-сүрінен,
Жазбады түрк-қыпшақтың ана тілінен.
Өзім деп білген жандарға жүрек шуағын,
Білдіріп жүрді ауызбен емес, ділімен.

Адамға емес, Аллаға ғана сенетін,
Пайғамбар жолын бәрінен ұлық көретін.
Кем сөзді еді, мың ауыз сөзге ойланып,
Бір ауыз сөзбен қайырып жауап беретін.
Көрсе де қорлық кетірмей өсті кетеуін,
Шығармады естен байырғы ата мекенін.
Бір жолы жерлес ағайға айтқан жайы бар,
Көкесі – жармақ, шешесі – әйек екенін.

Өтсе де мұңлы, қайғылы көңіл күйменен,
Үйренді білім қазғандай құдық инемен.
Есіне кейде түседі ата-бабасы,
Ұзақ жыл бойы Хорасан* елін билеген.

Өнеге болды сөзімен емес ісімен,
Тағдыры жайлы түйеді ойлар ішінен.
Сегіз жыл бойы арманда кеткен көкесі,
Күндізі естен, шықпады түнде түсінен.

Амалы қанша алыста қалды ұлысы,
Ағайын, жегжат, дос-жаран менен туысы.
Азапты ойлар улаған сайын санасын,
Жарылып кете жаздайды кеуде қуысы.

Сағынған сайын болмысы бөлек өз елін,
Бір жалын шарпып өртеді жанын-өзегін.
Қайрылып қайта көзайым болып көрудің,
Туа ма сәті Еділ мен Жайық өзенін?

Санасын қарып аяздай суық мұз-қайғы,
Бітеліп кеуде, тұншығып жүрек сыздайды.
Есіне түссе бірге өскен құрбы-құрдасы,
Күпті боп көңіл, тарыдай талшық сызбайды.

Түңкелі тоғай, үкілі орман жағасы,
Жер ұйық еді-ау Еділ мен Жайық арасы.
Уыздай суы, қымыздай еді-ау ауасы,
Еді ғой нағыз сағынған жанның дауасы.

Кеңсірік жарар ермен мен жуа иісі,
Есіне түссе, тарылып кетеді тынысы.
Көзінен бұлбұл ұшып жүр қазір сағынтып,
Торғайы түгіл, шаяны менен бүйісі.

Аққуы қайда ұшатын жазбай жұптарын,
Ғайыпта қалды-ау әупілдек
толы бүк қалың.
Есінен демге шығарған емес әуелі,
Хайуаны түгіл,
шыбын мен шіркей, құрттарын.

Жантая қалса, алмақ боп көздің шырымын,
Сорады құлақ түбінен жердің шуылын.
Жасаурап көзі, жүйкесі шым-шым етеді,
Есіне алса, шегірткелердің шырылын.

Зарланып тартып көкесі қара қобызын,
Мақтан қып айтып отыр еді-ау оғызын.
Ол күндер тұр ғой, көруге енді зар болды,
Байырғы ата жұртының қорқау, доңызын.
Көрер ме қайтып аюын, киік, құланын,
Құстары менен мыңғырған малын Нұраның.
Қойнына тығып ойнайтын сәті келер ме,
Бақасы менен қарасұр шұбар жыланын?…

Тор ала тоз-тоз шашылып кетті-ау үй іші,
Сағыныш қозса кетеді көңіл күйісі.
Көз көрім жерден қолқаңды жарып жететін,
Келмеске кетті-ау тезек пен қидың иісі…

Санада дәйім тудырып жүрер жарылыс,
Бәрі де қайғы, бәрі дерт жанға әрі күш…
Басы бар, бірақ, соңы жоқ мәңгі бұл сезім,
У менен балдың қорытпасы ұлы сағыныш !
Сарғайтып жанын, атқанмен ұзақ әр таңы,
Өзге елде қазір тататын дәм-тұз талқаны.
Оқуы бітті, әкетті талдап барысты,
Нажмудин Аюп – Мысырдың үлкен сұлтаны.

Қоғамға шықты, өзгеше тірлік басталды,
Қынапта қылыш, басына қанжар жастанды.
«Жандар» дейтін шен алып, сұлтан ордасын,
Қорғайтын жүздей торғақтар
тобын басқарды.

Ақылды, сергек, зейінді әрі қайратты,
Сұрыптап алды сайлауыт жүздей торғақты.
Орданың маңын тып-тыныш күйге келтіріп,
Темірдей қатты ереже-түзім орнатты.

Өнерге баулып бәрінде әдіс-айлалы,
Аз күнде жұртқа жайылды айбат-айбары.
Көз көрім жерге шаншылып тартқан жебесі,
Сағымдай көшіп құлағында аттың ойнады.

Кететін жығып белдессе, кіммен алысса,
Желтабан десті ел қашан да жаяу жарыста.
Жаттығу сәтте шыға алмады ешкім алдына,
Құрлықта, суда, аттылы-жаяу «сайыста».

Аңыз боп кетті қимылы қылап тездігі,
Сұңғыла болды түсінер терең сөз құнын.
Нысана тігіп күндізі-түні жаттығып,
Көздеген жерге қадады қанжар-кездігін…

Өшкені жанып, тіріліп қайта өлгені,
Келгендей болып, сүйінтті адал еңбегі.
Құралай құсты көзінен дәлдеп ататын,
Атанып кетті атақты «Мәмлүк мергені».

Ақ пенен қара арасын дұрыс айырды,
«Жандары әділ» атағы көпке жайылды.
Топтасып алған қарақшы жендет сұмдардан,
Арылтты таза орталық қала Каирды*.

Өткеріп бастан сан сайыс-қанды кешуді,
Мәртебе тіктеп сұлтанның даңқын өсірді.
Құлаққа ұрған танадай қоғам тып-тыныш,
Бір мезгіл халық алаңсыз ғұмыр кешірді.

Тыншытып қайтты
кей жерде туған бүлікті,
Хақ жолын қорғап, намазға елді ұйытты.
Байлық пен таққа мастанған ұлы сұлтанның,
Бейбарыс сардар көзіне ерте ілікті…


Сәли САДУАҚАСҰЛЫ
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір