Қазақ­стандағы ұйғыр әдебиетінің кезекті жетістіктері
05.05.2025
380
0

Тәуелсіз Қазақ­стан ұйғыр әдебиеті бүгінгі заманда поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті, аударма, мемуар жанрлары бойынша дамып келе жатқан болса да, поэзия жетекші сала ретінде даму үстінде. Ұйғыр ақын-жазушылары өз халқының өткен тарихын бейнелеуді негізгі міндет­терінің бірі етіп, сонымен бірге Қазақ­стан мемлекетінің жеткен жетістіктерін, ондағы достық, келісім, бірлік идеяларын одан әрі кең түрде насихаттау, замандастарының бүгінгі бейнесін, ой-армандарын, ішкі сырларын, адами қасиет­терін және кейбір кемшіліктерді шынайы көрсетуде біршама жетістіктерге қол жеткізді. Ұйғыр поэзиясының 2024 жылы да көш басында келе жатқанын төмендегі ахуалдан көруге болады.

Көрнекті ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, көптеген мүшәйра, байқаулардың жеңімпазы, Ілия Бахтия атындағы және Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарының Құрмет­ті азаматы, 17 жыр жинағының авторы Жамшит Розахуновтың есімі ұйғыр оқырмандары үшін ғана емес, өзге ұлт оқырмандары үшін де кеңінен таныс. 75 жасқа толған мерейлі сәтінде «МИР» баспасынан жарық көрген кезектегі екітомдық «Меруерт тамшылар» ат­ты кітабында автордың жарты ғасыр бойы жазған, шығыс поэзиясында кең таралған жанрлардың бірі – рубайларды қамтыған төрт мыңнан аса өлеңі топтастырылған. Жинақ тоғыз бөлімнен тұрады. Ақын жинағынан байқағанымыз тілі шұрайлы, жалпыға ортақ, терең мазмұнды ой-пікірлері, сезіп білгендері жан-жақты ашылған. Күрделі қақтығыстар мен өмірдің қайшылықтары бейнеленген. Шынайы қарапайым жазу тәсілі арқылы түсінікті тілмен оқырманға жеткізіп отыратынын баса айтуымыз керек.
Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Иминжан Тохтияров шығармашылығының 40 жылдығына арналған «Ой-хой Заман!» ат­ты өлеңдер жинағы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде осы кезге де­йін жарық көрмеген өлеңдер берілген. Екінші бөлімінде аудармалары орын алыпты. «Әдеби достық – әлемдік достық» айдары астында еңбектері екшеліпті. Онда авар халқының атақты ақыны Расул Ғамзатовтың, белгілі қазақ ақыны Қадыр Мырза Әлінің, Шөмішбай Сариевтің, Бақыт Беделханның жырлары берілген. «Шарықта менің әуенім!» деп аталатын үшінші бөлімінде ақынның өлеңіне жазылған ұйғыр және қазақ композиторларының әндерінің басы біріктірілген. Ақын осы кезге де­йін 200- ден аса әнге сөз жазған екен. Оған ел аузында айтылып жүрген «Дүние жалған», «Досыма», «Ана мейірі», «Анашым», «Жаса мәңгі Отаным», «Қазақ елі» қатарлы әндері. Иминжан Тохтияровтың атап өтуге лайықты тағы бір еңбегі – «Естен кетпес ән» ат­ты өлеңдер жинағы. Ол ежелден бері көптеген ұлт әдебиетінде жалғасып келе жатқан жалпыға ортақ өлмейтін, өшпейтін махаббат тақырыбын қаузапты. Ол өлеңдері арқылы әр жастағы оқырмандарын өз деңге­йінде ойға салып, сезім әлеміне жетелейді. Мейірім мен сүйіспеншілікті жырға қосып, шынайы махаббат­ты әспет­теп адалдыққа, тазалыққа, қалтқысыздыққа шақырады.
Ақын әрі журналист, ҚЖО-ның мүшесі Ташгүл Һезиярованың «Ақиқат айнасы» ат­ты кітабынан орын алған 150-ге жуық өлеңдері мен рубайларында автордың Отан, ұлт, тәуелсіздік, отбасы, достық, жастық, әділет­тілік, ақиқат туралы ой-толғамдарын оқи аласыздар. Оның атажұртқа деген әсерлі сезімдерін, келешекке деген үміті мен сенімінің жарқын көріністерін көруге болады.
Ортамыздан оза шауып алда келе жатқан жас ақындарымыздың бірі, ҚЖО-ның мүшесі Вильям Молотов еді. Оның «МИР» баспасынан жарық көрген «Қырықтың қырқасында» ат­ты жыр жинағында өмірде кез­десіп отыратын оқиғалар мен көріністер, қазіргі заманның әсерлері, адамзат­тық құндылықтар тамырынан тартып бейнеленген. Ақын өзінің философиялық танымы мен адамзат­тық ой-толғамдарын жазады. Жинақта ақынның әр алуан тақырыптағы өлеңдері, ғазалдары, балладалары, өлеңге арнап жазған шумақтары сап құрайды. Сондай-ақ ұйғыр тілінен орыс тіліне Вильям Садықов, Надежда Чернова, Хамит Һамраев аударған, ақынның өлеңдері жинақталыпты. Одан ары қарай Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Бақыт Беделхан, Дүкен Мәсімханұлы, Бауыржан Жақып секілді қазақ ақындары мен Мұхамет Юсуп, Ахат Қайым қатарлы өзбек ақындарының Вильям Молотов тарапынан ұйғыр тіліне аударылған өлеңдері берілген.
Қазақ­стан ұйғыр әдебиетінде екінші орында тұрған жанрдың бірі – проза. Бұл сала бойынша да, жазушыларымыз өз қарым-қабілеті бойынша оқырманды сүйіндіріп, қоғамға ой салатын тақырыптарға назар аудартады. Өткен жылға қарағанда, тарихи тақырыптардың мойны озық секілді. Халқымыздың өткенін тектеп, кешегісін көрсеткен шығармалар бой көтеріпті. Тарихи тұлғалардың образын ашып жазған көркем еңбектер айырықша менмұндалайды. Солардың бірі – Қазақ­станның халық жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, аға буын қаламгеріміз, жазушы-драматург Ахметжан Ашири. Ахметжан аға бүгінгі ұйғыр әдебиетінің бірден бір ақсақалы. Оның көп қырлы шығармаларын оқырманы 60 жылдан бері жақсы біледі. Бұл ұзақ жылдар барысын айтар болсақ, әңгіме созылып кетеді. Біз тек қана оның соңғы кез­де әдебиетке әкеліп қосқан тағы бір жаңалығын айта кетуді лайық деп таптық. Әдебиет­тегі қиын және күрделі тақырып саналатын жанр романшылықта, оның ішінде, тарихи тақырыпты қаузап жазатын қаламгер екенін тағыда дәлдепті.
«Printexpress» баспасынан оның «Тататұңға» ат­ты романы жарық көріпті. Оқырманға белгілі болғанындай, жазушы ата-бабаларының өз алдына мемлекет құрғанын, Орталық Азияда саяси, экономикалық, қоғамдық жақтан өз ықпалдарын көрсеткен әйгілі ел болғанын көрсетіп, оқырманына көз жеткізген болатын. «Тататұңға» романында ХІІ ғасырда өмір сүрген, Едиқұт елінде туып, сол замандағы Найман хандығы ордасында қызмет еткен, одан моңғол империясында болып мемлекет­тік лауазымда қызмет атқарған ұйғыр ғалымы және мемлекет қайраткері Тататұңғаның өмірін паш етеді. Отыз тоғыз бөлімнен тұратын, он бес баспа табақ көлеміндегі аталған романда бұдда мұрасы «Алтын жарғыны» ежелгі ұйғыр тіліне аударған ғалым Сиңку Сәли Тутыңнан тәлім-тәрбие алған Тататұңғаның жас кезі, ержетіп есейген шағы, әсіресе моңғол мемлекетінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның образы барынша ашылады. Автор өзінің алғашқы тарихи шығармасы «Идиқұт» романын жазғаннан бергі жарты ғасыр ішінде Тататұңға туралы ізденіп, материялдар жинақтап тарихи құжат­тарды сұрыптап отырған. Соңғы бес жылда шұғыл кірісу арқылы, міне, оқырмандарына тағы бір кесек туындысын сыйлап отыр. Осының өзі автордың үлкен мақсат, ұлы мұрат жолында талмай еңбектеніп келе жатқанын дәлелдейді. Автордың жаңа романының бірінші бөлімі Дәулетбек Байтұрсынұлының аудармасымен «Жұлдыз» журналында қазақ тілінде жарық көрді.
Әдебиетімізде мейлі поэзия, мейлі проза жанры болсын өнімді еңбек етіп келе жатқан қаламгерлердің бірі – Тельман Нурахунов. Ол соңғы кез­де роман жазу бойынша барынша еңбектеніп келеді. Оның «Бейіштегі тозақ», «Қарлығаштың ұясы» секілді салмақты еңбектері көптің назарын аударды. Оның кезектегі «Еске түскен азап» ат­ты романында кеңес кезеңіндегі 1941–1945 жылдардағы Отан соғысында жау қолына тұтқынға түскен жауынгер Анаят­тың басынан өткен азапты күндері және оның соғыстан ке­йінгі өмірі шынайы шындықтармен берілген екен. Романда бас кейіпкер Анаят­тың қан-қасап соғыста тұтқынға түсіп, фашистердің аяусыз ауыр азабынан құтылып шығып, туған жеріне келген қиын жолдары сурет­теледі. Оның мінезі, психологиясы, ішкі жандүниесі, өмірлік көзқарасы, әр текті адамдардың алдындағы айбыны мен рухы, күрделі қоғамдық қарым-қатынастары барынша ашыла түседі. Оның аталған романы ұйғыр әдебиетіне қосылған жаңа арна болып қабылданды.
Ұйғыр прозасында әңгіменің орны ежелден бөлек. Ол кең таралған жанр екені жалпыға мәлім. Поэзияда танылған қаламгер Пәридәм Тейипованың «Ынтызар» баспасынан жарық көрген «Бауырластар дерті» ат­ты әңгімелер жинағында әйел образына басымдылық берілген. Аналардың басына түскен ауыр сынақтар мен ауыртпалықтар ортаға шығады. Жас отбасылардың тұрмыс тіршілігі, рухани хал-күйі, нәзік жандылардың ішкі әлемі барынша сенімді баяндалады.
Ұйғыр әдебиетінде көпшілікті ойландыратын бір мәселе – балалар әдебиетінің бүгінгі күйі. Балалар мен жасөспірімдердің әдебиетке болған қызығушылығын оятып, құштарлығын тудыру үшін өлең, әңгіме, повесть, сөз ойындары, ертегі, ән, сахналық шығармалар жанрындағы жазылған еңбектерді газет-журналдардан, жекелеген кітаптардан көріп жүреміз. Бұл еңбектер балалар үшін өте қажет-ақ. Сондықтан болашағымызды ойлаған кез-келген адам балаларға арналған шығармашылыққа қолдау көрсетуге тиіс. Атап айт­қанда, ақын және ғалым Патигүл Мәхсәтованың «Құстар – біздің досымыз», «Біздің халқымыз ежелден шебер» кітаптарындағы өлеңдері ұл-қыздарымызға құстарды, көкөністерді, ұлт­тық тағамдарды таныстырып, оларға танымдық, тәрбиелік білім беріп, табиғат­ты сүюге және оны қорғауға, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, шеберлікке, меймандостыққа үндейді. Балалар жазушысы Авут Мәсимовтің «Ертегілер әлемі» кітабының үшінші томына жазушының он ертегі, сондай-ақ «Бар екен де, жоқ екен» айдарында қазақ, ұйғыр, әзербайжан, башқұрт, тәжік, француз, куба, америка, һинд елдерінің он алты халық ертегісі, Андерсен, Перро, Каралийчев, Сулейменов, Карлюкович секілді атақты ертегі жазу шеберлерінің ұйғыр тіліне аударған шығармалары топтастырылған. Ол шығармалар балаларға достықты, адалдықты, әділдікті сіңіре біледі. Жоғарыда аталған шығармалардан бөлек, «Бар екен де, жоқ екен…» топтамасының өз алдына кітап болып шыққанын да ерекше атап өтер едік
Әдебиет­тегі тағы бір жанр – мемуар. Ол – эссе, естелік бағытында жазылатын деректі проза. ҚЖО-ның мүшесі Музәппәр Зайитовтың кезектегі «Шаңды жол» кітабы – автордың Жетісу облысының Жаркент өңірі тарихына арналған екінші кітабы. Аға буындар мен замандастардың өмір жолын, кешкен күнін, еңбегін, ерлік-жігерін, ел-жұрт­тың мәдениетін, салт-дәстүрін көрсетіп, ұрпақтарды тура жолға бастауға ден қояды. Кітап «Кіріспе» бөлімнен және «Жақсылардан жақсылық мұраға қалады», «Марапат мешелдері», «Ақ халат­ты мейірімді жандар», «Әжем дауысы жаңғыруда» деген төрт бөлімнен тұрады. Аяғында «Соңғы сөзбен» бітеді. Жазушы өндіріс, ауылшаруашылығы, мәдениет, оқу-ағарту, әдебиет, денсаулық, көркемөнер саласындағы көзге түскен және үздіксіз көрініп келе жатқан көптеген жеке тұлғаларды еске түсіріп, құнды деректер келтіреді. Пәридәм Тейипованың «Дәуір сынағы» ат­ты кітабы атажұртқа деген мейір-махаббат, сезім-сүйіспеншілік бағытында жазылған эссе-әңгімелерден тұрады. Жазушы өзі туып өскен Ұйғыр ауданына қарасты Ақтам ауылының тарихында терең із қалдырған еңбекшіл тұрғындардың, әр сала өкілдерінің, жерлестердің, туыс-туған, ағайындардың өмірінде көзге түскен ірілі-ұсақты оқиғаларды өз басынан өткізген әсерімен қоса баяндап береді.
Драматургия саласы бойынша танымал жазушы және драматург, бірқанша прозалық, сахналық шығармалардың, миниатюралардың авторы Әкрам Ахметовтің Қуддыс Ғожамияров атындағы Республикалық мемлекет­тік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театры сахнасында «Ғашықтар айласы» пьесасы және «Махмұд Қашқари» драмасы тағы да сахнада қойылды. «Махмұд Қашқари» драмасы Ұйғыр театры 91-мау­сымының шымылдығын ашты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Түрксой халықаралық ұйымы тарапынан ұйымдастырылған драматургтер байқауында осы пьеса екінші орынға ие болып, авторы «Халдун Танер» медалімен марапат­талып еді. Әне сол шығарма өткен жылғы Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» ат­ты әйгілі еңбегінің жазылғанына 950 жыл толуына орай Түркияның астанасы Анкарада тағы бір мәрте сахнада қойылып, көрермендердің мақтауына ие болды. Осының бәрі ұйғыр әдебиеті үшін ғана емес, күллі Қазақ­стан әдебиеті үшін де үлкен жетістік деп айтар едік. Бұл шығарманы аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлы қазақ тілінде сөйлеткенін айта кетуді жөн санадым.
Қорытындылап айтсақ, Қазақ­стан ұйғыр әдебиеті бүгінгі заман, дәуір рухымен үндес, тыныстас дамып келеді. Оқырманның рухани қажет­тілігіне сай қызмет етіп келеді. Бірнеше түйінді баса айтқым келіп отыр. Біріншіден, ұйғыр тілінде жазылған қандайда бір шығарманың, алдымен, Ұйғыр әдебиеті кеңесінде талқылаудан өтіп, сонан соң ғана басуға жіберілгені дұрыс деп ойлаймын. Екіншіден, жазушыларымыздың көп жылғы шығармашылық еңбегін үйлесімді бағалап, олардың еңбектерін топтастырып, ортақ бір антология сипатындағы кітап етіп, мемлекет­тік тапсырыспен шығарғаны дұрыс болар еді. 2023 жылдың соңында бұл мәселе қолға алынып, Ұйғыр әдебиеті кеңесі аталған антологияны дайындаған болса да, ол жұмыс бүгінге де­йін орындалған жоқ. Біз Қазақ­стан Жазушылар одағы Басқармасының аталған антологияның жарық көруіне ықпал етуін сұраймыз. Бұл өтінішіміздің орындалатынына сенеміз.

Рахметжан ЮСУПОВ,
Р. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институты
Ұйғыртану орталығының жетекші
ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты,
ҚЖО-ның мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір