ПАРАСАТ, АҚЫЛ-ОЙ ОРДАСЫ
Адамды адам еткен – кітап,
адамзат еткен – кітапхана.
Әбіш Кекілбаев
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстан Кітапханалар одағының төрайымы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ғазиза Нұрғалиева ханыммен болған газет тілшісінің сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.
– Ғазиза Құдайбергенқызы, Ұлттық кітапхана – еліміздің рухани қазынасын сақтап, оны болашаққа жеткізіп отырған бірегей мекеме. Биыл Ұлттық кітапхананың құрылғанына 115 жыл. Өзіңіз жетекшілік ететін Ұлттық кітапхананың өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне және стратегиялық басымдықтарына тоқталсаңыз?
– Бұл – мекеменің бай тарихы мен терең дәстүрін, ғылым, білім және мәдениет салаларын дамытуға қосқан орасан зор үлесін айқын көрсететін айтарлықтай уақыт кезеңі. Бүгінгі таңда Ұлттық кітапхана 7 млн бірліктен астам бай кітап қоры мен 100 мыңнан аса оқырманы бар еліміздің ең ірі кітапханасы ретінде сан мыңдаған оқырманын білім және ақпаратпен қамтамасыз етіп, республика кітапханалары үшін ғылыми-әдістемелік орталыққа айналып отыр.
Кітапхананың тарихына көз жүгіртсек, 1910 жылғы 31 желтоқсанда Верный қалалық думасының шешімімен кітапхана-оқу залының ашылуы кітапхананың негізі қаланған күн болып саналады. Кейінгі жылдары кітапхана Жетісу, Жетісу облыстық, Алматы губерниялық және Алматы округтік кітапханасы болып аталып, жұмыс істеді. 1931 жылы кітапхана Қазақ ССР Мемлекеттік көпшілік кітапханасы болып қайта құрылып, осы жылдың 5 мамырынан бастап, оқырмандарға қызмет көрсете бастады. 1991 жылы А.С.Пушкин атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік кітапханасы «Қазақ ССР Ұлттық кітапханасы» болып қайта аталып, ерекше құнды мәдениет нысаны ретінде мемлекеттік және қоғамдық маңызға ие болды. Ал 2020 жылы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына «Ұлттық» мәртебесі берілді.
Кітапхананың қалыптасуы мен дамуына оның ұйымдастырушысы және тұңғыш директоры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов үлкен еңбек сіңірді. Ол сол кездің өзінде ұлттық мәртебесі бар құрылым ретінде кітапхана қызметінің негізгі принциптерін қалап, басты міндет – Қазақстан туралы және қазақ тіліндегі барлық баспа басылымдарын жинақтау туралы мәселе көтерді. Кітапхана осы кезден бастап, бүгінгі күнге дейін қазақ халқының және еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың жазба мәдениетін жинақтап, сақтаушы мемлекеттік кітап қоймасы қызметін атқарып келеді. Кітапхананы әр жылдары Б.Жұмабаев, М. Жанғалин,
Е. Шмелева, Н. Дәулетова, Р.Бердығалиева, М. Әуезов сынды тұлғалар басқарып, кітапхана дамуына өз үлестерін қосты.
Ғасырдан астам кезең ішінде Ұлттық кітапхана елеулі өзгерістерді бастан кешіріп, әлемдік ақпараттық кеңістікте өзіндік орны бар, ТМД елдерінде және Орталық Азиядағы жетекші кітапханалардың біріне айналды. Қоғам өзгерген сайын, жаңа міндеттер мен қажеттіліктер, жаңа ақпарат көздері пайда болады, яғни кітапханалар заман талабына сай жаңарады. Бүгінде кітапхана дәстүрлі ақпараттық мекеме болудан бөлек, қоғам өмірінің маңызды орталығы ретінде қызмет атқарады.
Кітапхана ғылыми-әдістемелік орталық ретінде ұлттық кітапханалық жүйенің құқықтық негіздерін қалыптастыруға қатысады, еліміздің кітапхана ісінің жағдайын зерделеп, дамуын болжайды және стратегиялық басымдықтарын айқындайды, әдіснамалық және технологиялық қолдау көрсетеді. Дуалды білім беру жүйесі бойынша жоғары оқу орындарының кітапханалық факультеттерінің студенттері үшін оқу-тәжірибелік орталығы болып табылады. Студенттер мамандығы бойынша негізгі білімді оқу орнында алса, қалған тәжірибелік маңызды білімін жұмыс орнында – кітапханада алып, машықтанады. Жыл сайын оқу орындарымен дипломалды және өндірістік тәжірибе алу бойынша (бакалавр, магистр, докторант) келісімшарттар жасалынады және тәжірибеден өтеді.
Ұлттық кітапхана елімізде алғашқылардың бірі болып ақпараттық ресурстарды қалыптастыра бастады. Кітапханалық процестерді автоматтандыру мақсатында енгізілген республикалық кітапханалық-ақпараттық Web-РАБИС жүйесі цифрлық ресурстарға, электронды жинақтарға және заманауи білім беру қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Оның базасында электронды каталогтер, электронды кітапханалар мен дерекқорлар қалыптастырылады.
Сонымен қатар ғылыми-библиографиялық орталық ретінде кітапханада ғылыми-зерттеу жұмыстарына айрықша көңіл бөлініп, кітапханатану, кітаптану және библиография саласында жобалар қолға алынуда. Атап айтсақ, осы мерейтойға орай, жақында ғана Міржақып Дулатұлының «Қазақ тілінде басылған кітаптарының көрсеткіші (1926–1927)» еңбегі, «Қазақстан библиографиясы мен кітапхана ісі» библиографиялық көрсеткіші және «Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорындағы дәстүрлі картотекалық ақпараттар (1921–2001)» атты библиографиялық шолу анықтамалығы жарық көрді, олар ұлттық мәдениеттің, ғылым мен әдебиеттің дамуын зерттеуде, тарихи кезеңдерді талдауда аса маңызды дереккөз.
Сондай-ақ қазіргі жасанды интеллект дәуірінде оқырмандарға қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында түрлі жасанды интеллект мүмкіншіліктерін пайдалану жолдарын да қарастырып, оларды кітапханалық үдерістерге енгізу жоспарда бар. Мұндай технологиялар ақпаратты жылдам іздеуге, деректерді өңдеуге, онлайн қызметтерді автоматтандыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Болашақта Ұлттық кітапхана тек ақпарат орталығы емес, ел мәдениетінің дамуына, ғылыми зерттеулер мен кәсіби білімнің сапасын арттыруға үлес қосатын негізгі әлеуметтік-мәдени институтқа айналуға ұмтылуда.
– Кітап қоры, оқырмандардың жыл сайынғы келім саны, кітап берілімі, оқу залдары мен веб-сайтының келушілерге сапалы қызмет көрсетуінде қандай өзгерістер бар?
– Соңғы жылдары кітапхана қызметінің ауқымы да, оған деген қоғамның көзқарасы да айтарлықтай өзгерді. Бұрын тек оқу мен ізденістің орталығы саналатын орын бүгінде мәдени кеңістіктің маңызды бөлігіне айналды. Кітап қорының жаңаруы, цифрлық ресурстардың көбеюі, оқырман мен ақпарат арасындағы арақашықтықтың қысқаруы – барлығы да кітапхана жұмысының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Әсіресе жыл сайын өсіп отырған оқырман келімі мен кітап берілімі осы өзгерістің нақты көрінісі екені анық.
Сонымен бірге оқу залдарының заманауи форматқа бейімделуі, цифрлық платформалардың жетілдірілуі, веб-сайт арқылы көрсетілетін қызметтердің барынша қолжетімді болуы – бүгінгі кітапхананың басты артықшылықтарының бірі.
Кітапханаға келетін оқырмандар саны күннен күнге артуда. Өйткені олардың жұмысына, кәсібіне, оқуына қажетті ақпаратты, бұрын жарық көрген және жаңа басылымдарды, басылымның қай түрін болса да, тек кітапхана қорынан табуға болады. Ал оқырманның кітапханада жұмыс істеуі, демалуы, ойлануы үшін біз ең алдымен оған қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы орта жасауымыз керек, яғни оқу залдарын ыңғайлы жабдықтау, тыныш аймақтар ұйымдастыру, заманауи технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ оқырманның шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін көпбейінді кеңістік қалыптастыру керек. Кітапханаға кірген алғашқы сәттен бастап-ақ оқырман өзін жайлы, еркін әрі жақсы сезінетін орта қалыптастыру – қазіргі негізгі қағидалардың бірі. Бұл бағытта кітапханада ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі қоғам асқан жылдамдықпен дамуда. Жаңа ақпараттық жағдайға бейімделу үшін біз кітапхана әлеміндегі жаңа тенденцияларды ұстануымыз, технологиялық жаңалықтарды да ескеруіміз керек. Бүгінгі оқырман тек кітапқа қызығушылық танытпайды, оған жаңа мүмкіндіктер, жаңа кеңістіктер қажет. Сондықтан оқырмандарға дәстүрлі қызметпен бірге, электронды кітапханалар, каталогтер мен дерекқорлар ұсынылады. Бұл – заман талабы.
– Кітаптар мен қолжазбалардың мемлекетке, тарихқа қызмет ету ғұмыры ұзақ болып, болашақ ұрпаққа жетуі жолында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Кітаптар мен қолжазбалардың ғұмыры – кез келген елдің рухани жадын сақтайтын аса маңызды және жауапты мәселелердің бірі. Әрбір ескі парақ, әрбір таңба уақыттың сынын ғана емес, ұрпақтар арасындағы байланыс жібін де арқалап өтеді. Сондықтан мәдени мұраға айналған басылымдарды сақтау ісі ерекше ұқыптылық пен кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Соңғы жылдары осы бағыттағы жұмыстар жүйеленіп, қолжазбаларды қалпына келтіру, оларды
цифрлап сақтау, зерттеушілерге қолжетімді ету секілді маңызды қадамдар күшейтілді. Бұл – тек кітапты сақтау емес, ел тарихының тұнығын келешекке жеткізу амалы.
Осы бағытта Ұлттық кітапханада кітап қорын кең ауқымды цифрлау бойынша жұмыстар іске асырылуда. Құжаттарды цифрлау орталығымен республиканың мәдени игілігінің бір бөлігі ретінде айрықша сақтауды талап ететін, тарихи-мәдени және ғылыми құндылығы бар басылымдар, сирек басылымдар, әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлері, соның ішінде қазақ тіліндегі кітаптар, жалғыз данадағы және жиі сұраныстағы басылымдар, Қазақстан халқының мәдениетін көрсететін, халықтар арасындағы тарихи тамырларды, рухани байланыстарды, өзара қарым-қатынастарды ашатын аса құнды басылымдар цифрланады. Қордағы раритетті және ең көп қолданысқа ие, ұлттық құндылығы бар, ғылыми мақалалардың сақталымын қамтамасыз ету мақсатында мерзімді басылымдар цифрланады.
Ұлттық кітапхана, сонымен қатар Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының IFLA/РАС Сақтау және консервация негізгі бағдарламасының Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан) бойынша аймақтық орталығы болып табылады. Бұл орталық 2020 жылы Сақтау және консервация негізгі бағдарламасының құжаттарды физикалық-химиялық тұрақтандыру саласындағы сарапшысы мәртебесіне ие болды. Бұл орталықтың Орталық Азия аумағындағы сан қырлы қызметіне берілген жоғары баға. Кәсіби байланыстар кеңейе келе, Ресейдегі IFLA/РАС Сақтау және консервация негізгі бағдарламасының Шығыс Еуропа бойынша аймақтық орталығымен де тығыз ынтымақтастық орнатылды.
Қорды сақтау ережелері сақталмаса, сұранысқа ие кітап басылымдары, газет-журналдар физикалық және биологиялық тұрғыдан ескіріп-тозуына әкеледі. Мерзімді басылымдардың сақталуына ерекше назар аударылады, өйткені олардың қағазы нәзік, сынғыш, беріктігі төмен болып келеді. Қағаздың ескіруін, яғни сарғаюы мен беріктігінің төмендеуін тоқтату мүмкін емес. Мемлекетаралық стандартта кітаптарды сақтаудың климаттық параметрлері бекітілген.
Мамандар қағаз қышқылдығын анықтап, ол жоғарылаған жағдайда құжаттарды тазартылған суда жуып, арнайы спреймен өңдейді, ол қышқылдарды қауіпсіз бейтараптандырады және қағаздың қызмет ету мерзімін өңделмеген материалмен салыстырғанда, кемінде 3-5 есе ұзартады. Бұл зерттеу процестері құжатты әрі қарай қалпына келтіру жұмыстары үшін және құжаттарды ұзақ мерзімге сақтау үшін маңызды.
Уақыт озған сайын құндылығы арта түсетін жәдігерлердің сақталуы – мемлекет алдындағы рухани борыш, ал оны жүзеге асыру – кәсіби қауымның абыройлы міндеті.
– Көне қолжазбалар мен кітаптарды жөндеу, өңдеу, реставрация жасау, сақтау қалай жүргізіледі?
– Көне қолжазбалар мен сирек кітаптар – халқымыздың рухани тарихын, дүниетанымын, мәдениетін, тілін және мемлекеттік қалыптасу кезеңдерін танытатын ең құнды мұралардың бірі. Оларды жөндеу, өңдеу, реставрациялау – тек техникалық амал емес, бұл өткен мен бүгінді, болашақ ұрпаққа рухани сабақ беретін нәзік өнер. Әр параққа, әр таңбаға ерекше мән беріліп, материалдардың қасиетін сақтай отырып, тарихи түпнұсқаны бұзбай қалпына келтіру басты мақсатқа айналады. Мұндай жұмыс кәсіби шеберлікті, кітапхана мен архив қызметкерлерінің ерекше назарын талап етеді.
Көне кітаптар мен қолжазбалар арнайы температура мен ылғалдылық режимінде, жарық пен шаңнан қорғау шаралары жасалған арнайы бөлмелерде сақталады. Заманауи жабдықтар мен материалдарды пайдалану арқылы реставрациялау үрдісі жылдам әрі сапалы жүргізіледі. Цифрлық көшірмелер сирек кездесетін түпнұсқалардың тозуын азайтуға және жоғалған жағдайда оларды қайта жасауға мүмкіндік береді. Оқырмандар үшін ол бұрын қолжетімсіз болған сирек басылымдарға қашықтан қол жеткізу мүмкіндіктерін ашады. 20 жылдан астам уақыттан бері Ұлттық кітапхана құжаттардың сақталымы мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етумен белсенді түрде айналысып келеді. Кітапханада еліміздегі жалғыз Ғылыми консервация зертханасы жұмыс істейді.
Сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау және қалпына келтіру бағытында көптеген жобалар қолға алынуда. Мысалы, осы қараша айында Түркияға сапар барысында Ұлттық кітапхана мен Стамбулдағы Қолжазбалар институты екі ел арасындағы мәдени және ғылыми бағыттағы әріптестікті дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық бойынша келіссөздер жүргізді. Кездесу аясында Ұлттық кітапхана қорындағы ерекше жәдігерлердің бірі – куфи жазуымен жазылған Құран Кәрім қолжазбасына консервациялық және реставрациялық жұмыстар жүргізу мәселелерін талқыладық.
Айта кететін жайт, сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы әрбір құнды еңбек өз тарихы мен ерекшеліктеріне ие. Бұл еңбектерді сақтау, насихаттау және тарату жолында кітапхана қызметкерлері көптеген жұмыстар атқаруда. Ғылыми-зерттеу жұмыстары, соның ішінде араб, латын тіліндегі кітаптардың ғылыми каталогтерін әзірлеу жұмыстары күшейтілді. Мысалы, 5 томдық араб тіліндегі кітаптардың каталогін дайындау бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Маусым айында «Араб тіліндегі баспа кітаптар каталогінің» 1-томы жарық көріп, таныстырылымы өтті.
– Соңғы бес жыл көлемінде Ұлттық кітапхана қоры қандай туындылармен, әдебиеттермен толықты?
– Ұлттық кітапхана қоры жыл сайын «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында жарық көрген отандық көрнекті қаламгерлердің таңдаулы туындыларымен толығып отырады. Соңғы жылдары қорымыз бірқатар іргелі сериялармен жарық көрген басылымдармен толықты, атап айтсақ: «Қазіргі қазақ поэзиясы», «Алаш мұрасы», «Әдеби мемуарлар», «Ғибраты мол ғұмыр», «Отырар кітапханасы», «Жыр жауһар», «Нобель сыйлығының лауреаттары», «Тарихи тұлға тағылымы», «Казахстан – наш общий дом», «Атамекен», «Аманат» және басқа да құнды топтамалар. Бұл басылымдар ұлттық әдеби қорды байытып қана қоймай, отандық классиктердің үздік шығармаларын келешек ұрпаққа жеткізудің маңызды тетігіне айналып отыр
Қазақ әдебиетін мемлекеттік деңгейде қолдау әрі дамыту мақсатында Қазақстан Жазушылар одағы жүзеге асырған жобалар да кітапхана қорының артуына елеулі үлес қосуда. Соның ішінде «Ежелгі және орта ғасырдағы Сырдария, Талас және Жетісу өңірінің қалалары», «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы», «Қазіргі Қазақстан және Абай Құнанбайұлының мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде», «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» аясында жарық көрген еңбектер кітапхана сөрелерінен орын алды.
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы» бойынша да кітапхана қоры жүйелі түрде толықтырылып отыр. Атап айтқанда, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығынан қазақ тілін дамытуға, терминологияны жетілдіруге және тіл мәдениетін арттыруға бағытталған ғылыми еңбектер мен анықтамалық басылымдар келіп түсті.
2023 жылдан бастап шетелдерде тұратын қазақ қаламгерлерінің үздік туындыларын, олардың шығармашылығын оқырманға таныстыру мақсатында «Ұлы дала» сериясымен жарық көрген көркем әдеби және қоғамдық-саяси бағыттағы басылымдар кітапхана қорына тұрақты түрде түсуде.
Жалпы, Ұлттық кітапхананың қорды толықтыруға бағытталған жан-жақты жұмыстары елдің рухани кеңістігін кеңейтуге, оқырманның зияткерлік сұранысын қанағаттандыруға және ұлттық мұраны сақтау ісіне елеулі үлес қосып келеді, басты мақсат – кітап қорын сапасымен, мазмұндық құндылығымен арттыру.
– Халықаралық кітап алмасу қызметі барысында шетелдерден қандай және қанша кітап сатып алынды?
– Халықаралық кітап алмасу қызметі – Ұлттық кітапхананың әлемдік мәдени кеңістікпен байланысын нығайтатын маңызды бағыттардың бірі. Кітапхана қоры халықаралық кітап алмасу қызметі мен бірқатар жобалар аясында алыс және жақын шетелдерден келетін басылымдармен де толықтырылады. Ресей, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь және т.б. ТМД елдерінен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, әр елдің тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен көркем әдебиеті, тағы да басқа білім салаларын қамтитын кітаптармен толықтырылып отырады. Сондай-ақ АҚШ, Вьетнам, Қытай, Монғолия елдерінен кітаптар түсіп тұрады.
Бұдан басқа, Ұлттық кітапхана қоры кітапханадағы шетелдердің кітап бұрыштарының қоры есебінен де толықтырылады, бүгінгі танда Түркия, Қытай, Ресей, Иран, Пәкістан, Корея және Үндістанның кітап бұрыштары жемісті жұмыс істеуде. Кітап бұрыштарының мақсаты – осы аталған елдердің ұлттық мәдениеті, тарихы және ана тілдеріндегі әдебиетін насихаттау және ақпараттандыру. Әр бұрыштың кітап қорларын осы елдердің дипломатиялық өкілдіктері жүйелі түрде толықтырып отырады.
Халықаралық кітап алмасу арқылы кітапхана тек қорын толықтырып қана қоймай, әлемдік мәдени және ғылыми диалогке белсенді қатысушы ретінде өз орнын бекітіп отыр.
– Президент 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Аталған шара аясында кітапханада қандай жұмыстар жүргізілуде?
– 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялануы еліміздегі білім беру мен кәсіби даярлыққа ерекше серпін берді. Ұлттық кітапхана да осы бастаманы қолдап, мамандықтар туралы білімді насихаттау, кәсіби мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Кітап қорлары тиісті салаға қатысты әдебиеттермен толықтырылып, оқырмандарға кәсіби шеберлік пен тәжірибе алмасуға арналған арнайы кездесулер, көрмелер мен оқу материалдары, экономиканың әр саласында жұмыс атқаратын еңбек адамдарының фотокөрмесі ұсынылды. Ол шараларда жұмысшы мамандықтарының мән-маңызы мен қоғамдағы рөлі, еңбек адамының мәртебесі, білікті мамандарды даярлау және жастардың жұмысшы мамандықтарға деген көзқарасы жайлы сөз қозғалды. Біздің мақсатымыз – жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын, еңбек адамына деген құрметін арттырып қана қоймай, оларға кәсіп таңдауда бағыт-бағдар ұсыну.
– Ғазиза Құдайбергенқызы, салиқалы әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Жүніс ОМАР