ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТАЛ БЕСІГІНДЕ ТЕРБЕЛГЕН ОТЫЗ ЖЫЛ
20.12.2023
487
0

(Қытайдан басталған «Төртеудің көші» туралы естелік әңгіме)

Мінеки, ұшқыр уақыт зымырап өтіп барады екен. Біздің Қытайдан шыққан алғашқы көшіміздің Қазақстанға ат басын тірегеніне биыл табаны күректей 30 жыл болыпты. Өзі шағын көш керуен болғанымен, өз кезінде ол көштің мән-маңызы, дүмпуі айрықша болды. Өйткені ол 1962 жылы Қытайдағы «Іле-Тарбағатай оқиғасынан» кейін атамекенге бет бұрған екінші көштің басы еді. Бұл қазақтың толық тәуелсіздігі өз қолына тиген, ұлттық мемлекет ретінде дамуына мол мүмкіндік туған кездегі ел болудың қамынан туған нақты әрекет-тұғын. 
Әрине, бірден шешім қабылдау оңай болған жоқ. Алдымен Қытайдағы үш миллион қазаққа тақауыр салу керек болды. Тәуелсіздік күнін ұйқысыз, күлкісіз күткен қаншама қазақтың жігерін жанып, қазақ үшін нақты қадам жасайтын кез келген. 
1992 жылдың жазында арамыздан Әрмиябек Сағындықұлы Қазақстанға көші-қон жұмысын ұйымдастыруға, көшіп келетін отбасыларына шақырту жасатуға аттанды. Оның келуіне ақын, кейінгі мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы себепкер болды, қолұшын берді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаев және оның көмекшісі, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Сұлтанәлі Балғабай біздің барлық жұмысымыздың ойда­ғыдай бітуіне көмектесті. Сөйтіп, Әрмиябек досымыз Алматыдағы бес үлкен баспадан шақырту алып келді. Бұл жолы көшуге бел буған алға­шын­да бес отбасы едік. Бірақ жеме-жем­ге келгенде бір отбасы аяқасты көштен бас тартты. Сөйтіп, көшетін жазушы Жақсылық Сәмит, Әрмиябек Сағын­дық, ақын Ғалым Қалибек және мен болып, жиыны төрт отбасы қалдық. Шақырту қолымызға тиісімен біз Үрімжідегі Сақшы мекемесінің шекарадан кіріп-шығу мәселелері бойынша басқармасына барып, Қазақстанға көшу туралы өтініш бердік. Алайда Жақсылық Сәмитұлы Қытай компартиясының мүшесі болғандықтан жұмыс орны тарапынан оның шетелге шығуына рұқсат берілмеді. 
Осы аралықта мен Пекинге барып, сонда тұратын отбасы мү­ше­лерім­нің паспорт жұмысымен айна­лыстым. Сонымен бірге Жақ­сылық Сәмитұлының Қытай ішкі істер министрлігіне, Премьер-ми­нистр Ли Пэнге жазған өтінішін ала бардым. Алдымен министрлік деңгейінде де шешіліп қалар деп ішкі істер министрлігіне бардым. Сол кезде ішкі істер министрлігінің мені қабылдаған өкілі Жақсылықтың өтінішін бір жаққа қайырып қойып, менің өзіме ақыл айтып: «Қазір Қазақ­с­танға көшудің ешқандай қажеті жоқ. Ол елдерде жағдай тұрақсыз. ТМД-ның болашағы бұлдыр. Қоғамда қылмыс, жұмыссыздық, кедейшілдік пен қарақшылық өршіп тұр. Жақында көшіп барған он отбасы Құлжаға қайтып келіп, облыстық әкімшіліктің дәлізінде жатыр. Әкімшілік оларға не істеп берерін білмей отыр!» – деді. 
Сөйтіп, ол Жақсылықтың хатын қолында ары-бері шиыршықтап ұстап отырып, оқымастан өзіме қайтарып берді. Мен шыққан соң поштаға барып Құлжадағы достарыма телефон шалып, мән-жайды сұрастырдым. Ондай жағдай жоқ. Егер болса, бүкіл Шынжаңның қазағы құлағдар болар еді деді олар. Демек, қазақтарды тосып қалу үшін жергілікті үкімет сондай ақпарат берген немесе ішкі істер министрлігі өзі ойдан сондай жалған «фактіні» құрастырып шыққан. Бұған себеп – осының алдында, яғни 28 қыркүйек пен 4 тамыз аралығында Алматыда дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайының ашылуы және Н.Назарбаевтың сол құрылтайда құрылған Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының төрағасы болып сайланып, әр елдегі қазақтарды атаме­кенге шақыруы еді. Бұл оқиға Қытай үкіметі үшін аса тосын және кілтең мәселеге айналды. Министрлік өкілімен сөйлесу арқылы, осы жағдай бойынша жергілікті жерден орталыққа дейін секем алып отырғанына көзім жетті. 
Мәселенің мән-жайы белгілі болған соң, бірден Министрлер кабинетінің қасындағы пошта бөлімшесіне тарттым. Сонда барып, Жақсылық Сәмиттің өтініш арызын арнайы конвертке салып, сыртына «Премьер-министр Ли Пэн жолдасқа» деп жаздым. Арыз хатты қабылдап алушы қызметкер әйел «мемлекет басшыларына жазылған хат па?» деп бетіме бір қарады да, куәлігімді алып тізімдеп, қолымды қойдырып, қабылдап алдық деген қағаз берді. 
1992 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Қытай­дағы елшілігі ашылып, әйгілі мемлекет қайраткері, синолог Мұрат Әуезов төтенше және өкілетті елші болып тағайындалды. Бұл хабарды естіп, төбеміз көкке жеткендей қуандық. Біздің де тосып жүргеніміз осы күн еді. Осы хабарды радиодан ести салы­сы­мызбен, жедел қамданып, төрт отбасының паспортын алып Пекинге аттанып кеттім. 
Пекинге келген соң, біреулер Қазақстан елшілігі әлі де Кеңес одағы елшілігінде отыр деген соң, Пекиндегі Кеңес елшілігіне бардым. Онда ұзыннан ұзақ кезек екен. Алдымен нөмір алып, екі күн қатарынан кезекке тұрып, зорға дегенде кіреберістегі тесікке жеткенде ондағылар Қазақстанның бөлек кеткенін айтып, қолдарын бір-ақ сілтеді. Кезінде Кеңес одағы мен Қытай айрықша дос ел болып тұрған кезде берілген айналасы атшаптырым келетін елшілік қалашығы енді түгелімен Ресейдің еншісіне қалыпты. Сөйтіп, жаңа елшіліктің қайда екенін іздеуге кірістім. Бір білсе Қазақстаннан оқуға келген балалар білер деп, Пекин университетінде оқып жатқан қазақстандық студенттерді іздеп таптым. Елшіліктің телефон нөмірін сол балалардан алғаннан кейін, үйге қайтып келіп, асықпай демімді алып, телефонға қол создым. Қазақстан Республикасының Қытай халық республикасындағы төтенше және өкілетті елшісіне телефон соқпақшымын. Қандай ғажап! Өне бойымды «мен қазір төтенше және өкілетті елшімен сөйлесемін» деген мақтаныш сезімі кернеді. Телефон нөмірін теріп едім, гудок барып тұр екен. Гудок екі-үш мәрте қайталанған соң, трубканы Мұрат Әуезовтің өзі алды. 
Салмақты, тиянақты һәм жарқын дауыс. Сәлем беріп, мән-жәй сұрасқан соң, бірден елшіліктің құрылуымен құттықтадым. Ағамыз көңілденіп, рақмет айтып жатыр. Мен өзімнің қазір Пекинде екенімді, бір топ отбасының Қазақстанға көшу визасын бітіруге келгенімді айттым. Күннің кешкіріп бара жатқанына қарамай, ол дереу келе қалыңыз деп, елшіліктің мекен-жайын берді. Мен бес отбасының паспортын сумкама салып алдым да, көшеден такси ұстап, тартып отырдым. Шамамен жарты сағатта «Таюань-цунь» кентіне (микроаудан) жеттім. Есік алдынан Мансұр деген жас жігіт қарсы алды. Біз Таюань-цундегі найза құрылыстарының бірінің 13-қабатына көтерілдік. Қабат түгелімен елшіліктің пайдалануына беріліпті. Біз үлкен есіктен кіргенде бас елші Мұрат Әуезов дипломат Биғали Тұрарбеков деген жігіт екеуі әлде бір құрметті қонақты қарсы алғандай тікесінен тік күтіп тұр екен. Арттарында Қазақстанның су жаңа көкбайрағы. 
«Бұдан артық не керек саған?» деймін іштей өз көзіме өзім сенбей. – Атасында көрмегенді ботасында көрген деген осы болар. Анау тұрған шынымен қазақ елінің туы ма? Мына кісілер шынымен Қазақстанның дипломаттары ма!? Құдай-ау, осының бәрі шын ба?!. Расында, бұл менің өмірімдегі ең бір естен кетпес бақытты сәт еді. 
Мұрат аға да, Биғали да мені қабылдауға айрықша мән-маңыз бергені байқалып тұр. Өйткені мен елшіліктің босағасын аттаған тұңғыш қазақ әрі көшемін деп келген қазақ екенмін. Оны М.Әуезов ағамыз өзі айтты: 
– Сенің жолың бөлек, бауырым. Өйткені сен Қытайдағы миллионнан астам қазаққа өкіл ретінде осы елшіліктің босағасын бірінші болып аттап, құтты болсын айтып келіп тұрсың, әрі көшемін деп келіп тұрсың. Біз де бірінші болып Қытайдағы қандасқа есік ашып тұрмыз. Бұл – тарихи күн, әрі жақсылықтың белгісі. Ендеше, төрлет, бауырым! – деді. 
Екеуміз емен-жарқын амандасып, енді ішке қарай өтіп, қасиетті көк туға жақындап, оған қол соза бере, лықсып келіп қалған көз жасымды тыя алмай қалдым. Бұл менің ғана көз жасым емес, көк туға тамған шеттегі бес миллион қазақтың көз жасы еді… 
Иә, бұл сондай бір боямасыз көрініс болатын. Егер менің орнымда басқа бір қазақ болса, ол да менің осы көңіл күйімді бастан кешер еді. Сол кездесуде Мұрат аға Әуезов біздің барлық жұмысымызды ойдағыдай шешіп берді. 
– Бауырым, өзің көріп отырсың, біз мұнда тек көк туды ғана көтеріп келдік. Ресей елшілігі Кеңес Одағынан қалған барлық тұрақты мүлікті, материалдық байлықты басып қалды. Бізде шынын айтқанда, визалық жапсырма (наклейка) және оған басатын мөр де жоқ. Сондықтан, Биеке, Ресей елшілігіндегі қыздармен жылы-жылы сөйлесіп, мына кісілердің көші-қон визасын жасатып беріңіз! – деді Биғалиға бұрылып, бір жағы қалжыңға сүйеп.
Биғали қолынан іс келетін өте ілкімді жігіт екен. Бұған дейін КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде жұмыс істепті. Менен бес отбасының паспортын санап өткеріп алды да, – Бір жұмадан соң келіңіз! Мен жасатып беремін, – деді. Ту Үрімжіден келгендегі мақсатым – осы виза жұмысы болғандықтан, төбем көкке жеткендей қуанып қалдым. 
Кетерімде Мұрат аға: «Бүрсігүні түске қарай бір хабарласыңызшы», – деді. 
«Неге бүрсігүні, неге түске қарай?» деп ойланып қалдым. Бір күннен соң, айтқан уақытында телефон шалып едім: «Уақытыңыз болса тез келе қалыңыз!» – деді. 
Тағы да таксилетіп жетіп бардым. 
Ол: 
– Кеше елден жігіттер келген еді, мынау солар әкелген дәм, – деп, мұздатқыштан қазы-қарта, жал-жая алып шықты. Жақсылап шәй демдеп, екеуара отырып көп әңгімелестік. Әңгіме барысында ол көбіне-көп қазақтардың, ұйғырлардың және осындағы ұлттық интеллигенцияның жағдайына назар аударды. Қазақша және ұйғырша шығарылған кейбір кітаптар туралы сұрады. Өзінің бір кезде Шынжаңнан барған әрі Мәскеуде бірге оқыған, жұмыс істеген достары туралы айтты. Әңгіме соңында елшіліктің кейбір ұсақ-түйек жұмыстарына көмектесіп жіберуімді де өтінді. Мен оған қуана-қуана келісіп, қолымнан келген көмегімді аямадым. Сөйтіп, қашан Үрімжіге қайтқанша ол кісімен жиі араласып тұрдым. 
1993 жылы наурыз айының ортасында мен Пекиндегі отбасымды да көшіріп Үрімжіге ала келдім. Барлық отбасыларының виза жұмысы толық біткен соң, наурыздың 19 күні Ғалым Қалибек алдын ала аттанып кетті. Біз оны Үрімжі вокзалына барып Үрімжі-Алматы «Жібек жолы» жолаушы пойызына салдық. Өзіміз 8 сәуірге автобусқа билет алдық. 
Сол күні қайдан пайда болғаны белгісіз, бізді аттандырып қоймаққа Үрімжідегі «Няньцзыгу» автовокзалына жүздеген қазақ жастары жиналды. Біз тәуелсіз елге бағыт алған өзіміздің осынау шағын көш керуеніміз арқылы арттағы ағайынға үнсіз әсер етуді мақсат еткен едік. Өйткені елдегі саяси ахуал біздің бұл бастамамызды ашық насихаттауды көтермейтін. Алайда ел құлағы елу дегендей, Үрімжідегі бір қауым ел, интеллигенция мен студент жастар алғашқы көштің аттанып бара жатқанынан хабардар болып үлгерген екен. Олар тұс-тұстан жиналып, жүктерімізді машинаға тиесіп, өзімізге ақ жол тілеп, ерекше бір ілтипатпен, қолдау білдіріп, қалып бара жатты. Мұндайда оларға рақметтен басқа не айтуға болады?! Тек автобусқа шығып бара жатып, «Енді барша қазақ бір болатын кез келді!» дегендей ишара жасап, қол бұлғап, кете бардық. 
Ертеңінде сәуірдің 9-күні түнде Үрімжіден шыққан біздің шағын көш керуеніміз Алматыға ат басын тіреді. Бізді алдымыздан Жағда Бабалық, Қабдеш Жұмәділов, Тұрсын Жұртбай, Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айтұлы, Әлімғазы Дәулетхан секілді ақын-жазушы ағаларымыз қарсы алды. 
Ертеңінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орын­басары, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаев көшіп келген отбасыла­рына арнаулы ерулік дастарханын жайып, бізді бірден Жазушылар одағына мүшелікке қабылдады. Ол жазушылардың қай кезде де, қай елде де ұлттық ойдың, мемлекетшілдік сананың көшбасшысы бола білгенін, бүгінде олар ұлтты ұйыстыруға, жаңа мемлекет құруға атсалысып жатқанын айта келіп, «Осы бағытта сіздер өздеріңіздің нақты іс-әрекеттеріңіз арқылы алғашқы көшті бастап, Қытайдағы ағайынның ендігі болатын ұлы көшіне қузау салдыңыздар. Бұл еңбектеріңіз орасан әрі тарихта қалады!» – деді. 
Сол қонақасыда Жақсылық Сәмитұлы ағынан жарылып: 
– Менің жастық шағым Қытайдың ең солшыл, сойқанды саясатының құрбаны болды. Замандастарымның кейбірі түрмелерде, кейбірі ауыр еңбек пен азаптан, аштықтан көз жұмды. Кейбірі шетелге қашып бара жатып қолға түсіп, өлім жазасына кесілді. Мен өзім де бір кісідей азап шегіп, талай қатерден аман қалдым. Енді, міне, суішерлігім, бағым болғандықтан, алғашқы көштің сапында тәуелсіз Қазақстанға жеттім. Сондықтан тағдырыма мың да бір шүкіршілік. Бүгін мен қайта тудым, енді ұрпағым да өзінің тәуелсіз елінде өмір сүретін болады! – деді. 
Сол күндері бізді «Қазақ әдебиеті­нің» бас редакторы Оралхан Бөкей қабылдап, жазушы Еркін Жаппасұлы сол газетке «Көш байсалды болсын» деген тақырыпта сүйінші мақала жариялады. Бүкіл қоғам Қытайдан көштің басталғаны туралы хабар таратты. 
Иә, мен бұдан 30 жыл бұрын алғашқы көштің қатарында Отанға оралған сол оқиғаны өз өмірімдегі ең бір маңызды шешім әрі азаматтық қадамым болды деп есептеймін. Құдайға шүкір, ел аузында «төртеудің көші» аталған сол көштің әсерімен Қытайдан қандастар көптеп келе бастады. Бүгінде Қытайдан Қазақстанға оралған қандастардың ұзын саны 260 мыңнан асады. Олар бүгінде тұрғылықты ағайындармен етене араласып, құда-жегжат болып сіңісіп кетті. Біз келе қалған кезде өмір есігін ашқан сәбилер осында ержетіп, білім алып, әскер қатарында азаматтық борыштарын өтеп, орда бұзар отыз жасқа келді, өздері де бір-бір шаңырақтың иесі болды. 
Алғашқы көштің қатарында келген классик жазушы Жақсылық Сәмит өткен ғасырдың 40-жылдарындағы Алтай қазақтарының басынан өткен қилы кезеңдері туралы әйгілі эпопеяны – «Қаһарлы Алтай» тарихи трилогиясын жазып, баспадан шығарып кетті. Егер ол Қазақстанға келе алмағанда, ұлт әдебиетіне олжа салған осынау көлемді шығармасын толыққанды жазып шыға алмаған болар еді. Бүкіл көштің идеясын ортаға қойған, оның ұйымдастыру жұмысын өзі кірісіп қолға алған Әрмиябек Сағындықұлы елге келіп үлкен бизнесменге айналды. Бүгінде ол өзінің сүйікті кәсібі әдеби сын саласына қайта оралып, Қазақстан жазушылар одағының шетелдегі қазақ әдебиеті бөлімін басқарады. Ал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Қалибекұлы бүгінде Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары қызметін атқаруда. Солардың қатарында мен пақыр да ел қатарлы еңбек етіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де тарих ғылымдары бойынша кандидаттық және докторлық диссертация қорғап, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор ретінде шәкірт тәрбиелеп келемін. Бірталай әдеби және ғылыми еңбектерім жарық көрді және сыйланды. 2020 жылы Ақордада Президент Қ.Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденімен марапат­талдым. Мен мұның бәрін тәуелсіз Қазақстанның арқасы дер едім. 
Сөзімнің соңында өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында аса бір қарқынмен, ерік-жігермен басталған сол қазақ көші енді тоқтамаса екен деген тілегімді де айтқым келеді. Өйткені соңғы уақытта халықаралық геосаясаттың күрделілігі, сонымен бірге, кейбір ішкі факторларға байла­ныс­ты қандастар көші саябырсып қалғаны жасырын емес. Меніңше, кандастар көшін ұйымдастыру, оған қолдау жасау, келген ағайынды тиімді жайғастыру мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық саясаты болып қала беруі тиіс.  
Тұрсынхан Зәкен,
Тарих ғылымдарының докторы,
жазушы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір