БЕСТІҢ БІРІ
03.04.2026
118
0

Абайдың айтқанындай: «Жайнаған туы жығылмай», жақсы өмір сүрген, жайдары дидары мен жылы жүзін суытпай, тағы да сол Абай айтқандай, «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, күлсе де, ренжісе де білдірмеген. Нанасың не айтса да, амалың жоқ, Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген. Кейде – паң, кейде – көнгіш орынымен, Кейде – елеусіз, кейде ынтық формыменен, Кейде үндемей жүрсе де сөзге баяу, От жалындай жауапкер», – дегізетін тумысы мен болмысы бөлек тұлғаның бірі – Әкім аға, кәдімгі Әкім Тарази. Ол өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында жарық көрген өзінің алғашқы «Құйрықты жұлдыз» атты хикаятымен қазақ прозасына стенографистік сарказм­ға толы мәнерді әкелді.

Өзі өскен кеңестік қоғамда өзін жат адам ретінде сезінген (ал, бұл ол тұста буржуазиялық идеологияның идеалистік кейіпкері ретінде теріс бағаланатын) жалғыз жанның фанатизмге ұштасқан көңіл ауанын көркем кеңістікке айналдырды. Байыпты баяндау тәсіліне бауыр баса бастаған он төрт-он бес жастағы албырт сана үшін бастапқыда тосырқап қарап, бара-бара әр бетіндегі сарказмдар мен қоғамды жатсынудың салдарын талдап, сіңіріп барып, сонымен қатар ол жатсынудың идеологиялық астарын мегзеген баспасөздегі сыни пікірлердің салқынын сезген соң ғана, сол «Құйрықты жүлдыз» хикаяты менің де көңіл ауаныма айналып, сондай қияли ғадетпен өмір сүре бастағандай едім. Мұның астарын, сол жылдары әдеби сынның тізімінде үнемі қатар талданатын «Қоңыр күз еді» (Қалихан Ысқақов), «Жусан иісі» (Сайын Мұратбеков), «Қаздар қайтқанда» (Қабдеш Жұмаділов), «Бақыт» (Рамазан Тоқтаров) атты шығармаларды оқыған соң ғана түсіндім.
Бұл бес шығарманың тақырыптары алшақ, оқиға өзегі өзге, жазу мәнері мүлде басқаша өрілетініне қарамастан, қандай да бір ішкі үйлесімдік бар сияқты көрінетін де тұратын. Оны кексе тартқанда ғана аңғардым, олардың басын қосып, жүрегін жалғастырып тұрған алтын өзек дүниені көркем жүйелеу (бейнелеу емес) әдістері екен. Шығармашылық психологияның ең тылсым болмысы болып табылатын бұл құбылыс жүрек пен жүйкенің сана саңылауынан тамыр тартатын. Тіпті бұлардың елуге қараған жасында жарияланған салмақты шығармаларында да сол «жалғас жүректерінің» рухани талшығы анық аңғарылатын. Ә.Таразидың эпикалық сипат берген «Кен» романынан да сол сарын анық нышан танытатын. Жазушылар одағындағы әдеби талқылауда арнайы жасаған баяндамамда байқаған осы бір «рухани жалғастықты» айтқанымда, өзі де таңғалып еді. Әрине, стенографистік стильмен, сарказммен, мысқылды жымиыспен роман жазу ауыр. Алайда «Құйрықты жұлдыздан» басталған сол әдеби тәсілдер «Кен» романында тіпті тамырын тереңге жіберген еді. Роман шағын жанрға тән емеурінді көркем тәсілдерден тұрады. Айтарын мысқылды штрихпен білдіреді. Мысалы, қалың халықтың топырлап-сығылыса, иетермелесіп кіріп бара жатқанын көрген кейіпкер, кенет шорши секіріп кетіп, артына бір қарап, етегін қағып қойып ілгері аттайды. Оның неден сескенгенін білмесе де, соңындағы сапырылысқан жұрттың барлығы әлгі жерден секіріп өтіп жатады. Теп-тегіс жерден неге секіріп өтіп жатыр? Оны ешкім білмейді. Ал осы көрініс арқылы, жазушы, Абай айтқандай, «Өзінде дербес ой жоқ», «Көп айтса, көнді, жұрт айтса, болды» дейтін әдетпен кеңестік идеология бойынша, көп не істеді, сен де соны істеуің керек деген тобырлық психологиямен өмір сүретіндерді кекетіп тұр. Сол мысқылмен жазушы қоғамның бүкіл можантопайлығын мегзейді. Екінші бір көркем тәсіл мынадай кілитпанға құрылған: романда бір-біріне еш қатысы жоқ жолаушылар көлікпен қаланың екі жағынан орталыққа бет алып келеді. Арада өзге оқиғаларды баяндап барып, жаңағы екеуін қайталап суреттеп қояды. Апырмау, көлемді романда мұндай алшақ оқиғаны қандай көркемдік ілікпен қиыстыруға болады? Болады екен. Ентелеп келе жатқан екі көлік ақыры қаланың ортаңғы көшелерінің бірінде қақтығысып, жазымға ұшырайды. Сөйтсек, бұл романның оқиғаларының да қақтығысты тұсы екен. Бірі туралы екіншісінің қапері жоқ адамдардың тағдыры осы кездейсоқ қақтығыс арқылы тоғысады.

Міне, жазушы Әкім Таразидың көркем әлемі осындай сарказмдық тылсымға толы. Мұндай миньюаторлық жазу мәнерін ұстанған жазушы, қазақ әдебиетінде, мен білгенде тек Әкім Тарази ғана. Жоғарыда аты аталған: жас кездерінде «бес қасқа», отыздарында «бес қарагер», қырыққа шығып, денелері толыса бастағанда «бес тапал» (құрдастары Асқар Сүлейменов қойған) атанып, жиырма бес жастарынан бастап, өмірден өткенше аттары қатар аталып, бір-бірінен «қорқып», «қорқытып», «қорықпай», «қорықпағансып», «қорқытқансып» (өздері бір-біріне телитін, жазушылардың арасында аңыз боп кеткен тұрақты қалжыңдары) жұбын жазбай өмір сүрді. Сөйтіп, олар қазақ әдебиетінің бес бәйтерегі атанды. Тек, араларына Сәкен серіні (Жүніс) ғана анда-санда қосып, еркелететін еді.
Біз, әдебиеттің табалдырығын аттаған алпысыншы жылдардың аяғында, бұл «бесқарагердің» арасындағы әзіл-қалжың халықаралық деңгейге (шын мәнінде) көтеріліп барып басылыпты. Жаңа азаттық алған Африканың бір мемлекетінің ресми кәсіподақ өкіліне «бәстесіп барып», өзімсіне жасаған қазақы қалжыңдарынан соң, іс Орталық комитет пен Қауіпсіздік комитетінің тексеруіне түседі. Оны сол ресми өкілдің өзі араласып жүріп басқаннан кейін, бесеуі бес мекемеге: Сайын мен Әкім Мәскеуге (Әдебиет институты мен сценарий курсына), Қалихан киностудияға, Қабдеш пен Рамазан баспаға ауыстырылып, «ыдыратылады». Сол бес-он жылда олар сырт жүріп ысылып, сарабдал тартып, қайтадан Одаққа келіп, хатшылық қызметке орналасты. Міне, Әкім ағаның ағалық бауырмалдығына, азаматтық әділ алғауына сол жылдары куә болдым. Шығармашылық байланысты қадағалайтын Әкім аға сол шаралардың барлығына үнемі жастарды тартып, аға жазушылармен бірге әр түрлі одақтық жиналыстарға жіберіп отырды. Оның мұндай алғауына ие болмаған жас қаламгер кемде-кем шығар. Әлі есімде, 1980 жылы қараша айында Қазақ әдебиеті туралы Мәскеуде талқылау өтетін болды. Соған, түбіт мұрты енді тебіндеп келе жатқан Б.Сарбалаев, А.Егеубаев, Б.Ыбырайымов, Р.Жанғожин – бесеумізді Сайын аға екеуі шақырып алып: «Білемін, жасқанасыңдар. Бірақ қазақ әдебиетінің ертеңгі мүддесін қорғайтын сендерсіңдер. Ысылыңдар. Барасыңдар», – деді. Екінші Алматының вокзалына келгенімде, жоғарыдағы «бес қасқаның» бесеуін де сонда қатар көрдім. Капитандары Дәмеш бастаған бес жеңгеміз де шығарып салуға келіпті. Сондағы ерлі-зайыптылардың мұндай жарасыммен жарқылдай қалжыңдасып, бір-бірін өзімсіп, емін-еркін жайраңдасқанын көрсеңіз ғой. Адам таңғалады. Содан, «бес жеңге» вокзалда қалды да, «үш қасқа» – Қал-ағаң, Қабдеш аға, Рамазан аға бірінші Алматыға дейін Әкім аға мен Сайын ағаны шығарып салуға бізбен бірге жолға шықты. Әңгіме, әзіл-қалжың гулей жөнелді. Бір уақытта пойыз екпін алып, зіркілдей жөнелді. Сөйтсек, Шамалғаннан өтіп барамыз. Әйтеуір пойызды Ақсеңгірде тоқтатып, «үш қасқа» сонда түсіп қалды. Ал жолдағы екі тәулік бойы не әңгіме айтылмады дейсің. Ақсеңгірде қалған «үш қасқаны» танып қойған станция тұрғындары қой сойып, қонақ етіп, ертеңінде үйлеріне әкеп тастапты. Айтсақ, оның өзі – бір хикая. Соны еске алғанда: «Қал-ағаң жүрген жер, солай, бала!» – деп баяу жымиып қоятын Әкім-аға.
Одақтың Преаволық комиссияның төрағасы ретінде, Желтоқсан оқиғасы туралы деректер жию мен Алаш ардагерлерінің мұрасын ақтау, Семей-Невада қозғалысын жандандыру тұсында да осы істерге Одақтың жауапты хатшысы ретінде үнемі Әкім ағаға есеп беріп отырдым. Өзінің сабырлы мінезімен, жоғары жаққа жалтақтамай, батыл ой айтып, күш беріп, жауапкершілікті өзіне алып, қандай екпіндеп келген дәбірлердің болсын, демін өзі басып отыратын. Әлі есімде, Желтоқсан оқиғасы басылар-басылмастан Мәскеуге әдебиет сыншыларының Пленумына бару керек болды. Бас тартып едім: «Мұның жасықтық болады. Мына оқиғаның шындығын Мәскеуге келетін он алты республиканың әдебиетшілері білу керек. Сенің азаматтық парызың. Балтық жағалауы елдерінің, Украинаның, өзіміздің ортаазиялықтардың білуі тиіс және тәжірибе жинақта», – деді. Тиісті сөзді пленумда бәріміздің атымыздан Мұрат Әуезов айтты. Оның мінбеге көтерілуіне Роллан Сейсенбаев ықпал етті. Содан бастап, мені әр республикада өтетін мәжілістерге жұмсап отырды: «Тиісті мағлұматтар мен ақпараттарды соларға бер», – деді. Әкім ағаның бұл ақылы кейін үлкен септігін тигізді. Одақтас республиканың жазушылары атынан Орталық комитетке ресми сұраулар түсе бастады. Осының барлығын еш аптықпай, сабырмен атқарып отырды, тіпті, ол еңбегі туралы кейін тіс жарып ешкімге айтқан жоқ. Мүмкін, күнделігі мен естеліктерінде жазылып қалуы ықтимал. Сондай-ақ жанкешті тұстарда менің үстімнен жазылған арыздарға да өзіме ештеңе айтпай жауабын өзі қайтарып отырды. Міне, Әкім – Әкім Таразидың, Әкім ағаның азаматтық ұстанымы осындай еді. Ұлтының мүддесі үшін адал және еш жарнамасыз, үнсіз, бірақ тиянақты қызмет етті.
Адам ретінде де бауыры жылы, жүрегі жұмсақ еді. Одаққа қызметке келмей тұрғанымда, еш араласым жоқ кезде, қарындасым Төлеу 21 жасында атом сынағының кесірінен ақ қаннан қайтыс болғанда, қаланың шетіндегі үйге: «Қазақтың бір жас жазушысының өзегін өрт шалды-ау. Көңіл айтып, жұбатайық», – деп жоғарыдағы бес ағаммен қоса Б.Тілегеновтің келіп, қайғымды бөліскенін қалай ұмытайын. Әкім ағаны сонда бірінші рет бетпе-бет көріп едім. Тағдырдың бұл тәлкегін қойсаңшы, соңғы рет туған апайым қайтқанда, Балнұр Балғабекқызымен бірге жұбату дастарқанына үйіне шақырып еді. Онда, ж ары Розаның да ықыласы бар, әрине. Бұл менің Әкім ағаны соңғы көруім екен. Алматыда ота жасатып жатқанда дүниеден өтіп, топырақ сала алмадым. Осы бір еске алуым сол өкінішімнің орнын толтыра алмаса да, ол кісінің қабіріне салған менің бір шымшым топырағым ретінде сауапқа жазылса екен. Әкім аға қашан да қазақ әдебиетіндегі бесмарқасқаның – бесқарагердің бірі, бестің бірі болып қала береді.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір