Қазақ әдебиетінің бір қайнары
14.10.2025
312
0

«Қазақта уызына жарыған» деген сөз бар. Бұл тіркестің мағынасы әрқалай түсіндіріледі. Негізі, қой түлігіне байланысты орныққан сөз болса керек. Уызға жарымай жетілген төл бойына ет алмайтын қара қатпа келеді. Уызға жарыған қозы құйрықты боп жетіледі. Жұмабай Шаштайұлын алғаш көргенде басыма келген ой осы еді.

Сексенінші жылдардың бас кезі болатын. «Социалистік Қазақстан» газетіне жіберген әңгімемді індете келген мен, бір бөлмеде отырған әдебиет пен өнер бөлімінің екі жігітіне кез болғанымды әлі күнге ұмыта алмаймын. Алдымнан сабақ алған Балтабай Әбдіғазиевпен шұрқырай қауышып, демігімді басқан соң, екінші жігітке ыңғай бердім. Ісек қойдың асығындай шымыр келген қабағы ашық азамат жұмсақ жымиып:
– Ағасы, шәкіртіңізді қатты сағынған екенсіз! – деп жеңіл теткіді. – Мен де сіздің бөтеніңіз емеспін, ауыл баласымын.
– Ә-ә, онда өзіміздің жігіт екенсің ғой, – деп, қуақы жымиыспен бетіне күлімсірей қарадым. – Сен дәу де болсаң, уызға жарыған қойшының баласы боларсың? Көктемгі қою сүтке кенеліп, бал­құйрықты көмейлете асағанның арқасы болар, бай баласындай балғын екенсің.
Жұмекеңмен алғашқы таныстығым осылай басталған еді. Қаламынан сөз маржаны төгілген қазақ әдебиетінің белгілі тұлғасы Жұмабай Шаштайұлының негізгі қыры – ұлтжандылығы. «Қызыл қардан» басталған әр шығармасының астары қалың келеді. Соған қоса сөз саптауы, сөйлем өруі қапысыз. Қазақтың бай тілін төгілдірген роман, повестерін оқырман таласа-тармаса оқиды. Мен Жұмкеңнің басты-басты шығармаларын оқыдым. Ол кісіні өзіме ұстаз санайтын едім. «Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны», «Біздің заманның Аяз биі» атты еңбектері оқулық сияқты мейлінше тағылымды. Бұл кісінің кейіпкерлері өзі сияқты жұмсақ мінезді боп келеді. Ал енді жорналшылдығына келсек, сөз ұзайды. Газеттегі қызметі өзінің азаматтық келбетіне сай болды. Баспасөзде басшылықта болу – екінің біріне бұйыра бермейтін аса жауапты жұмыс. Жұмекең мәмілегер редактор болды. «Қазақ әдебиеті» газетін басқарғанда, солақай сынға жол бермей, қоржынның екі басын тең ұстады.
Мен ғұмыр бойы ауылдан ұзамаған қазақпын. Қара табан боп өскен қойшының баласымын. Еңбекке ерте араластым. Тоғыз жасымнан қозы бағып, қой қырқып, қи ойып, қара жұмыспен айналыстым. Көпен салып, шөп айырладым. Ауылда бала оқытқан жылдарда қой қырқымына қатысатын едім. Үздік қырықтықшы атанып, талай-талай топ жардым. Жұмекең қойшының баласы болғанымен, мен бастан өткерген жұмыстан қалыс болған сияқты.
Менің ұғымымда – қойшылық ата кәсіп. Кеңестік кезеңде қойшыларды аға шопан, бас шопан деп ерекшеледі. Оларды әсірелеп, «дала академиктері» дейтін еді. «Сіз екеуміз академиктің баласымыз», – деп әзілдейтін едім. «Иә, біз мықтының баласымыз», – деп, жып-жылы сөзімен демейтін. Заманның жігі ашылған алас-қапаста, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, бей-берекет кезеңде, ол кісімен қатынасымды үзіп алған едім. Астана Ақмолаға ауысып, бас қала жүдеңсіп тұрған күндердің бірінде Алматыға жолым түсті. Аңқылдап барғанымды қайтейін, кешегі кезеңнің ардабозы ақын-жазушыларда жылы қабақ қалмаған екен. Менің де көңілім қолқ етіп, орта түсіп сала берген. Сондай көңіл күймен жүргенімде, Жазушылар одағында Жұмекеңді кезіктірдім. Баяғы жадыраңқы, ақжарқын қалпымен жағдайымды сұрап жатыр. Сөз арасында: «Аға, сіз жаман жазбайсыз. «Жұлдыз» жорналына шыққан әңгімелеріңіз тәп-тәуір», – деп, қолтығына алды.
Көп кешікпей ол кісі «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысты. Алматыға барған сайын редакцияға соқпай кетпеймін. Ауылдың дәмін аңсайды ғой деп, қалта ұстай барамын.
– Қойшылар нешік? – дейді мені сөзге тартып.
– Қой бар, бағатын қойшы жоқ.
– Ауылды ұстап тұрған солар еді ғой, – деп қабағын шытынады. – Ендігі жағдай қиын болар.
– Ауыл босып кетті ғой, Жұмеке!
– Біздің жақта да сол кәп, – деп, жүзіне мұң үйірді. – Қайран ауыл саудагерлерге таланды боп қалған жоқ па?
– Бәрінен де бұрын ұрының басынғаны қиын боп тұр, – дедім бас редакторға шағынып. – Жылқыны үйірімен айдап кетеді.
– Өз өрісіңіз тыншу ма? – деді маған барлай қарап. – Біртүрлі сынық көріндіңіз көзіме.
– Осы күні кімде көңіл бар дейсіз, Жұмеке! – деп назарымды төмендеттім. – Шығындалып қалдық. Екі-үш үйдің ортасындағы жиырма шақты жылқы қолды боп кетті.
– Не дейсіз!? – деді орнынан ұшып тұрып. – Сізде ұрының не жұмысы бар?
– Жұмысы болғанда қандай! – дедім балаша мұңайып. – «Тастаған шоқпар сорлыға тиердің» керімен, долыққа күйіп кеттім.
– Кешіктірмей жазыңыз, – деді абыржыңқы көңілмен. – Біз басамыз!
Газеттің үш бетін толтырған мақала ел ішіне қозғалыс тудырған еді, бірақ қайтарымы болмады. Заң адамдарымен ымыраласқан барымташылар құтылып кетті.
Жұмекеңнің маған жасаған бір жақ­сы­лығы – жазған-сызғанымды газетте іркіліссіз шығартып тұрды. Еңбек демалысына шыққан соң да фейсбук арқылы хабарласып тұрды.
Мен жазушылар қауымымен бір кісідей араласқан әдебиеттің өгейі емес, өз өкілімін. Жасым сексен бесті қусырды. Әзірше қаламым қолымда, бірақ көңіл олқы. Көз көрген қаламдастардың қатары азайып барады, соған жұқарасың. Кейінгі жас буын ақын-жазушыларға тілектеспін. Алайда солардың дені батысшыл боп барады. Әлем әдебиетіне еліктегенін жоққа шығара алмаймыз. Сөйте тұрғанмен қазақ әдебиетінің өз бастауын ұмытпағанымыз жөн. Сол бастаудың бір қайнары – Жұмабай Шаштайұлы шығармашылығы. Ол кісінің шығармалары туған елінің рухани мұрасына айналып, есімі халқымен бірге жасай бермек.

 

Өмір КӘРІПҰЛЫ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір