«ТАҒДЫРЛЫ ДАРЫН»
15.12.2025
31
0

4 желтоқсан күні ҚР Ұлттық кітапханасында қазақтың көрнекті ақыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Тоқаш Бердияровтың туғанына 100 жыл толған мерейтойына орай еске алу шарасы мен «Тағдырлы дарын» атты естеліктер жинағының тұсаукесері өтті.

Белгілі ақын Болат Шарахымбай құрастырған жаңа кітапта ақынның өмір жолы мен шығармашылығына қатысты М.Әуезов, Р.Бердібай, Т.Медетбек, И.Сапарбай, Е.Раушанов, Қ.Ергөбек, Е.Ашықбай сынды әдебиет тарландарының әр жылдары жазған зерттеу мақалалары мен естеліктері топтастырылған. Тоқаш Бердияровтың алғашқы өлеңдері 1950 жылдан бастап баспасөзде жариялана бастады. Оның тұңғыш жыр жинағы «Шалқы теңіз» 1952 жылы жарық көрген. Кейінгі жылдары «Мен өмір сүремін», «Бейбітшілік көшесі», «Оқ пен гүл», «Бозторғай», «Ескі паровоз», «Сөнбейтін оттар», «Шынар» секілді жыр кітаптары мен таңдаулы шығармалар жинағы оқырманға жол тартты. Проза саласында да өнімді еңбек еткен ақын «Жастық кешуі», «Солдат сыры», «Фарида» шығармалар жинағын жариялаған.
Көзі тірісінде «тосын Тоқаш» атанған ақын туралы бұл жаңа естеліктер жинағы оның шығармашылық болмысын, мінез ерекшеліктерін, өмір жолының беймәлім тұстарын жан-жақты ашып көрсетеді.
Шараға белгілі ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан Тоқаш Бердияровтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды.

Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір