Үш жүз отыз бесінші құлаш (Деректі әңгіме)
Әлқисса, тауарихтың бір парағы осылай аударылды. Мың да екі жүз жиырма төртінші түрік жыл қайырымы бойынша мешін жылы Шыңғыс қаған қалың қолын алып, Еміл, Суырлы тау, Тарбағатай бойын қыстап, көктем туа үстірт сахараға, Онан даласына бет алған. Бұл шақ Жошы ұлысы шаңырақ көтеріп, Ұлытауда, Қаракеңгір бойындағы Орда-Базар қаласында ұлұғ ұлыс туы тігілген шақ еді.
Өткен жылы көктемде Ұлытаудан аттанған ауыр қол мамырлай жылжып, Көкшетеңізден өтіп, Алакөлді айнала жол тартқан. Суырлы жасыл таудың ықтасын қойнаулары мен мал отына жайлы сай-саласында қысты өткерген болатын. Көктем туа сол сапар қайта жалғасты. Батыс пен шығыс арасы ұзыннан-ұзақ шұбаған атты қол дерсіз. Бас-аяғына көз жетпейді. Мұздай қарумен құрсанған мыңдық шарлаушы кезіктер алдын Есүңке – Есей мерген бастаған. Одан кейін ат шаптырым аралық тастап, Желме ноянның темір түмені баяу еріп келеді. Жеңіл тасатарлар мен қамалға отты күбілер лақтыратын серіппелі қарулардың өрмекшідей арбиған кескіні де үрейлі-ақ. Самсаған ту, самсаған тудан кейін ұзын сүңгілері батар күн алдында біздиген найзалы мыңдықтар легі. Желме түмені күдір белдерді таптап, ақ шаңын шығара тегістеп өткен қия жолдар сорабын баса, Шыңғыс қағанның арбалы жорық ордасы келе жатыр. Он екі қанат ақ шаңқан киіз үй, алты үзік, қос белдеу тартқан айбарлы орда.

Орда маңын күзеткен қарулы кешіктендердің қаһарлы сұрына қарауға кім-кімнің де жүрегі дуаламас… Арбалы орда соңынан кезек-кезегімен шұбаған Белгүтай, Буыршы, Наяқа, Шылағұн нояндардың темір түмендері. Көшпенділер қолы Хорасан тарабын селдей жайпағанда, Жебе ноян түмені Мазандеран өлкесіндегі Илал бекінісін қоршаған. Сусыз қамалда тірідей қолға түскен шах анасы Түркен қатын бастаған тұтқындар Белгүтай түменінде келеді.
Айдаудағы тұтқындар мен хашар есебінде байлаулы келе жатқан зіңгіттей жігіттер қарасының өзі әлденеше шақырымға кетеді. Оларға қатарласа Сартауылдың даңқты қалалары мен кент-қышылақтарынан тартып алған қисапсыз соғыс олжасы жүздеген өгіз арбаларға тиелген.
Жеңіске мастанған қалың қол былтырғы қыс соңында Самарқандтан аттанар алдында тарих жадында мәңгі қалған бір оқиға болды. Қаған жарлығымен, әлде, өз еріктерімен… Намазғақ қақпасының алдында Түркен қатын келіндері мен ұлы Мұхаммед сұлтанның қыздарын қаз-қатар тізіп қойып, зарлы жоқтау айтқан еді. Тұтас Хорезмнің сай-сүйегін сырқыратып… Зарлы қатын ол жоқтауын әлі тоқтатқан емес. Сол жолда ғой, Сайрам қамалынан өткен соң, Тараз шаһарына жетпей Қараханид дәуірінің күмбезді дүрбелерінің қасынан өтерде қалың қол сәл кідірген. Кідірткен осы Түркен-қатынның қағанға айтқан бір ауыз өтініші-тұғын. Ауыр қолды күттіріп қойып, Айша бибі кесенесіне барып, ұзақ отырған. Тұңғиық, мұңды шұңғыл жанарынан бір тамшы жас та тамған жоқ. Жылаған тек қасындағы қыздары, немерелері мен келіндері. Әсем бақтары, миуалы гүлзарларын өрт шалып, Сейхұн басы мен Жейхұн бойы, тіпті Ғазна мен Пәрван, Нишапур тарабына дейін қызыл өрт шалды. Ел мен жер торғайдай тозып, қамалдар қирап, кей қалалар үйіндіге айналды. Оңай ма, «Ел анасы» атымен туған елін осындай халде амалсыз тастап, кіріптар тұтқын күйінде, аттылардың арасында дәрменсіз пенде болып бара жатқаны? Қайта келіп тұтқындар күймесіне отырған соң-ақ тастай бекіп алған. Біржола…
Екі жыл бұрын таулы Илал бекінісіндегі үңгірде бірнеше ай берілмей жатып, амалсыз қолға түскеннен бері көз жасы бір тыйылмаған еді. Жауын суымен-ақ неше ғасыр бойы сусындап келген Илал қамалын көшпенділер қолы келіп қоршағаннан-ақ қырсық басты. Басынан бұлт арылмайтын, бір түнгі нөсермен-ақ үңгір-бекіністегі алып күбілер толып қалатын. Сақтық үшін жасырылған су бес айға жетті. Соңғы айда аспаннан дым тамбай қорғаушы жасақтар мен ханша-ханзадалардың мазасы әбден кетті. Шарасыз бағынышқа келіп, атты қол алдында заһар шашқан қатулы Жебе ноянның маңына жете бере-ақ, тұтас аспанды қара бұлт басып, жер-дүние күңірене найзағай ойнап, нөсер жауын төпелеп әкетпесі бар ма? «Хорезмнен бақ қайтыпты» деген еді сонда. «Хорезмнің күні батты…» деген тағы. Содан бергі өмірі тұтқында өтіп келеді. Шах анасы ретінде құрметтеліп, қол-аяғы байлаудан босаса да, бәрібір кіріптар тұтқын…
Мұхаммед сұлтанның бәйбішесінен туған екі қыздың үлкені Хансұлтан Жошыға ханымдыққа берілген. Ол Ұлытауда, қыпшақ даласында қалды. Екінші қызы Айшешек қасында. Қартайған шах анасына қарайлап, айналып-толғанып келе жатқан да – сол ақылды да сұлу Айшешек қыз. Ауыр қосынның тұтқындардан құралған орта бөлегі демесеңіз, бас-аяғы күнде мереке, күнде сайран. Әр қоналқыға тоқтап, кешкі астарын ішкен соң жігіттер лаулаған мың сан отты айнала отырып, сауық құрады. Күңіренген қобыз, күмбірлеген күй, бақсылар сарынына еліткен тері күрмелі бишілер. Шеткеректе қаны қызу жас сарбаздар балуан күресін бастайды.
Жасақтардың бойын көктемгі желік буған. Қанды жорық, ұйқысыз шабынды аяқтағалы екінші жыл. Оның үстіне, Өтүкен даласына, Керүлен мен Онан бойына, атамекендеріне бет алған жігіттердің қуанышында шек жоқ. Жайқын Онанды, мөлдір Керүленді, асау Орхұн мен тынып аққан сұлу Селенгіні кім сағынбасын? Бес өзен бойын жағалай қонған киіз үйлі күрендер мен туып-өскен даласын, тай үйретіп, ши оқ атқан бел-белесін әр жүрек қалай сағынбасын?
Май тоңғысыз көктем. Өзен-су басы толған үйрек пен сарыала қаз. Кенет су бойына жапырлай қонған құстарды үркіте, шоқыта желген бір топ атты Есей мерген тобына келіп жүздесті. Бұлар Керүлен бойындағы қара шаңырақта күзетте қалған қағанның кенже інісі Темуге отшыген жіберген хабаршылар екен. Олардың жолын бөгеместен, қасына адам қосып берген Есей мерген Шыңғыс қағанға жіберді. Сәлден кейін жорық орда маңынан шауып шыққан атты хабаршы алдыңғы лектегі Есей мерген тобына келіп жарлық берді:
– Қаған бұйырады! Алдыңғы қол жол ашсын, ұлы Шыңғыстың жорық ордасы алдыға озады. Қоныста қалған мәртебелі қатындары мен немерелеріне жүздеспек!
Үш мыңдық кешіктендер мен қорушындар қоршаған қағанның өгіз арбалы ордасы қақ жарыла жол ашқан қалың жасақ ортасынан, Есей жасағының қасынан өтті. Аттарынан түсе, бір тізерлей тағзым еткен қалың нояндар мен жасаққа арба үстінен айбарлана көз салған қаған Есей мергенді қасына шақыртты.
– Есей ұлым, – деді қаған. – Біз моңғол даласынан кеткелі бақандай бес жыл өтіпті. Бөрте қатын бастаған ханымдар мен немерелерім Айман-қой асуында бізді қарсы алуға келе жатыр екен. Оларға кездескен соң жүрісті жылдамдатыңдар. Алда Бұғылы-Шашақ пен Бұқашошыған жайлауында ұлы дүбірлі той, жасақ жаттығуын өткереміз. Палуандар мен мергендер, жүйрік аттар дайын болсын! Төрт төңірекке сауын айтып, ат тұяғы жетер жердің бәріне хабарлаңдар!
Ертесі күн шыға Темуге отшыген бар, ұлұғ ордадан шыққан Бөрте қатын бас болған, Есуген мен Есулін қостаған қаған ханымдары, өзге де атақты нояндар – төрт күлік пен төрт сырттанның үйелмені түгел келген екен.
Шыңғыс қаған салтанатты топтың алдынан ерекше көзге түскен екі немересі – кенжесі, ұлұғ ноян Төленің екі ұлына таңырқай қараған. Он жасқа енді толған Құбылай мен сегіз жасар Құлағу атасына арнап атып әкелген аңдарын құла тұлпарларының қанжығасына байлапты. Айман-қойдың орманды қырқаларынан Құбылайдың жебесіне қоян ілініпті де, Құлағу ірі тауешкі атып алған екен. Қатты риза болған қаған жорық ордасынан шығып, қос немересін құшырлана иіскеп, бауырына басты. Тұңғыш ұл Жошыдан тарайтын, Орда-Ежен мен Бату бастаған немерелер де, Үгетайдың ұлдары Күйік бастаған жас нояндар да, Шағатайдан туған Білгеші мен Сарабан да, Төледен туған үлкен ұлы Мөңке де қағанмен бірге Сартауыл жорығына қатысты. Жасақ ішінде Шағатайдың үлкен ұлы Мүтүкен ғана жоқ. Ол Бамиян түбіндегі шайқаста оққа ұшқан-тұғын. Сол жалғыз немересінің құнына өтеу ретінде бір шаһар жермен жексен қиратылып, құлазыған қу молаға айналған жоқ па?..
Ал мына екеуі жасы кішілігінен жорыққа шықпай, әжесі мен шешелерінің қасында, Керүлен басындағы Көде аралында қалған.
– Орданы, өгіз арбаларды бүгін осында доғарыңдыр! Нояндар мен түменбасы, мыңғандар түгел жиналсын. Немерелерімнің атасының алдында өткерген тұңғыш аңшылығы үшін бармақ майлаймын, – деп бұйырды қаһарлы Шыңғыс.
Әлекедей жаланған қалың жігіт әп-сәтте бәрін дайындады. Бөрте қатын ардақты ана Өгелін үжіннен қалған ошақты ала келген екен. Қу арша жағылып, ошаққа ақ май тамызды. Құлағу атып алған тауешкінің ішін жарып, бүйрек майын, Құбылай қоянының бір санын кесіп әкелді. Екеуіне аса риза көңілмен қараған Шыңғыс қаған қанжарын суырып алды. Қос немере қос қолдап ұсынған қоян саны мен тау ешкінің бүйрек-бауырын қанжарына шаншып, лапылдай жанған арша отына аунатып алды. Қызыл қаны күрең тартып, пысылдай жиырылып, шала піскен бүйректен алдымен өзі ауыз тиді де, екі немересінің бас бармақтарын майлады.
Сол сәтте мінезі жұмсақ Құбылай атасының оң жақ бас бармағын аялай қысып, жайымен ұстап тұр еді. Адуын Құлағу сол бармағын сықырлата қысып, тосын бір қылық көрсетіп қалды. Анталай қарап тұрған қатындар мен нояндарды суық тер басқан.
Қарқылдай күлген қаған:
– Мына Құлағудың пәлесін қарай көр! Жарты ғаламды шеңгелдеген қолымды ауыртып, бас бармағымды сындыра жаздады. Сен түбі атаңнан өткен қатыгез жауынгер боласың-ау… Ал сен, Құбылай, айналасын аяп ұстайтын, бірақ аяймын деп балақтағы жауыңды басыңа шығарып алар, сазды жер сияқты тым жұмсақ болар ма екенсің? – деді қарқылдай күліп.
Айнала сасқан жұрт демде жадырай қалды. Арттағы елмен аман қауышқаны үшін көл-көсір дастарқан жайылды. Шыңғыстың сонау Қыпшақ даласында, Жошы ұлысының Орда-Базар қаласы маңында, Сарысу бойында мәңгілікке қалған Құлан қатыннан өзге ханымдары түгел еді. Қоңырат қызы, бас бәйбіше Бөрте қатын, одан кейін татар Еке-Шереннің апалы-сіңілі қыздары Есүген мен Есулін, оларға ілесе таңғұт пен қытай патшалары сыйға тартқан орда ханшалары жағалай өз ретімен отыр.
Ауыр қол ертесі қайта қозғалды. Шыңғыс жарлығына сай алға озған Жанай ноян Бұғылы-Шашақ тауындағы Бұқашошыған жазығында өтетін дүбірлі той, кіші Құрылтайға дайындық қамын жасауға кеткен.
Нөпір жасақ Бұқашошығанға жеткенде алдымен келген қаған ордасы бұлақ қайнарында отырған. Шыңғыс жарлығымен бұл жол тек арнайы салтанатта ғана тігілетін қағанның алтын шатыры бой көтеріпті. Ішіне екі жүз адам еркін сыятын, іші алтын зерлі көк қамқамен, сырты күміс зерлі ақ шағимен тысталған осынау алтын шатырдың айбаты да, салтанаты да өзгеше.
Ұлы думан ертесі-ақ басталып кетті. Он екі түмен қалың қолдың Шылағұн ноян бастаған артқы лектері әлі жетпесе де, дайындыққа ілесе, дүбірге дүбір жалғасқан. Шах анасы деді ме, әлде, өзге бір қысасы бар ма, Шыңғыс қаған Түркен қатын бастаған тұтқын әйелдер тобын өз ордасына тақау, бұлақ аяғына жайғастырды.
Ұлытауға кеткен хабаршылар Жошының ертеде Мұхаммед сұлтан жауып тастаған сауда жолдарын қайта ашу үшін Сыр бойын жағалап, Кердері6 көлін айналып, Хазар7 теңізі жаққа кеткенін, осындағы Құрылтай мен тойға арнайылап Жошының бәйбішесі Бектұтмыш пен Кет-Бұқа күйші бастаған нояндардың келгенін жеткізді. Өткен жылы көктемде, анығы 1223 жылы қытайды шауып жүрген әйгілі жалайыр Мұқалы ноян қаза болған еді. Оның інісі, Жошының бас батыры Бұқа ноян бұл шақта шүршіт тарабында, Шәнси жерінде ағасының соңғы істерін реттеп жүрген. Сондықтан осынау Құрылтайға Жошы да, Бұқа ноян да қатыса алмаған-тын.
Айналасы үш күнде тұтас қолдың бас-аяғы түгел жиналып, атүсті ойындары басталып та кетті. Танабұлақ аталатын үлкен бастау маңында күніне екі жүз жылқы, екі мың қой сойылған. Қан кешу жорықтар мен тынымсыз жүрістен қажи бастаған қалың жасақ бір аунап барып, сілкініп тұрған жылқыдай сергіп сала берді.
Қыпшақ даласы төрт түлікке, әсіресе жылқыға бай еді. Кезінде Құбылай ноян мәмілеге келтіріп, соңыра Жошы ханзада мен Сүбітай баһадүр біржола бағындырған ұлы дала Сартауыл жорығы басталмай тұрып-ақ ұлы қағанат құрамына өткен. Осынау ұлы той басталардан бұрын ат жетер жердің бәріне сауын айтылған. Дүбірге ат қосқандардың ішінде Алмалық пен Қайылық әмірлері, бектері де бар.
Алғашқы күн ат бәйгесімен басталған. Атақты нояндар мен қолбасылар әр топқа бөлініп, ат ойындарының шусыз өтуін қадағалады. Жылқы құмар көшпенді баласы көкпар болсын, аударыспақ немесе бәйге болсын, дау-дамайсыз қалған емес. Жеті белдің арғы жағына жіберілген бәйгеден жалайыр Бала ноянның бүкіс бел күрең аты келсе, балуан күресінде Няқа ноянның ұлы Жетей-Бурыл балуан бас бәйгені қанжығасына байлады.
Түмен ішінен мыңдық, мыңдық ішінен жүздікке бөлінген қалың жасақтың ендігі күткені жақ атып, жай тартудан өтетін дулы жарыс еді. Көшпенділер өмірінде, күнделікті тіршілік пен жаугершілік сәттерінде ең ес қататын қаруларының бірі – садақ-тұғын. Жақ тартуда атағы шыққан ұлы Жебе ноян мен Жошы ханзада түмені осы уақытқа дейін аңыз болып келген. Кеше ғана, айналасы үш жылға жетпейтін уақытта аяқтаған Сартауыл жорығында Есей мерген мен Дүрбай-Доқшын ноян мыңдықтарының даңқы жер жарды. Шайқас заңына сай, әр көшпенді жасағының қанжығасында екіден-үштен садақ жүреді. Ондаған жебе түрлері мен мүйіз жақты соғыс жағдайына сай кезегімен қолданатын. Аттылардың кез келгені мерген болатыны содан. Бұқашошығанда ертең-ақ өтпек ұлы сайысқа ең атақты мергендерден сайланған үш жүз жігіт дайындалды. Сайыстың бас биі – руы ұрұт Кәктай ноян.
Терістік Алтай беті мамыражай көктемнің шуағына шомылып, мейірлі күн ана құшағында мүлгіген сай-сала аттылардың дүбірімен ерте оянған. Күн көтерілмей-ақ дабыл қағылып, Бұқашошыған төскейі абыр-сабыр күйге түскен. Көптен күткен жақкерлер додасы да басталып кетті. Алтын тағын тік дөңеске қойдырған Шыңғыс қаған ханымдары мен немерелерін, құмаларын, қарт нояндары Желме мен Буыршыны қасына алып, сайысты тамашаламақ. Одан төменде Түркен қатын бастаған мәртебелі тұтқындар. Мәртебелі дейтініміз, көшпенділер салтында қандай жау болмасын, дұшпан санаған елдің ханының ата-анасын өлтірмейді. Тұтқынға түскен хан әулетін өз ретіне қарай қарауға алады. Жазасы ауыр деп шешсе, хан тұқымының еркек кіндіктілері түгел өлтіріліп, әйелдері мен қыздары, келіндері жаулаушы әулеттің ерлеріне әйелдікке беріледі. Сол жосынға сай, Жошы хан мен оның ұлдарына берілген Хорезм ханшаларынан өзгесінің бәрі осында. Мұздай қарулы, диюдай сұсты кешіктендер қоршаған төбе маңынан суық ызғар еседі…
Сайыс шарты бойынша, кім алысқа атады және нысанаға дөп тигізеді, сол жеңімпаз. Жүлдеге жүз сәйгүлік, қол басындай құйма алтын тігілген. Түс ауа үш жүз мергеннен іріктеле келе үш жақкер ғана қалды. Бірі – маңғыт Мөңке-Қалжа, екіншісі – қоңырат Тоқұшар мергеннің інісі Күнгей, үшіншісі – қият Есей мерген.
Әуелі түз мысығының терісін бақанға байлатқан маңғыт Мөңке-Қалжа әуелгі кезекті алды. Кәктай ноянның белгі беруімен атына мініп садағын сайлай, алыстау жерге барып шауып келді де кілт тоқтай қалды. Шірене тартқан тізгіннен тік секірген астындағы тұлпары алдыңғы екі сирағын көтере, тұра қалған қып-қысқа сәтте садағын шірей тартқан Мөңке-Қалжа бақан ұшында желбіреп тұрған мысық терісін жалп еткізді. Жасақтар құлашын кере, тізіліп өлшеп еді, үш жүз екі құлаштан атқан екен. Елеуреген қалың жасақ дабыл ұрып, даңғара соғып, қиқу салды.
Шыңғыс қаған орнынан тұрып кеткен екен. Мөңке-Қалжаны қасына шақырып, қошеметін жаудырды да соғыс олжасынан елу сәйгүлік тарту етті. Қағанға алғыс айтып, ұзақ ғұмыр тілеген Мөңке-Қалжа мергендер тобына қарай шауып кетті.
Келесі кезекті қоңырат Күңгей мерген алған екен. Ол да бас би Кәктай ноянның ишарасымен сәл алыстап орағыта шауып келіп, бақан ұшына ілінген екінші мысық терісін нысанаға алған. Садағын үш толғап, соңғы толғамында адырнаны шірей тартқан ол атып қалып еді, «су» етіп ұшқан ағаш оқ теріге барып қадалды. Жел шайқап тұрған соң, оның үстіне, алыстан талып жеткеннен болар, қызара бұлғақтаған тері бақан ұшында қалып қойған екен. Тізіле қалған қорушындар құлашын кере аралықты өлшеп еді, тура үш жүз он төрт қадамнан тигізіпті. Шыңғыс қаған оны да шақырып алды да, алқау сөздер айтып, сол жерде елу сәйгүлік сыйлады.
Ендігі кезек осынау дүбірлі шайқастың оқ атар соңғы мергені Есүңкеге – Есей мергенге келіп жетті. Шулаған жасақтар мен нояндар сілтідей тынған. Кіреукесін шешіп, жеңілденіп алған ол қос білегін парсының жұқа шағиымен мықтап оратты. Атына мініп, ағаш өзекті, мүйіз астарлы, жон иіні тарамыс желіммен тартылған ай садағын қолына алды. Анығында, Есей мергенде садақтың отыз шақты түрі бар-тын. Қан майданға кірерде үшеуін алып жүреді. Қосын ішіндегі Құқұ шешеннің інісі, атақты шебер Сұқұ-тайшыға арнайы жасатқан садақтары қаншама жаудың жанын жай таптырған.
Сол сәтте оқыс іс болды. Қағаннан рұқсат алған болуы керек, Түркен қатын бастаған тұтқындар тобынан Жанай ноянның шағала бозын мінген бір қыз мергендерге қарай шауып келе жатты. Найзаларын бұлғай, қанжығасын қамшымен қаққан қалың жасақ дүрлігіп кетті. Бұл келе жатқан Хорезм сұлтаны Мұхаммедтің екінші қызы Айшешек-тұғын. Өткен жылы Келес бойында қалың қол «Үт амалының» қарлы боранына ұрынып, аялдап қалғаны бар. Сол кезде айдаудағы тұтқындар ішінен бүлік туып, қосын біраз әбігерге түскен. Қаған арнайы жарлық шығарып, сұлтан әулетіне қарасты тұтқындардың күзетін Есейге тапсырған. Аты батыр болғанымен заты жұмсақтау жас жауынгер Түркен қатын тобына ерекше ықыласпен қараған. Бойларын үрей мен қасірет буған бірнеше ханша сырқаттанып та қалған еді. Қаған ордасының емшісі һәм кеңесшісі қидан Елүй Чуцайды шақырып, арнайы емдеткен. Сөйтіп жүргенде, Айшешек пен мерген арасында белгісіз от та тұтанған. Оңаша сәт келсе, бірер ауыз тіл қатысып та қалатын…
Соңыра Құланбасы Құрылтайы өтіп, Шыңғыс қаған төрт ұлына қызыл қанға суарып жүріп, жаулап алған жерлерінен енші бөлді. Тұңғыш ұл Жошы ханзада Қыпшақ даласының ханы болып, Ұлытауда қалды. Мереке аяқтап, қалың қол сақараға қайтпақ болды. Сол кезде қаған Есей мергенді алдыңғы лектің аға қорғаушы нояны етіп тағайындап жіберген. Айшешек пен мергеннің содан кейін жүздесіп тұрғаны осы. Ал Жанай ноян мен Есей үнемі қол алдында жүргендіктен, араларында аға-бауырлық сыйластық, жақындық бар-тын. Сондығынан болар, Жанай ноянның Айшешек қыз айтқан өтінішін қағанға жеткізіп, тұлпарын мінгізіп жібергені.
Ұзын оқты Есей мерген адырнасы ілбіс терісінен, оқтығы Селенгі қайыңынан иілген ай садағын алып, атқа қонғанда манадан бері тынып тұрған жасауыл іші дүрбелеңге айналды. Ортаға шауып шыққан Кәктай ноян дабыл ұрып, ұлу керней тартқан жасақтарды белгі беріп тоқтатты да, мәлін терісі ілінген бақанды атты жасаққа көтертті. Сол кезде Есей мергеннің қасына келген Айшешек бөз орамалын шешіп, ортасынан қақ айырды. Бірін бақан басындағы мәлін терісіне, екіншісін Есей мергеннің садағына байлады. Қыз жанарынан жарқ еткен ұшқын алақызған Есей баһадүрдің қолқа-жүрегін солқ еткізген…
Мәлін терісі байланған алты құлаш ақ бақанды іліп алған еңгезердей жасақ сонадайға, текше жиегіне апарып қадады. Есугей атасынан қалған құла жылқы үйірінің ішінен таңдап мінген тарпаңы ауыздығымен алысып, жер тарпи осқырынады. Күн төбеден әлдеқашан ауып кеткен, кешкі мезет те жақын.
Тебініп қалып, қаған атасы отырған тік дөңесті бөктерлей шапқан Есей мерген айналып көздеулі жерге жақындады да тізгін тартты. Қанжығасын қағып, ат үстінде мойындарын соза қиқулаған жасақ дауысы жер төсін жарардай. Қайтадан тебініп қалып, құйғыта шапқан бойы Кәкітай ноянға жақындады да, садағын толғай тартып кеп жіберді. Тымық ауаны қақ жара ұшқан кейебүр жебе көз ұшында қалықтап тұрған, Айшешек қыздың бөз орамалы байланған мәлін терісін жерге «топ» еткізді. Іле екінші жебесін адырнаға қондыра, шауып келе жатып атқан еді, оның қайда тигені белгісіз болды.
Қалың жасақ дүрк көтерілген. Құлашын кере қол ұстасқан қорушындар есептеп еді, екі оқтың бірі үш жүз отыз бес құлаш жердегі қабылан терісін ұшырса, екіншісі бақан ұшына қадалыпты. Айнала алқа-қотан қолпаш, дүркіреген ұран. Шыңғыс қаған Есейді қасына шақыртты.
– Есей балам! Қайран Қасар інімнің көзіндей болған қадірлі ұлым! Қасқыр мінез Қасар мен жаужүрек Жебе нояндарымның көзі тірі болғанда, сендей мергеннің соңдарынан өсіп келе жатқанын көріп, жанына тыныштық алар еді… Жебе нояннан кейін мұндай мергендікті бірінші рет көруім! Дәл тигізген екі жебең үшін екі жүз тұлпар сыйладым!
– Қаған ата, «Адырнаны тартқан қолдың күші мен атқан адамның ақылы бір тоғыстан шыққанда оқ ешқашан мүлт кетпейді» деген. Батыр болсам да, мерген болсам да, сізге тартып туған – боржығын қанынан! Үмітіңізді әлі ақтармын…
– Есей ұлым! – деді қаған тағы да. – Шауып барып, садағыңа орамалының қақ жарымын байлаған анау қызды да саған сыйладым. Қаласаң, тойыңды осында өткерейік…
Жүзін қызыл жалын шарпыған жас мергеннің жүрегі кеудесін жарып кетердей аласатты. Ес білгелі, ат жалын тартып мінгелі көріп келе жатқаны соғыс. Соғыс даласында туды, соғыс ішінде ержетті. Әлі де соғыса бермек. Дегенмен өзінің әлі жас жігіт екенін, кеудесінде алып-ұшқан жүрек барын, міне, енді сезініп тұрған жоқ па? Көшпенділер бұл сәтті не деп атаушы еді өзі?
Батыс жиекке иек артқан алтын күн баяу батып барады. Көлденең сұлаған алып таулардың басына қып-қызыл күрең қан ұйып қалған сияқты. Онсыз да қанға бөккен Сартауыл жұрты сонау күн астында қалған жоқ па?..
Ертесі жарлық шығарған Шыңғыс қаған арнайы тас ойдырып, Есей мергеннің жебесі тиген бақан түбіне ескерткіш қойдырды. Баяғы бәдізші Өртегей шалдың ұлдары тасты түнімен қашап, төмендегідей жазу жазды:
«Шыңғыс қаған Сартағұл елін ағалап бағындырып, Бұқашошығанда Құрылтай шақырғанда, барлық мергендерді жинады. Сол сайыста Қамұқ Моңғол ұлысының нояны Есүңке Онтұдұрұн үш жүз отыз бес құлашқа оқ қадады».
Осыдан тура сегіз ғасыр бұрын Жошы ұлысының шығысында өткен осынау ұлы дүбірлі тойда даңқы шартарапқа кеткен Есей мергеннің хикаясы осылайша тас бетіне таңбаланған екен. Оған қоса, бұл бітіктас Есей мерген мен Айшешектің тосын тұтанған сезімдеріне қойылған белгі екені де даусыз.
Содан бері сегіз жүз жыл өтті дейді қария уақыт. «Біз соғыс пен апаттың ортасында өтіп кеткен ғасырмыз, біз де күйіп-жанғанбыз, біз де сүйгенбіз. Біз солай өттік, бірақ атымызды сағыныш пен мынау дала сақтап қалды» дейді ескі балбал…
Алматы. 16.06.2024 жыл
Қысқаша сипаттама:
Шыңғыс қаған 1219 – 1223 жылдары Хорезмге жорық жасап, айналасы бірнеше жылда Мәуреннаһр мен Хорасанды, Ауғанстан шегі мен Хазар-Каспий бойын түгел жаулады. Соғыстан қайтар жолында Құланбасыда ұлы Құрылтай өткізіп, тұңғыш ұлы Жошыға Қыпшақ даласын еншіге берді.
Сол жорықтан мекеніне бара жатып, 1224 жылы терістік Алтайда ұлан-асыр той жасайды. Тойда мергендер жарысында Қасардың ұлы Есей мерген (Есүңке) 335 құлаш алыстағы нысанаға оғын дәл тигізіп, «Сұрмерген» атаныпты. Бір құлашты мөлшермен 1,6 метр деп есептегенде, Есей мерген 536 метр, яғни жарты шақырымнан астам жерден атқан оғын дәл тигізген. Осы жеңіс мерекесіне арнап қойылған ескерткіш тас бүгінгі күні Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитаж музейінде тұр. Көне заманғы армян деректерінде көшпенділерді «атқыштар елі» деп атауы да тегіннен тегін емес еді.
Бірде ел тарихының жанашыры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ерлан Қарин ағамызбен бағзы дәуірлерден жеткен балбал тастар, дала садақкерлері жайлы әңгіме толғадық. Үш жүз отыз бес құлашқа оқ жеткізген Есей баһадүрдің ғаламат мергендігі осынау хикаяға арқау болып, қолыма қалам алған едім.
Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ