«Қазақ әдебиетінің» қандастарға ықпалы
06.02.2024
304
0

Биыл жарық көргеніне 90 жыл толып отырған «Қазақ әдебиеті» газетінің қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі өте мол әрі барынша жан-жақты. Солардың бірі – қадірлі газетіміздің Қазақ­стан шекарасынан сырт жерлерде тұратын ағайындарымыздың мәдени-рухани, оқу-білімдегі жағдайына қолдау көрсету мен атажұртқа қоныс аударуына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, ол мәселелердің дұрыс шешілуіне ықпал жасауы еді. Басылымның мерекелі күндерінде бүгін осы жөнінде сөз қозғаймыз.

 

Мен сонау сексенінші жылдардан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істедім. Ол кез­дегі театрлар жаз шыға Қазақ­станның ең алыс ауылдарынан бастап қазақтар тұратын көршілес республикаларға дейін аралап, кемінде екі-үш ай гастрольдік сапарда жүретін. Мұндай гастрольдерді ұйымдастыру мен насихат­таудың біраз салмағы әдебиет бөлімінің меңгерушісіне де түсетін. Соған орай мен де жаз шыға айлап үй көрмей іссапарда жүретінмін.
Осындай іссапарларда екі-үш рет Өзбекстанның құрамындағы Қарақалпақстан автономиялы республикасына да жолым түсті. Міне, сонда байқағаным әрі таңырқағаным қазақтар бұл автономиялы республика халқының үштен бірін, яғни 360 мыңдай адамды құрайды екен. Және олардың бәрі де ұлт­тық қадір-қасиетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын толық сақтаған; шетінен қазақ тілінде сайрап тұр. Бұл – 700 қазақ мектебін жауып тастаған, астанасы Алматыдан бастап көптеген өңірлерде жаппай орысша оқып, орысша сөйлеуге көшкен сол кез­дегі біздің Қазақ­станмен салыстырғанда кәдімгідей таңғаларлық жағдай еді. Бұған мен әуелгі кез­де риза болып жүрдім. Бірақ іссапар барысында жақын таныса келе бұл қалың ағайындардың ұлт­тық жағдайында біраз күрделі мәселелердің де бар екенін аңғардым. Осы көрген-білгендерімді жинақтап, Қарақалпақстанда тұратын қазақтардың мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы мұқтаждықтары туралы көлемді проблемалық мақала жазып, «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсындым. Бірақ бұл мақаланың жарық көруіне кәдімгідей күмәнім болды. Өйткені ол уақыт Кеңес одағының біртұтас, партияның күшті кезі, сондықтан «өзге республиканың ішкі ісіне неге араласасыңдар?» деген дау-дамайдың тууы әбден мүмкін еді. Дегенмен газет­тің сол кез­дегі Бас редакторы Шерхан Мұртаза ондай қауіпке назар аударған жоқ. Мақала «Қазақ әдебиетінің» 1989 жыл 7 шілде күнгі санында «Еншіміз бөлінбеген ел едік» деген тақырыппен жарық көрді. Осыдан кейін Қарақалпақстан қазақтарының алдындағы парызымнан құтылғандай болып, көңілім жайланып, театрда тып-тыныш жүріп жатқанмын. Сөйтіп жүргенде аяқастынан мені Қазақ­стан Компартиясының Орталық комитеті іздетіп жатыр деген шұғыл хабар келді. Орталық Комитет – ол кез­дегі ең жоғарғы үкімет; кім көрінгенді іздей бермейді, қатардағы қарапайым қызмет­те жүрген менің оларға не үшін керек болғанымды түсінбей, абдыраңқырап қалдым. Сосын театрдағы жұмысыма байланысты шақырған болар деп, көңілім орнына түсті. Алайда кейін бәрі басқаша болып шықты. Мені қабылдаған Орталық комитет­тің жауапты қызметкері қабағын түйіп: «Әй, осы сендер неге тыныш жүрмейсіңдер?!» – деп бірден дүрсе қоя берді. Мен түкке түсінбей қалдым.
– Жарайды, отыр, – деді жауапты қызметкер. Сосын жағдайды түсіндіре бастады. Сөйтсем, әңгіме «Қазақ әдебиетіне» шыққан әлгі «Еншіміз бөлінбеген ел едік» туралы екен. Бұл мақала Өзбек­стан Компартиясының Орталық комитетіне жетіп, кәдімгідей шу көтерілген, сосын Нөкістен Қарақалпақстанның басшылары шақырылып, Ташкент­те үлкен талқылау өткізілген.
Мен бұған сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Өйткені Қазақ­станда шығатын газет­тің мақаласын басқа бір республиканың үкіметі оқып, талқылайды дегенді ешқашан естіген де, білген де емес едім.

Болат Омарәлиевтің түсірген фотосы. «Атажұртқа оралу».

– Иә, солай, – деді жауапты қызметкер. – Енді осы мәселе бойынша Өзбекстан Компартиясының Орталық комитеті бізге арнайы делегация жіберетін болды. Оларды қалай қабылдаймыз, не айтамыз?
– Е, айт­қанда… Мен мақалада көзбен көргендерімді жазғанмын. Бәрі – шындық! Соны айтамыз, – дедім мен күмілжіңкіреп.
– Иә, жарайды. Оларды қалай қабылдап, не айтатынымызды өзіміз шешеміз ғой. Ал саған тапсырма – келген қонақтарды бір күн күтесің.
– Күткенде қалай, үйге шақырамын ба? – дедім мен.
– Үйге шақырсаң да болады. Бұл саған тыныш жүрмегенің үшін штраф, – деді жауапты қызметкер енді жадырай күліп.
– Жарайды, жақсы! Үйге шақырамын. Ол оңай ғой, – дедім мен, бұл жағдайдан «штрафпен» оңай құтылғаныма қуанып.
Сонымен көп ұзамай Өзбекстан үкіметінің тапсырмасымен Қарақалпақстан облыстық партия комитетінің секретары Шарап Уснатдинов бастаған делегация келді. Делегацияның құрамында Қарақалпақстан АССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекет­тік комитет­тің төрағасы Қ.Бекжанов, Нөкіс қалалық атқару комитетінің төрағасы С.Нұрқожаев, профессор С.Ахметов болды.
Қарақалпақстаннан келген қонақтарды Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитетінің Идеология бөлімінің меңгерушісі М.Жолдасбеков қабылдап, арнайы мәжіліс өткізді. Мәжіліске Қазақ ССР Мәдениет жөніндегі мемлекет­тік комитетінің төрағасы
М.Ахметова, Қазақ ССР Халыққа білім беру министрі Ш.Шаяхметов, Қазақ ССР Радио және телевизия хабарын тарату жөніндегі мемлекет­тік комитетінің төрағасы Ғ.Шалахметов, Қазақ ССР Баспа жөніндегі мемлекет­тік комитет­тің төрағасы
Қ.Зікіриянов және бірқатар республикалық газет­тер мен журналдардың редакторлары, Қазақ­стан Жазушылар одағының басшылары қатысты. Жиналғандар «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаланы негізге ала отырып, Қарақалпақстанда тұратын қазақтарға мәдени-рухани, оқу-білім саласынан қолдау көрсету мәселесін жан-жақты талқылады.
Мәжілістің соңы Қазақ­стан жазушылар одағында «Қазақ әдебиеті» редакциясы ұйымдастырған «дөңгелек үстелге» жалғасты. Соған орай, газет­тің 15 қыркүйек 1989 жылғы санында «Достық көпірі салынуда» дейтін көлемді мақала жарияланды.
Бұл екі ортада мен де Орталық комитет берген «тапсырманы» бұлжытпай орындап, келген қонақтарға үйден дәм беріп, «штрафымнан» құтылдым. Келген қонақтар елдеріне риза болып қайт­ты.
«Қазақ әдебиетінде» бірінен кейін бірі жарияланған бұл екі мақала тек Қарақалпақстандағы ғана емес, басқа жерлердегі қазақтар үшін де айтарлықтай үлкен оқиға болды. Себебі ол кез­де Қазақ­станда жарық көретін газет-журналдар көршілес республикалардағы қазақтарға сан мыңдап тарайтын. Соған орай, «Қазақ әдебиетіндегі» екі мақала алыс-жақындағы аға­йындардың өздеріне жанашыр болатын тарихи отаны бар екендігіне деген сенімдерін күшейтіп, атажұртпен барыс-келісті нығайтып, қажет жағдайда біржолата қоныс аударуға деген ынта-ықыластарын барынша арт­тырды.
Әйтсе де, ең бастысы, жоғарыда айтылған жағдайлардың бәрі Қазақ­стан үкіметінің сырт жерлердегі қазақтарға деген көзқарасына айрықша әсер ет­ті. Яғни осы күннен бастап тиісті мекемелер сырт жерлердегі ағайындармен жан-жақты байланыс жасап, оларды атажұртқа көшіріп әкелудің мүмкіндіктерін қарастыра бастады. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бұл игілікті іс барынша кең қанат жайып, биік деңгейге көтерілді.
«Қазақ әдебиетінде» жарияланған бұл мақала менің жеке өміріме де ерекше ықпал ет­ті. Яғни 1991 жылдың соңына таман мемлекет тарапынан шетел қазақтарының басын қосып үлкен жиын өткізу туралы мәселе көтерілді. Бұл жиынды ұйымдастыру Қазақ­стан Жазушылар одағының Төрағасы Қалдарбек Найманбаевқа тапсырылыпты. Міне, сол кез­де Қалекең: «Шетел қазақтарының жағдайын жақсы білесің, мақала жазып жүрсің ғой», – деп мені осы іске араласуға шақырды. Теа­трдағы жұмысым шығармашылықпен айналысуға өте ыңғайлы, тыныш еді, бірақ ұстазымдай болған Қалекеңнің көңілін қимадым. Сөйтіп, Жазушылар одағының жанындағы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайын ұйымдастыру алқасының жауапты хатшысы болып жаңа қызметке кірістім. Ал келесі 1992 жылдың күзінде Алматыда тұңғыш Құрылтай ойдағыдай өтіп, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылғаннан кейін мен осы ұйымдағы Төрағаның орынбасары деген қызметке бекітіліп, бұл жерде табан аудармай тура 25 жыл жұмыс істедім. Бұл жұмысқа менің қаншама уақытым кет­ті. Әсіресе шығармашылығыма біраз зиян тигізген де шығар?! Міне, осындайда «Қазақ әдебиетіне» әлгі мақаланы жарияламай, жайыма тыныш жүргенімде өмірім қазіргіден біраз басқаша болар ма еді деген ой да келеді. Дегенмен оған өкінбеймін де. Өйткені бұл жұмысыма орай ұзақ жыл Еуропа мен Азияның қазақтар тұратын мемлекет­терін түгелге жуық сан рет аралап, ондағы ағайындардың мәдени-рухани, оқу-білім саласындағы мұқтаждықтарын шешу мен атажұртқа оралуын ұйымдастырудың бел ортасында жүрдім, Қауымдастықтың Төрағасы сол кез­дегі Мемлекет басшысы Н.Назарбаев, бірінші орын­басары Қ.Найманбаев болды. Бұл жағдай Қауымдастықтың шетел қазақтары жөніндегі кез келген жұмысын мемлекет­тік мекемелермен бірлесіп жүзеге асыруға нақты мүмкіндік берді. Соған орай, Қауымдастық атынан көші-қонға қатысты тиісті ресми орындармен бірлесе отырып шет­тен келген қазақтарды ешқандай әуре-сарсаңға салмай, бірден қазақ диаспорасының өкілі деген куәлік беріп, соның негізінде тұрақты туруға тіркеліп, азамат­тықты кедергісіз алуының нақты жүйесін жасадық.
Осының нәтижесінде шетел қазақтарымен байланыс жасау жаңа деңгейге көтерілді. Әсіресе көші-қонға айрықша көңіл бөлініп, атажұртқа оралғысы келетіндерге көлік, ұшақ, тіпті тұтас пойыз жіберу үйреншікті жағдайға айналды. Сөйтіп жыл сайын келген қандастардың саны 50 мыңнан 100 мыңға дейін жетіп, бұл көш 2007 жылдарға дейін қызу жүрді. Соның нәтижесінде атажұртқа бір жарым миллионға жуық қандастарымыз оралды. Табиғи өсімін қосып есептегенде олардың саны қазір кемінде екі есе өскені анық. Бұл ағайындар Қазақ­стан халқының қазіргідей 20 миллионға жетуіне, оның ішінде бір кез­де республикадағы үлесі 30 пайызға дейін төмендеп, ұлт ретінде басына қауіп төнген қазақтардың енді 70 пайыздан асып, қайта көтерілуіне ерекше үлес қосты.
Бірақ соңғы жылдары қандастар көші тоқырап, тоқтауға айналды. Бұл – бір қарағанда адам таңғалатын жағдай.Себебі қазіргі Қазақ­стан тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда дамыды; қандастар көшін ұйымдастыруды бұрыңғыдан да жақсы жүргізуге қаржысы жетеді, жер көлемі де ұшан-теңіз кең, оның үстіне біраз өңірлерде тұрғындары азайып, бос қалған елді мекендер көбейген. Енді осы жерлерге әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қандастарымызды жинап әкеліп орналастыруға әбден болады ғой. Бұл, басқаны былай қойғанда, мемлекетіміздің экономикалық дамуы мен қорғаныс қабілетінің нығайюы үшін де өте қажет.
Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай қандастар көшін көбейту керек деп бірнеше рет атап айт­ты да. Осының бәріне қарамастан қандастар көші бұрыңғымен салыстарғанда әлдеқайда азайғаны анық. Мысалы, жоғарыда айт­қанымыздай, кезінде қандастарға арналған көші-қон квотасы жылына 50 мың мен 100 мыңның арасында болса, қазір екі-үш мыңның айналасында ғана. Көші-қон мекемелері осының өзін үлкен жетістік ретінде мақтанышпен жариялап тұрады. Ал сонда қандастар көшін көбейтуге жетпейтіні не?! Жетпейтіні – бұл мәселеге деген шынайы жанашырлық. Бүгінгі таңда шетел қазақтарымен байланыс жасап, этникалық көшті жүзеге асыру Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау, Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктеріне тікелей қатысты. Бұл министрліктердің өкілдері жұрт алдына шығып, көші-қон туралы неше түрлі уәде беріп, әдемілеп сөйлегенде ешкімге есе жібермейді. Бірақ ешқайсы баяғыдай қандастар көшін көлік, ұшақ, пойыз жіберіп ұйымдастырмақ түгілі, ең болмаса, бір отбасын әкеліп едік деп мақтана алмайды. Ал оның есесіне өз күштерімен келген ағайындарға неше түрлі сылтау айтып, тұрақты тұруға рұқсат бермейтін жағдайлар жиі кез­деседі. Мысалы, шек­арадан жаңадан өткен ағайынды «қазақ тілін дұрыс білмесең, қазақ емессің» деп көкірегінен кері итеру үйреншікті жағдайға айналған. Осы дұрыс па? Қазақ тілін дұрыс білмейтін қазақ шетел түгілі өзіміздің Астана мен Алматыдан бастап, еліміздің кез келген өңірінде қаптап жүр ғой. Тіпті қандастарға әлгіндей талап қоятын министрліктердің өзінде қазақша дұрыс сөйлей алмайтын қазақтардың бар екені де өтірік емес. Осындай жағдайда дүниенің бір қиырында туып-өсіп, атажұртқа енді келген қандасымызды «қазақ тілін білмесең, қазақ емессің» деп ұялмай-қызармай қалай кінәлаймыз?!
Осыған орай күні кеше ғана және бір хабар шықты. Біздегілер алдағы уақыт­та шетелден келген қандастардың қазақ не қазақ емес екенін ДНҚ тапсыртып, геномдық сараптама арқылы анықтамақшы көрінеді. Бұл да – өте күмәнді мәселе. Өйткені осы әдіспен тексеретін болсақ, Қазақстандағы қазақтардың, оның ішінде әсіресе үш жүзге кірмейтіндердің біразы қазақ болмай шығуы әбден мүмкін. Сонда қалай болады?
Жалпы, адамның ұлтын ДНҚ арқылы анықтау әдісі бү­гінгі заманда бар ма? Мысалы, Германия мен Израиль жан-жақтағы қандастарын үздіксіз жинап келеді. Міне, осы мемлекет­тер атажұртқа оралатындардың қай ұлтқа жататынын біздегідей сөйлейтін тілі мен геномдық сараптамаға қарап анықтай ма? Әлде өркениетке жақындау басқа жолмен жүзеге асыра ма? Мысалы, біздің өзімізде бұрын атажұртқа жаңадан жеткен ағайынның қазақ екендігіне оның бұрын келіп, азамат­тық алған үш танысы куәлік етсе, қалған мәселе бірден шешілетін. Осы тәжірибені қазір де жалғастырсақ не болар еді?!
Осыған ұқсас және бір әң­гіме бар. Соңғы уақыт­та «Қазақ­стан Қытаймен шекараны виза алмай-ақ өте беретін етіп ашып қойды» дегенді жиі айтып жүрміз. Мұны естігенде Алтайдың ар жағындағы ағайындар атажұртқа еркін көшіп келетін болды деп қуанып едік. Бірақ кейін бәрі басқаша болып шықты. Шекараны ашып қою жұмыс істеуге немесе басқа да шаруалармен келетін қытайлықтарға ғана жасалған жеңілдік екен. Ал көшіп келетін қазақтар міндет­ті түрде көші-қон визасын алуға тиіс. Алайда Қазақ­стан Сыртқы істер министрлігінің Қытайдағы тиісті мекемелері ағайындарға көші-қон визасын беруді неше түрлі сылтаумен барынша қиындатқан көрінеді. Бұл жағдай жөнінде әлеумет­тік желіде жиі айтылып жүр. Сонда қалай, өзгелерге Қазақ­станның есігін айқара ашып қоямыз да, өзіміздің ағайындарды жолатпауға тырысамыз ба?
Көші-қон мекемелері әр жылда Қазақ­станға он мың, он бес мың, кейде одан да көп ағайындар келіп, «қандас» мәртебесін алды деген ақпарат таратып жатады. Десе де бұл ақпарат­тың шындыққа қаншалықты сәйкес келетіні белгісіз. Мысалы, бұрыннан осында жүрген, бірақ азамат­тық алып үлгермеген қазақтарға қандас мәртебесін қайтадан беріп, келушілердің санын солардың есебінен көбейтіп жүрген жоқпыз ба? Осыған орай, болашақта қандас мәртебесін алғандардың Қазақ­станға қашан келгені, қай өңір, қандай ауыл мен ауданға орналасқаны, баспана мәселесін қайтіп шешіп, қазір не жұмыспен айналысып жүргендері нақты жариялануы қажет. Қазіргідей дамыған заманда мұндай мәлімет жариялау қиын емес. Ондай нақты мәлімет­тер жарияланбаса, жылына пәлен мың адам «қандас» мәртебесін алды деген ақпарат ешкім сенбейтін бос әңгіме болып шығады.
Жоғарыда айт­қанымыздай, қазақ диаспорасымен байланыс жасап, олардың атажұртқа қоныс аударуына кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да белсене атсалысқан еді. Қазір бұл ұйымның жұмысы мүлдем көрінбейді.
Дүниежүзі қазақтарының соңғы құрылтайында жаңадан «Отандастар» дейтін қор құру жөнінде шешім қабылданып, оның басты міндеті қандастар көшін ұйымдастыру деп атап көрсетілген еді. Мұндай жақсы жаңалықты естігенде Құрылтайға дүниенің әр қиырынан келіп отырған қалың ағайын шексіз қуанып, дүрілдете қол соққан. Соған орай «Отандастар» қоры құрылды, бірақ ол ұйым қандастар көшін ұйымдастыруда әлі күнге ештеңе істеген емес.
Сырт жерлердегі қандастармен байланыс жасап, олардың атажұртқа қоныс аударуында жоғарыда айтылғандардан да басқа біраз өзекті мәселелер бар. Олардың бәрін бүгінгідей бір әңгімеде айтып шығу мүмкін емес. Әйтсе де, ең бастысы – бұл мәселелерді рет­теу жөнінде үнемі қозғау салып отыру керек. Жарық көргеніне 90 жыл толған «Қазақ әдебиеті» газеті алдағы уақыт­та да алыс-жақындағы ағайындарға баяғы көрсеткен жанашырлығын одан әрі жалғастырып, бұл жөніндегі өзекті мәселелерді үнемі көтеріп, игілікті істерге бастамашы бола береді деп сенеміз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір