ТАСКӨЗ (Деректі әңгіме)
15.11.2023
2092
1

Жас ұлғайғанда жан тәт­ті, дәрігердің айтқанын орындауға құмбыл болып тұрады екенсің. «Көзіңізге ота жасатпасаңыз болмайды, асқынып кетіп, табан жолыңызды көрмей қалуыңыз кәдік!» деген соң көз аурулары институтында емделуге тура келді. Жер-жерден жиылып, бір-бірін жетектеген, таяқ ұстап, қабырға жағалағандарға қарағанда шелін сылып, жапсырма қондырып берген менікі имантаразы екен деп қаламын. Бұл жерде кітап оқып, ұялы телефон көруге болмайды, төбеге қарап жатасың да қоясың. «Басқа түссе – басбақшыл» деген, көнуге тура келеді. Қол қусырып, төбеге қарап жатып, мұндайда қай-қайдағы еске түседі екен.

…Кешегі кеңестік кезеңде кеңшардың түйесін баққан қапсағай денелі Достияр нағашымның келбеті көз алдыма көлбеңдеп тұра қалды. Соғыста жүргенде оқ жарықшағы оң көзін ағызып, орнына тас салдырып алғандықтан жеңгелері «Таскөз» деп атайтын. Сол қолының қос саусағын да оқ жұлып әкеткен. Қан майданнан елге оралып, бір басқа бір көзді қанағат тұтып, ел қатарлы үйлі-баранды болып, тіршілігін жасап жат­ты. Боталы түйеміз суалып, бураға түсетін кезде нағашымызға алып барып қосып, жазғы каникулда қолғабыс беріп жүрдім. Денесі толысқан тайлақ бота кезден қолбала болып өскендіктен мені көрсе тайраңдап келіп, қолымды иіскелейді. Үйдегі қатқан нанды суға жібітіп беріп, түйелерге қарай айдап жіберемін. Менен екі-үш жас кіші Жанқошпен бірге жүріп, кенже інісі Аманқош енді-енді талпынып, соңымыздан еріп жүреді. Жазық далада артезиан құдығынан атқылаған құнар көзіне орнатылған әуіт­тен түйелер су ішеді. Суат­тың төменгі жағында кеңшардың қаракөл қойын бағатын шопан үйі бар. Айдаладағы осы екі үйдің адамдары бір-бірімен қатынап, хабар алып тұрады.
Ат­тылы нағашым кешкілікте түйе­лерді құмнан суатқа қарай қаптатып ай­дап келе жатады. Сораптап, суды ұзақ ішкен түйелер ауыл маңында шөгіп, түнемеге күйіс қайтаруға кі­ріседі. Нағашым атының ерін босатып, дорбамен жем беріп, аяғын тұсап жібереді. Есік алдында сырт киімін шешкен нағашымның қолына құманмен су құйып тұрамын. Алақан сыртымен жағын сипай ұрып, саудыраған жасанды тістерін алып, асықпай жуып, қайта аузына салады. Бас бармағымен қабағының астын басып, таскөзін алақанына түсіріп, оны да ұқыптап жуып, қарашығы бар моншақтай тасты қайтадан ұяшығына салып қояды. «Болды, рахмет! Құманды маған бер!» – деген нағашым киіз үйдің сыртына жылыстап бара жатқанда, «Бұл кісі тағы несін ауыстырып, жумақ­шы?» деген ой келетін.
Даладағы малшылар кешкілік жатарда ғана ыстық тамақ ішуді әдетке айналдырған. Сәскеде самаурын шайын қанып ішіп алып, былайғы уақыт­та қымыранға нан қосып жеп, талғажау етіп жүре береді. Есік алдындағы ошаққа от жағылып, қазанда ет қайнап жатады. Самал жеңгеміз ет­ті шараға сүзіп алып, қамырын салады. Ортаға келген ет­ті нағашым бәкісімен асықпай турап, сүйек-саяғын біздерге беріп, алқа-қотан басымыз қосылып отырады. Сорпа ішіліп болған соң нағашым жүкаяқ астына қол созып, жәшіктегі бір бөтелке таза спирт­ті шай кесеге толтырып құйып, сіміріп салады. Босаған кесеге Жанқош баласы сіріңке жағып, көгілжім жанған от қашан сөнгенше қарап отырамыз. «Су қосып ішпейсің бе, ішек-қарныңды күйдіріп жібереді ғой!» – деген әйелінің сөзін қаперіне де алмайды. Мінезі тұйық, аз сөйлейтін нағашымның: «Соғыста жүргенде құтышағымызға спирт құйып беретін!» – деген сөзі есімде қалыпты. Қолын жуып, спирт­тің уыты қашан бойына дарығанша отырған нағашым, жастыққа қисайған бойда қор етіп ұйықтап кетеді. Денелі жандар қат­ты қорылдайтын болса керек, киіз үйді басына көтеріп жатқанда біздер далаға шығып кетеміз.
Таңертең күн шықпай нағашым ерте тұрып, әйелі екеуі түйе саууға кіріседі. Боталарын емізіп алып, желіні иігенде кермеге қайта байлап қояды. Ай-күні жетіп жүрген Самал жеңгеміз шермиген қарнының үстіне шелекті қойып, жылдам қақтап сауып алып, екіншісіне ауысады. Шай қайнатым уақыт­та түйелерді сауып бітіріп, сүтін плягқа құйып қояды. Нар, қоспақ, айыр түйелердің боталарын ауылда алып қалып, өріске ұзатып айдап салады. Нағашым таңғы шайын ішіп, меске қымыран құйып, жарты таба нан алып, түйелердің соңынан кетіп бара жатады.
Сол кездегі әйелдердің бейнеткеш­тігіне қайраң қаламын. Таңның атысы, күннің батысы тыным көрмейді, есік алдына қи қалап, табаға нан жабады. Жанқош екеуміз тасып берген суды самаурынға қайнатып, кір жуады. Пляг-пляг қымыран ашытып, сәске кезінде келетін машинаға беріп жібереді. Күбі пісіп, май шайқап алады, сүзбеден құрт жасап, шидің үстіне жайып қояды. Аяғы ауыр Самал жеңгеміз сәске ауа бір мезгіл жатып, көздің шырымын алып, қайта тұрып кетіп, есік алдын сыпырып, үйді жинап, түйенің қайтуына қарай кешкі астың қамына кіріседі.
Кешкілікте бөтелке түбіндегі жарты спирт­ті сіміріп салған нағашым: «Ертең жоғалған түйені іздеуге шығамын, сен екеуің ауылдағы малға ие болыңдар!» – деді де қор етіп ұйқыға кет­ті. Жанқош сіріңке жағып, кеседегі көгілжім от сөнгенше қарап отырдық.
Ертеңіне түйе сауымынан кейін нағашым құмға қарай атымен жалғыз жорытып кет­ті де Жанқош екеуміз атанға мінгесіп, түйелердің сонынан ердік. Маң-маң басқан түйелер құм жиегіне жете бытырай жайылуға кірісті. Бұл маңның оты қалын болғандықтан түйелер бас көтермейді. Түйелердің алдын орап, құмға ішкеріліп кіріп кетпеуін қадағалап, қобының биігіне шығып, төңіректі шолып отырамыз. Жал-жалдың қойнауында қаракөл отары мен жылқылар жайылып жүреді. Мұндайда уақыт­тың өтуі қиын, Жанқош есінеп қойып, жалыға бастайды. Түйелі ауылда көзін ашып өскендіктен қаршадай бала шаруаға әбден бейім болып алған. Түйе түлігінің қыр-сырын жақсы меңгерген. Түйе жануардың атауы да, жаратылысы да бөлек-бөлек болатынын Жанқоштан сұрап алатын болдым. Күн сәскеден ауып, шөл қыса бастағанда жадының соңына байланған местегі ашытпаны жиі-жиі ішеміз.
Алғашқы күнді әзер өткізіп, күн батпай түйелерді ауылға ерте айдап келдік. Біздің балалық-шалалығымызды байқаған Самал жеңгеміз ештеңе айтпастан, нар, қоспақтарды саууға кірісті. Жанқош екеуміз жабылып жүріп, боталарды ноқталарымен кермеге байладық.
Кешкі асымызды берген Самал жеңгем босағаға салым бүк түсіп жатып қалды. Орнынан қайта тұрып кетіп, сыртқа шығып келіп қайта жат­ты. Оның бойында бір өзгерістің барын біз де сезген едік.
«Текемет­ті сыртқа төсеп, төсектерің­ді салып жатыңдар!» – деді бізге.
Үш бала көрпе-жастығымызды көтеріп, ашық аспан астында жайғасып жат­тық.
Самал одан кейін де мазасыздана берді. «Қойшының әйелін шақырып келіңдер!» – деген соң көрші шопанның әйелін ертіп келдік. Керегесі түрулі киіз үйдің іргесінен білте шамның жарығы себезгілеп, екі әйелдің сөздері естіліп тұрды. Түннің бір уағына дейін Жанқош пен Аманқош анасының қиналғанын сезіп, айдың жарығымен көздері жылтырап, ұйықтай алмай жат­ты. «Арқанға асылып тұр!», «Күшен!» – деген сөздері естіген сайын дегбірі кететін сияқты. Бір кезде тылсым тыныштық орнап, артынша Самалдың сыңсып жылағаны естілді. Жанқош орынан тұрып, киіз үйге қарай бармақ болғанда: «Жат орныңа, барма онда!» – деп қолынан тартып, жатқызып қойдым. Бала жүрегі бір жамандықты сезген сияқты.
Ертеңіне саяқ кеткен атан түйені жетектеп нағашым келді. Атынан түсіп, үйге кіргенде көрпеде бүк түсіп жатқан әйелін, оның аяқ жағында ақ сұрыпқа оралған жансыз нәрестені көргенде төрге сылқ етіп отыра кет­ті. Ерлі-зайыпты көршілер келіп: «Ай-күні жетіп туған балпанақтай ер бала екен!» – деген сөзін естігенде кеудесін керіп, күрсініп қойды.
«Нағашым үйде болғанда түн ішінде орталыққа атпен барып, дәрігер алып келіп, әйелін аман-есен босандырып алар ма еді?» – деген ой мазалады. Айдаладағы түйеші ауылында бейкүнә нәресте жарық дүниені көрместен, шетінеп кете барды.
Есін жиған нағашым сыртқа шығып, атанға жады салды. Ақ киізге оралған нәрестені алдына алып, атқа мінген мен атанның бұйдасынан жетекке алдым. «Қарасуанға» қарай жүр!» – деді нағашым ақырын ғана. «Қарасуан» бұл жерден он бес шақырымдай жерде, алыстан шоқ талы бұлдырап көрініп тұрады. Ат­тың құлағынан көрінген жалғыз аяқ жолмен Батыс жақты бетке алып келемін. Соңыма бұрылып, түйедегі нағашыма мойын бұрып қарауға дәтім жетер емес. Мал соңында жүріп, жарық дүниеге келер нәрестеден айырылып қалғаны ауыр соқса керек. Бұрын да екі ұлын мал соңында жүріп өмірге әкелген Самалдың жайын да ойлап келемін. Шіркін, тоғыз ай толғатып, бізді өмірге алып келген аналарымыз қандай мықты жандар десеңізші! Ол бастан бұл баланың көрер жарығы жоқ болғаны ғой деген сан-сапалақ ойлармен келе жатып, «Қарасуанға» да таяп қалдық. Жолшыбай қой жайған шопанға жолығып, нағашым болған жайт­ты айтып, отарды қайырмалап тұруды маған тапсырып, нәрестенің денесін алып кет­ті. Биік шоқының етегінен екеуі көр қазып, нәрестені жерлегені, шоқиып отырып, құран оқып, бет­терін сипағаны алыстан көрініп тұрды. Қойшы отарына қарап қалды да, ат­тылы-түйелі нағашым екеуміз ауылға бет­теп келеміз. Бұл жолы жадыланған атанға мені мінгізіп, атқа өзі отырған нағашым бұйдасынан жетекке алды.
Астындағы аты ауылды өзі тауып баратын болғандықтан тізгінін бос жіберген нағашымның белі бүкжиіп, басын төмен салып, ерде жайсыз отыр. Шыңырау ауыр ойдың сілеміне беріліп кеткен сыңайлы. Кенет, «Др-р!» деп ат тізгінін тартып, тоқтай қалды. Жерге түсіп, өлең шөпті алақанымен сипалап, бірдеңе іздегендей болды. Атанды шөгерместен жадының көлденең ағашынан ұстап, аяғымды салбыратқан күйі жерге секіріп түстім. Нағашымның оң көзі үңірейіп, таскөзінің түсіп қалғанын байқадым. Шөп-шаламның арасын сипалап жүріп, шекемтастай жылтыраған таскөзін тауып бердім. Нағашым таскөзін ұясына салмастан қамзолының ішкі қалтасына сүңгітіп жіберді. Жайшылықта нағашымның таскөзі ұясынан түспейтін, не де болса қат­ты толқып келе жатқанын сездім. «Шын жыласа соқыр көзден де жас шығады» деген рас болар, бейкүнә нәрестенің шетінеп кеткені еңсесін езіп, жүрегін сыздатса керек.
Белін шарт байлап алған Самал ілбіп қозғалып, есік алдындағы ошаққа май шыжғырып, иіс шығарып, жеті шелпек пісіріп жат­ты. Сәске ауа төңіректегі малшылар келіп, көңіл білдірген болды. Кешкілікте Жанқош екеуміз ат пен түйеге мініп, құм жиегіндегі түйелерді жинақтап, ауылға қайырмалап келдік. Бұл күні сауын түйелер сауылмады, кермедегі боталарын босатып жібердік.
Ақырын-ақырын қозғалған Самал кешкі асты алдымызға әкеліп қойды. Нағашымның көңіл-күйі болмаған соң, балалар да асты сүлесоқ отырып ішті. Дастарқан жинаған Самал іргеде бүк түсіп жатып қалды. Жүкаяқтың астына қол созған нағашым бөтелкедегі спирт­ті кесеге екі бөліп құйып, бірінің соңынан бірін сіміріп салды. Жастық шынтақтап жатқан нағашымның бойын спирт­тің уыты бірден алып, келідей басы сылқ ете түсті. Бұл жолы кесенің түбінде қалған спирт­тің жұғындысын сіріңкемен тұтатуға Жанқоштың құлқы соқпай, орнынан тұрып, сыртқа шығып кет­ті. Оның соңынан Аманқош екеуміз ердік. Суат басындағы әуіт толы су бетіндегі жартыкеш Ай мен Жұлдыздардың сәулесіне ұзақ қарап отырдық.
Нағашымның қорылы бұл жолы қат­ты естілді. Өзегін өртеп кетер ащы судың қайғы-мұңды жеңілдетер көмегі болғаны ғой, сонда. Жанқош екеуміз бүктеулі текемет­ті сыртқа шығарып, көрпе-жастығымызды көтеріп келіп, жайғасып жат­тық. Балалар да көңілсіз, кішкентай болса да жас нәрестенің іңгәлаған дауысын күтіп жүріп, ата-аналарының басындағы қайғыны іштері сезетін сияқты. Көктегі Жұлдыздарға, шұбатылған Құс жолына қарап жатып, түннің бір уағында көзіміз ұйқыға кет­ті.
Ертеңіне түйеші ауылының тіршілігі бұрыңғы арнасына түскендей болды. Нағашым әйелі екеуі ерте тұрып, түйенің таңғы сауынына кірісті.
…Қыркүйекке салым ауылға қайтып, Жанқош малшылар балаларына арналған интернат­та оқуын жалғастырып жүрді. Жер қара, күн жылыда ұзақ аязды қысқа қалып қоймауды ойлаған нағашым түйелерін кеншарға өткізіп, малдан босап шықты. Мал бағу үшін де қасыңда жанашыр адамың болу керек, балалары жас нағашыма ауыр соқса керек. Табындағы түйелердің санын түгендеу үшін өзінің азын-аулақ малын, жақын ағайынның бірді-екілі түйесін, біздің боталы інгенімізді де қосып жіберіпті. Боталы түйенің орнына денесі ірі атан әкеліп беріп, қоңы таймай тұрғанда жіліктеп, етін ауылдағы ағайындарға үлестіріп бердік. Балаларына сүтін сауып беріп жүрген жуас түйеден көз жазып қалғанына анамыз ренжігенімен жақын ағайыннан қол үзіп кетпесін ойлап, іштен тынып қала берді.
«Таскөз» нағашым таудың күнгей бетіндегі қалаға көшіп, сондағы құрылыс мекемесіне қарауыл болып орналасты. Жанқош та интернат­тан шығып, ата-анасымен бірге кет­ті. Араласып-құраласып жатқан елден нағашымның хабарын біліп тұрдық. Қоныс аударған соң Самал жеңгеміздің аман-есен қыз туып алғанын естігенде қуанған едік.
Мектептен соң қаладағы жоғары оқу орнына түсіп, осында қызметке қалып, ел жақтан хабар үзіп қалдым. Менің дерегімді ауылдан алса керек, бір күні қос балдаққа сүйенген Жанқош соңымнан іздеп келіп тұр. Қаладағы зауыт­та істеп жүріп, байқаусызда оң аяғын тізеден төмен станокқа кестіріп алғанын айт­ты. Әкесіне тартқан ірі денелі жігіт­тің еңселі бойы еңкіш тартып, қос балдаққа сүйеніп жүргені көзге ыңғайсыз көрінді. Ауруханаға орналастырып, протез аяққа тапсырыс берді. Сонда жатып емделіп, дайын болған ағаш аяғын жуан саннан шандып байлап, шалбардың балағын түсіргенде аяғының кемдігі білінбей, қос балдағын тастап шықты. Екі аяғын тең басқан Жанқошты пойызға шығарып салдым. Одан кейін біраз жыл хабарсыз кетіп, зауыт­та істеп жүрген Жанқошты түнде жұмыстан қайтып келе жатқанда бұзақылар пышақтап, өлтіріп кеткенін естідім. Кезінде жерлеуге үлегермесем де, қырық күндік асына барып қайт­тым. Зейнетке шыққан нағашым мен Самал жеңгеміз денесі сылынып, қарт­тыққа біржола бой алдырған екен. Ұлының беймезгіл қазасы ауыр тисе керек, бала кезден бірге өскен мені көргенде дауыс шығарып, жылап қалды. Кенже қыздары Рахия бойын сылап, мектептің соңғы сыныбында оқып жүр екен. Жанқоштың келіншегі үйелмелі-сүйелмелі екі ұл баламен қалып қойған. «Аманқош қайда?» деген сауалыма әкесі: «Жүрген шығар осында, қайда кетер дейсің?» – деп екіұштылау жауап берді. Келім-кетім кісі аяғы саябырсып, қайғы жамылған нағашымның үйіне бір күн түнеп, таңертең жолға шығуды ойладым.
Іңірде дарбазадан аулаға жүзі таныс Аманқош кіріп келе жат­ты. Біраз жылдан бері көрмегендіктен бойы өсіп, денесі толысыпты. Қол алысып, көрісетін шығармыз деп орнымнан тұрғалы бейімделе бергенде, ол бетіме бір қарады да, тұсымнан өтіп, үйге кіріп кет­ті. Тілге келіп, аялдамағанына таңырқаған бойда орныма қайта жайғастым.
«Мектеп бітірген соң қалаға оқуға барып жүріп, күйеуінен ажырасқан әйелмен шатасып, сол сайқал дуалады ма, дәрі берді ме, білмеймін, осындай халге душар болды. Дәрігерге көрсетіп, молдаға да дем салдырдық, кеселінің беті қайтпады», – деп нағашым ұлының жағдайын айтып берді.
Нағашымның әңгімесінен: «Басқа салды, біз көндік!» деген тағдыр жазымышына мойынсұнған, жігері жасыған жанның кейпін аңғардым. Қоңырқай тіршілік етіп жүрген момын жандардың өміріне жат пиғылдылар араласып, тура жолдан тайдырып-ақ жіберген екен. «Негізі оқыған дұрыс екен!» деді нағашым біраз үнсіздіктен кейін. Өзінің жас кезде тұрмыс тауқыметімен оқи алмағанын, балаларынын да оқуға құлқы боламғанын, жоғары оқу орнын бітіріп, қызметке ілініп жүрген мені тұспалдап айтқан болар деп ұқтым.
Аманқош түкпірдегі бөлмеге барып, төрдегі көрпешеге бүк түсіп жатып қалған екен. Түн ішінде сыртқа шыққанда Аманқоштың ауладағы бөрене үстінде шоқиып отырғанын көрдім. Таң ата ішке кіріп, орнына келіп жат­ты. Болашағы алда, жас жігіт­тің мүшкіл халін, қолдан келер дәрменімнің жоқтығын ойлап, пұшайман болып жатып, таң ата көзім ілінді. Таңертең үйдегілермен қоштасып, орталыққа қарай жаяу кет­тім.
…Кейіннен нағашым да, оның ұлы Аманқош та өмірден өтіп, Жанқоштың келіншегі қос ұлымен төркініне кетіпті деп естідім. Үйде жалғыз қалған Самал жеңгеміз де бауырларын тауыпты. «Таскөз» нағашымның тағдыры осындай болды. Жанқоштың қос ұлы ер жетіп, үйлі-баранды болған шығар. Қайда жүргенін соңынан іздеп барып, бір көрсем деген ой келеді.
…«Көзге тамшыға келіңдер!» – деген медбикенің сөзінен ойым бөлініп, орнымнан тұрдым.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 20.11.2023 | 08:06

«Кәдік» сөзі тағы дұрыс қолданылмай жазылған іспетті. Кәдік ол — күмән, шүбә, күдік емес па еді .

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір