САРЫБАЙ БИДІҢ АСЫНДА (Деректі әңгіме)
31.07.2023
1910
0

Сарыбай бидің әйгілі асы қалай өткенін білесіз бе? Бүкіл Жетісуда қырғызда Шәбден манап, қазақта Ботбай Сыпатай мен Айдосұлы Сарыбайдың жылдық жиынындай көлдария шалқыған дәулет пен естен кетпес сәулетпен өткен жылдық сал­танат бұрын-соңды болмаған көрінеді.
Кең пейілді ақкөйлек жомарт ел-жұрты Сарыекеңнің асына арнап Ала­тауды жайнатып, Көктөбе мен Үлкенсаз арасында қаз-қатар төрт жүз үй тігіпті. Сонда Шәбден манап: «Түйенің қос өркешіндей, құстың қос қанатындай өрісте де, еңісте де бірге жүрген ардақтыма көрсеткен құр­метім», – деп сойыс малымен жүз үй әкепті.
Айтулы би, қолбасшы батыр, өз заманындағы көрнектi ел қайраткерi Сарыбай Айдосұлы 1890 жылы көкек айында қайтыс болады. Бейiтi қазiргi Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылының батыс жағында Қайназар ауылына кiреберiс тұсында тұр. Оның қайтыс болғаны жайлы Омбы қаласында қазақ тiлiнде шығатын «Дала уәлаяты» газетi 1890 жылғы тамыздың алтыншы жұл­дызында былай деп жазды: «Сары­бай жас кезiнен-ақ өз халқын қо­қан­дардың шабуылынан батыл қорғаған. Сарбаздарды басқарған ол қоқандар басып алған жерлердiң алыс түпкiрлерiне дейiн барған болатын. Ташкентте, Шымкентте болды. Пiшпек пен Тоқпақты алды. Оның жолдастары Шапырашты руынан шыққан Ишанұлы Торсық, Сүттiбай, Атамқұл, Сұраншы едi».
Бұл қаралы хабарға қосымша келесі 1890 жылы Көктөбе, Үлкенсаз, Майтөбе жайлауында ұланасыр ас берілетіні қоса жарияланады.
Сарыбайдың атақты асына ал­ты ай бұрын шақыру жiберiп, са­уын айтылады. Қырғыз манабы Жан­тай­ұлы Шәбден, Ботпайдан шыққан ба­тыр Сыпатайдың баласы Бiрiмқұл ба­тыр, Саурық батырдың баласы Сыпа­тай батыр және басқа да ел ау­зына iлiккен қадiрлi меймандар лек-легiмен келедi. Бүкiл асты Сары­байдың жан жолдасы Қосай шешен басқарды.
Бұл астағы ат бәйгесiне 300-ден аса жүйрiк қосылады. Аспанқораның арғы бетi, Көктөбеде сөре белгiленедi. Қорым тастар жиналған «Сарыбай сөресi» бұл жайлауда әлi тұр.
Бәйге аттары Жауырдан (қазiргi Қасымбек ауылы) жiберiлiп, сол Көк­төбеде күтiп алынған. (Бұл шамамен 50 шақырымдық өрге шығатын тау жолы).
Сөреге бiрiншi болып Сарыбайдың Бозтанауы келе жатқанын көрiп, Шәбден айқай салып:
– Оу, көзіңнің тірісінде «Сарыеке, бас бәйгенi қашан бересiң?» дегенде, «Менiң асымда аласың» дегенiң қайда? Аруақ! Аруақ! Аруақ! – деп үш рет айқай салғанда, сөреге қырық құлаштай ғана қалған Сарыбайдың Бозтанау жүйрiгi сиырдың жапасына тайып жығылып, тұра алмай қалыпты. Бiрiншi болып Шәбден манаптың Қарақасқа жүйрiгi келген. Бас бәйгеге алдына атан түйе бастатқан төрт түлiк малдың әрқайсысынан тоғыздан және тайтұяқ сары алтын берiптi.
Елу атқа бәйге берiлiптi, ең соңғы елуiншi болып келген бiр құнанға тана бұйырыпты. Жалпы бұл өңiрде бұған дейiн осындай ұлан-асыр ас, бәйге берiлмептi.
Сүйiнбай ақын ақыреттiк досын жоқтап, үш күн, үш түн бойы қызыл желдей сапырып жыр толғайды. Ас алдында Сарыбай бидiң бейiтiнiң басында айтқан Сүйiнбайдың өлеңi бүкiл елге аңыз болып тарап кетеді.
Апыр-ау, мына жатқан Сарыбай ма,
Жан досы Сүйiнбайды танымай ма?
Құдияр мен Орманды жеңiп кеп ең,
Басыңда шулап тұрған малың қайда?
Алпыстың алтауында Андас өлдi,
Шуласып Сарыбайды жерге көмдi.
Қатарлас тең құрбымның бәрi кеттi,
Байқасам ендi нәубет маған келдi, – дейдi Сүйекең.
Жамбыл ат үстiнен түспей, жаршы болып, тiк тұрып қызмет iстейдi. Асыл би Сарыбай ағасы жөнiнде ол былай деп жар салды:
Жетiсудың көсемi,
Той бастаған шешенi.
Қол бастаған батыры,
Сөз бастаған нақылы.
Алыса кетсе балуаны,
Айтыса кетсе ақыны.
Елiмдi ел ғып ұстаған,
Сарыбай бабам ақылы.

* * *

Ендiгi бiр келелi әңгiме – Сары­бай­дың асына Майкөт ақынның келуi және оның Жетiсудың игi жақ­сыларына сәлем берген атақты өлеңi, Сарыбайға көңiл айтқан жыры хақында болмақшы.
Бұл жырдың бірнеше нұсқасы бар. Қазақстанның халық ақыны, тоқ­сан­ның төрiне келген Әсiмхан Қос­басаров бұл жөнiнде былай деген едi:
– «Атақты Сарыбайдың асынан бiр жыл бұрын Жетiсудағы Сәт болыс
Майкөтке асқа келер-келмесiн, келсе Жетiсудың барша саңлақтарына өлеңмен сәлем берер ме екен» деп хат жазады. Көп ұзамай-ақ Майкөттен бұл ықыласты қабыл алатыны, асқа келсе сәлем беруге дайын екендiгi туралы жауап хат та келедi.
«Бұл хатты жазу себебiм, екi жаққа пайдалы iс болайын деп тұр.
Сондықтан мен үшiн ғана емес, өзiң үшiн де керек. Аста мынадан бастап мынадан аяқтайсың айтатыныңды. Бекзадалығы, байлық мырзалығы мынадай. Ата тегi мен қазiргi ел ара­сын­дағы беделi мынадай» деп жақсыларды тiзiп екiншi хатты және жiбередi.
Майкөт қорқор тартатын, өте сы­пайы, киiмдi талғап киетiн талғампаз, оқуы жетiк, бiлiмдар ақын болған. Руы – Ысты.
Сонымен атақты Сарыбайдың асына жиналған бүкiл игi жақсылар ал­дында өлеңмен сәлем беретiн оңтайлы сәттi тосқан ақын, атқұмар қазақ сәйгүлiгiн күтетiн бәйге төрде Сәт Ниязбекұлының айтуы бойынша жұптап келген өлеңiн Майкөт ақын былай деп бастап кеп жiбередi.
Ойлап ем ауыл жақтан келейiн деп,
Сәлемiн пайғамбардың берейiн деп.
Жиынын Сарыекемнiң есiткен соң,
Отырмын бiраз өлең төгейiн деп.
Шәрiмiз Әулиеата, Меркiде едi,
Өлеңге молда Майкөт еркiн едi.
Жиынын Сарыекемнiң есiткен соң,
Бұл Майкөт сонша жерден жетiп едi.
Қорғасын ауырындай салмақтары,
Бабамның көтере гөр, аруақтары.
Жүрмiсiң есен-аман, күйлi-жайлы,
Отырған Жетiсудың, саңлақтары?
Өлдi деп Сарыбай би хабар барды,
Туғандар ол жақтағы хабарланды.
Бүркiтбай өзi бастап келмек едi,
Ол кiсi науқастанып келмей қалды.
Атақты Жетiсудың, саңлақтары,
Бүркiтбай баршаңызға сәлем дедi.
Ол жақтан Майкөт ақын қадам басты,
Сiздермен сәттi күнi амандасты.
Болғанда үш таңбалы таңбамыз бiр,
Жүрмiсiң, аман-есен Шапырашты?
Шымкентте, менiң атым Майкөт деген,
Бiр сөзiм бiр сөзiмнен қайта өтпеген.
Мен дағы өз әлiмше сөйлеушi едiм,
Кiсiлi жердiң жөнiн найқап кеп ем.
Көп құстың аспандағы бiрi шоңбас,
Қас қылған жолдасына жiгiт оңбас.
Иманы Сарыбайдың болсын жолдас,
Ұшқан құс тұғырына қайта қонбас.
Құтылмас қуған ерден қашқан иман,
Пенде жоқ бұл жаһанда нәпсiн жиған.
Кешегi өтiп кеткен ер Сарыбай,
Ел-жұртын тозып кеткен қойдай жиған.
Ұл туып Сарыбайдай өле бермес,
Салаңдап Майкөт ақын келе бермес.
Боларсың сенде сондай, ер Қисыбай,
Тоқтыны тәңiр асыраған бөрi жемес.
Көшiптi дүниеден ер Сарыбай,
Бақ қонбас ерге дәулет, қызыр шалмай,
Мойны озған Жетiсуда жiгiт едiң,
Жүрмiсiң, аман-есен, ер Ноғайбай?
Ноғайбай амандастық әлдеқайда,
Ұқсайды Қожамбердi жорға тайға.
Бесторсық аманбысың, Оразалы,
Қояйын сәлемдесiп Солтанайға.
Арғы атаң Иманбек пен Нұрақ едi,
О дағы жеткен жерiн сұрап едi.
Кешегi өтiп кеткен асыл Сарыбай,
Ел-жұртын тозып кеткен құрап едi.
Қашкенiң аманбысың, балалары,
Шынасыл, ауылы артық даналары,
Жүрмiсiң есен-аман, күйлi-жайлы,
Көрмеген бұл Майкөттiң ағалары.
Қашкенiң аманбысың, Шынасылы,
Ту алып, тұлпар мiнген бiр асылы.
Шынжырың жетi атаңның үзiлмеген,
Әр жерге созып жүрсiң құлашыңды.
Қашкенiң аманбысың, Қаратайы,
Бiрiнен бiр өтiптi сегiз сайы.
Орнында кәрi аруақтың бiр бала едiң,
Батырдың аманбысың, Кененбайы.
Жүрмiсiң аман-есен, Құдайберген,
Құдайға қылған iсi ұнай берген.
Мырзабек Қашкеменен бiрге туған,
Бақ, дәулет нәсiп айдап сiзге келген.
Жүрмiсiң аман-есен, Қалығұлым,
Iшiнде әңгiмең көп, бұлың-бұлың.
Көруге үйден шығып ерiнесiң,
Пәренi жатып жейтiн сен бiр жылым.
Айқымның аманбысың, Тоқшабайы?
Жiгiттiң қырсық шалса кетер жайы.
Жiгiттiң ер атанған бiреуi едiң,
Қожанның аманбысың, Телiбайы?
Аман ба Тоқтаболат, Сәбек батыр,
Қосылып бұл жазған да келе жатыр.
Кедейдiң күнде мiнген шолағындай,
Сөйлейдi сипаң қағып Майкөт пақыр.
Жүрмiсiң есен-аман молда Сәтiм,
Жаралған сәттi күнi азаматым.
Өзiңе өткен жылы хат жазып ем,
Қолыңа тидi ме екен жазған хатым.
Аман ба, Оңбай, Күнбай ағасы да,
Жақсының кiм жетедi бағасына.
Ер Мәңке, аманбысың, Үмбетәлi,
Дұшпанды келтiрушi ең тобасына.
Алпысбай аманбысың, Дүйсенбаймен,
Тiршiлiк жүз көрiстiк күнмен, аймен.
Жүзiңдi жақсы ағалар көргеннен соң,
Қуанып мен отырмын жақсы жаймен.
Күртiнiң аманбысың, Нұрқожасы,
Жаратқан құдай артық бiр қожасы.
Кең созып құшағымды жай тастайын,
Келедi бiр-бiрi бастан сөздiң басы.
Таралған Қашқынбайдан алтын бөрi,
Құдайдың шын жаратқан кемеңгерi.
Мал мен бас, бақ-дәулеттi бiрдей берiп,
Бiр Алла басынан-ақ қылған серi.
Ассалаумағалейкум, Қожағұлға!
Серi екен арғы атасы жұртқа тұлға.
Шынжыры жетi атаңның үзiлмеген,
Рақымы құлаш созған оң мен солға.
Ассалаумағалейкум, Баттал төре,
Алыста ат жетпейтiн жатқан төре.
Қыдырбай, Шәутен, Көпшiк аманбысың,
Қояйын амандасып сiздерге де.
Бесбайдың аманбысың, Аршабегi,
Бұл жақта Шапыраштының қаракөгi.
Шынжыры жетi атаңның үзiлмеген,
Майкөттiң әдейi iздеп келген жерi.
Сәкесi Тайторының аманбысың,
Сен дағы қатарыңнан озған жансың.
Жүзiңдi жақсы ағалар көргеннен соң,
Сөйлейдi алдарыңда бұлбұл құсың,
Қараштың аманбысың, Қашағаны.
Атаңды құдай артық жасағаны.
Солтанқұл, Бектас, Тулақ аманбысың,
Ер елдiң ұстап тұрған босағаны.
Ырғайдан аманбысың, Ырыскелдi,
Ақылға ер Әжiбай мiнiсмен-дi.
Саңлағын Жетiсудың көргеннен соң,
Саламын кержорға аттай жүрiске ендi.
Қасқарауда аманбысың, Кебекбайым,
Жаныңа жәрдем берсiн бiр құдайым.
Жолығып сәлем берiп кетпек едiм,
Дулат пен Шапыраштының күн мен айын.
Бәзiлдiң аманбысың Сарыжаны,
Бақ қонып, қызыр орнап дарығаны.
Жүзiңдi жақсы ағалар көргеннен соң,
Бұл Майкөт сiзге сәлем арынады.
Атақты аманбысың Қарынбайы,
Бұл Майкөт қызған сайын арындайды.
Арғы атаң Қапсалаңнан шалған қызыр,
Басыңнан өзiң өлмей арылмайды.
Жiгiт жоқ Үсембайдай бiр дуанда,
Қарақол, Пiспек ояз, Пiржуалда,
Жүзiңдi жақсы ағалар көргеннен соң,
Қуанып мен отырмын шүкiр алла.
Ел жаңа елу жылда, жүз жыл қазан,
Пәледен өзiң сақта ертеңгi азан.
Өлдi деп Сарыекемдi естiген соң,
Көңiл айтып қайтсам деп кеттi мазам.
Өтiптi Үт пайғамбар Нәби, Дәуiт.
Соғыпты кереметпен темiр сауыт.
Билеген күллі әлемді хан Сүлеймен,
Қалған жоқ бұл дүниеден опа тауып.
Жүзiңдi жақсы ағалар көргеннен соң,
Шақырған мезгiлiнде мен бiр тауық.
Мен келдiм Әулиеата оязынан,
Кедейдiң үстi жыртық, қойы азынан,
Бай болсам өзiм де үйде жатпас па едiм,
Дәулеттiң қаңғып жүрмiн саязынан.
Болғанда көкте сұңқар, жерде тұлпар,
Өлмейтiн бұл дүниеде қай адам бар?
Жүрмiсiң есен-аман, ер Сүйiнбай?
Келiп ем сәлемдесе аға сұңқар, – деген уақытта Сүйiнбай
айғай сап атып тұрыпты да, Майкөтке дүрсе қоя берiптi:
Руым – Шапырашты, ер Қарасай,
Қарасайлап ық жағыңды бермеймiн-ай.
Бәрiнен қатарымның кейiн тастап,
Мен сенiң сәлемiңдi ұрайын ба-ай!
Мен барып елiңе өлең неге айтпаймын,
Нашашы, тентек, арам кетпейсiң бе-ай!
Наданым, танымасаң танытайын,
Жiбектен сарапталған мен Сүйiнбай! – деп бастырмалата сөйлеп өзiне бүкiл игi жақсылардан кейiн сәлемдескенiне намыстанған Сүйiнбай Майкөт ақынды одан әрi тұқырта жөнелмек екен, ел басы беделдiлер тоқтау айтып, әзер көндiрiптi:
– Ойбай, Сүйеке, өзiмiздiң аста әңгiменi көбейтпей-ақ бiр жолға кешiрiңiз. Ел-жұртқа күлкi болмайық, өзара ренжiсiп қайтесiз? – деген соң ел намысы үшiн Сүйiнбай әзер басылыпты.
Аяғы дауға ұласып кете жаздаған бұл оқиғаны бастан аяқ асықпай-саспай саралап отырған Жаныс Сәт болыс келесi мезетте қасқа мен жайсаңдардың ортасынан кербездене көтерiлiп:
– Осында отырғанның бәрі Жетiсудың саңлақтары! Менi «жалғыз атты жарлы Сәт» дейдi. Аздаған дәулетiм бар. Ол да осы тiлегi түзу ағайынның достығы арқасында құралған. Алыстан ат арылтып кеп қапсың, ақын. «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды» деген, мынау сәлемiңе атағаным. Ауылға жүрiп, түстенiп аттанарсың, – дейдi де, салмақты сабырмен ғана жүз теңгенi ортаға тастай салады. Сонда бiр қойдың бағасы отыз тиын тұрады екен.
Сәттiң әуелден қолы ашықтығын бiлгенмен, мынадай орасан мырзалық
жасайды деп қапелiмде ешкiм ойламаса керек. Айқым руының дәулеттiсi Тоқшабай тұрып: «Мына қызыңды ұрайын Сәт бiр қылықты қылды-ау», – деп күбiр ете түссе, оның қасында отырған Тiлеуғабыл Үсенбай болыс: «Қылықты қылды дегенше, шу түсiрдi демейсiң бе?» – деп орнынан тұрып кетiптi.
Мырзалықтан мырзалық асыр­маса, қазақ қазақ болған ба? Айқым Тоқ­шабай өз жiгiтiн дауыстап шақырып алып, елдiң көзiнше:
– Қара нардың үстiне қара кiлем жауып, Майкөттiң алдына тоғыз тарт. Өзi үйден шай iшiп, жеңгелерiнiң мырзалығын көрiп аттанар, – дейдi. Мұны естiген байлар мен бектер қайтiп шыдап отырсын. Мырзабек Құдайберген қызба мiнездi адам екен:
– Әлгiге айт, сары айғырдың үйiрiн айдап әкелсiн. Майкөттiң сәлемiне тартуым, – дептi.
Содан соң-ақ бiрiнен бiрi қалыспауды көздеген ақынның ұзақ толғаған бiр жағы көңiл айту, бiр жағы сәлемдесуiнде аттары аталғандардың барлығы ақшалай да, малдай да әкеле берiптi. Ас үстіндегі мырзалық осылай болатынын күнi бұрын болжап, ойластырып кесiп-пiшiп қойған Сәт болыс оншақты жiгiтiн ертiп барған екен, келген малдарды солар түгелдеп қабылдап алып, айдап әкетiп жатыпты. Ақынды күнi бұрын дайындаған Сәттiң тапқыр әдiсi Майкөттiң тұрмыс жағдайын түзеп, Сарыбай асына келген сапардан олжалы аттануына себеп болыпты. Майкөт өлгенше былай деп айтып жүрiптi: «Сарыбай тiрлiгiнде де мырза едi, асында да маған мол олжа әкелдi. Қызыр қонған, қыдыр шалған қасиеттi қызыл жолбарысты би ғой ол».

 

* * *

ХIХ ғасырда Жетiсу өлкесiнде iрi дауларды шешетiн төрт кiсiден қазы сайланған: бiрi – Сарыбай (Екей), екiншiсi – Смайыл (Әжiке), үшiншiсi – Балпық (Жалайыр), төртiншi – Тiленшi (Дулат).
Майкөт келгенде Жамбыл ас қамында жүредi де қарсы алуға қатыса алмай қалады. Майкөт Жамбылды арнайы шақыртып алып, екеуi өлеңмен дидарласады.
Әдемi әдетпен басталған дидарласу ары қарай Майкөттiң Жамбылға бата беруiмен жалғасады.
Апта бойы көк кілемдей құлпырған Алатау төсі ән мен күйге, өлең-жырға бөленеді.
Ордалы дәулет, киелі қасиет дарыған әрі батыр, әрі би Сарыбайды дәріптеген қырғыз-қазақтың маңдайға басар бар ақыны тілдерін безеп күнұзақ айтысады. Балуандар белдесіп, бас бәйгеге үш тоғыз алады. Әйел жарыс, балалар бәйгесі у-думен өтіп, ел қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, мәз-мейрам болады. Қытайдан, дұнғаннан, ұйғыр, өзбектерден сиқыршы өнерпаздар кезекпен-кезек шығып, таңдай қақтырады.
Әсіресе астың атын әуелеткен ақындар болыпты.
Қисса-дастандарды дүрілдетіп, төкпей-шашпай Майкөт Сандыбайұлы үш күн талмай айтқанда жұрт тарамай қояды. Тау қыранындай саңқылдап Сүйінбай жұртпен өлеңмен жауаптасып, мейірін қандырады. Жамбыл жайлауларға жайғасқан үйлерге торы жорғасын көсілтіп, жырмен жаршы болып, Сарыбайдай саңлақ ағасы жайлы төгіле жырлайды.
– Сүйінбай! Сарыбай! Жамбыл! Майкөт! Шәбден! – деген дауыстар Алатаудың аспанында жаңғырып тұрады.
Уақыт – бәрiне таразы. Тарихтан ештеңе алып тастауға хақымыз жоқ. Сарыбай есiмi көрнектi Шығыс тарихын зерттеушiлердiң еңбектерiнде, ақындардың жырларында болған, «Айқап» журналы (№7-8, 1912 жыл), «Дала уәлаяты» газетiнде мақалалар жарияланған.

* * *

Сарыбай би – тегі бір елдің, бір өлкенің ғана емес, исі қазақтың мақтан тұтар тарихи ірі тұлғаларының бірі. Сондықтан да туғанына 200 жыл толып отырған Сарыбай би Айдосұлының өнегелі ісін зерттеу бүгінгі және болашақ ұрпақ санасына сіңіру – біздің борышымыз.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір