ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚАСИЕТТІ ҚАҒБАСЫНА – 90 ЖЫЛ
24.12.2024
477
0

13 желтоқсан күні Алматы қаласында, «Rixos» қонақ- үйінде Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл толу мерейтойы өтті. 

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің модераторлығымен өткен салтанатты жиында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлер мен алыс-жақын шетелдерден арнайы ат басын бұрған ақын-жазушылар жүздесіп, өзара сағыныштарын білдірісіп қалды.
Алқалы басқосудың алғашқы сөзін алған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, табыстады. Жазушылар одағының руханиятымыздың алтын діңгегі, ұлттық бірегейлігіміздің қара шаңырағы екенін сөзіне арқау еткен Мемлекет басшысы қаламгер қауымға бақ-береке мен толайым табыс тіледі. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де Қазақстан Жазушылар одағының руханиятты дамыту жолындағы ерен еңбегіне, атқарған қызметіне тоқтала келіп, Одақтың бұрынғы және бүгінгі төрағалары – Нұрлан Оразалин мен Ұлықбек Есдәулеттің, Мереке Әбдешұлының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Жазушылар Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, жазушы  Сұлтан Раев, Мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақтың көрнекті қаламгерлері Нұрлан Оразалин, Ұлықбек Есдәулет мерейтой жиынының төрінен орын алып, қастерлі шаңырақтың қасиеті хақында ой қозғады. 

«Заманауи жабдықталған кітапханалар жыл сайын көбеюде. Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалармен де Қазақстан мақтана алады. Нарық заңдарына сай, кітап шығару ісінде нағыз бәсекеге лайық орта пайда болды. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жылына төрт-бес мың жаңа кітап жарық көреді. «Әдебиет – ардың ісі» десек, ақша билеп кеткен кезеңде әдебиет – бардың ісі болып кеткенін де жасыра алмаймыз. Сол үшін кітап нарығын жайлап кеткен халтурамен күрес жүргізу – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл мәселеге қатысты нақты қадам ретінде біз, Жазушылар одағы жанындағы барлық секциялардың жұмысын қайта қарап, жандандырдық. Беделді ақын-жазушылардың, әдебиет сыншыларының жаңа туындыларға берген бағасы оқырманға жетіп жатса, макулатура тасқынынан тезірек құтыламыз. Біздің ойымызша, халтурадан құтылудың бір жолы – Жазушылар одағының жанынан арнайы сараптама комиссиясын құру және мемлекет қаржыландыратын арнайы Көркем әдебиет баспасын ашу деп ойлаймыз. Шынын айту керек, қазіргі әдеби процестің ақсап тұрған саласы – кәсіби, әдеби сынның өзі сын көтермей тұр. Осы жанрдың бойына қайтадан қан жүгіртіп, сыншылардың әділ бағасына оқырман құлақ асып, қорытынды шығаратындай деңгейге жетсек деген жоспарымыз бар. Ең бастысы, бізде кітапты таңдап сатып алатын, әдеби үрдістен хабары бар, көкірегі ояу, көзі ашық, талғампаз оқырман қалыптасып келеді», – деген Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов баяндамасында Одақтың қазіргі бағыт-бағдары мен жүзеге асырған жұмыстары жайлы кеңінен айтып, жаңа жобалардың нәтижесімен таныстырды. Мемлекетіміздің түрлі аймақтарына сапар шеккен жас буынның тың туындылары кітап болып жарық көргенін, ұлттық тарихымыз шетел архивтеріндегі мәліметтер арқылы түгенделіп, толыққанын қуана жеткізді.
Айтулы да ауқымды шарада Түркия  Жазушылар одағының төрағасы, профессор Муса Казым Арыжан,  Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузман, Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар Рзаев, ҚХР Жазушылар одағы басқармасының мүшесі Акбар Мажит, швед жазушысы, әдебиет зерттеушісі Павел Фриест, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, шайыр Гайрат Мәжит  және Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының төрағасы Каныбек Иманалиев, Якутия Жазушылар одағының төрағасы Гаврил Андросов, Ресей жазушысы Андрей Рейзвых, Башқұртстан Жазушылар одағының төрағасы Айгиз Баймұхамедов, Чуваш Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Василий Захаров, Әзербайжан Жазушылар одағының хатшысы Рашад Мажитов және Өзбекстанның халық жазушысы Усманкул Азимов ақжарма лебіздерін білдіріп, руханият ордасының мәні мен маңыздылығы турасында сыр шертті. Сан ғасырлар бойғы тарихқа үңіліп, ұлттар мен ұлыстардың, қазақ пен өзге де халықтардың арасындағы әдеби, мәдени байланыстың, сол достықтың өзегі болған қалам иелерінің жігін үзбестен бүгінгі заманның рухын аспандатып отырған Қазақстан Жазушылар одағы екенін тебірене толғады. Одақ көшін абыроймен алға жылжытып келе жатқан Мереке Құлкеновке ұлттық ерекшеліктерін айқындайтын кәде сыйларын ұсынды.
Басқосу барысында әдебиет сыншысы Тұрсынжан Шапай (проза) мен көрнекті ақын Байбота Қошым-Ноғайға (поэзия) Алматы қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы тағайындаған «Асыл сөз» сыйлығы табысталды. Сондай-ақ Одақ төрағасы Мереке Құлкенов шетелдік бес қаламгерді Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен, он бір қаламгерді  «Қазақстан Жазушылар одағының Құрметті жазушысы» төсбелгісімен марапаттап, алыстан ат арытып келген меймандарға қазақтың дәстүрімен шапан жапты.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, көрнекті жазушы Мереке Құлкенов, Одақ төрағасының орынбасарлары, белгілі ақындар Ғалым Қалибекұлы мен Қасымхан Бегманов Еуразия Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Бұл қуанышты жаңалықты аталған Одақ басшысы Уфук Тузман жариялап, куәліктерін табыстай келе, Мереке Құлкеновтің алғы сөзімен шыққан «Қардеш қаламгерлері» журналының бірнеше данасын да ұсынды. Бұл басылымда Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, атақты композитор Ілия Жақановтың, Ғалым Қалибек, Ерлан Жүніс, Ғайни Әлімбек, Жанайым Ауғанбай, Гулманат Әуелханқызы,  Сайлаухан Жоланов сынды қазақ қаламгерлерінің туындысы жарияланған.      
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен ақын Қасымхан Бегмановты Түркия Жазушылар одағының  үлкен әдеби сыйлығымен марапаттап, «Алтын қалам» сыйлығын тапсырса, Одақ төрағасының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, академик Бауыржан Жақып «Қырғызстан Республикасының Құрметті жазушысы» төсбелгісімен марапатталды. Одақ төрағасы Мереке Құлкенов әдебиетке жанашырлық танытып, Жазушылар одағының бастамаларына қолдау көрсетіп жүрген он алты меценатқа алғыс айтып, «Атымтай жомарт» медалін табыс етті.
Ғасырға жуық белестің биігінен көрініп отырған қара шаңырақтың мерейтойлық шарасы жайлы белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек: «Тұрсынжан Шапай мен Байбота Қошым-Ноғай бес миллион теңгеден сыйлық алды. Ағасы да, жағасы да жоқ, өздері аға, өздері жаға жігіттер! Сыйлық беру де түзеліп келеді. Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойы керемет өтті. Мынау Түркиядан, сонау Швецияға дейін жиырма мемлекет жауапты адамдары мен қаламгерлерін жіберіп құттықтады. Ерлан Қарин ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. ЖО-ның 90 жылдық тарихы туралы жақсы баяндама жасады. Аида Балаева да ыстық ықыласы мен қолдауын білдіріп, барлық іс-шараның басы-қасында болды.
Сырқаттанып жатқан Олжас Сүлейменовтің құттықтау хаты оқылды. Нұрлан Оразалин сөйледі. Ұлықбек Есдәулет те төрде отырды.
Мереке Құлкенов: «Бір жыл бұрын күдік болып еді, бүгін аяғымыздан нық тұрғанымызға көзіміз толық жетті», – деп, мерейтойға қатысушыларға алғыс айтты. Шынында да Жазушылар одағы қазір бірқанша мықты жобаны жүзеге асырды. Мына заманда қалам мен қаржының бірі ақсап қалмауы керек екенін сезіндік. Бар болайық, нар болайық, ең бастысы, бір болайық, ағайын! Айтпақшы, Тұрсынжан мен Байботаның сыйлығын Жазушылар одағы мен Алматы қаласының әкімдігі тағайындады. Сыйлық «Асыл сөз» деп аталады. Мерекеге рақмет деп қояйық.
Тұрсынжан мен Байботаға өзім сыйлық алғандай қуандым, шынымды айтайын», – десе, әдебиеттанушы-ғалым, белгілі қаламгер, көсемсөзші Бауыржан Омаров: «Жазушылар одағының тоқсан жылдығына орай Алматыда өткен алқалы жиында қазақтың аса талантты қаламгерлері Байбота Қошым-Ноғай мен Тұрсынжан Шапай биыл белгіленген «Асыл сөз» жүлдесіне ие болды. Екеуі де – мықты. Екеуі де лайықты. Ардақты ақын. Сарабдал сыншы. Кейде осылайша бүкіл жұрт қос қолын көтеріп қолдайтын жағымды жаңалық болады. Бұл да – сондай шешім», – деп ризашылығын білдірді.
Қалай болғанда да,  қазақ әдебиетінің қасиетті қағбасына баланатын Қазақ­стан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойы жиналған қауымға серпіліс сыйлап, қалам ұстаған қауымның шығармашылық қанатын тағы бір қомдағаны анық.

Мөлдір
РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір