Кер заман күйреткен Кенбаевтар
Жұмырбасты пенденің жарық дүниедегі өлшеулі өмірі қиын-қыстау күндерден құралатыны хақ. Сол секілді қазақ тағдырының да қыл үстінде қалып, тар жол, тайғақ кешулерден сан мәрте сүрінбей өткеніне де тарих куә. Әсіресе Кеңестік дәуірдің ұлт тамырына балта шабуды көздеген әсіре саясатының зардабын әсте ұмытуға болмас.
1937-1938 жыл… Тұлғаларымыз түгелге жуық төмпешікке айналып, оғландарымызды оққа ұшырған бейуақ заман… Қызыл үкіметтің қанды қырғыны… Бас иесіз елді басына қыру… Белсендісі беделдісін қан жұтқызған қасіретті күндер… Арманда кеткен арыстар… Нәубетке ұшыраған әулеттер… Большевиктік биліктің ұлт тұлғаларын түгелдей жоюға бағытталған жымысқы саясатына бүгінгі бейбіт заман көзімен берілер баға – осы. Рас, азаттық алақанда, егемендік еншімізде. Әйткенмен, әміршіл жүйенің әлегімен жазықсыз жапа шеккендерді ұмыту – ұлт тарихына қиянат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тың бастамасының да түпкі мәні осында. Бұл – маңызы бөлек мемлекеттік іс. Өйткені саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бірер жылдың бедеріне бітетін шаруа емес. Демек, оның жаңғырығын жер жарған науқанға айналдыру да ешкімге абырой әпермес. Қуанарлығы да, құптарлығы да сол – бүгінде репрессия құрбандарын ақтау үдерісі тоқтаусыз жүруде. Құпия құжаттар да қолдан-қолға өтіп, қазақтың қасіреті қаншалықты қалың болғандығы, ұлт қайғысының ұшы-қиыры жоқтығы жалпақ жұртқа жария етіліп те жатыр.
Жалпы «зиянды» саналған зиялыларымызды, сұраусыз атылған ауылдасты ауызға алмағанның өзінде қазақ мемлекетінің басшыларын, ұлт қамын жеген интеллигенция өкілдерін жазалау жедел және жантүршігерлік күйде жүргізілді. Репрессияның нағыз шарықтау кезеңінде, яғни 1937-1938 жылдары тіпті НКВД-ны басқарған Залин мен Реденстер де репрессиядан қашып құтылмады. Сол жылдары бір ғана репрессия салдарынан қазаға ұшыраған қазақстандықтардың саны 25 мың адамнан асып жығылады. 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргіннен бастап Қазақстанда 103 мың адам саяси айып тағылу арқылы сотталса, оның төрттен бірі «НКВД үштіктері» үкімімен, сот үкімімен атылып кеткен.
Сталиндік қуғындау қазақ халқын ерекше ойсыратып кетті. Демограф М.Тәтімовтің айтуынша, 1937-1938 жылдары «халық жауы» болып атылған қазақтар пайыз жағынан грузиндерден екі есе, орыстардан үш есе, татарлардан төрт есе, өзбектерден бес есе көп болған. Елінің еркіндігін аңсап, арманда кеткен Алаш арыстары, ғалымдар, әулиелер, имам-ишандар, ақын-жазушылар болды. Қазақтың дербес мемлекет болғанын былай қойғанда, кедей табынан шығып, большевиктерге адал қызмет еткен азаматтар қамауға алынды. Тіпті Мирзоян, Нұрпейісовтер бастаған Орталық комитет бюросының мүшелері де, Кеңестік халық комиссары Ораз Исаев та «жау» деп танылды. Көзі ашық азаматтарымыз тек «жау» деп танылып, сотталып қоймай, міндетті түрде ату жазасына кесілді.
Қазақ халқын қайтсек езілген ұлттар қатарынан шығарып, өзге ұлттармен терезесі тең халық етеміз деп жанталасқан Алаш қайраткерлерінің 99 пайызы репрессия жылдары атылып, лагерьлерде азапталып, өмірмен қош айтысты. Алашордалықтардан бөлек, қазақ жерінде Кеңес өкіметін өз қолдарымен орнатқан Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтердің өзі репрессиядан құтыла алмай, қудалаудың өрт-жалынына шарпылып кете барды. Социализм кезеңінде жапа шеккен қарапайым қара халықты есепке алмаған күннің өзінде, ат төбеліндей ғана азшылықтағы интеллигенция өкілдерінің жаппай қудаланып кетуі ұлт келешегіне ауыр зардаптар алып келді.
Бастамасы сонау 1931 жылы-ақ қылаң берген қызыл қырғын 1937 жылға қарай тіпті асқынып, қылышын қанға бояған «қызыл жағалы» қанішерлер қазақ даласын қорымға айналдырды. Алаш ардақтыларын аяққа таптады. Жұрт жақ ашуға қорықты, ел есін жия алмай қалды. Панза Алтынбекованың «Ақиқат пен қасірет» кітабында айтылғандай, жаппай ату, репрессиялау 1938 жылы ақпанның ортасынан наурыздың ортасына дейінгі бір ай ішінде жүрді. Дәл осы кезде, 6-12 наурыз күндері Алматыда КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының қатаң құпия жағдайда өткен сот мәжілісі болды. Шамамен, осы уақытта Мәскеуде де «Антисоветтік оңшыл-троцкистік блок процесі» басталған еді. Бір айырмашылық, егер Мәскеу процесінің барысы күнбе-күн хабарланып, тергеу хаттамалары баспасөзде халықтың ой-пікірі, талап-тілегімен қоса жарияланып отырған болса, Алматыда сот болғаны және оның жабық өткені, бәрін атуға үкім етіліп, үкімнің орындалғаны халыққа араға он күн салып ғана хабарланады. Соның өзінде 1938 жылдың 28 ақпанынан 13 наурызға дейін атылған 560 адамды айту ел ішінде үрей туғызады десе керек, тек олардың 19-ның ғана аты-жөндерін жариялады. Қазақ мемлекет басшыларын жаппай жою саясаты осылай жедел, жантүршігерлік күйде жүргізілді.
Сол қанды қырғында құрбан болғандар санатында Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы болған Сейітбек Кенбаев та бар еді. Шымкент сынды ескі кенттің бетке ұстар тұлғаларының бірі болған Кенбаев «коммунизмді құлатуды көксеп, ұлтшылдық ұйымға мүшелікке өткені үшін» жазаға тартылып, КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының үкімімен 1938 жылдың 27 ақпанында ату жазасына кесіледі. Тек араға жиырма жыл салып, ақиқат өз арнасын тауып, кінәсіз Кенбаев сол Әскери коллегияның құптауымен 1958 жылдың 17 сәуірінде толық ақталады. Анығында, атуға бұйырылған боздақтың әуелі 1937 жылдың 17 маусымында партия қатарынан шығарылып, халыққа жаулығы жария болысымен, әйгілі 58-2, 58-7, 58-8, 58-11-баптарға сай сотты болғаны белгілі.
Кеңестік жүйеге жан сала қызмет еткен Сейітбек Кенбаев 1897 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Жаңақорған ауданында туған. Ауыл молдасынан көзі ашылған алғыр Сейітбек советтік мектепте білімін ұштап, Мәскеуде оқуға да мүмкіндік алады. Кейінірек Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын үздік тәмамдап, өңірде жаңа үкіметтің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосады. 1930-1934 жылдары Қарақалпақстан Орталық комитетінде хатшы болған Кенбаев туған өлкеге қайта аяқ басып, Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін де қалтқысыз атқарады. Тұтқындалғанға дейін Түркістан көшесіндегі №57 үйде тұрақтаған тұлғаның өмірі теперішке толы.
Жалпы КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясының 1938 жылдың ақпан-наурызында Алматы қаласында өткен көшпелі сессиясының үкімі де кісі шошытарлықтай. Яғни қолдағы бар дәлелді деректерге жүгінсек, 25 ақпанда 39 адам ату жазасына бұйырып, 26 ақпанда 37, 27 ақпанда 41 азамат оққа ұшыпты. Осы жазықсыз қаны төгілген құрбандар тізімінде 18-ші болып Кенбаев Сейітбектің де аты-жөні тұр. Ал мұрағат қорларынан 1 наурызда атылғандар тізімі табылмағанымен, 2 наурызда 39, 3 наурызда 38 азамат ажал құшып, 4 наурыз жексенбі күні болғандықтан, қандықол жендеттер аптасына бір күн демалыс жариялап отырған. Сталиндік террор мұнан соң да тыйылмай, 5 наурызда 40, 7 наурызда 43, 8 наурызда 44, 9 наурызда 37, 11 наурызда 44, 13 наурызда 55 «халық жауы» жарық дүниемен қош айтысқан. Араға күн салып тоқтаусыз жалғаса берген бұл тізімді оқып отырып жаның түршігеді.
«Халық жауларының» тұқымын тұздай құртуды коммунистік міндет санаған социализм сақшылары олардың туыс-бауырларына да бүйідей тиіп, талай тату шаңырақтың тоз-тозын шығарды. Кенбаевтар әулетінен де кісіге кеудесін бастырмайтын, тепсе темір үзетін атпалдай 8 азамат қуғынға ұшырады. Атылатыны атылды, аман қалғаны ұзақ мерзімге жер аударылды. Тасмейір тағдыр деген осы болар, бәлкім. Олардың бірде-біреуі ата қонысына қайта оралмаған. Әулетке төнген нәубеттен шошыған, тәркілеу мен тұтқындаудан шет қалған біраз туысы басының амандығын олжа санап, Өзбекстанға, кейбірі Түркіменстанға, Тәжікстанға ауып кетіпті. Осылайша, кезінде Сыр еліне сөзі жүріп, алыс-жақын ағайынның бәрін аузына қаратқан, төрт құбыласы түгел болған тұста төрт әйел алып, кіндігінен тараған ұрпағы бір қауым елге айналған, бауыры мен балаларын берісі Ташкентте, арысы Қоқанда оқытқан көзі ашық, көкірегі ояу Кенбай қожаның да базары тарқапты. Төңкерістен соң бірлігі бастан ұшқан басшысыз ел де біраз дағдарып, дүние-дүрмекке ілескен дінсіз қоғам большевиктердің ашса алақанында, жұмса жұдырығында болыпты.
Ең алдымен 1901 жылы дүние есігін ашқан Кенбаев Ыбырайдың қолына кісен салынады. Төңкеріс дауылы қазақ даласын ту-талақай етпей тұрып-ақ ескіше оқып, дін исламды діңгек көрген ол молдалығы үшін Сібірге айдалып, елге келгесін «Ерназар» колхозында жұмысшы болыпты. Ал 1910 жылдың тумасы Жүніс Кенбайұлы Ташкентте білім алып, атқару комитеттерінде еңбек етсе, жоғары білімді Кенбаев Әбдірахман қуғын көргенге дейін Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы саяси бөлімді басқарған. Мұнан бөлек, 1910 жылы туған Кенбаев Құрманбек Шымкент қалалық оқу бөлімінде жұмыс істеп, ағарту саласын алға сүйреуге атсалысса, Кенбаев Мұхаммед елден жырақта, Омск қаласында күн кешіпті. Ал Есен Кенбайұлына келсек, кезінде әскери қызметші болған екен. Сейітбектің туған інісі Әжібайдың да көрмегені жоқ. «Халық жауы» ретінде ұсталып, ұзақ мерзімге қамалғанымен, ата-мекенімен, ауылдас ағайынымен қайта қауышу өрімдей жастың маңдайына жазылмапты.
Егер мұрағат қорларындағы қаралы құжаттарға тіл бітсе, тасқа басылған талай шындық жарыққа шығып, тарихқа өктемдік жүрмейтіндігі де көпке аян болар еді-ау! Дегенмен тарих тегершігін өз қалауынша кері айналдырғандардың бәрібір уақытқа әмірі жүрмейді. Адал адамның ала сөйлемейтіні секілді бәрібір аққа жағылған күйенің де көмескі тартар кезі келеді. Ақыры солай болды да. Сандаған жылдан соң Сейітбек, 1959 жылдың 17 ақпанында Ыбырай толық ақталды. Алайда Кенбай қарттың кіндігінен тараған ағайынды алтаудың кейінгі тағдырынан сол күйі нақтылы дерек жоқ. Адалынан аяры көп, қиянатшылдары қияметтің қыл көпірінен де қорықпайтын құдайсыз қоғамда бәлкім қосақ арасында атылып та кеткен болар. Беймәлім бір өлкеде бостан күнді арман қылып, кеудесін сырыл, көкірегін сырқат меңдеп, келмес сапарға кеткен де шығар, кім білсін…
Кенбай қарттың кенжесі Ахмет ағалары бірінен соң бірі «жау» атанып, жауапқа тартылып жатқанда бар болғаны 9-ға енді ғана толған ойын баласы еді. Төтеннен келген қара түнектен құтылуға жол жоқтығын түйсінген туыстары оның фамилиясын Шалғынбаевқа өзгертіп, бұл тұйықтан шығар басқа амал қалмаған соң Арыс балалар үйіне өткізіп кетіпті. Балалар үйінің Рахштейн, Кенжеқараев секілді рақымды басшыларының жанашырлығымен жігіттік шақта өз фамилиясын қайта иемденген Кенбаев Ахмет Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітірген соң «Ақдала» совхозында ұзақ жылдар бойы зоотехник болып жұмыс істеп, 1975 жылы асқынған аурудан ажал тауып, о дүниеге аттаныпты.
Жалпы, осы әулетке бас болған Бурахан атаның Кенбай, Санбай, Нысанбай мен Әжібай атты төрт ұлы болған. Ал Кенбай ақсақалға келсек, ол – Айтқожа, Мұсылман әулетін басқарған бақуатты кісі. Жаңақорған төңірегіндегі көнекөз қариялар сол 1930 жылдардың шамасында тәңірдің өзі төрт түліктен кенде қылмаған кең жүректі Кенбайдың мыңғырған малының ұзын саны он мыңнан асып жығылатынын да бертінге дейін ауыздарынан тастамай айтып отырыпты. Сол себепті ірі бай ретінде кәмпескеге ерте іліккен. Жоғарыда айтқанымыздай, кезінде Өзбекстан мен Тәжікстанға үдере көшкен Кенбаевтар әулеті ол жақта да қорлықты көп көріп, малынан айырылып, аштыққа ұрынған ағайынның біразына жат жерден топырақ бұйырыпты. «Туған елдей ел болмас» деген бабалар тәмсілін байыппен ұққан әулеттің кейінгі бас көтерерлері сұрапыл соғыс басталған тұсқа таяу өскен өңіріне орала бастайды. Олардың көпшілігі Арыс төңірегіне аялдап, сол маңда тұрақтап қалған. Зайыбы Ізгілік апа «халық жауларының» жарлары да жапатармағай абақтыға жабылып жатқанынан сезіктеніп, бір түнде Кентаудағы ағасының үйіне суыт жүріп кетіп, аман қалыпты. Осы әулеттің бүгінгі арқасүйері Қайрат ағаның айтуына қарағанда, Сейітбек Кенбаевтан ұрпақ қалмаған. Жұбайы Ізгілік құрсақ көтермеген соң Ыбырайдың перзенті Бибіажарды бауырына салып, асырап алады. «Сейітбектің қызы» атанып кеткен Бибіажар апаның Сара, Арыстан, Айша және Хадиша атты ұл-қыздары бар. Ал Ыбырайдың Омарынан Сүйінбек, Оспан, Асан, Әлішер, Дінмұхамбеттер тарап, әрқайсысы әр аймақта өз тіршілігін кешіп жатса, Ахметтен Нұржан мен Ержан деген екі бала қалыпты. Екеуі де Арыста тұрады, үйлі-баранды. Немере сүйіп отырған жайлары бар. Омар Ыбырайұлы көп жылдар бойы Кентаудағы шахтада тер төгіп, зейнетке шықты.
«Ал мен Кенбай ақсақалдың туған інісі Нысанбайдың тұяғымын. Үлкендерден естігенім бар, жас кезімде жадыма түйгенім бар. Менің шамалауымша, 1924 жылы туған Омар ол кезде 14 жасқа жаңа толған бозбала болуы керек. Жалпы жұрт жүрегіне үрей ұялатқан қанды кезеңнің жан түршігерлік жайттарын көз алдынан өткізіп, көңіл түкпірінде ұзақ жылдар бойы сақтаған Омар ағалары жайлы жүрек сыздатар сырын оңашалап бәрімізге ақтарғанда Ахметтің қағылез баласы Ержан естігенінің бәрін қағазға түсіріп отырыпты. Біз ес біліп, етегімізді жиып, қуғын көрген Кенбаевтар туралы мәлімет іздей бастағанымызда, әулетіміз тартқан тауқыметтің бәрі тарқата баяндалатын, бабалар турасындағы «Ақ сұңқарлар» деген кітабымды жазар шақта да, Мәдиұлы Тұрсын атты қазыналы қарияның шерлі шежіресін көп тыңдап өскен Ержанның жазбасы қажетімізге жарады. Сондықтан оның бұл әулеттік еңбекке қосқан үлесі зор деп білемін. Өйткені өксікті өмірді көп көрген біздің әулет шындап келгенде шашырап кетті ғой. Кейінгі ұрпақ көзін көрмесе де көңіліне тоқып жүрсін деп бұл кітапты бауырларымның бәріне де тарту еткенмін. Әлеуметке ұсынбасам да, әулеттің әжетіне жарар деген ой ғой менікі.
Бір ескерте кетерлігі, қуғын көрген Кенбаевтардың бәрі де жоғары білімді. Өз әкем Нысанбай да Ленинградта оқып, Мәскеудегі қызыл профессура институтында білім алған. Ал 1928-1932 жылдардағы байларды тәркілеу науқанына іліккен Мырзаханұлы Алтынбек атамыз менің білуімше 1875 жылы туған болуы керек. Сол аймақтың дәулеті тасыған бақуатты байы болумен бірге ауыл биі атанып, ел арасындағы дау-шарды ушықтырмай шешіп отырған Алтынбек биді алдымен нысанаға алған қоғамды «тау жауларынан» тазалаушылар ықылым заманнан ырысы тасып, арғы түп-тегінен бері тектілік пен тоқшылық шаңырағына құт болып қонған қадірлі қарияны Шымкент абақтысына қамап тастайды. Алты ай бойы азап шеккен ауылдың шежіре-шалы ақыр соңында аштықтан өліпті. Ал Мұсылман атадан тарайтын Тәшімұлы Әбсамат саудамен жұмысын жүргізген, базардың тілін білетін еті тірі кісі болғанға ұқсайды. Әкесі Тәшім тәркілеуді қалқан еткен қызылдардың тізесі бай-төреге бата бастаған тұста бастан құлақ садаға деп бар дүниесін бауырларына аманаттап, бір түнде Ауғанстанға қашады. Өзбекстанда өз дегені болмай, Тәжікстанда да ұзақ тұрақтай алмай ауған жеріне өтіп кеткен әкесі үшін баласы Әбсаматты қапасқа қамап, бір жұтым су мен бір үзім нанға зар қылып аштан қатырыпты. Өзіме тоқталсам, 1950 жылы өмірге келгенмін. Бір емес бірнеше дипломы бар жоғары білімді жанмын. Негізгі мамандығым – мұғалімдік. Талай жердің дәм-тұзын татып, бірталай қызметтің басын қайырдым», – деген Қайрат ағаның қисынды әңгімесінен де қиын-қыстау кезеңнің келбетін көруге болады.
Осы тұстан «контрреволюциялық ұйымның оңтүстіктегі тірегі» болған
Кенбаевқа қарсы қозғалған қылмыстық іске толығырақ тоқталайық. 1937 жылдың 15 маусымындағы Сейітбек Кенбаев турасындағы Ә.Досовтың мәліметіне сүйенсек, Шымкенттің басты шендісі партиядан шеттетіліп, қызметінен қуылған соң қалалық атқару комитетінің басшылығына М. Бражкин атты бөгде жұрттың өкілі бекітіліп, Таганский деген тағы бір келімсекке әлгі басшының орынбасары қызметіне обком бюросы кандидатурасын түгел құптайтын ұлты өзбек азаматын тез арада отырғызу қатаң бұйырылады.
Жалпы, Кенбаевтың үстінен жазылған құпия арыздарға қарап, Сейітбекті советтік үкіметке сезікті ету ісінің саяси репрессиядан бұрын-ақ басталып кеткенін байқау аса қиынға соқпайды. Мәселен, Сарықұлов Әбдітәліп атты Орта Азия өндірістік академиясының студенті жолдаған жасырын хатта: «Кенбаев жолдасты партияға адал, таза коммунист санау күпірлік болар. Түбіне үңілсең, бай-кулактың баласы болғандығы көрініп-ақ тұр. Әнебір жылы әкесіне астық дайындау салығын төлеуге салғырт қарағаны үшін 300-500 сом көлемінде айыппұл салынып, біршама уақытқа тұтқындалғанымен, қай құдайының қарасқанын қайдам, бұрынғы бай бұл бұғаудан да тез босап, қазіргі таңда қаннен-қаперсіз көршілес Өзбекстанның Піскент ауданында тіршілік кешіп жатқанын ұзынқұлақтан естиміз. «Коммунизмге адалмын» деп көп алдында көкіп жүрген Кенбаевтың өзі әкесімен әлі де тығыз байланысын үзбеген болып шықты. Дәлеліміз дайын. Жақында ғана әкесі үйіне келіп, қонып кетті», – деп бар білгенін жайып салған саққұлақ Сарықұлов 1932 жылдың 9 қыркүйегінде Ташкенттен тағы да Пролетар аудандық бақылау комиссиясына қосымша арызын жолдап: «… Жалған құжат жасаудан алдына жан салмайтын Кенбаев жолдас көп алдында ақталудан жалықпайтын жан екен. Сотқа сүйресең де сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Күмілжуді білмейтін куәгерлері де көп. Кенбаевтың асқан аферист, түйені түгімен жұтатын жемқор екенін жұрт білмесе де біз білеміз ғой. Жасыратыны жоқ, жолдас Кенбаев Орта Азиядағы «Қазмақтада» жауапты қызметте жүргенде қол астындағыларды да тыныш жатқызбай, түн жамылып машинамен мекемедегі азық-түлікті үйіне тышқаншылап тасиды. Күріш пен ұнды ұжданды ұмытып, қалталап емес, қаптап қымқырған Кенбаевтың бұл қисапсыз байлықтың біраз бөлігін мекеменің Келес пен Бостандықтағы бөлімдерінен алдырғаны да бізге аян.
Қоғамға жат қылмысы көп Кенбаевтың бұл былығынан партияның бұрынғы һәм бүгінгі жауапты қызметкерлері С.Қожанов, Б.Аралбаев, Т.Османов, И.Тоқтыбаев,
С.Бекбатыров, К.Сарымолдаевтар да құлағдар шығар…», – деп Сейітбекпен ғұмыр бойы сыйласып өткен ұлт тұлғаларын да улы тілімен бір түйрей кетіпті.
Дегенмен Сарықұловтың дауға ұласқан жоғарыдағы мәлімдемесі ауданды артқа тастап, облысты дүрліктіріп бара жатқан соң Кенбаев тағы да амалсыз қолына қалам алып, қарсы уәж білдіруге мәжбүр болыпты.
«Менің шыққан тегімнің қандай екені партияға бұрыннан белгілі. «Байдың ұлы» деген бос былшыл – бүйректен сирақ шығарушылардың шуы ғана. Әңгімені әріден бастайын, 1921 жылдары әкемнің қолында 100 қойы, 8 ірі қарасы болғаны рас. Аяқты мал өспеуші ме еді, сол қой 1930 жылға қарай 200-ге жетіп, ірі қарасының онға жуықтағанын да жоққа шығармаймын. Сол жылы әкемді ГПУ қызметкерлері ірі байлармен бірге тұтқындап, 2 аптадан соң жаңылғандарын айтып жазадан босатқанын да жұрт біледі емес пе? Болары болып, бояуы сіңген жайды жаңғырта бергеннен ешкімге мүйіз шықпайды. 1930 жылдың соңына қарай Мақтааралға қоныс аударған ардағым әлі де сол аймақта тұрып жатыр. Екі түйесінен басқа түгі де жоқ. Сондай-ақ ол кісі жайлы бос қаңқуды көбейтіп, «бұрын болыс болыпты-мыс» деп жерден жеті қоян тапқандай жар салып жүргендердің жел сөзі барып тұрған өтірік, өрге бастырмайтын өсек», – деп болған жайды бүкпесіз баяндағанымен, 1937 жылдың жазындағы жаппай жазалауда тыныш күннің өзінде көп түртпек көрген Кенбаев НКВД жендеттерінің көзіне тез түсіп, бұрынғы «айыбының» бәрі басына қара бұлттай төніп, «халық жауының қылмысы» қалыңдай беріпті. Ендеше, сол айыптауды анықтап оқиық.
«… Жаулығын жасырып жоғары қызметке қолы жеткен жолдас Кенбаев 1933-1934 жылдары билігі жүріп тұрғанда білгенін қылып, көмек ретінде көпке берілген азық-түлікті туған-туыстарына беталды таратып, талан-тараж қылған. Мырзалығы ұстап мемлекеттің астығын аштық қысқан байлардың да аузына салған. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген – осы. Өзі де байдың құйыршығы, барып тұрған ұлтшыл болған соң мұндайлардан не үміт, не қайыр? Көз алдында болып жатқан жайға көз жұма қараған обкомның осы мәселені жиналысқа салмағанын салғырттық деп жылы жауып қоя салу да жөн емес. Партиялық қырағылықты жоғалтқандардың бәрі де қатаң жазаға тартылуы тиіс. Одан бөлек, ұлтшылдық ұйымның ұясынан ұшқан Кенбаев қалалық кеңес құзырында тұрғанда басшылық қызметтің бәріне өз жақтастарын қойып, жалғанды жалпағынан басқан. Мысал керек болса айтайық. Солардың бірі – Сейітбектің сыр бүкпейтін досы, Қожановты құдайдай көретін, ұлтшылдығы ұшан теңіз, қалалық жер бөлімінің басшысы Бағызбаев дейтұғын бүлікші. Оның партияны ойыншыққа айналдырғанын да біз жақсы білеміз. Мәселен, «бағы жанған» Бағызбаев 1925 жылы әлдебір себеппен партиядан шығарылғанымен, артынша түк болмағандай ың-шыңсыз қайта кіріп алады. Ал 1934 жылы оның «Мирзоян» колхозында қоғамға жат элементтермен жақсы араласқаны әшкере болып, партиядан екінші рет қуылады. 11 ай бойы абақтыда жатса да, Сырдың суы сирағынан келмей, ел-жұртты аң-таң қыла тағы да ақталып шығады. Осының бәрінде құрығы ұзын Кенбаевтың құдіретті де қамқор қолдарының ізі жоқ деу жаңылғандық. Біз білетін бұлтартпас айғақ мынау: маңдайы тасқа тисе де теріс жолға түсуді тәуір көретін Бағызбаев басы бұғаудан босасымен-ақ Ташкентке төтелей тартып, Қожановпен кездесіп келеді. Елеусіздеу үйде екеуінің нені талқылап, нені жоспарлағанын ешкім де бал ашып болжай алмас, алайда сол сапардан салып ұрып оралған бойы Кенбаевпен кеңескенін, оның Шымкенттегі үйінде қона жатып қауышқанын қырағы жолдастар әлдеқашан-ақ бізге жеткізіп қойған. Біраз уақыт бой жасырғандай болып, қалалық кеңестегі екінші деңгейлі қызметті қомсынбай атқарған Бағызбаевтың да бір бармағы бүгулі екен. Көп ұзамай-ақ партиялылығы қалпына келтіріліп, қалалық кеңестің шешімімен жер бөлімі басшысының креслосына қонжия кетеді. Кенбаевтың «кереметтерін» түгелдей айтып тауыса алмаспыз.
Екіншіден, екі жеп биге шығуды жақсы меңгерген Бағызбаев қалалық кеңестің көтерем жылқысын «Мирзоян» колхозының жас тайына айырбастап алып, Кенбаевты да, қалалық комитеттің екінші хатшысы Мұқашевқа да соғым етінен сыбаға бөліп қарық қылған.
Үшіншіден, Кенбаевты аға тұтқан Сұлтанов деген сұм да қалалық кеңесті талайдан бері сағалап жүр. Ілгеріректе Сталин» атындағы колхоздың төрағасы болған тұста 25 жылқысын қасақана қырып алып, қылмысты болған оның ісі де «жазатайым жағдай» саналып, жабулы қазан жабулы күйінде қалып еді.
Төртіншіден, Атажанов деген аферисі де кеңқолтық Кенбаев ұзақ жылдар бойы қанатының астына алып, басынан сөз асырмай, үстінен құс ұшырмай қамқор болып келді. Айтқаны болған Атажанов та қарап қалмады. Қоғам мүлкін қара басына жұмсап, 1934-1935 жылдары бір емес, бес рет үстінен іс қозғалды. Халықтық соттың сойылын белінен баса сындырып, қозғалғалы тұрған қылмыстық істі орта жолда-ақ тоқтатып тастаған тірегі мықты Сейітбектің «Атажановты соттайтын болсаңдар, алдымен мені соттап алыңдар!» деп сес көрсеткені де күні кеше ғана. Артынан өрген арыздан ақыры қызметінен кеткен Атажановтың қылшығы да қисайған жоқ. Кешірімшіл Кенбаев оны көпке созбай Қатынкөпір ауылдық кеңесінің төрағалығына бекіте салды. Төраға болып та тыныш отырмаған Атажанов ақыры аңдамай жүріп абыройдан айырылып тынды. Басбұзарлығымен бір жылға істі болған бұрынғы төраға көп өтпей тағы 2 жылға сотталып кетті. Сонда да Сейітбек Кенбаев сотқа сырттан қысым көрсетуін, прокуратураға пәрмен беруін қоймады. Жасыратыны жоқ, жоғарғы соттың алдында жауапкер болған Атажановтың бұл жолы да ісі оңға басып, Қазақстанның 10 жылдығына орай амнистияға ілінді. Ол аз десеңіз, көреген Кенбаев Атажанов сынды жан досының абақтыда жатқанына қарамай, «жаудың» жанұясын қызғыштай қорғап, 2 айлық жалақы мөлшеріндегі ақшаны қалалық кеңестің шешімімен аудартып берді.
Бесіншіден, ол кезінде кеңеске қарсы оқ атып, Созақ көтерілісіне қатысқан Дәуітбаев деген қаны бұзық адамды қалалық кеңеске жұмысқа алды. «Мұның не?» дегендерге міз бақпай, мән-жайды да ұғындырмай, көпке дейін «күдікті кадрдан» қол үзбеді. Ақыр аяғында айғайы көп арыздардан аяқ алып жүре алмауға айналғасын Дәуітбаевты «өз өтініші бойынша жұмыстан кеттіге» келтіріп, бұл істің де соңын сиырқұйымшақтатып жібереді.
Алтыншыдан, тағы да қалалық кеңестің шешімін қалқан етіп, Созақ көтерілісіне қатысқан байдың ұлы Жақсылықов деген жақсылығы жоқ «жаудың ұрпағын» қалалық сақтық кассасының меңгерушісі етіп бекітеді. Басқан ізін білдірмейтін, соңында сезік туғызар ештеңе қалдырмайтын контра Кенбаев «құп, тақсырлап» айтқанынан шықпайтын қарамағындағы Макаров, Тілегенов, Бабаханов сынды қолпашшыл қызметкерлеріне күні бұрын дайындалып қойған оңды мінездемеге қол қойдырып алып, Жақсылықовты ары да, жаны да таза, сүзгіден өткен сыралғы маман етіп көрсетуге көп күш салады. Алайда өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. 1937 жылдың ақпанында айдарынан жел ескен Жақсылықов ақыры тұтқындалды. Ұлтшылдық-диверсиялық ұйымға дем берушілердің жаппай жазаға тартылып жатқандығы туралы әр жерден тараған жайсыз хабарлардың тым үдеп кеткеніне қарағанда Кенбаевтың да күні батуға таяп қалды-ау…», – деп Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасын негізсіз айыптаған құпия құжаттардың бәрін құзырлы органдарға жіберіп, Оңтүстіктің озық ойлы қайраткерін жазықсыз оққа байлайды. Заманы төндірген зауал
Кенбаевтың артынан ерген алты бірдей бауырын да қуғынға ұшыратып, құрбан етіпті.
Шынтуайтына келгенде, «Шындыққа қиянат жасамауымыз керек» деп сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтқандай, сталиндік сүргіннің сыры ашылып жатқан бүгінгі азаттық дәуірінде Кеңестік Қазақстан тарихына жаңа көзқарас қалыптасып, саяси репрессияға да шынайы баға беріліп жатыр. Демек, Сейітбек Кенбаев секілді келешек қамы үшін кеудесін оққа төсеген ұлт тұлғаларын ұрпаққа таныту ісінде де іркіліс болмауы керек. Себебі Ұлы дала тарихы – қай кезде де ұрпаққа үлгі, ұлтқа қазына.
Асан ҮСІПОВ,
Ғалым ҚАСЫМХАН,
М. Әуезов атындағы ОҚУ,
Жоғары оқу орнына дейінгі
дайындық орталығы оқытушылары