Асылан ТІЛЕГЕН. БІРІН БІРІ ЖЕТЕКТЕП, БІРІН БІРІ ТОЛТЫРЫП…
27.04.2026
32
0

 

Балалар әдебиетінің 2025 жылғы қоржыны қампайып келді. Алғашқы лекті көргенде тіксініп қалғанымыз да рас. Себебі әлдеқашан оқырманын тапқан, әдебиет әлемінде есімі белгілі Бекен Ыбырайым, Пернебай Дүйсенбин, Сәуле Досжан, Қанат Қайым, Абай Мауқара сынды жазушыларды көргенде, әлгінде ғана елпілдеп тұрған көңіл екіұдай күйге ауысты. Дегенмен алдыңғы буын аға-апалардың кітаптарын көтеріп әкеп, қомсынбай-ақ талқыға ұсынғаны – кейінге үлгі, дәстүрді қалтқысыз орындау. Кітаптар ішінде жаңа есімдер де баршылық. Қоржын ішінен өлең мен әңгіме де, жұмбақ пен жаңылтпаш та, ертегі мен баллада-поэмалар да, комикс те табылды. Шетінен алып кеміре түстік.

Бекен Ыбырайымның «Көйлек киген көбелек» кітабы 2024 жылдың соңында шығып, 2025 жылы ғана оқырман қолына тиіпті. Өлеңі мен әңгімесі аз, жұмбағы мен жаңылтпашы көп жинақ толықтай жаңа кітап екенін айғақтап тұр. Өлеңі аз болса да, бүгінгі балалар санасына сай қонымды, ықшам.
«Көзім жұмып түнімен,
Кино көрдім бүгін мен.

Көрпе жауып иыққа,
Сен де кешке ұйықта.

Сенбей тұрсаң сөзіме,
Көресің ғой өзің де.

Бәрі әзіл үшін ғой,
«Кино» деген – түсім ғой», –
деген секілді қызықты өлеңдердің қатары көбірек болғанын қаладық. Есесіне сан қилы жұмбағы мен жаңылтпашы кітаптың салмағын арттырып тұр. Ал «өтіріктер» жанрына құрылған «Көйлек киген көбелек» әңгімесі балаларға мейілінше қызық болғаны сөзсіз.
Абай Мауқараның «Таудан биік Толағай» хикаяты бәрімізге таныс Толағай аңызын көркем шығармаға айналдырған. Қазақ тарихы мен этнографиясының мол мұрасын сығымдап, аңыз желісін прозаның талаптарымен сәтті жымдастырып, жасөспірімдерге арналған толымды хикаят жасап шыққан. Бір ғана хикаяттан жас оқырманның мол мағлұмат алуы автордың тынымсыз ізденісін көрсетіп-ақ тұр. Мұнда құр тарихты баяндау емес, оқиғасы шиеленісіп барып шешімін табар сахналар, бүгінгі балалардың сұранысындағы фэнтези жанрының да элементтері бар.
Былтыр Қанат Қайым «Алтын балық» кітабын оқырманға табыстапты. «Мұхиттан шалғайдағы океанариум» әңгімесі балалардың Астанадағы сүйікті орнын таныстырып берсе, «Қараңғы бөлменің құпиясы» әңгімесі ықшам әрі тосын оқиғасымен оқырманды баурайды. Ал «Алтын балық», «Жұмыр жердің жүйке тамыры» әңгімелерін оқысаңыз, бала түгіл ересек адамдардың да күнделікті көріп жүрген дүниесіне қайта бажайлап қарауына итермелейді. Себебі мұнда екінің бірі біле бермейтін мол мағлұмат бар. Әсіресе «Алтын балықтан» соң балықтар әлеміне еріксіз еніп бара жатқандай боласыз.
Автордың ертегілері де оқырманды құр қиял-ғажайыпқа елтіп қоймайды. Ертегілер бөлімінің соңғы бетін жапқанда, қазір ғана зообақтың ішіне кіріп шыққандай, жай ғана кірмей, сондағы мақұлықтармен әжептәуір әңгіме айтып шыққандай әсерде боласыз. Өйткені автор өзі сол жаққа жетектеп апарып, әрқайсына тән ерекшелікті, табиғат-болмысын тәптіштеп таныстырып келгендей күйге түсіреді.
Кейінгі буын қаламгерлерге еңбекқорлығымен де үлгі боп жүрген Сәуле Досжан 2025 жылы балаларға екі бірдей базарлық тарту етіпті. Біріншісі – «Маймақ қаз» әңгімелер мен ертегілер жинағы. Кітаптағы әңгімелер жас оқырманды ізгілікке, еңбекқорлыққа баулиды. Онысын жай ғана дидактикаға ұрындырмай, қызғылықты оқиғаға құрады. Сонысымен оқырманды баурап алады.
Екінші кітабы – «Көк түрік» комикс жанрында жарық көріпті. Аңыз-әпсаналар мен мифтік кейіпкерлерді тоғыстырып, ежелгі тарихты жаңа жанрда тірілткен кітап, сөзсіз, балаларға ұнаса керек. Комикс суреттері де бүгінгі балалардың сұранысына сәйкес аниме жанрына жақын. Осындай ерекшеліктер де кітаптың бағасын арттырып тұр.
Белгілі балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбин оқырманын былтыр «Жұмбақ жұлдыз жымыңы» атты көлемді жинақпен қуантыпты. Дегенмен мұндағы шығармалардың дені жазушының жас кезінде-ақ жазылып, әлдеқашан оқырман ықылысына бөленіп қойған. Сөйтсе де қалың кітапты қолымызға қомсынбай алдық. Өйткені ертегілердің атауының өзі шетінен қызықтырып тұр. «Нұрстан мен Аққанаттың бастан-кешкендері» бастаған ертегі-хикаяттар – бала қиялына сай, көркемдігі де келіскен, толымды шығармалар. Дімкәс Көркемтайдың дертіне дауа іздеп шарқ ұрған қанатты достар, бояулар әлемі қисынсыз қиял емес, таным тұрғысынан тартысқа түседі. Ертегі бастала салысымен бір ырғаққа түсіп, мамыражай баяндалып жатқанда көпке дейін оқиғалардың шиеленісін іздегеніміз рас. Шиеленіс – ертегі-хикаятқа тән элемент екенін былай қойғанда, оқырманды баурай түсер қажет тәсіл. Оқырманға керек ойлы шығарманың табиғатын жақсы білетін Пернебай Дүйсенбиннің жоқ жерден сүрінбесі белгілі еді. Алданбаппыз. Оқиғаның соңына таман іздеген талас-тартысты таптық. Онысы да нанымды. Осылайша бояулар әлеміне, сөз сырына, қиял қапысыздығына қанықтырған хикаят сәтті жазылғанына тағы бір көзіміз жетті. Кейінгі ертегі-хикаяттар да осы биігінен аласарған жоқ.
«Жұмбақ жұлдыз жымыңы» жинағының жалғыз кемшілігі – 310 беттік кітаптың суреттен ада екендігі. Әрине, бұл шығарушы баспаның немқұрайдылығы. Көзді арбайтын сурет-иллюстрациясыз, тек мәтіннен тұратын табақтай кітапты балаларға ұсыну – көпе-көрнеу қиянат. Кітапты бұлай шығарудағы мақсаты не баспаның? Бұл – мемлекеттік тапсырыспен шығатын, балаларға арналған кітаптарға ортақ мәселе. Осы жағдайды кітап шығарып беруді міндетіне алып отырған мекемелер мен баспалар ескерсе екен дейміз.
«Шіркін, балаларға арналған кітап дегенің мәтіні мен суреті келісіп, нанға май жағып бергендей болу керек қой» дейтін ойымызды дөп басқан кітап «Шапшаң тасбақа» болды. Авторы – Айнұр Мұратова. Тасбақа қалай шапшаң болады деген құмарлық үлкен-кішіні бірдей еліктірері былай тұрсын, алдымен қызықтырғаны – кітаптың екі жақтығы. Яғни кітаптың жартысы авторлық қазақша ертегілер де, кітапты төңкерсеңіз, ағылшын тіліндегі нұсқасын көресіз. Өте сәтті жасалған тәсіл. Оның үстіне жинақ заманауи форматта безендірілген.
Ал ертегілер ше? Кітаптың безендірілуі қалай қызықтырса, мәтіні одан көркем. «Бақбақтың арманы» ертегісінде «Кейде арманға жету үшін бұрынғы қалпыңнан бас тартуға тура келеді» деген тәмсілді сөзді орнымен қолданғанына, жай қолданбай қиюын тапқанына қуандық. Кітаптағы өзге ертегілер де осы көркемдігінен танбапты. Жинақтың тағы бір ерекшелігі – ертегілердің бейне-нұсқасының да жасалғаны. QR-кодты телефон камерасына жақындатсаңыз болғаны, алдыңыздан әлгінде өзіңіз оқыған ертегілердің бейнесі шыға келеді. Оқырманын құрметтейтін автор осындай болса керек, сірә, деген ойға қаласыз.
«Көк теңіздің көз жасы» мен «Ақ самолет, самолет» атты екі бірдей кітап шығарған Жұмабай Жақыптың жазудағы ниеті дұрыс-ақ. Бірақ әңгімелері балаларға арналып жазылғаннан бұрын өз балалық шағының сағына еске алар ыстық естеліктеріне ұқсайды. Өзгелер сияқты бұл кітаптың да кемшілігі – суретсіз, безендірусіз.
Он алты әңгімеден тұратын «Тұлпар тағдыр» кітабының авторы – Зейнел Жекейұлы. Кітап табиғаты, көңілге қаяу түсіріп, жабырқатып жіберер кей әңгімелер («Сабын», «Сағыныш», «Қыз кеткен», т.б.) балалардан гөрі ересектерге арналғандай.
Алтыншаш Жақиянованың «Бәсіре-жыр» кітабындағы өлеңдер шынайылығымен баурайды. Кітаптың бойынан әженің немереге деген мейірі көрінеді. «Р»-ға тілі келмейді», «Әкем қайда жоғалды», «Біздің аула» секілді шымыр өлеңдер оқиғасымен де тартымды. Кітап балдырғандар мектеп сахнасына алып шығуға лайықты өлеңдердің молдығымен де бағалы.
Гүлбақыт Қасеннің «Біз – бақытты баламыз» кітабы – балалар поэзиясында соны сүрлеу салған М.Әлімбаев, Ә.Дүйсенбиев, Қ.Мырза Әлі, Ж.Смақов секілді алыптардың қазынасынан қуат алғандай әсер қалдырды. Ондағы өлеңдер балабақша мен мектептерде өтетін әртүрлі іс-шараларда айтылар (қайдан тауып алатыны белгісіз) татымсыз тақпақтар мен өресіз өлеңдердің орнын алмастыруға әбден болатындығын көрсетті.
«Жаза бергім келеді,
«Ана», «Әке» сөздерін.
Тез үйрендім, себебі,
Жақсы көрем өздерін», –
деген шумақта балалар поэзиясына тән көркемдік те, ықшамдық та, ойға қона кетер оралымдығы да бар, ұйқасы да келісті. Кітаптың өн бойында осындай шумақтар тұнып-ақ тұр. Енді автор осы кітапты көркем безендіріп қайта шығарар болса, оқырманы қуанып қалар-ау деген ойда қалдық.
Сәли Сәдуақасұлының «Отынбай мен Шекпен қыз» кітабының тысына қарап балаларға арналған кітап екен деп мүлде ойламайсыз. Алайда ішкі бетін ашсаңыз, балаларға арналған өлеңдері, жұмбағы мен жаңылтпашы да, мысалдары мен поэма-дастандары да бар тәп-тәуір жинақ. 264 беттен тұратын кірпіштей кітаптың ешқандай безендірусіз (автордың суретінен басқа сурет жоқ) шыққанына қарағанда, бұл – автордың бұған дейін балаларға арнап жазғанын бір жинақтап қояйын дегені, сірә. Егер осы дүниелер негізгі оқырман, яғни бала қолына тисін деген ниет болса, кітапты бұлай шығармауға тиіс-ті.
Балаларға арнап жазудан бөлек, кітап дайындаудың да өз әдебі болса керек, яғни қай өлеңдердің қай жастағы балаға лайықталғанын әдіптеп бөлімге бөлмесеңіз, мұныңыз қауіпті болмақ. Балабақша жасындағы балаға ересек баланың киімін кигізе алмайтыныңыз секілді, шығармашылық тұрғыда да соны ескергеніміз жөн. «Отынбай мен Шекпен қызда» осындай олақтық көзге ұрып тұр. Егер автор осы тәртіпті ретке келтіретін болса, кітап та жүйеге түскен болар еді деп ойлаймыз.
Гүлімай Әбішқызы «Едіге» дастаны мен аңыз желісіне сүйеніп, «Ер Едіге» ертегісін сәтті құраған. Сөз-сөйлемдері жинақы, оқуға жеңіл.
Балаларға арналған көп кітаптан безендіру таба алмай қиналсақ, кейбірінен әсіре безендіру көрдік. Соның бірі – осы «Ер Едіге». Бұны безендіруде жасанды интеллекті пайдаланған. Безендірушінің «артық қылам деп тыртық қылғаны» көзге ұрып тұр. Едігенің анасының опа-далапты бетіне аямай жаққаны, киімдердің өндірістен жаңа шыққандай жылтырап тұрғаны – мәтінге қарама-қайшы, бүгінгі заманғы сахналық декорация. Жазушы Молдахмет Қаназдың «кітапты безендіру – өз алдына көркем шығарма» деген сөзі балалар кітабына қарата айтылған еді. Шынында, келіспеске болмайтын сөз. Өйткені көркемсурет мәтінмен бірге бала қиялын дамыта түседі. Ал жасанды сурет, әрсіз-нәрсіз безендіру мәтіннің абыройына көлеңке түсіреді.
Ернұр Сейдахмет «Футболшы Месси» кітабында әйгілі футболшы өмірін өлеңмен өрген. Кібіртіктеп басталған өлеңдер топтамасы жүре келе ширап, бауырын жазады. Сол қарқынмен бастапқы шумақтарды қайта қараса, бір қалыпқа түсер ме еді. Жалпы балаларға қызық футбол тақырыбын өлеңмен өрнектеу – айтарлықтай еңбек. Алдағы уақытта сериялар легін, яғни басқа да футболшылар өмірінің жинағын оқырман да күтеді деп сенеміз.
Еділбек Дүйсен «Алматы аспаны» кітабының екінші бөлімін балаларға арналған өлеңдер, жұмбақтар мен жаңылтпаштарға толтырыпты. Мектеп кезінен-ақ жұмбақтар кітабын шығарып, үлкен буынның батасын алған жас қаламгер бұл жолы да сәтті топтама ұсынған.
Мади Нүсіпбаев «Аия және әлем билеу­шілері», «Айя, көбелек қыз» атты екі кітапты орыс тілінде ұсыныпты. Ертегілер сериясы балаларды шым-шытырық оқиғасымен баурайды деп сенеміз.
Баяндамашының еркіне берген барлық кітапты қарап шыққаннан кейін көкейге келген ойды да айта кеткен жөн. Ол ой мынау болатын: кітаптан жақсы әңгіме я жақсы ертегі оқысаң, келесісі де сол деңгейден бір мысқал аласармаса екен дейсің. Қолыңа алған кітап биіктеген үстіне биіктей берсе деп тілейсің. Өлеңдер де солай. Үзеңгі қағыстырып, кітаптың соңғы бетіне дейін мәреге қол ұстасып қатар келгенде ғой дейтін ой, ой емес-ау, ынтызарлық, үміт пайда болғанын қайтіп жасырайық, яғни тура мағынасында кітап салмағын арттыру мақсатында жазылған шимайлар көзге ұрып-ақ тұрғаны жасырын емес.
Қазақ балалар әдебиеті жанры кәсібилікке түскелі бері жанашырлықты қажет етіп келеді. Бұрынғы қаламгерлермен, бұрын жазылған көркем шығармалармен салыстыра қарағанда, қазір тек қана балаларға арнап жазатын қаламгерлер көбейіп келеді. Алдымызда жатқан жиырма шақты кітапты саралағанда да соны байқадық. Ол дегеніңіз кәсібилікке жетуге, балалар әлемінің сырына дендеп енуге, сөйтіп қазақ баласы қаумалап кеп оқитын шығармалар өмірге келеріне септесер дейміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір