Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: «Қуаныш пен көз жасымызды Олимпиадаға арнап жатырмыз»
Төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесі – XXXIII жазғы Олимпиада ойындары Парижде өз жалауын желбіреткелі аптадан асты. Әзірге қоржынымызда бір алтын мен қос қола бар. Спортсүйер қауым көгілдір экран алдына телміріп, күн сайын саңлақтарымыздың өнерін қалт жібермей тамашалауда. Тәуелсіздік алғалы бері6 ел спортшылары 7 жазғы олимпиада ойындарына қатысып, 14 алтын, 21 күміс, 36 қола, жалпы жиыны – 71 медаль жеңіп алыпты. Париж төрі бізге құт болды десек те болады. Алғашқы жарыс күнінде Елдос Сметов балуанымыз алтыннан алқа тағынып, еңсемізді бір көтеріп тастаса, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев пен Ислам Сәтбаев және Александра Ле сынды спортшыларымыздың қоладан алқа тағынуы қалың қауымның қуанышын еселей түсті. Дегенмен көпшілік күтпеген нәтижелерге де қол созып қалуымыз мүмкін-ау деген үмітпен еріксіз телефон тұтқасына жармастық. Ондағы ойымыз, белгілі спорт журналисі, жазушы, спорт шебері, жоғары ұлттық дәрежедегі төреші, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Несіп Жүнісбайұлы ағамызбен сырласып, сұрақтарымызға жауап алу еді…
– Несаға, әлеуметтік желідегі Елдос Сметов жайлы жазбаңызды оқыған соң, сізге хабарласпауға әддіміз қалмады. Тебіреніп, еміреніп, егіліп, төгіліп түсіпсіз. Қуаныштың қызуы басылған жоқ па?
– Иә, айналайын, жүрегімнің сол бір соғысы, қуаныштың қызуы әлі басылған жоқ. Неге десең, мен бұл жеңісті жүз жыл күттім десем болады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын қайтыс болған қазақтың ұлы спортшысы, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров өле-өлгенше жылап кетті. «Менен кейін күрес өнерінен бір қазақ шықпады-ау, міне, оған да қырық екі жыл болды», – деді. Мен өмір бойы Жақсылықтың жанында жүрдім. Ол менің жан досым болды. Екеуміз оңаша қалғанда қазақ өнеріндегі, қазақ спортындағы жеткен жетістіктерді әңгіме қылып, не шара жасау керектігін ертелі-кеш ойланып отыратынбыз. Бірақ соның бәрі біздің арманымыз еді. Сол арманға, Жақсылық көре алмай кеткен арманға Елдос Сметов жеткізді. Кейбіреулер дзюдоны еркін күрес пен грек-рим күресіне теңемеуі де мүмкін. Бірақ бүгінгі таңда дзюдо біздің әдеттегі күрес түрлерін үш орап алады. Сала мамандарының көңілдеріне келмесін, бірақ олар дзюдомен салыстырғанда, тым төменде қалды. Бұның да үлкен себебі бар. Сәл кейінірек тоқталармын бұған.
Ал мына жерде Елдос Сметовтың жеңісі, үш бірдей Олимпиадаға барып, бас-аяғы он екі жыл бойы тыным таппай жасы ұлғайған сайын нәтижесі төмендеудің орнына шыңға өрмелегендей бірте-бірте жоғарылап, алтын медаль алуы – бұл қазақ баласының мақсаткерлігі, арманшылдығы, «ұлтыма, халқыма не абырой алып берейін, не сол татамиде өлейін» деген мінезінің нәтижесі. Міне, бұл жеңістің алтыннан да қымбат жағы осында. Ал енді Елдосжан тұғырға шығып, ерні дірілдеп, көзінен еріксіз жас сорғалағанда, Парижден алты мың шақырым жерде отырған мен қосыла жыладым. Өйткені қаршығадай қайсар ұл өзінің артында қалың елі, арыс-алашы тұрғанын жүрегімен сезіп, жылап тұр. Қазақтың бір баласы Олимпиаданың алғашқы күні Отан үшін, ұлт үшін, ел үшін қандай ерлікке баратынын дәлелдеп берді. Міне, жеңістің ең үлкені! Міне, табыстың ең үлкені! Сондықтан да мен баламмен бірге жылап отырып, өзің жоғарыда айтқан жазбаны жаздым.
– Бабалары балуан болған халықтың ұрпағы бұл алтынды неге ұзақ күтті, аға?
– Сұрағың өте ауыр екен… Бірақ керек сұрақ. Шын мәнінде, осы алтынды біздің еліміз неге ұзақ күтті? 1980 жылы Мәскеуде Жақсылық Үшкемпіровтің алған алтын медалі сол сыңар күйінде тұрды. Әрине, алғаш тәуелсіз ел ретінде Олимпиадаға қатысқан 1996 жылдан бері, өткен 28 жылда күрестен алтын ала алмағанымыз, шынында, сағындырған оқиға. Адам баласы үшін 28 жыл едәуір ұзақ болғанымен, ел үшін, мемлекет үшін көп уақыт емес. Спорттың дамуы – қоғамның айнасы. Қазақтың салт-дәстүрі, сөзі, тілі, мәдениеті, спорт саласында еңбек еткен азаматтардың қатарында мен де бармын, Құдайға тәуба! Сол кезде Қазақстанның дамуын тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ үлкен күре жолға түскендей сезінетінмін. Бірақ ішімізден жеп жатқан жегі құрттың бар екенін білмеппіз. Ел болашағына балта шабу секілді үлкен қылмыстар жасалып жатқанын ертерек білгенімізде, мүмкін, жағдай басқаша болар ма еді…
Дегенмен кешегі Токио Олимпиадасына дейін әрбір төртжылдық додасынан қазақтың ұлы мен қызы алтын медаль алып келіп жатты. Сондықтан да бүгін көп күттік демейік, тәуба дейік!
– Сіздің әлеуметтік желідегі «Елдоста 30 ұл мен 40 қыз болуы керек. Мұндай асыл жігіттің ұрпағы мол болуға тиіс. Ұлттың байлығы сол болар… Қазақ мұны «тұқым алу керек» дейді. Тұтас 12 жылда төмендемей, бір Олимпиададан бір Олимпиадаға оза шапқан Елдостың тұқымы асыл екен. Енді сол байлықты сақтау керек қазақ үшін. Мал байлық емес, ұрпақ байлық. Машина мінгізіп мұратына жеткізбейміз. Халық болып қоршап, ел болып енші бөліп, жұрт болып жолына құрбан шалсақ қана алтын ұлды сақтай аламыз» деген пікіріңіз қызу талқыға түсіп жатыр…
– Елдостың отыз ұл, қырық қызы болуы керек дегенді, мен ерігіп отырып жаза салған жоқпын. Бүгінгі таңда әлеуметтік желі шоқпар ұстамағанды батыр қылып, қалам ұстамағанды жазушы қылып, қой бақпағанды малшы қылып, ел басқармаған адамды патша қылып білгенін істеп жатыр. Сондықтан да әлеуметтік желідегі менің айтқанымды ешкім көрмей қалады, сол күйінде кете берсін деген ой менде болған жоқ. Мен мұны мың ойланып, жүз толғанып айттым. Басы-аяғы он екі жылда адамға тән қызығушылықтан бас тартып, өзін ойын-тойдан тыйып, алған бетінен қайтпай, биікке қарай өрмелеген азаматтың ұрпағы өзінен он есе көп болуы керек. Он есе! Мұны қазақ тұқым алу дейді. Қазақтың осы ұлы философиясы қазір далада қалып бара жатыр. Бабасының жолынан баласы шошитын жағдайға жеткенбіз. Біз бәрінен айырылып бара жатқан уақытта өмір сүріп отырмыз. Таяу жүз жыл демей-ақ қояйын, бірнеше жүз жылдан кейін әлем халқы мидай араласып, ұлт деген мәселенің бәрі жоққа шығуы әбден мүмкін. Беті аулақ, әрине. Бірақ бүгінгі әлемдік даму үрдісіне қарасаңыздар, бүкіл Африка Еуропаға, Азия мен Америка елдеріне көшіп барып жатыр. Әрине, олардың тұрмысы төмендеу, оған дау жоқ. Алайда бұл аласапыран ешқашан тоқтамайды. Заманның заманында қазақ пен қазақтың ана тілінде тілдесуі мұң болып қала ма деп ұйқым шайдай ашылады. Сондықтан да осы кезеңде қазақтың санын 70-80 миллионға жеткізіп алсақ қой. Ал қазақтың Елдос Сметовтей, Жақсылық Үшкемпіровтей, Серік Қонақбаевтай, Дәулет Тұрлыхановтай, Бақтияр Артаевтай, Серік Сәпиевтей спортшыларынан керек болатын болса, арнаулы тұқым алуымыз керек. Бұрынғы біздің ата-бабаларымыз ақымақ болған жоқ мұны істегенде. Ұлы адамдардан кезінде тұқым алып қалатын. Кейінгі үрдіс, Кеңес Одағы, капиталистік заман қазақтың табиғатындағы ұлы әдет-ғұрыптарды шетінен жойып отырды. Ал мен сол сөзімде қаламын. Ол дегенім, Елдосқа он қатын алып берейік деген сөз емес. Келіннің құлағына алтын сырға. Бірақ мұндай ұлдың тұқымы көп болуы керек. Оны қалай жасау керек, оған менің ақылым жетпейді. Өйткені өзім жасай алмаған ерлікті басқа біреу жасасын деп айқайлап айту әлсіздің әдеті. Жарық дүниедегі ғұмырымның дер шағы өтіп болған мен өз шындығымды жасыра алмаймын. Бұл жайлы айтарым – осы.
– Теннис тақырыбына ойыссақ, үлкен теннистен ел намысын қорғауы тиіс Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Париж төрінде Қазақстан намысын қорғаудан бас тартты. Денсаулықтары сыр берген-мыс. Артынша Еленаның бір айдан кейін, жүлде қоры қомақты жарысқа баратындығы да әлеуметтік желіде сөз бола бастады. Халық эмоциясын жасыра алмады. Тіпті «Рыбакинаны Қазақстан азаматтығынан айыру керек пе?» деген де сауалнамалар болды. Осы ретте «Өзіңнен тумай ұл болмас» деген сөз еріксіз еске түсе береді екен…
– Теннис тақырыбы біздің, шын мәнінде, жыл сайын, жыл сайын деймін-ау, әрбір Олимпиада, Азия ойындары, Әлем чемпионаттары кезінде көзімізден жас тамшылатып отырып, айтатын әңгімелеріміздің бірі. Біз кейінгі жылдары Ресейден теннисшілерді жалдап алу мәселесін үрдіске айналдырып алдық. Оған ұялмаймыз да, қызармаймыз да және де солай болуы керек деп ойлаймыз. Ал ол теннисшілер біздің елімізде барлық жағдайын жасайды, нанымызды жейді, киімімізді киеді, жол қаржыларын бізден алады. Өздерінің «Үлкен дулыға», тағы басқа коммерциялық жарыстарында, яғни ақша төлейтін додаларында жеңімпаз болса, біз соған бөркімізді аспанға атып қуанамыз. Ал командаға ұпай беретін Олимпиада, Азия ойындары секілді жарыстарға ол спортшылар бармайды. Бұны бүгін ғана көріп отырған жоқпыз. Мұндай оқиға мыңдап саналады. Сонда да біздің аузымыз күймейді. Елена Рыбакина кешегі жарысқа – Парижде өтетін Олимпиадаға бармай қалды. Салқын тиген деген сылтау. Айналайын-ау, әжетханаға барса да, жанында жүретін дәрігері спортшыға дәл Олимпиаданың алдында суық тигізе ме екен? Біздің сол мәселеге қарайтын жауапты адамдарымыз қайда? Оларды сондай салқын тиюден, тағы басқа пәледен қорғайтын дәрігерлеріміз қайда? Осы іске жауап беретін мамандарымыз қайда? Айға қарап отыр ма? Рыбакина жарайды, Олимпиада чемпионы болмай-ақ қойсын. Чемпион болуы да мүмкін еді, ол қыздың. Тіпті қола, күміс медальға қолы жетсе де, командалық есепте бізге ұпай береді ғой. Ол қалай болды сонда? Путинцева ол да бармай қалды. Екеуі Олимпиадаға жеребе тастатып, кімдермен шайқасатынын біліп алғаннан кейін бас тартты жарыстан. Бұл да жарақат алып қалыпты-мыс. Қандай жарақат Олимпиаданың алдында? Төбелеске түсіп пе, соғысқа барып па жарақат алатындай? Мұның бәрін қадағалайтын адамдары, менеджерлері, дәрігерлері, жауапты жандар бар емес пе? Олимпиадаға сексен адам кетсе, сонымен қырық адам ілесіп жүр ғой. Басқаларын айтпағанда, жеке бапкерлері қайда қарайды бұлардың? Екеуі де бармай қалды, екеуінен де үміт күтіп едік. Путинцева кейінгі кездері үлкен-үлкен жеңістерге жетіп, қуантып тастаған болатын, сырттан келсе де. Әйтеуір Олимпиадада бізге жүлде алып берсе, сыйлығы өзінде, ұпайы бізде қалатын еді. Спортта ойын ұмытылады, нәтижесі қалады. Бізге керегі сол болатын. Бірақ, өкінішке қарай біздің қаржымызбен жарыстарға барып, миллиондаған доллар ұтып алып жүрген Рыбакина осымен еліміздің атын шығаратын қаншама додаға бармай қойды. Біздің қаржымызбен ас ішеді, біздің қаржымыздан стипендия алады. Ел намысын қорғайтын сәтте жарақат алып, ауырып қалады. Осыдан қарап тұрыңыз, Париж Олимпиадасынан кейін Америкада өтетін US Open жарысына шауып барады бұлар, тіпті елден бұрын жетеді. Өйткені бірінші орынға 3,5 млн доллар береді.
Бір жүлде, жүлде болмаса да, командамызға бір ұпай алып бермегеннен кейін бұлардан не қайыр? Неге Қазақстанның паспортын бердік оларға? Бұл бір ғана екі қыздың тарапынан болып отырған жоқ. Бұған дейін ерлердің тарапынан да сондай жағдайлар болған. Рыбакинаны қазақстандық дегеннен не пайда? Ол өзінің үш миллион долларын қалтасына салды. Шырт-шырт түкіріп өмір сүріп жатыр. Есесіне қаншама қазақтың ұл-қызының орнын алып отыр. Теннистен құрама командамыз – Ресейдің спортшыларынан құралған. Ұялатын уақыт жетті. Осының бәрінен қорытынды шығаратын уақыт болды. Қашанғы жауырды жаба тоқып, білмеген болып көзімізді көлегейлеп отыра бермекпіз? Ал осыны ойлайтын, түсінетін спорт басшылары бар ма? Менің ойымша, жоқ. Олар судың бетімен қалқып, үлкендерге жағынып жүре беруге дайын. Ал кеше ғана Олимпиадалық комитеттің басына келген Геннадий Головкин соны түсінер ме екен? Өзі Америкада тұрады. Бүкіл шаруасы, бала-шағасы, ақшасы, бизнесі Америкада. Қазақ айтпай ма, «біреудің жоғын біреу әндетіп жүріп іздейді» деп. Рыбакинаның да, Путинцеваның да, тіпті Головкиннің де жағдайы тура сол ғой. Олар біздің еліміздің шаруасын, біздің еліміздің жоғалған малын ысқырып жүріп, әндетіп жүріп іздейді. Осыны қашан түсінеміз, қашан шара қолданамыз? Жас ұрпақтың жолына бұлай көлденең кедергілерді қоя беретін болсақ, онда біз өзімізді өмірі өсірмейміз.
– Расымен де, аға, легионерлер тақырыбы – жауыр болған тақырып. Сонда да сұрайыншы, спортқа легионерлер тарту, шынымен тиімді ме?
– Легионерлер дегенді, мен келімсектер деймін. Бұл мәселенің таяқтың екі ұшы сияқты екі қыры бар. Негізінен, командалық ойындар арасында легионерді шақырмай спорт өркендемейді. Яғни командалық спорт түрлері – футбол, волейбол, баскетбол, қол добы, регби секілді командалық спорт түрлеріне легионерлер керек. Бірақ олардың сыпырындысын жинап алмай, шын мәнінде, мықтыларын тауып алу қажет. Мықтыларын таңдап, саңлақтарын ғана сатып алуымыз керек. Роналдуды арабтар ақшасы көп болғаннан сатып алып жатқан жоқ. Ақшасы көп, әрине. Бірақ сол жігіттің ойынына бола қаншама араб баласының футболға келетіндігі, олардың Роналдудың әрбір ойынын көре отырып спортқа ұмтылатындығы, сөйтіп, арада жиырма бес, елу жыл өткен кезде, небір мықты-мықты футболшылар шығатындығы ешқандай күмәнсіз болғаннан кейін шақырып отыр. Міне, түпкі мақсат. Содан кейін спорттың бәрі бизнеске айналып кетті. Егер олар Роналдуға жылына 200 млн доллар береміз деп келіссе, сол ақшаны стадионға келген адамдардың қарасымен екі есе қайтарып алады. Роналдудың ойынын көруге келетін жанкүйерден стадиондар босамайды. Міне, қайда жатыр мәселе.
Ал таяқтың екінші ұшы – жеке спорт түрлері: күрес, бокс, гимнастика, жүгіру, секіру, тағы басқаларына легионерлердің керегі жоқ. Мүлдем керегі жоқ. Неге десеңіз, сол арқылы біз өзіміздің ұлдарымыз бен қыздарымыздың жолын жабамыз, біріншіден. Екіншіден, еліміздің ең қымбат құжаты – паспортымызды бір-екі жыл елімізде ойнап, ақшамызды алып кету үшін келгендерге үлестіре береміз. Кейін солардың бәрі құжатыңды лақтырып кетеді. Кешегі Олимпиада чемпиондары болған, Олимпиада жүлдегерлері атанған сырттан келген спортшылардың қаншасы елімізде қалды? Сонымен қатар осы Олимпиадаға біздің еліміздің атынан Кенияның жеңіл атлеттері барды. Мен ондай спортшылардың Ұлттық Олимпиадалық командамызда жүргенін қаламаймын, қолдамаймын, қарсымын. Өйтіп жеңіске жетпей-ақ қой, еліңнің азаматтық бет-бейнесін былғама. Соны білетін ақыл жоқ бізде, соны ойлайтын басшы жоқ.
– Париж Олимпиадасының алғашқы күні Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден мергендеріміз қола медальды жеңіп алды. Семсерлесуден де спортшыларымыздың көрсеткіші жаман болмады. Неге осындай спорт түрлеріне басымдық бермейміз?
– Біз нысана көздеуден сонау 1996 жылы жүлде алған мемлекетпіз. Сергей Беляев екі бірдей жүлде алған, ал пистолетпен атудан Владимир Вохмянин бір жүлде алған. Сондықтан да бізде ол дәстүр бар. Ал енді осы жолғы біздің Ислам Сәтбаевтың Александра Лемен бірге үшінші орын алуы, кереметтей оқиға. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Сонымен қатар семсерлесу өнері де бізде өте жақсы деңгейде. Өзімізде туған талай азаматтар бар семсерлесуде. Ол адамдарға жағдай жасау керек. Шетелден мықты-мықты бапкерлер, мамандар шақырып берсек, шіркін! Шетелден жеке спорт түрлеріне келімсектерді шақыруға қарсы болсам да жеке спорт түрлеріне бапкерлерді, мамандарды алдыруды қолдаймын. Сонымен қатар елімізде спорт пен дене тәрбиесін ғылыми-зерттеу институтын ашу керек. Рас болса, Олимпиаданың 23 дүркін, әлемнің 26 дүркін чемпионы болған америкалық Майкл Фелпсті зерттейтін 24 институт бар екен. Оның аяғы қандай, басы қандай, саны қандай, ішетін-жейтін тамағы қандай, ұйқысы қандай, тұрғаннан кейін не қалайды деген сияқты нәрселердің бәрін зерттейтін бақандай 24 институт бар. Сондықтан да біз ғылыми-зерттеу институтын ашып, семсерлесу, садақ ату сияқты спорт түрлеріне баса мән бергеніміз жөн. Садақ ату, семсерлесу деген ежелден келе жатқан ұлттық спортымыз ғой. Күрес пен боксқа сығырайып қашанғы қарап отырамыз?..
Ауыр атлетикаға мән бергенбіз бір кездері. Бірақ Халықаралық Олимпиадалық комитет спортшыларымыздың медальдарын тартып алғаннан кейін бұл спорт түрі құлдырады. Басшы-қосшылары да былықтырып жіберді. Әйтпесе қазақ балаларының ішінде өгіз көтеретін, түйені шайқайтын небір атпал азаматтар бар. Оларға 200 келі штанганы көтеру деген не тұрады. Тек қана жасынан баптап, сол спорт түрлерінің қыр-сырын үйрету керек еді.
– Ұлттық спорт түрлерінен қазіргі таңда шоқтығы биік, аудиторияны қызықтыратыны – қазақ күресі. Қазақ күресі Олимпиада ойындарына кіретін күн жақын ба? Ол үшін қандай шаралар атқарылуы тиіс?
– Ұлттық спорт түрлері дегенде, біз биыл Астанамызда өтетін бесінші көшпенділер ойынын міндетті түрде есімізге аламыз. Бұл – біз секілді ұлттық белгісі бар мемлекеттердің өз Олимпиадасы. Қазір жүзден аса мемлекет келеді деп күтілуде. Спорттың қаншама түрі бар. Бұның ішінде қараңыз: қазақ күресі мен тоғыз құмалақтан елу-алпыстан аса мемлекет келейін деп жатыр. Ойнауға. Мұның бер жағы Қырғызстан болса, ар жағы сонау Америка. Бұл дегеніңіз, ұлттық өнерлеріміз әлемге таралып жатыр деген сөз.
Қазақ күресі ғана емес, бүгінгі таңда әлем тоғызқұмалаққа да өте қызығулы. Бұл қанша айтқанмен жоғары математикада ойналатын ойын. Шахматтан он есе артық. Сондықтан мұны үйренуге халықтың ықыласы керек, оның үстіне бұл балаларға да, үлкендерге де өте қызық ойын. Балалар кәмпит жегендей құмалақты ары-бері домалатып отырып ойнайды. Бұл балаларға керек болса жұбаныш. Ал шетелдіктер тоғызқұмалақтың тұнып тұрған математика екендігіне, ақыл мен парасатты, ойлылықты талап ететін логикалық керемет ойын екендігіне бас иіп отыр.
Сонымен қатар шетелдіктер көкпарымызға да қызығуда. Кеше ғана ұлттық спорт күні өтіп, осы Астанада Американың біз киноларынан көріп тамсанатын басына кең күнқағар киіп шығатын ковбойлары ғой, солар келіп біздің көкпарымызға қатысып кетті. Оларды осы жердегі АҚШ елшілігі шақырған екен, өте керемет болды. Енді бұл жерде үлкен мәселе тұр. Егер осы мәселені жеріне жеткізіп орындай алсақ, онда біз қазақ күресін ғана емес, басқа да ұлттық спорт түрлерін әлемге жая аламыз.
Бұл – бағана сұхбат басында кейін тоқталармын деген мәселе. Мысалы, неге бүгінде дзюдо күресінің еркін күрес пен грек-рим күресінен даңқы асып кетті? Шын мәнінде, дзюдодан өтетін жарыстарға әлемнің назары еркін күрес пен грек-рим күресіне қарағанда, анағұрлым көп ауады. Бүкіл әлем дзюдо көреді десем, өтірік айтпаймын. Жапондар бұл спорт түрін 1980 жылдары әлемге татамиі мен күртешесін арқалап жүріп үйретті. Өздері алып барды, ақшасын төлеп өз еліне шақырды, көрсетті, үйретті. Жатын орындары мен тамақтану мәселесін де өз мойындарына алды. Соның арқасында бас-аяғы 40-45 жылда дзюдо әлемдік спортқа айналды. Сол сияқты біз де ұлттық спорт түрлерін: қазақ күресін, тоғызқұмалақты, садақ, жамбы атуды, теңге ілуді, ауырлау әрі қиындау болса да көкпарымызды әлемге таратып, оны Азия ойындарына, одан ары 40-50 жылда Олимпиада ойындарына кіргізетін болсақ , ұтарымыз көп болады. Ары-бері сапырып, құртып жатқан мемлекеттің ақшасын осындай шаруаларға жұмсауымыз керек.
Билік басында отырғандар осындай мәңгілік істерге қаржы бөліп, жыл сайын ұлттық спорт түрлеріне шетелдік спортшыларды тарту, оларға құрал-жабдығын әперу, әдебиеттерін үлестіру, қыр-сырын үйрету, жарыстарға жол ақысын төлеп шақырып алу, сөйтіп, жағымды көзқарас қалыптастырып, қызығушылық таныту мәселесін ешқашан естерінен шығармаулары тиіс. Сонда ғана біз тоғызқұмалағымызды, қазақ күресін, көкпарымызды, тағы басқа ұлттық спортымыздың түрлерін әлемге жая аламыз. Ұлттық спорты тамырланған ел ғана жасампаз. Сол үшін ертерек қимылдау керек. Әйтпесе мынау Азияның мықты мемлекеттері өздерінің спорт деуге келмейтін ойындарын насихаттап әлек. Мысалы, төрт қабырғаның ішінде допты тепкілей береді немесе ұра береді. Төрт қабырғаға соғылған доп ешқайда кетпейді ғой, қайтып келе береді. Сол секілді спорт түрлерін Азия ойындарына кіргізіп алған. Сосын, теннистің биіктігіндей ғана аласа сеткіден жаңағы допты қолмен емес, аяқпен тепкілейді секіріп. Бұл да Азия ойындарына кірді. Оларға қарағанда, біздің ойындарымыз бекзада өнер ғой. Сондықтан да ешқандай қаржы аямай, уақыт аямай, құрал-жабдықты беріп, жарысқа шақырып, өзіміздің ұлттық спорт түрлерін таяу отырған қырғыздан бастап, сонау Оңтүстік Америкадағы елдердің бәріне ертелі-кеш үйрете беруіміз керек. Сонда ғана біз алдағы елу жылдың ішінде ұлттық ойындарымызды Олимпиадаға кіргізе аламыз.
– Бұрындары спорттық жарыстарда атлеттердің физикалық дайындығына баса мән беретін болса, қазіргі таңда көп ел ғылымға жүгінеді. Спортшының физикалық, биологиялық жүктемесін медициналық мүмкіндіктермен арттырып, психологиялық тұрғыдан пісіріп алуға тырысады. Бұл үрдіс біздің елде қалай жүріп жатыр?
– Жоғарыда айтқанымдай, біздің елге спорт саласындағы жетістіктер мен кемшіліктердің себеп-салдарын анықтап, ертелі-кеш жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу институты керек. Біздің талантты ұл-қыздарымыздың жеңіске жете алмай, үздік нәтижеге бір табан ғана немесе бір елі жетпей қалып жатқандарының себебі осы. Бүгінгі таңда спортшылардың күш-қайратын арттыратын дайындығымен қатар, көңіл күйін, психологиясын дайындау аса маңызды. Келесі кезекте дәрі-дәрмек мәселесі. Бұл заманда спорттың ауыр түрлерінде мықты дәрі-дәрмексіз нәтижеге жету мүмкін емес. Ол деген допинг емес, спорттағы медициналық фармацевтика. Сондықтан да ғылыми-зерттеу институтын ашу, ауылдан келетін ұл-қыздарымызға керек-ақ. Сонда спортымыз да дамиды, жетістіктеріміз де көбейеді.
– Несіп аға, ел сізді ең алдымен спорт журналисті, жазушы ретінде жақсы біледі. Жаңылыспасақ, онға жуық Олимпиадаға қатысып, бірнеше кітап жаздыңыз. Жалпы сізге хабарласқанда, Париж төрінде жүрген шығар деп ойлағанбыз. Ал сіз ауылдамын дейсіз…
– Бұл менің ішімдегі өзімді жегідей жеп жүрген сұрақтың бірі. Бірақ заңды сұрақ. Өмір деген бір күндей болмай өте шықты. Жиырма жасымда спорт журналисі болам деп талпынып едім, бүгін оған 54 жыл өтіп кетті. Құдайға тәуба 11 Олимпиадаға бардым. Футболдан бес Әлем чемпионатына қатыстым. Тарихта мұндай қазақ спорт журналисі әзірге жоқ шығар. Қаншама Азия ойындарына, Шығыс Азия ойындарына, жүздеген әлем чемпионаттарына, Еуропа чемпионаттарына бардым. 25-30 кітап жаздым, Құдайға тәуба. Әйтсе де бойда күш бар еді. Парижге барып келсем деп ұмытылып едім. Бірақ адамның ойлағаны бола бере ме?! Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті мен еліміздің Спорт министрі уәде беріп тұрып алмай кетті Парижге. Енді жастарды ерткені де дұрыс шығар, дегенмен бұрындары дүбірлі додаларға бүгінгідей көрген жарысын төрт-бес жол ақпаратпен бере салатын журналистерді емес, келгеннен кейін салмақты кітап жазатын сақа журналистерді, сол оқиғаны тарихта таңбалап қалдыратын қаламы қуатты тілшілерді апаратын еді. Өткен ғасырдың сексен, тоқсаныншы жылдары журналистердің Олимпиадаға барғаны дәл бүгінгідей есімде. Олар келгеннен кейін мақаламен шектеліп қалмай, кітап жазды. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғалы қатысқан Олимпиадалар туралы мен бес томдық кітап жаздым. Басқа спорт кітаптар өз алдына. Олимпиадаларға менімен бірге, менен бөлек барған 300-ге таяу қазақ, орыс, неміс, кәріс, еврей секілді журналистердің бірде-біреуі бес томдық кітап түгілі, бір томдық кітап жазған жоқ. Дұрыс-бұрысын оқырман қауым айта жатар. Сонда да үйдегі теледидардан қарап, қуанышымызды да, өкінішімізді де, көз жасымызды да Париждегі Олимпиадаға арнап жатқан жайымыз бар, айналайын. Ештеңе етпес, мен бармағанмен дүние кері кетпейді. Өстіп өмір өте береді, жаңа буын келе береді…
– Несаға, сөзіңізді іркіп қалдыңыз ғой. Ел-жұртқа жеткізсем деген басқа да арзу-арманыңыз бар ма?
– Мен енді айтарымды айттым-ау деп ойлаймын. Тек бір ғана астын сызып айтатын нәрсем, өзім апта сайын сағына күтетін «Қазақ әдебиеті» газетінің Олимпиадаға мойын бұрып, мұны да өнердің бірі ретінде қарастырып жатқаны, маған қуаныш сыйлады. Өйткені спорт, шын мәнінде, өнер. Спорт – өнер атаулының ұлысы. Өнердің асқақ түрі. Маңдайыңнан теріңді сорғалататын, ерік-жігеріңді шыңдайтын, адамның өз болмысын түсінуге жетелейтін бекзада өнер. Сондықтан да Париж төрінде Елдостың ерлігін қайталайтын, көк Туымызды желбірететін, Әнұранымызды шырқататын спортшыларымыз көп болсын деймін.
Сұхбаттасқан
Дархан Бейсенбек