«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ» ҚАҺАРЫ
12.01.2024
179
0

«Қазақ әдебиеті» газеті Ел азаттығын алғаннан кейінгі жылдары да халық өміріне қатысты талай қиямпұрыс мәселелердің оңды шешім табуына ат салысты. Бір күні мені бас редактор Оралхан Бөкей кабинетіне шақыртты. Барсам, қарсы алдыдағы орындықта етжеңділеу, тапалша келген азамат отыр екен.

– Сен мына жігітпен дұрыстап таныс та, арыз-өтініштерін мұқият зерделе. Бір сағаттың ішінде нәтижесін маған айт, – деп есік жақты меңзеп, иек қақты.
Біз – ел ортасынан келген қожалық төрағасы екеуміз құжаттық материалдарды реттеп, сұрыптап, қажеттілерін бөлек бумаға жинақтап, айтқан уақытында Орағаның алдында отырдық.
…1994-95 жылдар – Қазақстанда жекешелендірудің қызу жүріп жатқан кезі болатын. Талап, тілекпен келіп отырған азамат Жезқазған өңірінде жаппай құрылып жатқан жеке қожалықтардың алды болып С.Сейфуллин атындағы қожалықтың тізгінін ұстайды. Оңаша шаңырақтың малын, қора-қопсысын, техникасын, онда жұмыс істейтін еңбеккерлерді тұтас қалыптастырады. Енді өркендеу жолын бастаған тұста ауданды басқаруға жаңа әкім келеді. «Жерден жік шығарып, екі құлағын тік шығарған» ол мансап иесі қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып, «дайын асқа – тік қасық» жаңа шаңырақ көтерген шаруашылықты бір жақынына тартып алып береді. Қожалықты азаптана, бейнеттене жүріп, аяғынан тік тұрғызған азамат қос саусағын сорып қалады.
Айтқан жағдайды түсінген Бас редактор:
– Енді қандай әрекет жасамақсыңдар? – деп, маған салмақ сала мойын бұрды.
– Сын материал жазғым келеді, – дедім шешімді түрде.
– Өзіңе өзің сенімді болсаң, жаз. Артынан шикі тұстары шығып жүрмесін. Болған жайды барып, көзіңмен көріп қайт.
Болған жайды барып, көзіммен көріп келдім де, әкімге кездігімді тура кезеп сын материалды сылқиттым. Оралхан аға қаймықпай қол қойды.
Газет шыққан жұма күні О.Бөкейді Орталық Партия комитетінің идеология хатшысы шақыртты. Темекісінің түтінін көкке үрлеп, көзі алайып келді. Жарты сағат­тай уақыт өтпей жатып:
– Орағаң іздеп жатыр, – деді. Бардым.
– Тура қазір Ауылшаруашылық министрі Балташ Тұрсынбаевқа тез жет, – деді. Кеттім.
– Мынаны жазған сенсің бе? – деді, алдында жатқан «Қазақ әдебиеті» газетіндегі материалды сұқ саусағымен нұсқап.
– Аты-жөнім тұр ғой.
– Неге сүйендің?
– Бардым, көрдім, кездестім, сөйлестім. Дәлелді құжаттар мына папкада тіркелген, – деп, қолымдағы бумамды алдына ұсындым. Асықпай қарап шықты да, мұз қатқандай өңін жібітіп:
– Мына қағаздардың көшірмесін осында бүгін әкеліп таста. Түпнұсқаларын өзіңде сақта. Бар, кете бер, – деді.
Келсем, Бас редактор іздеп жатыр екен. Есігін қағып, кірдім. Бағанағыдай емес, көзінің аласынан қарасы молайыпты.
– Қызметіңді жалғастыра бер. Жасқанбай жаз. – деді де, иегімен есік жақты нұсқады.
Екі-үш апта шамасында «сорпасы суымаған ыстық» хабар келді. Әкім орнынан кетіпті. Қожалық бұйдасы кешегі азабын арқалаған бұрынғы төрағаға табысталыпты. «Қазақ әдебиетінің» қаһары, міне, осындай еді.
Сол жылдары газет таралымы 198 мың данаға жеткен.
…Редакцияға екі-үш жігіт келді. Жүздері сынықтау, жүрістері сылбырлау. Мән-жайды сұрастыра келе анықтағанымыз – Алматы облысының Жамбыл ауданындағы «Қарғалы» ауылында көрнекті композитор Әсет Бейсеуовке берілген көше атын «Қайдан құлақ шығарса, қазаншының еркінде» дегендей аудан әкімі аталасының есіміне ауыстыруға шешім қабылдап, соны тиісті қызметкерлеріне орындатып жатыр екен. Көпшіліктің қолдауымен бұл әрекетке қарсылық танытып, жаны ауырып жүргендердің бірі – Әсеттің туған інісі.
Сол тұстағы Бас редактор Ұлықбек Есдәулет ұжым редколлегиясымен ақылдаса келіп, материал жазуды редакцияның бөлім меңгерушісі, қазіргі белгілі ақын, аудармашы Алмат Исаділге міндеттеді. Алмат барып, ондағы жағдайдың анық-қанығына көз жеткізіп қайтқаннан кейін үш-төрт күн өте тағы үш жігіт келді. Бұлардың өңдері суық, жүрістері тым суыт. Келе:
– Біз Қауіпсіздік Комитетіненбіз, – деп айбат шекті. Сөздің қысқасы: «Аудан әкімінің шешіміне қарсы мақала жазуға сендердің еш қақыларың жоқ», – деп шалқақтайды. Шытынай шіренгендерді Бас редакторға ертіп апардық. Олардың ызғырықты әңгімелерін тыңдаған әрі бұл мәселеге бұрыннан қанық газет басшысы:
– Бұл – сендердің аудандық газеттерің емес, ұзақ жылдық тарихы бар ұлтымыздың республикалық рухания­тының үні, тілі. Әсет Бейсеуовтей халық рухын асқақтатқан тұлғаға, тарлан талант иесінің атақ, абыройына ара түсе алмаса, газет атын несіне арқалайды! Өз құқымызды өзіміз білеміз. Жолдарың болсын! – деп шығарып салды.
Алмат жазған сын материал сол аптада жарияланды. «Дауылдан» кейін дабыл келді. Ауыл орталығындағы көше Әсет Бейсеуов атына қайта қайтарылыпты.
«Қазақ әдебиеті» газетінің қаһары қатты, рухы асқақ.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір