ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ
13.04.2026
84
0

Тұтас қазақ ұлттық әдебиетінің бір бөлігі ретінде шеттегі қандастар жасап отырған әдебиетті атауға болады. Содан да жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері хақында жыл сайын сараланып, талданып, бағаланып отырғаны өте маңызды. Мен 2025 жылғы шетел қазақ әдебиетіндегі нақтылы нәтижелерді ғана хабарлауды жөн көрдім.

Біріншіден, Қытайдағы қазақ әдебиеті. Қытайда қазақ тілінде жұмыс атқаратын 7 баспахана бар еді, оның екеуі мүлде жабылған. Қалған бесеуі әупірімдеп шала-жансар күйде болса да, қазірше қаңқасы аман. Аз да болса әдеби кітаптар шығарып тұрады. Бірақ дені саяси бағдар сілтейтін үгіт-насихат кітаптары. Ал Қытайдағы қазақтілді газеттерге келсек, олардың саны – 7. Атаулы басылымдарда әдеби мақалалар жоқтың қасы. Негізінен аудармаға арналған газет деуге толық негіз бар.
Қазақ тілді журналдар бұрын 54 еді. Қазір оқырманға жол тартып жатқаны 17 журнал. Негізінен аударма журналға айналды.
Өз кезегінде, 2025 жылы Қытайда баспадан шыққан қазақ авторларының кітабына тоқтала кетсек. «Іле халық баспасынан» Мұрат Тәшімбайұлының «Ізгілік ел тілегі», Құрманәлі Жырымбайұлының «Отанға махаббат» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.
«Шинжияң халық баспасы» жағынан 2025 жылы жарық көрген кітаптар: Қаныкей Әлжанұлының «Жыр сапарында», Ақан Жақияұлының «Аршалыдан еседі арман лебі», Тілепалды Әбдірашитұлының «Алғашқы арман», Мұқатбек Әділбекұлының «Жыр баян», Сәден Әнуарұлының «Белгі», Ризабек Қасенұлының «Отан иісі», Сапиолла Баяндының «Арманның аппақ кептері» қатарлы жыр жинақтар жарық көрді. Мұның ішінде Сәден Әнуарұлы мен Сапиолла Баяндының өлеңдері көркемдігі жағынан да, жаңашылдығы жағынан да айрықша көзге түседі. Мысалы, Сәден Әнуарұлы «Қыран» деген өлеңінде:
Қара жартас, ақ жолақ қыран ұшқан,
Хабарлап ұя барын тым алыстан.
Түкпірінде болашақ бүркіт жатыр,
Жаралғандай қомағай қызғаныштан, –
деп жырлай отырып, қыранның образы арқылы оқырманды терең ойға, жарқыраған үмітке бастайды. Тағы да:
Өше бер тұғыл өш мейлің,
Оныңа неге жасиын.
Тәттіні керек етпеймін,
Апиын керек апиын.
Меніңше, өте керемет өлең! Тереңге тамыр тартқан астары бар. Қалай бағалауды оқырманның талқысына қалдырдым.
Ал Сапиолла Баянды «Тұңғиық» деген өлеңінде:
Қайда, қайда адуын жас адамдар,
Тақымында бұлқынған қашағандар.
Таң алдында шүйілген түз бүркітін,
Қарсы алдынан сұп-сұрғылт тосады аңғар, –
деп ереуілдейді. Қандай керемет, жігерге, күш-қуатқа, сенімге толы. Бойыңа қан жүгіртіп, рухыңды серпілтеді. Тағы да:
Кеудемді кере күрсініп,
Шығардым қайғы жалынан.
Үмітсіз, ойсыз тіршілік,
Жабырқау неткен жарығың.
Бүкіл өмірін еліне арнаған, күрескер ақынның қасірет қамытынан босап шыққандағы көңіл күйін бұдан артық жеткізу мүмкін емес шығар.
2025 жылы Бейжиңдегі «Ұлттар баспасынан» Бек Дөкейұлының «Қара нар», Сұлтан Қапасұлының «Сыр сонары», Ақан Ерқасымұлының «Жыр сонары» өлеңдер жинағы жарық көрген.
Айта кететін және ескерілуі керек бір мәселе бар. Ақиқаты, қазір Қытайда қазақтілді оқырман да, қазақ тілінде жазатын авторлар да жыл санап азайып барады. Есесіне қытай тілінде жазатын қаламгерлердің қарасы басым. Айтар болсақ, Еркеш Құрманбекқызы, Баян Тасқынұлы, Гүлжан Жарқынбекқызы қатарлы неше ондаған қаламгерлердің атын атауға болады.
Екіншіден, Моңғолиядағы қазақ әдебиеті. 2025 жылы Ербақыт Нүсіпұлының «Тағдыр тізгіні» атты жаңа кітабы жарық көрген. Кітапқа екі повесть, оншақты жаңа әңгіме енген. Келесі Зүкәпіл Мәулітұлының 2025 жылы әлеуметтік желіде жарияланған «Жақсы адамдар жадымда» мен «Жазғы жырдан» топтамаларының айтары мол көрінді.
«Боранмын…
Желмін…
Тамшымын…
Осқыла жалған – қамшы күн.
Тау таста өскен тағдыр-ай,
….Ерітіп ішкен қар суын», — деп жырлаған өлеңдері өзгеше өң-реңді талантты, жас ақын Нұрлан Хасиханұлы туралы да көп дүние айтуға болады. Сонымен қатар Тілек Қайырдынұлының «Май сіңген алақан» атты көңіл толқытар сезімге толы деректі әңгімесі қаламгердің ғибаратты әңгіменің шебері екенін байқатады.
Ресей қазақ әдебиеті. 2025 жылы Ресейде Пионер Мақатсыревтің «Бәйтеректің оқшау біткен бұтағы» және «Ұрпағың үзілмесін» атты екі повесі, Афуза Әміреқызының «Әдеби толқындар» жыр жинағы, Хафиза Смағлованың «Өмір өткелі», Мейірбановтің «Атамекен туған жер», Алтын Имансақованың «Өмір мұраты» атты кітаптары қазақ тілінде, Айгүл Тәжімұратованың «Орынбор очерктері» орыс тілінде жарық көрген.
Өзбекстан қазақ әдебиеті. 2025 жылы Өзбекстанда Зәмиза Мұсаеваның «Мөлдір болсын жүректер», Абдолла Рүстемовтің «Қайран дүние», Сапарбек Иманбековтің «Достарымыз жырлайды», Жарасқан Мырзахметовтың «Ақиқаттың дәмі ашты», Лола Жұманованың «Қарасу жырлары» кітабы жарық көрген.
Мұнда ерекше атап өтетін бір жайт, Қазақстан Жазушылар одағының Отаннан шеткері қоныстанған қазақ қаламгерлеріне айрықша қамқорлығы. Соның нәтижесінде 2025 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Отандастар қоры» КеАҚ бірлесіп ұйымдастырған «Ұлы дала» халықаралық жобасы аясында Сәли Садуақасұлы – «Отынбай мен Шекпенқыз» (Қытай), Шаймұрат Қамзаұлы – «Қыпшақ хикаялары» (Қытай), Кастер Тұмысханұлы – «Бала шағым – болашағым» (Моңғолия), Съезханұлы Серікбол – «Құрылыс – ұжымдық іс» (Моңғолия), Тойлыбай Құрмандолдаұлы – «Ару Алтай – Ана Алтай» (Моңғолия), Замира Мусаева – «Мөлдір болсын жүректер» (Өзбекстан), Наурызбай Жарбосынұлы, Баршын Мырзабекқызы, Мейрамбек Әбдіқалиев – «Өзбекстандағы қазақ ақындарының өлеңдері» (Өзбекстан), Қалдыбек Сейданов – «Абай және Орта Азия әдебиеті» (Өзбекстан), Айгүл Тажмуратова – «Очерки истории и культуры Оренбургского края» (Ресей) қатарлы еңбектер басылып шығып, еліміздің кітапханаларына таратылып, қалың оқырман қауымға жол тартты.
Қорытып айтқанда, менімен хабарласқан шетелдегі қазақ әдебиетшілері Төраға Мереке Құлкенов бастаған Қазақстан Жазушылар одағының қызметіне дән риза болып, үлкен алғыс білдіргенін жеткізуге тиіспін.

 

Сламхат СЕЙІТХАМЗА ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір