Абайдың «Қара сөздерін» бойына сіңірген дәрігер
Жер бетінде дәрігерлік мамандықтан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау. Қазіргі заманда, яғни ХХІ ғасырда медицина өте қарқынды дамып келеді. Өте күрделі ауруларды емдеуде сан алуан ғылыми жолдары ашылуда. Қазақ елінің медицинасы да күллі әлемнің медицинасымен табан тіреп дамып келеді. Медицинаның сан алуан бағыттары мен сан қырлы түрлері адамзатқа қызмет етуде. Осы күнге дейін ақ халатты абзал жандар адамдарға көмек көрсетуде Гиппократқа берген антты адал сақтап келеді. Осы дәстүрді сақтап, Ибн Синаның өсиетін орындап, дәрігерлік аманатты адалдықпен алып жүрген дәрігерлер баршылық.
Осындай ақ халатты абзал жанның бірі – Абилов Тофик Исламұлы. Оңтүстік Қазақстанның қара топырағында өмірге келген Тофик қазақтың дәстүрін, ғұрып-салттарын, мәдениетін, тілі мен ділін бойына сіңіріп өседі. Шымкентте Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектептің қабырғасында жүргенде, тарих, қоғамтану, биология пәндеріне ерекше ден қойып, осы пәндерді жақсы меңгереді. Әкесі Абилов Ислам мен анасы Абилова Сальминаз баласына жақсы тәрбие беріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіреді. Ислам әкейдің шаңырағында үш бала – үлкені Тофик, одан кейін – Эльвира, Диля деген қарындастары өмірге келеді. Үйдің үлкені әрі мінезі салмақты Тофик қазақ тілінде сөйлегенде қазақтың балалары оған ілесе алмай кететін. Қазақша мақалдарды бабына сай келтіріп сөйлегенде, естіген жұрт таңғалып, басын шайқайтын. Тофик спортты да жан-тәнімен жақсы көріп, еркін күрес, волейбол, баскетбол, футболмен де айналысты. Бойында жігері бар жігіт, әсіресе еркін күрестен үлкен жетістіктерге жетті. Абайдың «Қара сөздерін» бойына сіңірген қара домалақ бала болашақ өмірі туралы ойланатын. Тофиктің атасы Әзиз өте кішіпейіл, көрегенді, жұртқа қадірлі жан еді. Мамандығы ревизор болатын. Рухани байлығы мол, өте сыйлы азамат еді. Жалпы, Абиловтер әулеті Әзиз ағамыз 6-7 жасқа енді келген кезде сталиндік қуғын сүргіннің салдарынан сонау Кавказ жерінен шұрайлы Оңтүстік жеріне қоныс аударады.
Қазақ халқы өмірдің әділетсіздігін молынан көрген түрік бауырларды жылы шыраймен қарсы алып, бауырына басты. Қазақ халқының осыншама жақсылығын көрген Әзиздің жүрегі жадырап сала берді. Абиловтер әулеті жергілікті халықтың арасына туған бауырларындай сіңіп кетті. Атасының бауырында өсіп, тәлім-тәрбиесін көрген Тофик ақылды, ойлы бала болып өсті. Әзиз атасының жұртқа кеңес айтып, көрсеткен көмегін байқаған бала жүрегі де адамдарға көмектесіп, жәрдем бергісі келіп тұрды. Сондықтан да адам емдеу, адамға жәрдемдесу – өте маңызды дүние деп шешті бала жүрегі. Тофик өз таңдауын жасап, өмірлік мамандығы ретінде медицина жолына бет бұрды.
Арман қуған, білім іздеген жас жігіт 2003 жылы орта мектепті бітірген соң еліне жәрдемін тигізу мақсатында ОҚММА медициналық жоғары оқу орнының стоматология факультетіне оқуға түседі. Осы институтта 5 жыл оқып, 2008 жылы дәрігер атанады.
Дәрігерлік мамандық оңай жұмыс емес. Бірақ оның құрметінің салмағы қаншалықты ауыр болса, жауапкершілік жүгі де сонша батпан. Сондықтан кез келген адам ақ халат киіп, ант қабылдап, адам жанын ажалдан арашалай алмайды. Дәрігер болу үшін науқасқа ем беріп қана қоймай, оның жанын түсінетін, жылы сөзімен дем беретін маман иесі болуың керек. Сонда ғана дәрігер атағыңды абыроймен алып жүруге мүмкіндік туады.
Біздің елде жақ-бет сүйегі бөлімдеріне қаралатын балалардың көпшілігі тістің асқынып қабынған ауруларымен түсетін көрінеді. Ал Швеция, Финляндия, Жапония жұртында кариестің алдын алуды жақсы жолға қойғаны сондай, кариес тіпті де жоқ. Ақыр аяғында олар алда-жалда пульпит, кариес, пародонтит сынды аурулар бола қалса, «қалай емдейміз» деп көршілес елдерге мамандарын жіберіп, қысқамерзімді оқулардан өткізіп жүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, жер жүзінде 3,5 млрд адам тіс ауруларынан зардап шегеді екен. Бір жүрек миокардын ғана емес, панкреатитпен ауырған пациенттің қанының талдамасынан қызылиектің қанап жүруін, қанқұртты тудыратын микроорганизмдер табылған. Сонымен қатар түрлі қатерлі лейкоз, темір жетіспеушілігінен туатын анемия және эндокринді аурулардың бірсыпырасының ағзаны жүдетіп, аурухана төсегіне таңуына тіске қалай болса, солай қарау себепші екен. Тіпті кейде терапевт пен гематолог білмей тұрып, пациенттің ақ қан ауруына ұшырағанын стоматолог дәрігер аңдайды. Өйткені ондай науқастың тісіне ұялаған тастарды сәл тазалаймын дегенде, қан бұрқ ете қалып, тоқтамай қояды. Содан көңіліне кіді алған тіс дәрігері қан талдамасына жібергенде лейкоз анықталады.
Негізі, адам ағзасында тіс табиғаты ең бір қатты заттан тұрады. Алайда соның өзі тазалығына мән бермесе, тәттіні көп жесе, газды, қантты сусындарды, тіпті тәтті шырындарды көп ішсе, бүлінеді. Біздің елімізде жасы ұлғайған адамдардың басым бөлігі табиғи тістерден адаланып, протезбен жүреді. Ондай болмауы үшін профилактикасына жөндеп қарап, тісті бекітуге септігі бар қатты сәбіз, қызылша тәрізді көкөністерді жеп, етті де былбыратып аспаудың пайдасы бар. Тіске күнделікті жаттығу жасағандай қайрат жұмсап шайнау керек, ол оған күш беріп, түбін бекітіп отырады екен.
Жақ пен тістің қадірін терең түсінген, анатомияны жан-жақты зерттеген Тофик Абилов – бұл күндері Global Dant клиникасының бас дәрігері. Ол өз тәжірибесінде заманауи медициналық жаңалықтарды кеңінен пайдаланады. Осы клиникаға емделуге адамдар АҚШ, Германия, Корея, Израиль, Ресей және Канададан келеді екен. Клиникада жұмыс істейтін дәрігерлер өте білімді. Бұл клиникада қазіргі күнде 100-ден астам адам тұрақты түрде қаралады. Ауырып келген адамдар клиниканың медициналық қызметіне дән риза.
Тофик медицина саласында көптеген тәжірибені жүзеге асырады: жақ пен тіске қатысты диагнозды дұрыс қоя білу, осы салаға қатысты ғылыми зерттеулер мен тәжірибелер жасау, әлемдік ғалымдармен пікір алмасу, күрделі медициналық зерттеулер жүргізу, ғылыми конференцияларға қатысу сынды көптеген мәселеге ден қояды. Қоғамдық шараларға жиі қатысады. Биыл Бауыржан Момышұлына арналаған шараға белсене қатысып, аты аңызға айналған батыр атындағы Алғысхатқа ие болды. Қоғамдағы үлкен қызметі мен Дінмұхамед Қонаев қоры жұмыстарына атсалысқаны үшін мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев төсбелгісімен марапатталды.
Тофик – ғажайып дәрігер, өнегелі азамат. Үш бала тәрбиелеп отыр. Әйелі Абилова Наргиз де медицина саласында қызмет етеді. Тофиктің бүкіл әулеті қазақша жақсы сөйлейді, қазақтың салт-дәстүрлерін жақсы біледі. Үлкен қызы Ясмин шахматты керемет ойнайды, қалалық сайысқа қатысып, Гран-при жүлдегері атанды, ұлдарының үлкені – Эльхан таэк-вондо, каратэмен айналысады. 2019 жылы Еуразия чемпионатында алтын медальді жеңіп алды. Кенже ұлы Салман – әлемдік билерді билеп, өнерге ден қойған, шахмат та ойнайды. Осындай ұрпағы бар, салауатты өмір жолын ұстанған ақ халатты абзал жанның өмірі жақсылық пен ізгілікке толы. Халық жолында, елге қызмет етуде тәжірибелі дәрігер жанын аямай, еңбек етіп келеді. Адамға жылы жүзбен сөйлеп, бойына мейірім жинаған адам көпшіліктің көңілінен шығады. Тәжірибелі дәрігер кез келген дертті емдей береді. Тофик өз саласын дамытып, ғылымға ерекше бет бұрды. Қазақ халқы қашан да өзінің ерекше азаматтарын ардақтай біледі, құрметтейді. Ел үшін, елдің болашағы үшін жасай бер, мейірімді дәрігер!
Дәурен ҒАЛЫМЖАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі