Берке хан (Тарихи дастаннан үзінді)
Шаяхмет Алжамбаев
І
Жыр басы
О,туған өлкем, далам гүл!
Мен де бір сенің балаңмын.
Өзіңнен өсіп-өндім де,
Өзіңнен қуат, нәр алдым.
Дәл сендей мекен таба алман,
Төрт бұрышынан ғаламның.
Тартасың мені өзіңе
Жақұттай жайнап ажарлым.
Төзімісің сен әкемнің,
Сезімісің сен анамның.
Жер бетіндегі өзіңді,
Жұмағыма балармын.
Куәмін өткен ғасырдан
Айқын ғой жолың маған бұл.
Зардабын тарттың сен талай,
Саясат деген тажалдың.
Өзіңмен бірге мұңайып,
Өзіңнен тағы алам нұр.
Сайқалдай сусып бүгінде
Құбылуын-ай заманның!
Алаңмын соған, алаңмын!
Қитұрқылығы қоғамның
Көңілге жүдеу салар мұң!
Ұрпақтың ойлап ертеңін,
Дерті ұлғайды жарамның.
Тіліңнің, дінің, салтыңның,
Тағдырына да алаңмын.
Не болар күйі Балқаштың,
Не болар күйі Аралдың?
От құшып Семей, Азғыр да
Полигон уы таралдың.
Кеміс боп туды мүшесі,
Өмірге келген балаңның.
Шетелге кетті байлығың,
Қайтарып енді алар кім?
Тәуелсіздікке жеттім деп,
Тәуелсіз күнде таландың!
Тәуелсіз күнде халқым-ай,
Зардабын тарттың залалдың!
Алаңмын соған, алаңмын!
Алаңмын соған, алаңмын!
Бүгініңнің шындығын,
Біз болмасақ жазар кім?
Шындығыңды жазбасам,
Ақын боп қалай қалармын?
Жас ұрпақ оқып біле жүр
Біреулер мейлі тағар мін.
Жырымның басын бастадым,
Сарыны тербеп бабамның!
Тербесе баба сарыны
Қас тұлпар болып шабармын.
Тау өзеніндей арқырап,
Тасқынды сел боп ағармын.
Толғадым бүгін толғадым
Сөзімнің ұққын зор мәнін.
Тарихыңды біл жас ұрпақ,
Әріден сөзді қозғадым.
Алтын Орда аталған
Мемлекеттің болғанын.
Тарихты бүркеп отаршы ел,
Жасырып келді ол жағын.
Мұны да ұрпақ болжағын.
Шығыс-Батыс бағынған
Болаттай еді қорғаның.
Алты айда жүріп жете алмас
Байтақ ед жерің, орманың.
Сұңғыла еді хандары,
Көрмеген күйттеп өз қамын.
Мойындаған алыптар,
Өзінен мықты зор барын.
Шын тарихты көмгенмен,
Бүгінде болды ол мәлім.
Назар сал енді оқушым,
Айтайын ептеп сол жағын.
Айтайын Берке жайында,
Бір ханы Алтын Орданың.
ІІ
Арпалыс
Ертеңінің болжай алар жолын кім?
Әп-сәтте ғой өзгеруі өмірдің.
Князь қызы Наталия сұлудың,
Шағы еді бұл жайнап тұрған көңіл гүл.
Сол сұлуды бойын түзеп түлеген,
Берке Ордаға алып келді түнере.
Шақырды да бір құлына бұйырып:
– Кіріс, – деді, – құйрығына дүреле!
«Дүреле әбден шыңғырса да қиналма!
«Лә-ил Алла!» деп тілін келтір иманға.
Түннен қалмай қабылдасын Исламды
Хақ жолымен некемізді қиғанға!
Бәйбішедей дей алмаймын жар таптым,
Маған тіпті таңсық емес бал-тәттің.
Жолын кесем Алтын Ордам үшін мен,
Кәпірменен кәпір болмақ Сартақтың!*
*Сартақ сол кездегі Алтын Орда ханы.
Бату ханның ұлы
Деп құлына тапсырды да бір істі,
Зілді Берке тысқа қарай жылысты.
Жарқ еткізіп, аппақ санын жас қыздың
Құл әнеки дүрелеуге кірісті.
Мама,мама!.. Жас қыз ұзақ шыңғырды,
Бұйрық солай тоқтатады кім құлды?
Сәл дамылдап қайта бастап тозағын,
Ақырында өз шаруасын тындырды.
Дауылға гүл шыдаған ба, сірә да?
Көнді, жас қыз батса-дағы күнәға.
Діні басқа, тілі басқа болса да,
«Лә ил-Алла»-ға тілі келді түн ауа.
Таңнан ашу құрыстырған шекесін,
Әлдекімге мырс етті де кекесін.
Берке дереу бір ишанды шақыртып,
Наталимен қидырды ақ некесін.
Қызды қинау болса-дағы ерге мін,
Бір арманы іске асқандай болды оның
Осы керек, осы керек Сартаққа,
Ұлыс* үшін таба алмаған оң жолын!
*Ұлыс деген атау ол кездерде тек Шыңғыс хан ұрпақтарына қарата айтылған.
Сорлы Сартақ сенен қанша өтіндім,
Жақын емес жатқа барып қосылдың.
Крест таққан туыс болдың кәпірмен,
Соның дінін қабылдадың, шоқындың!
Сенің мұндай арам ойың құрысын,
Мұның бәрін істеп жүрсің кім үшін?
Сатқындықпен Орусутқа*қоспақсың,
Шалқып жатқан Алтын Орда Ұлысын!
* Орусут-Ресейді Алтын ордалықтар осылай атаған
Өз туысың өз кеудеңе тепкенде,
Қалай ғана оянбасын кек менде?
Христиан екеніңе мақтанып,
«Мұсылмансың!» деп өкпе айттың өткенде.
Қарамадың тамырда аққан қаныңа,
Жат пиғылың батты менің жаныма.
Бас имеген ұрпағы едік Шыңғыстың,
Осы сөзің тиді менің арыма!
Сенің арам ниетіңнен шошыдым,
Басқа түсер деп ойлап па ем осы күн.
Алтын Орда Туын көкке көтерген,
Осы ма еді таңдар жолы Жошының?!
Жо-жоқ, оның таңдағаны бұл емес,
Таптамақпыз көрсетсе егер кім егес!
Біздің мақсат өктемдігі ерлердің,
Жалтаңдаған құл емес!
Әкең сенің әрі дана асыл да,
Осы жолды таңдап өткен Бату да.
«Өлтір!» деген үкім шықса мен саған,
Жебені де қимас едім атуға.
Жалған келіс жасасасың әркіммен,
Ойнайсың ау, ойнайсың ау, тағдырмен.
Кәпірлікпен сен таңдаған аруды,
Мұсылман ғып, қатын етіп алдым мен.
Озбырлыққа сана мейлің мұны дәл,
Мықты болсаң, ал қанеки жұлып ал!
Мұсылман ғып, қатын етіп алдым мен,
Қыларыңды қылып ал!
Осыны айтып Берке ашумен сүзіле,
Көз қадады Наталидің жүзіне.
Алтын шашы толқындаған орыс қыз,
Ұқсап кетті нақ раушан гүліне.
Қызға, тіпті түсініксіз сөздері,
Салты да өзге, өзі де өзге, өзге елі.
Бойында үрей қолға түскен еліктей,
Мөлтілдейді аспан тұнық көздері.
Тұрды Берке бойда лықсып бір ағын,
Бұдан әрі тыя алмады шыдамын.
Наталиді ақ төсекте умаждап,
Қандырды-ау бір кұмарын…
Ал Натали өксіп-өксіп жылады,
Жылағанмен кімге артады кінәні?
Сосын, бір сәт бал-бұл жанып ақ жүзі,
Беркенің ол құшағына құлады.
Ақсүйектік бойында бар бір әдеп,
Күлімдеді жаңа өксіп жылап ед.
Тояттап ап Берке салды хабаршы,
– Бар, Сартақтан «сүйіншісін»сұра! – деп.
Сартақ зәру болмаса да қатынға,
Сұлу көрсе салмай-тұғын ақылға.
Наталиге Суздальдағы құмар боп,
Құда түсіп қайтқан еді жақында.
Князь қызы түрі, ақылы сай бәрі,
Қосылуға берік еді байламы.
Сартақ естіп шалт қимылын Беркенің,
Өкініштен тек бармағын шайнады.
Иесі еді ол, Алтын Орда тағының,
Байтақ елге жүргізіп тұр әмірін.
Андасы* еді Александр Невский,
Енді тіпті тереңдетпек тамырын.
*Анда –тамыр, достық деген мағынаны білдіреді
Шыңғыс ханның жасысы* да қалды әрі,
Бату ұлы басқа жолды таңдады.
Таяз Сартақ ойлай алмас әріден,
Русьпенен қосылмақ бар арманы.
*Шыңғыс ханның жасысы – ол шығарып кеткен бәріне ортақ заң, кодекс деген мағынаны білдіреді
Бәрін қосып өзінше ортақ шеп құрмақ,
Онда қалай алауыздар тек тұрмақ?
Күні ертең-ақ қуат алып князьдар,
Бүкіл Ұлыс кәпірлікке бет бұрмақ.
Елді билеп, жинай берсе салығын,
Талтаң басып құра берсе сауығын.
Сартақ үшін бұдан басқа уайым жоқ,
Арам ойы толғантпады жауының.
Ақылдасып келіспеді еш істі,
Тіпті ағайын, туғанымен шекісті
Ақ Еділде Берке екеуі жолығып
Біржолата ат құйрығын кесісті.
Жатқа бұрып Ұлысынан бөлінген,
Ұрпақ үшін тең ғой, тіпті өліммен.
Беркеменен жолыққан соң ұзамай,
Қан құсты да өтті Сартақ өмірден.
Сартақ өлді.Қалды сұлу жары да,
Сартақ өлді алып елдің бағына.
Хан сайланған көп тұрмады Ұлықшақ,
Берке отырды Алтын Орда тағына.
ІV
Константинопольды бағындыру
(1265 жыл)
(Бұл жылдарда Византия императоры Михаил Палеолог еді)
Кеме жүзген қарсылы да ерсілі,
Босфор еді Византия меншігі.
Әдейі ұстап қамауға алды бірде олар,
Мысыр жақтан келе жатқан елшіні.
Елшіні ұстау сыймайды-ау, еш ұғымға,
Мұндай әдет болған емес бұрында.
Елші жігіт есімі оның Әл-Масуд,
Босфор жүзіп өтпек еді Қырымға.
Мысыр, Қырым, Алтын орда үш елі,
Достықта еді ол ғаламат күш еді.
Қызғаныштан сол елшіні қаматқан,
Құлағудың зымияндық ісі еді.*
*Құлағу–Шыңғыс хан ұрпақтарының бірі
Бұл Құлағу Бату ханның тұсында,
Алауыз боп түскен еді қысымға.
Алғыйменен одақтасып бұл күнде,
Енді ауызын салмақ болған Мысырға.
Түсемін деп ойлады ма ол үстем,
Енді алыспақ Бейбарыстай барыспен.
Мәмүліктер әскерімен ойнады ол,
Ойнады-ау ол найзағайлы намыспен!
Ер Бейбарыс – күллі Мысыр қорғаны,
Елші ісіне бұлқан-талқан болмады.
Талап етіп Константинопольге,
«Босат!» деген наразы хат жолдады*.
*Бейбарыс Византия императорына
Нота жолдаған
Сонау-сонау Мысыр алыс демесе,
Бейбарыс пен Берке іс қылған кеңесе.
Палеолог қамаса оның елшісін,
Берке оған жібермекші неге есе?
Ол да арыстан мінді, міне ашуға,
Уақыт жоқ көп ойланып жатуға.
Сарайына ер Ноғайды шақыртты*
Бұл бір істі салу үшін ақылға.
*Ноғай –Жошының бір ұлы
Буалдың немересі
Мұндай сәтте көп күттіру жарай ма?
Қас-қағымда жетті Ноғай Сарайға.
Берке сөзін бастап кетті сәтінде-ақ,
Гүжілдеген үні кетіп маңайға:
– Айлағында ойқастаған сан кеме,
Бұл Палелің, салмақ бізді әуреге!*
Сорлы қарға ойнап жүр-ау, бүркітпен,
Мойнын бұрап келтірейік Тәубеге!
*Палел,Палилак–Алтын ордалықтар император Михаил Палеологті
көбнесе осылай атаған
Бұл не сонда бізді осал санау ма?
Әлде бізге жоғарыдан қарау ма?
Бейбарыстай арыстаным жіберген
Әл-Масудты ұстап отыр қамауда!
Әлде бізді ақымаққа теңей ме?
Мынау бізді басынғандық емей не?
Елші деген – жан емес пе бейтарап,
Мұның атын заң бұзғандық демей ме?!
Еларалық заңды аттауға болмайды,
Заң бұзғанды басқа ел қалай қолдайды?
Маймыл болып, жолбарыспен ойнаған,
Палель, сені күтіп тұр-ау, зор қайғы!
Жо-жоқ, бұған төзе алмаспыз біз енді,
Сен ойыншық санамағын Ұлы елді!
Сорлы Палель, доп қыламын басыңды,
Жарық күннен үмітіңді үз енді!
О, Бейбарыс!
Мәмлүктен әскеріңді түздің мың,
Кең Мысырға билігіңді жүргіздің.
Қанымыз бір екі әлемде тұрсақ та,
Өзіңменен күшіміз де бір біздің!
Дұшпандықты ешқашан да кешірме!
Мейлі жат жұрт мені жауыз десін де.
Ер Ноғайым, бұдан әрі төзе алман,
Мен көп ойлап келдім осы шешімге.
Зеңбіректер доп атар деп қорықпа.
Біздер үшін жау тосқауыл болып па?
Өзің бастап Дешті-Қыпшақ әскерін,
Таң азаннан аттаныңдар жорыққа!
Аттаныңдар, ордам үшін бүгін сын,
Аямаңдар жау жанынан түңілсін.
Бұзып-жарып қаһарыңмен қалтырат,
Сорлы Палель аяғыңа жығылсын!
Аттаныңдар ал оң болсын сапарың
Палельді ұста, қиратпаңдар шаһарын.
Бұл пақырлар бір кездері бас ұрған,
Ұмытқан- ау, Еділ патша қаһарын!
Дешті-Қыпшақ кілең сарбаз ержүрек,
Аттаныңдар кідірмеңдер енді көп.
Бізге құқай етпек болған ол елдің,
Аспанында Туымызды желбірет!
Аттаныңдар, кідірмеңдер енді көп!..
Тұяқтардан тітіреніп жер төсі,
Кілең ерлер көтеріңкі еңсесі.
Ноғай бастап Дешті-Қыпшақ әскері,
Кек алуға жауға аттанды ертесі.
Арт жағында будақ-будақ қалып шаң,
Қалтырар жау көрген кезде-ақ алыстан.
Кең даланы дүбірлетіп барады,
Арғымақтар ауыздықпен алысқан.
Шаңға бөкті тау, төбелер қыраттар,
Серпіл дала ерлік жайлы күй ақтар.
Салтанатпен қара жердің төскейін,
Барабан ғып соғып барад тұяқтар!
Жымысқылық ұшқыны ойнап көзінде,
Феодосий* тұрмаған соң сөзінде.
Дәл осылай тітіреткен бұл жерді,
Еділ патша сонау ғұнның кезінде.
*Біздің заманымыздың 447 жылы сол кездегі Византия императоры
Феодосий Аттилаға салық төлеуден бас тартып,
оны астыртын елші жіберіп улап өлтірмекші болғанын сезіп қалып,
Аттила қалың қолымен Константинопольге басып кірген
Палеолог ғаріп халің,
өкінгін,
Басыңды аман алып қалғын, шоқынғын!
Ноғай қолы жаныңды алар жетті әне
Іргесіне Константинопольдің!
Жойқын селдей Дешті-Қыпшақ әскерін,
Тосқауыл боп тоқтата алар әсте кім?
Палеолог есі кетіп қалтырап,
Үрей билеп, тастай сала қашты елін.
Жанұшырып бір сарайға тығылды,
Міскіндігін енді ғана ұғынды.
Әл-Масудты алдырды да қамаудан
Дереу оның аяғына жығылды.
– Жаңылыстым, жаза бастым мен бейбақ,
Бұл жолғы ісім еш ақылға қонбайды-ақ.
Ноғайменен келейінші бітімге,
Бір амалын тапшы өзің, енді ойлап…
Елші, әрине тұрды бір сәт толғанып,
Қантөгістің болатынын сезді анық.
Қол жеткізу үшін бейбіт бітімге,
Жүз көрсетті ер Ноғайға тез барып.
– О, бауырлар, мен мұнда өзім кідірдім,
Сән шаһарды қызықтадым, қыдырдым.
Император білдіруде сіздерге,
Дос екенін бүкіл Шығыс Ұрымның.*
*Ол кезде Византия–Шығыс Рим империясы деп аталатын
Әскері де демалсын деп дамылдап,
Бәрін сайлап шабылудай шабылды-ақ.
Сарайында күтіп отыр дәл қазір,
Сый тартпақшы өздеріңді қабылдап.
–Уа, елшім, жүдеулеу ғой жүзің тым, –
Деді Ноғай білгісі кеп сырын шын.
–Біз барғанда өзің куә бол онда,
Император аяғыма жығылсын!
Осыны айтып жүзі қаһар толы ыза,
Ноғай бастап ерді елшінің соңына.
Палеолог ләббайлады елпілдеп,
Енгеннен-ақ Ноғай батыр тобына.
Ләббай-ләббай сол ләббайдан танбады,
Ләббайлаудан басқа амалы қалмады.
Қаһар тажал төбесінен төнгенде,
Олжа емес пе жанның аман қалғаны.
Ләббай-ләббай, ләббайлаудан танбады,
Тіпті салық төлеуге де әрдайым.
Берке ханға жазбаша хат арнады.
Әл-Масудты бірге алып қайтты олар,
Орындалып, Берке ханның арманы.
V
Соңғы жорық
(1266 жыл)
Шыңғыс хан мен Жошы хандай күшті алып,
Жалғастырды жолын Бату ұстанып.
Ол да өлді, арасына Ұлыстың,
Алауыздық жегі құрты түсті анық .
Бір-біріне жөн-жосықсыз киліксе,
Ынтымақсыз келешектен сый күтпе.
Татулықтың шырқын бұзды Құбылай,
Ие болмақ өзі ғана билікке.
Бір бірімен араздасып, арбасып,
Қайду менен Алғұй кетті жауласып.
Ал Құлағу алысты Арық Бұғымен,
Жақынымен болмашыға дауласып.
Арық Бұғы Қарақорым жақтағы,
Қасарысып отыр хандық тақта әлі.
Бәрі жаппай исламдыққа бет бұрған,
Оларға тым Алтын Орда жақпады.
Алтын Орда әлемге аты танылды,
Рыцарлық батыс та оған жағынды.
Салық төлеп Франция королі,
Литва да Польша да оған бағынды.
Ал Ұлыста алауыздық құтырған,
Хан Берке еді ынтымақты ұсынған.
Мазалы ойлар жанын қинап жүргенде,
Сәлем жетті Бейбарыстан, Мысырдан
«Мәлім – депті ол, – бізге ерлігің, жеңісің
Ұлғайта бер Алтын Орда өрісін.
Жорық баста біз де өзіңді қолдаймыз,
Қап* жақтағы мұсылмандар елі үшін.
*Қап тауы-Кавказ таулары
Жақсы ісіңді халқың әркез ұлықтар,
Араша түс, қорлық көрсе туыстар.
Кесірінен тифлистік патшаның,
Езгіде отыр алан, хазар құмықтар.
Осыларды салдым мен де ақылға,
Көмекке әскер аттандырам жақында.
Түменіңе қосылады олар да»,
Деп жазыпты Беркеге арнап хатында.
Нықтау үшін Алтын Орда хандығын,
Қапқа Ноғай аттанған-ды сәл бұрын.
Бір айқаста алыпты ауыр жарақат,
Ол жақтағы жағдай қиын дәл бүгін.
Ноғай қолы қоршалыпты жан-жақтан,
Жайсыз хабар алды тағы Қап жақтан.
Жету керек кідіруге болмайды
Өзі бастап қалың қолды бармақ хан.
Арадағы ынтымағы күмәнді,
Қап патшасы Давид еді сыралғы,
Көп ойланып, көп толғанып Берке хан,
Бейбарыстың ұсынысын құп алды.
«Алтын Ордам, әлемге әйгі бар атың,
Сен – қорғансың бәрі пана табатын.
Қырым асып, Қапқа билік жүргізіп,
Ұлысымыз жаю керек қанатын.
Бейбарыстай алапатпен біріксек,
Мысы басып біздерді кім ірітпек?
Алып күш боп жұдырықтай түйілсек.
Нығаймай ма, қанат жайып Ұлыс тек.»
Осыны ойлап, Берке тыным таппады,
Толғантпады оны жеке бас қамы.
Тәуекел деп, өзі бас боп ақыры,
Қалың қолын Қапқа қарай бастады.
Аттан! – деген хан Беркенің шықты үні,
Тоқтата алар қандай қарсы күш мұны?
Жолындағы «тізеліні бүктіріп»,
Бір жойқын лек Қапқа қарай лықсыды.
Атой салып, алды талай шепті олар,
Жауды жеңбей ұрыс қалай тоқталар?
Берке бастап сансыз әскер арындап,
Кура* өзені бойына да жетті олар.
*Кура–Кавказдағы өткел бермес асау өзеннің бірі
Дәм таусылып, келсе егер кезегі,
Соңғы сәтін пенде қайдан сезеді?
Алтын Орда Туы көкте желбіреп,
Тифлиске таяп қалған кез еді.
Өлшеулі өмір ерте-кеш пе өтеді,
Өлім хақ қой бір күн оқыс жетері.
Берке кенет ат үстінен теңселіп
Құлай берді, сүйеді кеп нөкері.
Пенде міскін болса-дағы тым асқақ,
Құдіреттің бұйрығынан кім аспақ?
Көк аспанға қадалып қос жанары,
Берке әзер тілге келді бір-ақ сәт.
–Хош, хош енді, Алтын Ордам еңселім!
Айбарыңды асқақататтым мен сенің.
Алтын Ордам, құламашы сен мәңгі!
Осы болды соңғы сөзі Беркенің.
Ақтық демі бірге шығып сөзімен,
Нұры семіп, сөне берді көзінен.
Бар Ұлысты аманаттап Ноғайға,
Қайран Берке, жүріп кетті тезінен.
Өлді Берке.Төкті бәрі көз жасын,
Көңілдерді бұлт басып қорғасын.
Жылжыды әскер хан денесін көтеріп,
Бетке алды да Берке сарай ордасын.
Жылжыды олар түнде жүріп, таң жүріп,
Ұзақ жолды артта солай қалдырып.
Елге жетіп Берке ханның денесін,
Мекеніне қойды әкеліп мәңгілік!..
Алматы, 2024 жыл, қаңтар
ПІКІРЛЕР1