Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «БІРІ – АҚЫЛ, ПАРАСАТ, БІРІ – ДАРЫН!»
Баяғының адамдары «бәленше деген ханның тұсында бір ақын болыпты» деп бастамаушы ма еді әңгімелерін, біз де әфсәнамыздың «бісмілләсін» солар сияқты баяндасақ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Жамбыл облысының әкімі болып тұрған кезінде Тараз қаласына Алматыдан ақындар отбасына құрмет көрсетіп, көшіріп алды.

Ақындар отбасы болғанда, көш иелері «Алматының тау жағы – таңғажайып» деп жырлаған және Жаратушы иеміз осы қыздарың халқының мақтанышы болсыншы дегендей қазақтың алақанына аялап тұрып салып бере салған Күләш Ахметова мен жары, ол да ақын Қайырбек Асановтың өздері еді. Сөйтіп, ақ апам, ақын апам қасынан бір елі ажырамайтын жары Қайрекең екеуі №12 шағын ауданға қоныстанды.
Бозбала кезімде Үшарал жаққа нағашылап барғанымда сәулетіне көз сүйсінетін көне мешіттің күмбезінің үстіндегі үлкен ұяны, сол ұяны мекендеген әп-әдемі дегелектерді (ләйлектерді) көріп, қатты қызығушы едім. Жамбылына оралған қос ақын да маған сол ұшқан ұясына қайта оралған қос ләйлектің жұбын есіме түсірді.
Ол кезде:
Таңдай ақшыл жарасып
көйлектерің,
Тәнмен сезіп ұзақ жол бейнеттерін.
Жапония жері ме, Африка ма,
Қай аралдан қайттыңдар,
ләйлектерім!
Ескі күмбез – ежелгі заман көзі,
Прогресс күшіне алаң кезі.
Төбесіне сендерді ұялатып,
Ой салғандай асыққан адамға өзі.
Қиқуына құстардың дала құштар,
Әуе, жерді толтырған өр ағыстар.
Қашандағы бүркіт аз, жапалақ көп,
Жалп-жалп ұшып жүр тағы құстар.
Тәкаппарлық керек-ау таңғаларға,
Кербез құстар кеткенде сән алар ма?
Биік таңдап жатпай-ақ,
күлге қонған
Жыным келіп қараушы ем
қарғаларға.
Жаңбыр жауса, жуылып
әйнектерім,
Жаңа жырға толады жан дәптерім.
Көз жазып қап,
Көп жылдар күтуші едік,
Келдіңдер ме, аяулы ләйлектерім!
Көріп алыс елдердің тұрмыс, халін,
Біздерді аңсап күндіз де,
түнде ұшқаның…
Төркіндеген қыздардай
сағынышпен,
Еркіндеңдер ерекше, жыл құстарым!
Мейірімге арналып алғыстарың,
Ескерткіші еді қалдырған соңғы
ұстаның
Мұнараның басынан
Мұңға шомып,
Қарайсыңдар, азайған паң
құстарым!
Ұзамаңдар айналып жиі елеске,
Қанатымен құсты құс сүйемес пе?
Мұздай болып құтты ұя бос
қалмасын,
Ұя деген құстардың үйі емес пе?
Ұшырамын сендерге ой кептерін,
Биіктерде тұрыңдар билеп керім.
Кең даламның бақыты толық
болсын,
Кетпеңдерші, киелі ләйлектерім! –
деген ғажап жырдың иесі Күләш ақын күндердің күнінде туған жеріне кеп түтін түтетеді деп ойлаппын ба?!
Әдебиет деген әлемге аттап басқаннан «Таланттар ауылда туып, астанада өледі» деген қиқарлау қағидаға құлдық ұрып қалған көңілді, ақ апамыз, ақын апамыз жан жары Қайырбек екеуі бір күнде быт-шыт қылады емес пе өстіп.
Ақындардың көшіп келгенін кім қалай қабылдағанын қайдам, өз басым қазағына ұсынар жауһар жырларымен миллиондаған жүректерді баурағаны былай тұрсын, соңынан ерген іні-қарындастары мен ұл-қыздарына айтар ғибратты ғақлиясы да мол, аты-жөні мен атақ-даңқтары алты алашқа белгілі ақындардың облыс орталығының тұрғындарына айналғанына қатты қуандым. Оқыған, тоқығандарын ортаға салып, пайымды пікірлесе білетін білікті адам тапшы кезде, бұл жаратушы иеміздің бере салған таңғажайып сыйындай болды деп те тәубе еттім. «Облыста тұратын ақындарыңның көш басында кімің бар?» дегендерге, бір ақ апамыздың өзі-ақ мың ақынға татитынын айтып, бір марқайып қалатын болдық-ау деп масаттандым.
Неге өйтпеймін, өзіңіз оқып қараңызшы:
Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік
Ай астында,
Жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана! –
деп осыған дейін бір ақын айтты ма?!
Иә, «Қазақтың жауы – қазақ!» дегенді айтты, оны оқыдық, оқымағандар болса, естіді. Кей жағдайда оның да шындық, оның да рас айтылған сөз екенін мойындадық. Оған куә болып та, тіпті өз басымыздан өткеріп, дүниеден баз кешіп кете жаздап та жүрміз. Бірақ…
Бірақ… жау іздеп, дау қууға тоқтау салатын «Қазақты жамандама, қазақ бала!» деп, жанұшыратын уәлі сөз иесі де керек емес пе, қауымға?! Бұл сөзді де, сөздің иесін де кешегі Бұқар жыраудайын бабалар толғап кеткен жауһар жырлардың сарқыты десек те қателеспейміз. Жиырма төрт шумақ өлеңнің кез келген жерінен керегіңді алып, кәдеңе жарата беруіңе болады.
Тарихын зерделесең, зерікпес ең,
Танырсың, тағлымына еліктесең.
Қазақтың атын қорға, қазақ бала,
Ешқашан өз еліңді кемітпе сен! –
деген шумақтағы шүйгінге бас қойып, масайрап отырғаныңда:
Мінсізбіз дей алмаймыз, мініміз көп.
Мұңсызбыз дей алмаймыз,
мұңымыз көп.
Шығайық
Басымызға бұлт жуытпай
Біріміз біріміздің күніміз боп! –
дейтін жолдарды оқып отырып, шындықты да майдан қыл суырғандай ғып жеткізуге болатын ақындық шеберлік пен ақындық абыздыққа сүйсінесің.
Қазақ ақындары қай заманда да қазағын жырлаумен өткен. Арыдағы Ақтамберді, Бұқар, Шортанбайдан бастап, берідегі Абай мен Жамбыл, мұндағы Мұқағали мен Фариза, Қадыр, Тұманбай – бәрі-бәрі қазағым, халқым деп өтті. Бірақ әрқайсысының үні бөлек, тілі ерек болды.
Мысалы.
Қызықпа, лауазымға, алдамшыға
Мансаптың ақыр түбі жалған, сірә!
Жаман ба осы бейбіт заманымыз,
Шаруақор ауылдағы шалдан сұра!
Немесе:
Тұлпардың тұлпарлығын бәйге
анықтар,
Туғызған таланттар мен ойлы
алыптар,
Тегі – асыл, есігі – ашық, асы – тегін,
Қазақтай жомарт, батыр қай
халық бар?!
Сондай-ақ:
Бабадан қалған нақыл, өсиет – күш!
Бола ма бөлінуден қасірет тыс.
Тас түйін бірікпесе ерлерге серт!
Қазақтың тұтастығы –
қасиетті іс! –
деп жырлаған ақ апам да сол асылдар қатарынан.

***
Тағы ақындар отбасының көшіне оралайыншы.
Ойлағанымдай болды, ақ апамның көңілі қандай кең болса, пейілі де сондай шалқар екен. Ұялы телефоным «әндетіп» қоя берген кезде қарасам, не Қайырбек көкемнің, не Күләш апамның аты-жөндері шыға келеді. Көбінесе ақ апам телефон шалады. Қазір не дейтінін де алдын ала біліп тұрам. Өйткені ақ апам әңгімесін әрдайым «Көсемжан…» деп бастайды да, газетіме риза боп оқып жатқанын айтып келіп, аяқ жағын «үйден тамақ жеп кет» деп аяқтайды.
Өзі телефон шалып, Қайырбек көкем екеуі дастарқанына шақырғанына қуанып, «мақұл, әпке» десем де, бір жағынан ұялып тұрам. Қуанатыным, түсінікті шығар, Ал ұялатыным… шақыратын ылғи ақ апам да, қонақ боп баратын ылғи біз – жазушылар, ақындар, журналистер…
Жүрегінің кеңдігінен шығар, ақ апамыз ешқашан «шаршадым» деп қабақ шытпайды, сөзін де «елімізде анау жоқ, мынау аз» деп бастайтындар сияқты емес, Әбіш абыздайын (Кекілбаев) сабырмен, парасатпен және өзінің елді береке-бірлікке үндейтін жырларындағы жібектей жұмсақ мейіріммен бастайды. Біз ұйып тыңдап отырамыз.
Қайырбек көкем болса, ақ апамның көңіліне қарап, қабағын бағып, бәйек болудан бір жалыққан емес. Махаббаттарына берік, серттеріне адал сүйікті жарлар туралы талай хиссалар мен дастандарды оқып өстік қой, көп оқығанымыз сонша, тіпті Зейнолла Қабдоловтай заңғарлардан «бес» деген баға да алдық.
Бірақ мен Қайырбек пен Күләш, Күләш пен Қайырбек деген ғашықтар жырының қызығына осы уақытқа дейін тоя алмай, таңғалумен келем. Екі жүректің табысқандарына, сол табысу-қауышу арқылы бір ғана жүрек пен бір ғана тілекке айналып лүп-лүп соғып, лек-лек жырларды халқына сыйлағандарына, міне, жарты ғасырдан асыпты.
Ақындардың бір шаңырақ астындағы елу жылдық ғұмыры тұтас бір дәуірмен пара-пар десек, сол дәуірдің қуанышы да, қайғысы да, парықсыз пасықтары мен пайдакүнем пысықтары да ақындардың нәп-нәзік жүрегіне еселеп тұрып салмақ салады. Оны көтеру, оған шыдау, іштегі шер-шеменді сыртқа шығарып, халқының қарапайым да көркем тілінде сырласа білу де оңай емес.
Өнерліні өсек етіп еселеп,
Адал жайлы арыз жазып неше бет.
Санасызды сағат сыйлап сатып ап,
Ықпалдыға көрсетеді қошамет…
Көрсететіндерді көру, сезу, білу, олармен, тіпті бір ұжымда жұмыс істеу сана-сезімі ерекше биік жанға қиын.
Міне, ақын осының бәрін сен үшін, ол үшін, бәріміз үшін жүрегінен суырып алып, мұңымызды бөліседі.
Мазалайды санамды бір сансыз мұң,
Бәлкім, мұңсыз өткен күн де
мәнсіз күн.
Мықтысың деп таңданады біреулер,
Мықты емеспін. Әйелмін ғой.
Әлсізбін.
Біреулерді мықтылыққа үйреттім,
Өзім бірақ күш таныттым
сирек тым,
Бәйшешектің қауызынан жұқамын,
Ең бір жұқа құмырадан күйрекпін.
Аппақ затты қиын емес қаралау,
Қаласаңыз, оңай жанды жаралау.
Суық көзден сөне жаздап тұрады,
Кеудемдегі лүп-лүп еткен әр алау…–
деп басталатын он екі шумақ өлеңі де «Мен» деген бір жазушының бір хикаятының жүгін көтеріп тұр. Ондағы:
Тым әлсізбін.
Қалай енді қорғанам?
Төгілердей жүрегіме толған ән.
Нәзіктігім, тазалығым үшін де
Сүйеу болды бірақ туған ел маған!
Немесе:
Сондықтан да үлбіремей, жасқанбай,
Шығайын да шымырлатып
сөз толғай.
Көлдегі аққу, бақшадағы бұлбұлмен
Таласпай-ақ, болайыншы бозторғай.
Сүйетін ем сол бір құйттай
құсты мен,
Тағдыр өзі танытпаса сұсты рең,
Байтақ елге жыр себейін биіктен,
Бау-бақтар мен айдындардың
үстінен.
Жүрегімде қазына бар бағалы,
Болашақпен жалғастырам оны әрі.
Бозторғайдың биігінен шырқайын,
Тыңдағандар қарар болсын жоғары!
Міне, ақын нәзіктігі мен ақын әлсіздігінің өзі адамды қалай қайраттандырып, қалай жігерлендіреді?!
***
Ақ апам, ақын апам мың да тоғыз жүз сексенінші жылдары жиырма бес жыл отасқан бір жұптың күміс тойына былай деп жыр жазыпты.
Екеуіңе бір-бірін шын қалаған,
Адалдықпен қызықпай
кім қараған?!
Өмір деген – көгілдір мұз, айдында,
Сен екеуің мәнерлеп сырғанаған.
Қатар тұрып күнді де көресіңдер,
Қатар тұрып қиынды жеңесіңдер.
Жақсы болу оңай деп кім айтады,
Бір-біріңе сүйеу боп келесіңдер!
Бірің – ақыл, парасат,
бірің – дарын,
Бірдей ұстау қиын-ау мұның бәрін.
Ағайынмен жайылып өркендерің,
Өрімталдай өсіп тұр құлындарың!
дейді де:
Болу үшін тәттірек бұрынғыдан,
Осы тойда салынар шырын бір ән.
Екі жақсы қосылса, шам жанғандай,
Бірің – аққу секілді, бірің – қыран!
Іші толып әдемі күйге күнде,
Толып жатқан той болсын үйлеріңде.
Алтын той да жасаңдар аман-есен,
Бірің – шекер, бірің – бал
күйлеріңде, –
деп жарасымын тапқан жұптың шуақты сәттерін ары қарай суреттеп кетеді.
Міне, басқаның қуанышын шын көңілімен бөлісіп, шын тілеген тілегі араға жылдар салып, Құдайдың құдыреті арқылы өзінің отбасына, Қайырбек көкем мен Күләш апама қайтып оралып, елу жылдық отбасы қуаныштарын бөлістік. Бірақ… алпыс жылдық отбасылық ғұмырды Алла тағала бұйыртпады. Ақ апамыз, ақын апамыз алашын жылатып, мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.
Бірақ аққулардың жұбындай жарасқан ақындардың бір шаңырақ астындағы елу жыл ғұмыры еліміздің есі, ұлтымыздың ұраны болатын болашақ ұл-қыздарымыз үшін таңғажайып тағылым, таусылмас қазына ғана емес, бітпейтін махаббат жыры десек те болады.
Өйткені бұл жұптың ғұмырлық
ғибратынан:
Бірі – ақыл, парасат, бірің – дарын,
Бірі –аққу секілді, бірі – қыран, –
ұлағатты отбасы иелерін, ұлықтар мойындайтын ел еркелері – ақындарды көреміз.
Тараз қаласының солтүстік шығысындағы Тектұрмастың биігінен «Күләш күмбезін» салу керек деп жергілікті билікке жағымыз талмай «жарапазандатып» жүргеніміз де, қос ақынның жас ғашықтарға үлгі боларлық махаббаттарына бас иген азаматтықтан туған ой еді.